Қазақстан Республикасы Бас прокурорының Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Соттардың сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстар жөніндегі қылмыстық істерді қарау практикасы туралы" 2001 жылғы 13 желтоқсандағы N 18 нормативтік қаулысына наразылығы туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Нормативтік қаулысы. 2002 жылғы 15 тамыз N 16. Күші жойылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2008 жылғы 22 желтоқсандағы N 27 Нормативтік қаулысымен.

      Ескерту. Қаулының күші жойылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2008 жылғы 22 желтоқсандағы N 27 Нормативтік қаулысымен.

      Бас прокурордың пікірінше "сыбайлас жемқорлық", "сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстар субъектілері" ұғымдарын анықтау бөлігінде нормативтік қаулының 2, 3 және 9-тармақтары "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 2, 12 және 13-тармақтарымен үйлеспейді.

      Наразылықты қарай келіп, Жоғарғы Соттың жалпы отырысы "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Заңның осы заңның қолдану аясын айқындайтын 4-бабына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілік пен жазаның Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінде көзделгенін атап көрсетеді. Алайда қолданыстағы Қылмыстық кодексте бұл мәселелер осы уақытқа дейін өз шешімін тапқан жоқ, сондықтан нормативтік қаулыда сыбайлас жемқорлық ұғымына анықтама беру әрі сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстар тізбесі нақтылы анықтау мүмкін болмады.

      Нормативтік қаулы, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Заңның қолданылуын бұзбай әрі оны шектемей, сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстар туралы қылмыстық істерді зерделеудің және жинақтаудың негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнаманы қылмыстық-құқықтық қатынастар саласында қолдану кезінде пайда болатын сот практикасының мәселелерін түсіндірді. Бұл жөнінде Жоғарғы Сот нормативтік қаулыда қолданылған "сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстар субъектілері" ұғымының "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Заңмен белгіленген "сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтар субъектілері" деген әлдеқайда кең ұғыммен ұқсас бола алмайтынын негізге алған болатын. Себебі ол әкімшілік, тәртіптік және мүліктік жауапкершіліктің осындай мәселелерін реттейді.

      Міне осылайша, жалпы отырыс Жоғарғы Сот қабылдаған нормативтік қаулыда сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстар туралы істердің санаты мен осы қылмыстардың түпкілікті болып табылмайтын ықтимал субъектілерінің шеңберін сипаттайтын жалпы дәрежелеуші белгілердің ғана айқындалғанын атап көрсетеді.

      Наразылықта көрсетілгендей, нормативтік қаулыда үкімді қабылдау кезінде жалпы қылмыстық әрекеттерді сыбайлас жемқорлық қылмысына жатқызу жөнінде соттарға арналған нұсқау болуы керек деген уәж де негізсіз, өйткені бұл тиісті қылмыстық заңның негізінде ғана жүзеге асырылады және сондықтан да соттар осы фактіні өз үкімдерімен белгілеуге құқылы емес.

      Осы айтылғандардың негізінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:

      Қазақстан Республикасы Бас прокурорының Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Соттардың сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстар жөніндегі қылмыстық істерді қарау практикасы туралы" 2001 жылғы 13 желтоқсандағы N 18 нормативтік қаулысына наразылығы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

      Қазақстан Республикасы

      Жоғарғы Сотының Төрағасы

      Қазақстан Республикасы

      Жоғарғы Сотының судьясы,

      жалпы отырыс хатшысы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады