Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Дипломаттық дәрежелердi беру тәртiбi туралы ереженi бекiту туралы" Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2002 жылғы 23 тамыз N 943

      Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
      1. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Дипломаттық дәрежелердi беру тәртiбi туралы ереженi бекiту туралы" Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгiзiлсiн.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы Президентінің
Жарлығы Дипломаттық дәрежелердi беру тәртiбi туралы ереженi бекiту туралы

      "Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметi туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 7 наурыздағы Заңының 11-бабына сәйкес қаулы етемін:
      1. Қоса берiлiп отырған Дипломаттық дәрежелердi беру тәртiбi туралы ереже бекiтiлсiн.
      2. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы 
Президентiнiң     
2002 жылғы "____"________
N ___ Жарлығымен   
бекiтiлген     

Дипломаттық дәрежелердi беру тәртiбi туралы ереже 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже "Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметi туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 7 наурыздағы Заңына сәйкес қолданылады және дипломатиялық қызмет қызметкерлерiне (бұдан әрi - қызметкерлер) дипломаттық дәрежелердi беру тәртiбiн реттейдi.

2. Дипломаттық дәрежелердi беру тәртiбi

      2. Қызметкерлерге мынадай дипломаттық дәрежелер берiледi:
      1) атташе;
      2) үшiншi хатшы;
      3) II сыныпты екiншi хатшы;
      4) І сыныпты екiншi хатшы;
      5) ІІ сыныпты бiрiншi хатшы;
      6) I сыныпты бiрiншi хатшы;
      7) II сыныпты кеңесшi;
      8) І сыныпты кеңесшi;
      9) II сыныпты Төтенше және Өкiлеттi Уәкiл;
      10) I сыныпты Төтенше және Өкiлеттi Уәкiл;
      11) Төтенше және Өкiлеттi Елшi.
      3. Төтенше және Өкiлеттi Елшi, I және II сыныпты Төтенше және Өкiлеттi Уәкiл дипломаттық дәрежелерiн Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бередi.
      Басқа дипломаттық дәрежелердi Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгiнiң шетелдегi мекемелерi немесе құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi бередi.
      4. Қызметкерлер үшiн дипломаттық дәрежелерде болудың мынадай мерзiмдерi белгiленедi:
      1) атташе, үшiншi хатшы, ІІ және І сыныпты екiншi хатшы үшiн - екi жыл;
      2) II және І сыныпты бiрiншi хатшы, ІІ сыныпты кеңесшi үшiн - үш жыл;
      І сыныпты кеңесшiден бастап және одан жоғары дипломаттық дәрежелерде болу мерзiмдерi белгiленбейдi.
      5. Қызметкерлердiң дипломаттық дәрежелерде болу мерзiмдерiне:
      1) Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiндегi және оған ведомстволық бағынысты ұйымдардағы жұмыс;
      2) шет елдердегi мекемелердегi жұмыс;
      3) Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгiнiң Қазақстан Республикасының аумағындағы өкiлдiктерiндегi жұмыс;
      4) бұрынғы KCPO мен одақтас республикалардың сыртқы iстер министрлiктерiндегi жұмыс;
      5) халықаралық ұйымдардағы жұмыс;
      6) Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгiнiң жоғары оқу орындарындағы және ғылыми мекемелерiндегi ғылыми немесе оқытушылық қызмет;
      7) Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiнiң желiсi бойынша оқу орындары мен ғылыми мекемелерде бiлiктiлiктi арттыру;
      8) Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi жоғары оқу орындарына, аспирантураға, докторантураға және ғылыми мекемелерге уақытша жiберген адамдардың оқу мерзiмi есептеледi.
      6. Қызметкерге дипломаттық дәреже беру атқаратын лауазымы, жұмыс стажы және бiлiктiлiгi ескерiле отырып жақсы мiнездемесi болған жағдайда, реттiлiкпен жүргiзiледi.
      Дипломаттық дәрежелер "Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметi туралы" Қазақстан Республикасы Z020299_ Заңының 13-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, өмiр бойына сақталады.
      7. Дипломаттық дәрежелер берiлу реттiлiгiне қарай бiрiншi және кезектi болып бөлiнедi.
      8. Бiрiншi дипломаттық дәреже заңнамада белгiленген тәртiппен дипломатиялық қызмет органдарында штаттық дипломатиялық қызметке орналасқаннан кейiн бiлiмi, стажы және мамандығы бойынша жұмыс тәжiрибесi ескерiле отырып берiледi.
      Қызметкердiң дипломаттық дәрежесi, әдетте, дипломатиялық қызметте атқаратын лауазымына сәйкес болуы тиiс.
      9. Кезектi дипломаттық дәреже атқаратын лауазымы, бұрынғы дипломаттық дәрежеде болу уақыты, мiнездемесi және қызметкердiң соңғы аттестаттау нәтижесi ескерiле отырып берiледi.
      10. Осы Ереженің 3-тармағының екіншi абзацында көрсетiлген лауазымды адамдар қызметкердi тиiстi дипломаттық дәрежеде болу мерзiмi өткенге дейiн 1 (бiр) айдан кешiктiрмей кезектi дипломаттық дәреже беруге ұсынуға мiндеттi.
      11. Қызметкердiң өзiне жүктелген мiндеттердi орындамағаны және тиiсiнше орындамағаны, лауазымдық өкiлеттiгiн асыра пайдаланғаны, мемлекеттiк және еңбек тәртiбiн бұзғаны үшiн, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабында белгiленген шектеулердi сақтамағаны үшiн қызметкерге дипломатиялық дәреженi берудi бiр жылға дейiн кiдiрте тұру түрiнде тәртiптiк жаза қолданылуы мүмкiн.
      12. Дипломаттық дәреженi берудi бiр жылға дейiн кiдiрте тұру түрінде жаза қолдану туралы шешiм "Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабына сәйкес қабылданады.
      13. Қызметкердi кезектi дипломаттық дәреже беруге қайтадан ұсыну тек кiдiрiс мерзiмi өткеннен кейiн ғана жүргiзiледi.
      14. Тәртiптiк жазасы бар немесе оған қатысты қызметтiк тексеру жүргiзiлiп жатқан қызметкерлердi тәртiптiк жазасы алынғанға немесе қызметтiк тексеру бiткенге дейiн кезектi дипломаттық дәреже беруге ұсыну жүргiзiлмейді.
      15. Дипломаттық дәреженi беру туралы ұсынымда:
      1) білiмi;
      2) кезектi дипломаттық дәреже берiлген жағдайда, бұрынғы дипломаттық дәрежесi;
      3) дипломатиялық қызмет органдарындағы жұмыс стажы;
      4) қызметкердiң кәсiби қызметiнiң бағасы, iскерлiк, моральдық қасиеттерi көрсетiлуi тиiс.

3. Қорытынды ережелер

      16. Дипломаттық дәрежелердi беру тиiстi куәлiктердi тапсырумен және қызмет тiзiмiндегi (еңбек кiтапшасындағы) жазбамен расталады.
      Дипломаттық дәрежелердi беру туралы куәлiктiң нысанын Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi бекiтедi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады