Тауар рыногында үстем (монополиялық) жағдайға ие рынок субъектiлерi тауарларының (жұмыстарының, қызметтер көрсетуінің) бағаларын мемлекеттік реттеудi енгізу ережесiн бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2001 жылғы 14 қыркүйек N 1212. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2006.12.23. N 1277 қаулысымен.

      Белгiлi бiр тауар рыногында үстем (монополиялық) жағдайға ие рынок субъектiлерi тауарларының (жұмыстарының, қызметтер көрсетуiнiң) бағаларын мемлекеттiк реттеудi енгiзу тәртiбiн белгiлеу мақсатында, "Қазақстан Республикасының Yкiметi туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 18 желтоқсандағы Конституциялық  заңы  9-бабының 7) тармақшасына және "Бәсеке және монополистiк қызметтi шектеу туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 19 қаңтардағы  Заңының  20-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметі қаулы етеді: 
      1. Қоса берiлiп отырған Тауар рыногында үстем (монополиялық) жағдайға ие рынок субъектiлерi тауарларының (жұмыстарының, қызметтер көрсетуiнiң) бағаларын мемлекеттік реттеудi енгiзу ережесi бекiтiлсiн.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.     

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы Үкіметінің    
2001 жылғы 14 қыркүйектегі       
N 1212 қаулысымен бекітілген      

Тауар рыногында үстем (монополиялық) жағдайға ие рынок
субъектiлерi тауарларының (жұмыстарының, қызметтер көрсетуiнiң) бағаларын мемлекеттiк реттеудi енгiзу
ЕРЕЖЕСI

                       1. Жалпы ережелер

       1. Осы Тауар рыногында үстем (монополиялық) жағдайға ие рынок субъектiлерi тауарларының (жұмыстарының, қызметтер көрсетуiнiң) бағаларын мемлекеттiк реттеудi енгiзу ережесi (бұдан әрi - Ереже) "Бәсеке және монополистiк қызметтi шектеу туралы" Қазақстан Республикасының  Заңына  сәйкес әзiрлендi. 
      2. Осы Ереженi әзiрлеудегi мақсат тауар рыногында үстем (монополиялық) жағдайға ие рынок субъектiлерi тауарларының (жұмыстарының, қызметтер көрсетуiнiң) бағаларын мемлекеттiк реттеудi енгізу жөнiнде шешiм қабылдау тәртiбiн айқындау болып табылады. 
      3. Ереже меншiк нысандарына қарамастан тауарлардың (жұмыстардың, қызметтер көрсетудiң) белгiлi бiр түрi рыногында үстем (монополиялық) жағдайға ие және Тауар рыногында үстем (монополиялық) жағдайға ие рынок субъектiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiлген рынок субъектiлерiне (бұдан әрi - Рынок субъектiлерi) қолданылады. 
      4. Монополиялық түрде өндiрiлетiн (жеткiзiлетiн) тауарлардың (жұмыстардың, қызметтер көрсетудiң) бағаларын мемлекеттiк реттеудi енгiзу туралы шешiмдi монополиялық саясат саласындағы орталық атқарушы орган мен оның аумақтық органдары (бұдан әрi - Монополияға қарсы орган) қабылдайды және бұйрықпен ресімдейді. 
      5. Бағаларды мемлекеттiк реттеудi енгiзу монополиялық түрде өндiрiлетiн (жеткiзiлетін) тауарларға (жұмыстарға, қызметтер көрсетуге) кесiмдi бағалар (тарифтер) белгiлеудi бiлдiредi. 
      Осы Ереженiң мақсаттары үшiн кесiмді баға (тариф) деп белгiлi деңгейде белгіленетiн, Монополияға қарсы органның шешiмi бойынша ғана өзгеруi мүмкiн баға (тариф) түсiндiрiледi. 

             2. Бағаларды мемлекеттiк реттеудi 
          енгізу туралы шешім қабылдау тәртібі 

       6. Рынок субъектiлерi Монополияға қарсы органға монополиялық түрде өндiрiлетiн (жеткiзiлетiн) тауар (жұмыс, қызмет көрсету) бағаларының алдағы уақытта көтерiлетiнi туралы және олардың көтерiлу себептерi туралы көтерiлу себептерiн растайтын құжаттарды (мысалы, шикiзатты жеткiзу құны артқан кезде тиiстi шарттың көшiрмесiн жiберу және т.б.) бере отырып, 30 күн бұрын жазбаша түрде хабарлауға мiндеттi. 
      7. Бағаның көтерiлу себептерiн растайтын құжаттарды қарау нәтижелерi бойынша Монополияға қарсы орган бағаның алдағы уақытта көтерiлетiнiне келiседi не Рынок субъектiсiне бағаны көтеру үшiн негiздемелердiң жоқтығы туралы хабарлама жiбередi. 
      Рынок субъектiсi ұсынған құжаттарды қарау процесiнде Монополияға қарсы орган бағаның көтерiлу себептерi туралы қосымша ақпарат сұратуға құқылы, оны Рынок субъектісi тиiстi сұрауды алған күннен бастап үш күн мерзiм iшiнде ұсынуға тиiс. 
      8. Бағаны көтеру үшiн негiздемелердiң жоқтығы туралы хабарлама алған Рынок субъектiсi монополиялық түрде өндiрiлетiн (жеткiзiлетiн) тауар (жұмыс, қызмет көрсету) бағасын бұрынғы деңгейде сақтайды. 
      9. Рынок субъектiлерi осы Ереженiң 6 және/немесе 8-тармақтарында белгiленген талаптарды орындамаған жағдайларда, сондай-ақ Рынок субъектілерi күнтiзбелiк жыл iшiнде бәсекенi шектеуге бағытталған екi немесе одан көп монополияға қарсы заң бұзушылық жасаған ретте, оларды бөлу, бөлiп шығару мүмкін емес немесе мақсатқа сай келмейтiн кезде Монополияға қарсы органның шешiмi бойынша монополиялық түрде өндiрiлетiн (жеткiзiлетiн) тауарға (жұмысқа, қызмет көрсетуге) кесiмдi бағалар (тарифтер) белгiлеу жүргізiледi. 
      10. Монополияға қарсы орган Рынок субъектiсiне тауарларға (жұмыстарға, қызметтер көрсетуiне) алдағы уақытта кесiмдi бағалар (тарифтер) белгiленетiнi туралы хабарлама жiберуге мiндетті. 
      11. Алдағы уақытта кесiмдi бағалар (тарифтер) белгiленетінi туралы хабарлама алған Рынок субъектісi бiр апта iшiнде Монополияға қарсы органға мынадай құжаттарды ұсынуға мiндеттi:
      1) салалық ерекшелiктердi ескере отырып, Монополияға қарсы орган белгiлеген нысан бойынша бағалар (тарифтер) жобасы;
      2) бухгалтерлiк теңгерiм;
      3) қаржы-шаруашылық қызметiнiң нәтижелерi туралы есеп (N 2 нысан);
      4) еңбек және еңбекақы жөніндегі есеп (1-Е нысаны); 
      5) өндірістік-қаржылық қызмет туралы есеп (1-ОҚ нысаны);
      6) негізгі құралдар мен материалдық емес активтердің болуы және қозғалысы (N 11 нысан);
      7) бағалар (тарифтер) жобасын есептеу үшін шығындарды баптар бойынша таратқан жиынтық деректер (тарифтік смета);
      8) белгіленген тәртіппен бекітілген:
      техникалық ысырап нормалары;
      қызметкерлер санының нормативтерi;
      шикізаттар мен материалдар шығысының нормалары;
      9) негізгi құралдарды пайдалану мерзiмдерiн көрсете отырып, амортизациялық аударымдарды есептеу;
      10) тауарлардың (жұмыстардың, қызметтер көрсетудiң) жоспарланған көлемiн растайтын құжаттар - ниет хаттамалары, шарттар, Рынок субъектiсiнiң мүмкiндiктерiн ескере отырып, тауарларды өндiру (жеткізу) көлемiн есептеу, жобалық қуаты мен оның іс жүзiнде пайдаланылуы туралы деректер. 
      12. Ұсынылған есептеулер мен негiздеушi құжаттар мынадай талаптарға жауап беруге тиiс: 
      1) негiздеушi құжаттардың әрбiр парағына Рынок субъектiсiнiң басшысы, ал қаржы құжаттарына бас бухгалтер де қол қояды және мөрмен растайды; 
      2) көлемнiң маусымдық ауытқулары бағалардың (тарифтердiң) өзгеруiне әсерiн болдырмау мақсатында жылға (жарты жылға) есептелген деректер негiзге алынады, мұндай есептеу салық есебi тұрғысынан орынсыз жағдайларды қоспағанда; 
      3) бағалардың (тарифтердiң) жобалары кезiнде негiзге кесiмдi баға (тариф) енгiзер алдындағы төрт тоқсандағы тауарлардың (жұмыстардың, қызметтер көрсетудiң) іс жүзiнде өндiрiлген (жеткiзiлген) көлемi алынады; 
      4) өндiрудiң (жеткiзудiң) көлемiн төмендету кезiнде төмендетудi негiздейтiн және оны растайтын құжаттар ұсынылуға тиiс. 
      13. Рынок субъектілерiнiң тауарларына (жұмыстарына, қызметтер көрсетуiне) кесiмдi бағаларды (тарифтердi) қалыптастыру кезiнде осы Ережеде көзделген шектеулердi ескере отырып, Рынок субъектiсi қызметiнiң монополиялық түрiне жататын және Бухгалтерлiк есеп стандарттарына сәйкес келетiн шығындар ескеріледi. 
      14. Бағаларға (тарифтерге) енгiзiлетiн материалдық шығындар өнiмдердiң (қызметтер көрсетудiң) бiр бiрлiгiн шығаруға жұмсалатын шикiзаттар, материалдар, отын, энергия шығысының заңнамаға сәйкес бекiтiлген нормалары негiзге алына айқындалады.  P921098_  
      Бағаларға (тарифтерге) нормативтік техникалық ысыраппен байланысты, заңнамаға сәйкес бекітілген нормалар бойынша есептелген шығындар енгізіледі. 
      15. Жөндеу-қалпына келтiру жұмыстарына, техникалық қайта жарақтандыру және негiзгi өндiрiстiк қорларды жұмысшы күйде ұстауға жұмсалатын шығындар бағаға (тарифке) осы iс-шараларды жүргiзу қажеттiгi туралы құжаттық растау болған кезде енгiзiледi. 
      16. Еңбекке ақы төлеуге жұмсалатын шығыстарды айқындау кезiнде қызметкерлердiң (әкiмшiлiк-басқару және өндiрiстiк қызметшiлердiң) іс жүзiндегi, бiрақ заңнамаға сәйкес белгiленетiн нормативтен аспайтын саны есепке алынады. 
      17. Бағаларға (тарифтерге) енгізiлетiн қызметкерлерге еңбекке ақы төлеуге жұмсалатын шығыстар баға (тариф) белгілеу алдындағы кезең (жыл, жарты жылдық) iшiнде iс жүзiнде қалыптасқан еңбекке ақы төлеу шығыстары негiзге алына, тиiстi кезеңдегi инфляция индексi ескерiлiп, статистикалық деректер бойынша есептеледi. Бұл ретте еңбекке ақы төлеу шығыстары мыналарды қамтиды: 
      1) ұйымда қабылданған еңбекке ақы төлеу нысандары мен жүйелерiне сәйкес кесiмдi бағалауға, тарифтiк мөлшерлемелерге және лауазымдық жалақыларға сүйене отырып есептелген, орындалған жұмыс үшiн еңбекақы төлеу жөнiндегi төлемдер; 
      2) ынталандыру сипатындағы төлемдер: өндiрiстiк нәтижелер үшiн берiлетiн сыйақылар (заттай сыйақының құнын қоса), кәсiби шеберлiгi, еңбектегi жоғарғы жетiстiктерi және т.б. үшiн тарифтiк мөлшерлемелер мен жалақыларына үстемелер және ұйымда қабылданған материалдық көтермелеудiң басқа да нысандары; 
      3) жұмыс режимiмен және еңбек жағдайымен байланысты, сондай-ақ ұйымдарды қайта ұйымдастыруға, қызметкерлер санын қысқартуға және т.б. байланысты төлемдер. 
      18. Бағаларға (тарифтерге) бухгалтерлiк есеп саласындағы заңнамаға сәйкес есептелген негiзгі құралдардың тозу сомасы енгiзiледi.  V980489_  
      19. Бағаларға (тарифтерге) тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетудi) тұрақты және үздiксiз өндiрудi (жеткiзудi) қамтамасыз ету үшiн тартылған банкiлердiң несиелерi үшiн пайыздар қосылады. 
      20. Әкiмшiлiк мақсаттағы шығыстарға кесiмдi бағаларды (тарифтерді) белгілегенге дейін қабылданған және қолданылып жүрген деңгейде кесімді бағалар (тарифтер) алдыңғы төрт тоқсан ішіндегі инфляция индексі ескеріле отырып, енгізіледі. 
      21. Монополияға қарсы орган қызметтің сондай немесе соған ұқсас түрімен айналысатын Рынок субъектілерінің тиісті шығындарын салыстыра талдау нәтижесінде не тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетуді) өндіру көлемі едәуір төмендеген ретте бағаға (тарифке) енгізілетін әкімшілік мақсаттағы шығыстар сомаларын өзгерту туралы шешім қабылдауға құқылы. 
      22. Рынок субъектiлерiнiң кесімді бағаларын (тарифтерін) қалыптастыру кезiнде мынадай шығыстар ескерілмейді: 
      1) нормативтен жоғары техникалық және коммерциялық ысырап, тауарлық-материалдық құндылықтардың бүлiнуi мен жетiспеуi және қоймалардағы босалқы қорлар, басқа өндiргiш емес шығыстар мен ысыраптар; 
      2) ластағыш заттардың нормативтен жоғары шығарындылары (тастандылары) үшiн төленетiн төлемдер; 
      3) үмiтсiз қарыздар; 
      4) шаруашылық шарттардың талаптарын бұзғаны үшiн айыппұлдар, өсiмпұлдар, тұрақсыздық төлемдерi мен жазалардың басқа түрлерi; 
      5) кiрiстi жасырғаны (азайтқаны) үшiн төленетiн айыппұлдар мен өсiмпұлдар; 
      6) ұрлықтардан келген зияндар; 
      7) ақаудан болған ысыраптар; 
      8) қызмет көрсететiн шаруашылықтар мен учаскелерді ұстау жөнiндегi шығыстар (үй-жайларды тегiн беру, қоғамдық тамақтандыру ұйымдарына коммуналдық қызмет көрсету құнын төлеу және т.б.); 
      9) денсаулық сақтау, мектепке дейiнгi балалар ұйымдарының, оқу орындарының, оның iшiнде кәсiптiк-техникалық училищелердiң объектiлерiн ұстауға кеткен шығыстар; 
      10) сауықтыру лагерьлерiн, мәдениет және спорт объектiлерiн, тұрғын үй қорын ұстауға жұмсалатын шығыстар; 
      11) ұйым қызметкерлерiнiң тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, саяжай үйлерiн сатып алуға және үй шаруашылығымен айналысуға алған қарыздарын (пайызсызды қоса) өтеу шығыстары; 
      12) мәдени-ағарту, сауықтыру және спорттық iс-шараларды (демалыс кештерiн, концерттердi және басқаларды) өткiзу шығыстары; 
      13) саяжай серiктестiктерiн абаттандыру (жол салу, энергиямен және сумен жабдықтау, жалпы сипаттағы басқа да шығыстарды жүзеге асыру) бойынша, гараждар салу бойынша шығыстар; 
      14) демеушiлiк көмек көрсету; 
      15) тауарлар (жұмыстар, қызметтер көрсету) өндірісіне тікелей қатысы жоқ және бағаны (тарифтi) өсіруге алып келетін шығыстардың басқа да түрлерi. 
      23. Монополиялық түрде өндiрiлетiн (жеткiзiлетiн) тауарларға (жұмыстарға, қызметтер көрсетуге) кесiмдi бағалар (тарифтер) қалыптастыру кезiнде пайда (кiрiс) деңгейi алдыңғы есептi кезең iшiнде (статистикалық деректер бойынша) қалыптасқан орташа салалық мөлшерден аспайтын мөлшерде есептеледi. 
      24. Монополияға қарсы орган Рынок субъектісi ұсынған негiздеушi құжаттарды талдау жолымен бағалардың (тарифтердiң) жобаларына сараптама жүргiзедi, оны жүргiзу кезiнде Монополияға қарсы орган: 
      1) Рынок субъектiсi тиiстi сұрау салуды алған күннен бастап үш күн мерзiм iшiнде ұсынуға міндеттi қосымша материалдарды сұратуға;
      2) бағалардың (тарифтердiң) жобаларын Монополияға қарсы органның жанындағы Сараптама кеңесiнiң қарауына ұсынуға құқылы.
      25. Рынок субъектiсiнiң Монополияға қарсы органға осы Ереженiң 11-тармағында көрсетiлген немесе осы Ереженiң 24-тармағы 1) тармақшасына сәйкес сұрау салынған құжаттарды ұсынбауы кесiмдi баға (тариф) белгiлеу үшiн кедергі болмайды.
      26. Кесiмдi бағаларды (тарифтердi) енгiзу Монополияға қарсы орган бұйрығында көрсетiлген күннен бастап және сол кезеңге жүзеге асырылады.

      

             3. Қорытынды ережелер

       27. Осы Ереженiң бұзылуына жол берген, сондай-ақ Монополияға қарсы органға жалған мәлiметтер ұсынған Рынок субъектiлерi заңнамалық кесiмдерге сәйкес жауапқа тартылады.  P990400_  
      28. Монополияға қарсы органның Рынок субъектiлерiнiң тауарларына (жұмыстарына, қызметтер көрсетуiне) кесiмдi баға белгiлеу туралы шешiмдерiне сот тәртiбiмен шағым жасалуы мүмкiн.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады