Азаматтық істерді сот талқылауына дайындау туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы 2001 жылғы 13 желтоқсан N 21.

      Ескерту. Нормативтік қаулының тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 25.11.2016 № 9 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "АІЖК-нің" деген сөздер "АПК-нің" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 25.11.2016 № 9 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Азаматтық істерді соттың қарауына әзірлеу мәселелерін реттейтін процессуалдық заңнама нормаларын сот практикасында біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:

      Ескерту. Кіріспеге өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 25.11.2016 № 9 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      1. Азаматтық істерді соттың қарауына әзірлеу бірінші және апелляциялық сатыдағы соттың іс жүргізу сатысындағы міндетті бөлігі болып табылады және ол тараптар ұсынған дәлелдемелер мен қолданылуға жататын материалдық құқық нормаларына сәйкес тараптардың заңды құқықтары мен міндеттерін, олар ұсынған дәлелдемелерді сот отырысында толық, жан-жақты және объективті түрде зерттеп, заңды және негізді сот актісін шығару үшін қажетті жағдайлар тудырады.

      Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі — АПК) істі соттың қарауына әзірлеуді қамтамасыз ету жөніндегі 163-бабының екінші бөлігінде көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында судья арыздарды сот өндірісіне қабылдаған кезден бастап, сотқа берілген арыздардың дәлелдемелермен негізделгендігі АПК-нің 148 және 149-баптарының талаптарына сәйкес келуін ескеруге міндетті.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 25.11.2016 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      2. АПК-нің 163-бабының бірінші бөлігіне сәйкес судья әр іс бойынша, оның ішінде соттылығы бойынша басқа соттардан келіп түскен істер бойынша да, сондай-ақ оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізуден істі талап қою ісін жүргізу қағидалары бойынша жалпы тәртіппен қарауға көшу немесе АПК-нің 147-бабының екінші бөлігіне сәйкес оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен шығарылған сот шешімінің күшін жою кезінде істі соттың қарауына әзірлеу туралы ұйғарым шығаруы тиіс. Ұйғарымда, даудың санатын ескере отырып, оның сот отырысында уақытылы және дұрыс шешілуіне қажет болып табылатын нақты мерзімдер және әрекеттер көрсетілуі керек.

      Іс бойынша шығарылған сот актісі апелляциялық немесе кассациялық тәртібінде бұзылып, іс бірінші сатыдағы соттың жаңадан қарауына қайтарылған жағдайда да, осындай ұйғарым шығарылуы тиіс.

      АПК-нің 429-бабының бірінші бөлігіне сәйкес істі соттың қарауына әзірлеу туралы ұйғарымға шағым немесе наразылық келтіруге болмайды.

      Істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымды шығарғаннан кейін судья жауапкерді белгіленген мерзімде талапкердің мәлімдеген талаптарына жазбаша пікірді дәлелдерін негіздейтін дәлелдемелермен бірге беруді міндеттейді. Пікірге уәкілетті адам қол қоюға тиіс және пікірдің түпнұсқасы мен көшірмелері іске қатысатын адамдардың санына сәйкес етіліп, олардың сот отырысы басталғанға дейін танысуына мүмкіндік беретіндей етіп белгіленген мерзімде сотқа ұсынылуға және АПК-нің 166-бабының талаптарына сәйкес болуға тиіс.

      АПК-нің 413 және 414-баптарының талаптарын ескере келе апелляциялық сатыдағы судья АПК-нің 165-бабына сәйкес өткізілуге тиіс нақты іс-әрекеттерді көрсете отырып істі сотта қарауға әзірлеу туралы ұйғарым шығаруға міндетті. Іс апелляциялық сатыдағы соттың жаңадан қарауына жіберіле отырып, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың іс бойынша бұрын шығарған сот актілерінің күші кассациялық тәртібімен жойылған кезде де апелляциялық сатыдағы судья істі сотта қарауға әзірлеу туралы ұйғарым шығарады.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.12.30 № 5, 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 25.11.2016 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      3. АПК-нің 14-бабына сәйкес, сотқа арыз қай тілде берілсе, сот өндірісі де сол тілде жүргізіледі деп есептеу керек. Егер талапкерден не екі тараптан арыз берілген тілді өзгерту туралы жазбаша өтінішхат келіп түссе, онда судья АПК-нің сәйкес сот талқылауы жүргізілетін сот өндірісінің тілі туралы ұйғарым шығаруға міндетті.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 25.11.2016 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      4. Судьялар азаматтық істерді соттың қарауына әзірлеген кезде АПК-нің 46-бабында көрсетілген процессуалдық құқықтар мен міндеттерді, оның ішінде мәлімдеген талаптарын негіздейтін дәлелдемелер немесе оларға келтірілген қарсылықтарын ұсынуға міндетті және процессуалдық міндеттерді орындамаудың құқықтық салдары туралы талапкерлер мен жауапкерлерге түсіндіруі тиіс.

      Талапкердің не жауапкердің өтініші бойынша дәлелдемелер сұратуға жәрдемдесе отырып, судья істі сот талқылауына дайындаған кезде, ол дәлелдемелердің бір-бірінен артықшылығы туралы пікірін білдіруге қақысы жоқ.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 25.11.2016 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      5. Мүлік туралы дауларды тараптардың төрелікке тапсыруға құқы бар екендігін, оны қалай жүзеге асыруға болатын процессуалдық тәртіпті және оның құқықтық салдарын түсіндіргені жөн. Алайда, тараптардың осындай құқықтары түсіндірілмегені туралы уәждері, азаматтық істің сот талқылауына тиісті түрде әзірленбеді деп саналмайды.

      Соттың тараптарға татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация немесе партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімдерді жасасу құқығын регламенттейтін АПК-нің 48-бабының бірінші бөлігіне сәйкес тараптардың осындай келісімдерді жасасу құқығын түсіндіргені жөн.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 25.11.2016 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      6. Тараптар жазбаша түрде жасалған және олардың қолы қойылған татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация немесе партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімдерді ұсынған кезде, судья АПК-нің 172-бабының талаптарына сәйкес АПК-нің 18-тарауында белгіленген қағидалар бойынша алдын ала сот отырысын өткізеді және 48-бабына, 168-бабының бірінші бөлігіне, 277-бабының 5), 6) тармақшаларына сәйкес оларды бекіту және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығаруға құқылы. АПК-нің 109 және 115-баптарының негізінде судья сот шығыстарын АПК-нің 176-бабы төртінші бөлігінің сот шығыстарын өзара өтелгенін тану негіздері туралы ережелерін ескере отырып, келісімдердің шарттарын негізге алып тараптардың арасында бөлуге міндетті. Сот татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация немесе партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімдерді бекіткен кезде төленген мемлекеттік баж "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасының Кодексінде көзделген тәртіппен төлеушіге қайтарылуға тиіс.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 25.11.2016 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      7. Егер азаматтық істі сот талқылауына дайындау барысында сотқа тараптардың атынан олардың өкілдері қатысса, онда судья

      АПК-нің 60-бабының бірінші бөлігінде аталған әр процессуалдық әрекетті жасау үшін тиісті түрде ресімделген уәкілеттіліктерінің бар-жоғын тексеруге міндетті.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 25.11.2016 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      8. Егер істі сот талқылауына дайындау кезінде талапкердің сол немесе басқа жауапкерлерге мәлімделген талап арызынан туындайтын басқа да талаптары, ал жауапкердің талапкерге қарсы талаптары бар екені анықталса, онда судья АПК-нің 15-бабының төртінші бөлігіне сәйкес талапкердің қосымша талап ұсынуға, ал жауапкердің қарсы талап қоюға құқықтарын түсіндіреді, бұл ретте оларға аталған іс жүргізу әрекеттерін жасау немесе жасамау салдары туралы ескертілуге тиіс". АПК-нің 169-бабының бірінші бөлігінде және 153-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, талапкер қосымша талаптар қою, ал жауапкер қарсы талап қою құқығын АПК-нің 164-бабында көрсетілген істі сот талқылауына дайындау мерзімдерінің шектерінде жүзеге асыра алады. Бұл ретте қосымша талаптар, қарсы талап қою АПК-нің 164-бабында көрсетілген істі соттың қарауына әзірлеудің іс жүргізу мерзімінің өтуін тоқтатпайтынын және оны ұзарту үшін негіз болып табылмайтынын ескеру қажет. Талапкердің істі апелляциялық сатыда қарау сатысында осындай қосымша талаптар қою құкығы көзделмеген.

      Жауапкердің қарсы талап арызы АПК-нің 157-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес келсе, онда оның арызын талапкердің арызымен бір өндірісте қарау үшін қабылдайды. Егер бұл арыздың мазмұны АПК-нің 154-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес келмесе, онда судья АПК-нің 152-бабының негізінде қарсы талап арызды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.12.30 № 5, 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 25.11.2016 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      9. Егер талаптардың сипаты, олардың өзара байланысы және ортақ дәлелдемелерінің болуы, олардың неғұрлым тез әрі дұрыс шешілуіне мүмкіндік беретін жағдайда ғана бірнеше талаптарды бір өндіріске біріктіруге болады.

      Талапкердің бір арызда біріктіріп берген талаптарын, егер судья олардың жеке қаралуын қажет деп тапса, оларды ажыратып қарауына болады.

      Бірнеше талап арыздардың біріктірілуі немесе олардың ажыратылуы судьяның бөлек ұйғарымымен ресімделуі тиіс, оған АПК-нің 429-бабына сәйкес апелляциялық тәртіпте шағымдануға, наразылық келтіруге болмайды.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 25.11.2016 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      10. АПК-нің 163-бабында белгіленген сот талқылауына істерді дайындау міндетін орындай отырып, судья АПК-нің 165-бабында көзделген әрекеттерді жасайды. Егер талап қою арызына пікірде қарсы талаптың болуы көрсетілсе, онда судья жауапкерге оны ұсыну тәртібін түсіндіреді. Талап қою арызына пікірді ұсынбау істі қарау және шешу үшін кедергі болып табылмайды.

      Тараптар ұсынған жазбаша құжаттардың негізінде судья іс бойынша нақты мән-жайларды анықтайды. АПК-нің 165-бабында көрсетілген әрекеттердің тізбесі түпкілікті болып табылмайды, олардың көлемі мен мазмұны істердің нақты санатын қарау ерекшеліктеріне байланысты болады.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 25.11.2016 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      11. Істерді сот талқылауына дайындау нәтижелері бойынша АПК-нің 172-бабының талаптарына сәйкес алдын ала сот отырысы өткізіледі. Іс сот талқылауына жеткілікті дәрежеде дайындалмаған деп танылған жағдайда, судья тараптардан мәлімделген талаптарды негіздейтін немесе теріске шығаратын қосымша дәлелдемелердің болуын анықтайды, дәлелдемелерді талап етіп алдыруға көмектесу туралы өтінішхатты беру құқығын түсіндіреді, осындай әрекеттерді жүзеге асыру үшін мерзімдерді белгілейді, АПК-нің 164-бабының бірінші бөлігінде белгіленген негіздер болған кезде істі сот талқылауына дайындау мерзімін ұзартады. Алдын ала отырысты тағайындау туралы ұйғарым шығарылмайды. Істің күрделілігіне байланысты ерекше жағдайларда, судья істі дайындау мерзімін ұзарта алады және қажет болған жағдайда алдын ала сот отырысын қайта өткізуге құқылы.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 25.11.2016 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      12. АПК-нің 51-бабына сәйкес даудың мәнісі бойынша дербес талап мәлімдейтін үшінші тұлғалар істі соттың қарауына әзірлеу сатысында тараптардың не судьяның бастамашылығымен іске қатыса алмайды. Мұндай адамдар, егер қажет деп тапса, өз бастамасы бойынша талапкерге не жауапкерге талап арыз беру арқылы іске қатысуға құқылы.

      Егер сот шешімі тараптардың біріне қатысты міндеттер мен құқықтарға әсер ететін жағдайда, жеке талап мәлімдемейтін үшінші тұлғалар судьяның немесе тараптардың бастамасымен процестің кез келген сатысында, соның ішінде істі сот қарауына дайындау сатысында іске қатысуға тартылады. Бұл адамдар АПК-нің 52-бабына сәйкес талап арыздың негіздемесі мен мәнісін өзгерту, талап көлемін ұлғайту немесе азайту, талап арыздан бас тарту, талап арызды қабылдау, бітімгершілік келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді жасасу қарсы талап арыз мәлімдеу, сот шешімін мәжбүрлеп орындату құқықтарын қоспағанда, тиісті тараптың процессуалдық құқықтары мен міндеттеріне иеленуіне болады.

      Егер сот іске қатысуға тартылмаған адамдардың құқықтары мен міндеттері туралы мәселені істі өзінің өндірісіне қабылдау кезінде шешсе, сондай-ақ АПК-нің 52-бабы бойынша үшінші тұлғаларды тарту қажет болған өзге де жағдайларда, бірінші сатыдағы сот шешімінің күші кез келген жағдайда жойылуға тиіс екендігін регламенттейтін АПК-нің 427-бабы төртінші бөлігінің 4) тармақшасында көзделген негіздер бойынша бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылған жағдайда, істі әзірлеу мақсатында апелляциялық сатыдағы сот заңдылық мүддесі үшін істі апелляциялық сатыда қарау сатысында үшінші тұлғаларды тартуға құқылы. Бұл ретте істі әзірлеу АПК-нің 413-бабында белгіленген шекте жүргізілуге тиіс.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.12.30 № 5, 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 25.11.2016 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      13. Күші жойылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 12 қаңтардағы N 2 Нормативтік қаулысымен.

      14. АПК-нің 54-бабына сәйкес мемлекеттің мүдделерін қозғайтын істер бойынша, қоғамдық мүдделерді немесе өздерін өз бетінше қорғай алмайтын азаматтарды қорғау талап етілгенде, сондай-ақ прокурордың қатысу қажеттігін сот немесе прокурор танығанда, прокурордың азаматтық сот ісін жүргізуге қатысуы міндетті болып табылады.

      Заң талабына сәйкес прокурор мына азаматтық істерді қарауға сот талқылауына міндетті түрде қатысуға тиіс:

      азаматты хабар-ошарсыз кеткен деп тану немесе азаматты қайтыс болған деп жариялау туралы (АПК-нің 320-бабы);

      баланы асырап алу туралы (АПК-нің 314-бабы);

      нормативтік құқықтық актінің заңға сәйкес келмеу туралы прокурордың наразылығынан бас тарту туралы (АПК-нің 300-бабы);

      адамды ата-аналық құқынан айыру туралы ("Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 76-бабының 2-тармағы) істерді қараған кезде, сондай-ақ АПК-нің 54-бабының екінші бөлігімен көзделген жағдайларда.

      Сот прокурордың сот отырысына қатысуын төмендегі істерді қараған кезде міндетті деп тануы мүмкін:

      басқа адамдардың мүддесін қорғау жөніндегі прокурордың арызы бойынша қозғалған іс барысында, оның ішінде азаматты психиатриялық стационарға мәжбүрлеп жатқызу туралы прокурордың талап арызы бойынша іс қозғалған жағдайда;

      тараптардың бірі немесе екеуі кәмелетке толмаған, мүгедек, әрекеттері шектеулі азаматтар болған жағдайда;

      тараптардың бірі мемлекет немесе әкімшілік болған жағдайда;

      АПК-нің 27, 28, 29, 30-баптарында көрсетілген арыздарды қараған жағдайда.

      Прокурордың сот отырысына міндетті түрде қатысуы жөнінде істі соттың қарауына әзірлеу туралы қаулыда көрсетіледі.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.12.30 № 5, 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 25.11.2016 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      15. АПК-нің 56-бабына сәйкес іс бойынша қорытынды беру үшін, егер ондай қатысулары заңда көзделген болса, мемлекеттік органдар мен жергілікті атқару органдарының өкілдерін қатыстыру туралы мәселені соттардың шешкені жөн.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 25.11.2016 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      16. Іс соттың қарауына әзірлеу тәртібі бойынша сот АПК-нің 82-бабына сәйкес сараптама тағайындау туралы ұйғарым шығаруға құқылы. Сараптама тағайындау туралы мәселені шешкен кезде сот тиісті түрде талапкердің немесе жауапкердің сараптама тағайындау туралы өтінішін қараудың орны мен уақыты туралы хабардар етуі тиіс, алайда бұл адамдардың сотқа келмей қалуы сараптама тағайындау туралы өтінішті қарауға кедергі келтірмейді. Сот сотқа келген тараптарға олардың сарапшылар алдына қойылатын сұрақтардың тұжырымдамасын жасауға құқылы екендігін түсіндіреді, бірақ сарапшылардың алдына қойылуға тиіс сұрақтардың түпкілікті шеңберін судьяның өзі сараптама тағайындау туралы ұйғарымда көрсетеді.

      Сарапшылардың шешуіне ғылым, техника, өнер саласында арнайы білімдерді талап ететін мәселелер ғана қойылуы мүмкін. Шешілуі сот құзыретіне жататын құқықтық мәселелерді сарапшыларға қоюға жол берілмейді.

      Сараптама істі сот талқылауына дайындау кезінде және шешім шығарылғанға дейін істі қарау барысында дәлелдемелерді қамтамасыз ету тәртібімен тағайындалуы және жүргізілуі мүмкін. Іске қатысатын тұлғалар іс сот талқылауына тағайындалғанға дейін сараптаманың қорытындысымен танысуға тиіс.

      Ескерту. 16-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 25.11.2016 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      17. Өздеріне қажетті дәлелдемелерді сотқа ұсыну соңынан мүмкін болмайды немесе қиындық келтіреді деп қауіптенуге негізі бар тараптардың немесе олардың өкілдерінің арыздары бойынша сот АПК-нің 69, 70, 71-баптарына сәйкес дәлелдемелерді қамтамасыз ету шараларын қолданғаны дұрыс. Дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы арыз АПК-нің 70-бабының екінші бөлігінде көрсетілген талаптарға сәйкес келуі тиіс.

      Оларды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды істі өндірісіне қабылдаған сот қолданады. Дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы шара қабылдау қажет болған жағдайда сот ұйғарымында тараптың өтініші бойынша қамтамасыз етіле алатын дәлелдемелерді көрсетеді (нақты куәгерлерден жауап алу, жазбаша немесе өзге дәлелдемелерді тексеру және т.б.).

      Егер сот істі соттың қарауына әзірлеу барысында дәлелдемелерді қамтамасыз ету бойынша шара қабылдау үшін негіз жоқ деп тапса, онда ол жайында шаралар қабылдаудан бас тарту туралы дәлелді ұйғарым шығаруы қажет. Арыз иесі ол ұйғарымға АПК-нің 429-бабында көрсетілген тәртіп бойынша шағымдана алады.

      Істі соттың қарауына әзірлеу барысында Қазақстан Республикасының басқа ауданындағы немесе қаласындағы дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы өтінішті, сот сот тапсырмасы туралы ұйғарым шығару арқылы шешеді. Сот оны АПК-нің 75-бабында көрсетілген тәртіп бойынша орындайды.

      Шетелдік мемлекеттегі дәлелдерді қамтамасыз ету немесе тараптардан дәлелдемелерді сұратуға көмек көрсету сот тапсырмасы туралы ұйғарым шығару арқылы жүргізіледі. Бұл ұйғарымды 1993 жылғы 22 қаңтарда Минск қаласында Қазақстан Республикасы бекіткен "Құқықтық көмек және азаматтық, отбасы және қылмыстық істер бойынша құқықтық қатынастар туралы конвенцияның" қағидаларына не Қазақстан Республикасының басқа шетелдік мемлекеттерімен бекіткен халықаралық келісімдеріне сәйкес шетелдік мемлекеттің тиісті соты орындайды.

      Ескерту. 17-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 25.11.2016 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      18. АПК-нің 281-бабына сәйкес істі соттың қарауына әзірлеу кезінде жазбаша немесе заттай дәлелдемелерді қарау, сараптама тағайындау, бітімгершілік келісім шарттарын, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді, бекіту сияқты жеке процессуалдық әрекеттер жасалған кезде сот отырысының хаттамасы не сот отырысының аудио-, бейнежазбасы жүргізілген кезде қысқаша хаттама жасалуы тиіс. Істі сот талқылауына дайындау барысында өзге процессуалдық әрекеттер жасалған кезде сот отырысының хаттамасы не сот отырысының аудио-, бейнежазбасы жүргізілген кезде қысқаша хаттама жасалмайды, бірақ соттың қалауы бойынша немесе іске қатысатын адамдардың өтініші бойынша жасалуы мүмкін.

      Ескерту. 18-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 25.11.2016 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      19. Судья азаматтық істі сот талқылауына дайындауды, егер Азаматтық процестік кодексінде немесе өзге заң актілерінде басқа мерзімдер көрсетілмесе, талап қою арызы сот өндірісіне қабылданып, азаматтық іс қозғалған күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірмей өткізуі тиіс.

      Азаматты хабар-ошарсыз кеткен деп тану немесе азаматтың қайтыс болған деп жариялау туралы істер бойынша істі соттың қарауына әзірлеу мерзімі жергілікті газетте осындай істің қозғалуы туралы судья ұйғарымы жарияланған күннен бастап үш ай құрайды.

      Сот АПК-нің 287-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, егер "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" 1995 жылғы 28 қыркүйектегі № 2464, "Республикалық референдум туралы" 1995 жылғы 2 қарашадағы № 2592 Қазақстан Республикасының Конституциялық заңдарыңда өзгеше көзделмесе, азаматтардың, қоғамдық бірлестіктердің, сайлау комиссиясы мүшелерінің дауыс беру күніне дейін бес күннен аз уақытта, дауыс беру күні және сайлаудың, республикалық референдумның қорытындылары жарияланғанға дейін сайлау құқықтарының бұзылуы туралы келіп түскен арыздары бойынша істі дайындап қана қоймай, сонымен бірге мәнісі бойынша дереу қарауға тиіс. Осы санаттағы даулар бойынша істі сот талқылауына әзірлеу мерзімі ұзартылуға жатпайды.

      АПК-нің 164-бабында көрсетілген алименттерді өндіру туралы, жәбірленушілерге мертігуден немесе денсаулығына өзге де зақымнан келтірілген зиянды өтеу, сондай-ақ асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша және еңбек қатынастарынан туындайтын барлық талаптар бойынша істерді соттың қарауына әзірлеудің он бес жұмыс күні мерзімі ұзартылуға жатпайды. Істердің басқа санаттары бойынша ерекше жағдайларда судьяның ұйғарымымен бұл мерзім күрделі істер бойынша ғана қосымша бір айға ұзартылуы мүмкін.

      Судьяның істі соттың қарауына әзірлеу әрекеттерін он бес жұмыс күні мерзімі ішінде немесе кейбір санаттары үшін заң актілерінде көрсетілген мерзім ішінде бітіруі мүмкін болмағанда, ол ерекше жағдай деп танылады.

      Ескерту. 19-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 25.11.2016 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      20. АПК-нің 168-бабының бірінші бөлігіне, 272, 273, 274-баптарына сәйкес заңның осы нормаларында көрсетілген мән-жайлар орын алып, олар жойылғанша, судья істі соттың қарауына әзірлеуді тоқтата тұру туралы ұйғарым шығарады.

      АПК-нің 271-бабының талаптарына ұқсастық бойынша судья іске қатысушы адамдарға істі соттың қарауына әзірлеуді тоқтата тұру туралы ұйғарымның көшірмесін жібереді.

      Істі соттың қарауына әзірлеуді тоқтата тұру туралы ұйғарымға АПК-нің 429-бабында қарастырылған жағдайларға байланысты шағымдануға, наразылық келтіруге болады.

      Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 25.11.2016 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      21. Істі соттың қарауына әзірлеуді тоқтата тұруға кедергі келтірген мән-жайларды жойғаннан кейін, судья оны қайта бастау туралы ұйғарым шығарады.

      Мұндайда, судьяның арызды қабылдау және азаматтық істі қозғау туралы ұйғарымы шығарылған күннен бастап істі соттың қарауына әзірлеуді тоқтата тұру туралы ұйғарым шығарылғанға дейін өткен мерзім істі сот талқылауына дайындау мерзіміне кіреді.

      22. АПК-нің 173-бабына сәйкес судья істі соттың қарауына әзірлеу туралы ұйғарымда көрсетілген барлық әрекеттерді орындағаннан кейін, іс сот талқылауына дайын деп есептеледі.

      23. Төмендегі құжаттардың күші жойылды деп танылсын:

      Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумының 1986 жылғы 10 қазандағы "Азаматтық істерді соттың қарауына әзірлеу практикасы туралы" N 18 қаулысы;

      Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумының 1987 жылғы 2 қазандағы "Кейбір азаматтық істер жөніндегі Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумының қаулыларына өзгерістер енгізу туралы" N 11 қаулысының 4-тармағы; Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 1998 жылғы 15 мамырдағы "Азаматтық және азаматтық іс жүргізу заңдарын қолдану мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының кейбір қаулыларына өзгерістер енгізу туралы" N 5 қаулысының 2-тармағы. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Жалпы отырыстың хатшысы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы.

      24. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады әрі ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Ескерту. 24-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады