Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы достық қарым-қатынастар мен ынтымақтастықты одан әрi дамыту туралы ДЕКЛАРАЦИЯ

Жаңа

ДЕКЛАРАЦИЯ София қаласы 1999 жылғы 15 қыркүйек. 1999 жылғы 15 қыркүйекте күшіне енді.

      Бiз, Қазақстан Республикасының Президентi мен Болгария Республикасының Президентi,
      Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы, оның ішiнде халықаралық тұрғыдағы, үшiншi мыңжылдық табалдырығындағы қарым-қатынастың жәй-күйi мен даму перспективасына қатысты болып өткен пайдалы және тереңдетiлген пiкiр алмасуды атап өте отырып,
      Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы Достық қарым-қатынастар мен ынтымақтастық туралы 1993 жылғы 30 шiлдедегi шарттың U962748_ ережелерiн, сондай-ақ басқа да екi жақты келiсiмдер мен уағдаластықтарды басшылыққа ала отырып,
      өзара мүдделiлiк бiлдiрiлетiн салалардағы достық қарым-қатынастарды және тең құқықты әрi өзара тиiмдi ынтымақтастықты одан әрi дамытуға ұмтыла отырып,
      халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған нормаларына, Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен принциптерiне, Хельсинки Қорытынды актiсiнiң ережелерiне және Еуропадағы қауiпсiздiк пен ынтымақтастық жөнiндегi ұйымның басқа да құжаттарына өзiмiздiң адалдығымызды қуаттай отырып,
      осы Декларацияны қабылдаймыз және төмендегiлер туралы мәлiмдеймiз:
      саяси, экономикалық, мәдени, гуманитарлық және басқа да салаларда айтарлықтай әлеуетi бар екi мемлекеттiң арасындағы қарым-қатынастардың жәй-күйi мен перспективасын оң бағалаймыз;
      екi жақты ынтымақтастықтың дамуын аймақтық және ғаламдық ауқымдағы бейбiтшiлiк пен тұрақтылықты одан әрi нығайтудың кепiлi ретiнде қараймыз;
      жаңадан бөлу сызықтары мен қарама-қайшылықтардың туындауын болдырмайтын, сондай-ақ әлемдiк қоғамдастық елдерiнiң тұрақты дамуы мен экономикалық гүлденуiне негiзделетiн жаңа қауiпсiз әрi мызғымас әлемдiк құрылыс принциптерiн айқындауға қызмет ететiн жетекшi халықаралық ұйымдар шеңберiнде неғұрлым тығыз өзара iс-қимылдың өсе түсiп отырған қажеттiлiгiн атап өтемiз;
      жетекшi еуропалық бiрлестiктермен және ұйымдармен, атап айтқанда, Еуропалық Одақпен, Еуропа Кеңесiмен ынтымақтастықты дамытуға және жақындасуға деген ұмтылысымызды қуаттаймыз әрi бұл салада бiр-бiрiмiзге жәрдем көрсетуге даярлығымызды бiлдiремiз;
      екi жақты қарым-қатынастың шарттық-құқықтық негiзiнiң айтарлықтай әлеуетiн атап өтемiз және оны мейлiнше толық пайдалану қажеттiгiне назар аударамыз;
      екi жақты негiзде де, сондай-ақ халықаралық және аймақтық ұйымдар шеңберiнде де халықаралық терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа, есiрткiлердiң заңсыз айналымына, жасырын көшi-қонға, сыбайлас жемқорлыққа, несие-қаржы және банк жүйесiндегi заңсыз қызметке қарсы күресте ынтымақтастықты кеңейту мен күш-жiгердi үйлестiру туралы уағдаластыққа қол жеткiздiк;
      аймақтық және трансаймақтық маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды iске асыруда Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасының ынтымақтастыққа дайын екенiн қуаттаймыз;
      Трансеуропалық және трансазиялық көлiк жүйелерiн пайдалануда Орталық Азия мен Кавказ елдерiне тұрақты рұқсат беру үшiн Еуропа-Кавказ-Азия (ТРАСЕКА) көлiк дәлiзiн және Еуропаға мұнай мен газ тасымалдаудың ИНОГЕЙТ халықаралық бағдарламасын iске асырудың өмiрлiк айрықша мәнiн атап өтемiз және екi елдiң сауда-экономикалық қарым-қатынастары мен көлiктiк байланыстарын дамыту үшiн оның маңызын атап көрсетемiз;
      Болгария Республикасының Президентi аймақтық тұрақтылық пен бейбiтшiлiктi нығайту жөнiндегi Қазақстан Республикасының сындарлы күш-жiгерiн қуаттайды, Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенiм бiлдiру шаралары жөнiндегi кеңестi шақыруға қатысты оның бастамасын қолдайды, мұның өзi халықаралық қауiпсiздiк жүйесiндегi жаңа маңызды буын, мемлекетаралық өзара қатынастарды үйлестiру құралы бола алар едi;
      Болгария Республикасының Президентi үшiншi мыңжылдықтың әлемдiк қауымдастығындағы өз орнын тыңғылықты әрi жаңаша пайымдаудағы Қазақстан Республикасының ұмтылысына, 2030 жылға дейiн даму стратегиясында K972030_ баяндалған ел дамуының перспективалары мен бағдарларына баса назар аударады;
      Болгария Республикасының Президентi үшiншi елдер, халықаралық ұйымдар және қаржы институттары Қазақстан Республикасында жүзеге асырып жатқан ашық несие желiлерiне және инвестициялық жобаларға болгарлық компаниялардың қосылуына жәрдем көрсетуге қазақстандық тараптың даярлығын қуаттайды;
      Қазақстан Республикасының Президентi Болгария Республикасының Еуропалық Одаққа қосылуы жолындағы iлгерi басуын құттықтайды, бұл орайда Еуропалық Одаққа Болгарияның болашақта мүше болуы екi мемлекет арасында да, сондай-ақ Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдерiнiң арасында да түрлi салаларда ынтымақтастықты одан әрi дамытуға және тереңдетуге мүмкiндiк туғызатын болады деп сенiм бiлдiредi;
      Қазақстан Республикасының Президентi Болгария Республикасының Солтүстiк Атлант Шарты Ұйымына мүшелiкке ұмтылысына баса назар аударады және мұны қауiпсiздiктiң еуроатландық құрылымдарына кiрiгу және сол арқылы құрлықтағы бейбiтшiлiктi нығайтуға мүмкiндiк туғызу тiлегi деп қарайды;
      Қазақстан Республикасының Президентi Оңтүстiк-Шығыс Еуропаға қатысты Болгария Республикасы жүргiзiп отырған және аймақтың тұрақтылығы мен дамуына, сондай-ақ тату көршiлiктi, қауiпсiздiктi, осы аймақтың мемлекеттерiнiң арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған белсендi және сындарлы саясатын толық қолдайтындығын бiлдiредi;
      Оңтүстiк-Шығыс Еуропадағы тұрақтылық туралы пактiнi қолдаймыз және оны қолдану экономикалық және әлеуметтiк даму негiзiнде аймақтағы орнықты тұрақтылыққа қол жеткiзуге, қауiпсiздiктi нығайтуға, демократиялық институттар мен этникалық төзiмдiлiктiң салтанат құруына мүмкiндiк туғызады деп сенiм бiлдiремiз;
      екi мемлекет Парламенттерi арасындағы байланыстарды одан әрi дамытуға және тәжiрибе алмасуға жәрдемдесу ниетiн қуаттаймыз;
      екi жақты сауда-экономикалық байланыстар әлеуетiн анағұрлым толық пайдалану және жұмыспен қамту мәселелерiн шешу мақсатында бiрлескен шағын және орта кәсiпорындарды құруға жәрдем көрсету туралы уағдаластыққа қол жеткiздiк;
      экономика, өнеркәсiп, ғылым мен техника, энергетика мен құрылыс, мәдениет, бiлiм және денсаулық сақтау салаларында ынтымақтастықты одан әрi дамыту қажеттiлiгiн қуаттаймыз;
      экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге басым маңыз бере отырып,
      қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану саласында тығыз ынтымақтастықты дамытуға келiстiк, әлемдiк қауымдастықты, халықаралық ұйымдарды және қаржы институттарын Арал теңiзi өңiрiндегi және бұрынғы Семей ядролық полигоны аймағындағы әлеуметтiк проблемаларды шешуге әрi халықтың денсаулығын сауықтыруға жәрдем көрсетуге шақырамыз.
      София қаласында 1999 жылғы 15 қыркүйекте әрқайсысы қазақ, болгар және орыс тiлдерiнде екi дана болып жасалды.

(Қолдары)

      Мамандар:
      Қасымбеков Б.А.
      Багарова Ж.А.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады