Байланыс формасы

Қазақстан Республикасы Кедендiк бақылау агенттiгiнiң мәселелерi

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2002 жылғы 6 қыркүйек N 981. Қаулының күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2004 жылғы 29 қазандағы N 1133 қаулысымен

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасы мемлекеттiк басқару жүйесiн одан әрi жетiлдiру шаралары туралы" 2002 жылғы 28 тамыздағы N 931  Жарлығына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiліп отырған:
      1) Қазақстан Республикасының Кедендiк бақылау агенттігі (бұдан әрi - Агенттік) туралы ереже;
      2) Агенттiктiң республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелерiнiң тiзбесi бекітілсін. <*>
       Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2004.03.10. N 300   қаулысымен .

      2. Агенттiк төрағасына төрт орынбасары, оның iшiнде бiр бiрiншi орынбасары болуына рұқсат етiлсiн.

      3. Агенттiктi ұстауға арналған шығыстарды қаржыландыру берiлетiн штат санының шегiнде Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кiрiс министрлiгiн ұстауға арналып республикалық бюджетте көзделген қаржының есебiнен жүзеге асырылады деп белгiленсiн.

      4. <*>
       Ескерту. 4-тармақтың күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2003.04.01. N 314   қаулысымен.

      5. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi кейбiр шешiмдерiнiң күшi жойылды деп танылсын.

      6. Агенттiк осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.

      7. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы     
Үкiметiнің           
2002 жылғы 6 қыркүйектегi   
N 981 қаулысымен       
бекiтiлген       

  Қазақстан Республикасының Кедендiк бақылау
агенттiгi туралы
ЕРЕЖЕ 

  1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Кедендiк бақылау агенттігi (бұдан әрі - Агенттiк) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрамына кiрмейтiн, Қазақстан Республикасының экономикалық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында кеден ісі саласында тiкелей басшылықты, салааралық үйлестіруді және өзге де арнайы атқарушылық, рұқсат ету функцияларын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы болып табылады.
      Агенттік құқық қорғау органы болып табылады.

      2. Агенттiк өз қызметiн Қазақстан Республикасының  Конституциясына , Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметінің кесiмдерiне, өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерге, оның iшiнде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Агенттік мемлекеттiк мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өз атауы мемлекеттiк тілде жазылған мөрi және мөртаңбасы, белгiленген үлгідегi бланкілерi, сондай-ақ заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнің Қазынашылық органдарында және банктерде шоттары болады.
      Агенттiк азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      4. Агенттiктің, егер оған заңнамаға сәйкес уәкiлеттілік берiлген болса, мемлекеттiң атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы ретiнде әрекет етуге құқығы бар.

      5. Агенттіктің штат санының лимитін Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

      6. Агенттіктің заңды мекен-жайы:
      Астана қаласы, Әуезов көшесi, 116.

      7. Агенттіктің толық атауы - "Қазақстан Республикасының Кедендiк бақылау агенттiгi" мемлекеттiк мекемесi.

      8. Осы Ереже Агенттiктің құрылтай құжаты болып табылады.

      9. Агенттікті ұстауға арналған шығыстарды қаржыландыру тиiстi жылға арналған республикалық бюджетте көзделген қаражаттың есебiнен және шегінде жүзеге асырылады.
      Агенттікке кәсіпкерлiк субъектiлерiмен Агенттiктің функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау мәнiне арналған шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер, Агенттiкке заңнамалық кесiмдермен кiрiстер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берiлсе, онда мұндай қызметтен алынған кiрiстер республикалық бюджеттің кiрiсiне жiберiледi.

  2. Агенттiктiң негiзгi мiндеттерi, функциялары және құқықтары

      10. Агенттіктің негiзгi мiндеттерi:
      1) өз құзыретінің шегiнде Қазақстан Республикасының экономикалық қауiпсіздігі мен экономикалық мүдделерін қамтамасыз ету;
      2) Қазақстан Республикасының кеден саясатын әзiрлеуге және жүргiзуге қатысу;
      3) оның орындалуын бақылауды Қазақстан Республикасының кеден органдары жүзеге асыруға мiндеттi болатын Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасының сақталуын, кеден iсiн жүзеге асыру кезiнде азаматтар мен ұйымдардың заңды құқықтары мен мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету;
      4) сауда-экономикалық қатынастарды кедендік реттеудің құралдарын қолдану;
      5) кедендiк төлемдер мен салықтарды алу;
      6) лицензиялауды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларға қатысты тарифтiк емес реттеу шараларын әзiрлеуге қатысу;
      7) тауарлар мен көлiк құралдарын Қазақстан Республикасының кедендiк шекарасы арқылы өткізу кездегi рұқсат ету тәртібінің сақталуын қамтамасыз ету;
      8) контрабанда мен қылмыстарға, кеден iсi саласындағы құқық бұзушылықтарға, Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларға қатысты кеден ережелерi мен салық заңнамасын бұзушылықтарға, қарсы күрес, Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, қару-жарақтың Қазақстан Республикасы мен шет елдер халықтарының көркем, тарихи және археологиялық игілігі заттарының, зияткерлік меншiк объектілерінің, жойылып кету қаупi төнiп тұрған жануарлар мен өсiмдiк түрлерiнiң, олардың бөлiктерi мен дериваттарының, басқа да тауарлардың заңсыз айналымының жолын кесу, сондай-ақ халықаралық терроризмге қарсы күресте жәрдем көрсету және Қазақстан Республикасының әуежайларында халықаралық азаматтық авиацияның қызметiне заңсыз араласудың жолын кесу;
      9) кедендiк бақылау мен кедендік ресiмдеудi жүзеге асыру және жетiлдiру, Қазақстан Республикасының кедендiк шекарасы арқылы тауар айналымын жеделдетуге ықпал ететiн жағдайлар жасау;
      10) сыртқы сауданың кеден статистикасы мен Қазақстан Республикасының арнайы кеден статистикасын жүргiзу;
      11) Сыртқы экономикалық қызметтің тауарлық номенклатурасын жүргiзу;
      12) Қазақстан Республикасы сыртқы экономикалық байланыстарының, сондай-ақ ұйымдар мен азаматтардың осындай байланыстар шеңберiндегi қызметiнiң дамуына жәрдемдесу;
      13) мемлекеттiк қауiпсiздiктi, халықтың адамгершiлiгiн сақтау, адамның өмiрi мен денсаулығын сақтау, қоршаған табиғи ортаны, жануарлар мен өсiмдiктердi қорғау, әкелiнетiн тауарларды республикалық тұтынушылардың мүдделерiн қорғау жөнiндегi шараларды жүзеге асыруға жәрдемдесу;
      14) стратегиялық және Қазақстан Республикасының мүдделері үшiн өмiрлiк маңызы бар басқа да материалдардың әкетiлуiн бақылауды жүзеге асыру;
      15) өз құзыретінің шегiнде валюталық бақылауды жүзеге асыру;
      16) Қазақстан Республикасының халықаралық мiндеттемелерiнің кеден iсiне қатысты бөлiгiнде орындалуын қамтамасыз ету; Қазақстан Республикасының кеден iсiне байланысты халықаралық шарттарын әзiрлеуге қатысу; шет ел мемлекеттерінің кедендер және өзге де құзыреттi органдарымен, кеден iсi мәселелерiмен айналысатын халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты жүзеге асыру;
      17) ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзу және құзыретінің шегінде кеден iсi саласында консультация жүргiзу, мемлекеттiк органдар мен ұйымдар үшiн осы саладағы мамандарды даярлау, қайта даярлау және бiліктілігiн көтеру;
      18) заңнамада белгiленген тәртiппен мемлекеттiк билiк органдарына, ұйымдар мен азаматтарға кеден мәселелерi бойынша ақпараттар ұсыну;
      19) бiрыңғай қаржы-шаруашылық саясатты iске асыруға, кеден органдарының материалдық-техникалық және әлеуметтік базасын дамытуға қатысу болып табылады.

      11. Агенттiк өз құзыретінің шегiнде заңнамада белгiленген тәртiппен мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) Қазақстан Республикасының кеден саясатын жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар дайындауға қатысу, оның iске асырылуын қамтамасыз ету;
      2) кеден iсi мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық кесiмдердің жобаларын әзiрлеу;
      3) оларды алу кеден органдарына жүктелетiн кеден баждары мен салықтарының ставкалары мен қолдану тетiгi туралы ұсыныстар енгiзу;
      4) лицензиялауды қоса алғанда, экономикалық саясаттың Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткiзiлетiн тауарларға қатысты шараларын әзiрлеуге қатысу;
      5) тауарлардың кедендiк құнын белгiлеудің дұрыстығын бақылау жүйесiн ұйымдастыру;
      6) оларды алу Қазақстан Республикасының кеден органдарына жүктелетін кеден баждары мен салықтарының республикалық бюджетке уақытылы және толық енгiзiлуiн қамтамасыз ету;
      7) тауарлар мен көлiк құралдарын Қазақстан Республикасының кедендер шекарасы арқылы өткізу кезінде кедендiк режимдердi тиiмдi пайдалануды қамтамасыз ету;
      8) тауарлар мен көлiк құралдарын кедендік бақылау мен кедендік ресiмдеудiң жүзеге асырылуын ұйымдастыру, оларды жетілдiру шараларын қабылдау;
      9) бақылауды өз бетiмен және басқа да құқық қорғау органдарымен өзара iс-әрекетте кедендік бақылау аймағы режимiнің сақталуын қамтамасыз ету, кедендiк инфрақұрылым объектiлерiн қорғау жүйесін ұйымдастыру Қазақстан Республикасының кедендiк шекарасын қорғау жөнiндегi басқа да шараларды жүзеге асыру;
      10) тауарлар мен көлiк құралдарын Қазақстан Республикасының кедендiк шекарасы арқылы өткiзуге рұқсат беру тәртiбiн әзiрлеуге және орындауға қатысу;
      11) стратегиялық және Қазақстан Республикасы үшiн өмiрлiк маңызы бар басқа да материалдардың, сондай-ақ мәдени құндылықтардың әкетілуін бақылауды жүзеге асыру;
      12) валюталық бақылауды жүзеге асыру;
      13) кеден органдарының мемлекеттік қауiпсiздiктi, табиғи ортаны, жануарлар мен өсiмдiктердi қорғау, республикаға әкелiнетiн тауарларды тұтынушылардың мүдделерiн қорғау жөнiндегi шараларды жүзеге асыруға қатысуын қамтамасыз ету;
      14) контрабандаға және кеден iсi саласындағы өзге де қылмыстарға, құқық бұзушылықтарға қарсы күрес жүргiзудi ұйымдастыру;
      15) кеден ережелерiн бұзушылықтарға байланысты жұмысты жүзеге асыру;
      16) халықаралық терроризмге қарсы күресте және Қазақстан Республикасының әуежайларында халықаралық азаматтық авиацияның қызметте заңсыз араласудың жолын кесуде жәрдем көрсету;
      17) Қазақстан Республикасының кеден органдары лауазымды адамдарының контрабанда туралы, кеден iсi саласындағы өзге де қылмыстар туралы iстер бойынша іс жүргiзу кезiнде заңдылықты сақтауын бақылауды жүзеге асыру;
      18) Сыртқы экономикалық қызметтің тауарлық номенклатурасын жүргiзу;
      19) Қазақстан Республикасы кеден органдары мен олардың лауазымды адамдарының шешiмдерiне, заңсыз әрекеттерiне немесе әрекетсiздігіне арналған шағымдарды уақытылы және объективтi түрде қарауды қамтамасыз ету;
      20) Қазақстан Республикасындағы кеден iсiнің жай-күйі мен оны дамыту бойынша ақпараттық түсiндiру жұмысын жүргiзу;
      21) Қазақстан Республикасының кеден iсi мәселелерi жөнiндегi халықаралық шарттарының жобаларын әзiрлеуге қатысу, келiссөздер жүргiзу және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу;
      22) кеден iсi мәселелерiмен айналысатын халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысу;
      23) Қазақстан Республикасы халықаралық мiндеттемелерiнің кеден iсiне қатысты бөлiгiнде орындалуын қамтамасыз ету;
      24) Қазақстан Республикасы мен шетелдiк мемлекеттерде кеден iсi туралы заңнаманың қолданылу практикасын жинақтау және талдау, оның iшiнде ғылыми-зерттеу жұмыстарын да жүргiзу;
      25) кеден iсi бойынша мамандарды даярлауды, қайта даярлауды және бiлiктiлiгiн көтерудi, кеден зертханаларында, басқа да ведомстволық бағыныстағы ұйымдарда жұмыс iстеу үшiн мамандар даярлауды қамтамасыз ету;
      26) өз жүйесiнде ғылыми-зерттеу ұйымдарының, оқу орындарының тиiмдi жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету;
      27) Қазақстан Республикасы кеден органдары жүйесінің мүлкін басқаруды жүзеге асыру;
      28) кеден органдары жүйесiнің лауазымды адамдарын құқықтық және әлеуметтiк қорғау шараларын iске асыруға жәрдемдесу;
      29) кеден iсi саласындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу жөнiнде профилактика және құқықтық түсiндiру жұмыстарын жүргiзу;
      30) шетел мемлекеттерінің құзыретті органдарымен кеден ісі мәселелерi бойынша өзара iс-қимыл жасау;
      31) Қазақстан Республикасының Үкiметi мен мүдделi мемлекеттiк органдарды республикадағы кеден iсiнің жай-күйі және оны нығайту мен дамыту жөнiнде кеден органдары қабылдап жатқан шаралар туралы хабардар ету;
      32) өзiне заңнамамен жүктелетiн өзге де функцияларды жүзеге асыру.

      12. Өзiне жүктелген мiндеттердi iске асыру және өз функцияларын жүзеге асыру үшiн Агенттiктің:
      1) Қазақстан Республикасының барлық аумағында орындау үшiн мiндеттi кеден iсi мәселелерi жөнiндегi нормативтiк құқықтық кесiмдердi шығаруға;
      2) мемлекеттiк органдардан, өзге де ұйымдардан, лауазымды адамдар мен азаматтардан Агенттікке жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшiн қажеттi ақпаратты сұратуға және алуға;
      3) өз құзыретінің шегiнде меншiк нысанына қарамастан ұйымдардың басшылары мен басқа да лауазымды адамдарынан, сондай-ақ жеке тұлғалардан кеден заңнамасын бұзушылықтарды жоюды талап етуге және оның орындалуын бақылауға;
      4) басқа да құқық қорғау органдарымен бiрлесiп Қазақстан Республикасында қылмысқа қарсы күрес бағдарламаларын әзiрлеуге және iске асыруға қатысуға;
      5) кеден iсi саласындағы әкiмшiлік құқық бұзушылықтар мен қылмыстар туралы iстер бойынша анықтау мен iс жүргiзудi жүзеге асыруға;
      6) әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар жасауға, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы заңнамада көзделген басқа да шараларды қолдануға;
      7) Қазақстан Республикасының Үкiметiне кеден басқармаларын, кедендердi, кеден зертханаларын және кеден органдарының міндеттерін шешуге ықпал ететiн өзге де ұйымдарды құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы ұсыныстар енгiзуге;
      8) Қазақстан Республикасының Үкiметiне кеден iсi, кеден органдарын ұйымдық-штаттық, кадрлық және материалдық-техникалық жағынан нығайту мәселелерi жөнiндегi ұсыныстарын енгiзуге;
      9) халықаралық қатынастарда кеден iсi саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасын бiлдiруге;
      10) өз құзыретінің және ұстауға бөлiнген қаржы қаражатының шегiнде кеден органдары қызметкерлерiнің материалдық қамтамасыз етiлуі мен әлеуметтік қорғалуын жақсарту жөнінде шаралар қабылдауға;
      11) заңнамаға сәйкес өзге де құқықтарға құқығы бар.

  3. Агенттiктiң мүлкi

      13. Агенттiктің жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болады.
      Агенттiктің мүлкi оған мемлекет берген мүлiктiң, сондай-ақ Агенттiктің теңгерiмiнде көрсетiлетiн өзге де мүлiктің есебiнен қалыптасады.

      14. Агенттікке бекiтiлген мүлік республикалық меншiкке жатады.

      15. Агенттіктiң өзiне бекiтiлген мүлiктi және егер, заңнамалық кесіммен өзгедей белгiленбесе, оған смета бойынша бөлiнген қаражаттың есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетiмен иелiктен айыруға немесе өзге де тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

  4. Агенттіктiң қызметiн ұйымдастыру

      16. Агенттік және оның аумақтық бөлiмшелерi Қазақстан Республикасы кеден органдарының бiрыңғай жүйесiн құрайды.

      17. Агенттiкке Қазақстан Республикасының Yкiметi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын төраға басшылық жасайды.
      Төрағаның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын төрағаның төрт орынбасары, оның ішінде бір бiрiншi орынбасары болады.

      18. Төраға Агенттiктің жұмысын ұйымдастырады және басшылық жасайды, өз құзыретiнің шегiнде шешiмдер қабылдауда дербес және Агенттiктiң қызметi үшiн дербес жауаптылықта болады.

      19. Осы мақсаттарда төраға мынадай өкілеттіктердi жүзеге асырады:
      1) Агенттіктің қызметiне басшылықты жүзеге асырады;
      2) Агенттiктi Қазақстан Республикасының барлық мемлекеттік органдарында және өзге де ұйымдарда бiлдiредi;
      3) өз орынбасарларының, сондай-ақ департаменттер және Агенттiктің өзге де құрылымдық бөлiмшелерi бастықтарының құқықтары мен мiндеттерiн белгiлейдi;
      4) өз құзыретінің шегiнде кеден органдары орындауға мiндеттi бұйрықтар шығарады және нұсқаулар бередi;
      5) кеден органдарының лауазымды адамдарын қызметке тағайындауды және қызметiнен босатуды жүргiзедi;
      6) азаматтарды кеден органдарының кадрлық құрамына қабылдайды, оларға кеден қызметiнің полковнигiн қоса алғанда бастапқы және кейiнгі арнайы атақтар бередi;
      7) кеден органдарының қызметкерлерiне жоғары басшы құрамның арнайы атақтарын беру туралы Қазақстан Республикасының Президентiне ұсыныс енгiзедi;
      8) заңнамада белгiленген тәртiппен кеден органдарының қызметкерлерін көтермелеу, материалдық көмек көрсету мәселелерiн шешедi және тәртіптік жазалар қолданады, оларды заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттiк наградалармен марапаттауға және Қазақстан Республикасының құрметтi атақтарын беруге ұсынады;
      9) өз құзыретiнің шегiнде заңнамаға сәйкес Агенттiктің құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi, сондай-ақ ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың жарғыларын бекiтедi;
      10) өз құзыретінің шегiнде Агенттіктің құрылымы мен штат санын бекітеді;
      11) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкiлеттіктердi жүзеге асырады.

      20. Агенттік төрағасының бұйрықтары Агенттiктiң кесiмдерi болып табылады.

      21. Агенттiктің төрағаның жанындағы консультативтiк-кеңес органы болып табылатын Алқасы болады. Алқаның сандық және дербес құрамын Агенттiктің төрағасы бекiтедi.

  5. Агенттiктi қайта ұйымдастыру және тарату

      22. Агенттiктi қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы  
Yкiметiнің     
2002 жылғы 6 қыркүйектегi
N 981 қаулысымен   
бекiтiлген     

  Агенттіктің республикалық бюджеттен қаржыландырылатын
мемлекеттік мекемелерінің тізбесі

       Ескерту. Қосымшамен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2004.03.10. N 300   қаулысымен .

      1. Қазақстан Республикасы Кедендiк бақылау агенттiгiнiң Ақмола облысы бойынша Кедендiк бақылау департаментi.
      2. Қазақстан Республикасы Кедендiк бақылау агенттiгiнiң Алматы облысы бойынша Кедендiк бақылау департаментi.
      3. Қазақстан Республикасы Кедендiк бақылау агенттiгiнiң Алматы қаласы бойынша Кедендiк бақылау департаментi.
      4. Қазақстан Республикасы Кедендiк бақылау агенттігінің Астана қаласы бойынша Кедендiк бақылау департаментi.
      5. Қазақстан Республикасы Кедендiк бақылау агенттігiнiң Ақтөбе облысы бойынша Кедендік бақылау департаментi.
      6. Қазақстан Республикасы Кедендік бақылау агенттігінiң Атырау облысы бойынша Кедендiк бақылау департаментi.
      7. Қазақстан Республикасы Кедендiк бақылау агенттiгiнiң Шығыс Қазақстан облысы бойынша Кедендiк бақылау департаментi.
      8. Қазақстан Республикасы Кедендік бақылау агенттiгiнiң Жамбыл облысы бойынша Кедендiк бақылау департаментi.
      9. Қазақстан Республикасы Кедендiк бақылау агенттiгiнiң Батыс Қазақстан облысы бойынша Кедендiк бақылау департаментi.
      10. Қазақстан Республикасы Кедендiк бақылау агенттiгiнiң Қарағанды облысы бойынша Кедендiк бақылау департаментi.
      11. Қазақстан Республикасы Кедендiк бақылау агенттігiнiң Қызылорда облысы бойынша Кедендiк бақылау департаментi.
      12. Қазақстан Республикасы Кедендiк бақылау агенттігінiң Қостанай облысы бойынша Кедендiк бақылау департаментi.
      13. Қазақстан Республикасы Кедендiк бақылау агенттігінiң Маңғыстау облысы бойынша Кедендiк бақылау департаменті.
      14. Қазақстан Республикасы Кедендiк бақылау агенттiгiнің Павлодар облысы бойынша Кедендiк бақылау департаментi.
      15. Қазақстан Республикасы Кедендiк бақылау агенттігінiң Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Кедендік бақылау департаментi.
      16. Қазақстан Республикасы Кедендiк бақылау агенттiгінiң Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Кедендiк бақылау департаментi.
      17. "Астана - Жаңа қала" кеденi.
      18. "Байқоңыр" кеденi.
      19. "Бейнеу" кеденi.
      20. "Достық" кеденi.
      21. "Қалжат" кеденi.
      22. "Қорғас" кеденi.
      23. "Қордай" кеденi.
      24. "Майқапшағай" кеденi.
      25. "Семей" кеденi.
      26. "Ұлытау" кеденi.
      27. "Бақты" кеденi.
      28. Қаржы-шаруашылық кеденi.
      29. Қазақстан Республикасы Кедендік бақылау агенттiгiнiң кинологиялық орталығы.
      30. Қазақстан Республикасы Кедендiк бақылау агенттігінiң Орталық кеден зертханасы.

Қазақстан Республикасы     
Үкiметiнің          
2002 жылғы 6 қыркүйектегі  
N 981 қаулысына       
қосымша         

  Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң
күші жойылған кейбiр шешiмдерiнiң тiзбесi

      1. "Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк кiрiс министрлiгiнің мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 1999 жылғы 25 ақпандағы N 173  қаулысы .
      2. "Қазақстан Республикасы Үкiметінің 1999 жылғы 25 ақпандағы N 173 қаулысына өзгерiс енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 26 наурыздағы N 307  қаулысы .
      3. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 1999 жылғы 25 ақпандағы N 173 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кiрiс министрлiгiнің Кеден комитетi туралы ережеге өзгерiс енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметінің 1999 жылғы 29 сәуiрдегi N 512  қаулысы .
      4. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметінің 1999 жылғы 2 тамыздағы N 1093  қаулысымен  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., N 40, 343-құжат) бекiтiлген Қазақстан Республикасы Үкiметінің кейбiр шешiмдерiне енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтырулардың 1-тармағы.
      5. "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кiрiс министрлiгiнің Акцизделетiн өнiмдер өндiрiсi мен айналымын мемлекеттік бақылау жөнiндегi комитетiнің мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 2000 жылғы 28 қарашадағы N 1773  қаулысының  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2000 ж., N 49-50, 578-құжат) 1-тармағының 1) тармақшасы.
      6. "Қазақстан Республикасы Қаржы полициясы агенттiгінің мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 2001 жылғы 27 ақпандағы N 283  қаулысының  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2001 ж., N 8, 83-құжат) 3-тармағы.
      7. "Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк кiрiс министрлiгiнің Дәрменсiз борышкерлермен жұмыс жөнiндегi комитетiнің мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкiметінің 2001 жылғы 23 қарашадағы N 1508  қаулысының  7-тармағы 1) тармақшасы.
      8. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 1999 жылғы 25 ақпандағы N 173 қаулысына өзгерiс енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметінің 2002 жылғы 23 шiлдедегi N 819  қаулысы .

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады