Мұнай операцияларын жүргiзу кезінде тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алу ережесiн бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы. 2002 жылғы 7 маусым N 612. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 28 қарашадағы N 1139 Қаулысымен.

      Ескерту.   Қаулының күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 28 қарашадағы  N 1139  (алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiліп отырған Мұнай операцияларын жүргiзу кезiнде тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алу ережесi бекітілсiн.

      2. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлiгi мұнай операцияларын жүргiзу кезiнде тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алуды реттеу жөніндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган болып белгiленсiн. <*>
       Ескерту. 2-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2002.11.14. N 1204  қаулысымен.

       3. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлiгi тоғыз ай мерзiмде Қазақстан Республикасының Үкiметiне мұнай операцияларын қоспағанда, жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу кезінде тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алуды реттеу жөнiнде ұсыныстар енгiзсiн. <*>
       Ескерту. 3-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2002.11.14. N 1204  қаулысымен.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшіне енедi.     

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Үкiметiнің        
2002 жылғы 7 маусымдағы 
N 612 қаулысымен     
бекiтiлген       

  Мұнай операцияларын жүргiзу кезінде тауарларды,
жұмыстар мен қызметтер көрсетуді сатып алу ережесi

  1-бөлiм. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже Қазақстан Республикасы Президентiнің "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 1996 жылғы 27 қаңтардағы заң күшi бар  Жарлығының  (бұдан әрi - Жер қойнауы туралы жарлық) 63-бабының 1-тармағының 7)-9) тармақшаларымен, Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Мұнай туралы" 1995 жылғы 28 маусымдағы заң күшi бар  Жарлығының  (бұдан әрi - Мұнай туралы жарлық) 41-бабының 6)-8) тармақшаларымен көзделген Мердiгерлердің міндеттемелерiн iске асыру үшiн жағдай жасау мақсатында әзiрлеу және мұнай операцияларын жүргізу кезінде тауарларды, мыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алу тәсілдерi мен шарттарын белгiлейдi.

      2. Осы Ереже Мұнай операцияларын жүргiзуге арналған келiсiм-шарт бойынша Мердiгердiң (бұдан әрi - Мердiгер, мердігерлер) Қазақстан Республикасының аумағында мұнай операцияларын жүргiзу кезiнде оның тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетуді сатып алуы кезіндегi қызметiне қолданылады.
      Көрсетiлген Мердiгер тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алуға арналған өзiнің құқығын үшiншi тұлғаға берген жағдайларда, осы Ереже осындай үшiншi тұлғаның қызметiне ол Мердiгердiң пайдасына тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алуды жүзеге асырған кезде қолданылады.

      3. Осы Ережеде Жер қойнауы туралы жарлық пен Мұнай туралы жарлықта көзделген терминдер мен анықтамалар қолданылады.

      4. Осы Ереженің мақсаттары үшiн мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
      1) "тапсырыс беруші" - Қазақстан Республикасының аумағында мұнай операцияларын жүргiзу кезінде тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алушы Мердiгер;
      2) "сатушы" - Тапсырыс берушi осы Ережемен белгiленген тәртіппен одан тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетуi сатып алатын заңды немесе жеке тұлға;
      3) "уәкiлеттi мемлекеттiк орган" - мұнай операцияларын жүргiзу кезiнде тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алу тәртiбiн реттеу жөніндегі Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн мемлекеттік орган;
      4) "тауарлар" - мұнай операцияларын жүргiзу үшiн қажеттi жабдық, дайын өнiм және өзге де материалдар;
      5) "жұмыстар" - Тапсырыс берушiнің тапсырмасы бойынша ақысына мұнай операцияларын жүргiзу үшiн қажеттi тауарлар жасау (өндiру), жабдықты монтаждау, ғимараттар салу жөнiндегi жұмыстар мен өзге де жұмыстарды орындау;
      6) "қызметтер көрсету" - Тапсырыс берушiнің тапсырмасы бойынша ақысына нәтижесінде тауарлар өндірілмейтiн не объектісi материалдық заттар болып табылмайтын, бiрақ мұнай операцияларын жүргiзу үшiн қажеттi белгiлі бiр iс-әрекет жасау немесе белгiлi бiр қызметтi жүзеге асыру;
      7) "конкурс" - Тапсырыс берушi белгiлi бiр немесе белгiсiз тұлғалар ортасына мұнай операцияларын жүргiзу кезiнде тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсету сатып алуға арналған сауда-саттыққа қатысуға ұсыныс жасайтын және оларға ұсынылған бастапқы шарттар негiзінде қатысушылардың iшiнен кiм ең жақсы шарт ережелерiн ұсынса, сонымен шарт жасасуға міндеттенетiн тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алу тәсiлi;
      8) "Қазақстан Республикасының аумағында тiкелей тауар өндiру" қазақстандық кәсiпорынның мұнай операцияларын жүргізу үшiн қажеттi және оның Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлгендігін растайтын шыққан жерiнiң сертификаты (не оны беру кепiлдiгi) бар тауар өндiруi;
      9) "Қазақстан Республикасының аумағында тiкелей жұмыс өндiру" қазақстандық кәсiпорынның мұнай операцияларын жүргiзу үшiн қажеттi шетел шикiзатын, материалдарды, жабдықтарды сатып алуға жұмсалатын шығынның 50%-ынан аспайтын үлесiмен жұмыс орындауы, сондай-ақ жұмыстың жалпы құнының 30%-ынан аспайтын қосалқы орындаушылар ретінде шетелдік жұмыс күшiн және/немесе шетелдiк ұйымдарды тартуы; 
      10) "Қазақстан Республикасының аумағында тiкелей қызметтер көрсету өндіру" - қазақстандық кәсіпорынның мұнай операцияларын жүзеге асыру үшін қажеттi көрсетiлетiн қызметтерi жалпы құнының 30%-ынан аспайтын қосалқы орындаушылар ретінде шетелдiк мамандарды және/немесе шетелдiк ұйымдарды тартуға жұмсалатын шығынның үлесiмен қызметтер көрсетуi;
      11) "жабық конкурс" - конкурсқа қатысуға ұсыныс оған сәйкес белгiлi бiр тұлғалар ортасына арналған конкурстың түрi;
      12) "ашық конкурс" - конкурсқа қатысуға ұсыныс оған сәйкес белгілi емес тұлғалар ортасына арналған конкурстың түрi;
      13) "конкурсты ұйымдастырушы" - тапсырыс берушi немесе тапсырыс беруші тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алуға арналған құқықты бере алатын үшінші тұлға;
      14) "қазақстандық кәсіпорындар" - Қазақстан Республикасында құрылған заңды тұлғалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жеке кәсіпкерлерi мен жеке тұлғалары;
      15) "шетелдік ұйымдар" - "қазақстандық кәсіпорындар" деген анықтамаға жатпайтын заңды тұлғалар;
      16) "конкурс өткiзбей сатып алу" - мұнай операцияларын жүргiзу үшiн қажеттi тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi Тапсырыс берушiнің конкурс өткiзбей сатып алуы;
      17) "конкурсқа ықтимал қатысушы" - конкурс өткiзу туралы ақпарат жiберiлетiн заңды немесе жеке тұлға;
      18) "конкурсқа қатысушы" - конкурстық өтiнiм берген, ал конкурстың қамтамасыз етудi беру туралы шарты болған кезде конкурс өткiзу ережелерiне сәйкес қажеттi қамтамасыз етуді де берген конкурсқа ықтимал қатысушы;
      19) "конкурс жеңiмпазы" - конкурсты өткізу барысында конкурстық өтінімiн конкурстық комиссия үздік деп тапқан конкурсқа қатысушы;
      20) "конкурс нәтижелерi бойынша шарт" - Тапсырыс беруші конкурс жеңiмпазымен жасасатын шарт.

      5. Мұнай операцияларын жүргiзу кезінде Тапсырыс берушi Жер қойнауы туралы жарлықтың және Мұнай туралы жарлықтың талаптарына сәйкес олар стандарттар мен осы Ережеде белгiленген тәртiппен басқа да талаптарға сәйкес келген кезде қазақстандық кәсiпорындардан тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетуi сатып алуға міндеттi.

  2-бөлiм. Уәкiлеттi мемлекеттік органның құзыреті

      6. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган:
      1) мұнай операцияларын жүргізу кезiнде тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетуi сатып алу процесiнің мониторингiн жүзеге асырады;
      2) осы Ереженің негізiнде Тапсырыс берушiнiң өтiнiштерiн қарау және конкурс өткiзбей сатып алуға рұқсаттар беру тәртiбi туралы, Конкурс өткізу шарттарын бекiту тәртібi туралы, Конкурстық комиссияға уәкілеттi мемлекеттiк органның өкiлін тағайындау тәртiбi туралы және конкурс нәтижелерiн бекiту тәртiбi туралы нұсқаулық әзiрлейдi;
      3) мұнай операцияларын жүргiзу кезiнде тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алуға бақылауды жүзеге асырады;
      4) мұнай операцияларын жүргiзу кезiнде тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алуға конкурс өткiзу шарттарын бекiтеді;
      5) конкурс өткізу жөнiндегi конкурстық комиссияға уәкiлеттi мемлекеттiк органның өкiлiн тағайындайды;
      6) уәкiлеттi мемлекеттiк органның өкiлi ретiнде өзге де мемлекеттік органдардың қызметкерлерiн немесе меншiк нысанына қарамастан, қауымдастықтар (одақтардың) өкiлдерiн тартады, бiрақ бұл ретте ол өкiлге уәкiлеттi мемлекеттiк органның бақылау функцияларын жүзеге асыру жөнiндегi өкілеттiгін беруге құқылы емес;
      7) мұнай операцияларын жүргiзу кезiнде тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алуға арналған конкурстың өту нәтижелерiн бекiтеді;
      8) осы Ережемен көзделген жағдайларда Тапсырыс берушiлердiң конкурс өткiзбей сатып алуға рұқсат беру туралы өтiнішін қарайды, конкурс өткізбей сатып алуға рұқсат немесе рұқсатқа уәжделген бас тарту береді;
      9) мұнай операцияларын жүргiзу кезiнде тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алу мәселелерiн реттейтiн нормативтiк құқықтық кесiмдердiң жобаларын әзiрлеудi жүзеге асырады, өз құзыретi шегiнде мұнай операцияларын жүргiзу кезiнде тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алуды жүргiзу жөніндегi әдіснамалық материалдарды әзiрлейдi және бекiтедi;
      10) мұнай операцияларын жүргiзу кезiнде тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алу мәселелерi бойынша тапсырыс берушiлерге әдіснамалық және ұйымдастырушылық көмек көрсетеді.

  3-бөлім. Тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетуді
сатып алу жөнiндегi алдын ала рәсімдер

      7. Тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алғанға дейiн Тапсырыс берушi Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және құрылтай құжаттарының ережелерiне сәйкес тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алу туралы шешiм қабылдайды.

      8. Тапсырыс берушiнің тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алу туралы шешiмi мыналарды қамтуы тиiс:
      1) Тапсырыс берушi органының тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетуді сатып алу туралы шешiм қабылдауға құзыретiнің құрылтай құжаттарының ережелерiне және заңнама талаптарына сәйкестiгiн көрсетудi;
      2) сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтер көрсетудiң номенклатурасы мен көлемдерiн, олардың қажеттi техникалық немесе өзге де сипаттамасын, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтер көрсетудің жүргiзiлетiн мұнай операцияларының сипаты мен мазмұнына сәйкестiгiне негіздемені;
      3) Тапсырыс берушiнің лауазымды тұлғаларын не Тапсырыс берушiнің тапсырмасы бойынша әрекет етуші, мұнай операцияларын жүргiзу кезінде тауарларды жұмыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алуды ұйымдастыру мен өткiзуге жауапты үшiншi тұлғаларды анықтауды;
      4) мұнай операцияларын жүргiзу кезiнде тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алу тәсiлiн;
      5) осы Ережеге сәйкес тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алу үшін қажеттi өзге де мәлiметтерi.

      9. Тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетуді сатып алу конкурс өткiзбей сатып алу тәсілінің көмегiмен жүзеге асырылған жағдайларда, Тапсырыс берушi алдын ала рәсімнің шеңберінде уәкiлеттi мемлекеттiк органның алдында осы Ережемен көзделген тәртiппен рұқсат беру туралы өтініш жасайды.

  4-бөлiм. Мұнай операцияларын жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетуді сатып алу тәсілдерi
және оларды қолдану шарттары

      10. Мұнай операцияларын жүргiзу кезінде тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алу тәсілдерi мыналар болып табылады:
      1) конкурс;
      2) конкурс өткiзбей сатып алу.

      11. Мұнай операцияларын жүргiзу кезінде тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алудың негiзгi тәсiлi конкурс болып табылады.

      12. Конкурс өткiзу кезінде міндеттi түрде конкурстық комиссияға уәкiлеттi мемлекеттiк органның өкiлiн енгiзу талап етіледi.

      13. Конкурс өтті деп тану үшін қатысушылардың ұсыныстарын Конкурсты ұйымдастырушы конкурс талаптарын қанағаттандырады деп таныған ретте, оған кемiнде екеуi қатысуы қажет.

      14. Конкурс Қазақстан Республикасының аумағында өтуi тиiс.

      15. Конкурс өткiзудiң негiзгi тiлi мемлекеттік тiл немесе орыс тiлi болып табылады.

      16. Барлық конкурстық құжаттама, конкурстық өтінiмдердi қоса алғанда, орыс тiлінде табыс етуi тиiс.

      17. Әртүрлi тілдерде жазылған конкурстық құжаттар (конкурстық өтінімдерді қоса алғанда) шарттарында қарама-қайшылықтар болған кезде, басымдылық орыс тiлiнде жазылған құжаттарға берiледі.

      18. Конкурс өткiзу кезінде конкурстың кез келген түрiн - жабық немесе ашық конкурсты пайдалануға, сондай-ақ Конкурсты өткiзудiң екi кезеңдi рәсiмдерiн пайдалануға жол берiледi.

      19. Конкурсты ұйымдастырушы мынадай жағдайларда екi кезеңдi рәсімдерді пайдалана отырып, конкурс өткiзуге құқылы:
      1) тауарлардың, жұмыстардың немесе қызметтер көрсетудiң егжей-тегжейлi ерекшеліктерін толық тұжырымдау және олардың техникалық, және өзге де сипаттамаларын анықтау қиын болғанда және конкурстық ұйымдастырушыға ықтимал қатысушылардың конкурстық ұсыныстарын сұрау немесе олармен келiссөздер жүргiзу қажет болғанда;
      2) ғылыми зерттеулер, эксперименттер, iздестiрулер жүргiзу немесе талдамалар жасау қажет болғанда;
      3) бiр кезеңдi конкурс конкурс жеңiмпазын анықтауға жеткiзбегенде.

      20. Екi кезеңдi рәсімдер пайдаланылатын конкурс мынадай кезеңдердің жиынтығын білдіреді:
      1) ықтимал қатысушылардан конкурстық өтiнiмнің бағасын көрсетпей, тауарлардың, жұмыстардың, қызметтер көрсетудің техникалық, сапалық немесе өзге де сипаттамаларына қатысты ұсыныстарды сұрату, табыс еткен ұсыныстарға талдау жүргiзу және қажет болған кезде, ықтимал қатысушылармен келiссөздер жүргiзу;
      2) Конкурсты ұйымдастырушы алдын ала iрiктеген ұсыныстары тауарлардың, жұмыстардың, қызметтер көрсетудің берiлген техникалық, сапалық немесе өзге де сипаттамаларына сәйкес деп танылған конкурсқа ықтимал қатысушылардың бағасын көрсете отырып конкурстық өтiнімдерді енгiзуі.

      21. Конкурс өткiзбей сатып алу тәсiлiмен тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алу үшiн осы Ережемен көзделген тәртiппен және шарттарда уәкілеттi мемлекеттiк органның рұқсатын алу қажет.

  5-бөлім. Конкурс өткізу шарттары

      22. Конкурс өткiзу үшiн Тапсырыс беруші уәкілеттi мемлекеттiк органда конкурс өткізу шарттарын бекiтуге мiндеттi.

      23. Конкурс өткiзу шарттарын бекiту үшiн Конкурсты ұйымдастырушы уәкiлетті мемлекеттiк органға конкурстың түрi, сондай-ақ конкурсты ұйымдастырушы дайындайтын конкурс өткiзу шарттары көрсетілуі тиiс тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алу туралы шешімді табыс етуге мiндеттi.

      24. Конкурс өткiзу шарттары өзiне мыналарды қамтуы тиiс:
      1) конкурсқа ықтимал қатысушыларға жiберiлетiн конкурс өткiзу туралы ақпаратты;
      2) конкурстық құжаттаманың мазмұнын;
      3) Конкурстық комиссия туралы ереженi.

      25. Ұйымдастырушының шешiмi бойынша конкурс өткiзу шарты өзiне осы Ережемен көзделмеген, бiрақ сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтер көрсетудiң сипаты мен мазмұнына сәйкес келетiн өзге де ақпаратты қамтуы мүмкiн.

      26. Конкурс өткізу туралы ақпарат мыналарды қамтуы тиiс:
      1) Конкурсты ұйымдастырушының атауы мен орналасқан жерiн;
      2) конкурстың түрi көрсетiлуiн;
      3) сатып алу болжанып отырған тауарлардың, жұмыстар мен қызметтер көрсетудің көлемін, сапасын, номенклатурасын және тауарларды жеткiзу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету орнын;
      4) тауарларды жеткiзудің, жұмыстарды орындаудың және қызметтердi көрсетудің талап етiлетін мерзімдерін;
      5) конкурстық құжаттаманы алу орны мен тәсілдерін;
      6) конкурс өткiзу орны мен уақытын, сондай-ақ конкурсқа қатысуға өтінiм беру орны мен мерзiмi;
      7) конкурсқа ықтимал қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптарын.

      27. Конкурсты ұйымдастырушының шешiмi бойынша конкурс өткiзу туралы ақпарат өзiне осы Ережемен көзделмеген, бiрақ сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтер көрсету сипаты мен мазмұнына сәйкес келетiн өзге де ақпаратты қамтуы мүмкiн.

      28. Бiлiктілік талаптары өзіне конкурсқа ықтимал қатысушының мынадай өлшемдерiн қамтуы тиiс:
      1) кәсiби құзыреттілігi мен тәжiрибесi, iскерлiк беделi;
      2) қаржылық, материалдық және кадрлық (еңбек) ресурстары;
      3) құқық қабілетiнің болуы.

      29. Конкурсты ұйымдастырушының шешiмi бойынша бiліктiлiк талаптары өзiне осы Ережемен көзделмеген, бiрақ сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтер көрсетудің сипаты мен мазмұнына сәйкес келетiн өзге де өлшемдердi қамтуы мүмкiн. Сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтер көрсетудің тиiстi сипатына және мазмұнына негізделмеген өлшемдердi бiлiктiлiк талаптарына енгiзуге жол берiлмейдi.

      30. Конкурстық құжаттама өзiне мыналарды қамтуы тиiс:
      1) конкурсқа қатысушының (ықтимал қатысушының) білiктілік мүмкіндiктерiн растайтын құжаттардың тiзбесi мен нысанын;
      2) техникалық ерекшелiктердi, жоспарларды, сызбалар мен эскиздердi, қоса алғанда, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтер көрсетудің техникалық және сапалық сипаттамаларын; тауардың санын; орындауға жататын кез келген iлеспе қызметтер көрсетудi; жұмыстардың орындалатын немесе тауарлар мен қызметтер көрсетудің ұсынылатын орнын; тауарды жеткізудің, жұмыстарды орындаудың немесе қызметтер ұсынудың талап етiлетiн мерзімдерін;
      3) жеңiп шыққан конкурстық өтiнiмдi анықтаған кезде конкурстық комиссия ескеретiн өлшемдердің тiзбесін;
      4) егер тауарлардың, жұмыстар мен қызметтер көрсетудің баламалы сипаттамаларына жол берiлетін болса, баламалы конкурстық өтiнімдерді бағалау мен салыстыру тәсiлiн тиiстi нұсқауды және сипаттауды;
      5) шарттың ережелерiн немесе конкурстық құжаттамада жазылған басқа да талаптарды;
      6) негiзiнде конкурстық өтiнiмнің бағасы, оған баға тауарлардың, жұмыстар мен қызметтер көрсетудiң өздерінің құнынан бөлек, мысалы, тасымалдау мен сақтандыруға, кедендiк баждар мен салықтар төлеуге жұмсалатын кез-келген шығыстар сияқты басқа да элементтердi қамтуы тиiс пе деген нұсқауды қоса алғанда, есептелiнуi тиiс әдiстеменi;
      7) конкурсқа қатысушының (ықтимал қатысушының) конкурстық өтiнімдерін беруi соңғы мерзiмi аяқталғанға дейiн өзiнің конкурстық өтінiмiн өзгерту немесе қайтарып алу құқығына тиiстi нұсқауды;
      8) конкурстық өтінiмдердi берудің тәсiлін, орны мен соңғы мерзiмiн және олардың қолданылу мерзiмi;
      9) олардың көмегiмен конкурсқа қатысушылар конкурстық құжаттамаға байланысты түсiнiктеме сұрай алатын тәсілдерді және Тапсырыс берушiнің осы кезеңде конкурсқа қатысушылармен (ықтимал қатысушылармен) кездесулер өткiзуге ниетi туралы өтiнiштi;
      10) конкурстық өтiнiмдер бар конверттердi ашатын орынды, күндi және уақытты;
      11) конкурстық өтінiмдер бар конверттердi ашу және конкурстық өтінiмдердi қарау үшiн пайдаланылатын рәсiмдерді;
      12) конкурсқа дайындық пен оны өткiзуге жауапты лауазымды тұлғаға нұсқауды.

      31. Конкурсты ұйымдастырушы жекелеген жағдайларда ең жоғары бастапқы баға белгiлей алады.

      32. Конкурстық комиссия туралы ереже мыналарды қамтуы тиiс:
      1) конкурстық комиссияны ұйымдастыру мен оның қызметінің тәртiбiн;
      2) конкурстық комиссияның сандық құрамы туралы, конкурстық комиссияға уәкiлеттi мемлекеттiк органның өкілдерi болып табылатын мүшелерi тарту тәртiбi, олардың қызметiнің бейiнi туралы мәлiметтерін;
      3) конкурстық комиссия төрағасының, оның орынбасарының және конкурстық комиссия хатшысының кандидатурасы туралы мәлiметтердi;
      4) конкурстық комиссия мүшесi - уәкілеттi мемлекеттік орган өкілiнiң құқықтары мен міндеттерi туралы мәлiметтердi.

      33. Конкурстық комиссия туралы ережеде конкурстық комиссияға конкурс өткiзу ережелерiнiң шарттарын бекiту кезiнде соңынан тағайындалатын уәкiлеттi мемлекеттік органның өкiлiн тарту және конкурстық комиссияның осы мүшесiнiң құқықтары мен міндеттерi туралы шарт қамтуы тиiс.

      34. Конкурсты ұйымдастырушыда тиiстi бейіндегi мамандар болмаған кезде, сондай-ақ сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтер көрсетудiң сипаты мен мазмұнына негiзделген жағдайларда, Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық комиссияға оның мүшелерi немесе сарапшылары ретінде мемлекеттiк органдардың және өзге де ұйымдардың өкілдерін, соңғыларымен келiсiм бойынша тарта алады.

      35. Конкурс өткiзу шарттарын бекiтуге табыс етiлген қабылдауда осы Ережемен көзделген барлық құжаттың табыс етiлмеу себебi бойынша бас тартылуы мүмкiн.

      36. Уәкiлетті мемлекеттік орган құжаттарды қабылдаған күннен бастап 10 күннен аспайтын мерзiмде табыс етiлген конкурс өткiзу шарттарын бекiтуге не Конкурсты ұйымдастырушыға уәжделген бас тарту беруге міндеттi.

      37. Конкурс өткізу шарттарын бекiту кезiнде уәкiлеттi мемлекеттiк орган кандидатурасы конкурс өткiзу шарттарын бекiтумен бiр мезгілде Конкурсты ұйымдастырушыға жеткiзiлетiн өзiнің өкiлiн конкурстық комиссияға тағайындауға міндеттi.

      38. Конкурс өткiзу шарттарын бекiтуден бас тартқан жағдайда, уәкiлеттi мемлекеттiк орган Конкурсты ұйымдастырушыға тиiстi хабарлама жiберуге міндеттi.

      39. Конкурс өткiзу шарттарын бекiту конкурс өткiзудің әрбiр жағдайында жеке жүргiзiледi. Конкурсты ұйымдастырушының қалауы бойынша өткізiлетiн конкурс өткiзу шарттарын жалпы бекiтуге жол берiлмейдi.

      40. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган мынадай жағдайларда конкурс өткiзу шарттарын бекiтуден бас тартуға міндеттi:
      1) бекiтуге табыс етiлген құжаттарда дұрыс емес мәлiметтер болғанда;
      2) конкурс өткiзу шарттарының жекелеген ережелерi немесе табыс етiлген құжаттар осы Ережемен көзделген талаптарға немесе Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық кесімдерiне сәйкес келмегенде.

      41. Конкурсты ұйымдастырушы уәкiлеттi мемлекеттiк органның конкурс өткiзу шарттарын бекiтуден бас тартуына сот тәртiбiмен шағымдануға, ал конкурс өткiзу шарттарын бекiтудi немесе одан бас тартуды белгiленген мерзімде алмаған не уәкiлеттi мемлекеттiк орган уәжделген бас тарту табыс етпеген жағдайда - конкурс өткiзу шарттарын бекiтудi сот тәртiбiмен талап етуге құқылы.

      42. Бекітiлген конкурс өткiзу шарттары, егер уәкiлеттi мемлекеттiк орган неғұрлым қысқа мерзiм белгiлемегенде ғана, алты ай iшінде қолданылады. Егер конкурсты өткiзу шарттарының қолданылу мерзiмi бекiтуде көрсетiлмесе, онда шарт бекiтiлген сәттен бастап алты ай iшiнде жарамды деп саналады. Қажет болған кезде Конкурсты ұйымдастырушының өтініші бойынша бекiтiлген конкурс өткiзу шарттарының қолданылу мерзiмi ұзартылуы, бiрақ алты айдан аспайтын мерзiмге ұзартылуы мүмкiн.

  6-бөлiм. Конкурс өткiзу тәртiбi

      43. Конкурс өткiзу шарттары бекiтiлгеннен кейiн Конкурсты ұйымдастырушы ықтимал қатысушыларды конкурс өткiзу туралы хабардар етедi.

      44. Конкурс өткiзу туралы ақпарат конкурсқа ықтимал қатысушыларға конкурстық өтiнімдердi қабылдау аяқталғанға дейiн 30 күннен кешiктiрмей жiберілуi тиiс.

      45. Конкурсқа ықтимал қатысушыларды ақпараттандыру тәсiлi өткiзiлетiн конкурс нысанына сәйкес болуы тиiс. Ашық конкурс өткiзу кезiнде конкурс өткiзу туралы ақпарат республикалық мерзiмді баспа басылымдарында жариялануға тиiс.

      46. Конкурс өткізу кезінде өткiзілетiн конкурс шарттарына, сондай-ақ жүргiзiлетiн мұнай операцияларына қойылатын стандарттар мен басқа да талаптарға сәйкес келетiн тауарлар өндiрушi, жұмыстар орындаушы және қызметтер көрсетушi қазақстандық кәсiпорындар конкурсқа қатысуға басым тәртiппен тартылуы тиiс.

      47. Өткiзілетiн конкурс шарттарына, сондай-ақ жүргiзiлетiн мұнай операцияларына қойылатын стандарттар мен басқа да талаптарға сәйкес келетiн Қазақстан Республикасының аумағында тауарлар өндiруші, жұмыстар орындаушы және қызметтер көрсетушi қазақстандық кәсiпорындар болған кезде, шетелдiк ұйымдардың арасында ғана конкурс өткізуге жол берiлмейді.

      48. Конкурстық комиссия Конкурстық комиссия туралы ереже бекiтiлген сәттен бастап және өткiзiлетiн конкурс нәтижелерi бойынша түпкiлiктi шешiм қабылданғанға дейiн әрекет етеді.

      49. Конкурстық комиссияның төрағасы оның жұмысына басшылық жасайды, комиссия отырыстарында төрағалық етедi, оның жұмысын жоспарлайды, оның шешімдерiн iске асыруға жалпы бақылауды жүзеге асырады және конкурстық комиссия жүзеге асыратын қызметке жауапкершiлiкте болады.

      50. Конкурстық комиссияның хатшысы тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алуды ұйымдастыруға және жүргiзуге жауапты Конкурсты ұйымдастырушының тиiстi бөлімшесінің орыс тiлiн бiлетiн маманы болып табылады. Конкурстық комиссия хатшысының конкурстық комиссия шешiмдер қабылдаған кезде дауыс беру құқығы жоқ. Конкурстық комиссияның хатшысы ықтимал қатысушыларға конкурстық құжаттаманы ұсынады, конкурсқа ықтимал қатысушыларды тiркеу журналын жүргiзеді, конкурсқа қатысушылардан конкурстық өтiнімдер бар конверттердi қабылдайды, конкурстық комиссия отырысының күн тәртiбi бойынша ұсыныстар, қажеттi құжаттар, материалдар дайындайды және оны өткiзгеннен кейiн отырыстың хаттамаларын ресiмдейдi.

      51. Техникалық сарапшылар конкурстық комиссияның жұмысына конкурсқа қатысушылар ұсынып отырған тауарлардың, жұмыстар мен қызметтер көрсетудiң конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкестiгi жөнінде сараптамалық қорытынды беру үшін тартылуы мүмкін. Техникалық сарапшылардың конкурстық комиссия шешiм қабылдаған кезде дауыс беру құқығы жоқ. Сараптамалық қорытынды жазбаша түрде ресiмделедi және конкурстық комиссия отырысының хаттамасына қоса берiледi.

      52. Конкурстық комиссияның жұмысын ұйымдастыру-техникалық қамтамасыз етудi тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алуды ұйымдастыруға және өткiзуге жауапты Конкурсты ұйымдастырушының тиiстi бөлiмшесi жүзеге асырады.

      53. Конкурсты ұйымдастырушы конкурсқа қатысуға өтiнiм берген конкурсқа барлық ықтимал қатысушыларға конкурстық құжаттама беруге міндеттi.

      54. Конкурсқа қатысуға тiлек білдірген конкурсқа ықтимал қатысушы Конкурсты ұйымдастырушыға белгiленген мерзімдерде және желімделген конвертте конкурстық құжаттамаға сәйкес конкурстық өтінiмдi табыс етуі тиiс.

      55. Конкурсты ұйымдастырушы конкурсқа ықтимал қатысушылардың Конкурсты ұйымдастырушы белгілеген мерзімдер немесе табыс етілетiн конкурстық өтiнiмнің мазмұнына қойылатын талаптар бұзылып табыс етілген конкурстық өтiнiмiн қарамауға құқылы.

      56. Конкурсқа ықтимал қатысушы конкурстық құжаттама ережелерiне түсіндірме беру туралы, бiрақ конкурстық өтiнімдерді табыс етудің соңғы мерзiмi өткенге дейiн 10 күннен кешiктiрмей, сұрау салып жүгiнуге құқылы. Конкурсты ұйымдастырушы ықтимал қатысушының мұндай сауалына үш күн мерзімде жауап беру және сауал кімнен түскенін көрсетпестен, мұндай түсiндiрмені Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттама табыс еткен барлық ықтимал қатысушыға хабарлауы тиiс.

      57. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық өтiнімдерін табыс етудің соңғы мерзiмi өткенге дейiн кез келген уақытта өзiнің жеке бастамасы бойынша не қандай да бiр ықтимал қатысушы тарапынан түсіндiрме туралы сауалға жауап ретінде конкурстық құжаттаманы толықтыру басып шығару жолымен өзгертуге құқылы. Толықтыру Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттама табыс еткен барлық ықтимал қатысушыға шұғыл түрде хабарланады және мұндай ықтимал қатысушылар үшін міндеттi күшiнде болады, бұл ретте конкурстық өтiнiм табыс ету мерзiмiн есептеу мұндай толықтырулардың соңғысы туралы ықтимал қатысушыларға хабарлаған күннен бастап жүргiзiледi.

      58. Конкурстық өтiнімдер конкурстық құжаттамада көрсетiлген мерзiм ішінде күшінде қалады.

      59. Конкурстық өтiнiмдер қолданылу мерзiмi өткенге дейiн Конкурсты ұйымдастырушы конкурстың қатысушыларынан (ықтимал қатысушылардан) осы мерзiмдi қосымша нақты уақыт кезеңiне ұзартуды өтiне алады. Қатысушы (ықтимал қатысушы) мұндай сауалды қабылдамайды және оның конкурстық өтiнiмiнің қолданылу мерзiмi ұзартылмаған қолданылу мерзiмi өткен соң аяқталады.

      60. Ықтимал қатысушы өзiнің конкурстық өтiнiмiн өзгерте немесе керi қайтарып ала алады. Мұндай өзгерту немесе керi қайтарып алу туралы хабарлама, егер оны конкурсты ұйымдастырушы конкурстық өтiнiмдерді табыс етудiң соңғы мерзiмi өткенге дейiн алса, жарамды болып табылады.

      61. Конкурстық комиссия конкурстық өтінімдерді ашуға конкурстық өтiнімдерi бар конверттерді ашу орны, күнi және уақыты туралы конкурстық құжаттаманың мазмұнына сәйкес кiрiседi.

      62. Конкурс өткiзу басталғанға дейiн конкурстық комиссия Конкурсты ұйымдастырушы дайындаған конкурстық құжаттамамен танысуы тиiс.

      63. Конкурстық комиссия конкурстық өтiнiмдерi бар конверттердi ашады, бағалайды және оларды салыстырады әрi осы Ереже мен конкурстық құжаттаманың ережелерiне сәйкес және конкурстық өтiнімдер табыс еткен барлық келген конкурсқа қатысушылардың немесе олардың уәкiлеттi өкілдерiнің қатысуымен конкурстың қорытындысын шығарады.

      64. Конкурстық комиссия конверттердi ашу кезінде қатысушы тұлғаларға конкурсқа қатысушылардың атаулары мен орналасқан жерлерiн, олар ұсынған бағаны және конкурстық өтінiмнің басқа да негiзгi шарттарын хабарлайды, содан кейiн конкурстық комиссия конкурстық өтiнiмдердi қарауға, бағалауға және салыстыруға кiрiседi.

      65. Конкурстық өтiнімдердi қарау, бағалау және салыстыру кезінде:
      1) конкурстық комиссия конкурстық өтiнімдердi қарауды, бағалауды және салыстыруды желдету үшiн конкурсқа қатысушылардан олардың Конкурстық өтінімдерiне байланысты түсiндiрмелер табыс етулерiн сұрай алады;
      2) формалды талаптарға жауап бермейтiн конкурстық өтiнiмдi осы талаптарға сәйкес келтiру үшiн ешқандай сауалдарға, ұсыныстарға немесе рұқсаттарға жол берiлмейдi.

      66. Конкурстық комиссия конкурстық өтiнiмдi, егер онда елеулi өзгерте алмайтын немесе конкурстық құжаттамада баяндалған сипаттамалардан, шарттар мен өзге де талаптардан елеулi ауытқу болып табылмайтын болар-болмас ауытқулар болса немесе егер онда конкурстық өтiнiмнің мәнiне тиiспей түзетуге болатын грамматикалық немесе арифметикалық қателер кездессе, формалды талаптарға жауап берушi ретінде қарай алады. Кез келген мұндай ауытқулар мүмкіндігінше сандық көрiнiс табады және конкурстық өтiнімдердi бағалау және салыстыру кезінде ескерiледі.

      67. Конкурстық комиссия конкурстық өтiнiмдi қабылдамайды, егер:
      1) осы конкурстық өтiнiмдi табыс еткен конкурсқа қатысушы бiліктілiк талаптарына сәйкес келмесе;
      2) осы конкурстық өтінiм осы Ереженiң 66-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, формалды талаптарға жауап бермесе.

      68. Конкурстық комиссия конкурсқа қатысу үшiн қабылданған конкурстық өтінімдерді бағалайды және салыстырады әрi конкурстық құжаттамада көрсетiлген өлшемдердi ескере отырып, жеңiп шыққан конкурстық өтiнiмдi анықтайды.

      69. Конкурстық комиссия жеңіп шыққан конкурстық өтінiмдi анықтау кезінде мынадай өлшемдердi ескереді:
      1) конкурстық өтінiмнiң Тапсырыс берушi төлеуге жататын салық және бюджетке төленетін басқа да міндеттi төлемдер сомаларын есептемегендегі бағасы;
      2) тауарлармен байланысты пайдалануға, техникалық қызмет көрсетуге және жөндеуге арналған шығыстар, тауарларды жеткiзiп беру, жұмыстарды аяқтау немесе қызметтер көрсетудi ұсыну мерзімдерi, тауарлардың функционалдық сипаттамалары, соның iшiнде тауардың сапа сертификатының немесе шыққан жерi сертификатының болуы, төлем шарттары және тауарларға, жұмыстар мен қызметтер көрсетуге кепілдiк беру шарттары;
      3) өзге де тең шарттарда осы Ереженiң 5-тармағына сәйкес тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi өндіруші қазақстандық кәсiпорындардың басымдығы, бұл ретте тауарлар өндірушi қазақстандық кәсіпорындардың басымдығы оның Қазақстан Республикасында өндiрілгендігін (не оның берiлу кепiлдігін) растайтын тауардың шыққан жерi сертификатын беру кезiнде ескерiледi, ал жұмыстар мен қызметтер көрсетудi өндірушi қазақстандық кәсiпорындардың басымдығы жұмыстар мен қызметтер көрсетудi қосалқы сатушы ретiндегi қазақстандық жұмыс күшiн, қазақстандық мамандарды және қазақстандық кәсiпорындарды тарту дәрежесiне байланысты ескерiледi.

      70. Шетелдік ұйымдардың конкурстық өтінімдерiнің басқа тең шарттарында үздік өтiнімдi анықтау кезінде конкурстық комиссия артықшылықты мынадай қатысушыларға беруі тиiс:
      1) өзінің жұмыстарын, тауарлары мен қызметтер көрсетуiн Қазақстан Республикасының аумағында өндiретін;
      2) республикаға жоғары технологиялық өндiрiстi тартатын;
      3) қазақстандық кәсiпорындардың тауарларын, жұмыстарын немесе қызметтер көрсетуiн пайдаланатын;
      4) шетелдiк тауарларды, жұмыстарды немесе қызметтер көрсетудi оның жарғылық капиталында қазақстандық кәсiпорынның кемінде 50% қатысуымен бiрлескен кәсiпорын құру жағдайында ұсынатын.

      71. Конкурстың мәнi консультациялық қызметтер көрсетудi тарту болып табылған жағдайда, iрiктеу өлшемдерi де мыналар болып табылады:
      1) консультациялық қызметтер көрсетудің сапалық сипаттамалары;
      2) мұндай қызметтер көрсету рыногындағы ықтимал сатушының жұмыс тәжiрибесi.

      72. Конкурстық комиссия, егер конкурстың шарттарымен мейлiнше ұзақ мерзiм белгiленбесе ғана, конкурстық өтiнімдер бар конверттердi ашқан күннен бастап 10 күннен аспайтын мерзімде конкурстық комиссияның шешiм қабылдауы жолымен конкурстың қорытындыларын шығарады.

      73. Конкурстың қорытындылары бойынша мынадай шешімдердің бiрi қабылдануы мүмкiн:
      1) конкурстық өтiнімдер табыс еткен қатысушылардың онда екеуден аз қатысуына байланысты не конкурстың шарттарын қанағаттандырған барлық конкурстық өтiнімдердi қабылдамауға байланысты конкурсты өткізiлмеді деп тану туралы;
      2) конкурстың жеңiмпазын хабарлау туралы.

      74. Конкурстың қорытындылары бойынша шешiм конкурстық комиссия қол қоятын осы Ереженің талаптарына сәйкес конкурстық комиссия отырысының хаттамасы түрінде ресімделедi. Конкурстың жеңiмпазын хабарлау туралы шешімде, сондай-ақ өткiзiлген конкурстың нәтижелерi бойынша шартқа қол қою үшiн мерзiм көрсетілуi тиiс.

      75. Конкурстық комиссияның шешiмi ашық дауыс берумен қабылданады және егер ол үшiн конкурстық комиссия мүшелерiнің жалпы санының басым көпшiлiгi дауыс берсе, қабылданды деп саналады. Дауыстар тең болған жағдайда, конкурстық комиссияның төрағасы дауыс берген шешiм қабылданды деп саналады.

      76. Конкурстық комиссия мүшелерінің ол айтылған жағдайда, жазбаша беру және конкурстық комиссия отырысының хаттамасына қоса тiркелуi тиiс айрықша пiкiрге құқығы бар.

      77. Жеңімпаз деп танылмаған конкурсқа қатысушыға конкурстық комиссия оның өтiнiшi қаралу кезінде жеңiмпаз болып танылмаған өлшемдерді қысқаша сипаттай отырып, конкурстың нәтижелерi туралы жазбаша түрде хабарлауы тиiс.

      78. Конкурстың қорытындылары туралы хаттама мыналарды қамтуы тиiс:
      1) сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтер көрсетудің қысқаша сипаттамасы;
      2) конкурсқа қатысушылардың атаулары мен орналасқан жерлерi, сондай-ақ конкурс жеңімпазының атауы, орналасқан жерi және ол жеңімпаз деп танылған шарттар;
      3) конкурстық өтінімдердi табыс еткен конкурсқа қатысушылардың бiлiктiлiк деректерi туралы ақпарат немесе осындай деректердің жоқ болуы туралы ақпарат;
      4) әрбiр конкурстық өтiнімнің бағасы және басқа да негізгі шарттарының қысқаша мазмұны;
      5) конкурстық өтiнiмдердi бағалау өлшемдерiнiң қысқаша мазмұны және оларды салыстыру;
      6) барлық конкурстық өтiнімдердi қабылдамауға байланысты, егер конкурс нәтижесiнде жеңімпаз анықталмаса, тиiстi себептердi көрсету;
      7) конкурстық құжаттамаға, оларға жауаптарға түсiндiрме беру туралы сауалдардың қорытылған мазмұны.

      79. Конкурстық комиссияның шешімі мен конкурстың қорытындыларына барлық мүдделi тұлға заңнамада белгіленген тәртiппен шағым жасауы мүмкiн.

      80. Конкурстың қорытындылары туралы хаттама уәкілеттi мемлекеттiк органда конкурстың қорытындыларын шығару кезiнен бастап он күн мерзiмде бекiтуге жатады.

      81. Конкурстың қорытындылары туралы хаттаманы уәкiлеттi мемлекеттiк органда бекiткенге дейiн Конкурсты ұйымдастырушы конкурс жеңiмпазымен өткiзілген конкурс нәтижелерi бойынша шарт жасасуға құқылы емес.

      82. Уәкiлеттi мемлекеттік орган конкурстың қорытындылары туралы хаттаманы бекiтуге табыс еткен кезден бастап 10 күн мерзімде оны бекiтуге немесе оны бекiтуден уәжделген бас тарту беруге мiндетті.

      83. Уәкілеттi мемлекеттiк орган конкурстың қорытындылары туралы хаттаманы бекiтуден мына жағдайларда бас тартуға міндеттi:
      1) конкурстың қорытындылары туралы хаттама осы Ереженің талаптарына сәйкес келмеген кезде;
      2) оны өткiзу рәсiмiнде конкурс өткiзу ережелерi бұзылған кезде.

      84. Уәкiлеттi мемлекеттік орган конкурстың қорытындылары туралы хаттаманы бекітуден бас тартқан кезде конкурс өтпей қалды деп саналады.

      85. Конкурсты ұйымдастырушы уәкілетті мемлекеттік органның конкурстың қорытындылары туралы хаттаманы бекiтуден бас тартуына сот тәртiбiмен шағымдануға, ал конкурс қорытындылары туралы хаттаманы бекiтудi немесе одан бас тартуды белгiленген мерзiмде алмаған не уәкiлетті мемлекеттік орган уәжделген бас тарту табыс етпеген жағдайда, конкурс қорытындыларын бекiтудi сот тәртiбiмен талап етуге құқылы.

      86. Жеңiмпаз анықталған конкурс қорытындылары туралы хаттама бекiтiлген жағдайда, Конкурсты ұйымдастырушы конкурстың қорытындылары туралы хаттамада көзделген мерзімдерде өткізілген конкурстың нәтижелерi бойынша конкурс жеңiмпазымен шарт жасасуға міндетті.

      87. Егер конкурс жеңiмпазы өткiзiлген конкурс нәтижелерi бойынша конкурс қорытындылары туралы хаттамаға сәйкес белгiленген мерзiмдерде шартқа қол қоймаған жағдайда, Конкурсты ұйымдастырушы конкурс қорытындылары туралы хаттамаға сәйкес жеңiмпаздың ұсынысынан кейiн ұсынысы Ұйымдастырушы үшiн неғұрлым артық болып табылатын конкурсқа басқа қатысушымен шарт жасасуға құқылы.

      88. Тараптар ережелерiне сәйкес өткізiлген конкурс нәтижелерi бойынша конкурс жеңімпазы анықталған шартқа қандай да болсын өзгерiстер енгiзуге құқылы емес.

      89. Конкурс өтпей қалды деп танылған жағдайда, Конкурсты ұйымдастырушы мыналарға құқылы:
      1) конкурс өткiзу ережелерiн өзгертпей қайталама конкурс өткiзуге;
      2) конкурс өткiзу ережесiне өзгерiс енгiзе отырып, оның iшiнде конкурс өткізудiң екi кезеңдi рәсiмдерiн пайдаланып, конкурсты қолдану жолымен қайталама конкурс өткізуге;
      3) осы Ережеге сәйкес конкурс өткiзбей тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алу тәсiлiн қолдануға.

  7-бөлiм. Конкурс өткізбей сатып алу тәртібі

      90. Конкурс өткiзбей сатып алу тәсiлi мынадай жағдайларда қолданылады:
      1) осы тауарлар, жұмыстар мен қызметтер көрсету қандай да болсын нақты қазақстандық немесе шетелдiк кәсiпорында болса немесе қандай да болсын нақты қазақстандық немесе шетелдiк кәсiпорын осы тауарларға, жұмыстар мен қызметтер көрсетуге қатысты ерекше құқықтарға ие болғанда;
      2) Тапсырыс берушi, тауарларды, жабдықты, технологияны немесе қызметтер көрсетудi қандай да бiр сатушыдан сатып ала отырып, сол сатушыдан бiрыңғайлау, стандарттау салдарынан және тұрғысынан немесе қолда бар тауарлармен, жабдықпен, технологиямен немесе қызметтер көрсетумен сәйкестiлiгін қамтамасыз ету қажеттiлiкке орай басқа да тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алуы тиiс;
      3) конкурс өтпей қалды деп танылғанда.

      91. Тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетуді конкурс өткізбей сатып алу үшiн конкурс өткiзбей сатып алу тәсiлiн қолдануға рұқсат алу қажет, ол үшiн Тапсырыс берушi уәкiлеттi мемлекеттiк органға рұқсат беру туралы өтiнiш білдіруі тиiс.

      92. Тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi конкурс өткізбей сатып алу тәсiлiн қолдануға рұқсат беру туралы өтiнiшке Тапсырыс берушi осы Ереженi 8-тармағында көзделген мәлiметтерден басқа, мыналарды қамтуы тиiс тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алу туралы Тапсырыс берушінің шешiмiн қоса береді:
      1) конкурс өткiзудің мүмкiн еместiгi немесе орынсыздығы негiздемесiн, ал егер конкурс өткiзiлген болса - өтпей қалған конкурс қорытындылары туралы хаттаманы және қайталама конкурсты қолданудың мүмкiн еместiгi немесе орынсыздығы негiздемесін, оның iшінде конкурс өткізу ережелерінің өзгеруін қоса бере отырып, оны өтпей қалды деп танудың себептерi;
      2) конкурс өткiзбей сатып алуды қолданудың негiздемесiн растайтын өзге де құжаттарды.

      93. Уәкілеттi мемлекеттiк орган 10 күн мерзімде тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi конкурс өткiзбей сатып алуға рұқсат беруге немесе Тапсырыс берушiге рұқсат беруден уәжделген бас тартуды табыс етуге міндеттi.

      94. Тапсырыс беруші уәкiлеттi мемлекеттiк органның Тапсырыс берушiнің конкурс өткізбей сатып алу тәсiлiн қолдануына рұқсат беруден бас тартуына сот тәртібiмен шағымдануға, ал белгiленген мерзімде рұқсат немесе рұқсат беруден бас тарту алмаған не уәкiлеттi мемлекеттiк орган уәжделген бас тарту бермеген жағдайда - Тапсырыс берушінің конкурс өткiзбей сатып алу тәсілін қолдануына рұқсатты сот тәртібiмен талап етуге құқылы.

  8-бөлiм. Қорытынды ережелер

      95. Мұнай операцияларын жүргiзу кезінде тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алу барысында осы Ереженi бұзған жағдайда, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтер көрсету кез келген өтінiм берушiсi Тапсырыс берушінің әрекетiне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының сот орындарына шағымдануға құқылы.

      96. Мұнай операцияларын жүргiзу кезінде тауарларды, жұмыстар мен қызметтер көрсетудi сатып алу процесiне қатысушылар осы Ереженің ережелерiн және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерiн бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңнамалық кесімдерiне сәйкес жауапты болады.      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады