Шығыс Қазақстан облысы жергілікті атқарушы органының орта мерзімді облигацияларын шығарудың, орналастырудың, олардың айналысының, өтеудің және оларға қызмет көрсетудің ережесін бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2001 жылғы 22 мамыр N 685

      "Мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу мен борыш туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 2 тамыздағы  Заңына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

      1. Қоса беріліп отырған Шығыс Қазақстан облысы жергілікті атқарушы органының орта мерзімді облигацияларын шығарудың, орналастырудың, олардың айналысының, өтеудің және оларға қызмет көрсетудің ережесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

                                  Қазақстан Республикасы Үкіметінің
                                       2001 жылғы 22 мамырдағы
                                            N 685 қаулысымен
                                                  бекітілген

Шығыс Қазақстан облысы жергілікті атқарушы органының орта мерзімді облигацияларын шығарудың, орналастырудың, олардың айналысының, өтеудің және оларға қызмет көрсетудің ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының аумағында Шығыс Қазақстан облысы жергілікті атқарушы органының орта мерзімді облигацияларын (бұдан әрі - облигациялар) шығарудың, орналастырудың, олардың айналысының, өтеудің және оларға қызмет көрсетудің тәртібін белгілейді. 
      2. Облигациялар мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар болып табылады, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, аймақтық инвестициялық бағдарламаларды қаржыландыру мақсатында Шығыс Қазақстан облысының жергілікті атқарушы органы (бұдан әрі - Эмитент) шығарады. 
      3. Облигациялар құжатсыз нысанда шығарылады, "Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі" жабық акционерлік қоғамында (бұдан әрі - Депозитарий) оларды ұстаушылардың "депо" шоттарына және олардың инвесторлары бойынша бағалы қағаздар рыногының кәсіби қатысушыларында ашылған "депо" шоттарына тиісті жазбалар жүргізу жолымен орналастырылады және айналысқа қосылады. 
      4. Облигацияларды ұстаушылар заңды және жеке тұлғалар - Қазақстан Республикасының резиденттері және резидент еместері болуы мүмкін. 
      5. Облигациялардың бастапқы құны - 100 АҚШ доллары. Барлық есеп айырысулар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің есеп айырысуды жүзеге асыру күнінен алдыңғы күнгі бағамы бойынша теңгемен жүзеге асырылады. 
      6. Облигациялардың айналыс мерзімі бір жылдан үш жылға дейін, Облигациялар бойынша сыйақыны төлеуді облигациялар айналысындағы тиісті жылдың жүз сексен екінші, үш жүз алпыс бесінші күндерінде Эмитент жүргізеді. Сыйақыны соңғы төлеу күні облигацияларды өтеу күніне дәл келеді.

2. Шығару және орналастыру  

      7. Облигациялардың әрбір шығарылымының Эмитент бекіткен шығару өлшемдеріне орай, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі тағайындайтын ұлттық бірдейлендірілген нөмірі болады. <*> 
       ЕСКЕРТУ. 7-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2001.10.28. N 1369  қаулысымен .
      8. "Қазақстан қор биржасы" жабық акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Қаржы агенті) Эмитентпен жасасқан келісімнің негізінде облигацияларды орналастыруды жүзеге асыратын қаржылық агент болып табылады. Эмитент пен Қаржы агенті арасындағы өзара қарым-қатынас көрсетілген келісіммен, Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңнамасымен және осы Ережемен реттеледі. 
      9. Облигацияларды бастапқы орналастыру инвесторлар арасында сыйақы ставкасынан өсуімен бастапқы құны бойынша Қаржы агентінің сауда жүйесі арқылы аукцион өткізу жолымен жүзеге асырылады. Облигацияларды сатып алуға арналған өтініштерді қанағаттандыруды сыйақы ставкасының өсуі бойынша реттелген өтініштер ведомосының негізінде ставкалар мен көлемнің Эмитент үшін ыңғайлы мәні бойынша Эмитент жүргізеді. 
      10. Аукционды өткізудің тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі. 
      11. Облигацияларды биржаның сауда жүйесі арқылы бастапқы орналастыру кезіндегі ақшалай есеп айырысудың тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады. 
      12. Эмитент Облигациялар эмиссиясының көлемін Қазақстан Республикасы Үкіметінің заңнамасымен белгіленген жергілікті атқарушы органның қарыз алуының шектеулері шегінде белгілейді. Облигациялар бойынша сыйақы ставкасы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігімен келісіледі. 

3. Облигациялардың айналысы  

      13. Облигациялардың айналыс мерзімін Эмитент тиісті эмиссия хабарланған кезде бір жылдан үш жылға дейін белгілейді. Айналыс мерзімі алты айға еселенуі тиіс. 
      14. Шығарылымның барлық облигацияларынан айналысы аукционға қатысушылар Қаржы агентінен аукционның нәтижелері бойынша инвесторлар сатып алған облигациялар үшін Эмитенттің шотына ақша түскендігі туралы растауларын алған күннен кейінгі күннен басталады және сыйақы төлеу және/немесе облигацияларды өтеу күнге дейінгі үш жұмыс күнінен бұрын тоқтатылады. 
      15. Бағалы қағаздардың екінші рыногында облигациялармен жасалатын барлық операциялар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. 
      16. Облигацияларға меншік құқықтарын есепке алу мен ауыстыруды облигацияларды ұстаушылардың жазбаша тапсырмаларының негізінде сатушы мен сатып алушының "депо" шоттарына тиісті жазбалар енгізу жолымен Депозитарий жүзеге асырады.

4. Облигацияларды өтеу  

      17. Сыйақыны есептеу Қаржы агенті бастапқы орналастыру кезінде инвестор сатып алған облигациялар үшін Эмитенттің шотына ақша аударған күннен кейінгі күннен басталады және шығару шарттарына сәйкес айқындалатын сыйақы ставкасы бойынша, өтеу күнін қоса алғанда, айналыс кезеңі ішінде жүргізіледі. 
      18. Облигациялар шығарудың тиісті айналыс мерзімі аяқталғаннан кейін Эмитент облигацияларды өтеуді бастапқы құны бойынша облигацияларды шығару кезінде белгіленген өтеу күнінің алдындағы күнгі сыйақы есептеу кезеңі үшін сыйақы төлей отырып жүргізеді. Егер облигацияларды өтеу немесе сыйақы төлеу демалыс күнінен түскен жағдайда, ол алғашқы жұмыс күні жүргізіледі. 
      19. Депозитарий сыйақыны төлеу және/немесе облигацияларды өтеу күніне дейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірмей Эмитентке Депозитарий деректерінің негізінде қалыптастырылатын және олар бойынша бағалы қағаздар рыногының әрбір кәсіби қатысушы бойынша сыйақы төлеу және өтеу жүргізілуі тиіс облигациялардың саны туралы мәліметтерді қамтитын жиынтық ведомосты жолдайды. 
      20. Облигациялардың бастапқы құнын өтеуді және сыйақы төлеуді бағалы қағаздар рыногының кәсіби қатысушыларының есеп/жеке шоттарына жиынтық ведомосқа сәйкес ақша аудару жолымен Шығыс Қазақстан облысының жергілікті бюджетінің қаражаты есебінен Эмитент жүзеге асырады. 
      21. Облигациялардың бастапқы құнын өтеуді және сыйақы төлеуді Эмитент және оның уәкілетті өкілдері өтеу күнінің алдыңғы күнге белгіленген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бағамы бойынша теңгемен жүргізеді. 
      22. Облигацияларды өтегеннен кейін Эмитент бес күннің ішінде Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне облигациялардың өтелгендігі туралы Депозитарий мәліметтерінің көшірмесін және жүргізілген өтеуді растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсынады. 
      23. Эмитент сыйақы есептеудің кезекті кезеңінде олардың іс жүзіндегі айналыста болған уақыты үшін сыйақы төлей отырып, облигацияларды мерзімінен бұрын өтеуді жүзеге асыруға құқылы.
      24. Эмитенттің мерзімінен бұрын өтеу туралы шешімі мұндай өтеу күніне дейін он жұмыс күні бұрын, өз кезегінде бес жұмыс күнінен кешіктірмей ол туралы бағалы қағаздар рыногының кәсіби қатысушыларына хабарлайтын Депозитарийге жеткізіледі.
      25. Облигациялармен жасалатын операциялар бойынша салық салудың тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады