Қазақстан Республикасының үкiметтiк қарыз алуын және жергiлiктi атқарушы органдарының қарыз алуын жүзеге асыру ережесiн бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы 2000 жылғы 8 маусым N 874. Қаулының күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2005 жылғы 5 ақпандағы N 110 қаулысымен

     Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
     1. Қоса берiліп отырған Қазақстан Республикасының үкiметтiк қарыз алуын және жергiлiктi атқарушы органдарының қарыз алуын жүзеге асыру ережесi бекiтiлсiн.
     2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі бiр айлық мерзiмде заңнамада белгiленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң бұрынырақта қабылданған шешiмдерін осы қаулыға сәйкес келтiру жөнiнде ұсыныстар енгізсін.
     3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енедi.     

     Қазақстан Республикасының
     Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң        
2000 жылғы 8 маусымдағы             
N 874 қаулысымен                 
бекiтiлген                     

  Қазақстан Республикасының үкiметтiк қарыз алуын және
жергiлiктi атқарушы органдарының қарыз алуын жүзеге
асыру ережесi

      1. Жалпы ережелер 

       ЕСКЕРТУ. Мәтiндегi "Экономика" деген сөзден кейiн "және бюджеттiк жоспарлау" деген сөздермен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2003.11.26. N 1184  қаулысымен .

       Осы Ереже "Бюджет жүйесi туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 1 сәуiрдегi  Заңына , "Мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу мен борыш туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 2 тамыздағы  Заңына , заемдарды тарту процесiн реттейтiн және Қазақстан Республикасының Үкiметi мен жергілiктi атқарушы органдарының қарыз алуын жүзеге асыру тәртiбiн белгiлейтiн Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық кесiмдерiне сәйкес әзiрлендi.     

  2. Үкiметтiк қарыз алуды жүзеге асыру 

      1. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң қарыз алуы мыналардың:
     1) қарыз алудың қаржылық шекараларын белгiлеу;
     2) қарыз алудың инвестициялық басымдықтарын анықтау;
     3) болжалды үкiметтiк заемдардың тiзбесiн қалыптастыру негiзiнде жүзеге асырылады.
     2. Қарыз алудың қаржылық шекараларын белгiлеу мынадай рәсiмдердi қамтиды:
     1) Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгi (бұдан әрi - Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгi) Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгiмен, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен (бұдан әрi - Қаржы министрлiгі) және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен (бұдан әрi - Ұлттық Банк) (келiсiм бойынша) бiрлесiп, жыл сайын елдiң экономикалық дамуының орта мерзiмдi болжамы құрамында макроэкономикалық көрсеткiштердiң он жылдық кезеңге арналған болжамын әзiрлейдi; <*>
      2) қабылданған макроэкономикалық көрсеткiштердi ескере отырып, Қаржы министрлiгi Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгiмен және Ұлттық Банкпен (келiсiм бойынша) бiрлесiп, үкiметтiк қарыз алу мен борыштың жай-күйiне және алдағы онжылдық кезеңге арналған болжамына жыл сайынғы бағалау жүргiзедi; 
      3) үкiметтiк қарыз алу мен борыштың жай-күйiн бағалау және алдағы онжылдық кезеңге арналған ұзақ мерзiмдi болжамы негiзiнде Қаржы министрлiгi үкiметтiк борыштың жоспарланып отырған жылға арналған рұқсат етілетін деңгейiн, оны өтеу мен қызмет көрсетудiң рұқсат етiлетiн көлемiн айқындауды жүргiзедi. Үкiметтiк қарыз алу қаржы жылы ішiнде тиiстi жылға арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген үкiметтiк борыштың лимитiмен және үкiметтiк борышқа қызмет көрсетуге жұмсалатын қаражат көлемiмен шектеледi.
       ЕСКЕРТУ. 2-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2003.11.26. N 1184  қаулысымен
      3. Қарыз алудың инвестициялық басымдықтарын айқындау өзiне мынадай рәсiмдердi қамтиды: 
      1) Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгi орталық мемлекеттік органдармен бiрлесiп, "Қазақстан - 2030" Стратегиясының, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Iс-қимыл бағдарламасының, Мемлекеттiк инвестициялар бағдарламасы (бұдан әрi - Бағдарлама) шеңберiнде жобаларды іске асыруды дамыту мен талдаудың салалық және аймақтық стратегиялары негiзiнде жыл сайын мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алудың инвестициялық басымдықтарын қалыптастырады және Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң бекiтуiне ұсынады; 
      2) орталық және жергiлiктi атқарушы органдар заңнамада белгiленген тәртiппен Бағдарламаға енгiзу үшiн ұсынылатын жобаларды дайындауға, ірiктеуге, сараптауға байланысты iс-шаралар жүргiзедi; 
      3) Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгi Бағдарламаға енгiзу үшiн ұсынылатын жобалардың дерекқорын қалыптастырады және кодтандыруды жүзеге асырады, осы жобаларға экономикалық бағалау жүргiзедi, мемлекеттiк қарыз алудың инвестициялық басымдықтарына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң заемдары есебiнен қаржыландыруға ұсынылатын жобалар тiзбесiнiң Бағдарламасын қалыптастыру жөнiндегi Комиссияның қарауына ұсынуды және қалыптастыруды жүзеге асырады, Бағдарламаның жобасын дайындау және Қазақстан Республикасының Yкiметiне бекiту үшiн жобаны немесе оның өзгерiстерiн, толықтыруларын енгiзудi жүргiзедi. 
      4. Тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджеттiң тапшылығын қаржыландыру үшiн тартылатын болжалды үкiметтiк заемдардың тiзбесiн қалыптастыру өзiне Қаржы министрлiгiнiң мыналарды: 
      1) Экономика және бюджеттiк жоспарлау  министрлiгiмен бiрлесiп, қолданыстағы сыртқы заемдардың тiзбесiн және қаражат түсiмдерiнiң жылдық көлемiн; 
      2) Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгiмен және мүдделi мемлекеттік органдармен бiрлесiп, өздерiнiң дайындық дәрежесiн, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң сыртқы борышының жинақталған қалдығы деңгейiн және халықаралық қаржы ұйымдарымен және дамуға ресми көмектiң донор-елдерi үкiметтерiмен басқа да сыртқы кредиторлармен өзара iс-қимылдың перспективасын ескере отырып, қаражат түсiмдерiнiң жылдық көлемiн және қол қоюға әзiрленiп жатқан бағдарламалық және инвестициялық сыртқы заемдардың болжалды тiзбесiн; 
      3) республикалық бюджеттiң тапшылығын сыртқы көздердiң есебiнен қаржыландыру, iшкi борыштың жинақталған қалдығы мен несие капиталының iшкi рыногы конъюнктурасын талдауды негiзге ала отырып көзделген қаржы құралдарын және ішкi қарыз алудың көлемдерiн; 
      4) капиталдардың халықаралық рыноктарында мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды қоса алғанда, жоғарыда санамаланған көздермен жабылмаған бюджеттiң тапшылық бөлiгiн қаржыландыру үшiн қарыз алудың өзге де болжалды көздерi мен құралдарын айқындауын қамтиды. 
      Қарыз алудың қаржылық шекараларын және болжалды үкiметтiк заемдардың тiзбесiн ескере отырып, Қаржы министрлiгi болжалды көздер мен құралдар бойынша республикалық бюджеттiң берiлген тапшылығын қаржыландырудың болжамды есептемелерiн жүзеге асырады, солардың негiзiнде үкiметтiк борышты, жоспарланып отырған жылға арналған үкiметтiк борыштың лимитiн өтеу мен қызмет көрсетуге жұмсалатын қаражаттың көлемiн есептейдi және осы ұсыныстарды республикалық бюджеттi қалыптастыру жөнiндегi Бюджет комиссиясына жiбередi. 
      5. Тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңын атқару шеңберiнде нақты үкiметтiк заемды тарту туралы Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмiн дайындау үшін Қаржы министрлiгi мүдделi министрлiктер мен ұйымдарды тарта отырып, мыналарды: 
      1) несие капиталы рыногының конъюнктурасын зерделеу және қарыз алудың мүмкiндiктерiн бағалауды; 
      2) тиiстi жылға арналған жаңа үкiметтiк заемдардың есебiнен қаржыландыру көзделiп отырған жобаның қаржылық сипаттамаларын талдауды; 
      3) қолда бар мүмкiндiктер шеңберiнде жобаны қаржыландыру жөнiнде қағидаттық ұсыныстар дайындауды; 
      4) үкiметтiк заемды тарта отырып, жобаны қаржыландыру сызбасы жөнінде ұсыныстар дайындауды (нысаны, заем алушылар, кредиторлар, шектеулер); 
      5) Қазақстан Республикасының Yкiметi үшiн жобаны қаржыландыру жөнiнде ұсыныстар дайындауды жүзеге асырады. 
      Қазақстан Республикасының Үкiметi Қаржы министрлiгiнiң ұсыныстары негiзiнде үкiметтiк заемды тарту туралы шешiм қабылдайды. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiнде қарыз алуды жүзеге асыру нысаны және оның көлемдерi, мемлекеттiк органдардың және Қазақстан Республикасының ресми тұлғаларының - Қазақстан Республикасының атынан келiссөздерге қатысушылардың құрамы мен өкілеттiктерi, келiссөздердi жүргiзу және заемға байланысты құжаттарға қол қою тәртiбi белгiленедi. 
      6. Заем туралы шартты (келiсiмдi) жасасу нысанында Қазақстан Республикасының Yкiметi қарыз алған кезде дайындық: 
      1) кредиторлармен қаржыландыруға ұсынылып отырған жоба, заемның болжалды шарттары бойынша келiссөздер ұйымдастыруды және жүргiзудi; 
      2) шарттардың қолайлылығын және олардың қаржылық (бюджеттiк) шектеулерге сәйкестiгiн бағалауды; 
      3) заем туралы шарттың (келiсiмнiң) және iлеспе құжаттардың жобаларын дайындауды; 
      4) заем қаражатын пайдалану оны өтеудi және оған қызмет көрсетудi қамтамасыз ету қатынастарын, Қаржы министрлiгiнiң заем алушылармен, заем алушылардың заем бойынша есептi және мiндеттемелерге қызмет көрсетуiн жүзеге асыратын ұйымдармен (қаржы агенттерiмен) өзара қарым-қатынастарын реттейтiн құжаттарды дайындауды және ресiмдеудi қамтиды. 
      7. Халықаралық капитал рыноктарына мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару нысанында Қазақстан Республикасының Үкiметi қарыз алған кезде дайындық: 
      1) мемлекеттiк бағалы қағаздарды шығарудың рыноктарын және әрiптестерін айқындау жөнiндегi iс-шаралар ұйымдастыруды және жүргiзудi; 
      2) осындай мәмiле үшiн белгіленген талаптарға сәйкес қажет құжаттаманы дайындауды қамтиды. 
      Iшкi капитал рыноктарына мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару нысанында Қазақстан Республикасының Үкiметi қарыз алған кезде Қазақстан Республикасының Үкiметi осындай бағалы қағаздарды шығарудың, орналастырудың, айналысының, өтеудiң және қызмет көрсетудiң ережесiн бекiтедi. 
      8. Үкiметтiк заем жөнiндегi құжаттаманы келiсудi мүдделi мемлекеттiк органдар жүзеге асырады. Дайындалған құжаттаманың негiзiнде Қазақстан Республикасының Әділет министрлiгi нәтижелерi тиiстi қорытындылармен ресiмделетiн заем бойынша құжаттардың құқықтық сараптамасын жүргiзудi жүзеге асырады. 
      9. Ресiмделген заем туралы шартқа (келiсiмге) қол қою Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмiне сәйкес жүзеге асырылады. 
      10. Заем туралы шарт (келiсiм) Қазақстан Республикасы Yкiметiнің заңнамалық кесiмдерiне сәйкес Қазақстан Республикасы Парламентiнiң бекiтуiне жатады. 
      11. Сыртқы үкiметтiк заем шарты (келiсiмi) жасалғаннан немесе сыртқы капитал рыноктарындағы мемлекеттiк бағалы қағаздардың эмиссиясы бойынша құжаттарға қол қойылғаннан кейiн Әділет министрлiгi заемның Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiне сәйкестiгi туралы заңды қорытындыны ресiмдейдi. 
      12. Қол қойылған заем туралы шарттар (келiсiмдер) үкіметтiк борыштық мiндеттемелердiң тiзiлiмiнде (дерекқорында) Қаржы министрлiгiнiң тiркеуiне жатады. 
      13. Қазақстан Республикасының үкiметтiк заемдары бойынша алынған қаражат республикалық бюджетке аударылады және тиiстi жылға арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес оның орындалуы тәртiбiмен пайдаланылады. 
      14. Қаржы министрлiгi үкiметтiк заемдарды алу есебiн жүзеге асырады, ал Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгi - заемдар бойынша орындаушы агенттер (түпкiлiктi заем алушылар, қаржы агенттерi, бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi) мiндеттi түрде беретiн, сондай-ақ кредиторлардан алынатын ақпарат негiзiнде жобалардың iске асырылуын бақылайды. Орындаушы агенттердiң ақпаратты беру нысандары мен мерзiмдерiн Қаржы министрлiгi мен Экономика және бюджеттiк жоспарлау  министрлiгi белгiлейдi. 
      15. Үкiметтiк заемдарға қызмет көрсету мен өтеу оны жыл сайын қалыптастыру және атқару тәртiбiмен республикалық бюджет қаражатының есебiнен жүзеге асырылады. 
      16. Қаржы министрлiгi кредиторлардың және Қаржы министрлiгi қаржы агенттерiнiң деректерi негiзiнде үкiметтiк заемдарды өтеу және оған қызмет көрсету жөнiндегi төлемдердiң мониторингін жүзеге асырады. 

  3. Жергiлiктi атқарушы органдардың қарыз алуын жүзеге асыру 

      17. Жергiліктi атқарушы органның мемлекеттiк қарыз алуы жергiлiктi бюджетте бекiтiлген жергiлiктi атқарушы органның қарыз алуы мен борыш лимиттерiмен және жергiлiктi атқарушы органның борышын өтеуге және оған қызмет көрсетуге жұмсалатын жергiлiктi бюджет қаражатының көлемiмен шектеледi. Жергiлiктi атқарушы органдар бойынша қарыз алудың жиынтық лимитi шегiнде жергiлiктi атқарушы органның қарыз алу лимитiн және жергiлiктi атқарушы органның тиiстi қаржы жылына арналған борыш лимитiн айқындауды республикалық және жергіліктi бюджеттердiң жобаларын қалыптастыру процесiнде белгiленген тәртiппен Қаржы министрлiгi мен жергiлiктi атқарушы органдар жүзеге асырады. 
      18. Жергiлiктi атқарушы орган қарыз алудың бекітiлген лимиті шегiнде: 
      Қазақстан Республикасының Yкiметiмен келiсiлген аймақтық инвестициялық бағдарламаларды қаржыландыру үшiн заңды және жеке тұлғалардан; 
      Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң тиiстi қаржы жылына арналған резервiнiң құрамында көзделген арнайы резервтiң есебiнен республикалық бюджеттен; 
      тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Заңда бекiтiлген инвестициялық бағдарламаларды қаржыландыруға республикалық бюджеттен заем қаражатын тартуды жүзеге асыра алады. 
      Төмен тұрған бюджеттердi несиелендiруге арналған арнайы резерв және тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджетте көзделген инвестициялық бағдарламалар жергiліктi атқарушы органдардың қарыз алудың жиынтық лимитiне енгiзіледi. Жергiлікті атқарушы органдардың қарыз алуы заем шарттарының (келiсiмдерiнiң) немесе жергiлiктi атқарушы органдардың бағалы қағаздарын шығару нысанында жүзеге асырылады. 
      19. Жергiліктi атқарушы орган жергiлiктi атқарушы органның заем қаражаты есебiнен басым iске асыруға жататын аймақтық инвестициялық бағдарламаларды анықтайды. Жергiлiктi атқарушы органның аймақтық инвестициялық бағдарламасын iске асыру осы үшiн тартылатын заемдарды өтеудi және оған қызмет көрсетудi жүзеге асыру үшін жеткiлiкті қаржы ресурстарын қалыптастыруды қамтамасыз етуi тиiс. 
      20. Жергiлікті атқарушы орган әрбiр аймақтық инвестициялық бағдарлама бойынша, қарызға алынатын қаражат есебiнен бағдарламаны iске асырудың орындылығын қарау үшiн тиiстi жергiлiктi өкiлді органға жiберілетiн қажетті техникалық-экономикалық құжаттаманы, есептемелер және негiздемелер дайындауды жүзеге асырады. Заемдарды тарту туралы шешiм қабылдау жергiліктi атқарушы органға белгiленген қарыз алу мен борыш лимитi шегiнде жүзеге асырылады. 
      Тиiстi өкiлдi органның оларды заем қаражаты есебiнен тиiстi жергiлiктi бюджеттен қаржыландыру туралы оң шешiмi бар аймақтық инвестициялық бағдарламалар Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгiне қарауға жiберiледi. Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгiнiң оң қорытындысы және жергiліктi атқарушы органға белгiленген қарыз алу лимитiне сәйкес болған жағдайда аймақтық инвестициялық бағдарлама Қазақстан Республикасының Yкiметiмен келiсiледi, оның тиiстi шешiмiмен ресiмделедi. Құжаттарға қойылатын талаптар және жергiлiктi атқарушы органдардың аймақтық инвестициялық бағдарламаларын келiсу тәртiбi Қазақстан Республикасының Yкiметiмен жергiліктi атқарушы органдардың қарыз алуы есебiнен қаржыландырылатын, аймақтық инвестициялық бағдарламаларды келiсу ережесiмен белгiленедi. 
      21. Қазақстан Республикасы Yкіметiнiң шешiмiнде жергiліктi атқарушы органның аймақтық инвестициялық бағдарламасын келiскен кезде, осы жергiліктi атқарушы органның жергiлiктi атқарушы органдар бойынша тиістi жылға арналған республикалық бюджетте бекiтiлген қарыз алудың жиынтық лимитiн пайдалану көлемi белгiленедi. 
      22. Жергiлiктi атқарушы орган Қазақстан Республикасының Yкiметiмен келiсілген аймақтық инвестициялық бағдарламаларды қаржыландыру үшiн ықтимал кредиторларды iздестiрудi жүзеге асырады, заемды беру сызбалары мен шарттары бойынша алдын ала келiссөздер жүргiзедi, заем туралы шарттардың (келiсiмдердiң) жобаларын, жергiлiктi атқарушы органның қолданылып жүрген ережелер бойынша мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды шығаруы жөнiнде ұсыныстар және мемлекеттiк бағалы қағаздардың жаңа түрлерiн шығарудың, орналастырудың, айналысының, өтеудiң және қызмет көрсету ережелерiнiң жобасын дайындайды және осы ақпаратты өтiнiм-хаттармен қаржылық сараптамаға Қаржы министрлiгiне, құқықтық сараптамаға Әділет министрлігіне бередi. Мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздарды шығарудың, орналастырудың, айналысының, өтеудiң және қызмет көрсету ережесiнiң жобасы, сонымен қатар Ұлттық Банкке да жiберiледi. <*> 
       ЕСКЕРТУ. 22-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2001.10.28. N 1369 
қаулысымен .  
      23. Қаржы министрлiгi Ереженiң 22-тармағында көрсетiлген қаржылық сараптамаға өтiнiмдi алған сәттен бастап бiр ай iшiнде белгiленген шектеулерге, жергiлiктi атқарушы орган тартатын заемның борыштық ахуалға ықпалының және ол бойынша заем қаражатының есебiнен тиiстi жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын аймақтық инвестициялық бағдарламаны (жобаны) iске асыру нәтижесiнде құралған кiрiстердiң есебiнен мiндеттемелердi орындаудың қамтамасыз етілу сәйкестiгiне заемның қаржылық шарттарына сараптама жүргiзедi және заем шарттарының қолайлылығы, олардың сыйақының (мүдденiң) шекті мөлшерiне, жергiлiктi атқарушы органның қарыз алу лимиттерiне және борышына сәйкестiгi туралы қорытындыны бередi. 
      24. Әдiлет министрлiгi осы Ереженiң 23-тармағында көрсетiлген ақпараттың құқықтық сараптамаға арналған өтiнiмдi алған сәттен бастап бiр ай iшiнде тапсырылған құжаттардың құқықтық сараптамасын жүргiзедi және мәмiле мен оны ресімдейтiн құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестiгi туралы қорытындыны бередi. 
      25. Жергiлiктi атқарушы орган Әдiлет министрлiгi мен Қаржы министрлiгiнiң оң қорытындылары болған жағдайда, заем туралы немесе мемлекеттiк бағалы қағаздар эмиссиясы туралы шарт (келiсiм) бойынша қажеттi құжаттарды дайындау мен ресiмдеудi аяқтайды. 
      Жергiлiктi атқарушы органның Заем туралы шарты (келiсiмi) Қаржы министрлiгі тiркегеннен кейiн ғана осы шарт (келiсiм) күшiне енетiнi туралы ереженi қамтуы тиiс. 
      Мемлекеттiк бағалы қағаздар эмиссиясын жергiлiктi атқарушы орган, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банктің осы эмиссияға ұлттық сәйкестендiру нөмiрiн берiп және Қаржы министрлiгi оның шарттарын (аукционның, жазылымдардың нәтижелерiн) келiсе отырып, Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiткен тиiстi мемлекеттiк бағалы қағаздарды шығарудың, орналастырудың, айналысының, өтеудiң және қызмет көрсетудiң ережелерiне сәйкес жүзеге асырады. <*> 
       ЕСКЕРТУ. 25-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2001.10.28. N 1369 
қаулысымен .  
      26. Ресiмделген шартты (келiсiмдi) немесе мемлекеттiк бағалы қағаздардың эмиссияларының нәтижелерiн жергiлiктi атқарушы орган сыйақыны (мүдденi) өтеу, төлеу кестелерiмен және басқа да қосымшалармен бiрге Қаржы министрлiгiне тапсырады. 
      27. Қаржы министрлiгi заем шарттарының белгiленген шектеулерге сәйкестiгiн тексередi, оларды жергiлiктi атқарушы органдардың борыш мониторингiнiң дерекқорында ескередi және жергiлiктi атқарушы органға заем туралы шарт (келiсiм) бойынша тиiстi тiркеу куәлiгiн бере отырып, заем туралы шартты (келiсiмдi) немесе жергiлiктi атқарушы органның мемлекеттiк бағалы қағаздар эмиссиясының нәтижелерiн тiркейдi. 
      28. Жергiлiктi атқарушы органның негiзгi борышын өтеу және заемдарына қызмет көрсету заемдардың шарттарын ескере отырып, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының тиiстi бюджетiнде бюджетке түсетiн түсiмдердiң есебiнен көзделедi және оны орындау тәртiбiмен жүзеге асырылады. 
      29. Жергілiктi атқарушы орган қарыз алу, оны өтеу және оған қызмет көрсету нәтижесiнде құралған борышты тiркеудi, оның мониторингiн және оны басқаруды ұйымдастырады және жүзеге асырады.
     Қаржы министрлiгi жергiлiктi атқарушы органдардың заемдарды алу, қызмет көрсету және өтеу мониторингiн Қаржы министрлiгi белгiлейтiн нысандарда және мерзімдерде оны жергілікті атқарушы органдар жедел және ағымдағы ақпаратты міндетті түрде беруі негізінде жүзеге асырады.     

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады