"Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2001 жылғы 13 маусым N 815

 


     Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

     "Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу

арқылы қолдау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан

Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.


     Қазақстан Республикасының

         Премьер-Министрі


                                                              Жоба


                      Қазақстан Республикасының Заңы


           Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық

                           түзеу арқылы қолдау туралы



 
       Осы Заң кемтар балаларды әлеуметтiк, медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдаудың нысандары мен әдiстерiн айқындайды, дамуында кемiстiгi бар балаларға көмек көрсетудiң тиiмдi жүйесiн құруға, оларды тәрбиелеумен, оқытумен, еңбекке және кәсiби даярлаумен, балалар мүгедектiгiнiң алдын алумен байланысты проблемаларды шешуге бағытталған.
 
      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
 
      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) кемтар балаларды әлеуметтiк, медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау - кемтар балаларға тiршiлiк етудiң кедергілерін еңсеру, шектелуін теңгеру жағдайларын қамтамасыз ететiн және оларға қоғам өмiрiне қатысуға басқа азаматтармен бірдей мүмкіндiктер жасауға бағытталған арнаулы әлеуметтiк, медициналық және бiлiм беру қызметтерiн көрсететiн бiлiм беру, халықты әлеуметтiк қорғау, денсаулық сақтау ұйымдарының қызметi;
      2) кемтар балалар - туа бiткен, тұқым қуалаған, жүре пайда болған аурулардан немесе заңдарда белгiленген тәртiппен расталған жарақаттардың салдарынан тiршiлiк етуi шектелген, дене бітімінде және/немесе психикасында кемiстiктерi бар 18 жасқа дейiнгi балалар;
      3) психологиялық-медициналық-педагогикалық көмек - балалардың психикалық саулығын тексеру, психикалық кемiстiктерiн диагностикалау және психикасы мен дене бітімінің дамуында ауытқушылықтары бар балаларды оқыту, тәрбиелеу және емдеу проблемаларын шешу саласында халыққа көмек көрсету;
      4) "қатерлi" топтағы балалар - әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау болмаған жағдайда, дамуының кешеуілдеуі неғұрлым ықтимал 3 жасқа дейiнгi балалар;
      5) дене кемiстiгi - органының (органдар), дене мүшесiнің (мүшелер) дамуының және/немесе жұмыс істеуiнiң тұрақты бұзылуы;
      6) психикалық кемiстiк - адамның психикасы дамуының және/немесе жұмыс істеуінің уақытша немесе тұрақты кемістігі, оған: сенсорлық бұзылуы, сөйлеу қабілетінің жетiлмеуi, сезіну ерiк-жiгерi бұзылуының салдарлары, миына зақым келудің, ақыл-ойы дамуының бұзылуы, соның ішiнде ақыл-ой кемістігі, психикалық дамуының кешеуiлдеуiнің салдарлары және осыған байланысты оқытудағы айрықша қиындықтар жатады;
      7) әлеуметтiк бейiмдеу - кемтар балаларды қоғамдағы құндылықтарды, тәртiп ережелерi мен нормаларын бойға сіңіру мен қабылдау, нысаналы әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау процесiнде еңбекке даярлау, әлеуметтiк орта жағдайына белсендi бейiмдеу;
      8) арнаулы түзеу ұйымдары - емдеуге және психикалық-педагогикалық түзеуге, диагностикалауға, тәрбиелеуге мұқтаж кемтар балаларға арналған ұйымдар.
 
      2-бап. Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық
             түзеу арқылы қолдау туралы Қазақстан Республикасының заңдары
 
      1. Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына K951000_ негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттардың осы Заңнан басымдығы болады және халықаралық шартта оны қолдану үшiн Қазақстан Республикасының заңын шығару талап етiлетiн жағдайлардан басқа реттерде, тiкелей қолданылады.
 
      3-бап. Қазақстан Республикасының әлеуметтiк және
             медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау
             мәселелерi жөнiндегi орталық және жергiлiктi атқарушы
             органдары
 
      1. Халықты әлеуметтiк қорғау, азаматтардың денсаулығын сақтау, бiлiм беру саласындағы Қазақстан Республикасының орталық және жергiлiктi атқарушы органдары кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау саласындағы уәкiлеттi органдар болып табылады.
      2. Қазақстан Республикасының әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау мәселелерi жөнiндегi орталық атқарушы органдары:
      1) кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау саласындағы мемлекеттiк саясатты айқындауды;
      2) өз құзыретi шегiнде кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау, медициналық қызмет, арнаулы білім беру және арнаулы әлеуметтiк қызметтер көрсету жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдауды;
      3) ұйымдардың кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау саласындағы қызметiн үйлестiрудi;
      4) кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдаумен байланысты басқа да мәселелердi шешудi жүзеге асырады.
      3. Әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау мәселелері жөніндегі жергiлiктi атқарушы органдары:
      1) кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау саласында мемлекеттiк саясатты іске асыруды қамтамасыз етудi;
      2) кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдауды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметiн бақылауды;
      3) кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдаудың басқа да мәселелерiн жүзеге асырады.
 
      4-бап. Кемтар балаларды әлеуметтiк және
             медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау
 
      1. Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туғаннан басталып, кәмелеттiк жасқа толғанға дейiн, жаппай кешенді медициналық, психологиялық, педагогикалық және әлеуметтiк тексеру мен кәсiби диагностикалауды жүргiзу, оңалтудың жеке бағдарламаларын жасау, медициналық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтiк қызметтер көрсету және еңбекке баулу арқылы жүргiзiледi:
      1) психологиялық тексеру - кемтар балалардың психикалық жағдайының және психикалық дамуының ықтимал мүмкiндiктерiнiң ерекшелiктерiн айқындау;
      2) әлеуметтік тексеру - тиісті жастағы балаларға арналған жас мөлшерінің нормативтерін ескере отырып, денесін игеруінің, жинақылығының, жай қызметпен айналысу қабілетінің, экономикалық дербестігін және қоғамға кірігу қабiлетiнiң шектеулi болуына себеп болуынан туындаған әлеуметтiк кемiстiк дәрежесiн айқындау;
      3) медициналық тексеру - балалардың тіршілік етуінің шектеулi болуын туындататын жеке органның немесе тұтастай ағза функциясының (функциялары) бұзылуы (болмауы) түрiн, қаншалықты ауыр екенін айқындау;
      4) педагогикалық тексеру - балалардың тиiстi жасына қарап арналған жас мөлшерінің нормативтерін ескере отырып, ақыл-ойының даму ерекшелiктерiн және олардың ойын әрекеттерiне, бiлiм алуға және көпшілікпен тіл табыса білуге ықтимал мүмкiндiктерiн айқындау;
      5) кәсiби диагностика - балалар бойындағы психикалық және/немесе дене кемiстiгiн ескере отырып, олардың еңбек қызметiн немесе кәсiптiк дағдыларды меңгеруiнің және орындауының ықтимал мүмкiндiктерiн айқындау;
      6) кемтар балаларды оңалтудың жеке бағдарламасы - баланың соматикалық жай-күйінің, психофизикалық төзiмдiлiгiнiң, отбасының әлеуметтiк мәртебесiнiң және әлеуметтiк инфрақұрылымының мүмкiндiктерi деңгейiн болжауды ескере отырып, оның қажеттiлiктерiнiң құрылымына, қызығушылық таныту өрісіне, ұмтылыс деңгейіне сәйкес тұрмыстық, қоғамдық, кәсiптiк қызметтерге қабiлетiн қалпына келтiруге бағытталған медициналық, психологиялық, педагогикалық және әлеуметтiк iс-шаралардың тiзбесi.
 
      5-бап. Кемтар балаларды әлеуметтiк және
             медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдаудың
             мақсаттары, мiндеттерi мен қағидаттары
 
      1. Әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдаудың мақсаттары:
      1) туа бiткен және тұқым қуалаған ауруларды, қалыпты дамуындағы ауытқушылықтарды ертерек (туғаннан) айқындау;
      2) балалардың дамуындағы кешеуiлдеу мен кемiстiктердiң алдын алу, мүгедектiктiң ауыр түрлерiнен сақтандыру;
      3) балалар мүгедектiгiнiң деңгейiн төмендетуге жәрдемдесу;
      4) кемтар балалардың дене, психика, ақыл-ойы және өзге де қабiлеттерiн теңгеру немесе қалпына келтiру, олардың әлеуметтiк құқықтарын іске асыру, қоғамға неғұрлым толығырақ кірігуіне жәрдемдесу.
      2. Әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдаудың мiндеттерi:
      1) кемтар балаларды анықтау мен оларды есепке алудың бiрыңғай мемлекеттiк жүйесiн құру;
      2) арнаулы бiлiм беретін және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудi жүзеге асыратын ұйымдар желiсiн дамыту;
      3) кемтар балаларды әлеуметтiк бейiмдеу;
      4) кемтар балалары бар отбасыларын әлеуметтiк қолдау;
      5) әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдауды жүзеге асыратын ұйымдарды кадрлық, ғылыми және ұйымдастыру-әдiстемелiк жағынан қамтамасыз ету;
      6) халықты әлеуметтiк қорғау, денсаулық сақтау, бiлiм беру ұйымдарының кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау мәселелерi жөнiндегi қызметiн интеграциялау.
      3. Әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау мынадай қағидаттарға:
      1) кемтар балалар мен олардың отбасыларына әлеуметтiк қолдау және оңалту көмегi бойынша қызмет көрсетудің кепiлдiгiне;
      2) кемтар баласы бар отбасы мен әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдауды жүзеге асыратын ұйымдар мамандарының ынтымақтастығына;
      3) мүмкiндiктерiнiң шектеулi болу дәрежесiне, жасына, әлеуметтiк мәртебесiне қарамастан, балалардың ертерек қолдауға және арнаулы бiлiм алуға қол жеткiзуіне және тең құқылығына;
      4) әрбiр балаға жеке көзқарас болуы мен әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау көрсетудi саралауға негiзделедi.
 
      6-бап. Кемтар балаларға медициналық, арнаулы бiлiм
             беру және әлеуметтiк көмек беру қызметтерін көрсететiн ұйымдар
 
      1. Медициналық қызметтi: ұйымдастыру-құқықтық нысандарына қарамастан, ана мен баланы қорғау ұйымдары, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдары, консультациялық-диагностикалық емханалар, медициналық оңалту орталықтары көрсетедi.
      2. Медициналық қызмет көрсетулерге:
      1) "қатерлi" топтағы балаларды анықтау мақсатында балаларды жас кезiнде жаппай стандартталған тексеру;
      2) туа бiткен, тұқым қуалайтын және жүре пайда болған дерттерді тереңiрек диагностикалау;
      3) психикалық және дене бітімі дамуында ауытқушылықтары бар балаларды медициналық түзеу және оңалту;
      4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес көрсетiлетiн өзге де қызметтер жатады.
      3. Кемтар балаларға арнаулы бiлiм беру қызметiн арнаулы ұйымдар, оның ішінде психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар (бұдан әрi - ПМПК), оңалту орталықтары, бала бақшалары және арнайы түзеу ұйымдары бiлiм беру туралы заңдарға сәйкес көрсетедi.
      Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және бас қала әкiмдерiнiң шешiмдерімен ПМПК балалар саны 60 мыңнан асатын қалаларда, оңалту орталықтары республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттерi аудандық орталықтарда құрылады.
      4. Арнаулы бiлiм беру қызметтерi:
      1) балалардың ақыл-ойы дамуының ерекшелiктерiн анықтау және оларды оқыту мен тәрбиелеудiң түрi мен нысандарын қабылдау мүмкiндiктерiн айқындау мақсатында балаларды тереңiрек және кешенді тексеру;
      2) кемтар балаларды психологиялық-педагогикалық түзеуді, оқыту мен тәрбиелеудi ерте жасынан, мектепке дейiнгi және мектеп жасынан бастау;
      3) еңбекке тәрбиелеу, кәсiби диагностикалау;
      4) кәсiптiк бiлiм беру;
      5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес көрсетiлетiн өзге де қызметтер.
      5. Арнаулы әлеуметтiк қызмет көрсететiн ұйымдар: халықты әлеуметтiк қорғау мекемелерi, протез-ортопедия бұйымдарын жасайтын ұйымдар, техникалық және көмекшi құралдарды шығаратын ұйымдар.
      6. Арнаулы әлеуметтiк қызметтер:
      1) Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы заңдарына сәйкес әлеуметтiк көмек беру;
      2) кемтар балаларды тәрбиелейтiн отбасыларына консультативтiк көмек көрсету;
      3) халықты әлеуметтiк қорғау мекемелерiнде (интернат үйлерi) тұратын мүгедек балаларды оқыту мен еңбекке баулу;
      4) әлеуметтiк қызметкерлердiң қызмет көрсетулерi.
      Әлеуметтiк қызметкерлердiң әлеуметтiк жұмыстарды жүргізу мен қызмет көрсету тәртiбi халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық атқарушы орган бекітетін ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.
 
      7-бап. Психологиялық-педагогикалық консультациялар
 
      1. ПМПК мемлекеттiк мекемелер болып табылады, әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдауға айғақтамаларын анықтау, бiлiм берудің түрi мен нысандарын айқындау, оңалтудың жеке бағдарламасын жасау мақсатында кемтар балаларды диагностикалауды және психологиялық-педагогикалық тексерудi жүзеге асырады.
      2. ПМПК медициналық, арнаулы бiлiм беру және арнаулы әлеуметтiк қызмет көрсету үшiн кемтар балаларды Қазақстан Республикасының халықты әлеуметтiк қорғау, азаматтардың денсаулығын сақтау, бiлiм беру саласындағы жергiлiктi атқарушы органдарына жiбередi.
 
      8-бап. Кемтар балаларға бiлiм берудi ұйымдастыру
 
      1. ПМПК-ның қорытындысына және кемтар балаларды оқытудың жеке жоспарына сәйкес кемтар балалардың үш жастан бастап мектепке дейiнгi бiлiм алуға, жетi-он жастан бастап бастауыш және негiзгi жалпы бiлiм алуға құқығы бар. Бұл ретте мемлекеттiк бiлiм беру бағдарламаларына сәйкес бастауыш және жалпы бiлiм берудiң ұзақтығы 10 жылдан аспауы тиiс.
      ПМПК-ның қорытындысы бойынша айғақтамалары болған кезде кемтар балаларды тәрбиелеу мен оқыту үйде жүзеге асырылуы мүмкін.
      2. Кемтар балалар "Білім беру туралы" Қазақстан Республикасының Z990389_ Заңында көзделген нысандарда бiлiм алуға құқылы.
      Мемлекет кемтар балаларға кәсiптiк даярлауға жәрдемдеседi.
 
      9-бап. Кемтар балалардың құқықтары
 
      1. Кемтар балалардың:
      1) әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдауды кепiлдiктi түрде алуға;
      2) мемлекеттік медициналық ұйымдарда, ПМПК-да немесе медициналық-әлеуметтiк-сараптау комиссияларында тегiн тексерiлуге және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тегін медициналық көмек алуға;
      3) дене бітімі мен психикасында кемістіктер байқалған сәттен бастап, оның көріну дәрежесіне қарамастан, ПМПК қорытындысына сәйкес тегін медициналық-психологиялық-педагогикалық түзетуді қабылдауға;
      4) медициналық айғақтамалары бойынша протез-ортопедия бұйымдарымен және аяқкиіммен, арнайы қарпі бар басылымдармен, дыбыс күшейткiш аппаратурамен және сигнализаторлармен, компенсаторлық техникалық құралдармен Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тегiн қамтамасыз етiлуге;
      5) ПМПК-ның қорытындысына сәйкес арнаулы бiлiм беру ұйымдарында немесе мемлекеттiк жалпы бiлiм беретiн оқу орындарында бiлiм алуға;
      6) мемлекеттiк оқу орындарында конкурстық негiзде мемлекеттiк білім беру бағдарламалары шегінде тегін кәсіптік бiлiм алуға;
      7) оқуды бiтiргеннен кейiн бiлiмiне және/немесе кәсiптiк даярлығына қарай еңбек туралы заңдар мен жұмыспен қамту туралы заңдарда белгiленген тәртiппен жұмысқа орналасуға құқығы бар.
      2. Бюджеттiк қаржыландыру арқылы мемлекеттiк тегiн бiлiм алу, бiлiм гранттары мен несиелерін алу конкурсына қатысқан кезде көрсеткiштерi басқалармен бiрдей болған жағдайда, медициналық-әлеуметтік сараптау комиссиясының қорытындысына сәйкес тиісті білім беру ұйымдарында білім алуға болатын І және ІІ топтардағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектер басым құқыққа ие болады.
      3. Жетiмдер қатарындағы кемтар балалар мен ата-анасының қамқорынсыз қалған, мемлекеттiң толық қарауындағы балалар арнаулы бiлiм беру ұйымдарында оқуын тәмәмдағаннан кейiн және кәмелеттік жасқа жеткен соң жергiлiктi атқарушы органдар оларды заңдарда белгiленген тәртiпте тұрғын үймен қамтамасыз етедi.
 
      10-бап. Кемтар балалардың ата-аналары мен өзге де заңды
              өкiлдерiнiң құқықтары
 
      1. Кемтар балалардың ата-аналарының және өзге де заңды өкiлдерiнiң:
      1) баланы ПМПК-да куәландыру кезiнде қатысуға;
      2) баланы тексерудiң нәтижелерi, жеке әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдаудың мақсаттары мен нәтижелерi туралы дұрыс ақпарат алуға, медициналық көмек көрсетумен, арнаулы бiлiм берумен және арнаулы әлеуметтiк көмек көрсетумен айналысатын органдар мен ұйымдарда консультациялар алуға;
      3) кемтар балаларға әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау көрсету бойынша көзделген iс-шаралардың олардың да балаларына қолдануды талап етуге;
      4) мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспарына сәйкес үйде тәрбиелеу мен оқытуға арналған шығындарды Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейтiн тәртiпте және мөлшерде өткізуге құқығы бар.
 
      11-бап. Кемтар балалардың ата-аналары мен өзге де заңды
              өкiлдерiнiң мiндеттерi
 
      1. Кемтар балалардың ата-аналары мен өзге де заңды өкiлдерi заңдарда белгiленген құқықтарынан басқа, өздерiнiң балаларын бағып-қағуға, тәрбиелеуге, бiлiм беруге, медициналық қаралуды, емделудi қамтамасыз етуге, оларға күтiм жасауға, құқықтары мен мүдделерiн қорғауға, оңалтудың жеке бағдарламасын іске асыруға қатысуға мiндеттi.
      2. Кемтар балалардың ата-аналары мен өзге де заңды өкiлдерi балаларын

 

күтіп-бағу мен тәрбиелеу жөніндегі мiндеттерiн орындаудан жалтарғаны,

оларға қатыгездiкпен қарағаны, денсаулықтарына зиян келтiргенi үшiн

Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.


     12-бап. Мемлекеттiк статистикалық есеп беру


     Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу

арқылы қолдау жөнiндегi мемлекеттiк статистикалық есептілікті статистика

жөнiндегi уәкiлетті орган қолданылып жүрген заңдарға сәйкес белгiлейдi.


     13-бап. Әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық

             түзеу арқылы қолдауды қаржыландыру


     Әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдауды

қаржыландыру мемлекеттiк бюджеттен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының

заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздерден жүзеге асырылады.


     14-бап. Осы Заңның күшiне ену тәртiбi


     Осы Заң 2002 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолдануға енгiзiледi.


     Қазақстан Республикасының

     Президентi


Мамандар:

     Багарова Ж.А.

     Қасымбеков Б.А.






Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады