"Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2002 жылғы 16 қыркүйек N 1015

 


     Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

     "Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық

жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының

жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына

енгізілсін.


     Қазақстан Республикасының

         Премьер-Министрі


                                                           жоба

                    Қазақстан Республикасының Заңы

                   Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы

               азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi

                           сақтандыру туралы


     Осы Заң тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық

жауапкершілігін міндетті сақтандыру саласынан туындайтын қатынастарды

реттейдi және оны жүргiзудiң құқықтық, қаржылық және ұйымдық негiздерiн

белгiлейдi.

                      1-тарау. Жалпы ережелер

          1-бап. Осы Заңда қолданылатын негiзгi ұғымдар


     Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар қолданылады:

     1) пайда алушы - осы Заңға сәйкес сақтандыру төлемiн алушы болып

табылатын адам;


 
       2) тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi - тасымалдаушының жолаушыларды тасымалдау кезiнде олардың өмiрiне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтiрiлген зиянды Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген өтеу мiндетi;
      3) сақтандырылушы - сақтандырылған адам;
      4) жолаушы - өзiнiң еркiн бiлдiру негiзiнде тасымалдаушымен ауызша немесе жазбаша тасымалдау шартын жасасқан жеке тұлға;
      5) зардап шеккен адам - тасымалдау кезiнде өмiрiне, денсаулығына және (немесе) мүлкiне зиян келтiрiлген жолаушы;
      6) сақтанушы - сақтандырушымен сақтандыру шартын жасасқан адам. Егер сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, сақтанушы бiр мезгiлде сақтандырылушы болып табылады;
      7) сақтандыру сыйлықақысы - сақтанушының сақтандырушыға ол сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру шартында белгiленген мөлшерде сақтандыру төлемiн төлеу мiндеттемесiн қабылдағаны үшiн төлеуге мiндеттi ақша сомасы;
      8) сақтандыру сомасы - сақтандыру объектісi сақтандырылған және сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушы жауапкершiлiгінiң шектi көлемiн білдiретiн ақша сомасы;
      9) сақтандыру полисi - сақтандырушы Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес нөмiрi мен сериясын көрсетiп ресiмдейтiн және сақтанушыға (сақтандырылушыға) берiлетiн сақтандыру шарты;
      10) сақтандыру жағдайы - басталуына орай сақтандыру шарты сақтандыру төлемiн төлеудi жүзеге асыруды көздейтiн оқиға;
      11) сақтандырушы - сақтандыруды жүзеге асыратын, яғни сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға немесе пайдасына шартта белгiленген сома (сақтандыру сомасы) шегінде шарт жасалған өзге адамға (пайда алушыға) сақтандыру төлемiн мiндетті төлеудi жүргiзетiн тұлға;
      12) шартты франшиза - шығын мөлшерi франшизаның белгiленген мөлшерiнен асқан жағдайларда сақтандыру төлемiн толық көлемде (франшизаның көлемiне азайтусыз) жүзеге асыруды көздейтiн франшиза;
      13) франшиза - сақтандырушы өтемейтiн зиян сомасы.
 
        2-бап. Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық
                 жауапкершiлiгін мiндеттi сақтандыру туралы
                     Қазақстан Республикасының заңдары
 
      1. Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершiлігін мiндетті сақтандыру туралы Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан Республикасының K951000_ Конституциясына негiзделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық K941000_ кодексiнен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
 
      3-бап. Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық
            жауапкершілігiн міндетті сақтандырудың объектiсi
 
      Тасымалдаушының Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген жолаушыларды тасымалдау кезінде олардың өмiрiне, денсаулығына және (немесе) мүлкiне келтiрiлген зиянды өтеу мiндетіне байланысты мүлiктiк мүддесi тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру объектiсi болып табылады.
 
       4-бап. Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық
                   жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандырудың
                      мақсаты мен негiзгi принциптерi
 
      1. Тасымалдау кезiнде жолаушылардың мүлiктiк мүдделерiн қорғауды сақтандыру төлемдерiн төлеудi жүзеге асыру арқылы қамтамасыз ету тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершiлігін мiндеттi сақтандырудың (бұдан әрi - мiндетті сақтандыру) мақсаты болып табылады.
      2. Міндеттi сақтандырудың негiзгi принциптерi мыналар:
      зардап шеккен адамдардың мүліктiк мүдделерiн осы Заңда белгiленген көлемде және тәртіппен қорғауды қамтамасыз ету;
      тасымалдаушының тасымалдаушы жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты болған жағдайда оның жолаушыларды және олардың мүлкiн тасымалдауды жүзеге асыруы;
      тараптардың тасымалдаушы жауапкершiлігін мiндетті сақтандыру шарты бойынша өз мiндеттемелерiн орындауын қамтамасыз ету.
 
    5-бап. Азаматтық-құқықтық жауапкершілігі тасымалдаушы жауапкершiлiгін
                   мiндеттi сақтандырылуға жататын адамдар
 
      1. Жолаушыларды және олардың мүлкiн темiржол, теңiз, iшкi су, әуе, автомобиль көлiгi және қалалық электрлi көлiкпен тасымалдауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң - тасымалдаушылардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi мiндетті сақтандыруға жатады.
      2. Тасымалдаушы жолаушыларды және олардың мүлкiн тасымалдау үшін пайдаланылатын көлiк құралының әрқайсысы бойынша өзiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершілігiн сақтандыруға мiндеттi.
      Тасымалдаушының жолаушылардың алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілiгiне жасалған ерiктi сақтандыру шарты тасымалдаушыны тасымалдаушы жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасу жөнiндегi мiндеттен босатпайды.
 
        2-тарау. Тасымалдаушы жауапкершiлігін міндетті сақтандыру
                    жүйесiнiң жұмысын қамтамасыз ету
 
      6-бап. Тасымалдаушы жауапкершілігiн мiндетті сақтандыру жүйесiн
                          мемлекеттік бақылау
 
      1. Сақтандыру ұйымдарының қызметiн мемлекеттiк қадағалауды сақтандыру қызметiн реттеу және қадағалау жөнiндегі уәкiлетті мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
      2. Тасымалдаушының осы Заңның тасымалдаушы жауапкершiлiгiн міндетті сақтандыру шартын жасасу бөлігiндегi ережелерiн орындауына мемлекеттiк бақылау жасау мыналарға жүктеледi:
      1) Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнiң жол полициясы органдарына (бұдан әрi - жол полициясы органдары) - автомобиль көлiгiн және қалалық электр көлiгiн пайдалануға қатысты;
      2) көлік саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органға - темiржол, теңiз, ішкi су, әуе көлiгін пайдалануға қатысты.
 
      7-бап. Тасымалдаушы жауапкершiлігiн мiндеттi сақтандыру шартынсыз
                  жолаушыларды тасымалдауға жол бермеу
 
      1. Тасымалдаушы жауапкершiлiгiн мiндетті сақтандыру шартын жасамаған тасымалдаушының жолаушыларды тасымалдауына жол берілмейдi.
      2. Халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершiлiктi сақтандыру шартын жасасуға мiндетті.
      3. Жолаушылар мен олардың мүлкiн тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлiк құралын жүргізушi адам тасымалдаушы жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру жөнiндегі сақтандыру полисiн өзiмен бiрге алып жүруге мiндеттi.
      4. Осы баптың 1-тармағын бұзғаны үшін көлiк және коммуникация саласындағы уәкiлетті мемлекеттiк орган тасымалдаушы лицензиясының қолданылуын алты айға дейiнгi мерзiмге тоқтата тұруға құқылы.
 
         8-бап. Тасымалдаушы жауапкершілігін мiндеттi сақтандыруды
                         жүргізу-ерекшелiктерi
 
      1. Сақтандыру ұйымы ретiнде тiркелген және тасымалдаушы жауапкершілігін мiндеттi сақтандыруды жүзеге асыру құқығына лицензия алуға ниет бiлдiрушi заңды тұлға Қазақстан Республикасының сақтандыру төлемдерiне кепілдiк беру қорын құру және оның қызметi туралы заң актісінде белгіленген тәртіппен аталған қордың қатысушысы болуға міндеттi.
      2. Тасымалдаушы жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыруды жүзеге асыратын сақтандырушы өзiнiң мемлекеттік және орыс тіліндегі қаржылық есебiн тоқсан сайын Қазақстан Республикасының барлық аумағына таратылатын кемiнде екi мерзiмдi баспасөз басылымында жариялауға мiндеттi.
      3. Сақтандырушылар сақтандыру тәуекелдерi, сақтандыру жағдайлары және тасымалдаушы жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру бойынша сақтандыру төлемдерi жөнiндегi ақпарат базасын қалыптастыруды және жүргiзудi жүзеге асыратын ұйымды құруға қатысуға құқылы.
 
      3-тарау. Тасымалдаушы жауапкершiлiгiн мiндетті сақтандыру шарты
 
     9-бап. Тасымалдаушы жауапкершiлігін мiндеттi сақтандыру шарты және
                            оны жасасу тәртібі
 
      1. Тасымалдаушы жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру сақтанушы мен сақтандырушы арасында осы Заңға сәйкес жасалатын шарт негiзiнде жүзеге асырылады.
      2. Тасымалдаушы жауапкершiлiгін мiндеттi сақтандыру шарты мүлiктiң тауарлық құнының жоғалтылуын, сондай-ақ зардап шегушінiң тауарларды жеткізудiң немесе жұмыс жүргiзудiң (қызмет көрсетудiң) мерзiмiн, оның келiсiм-шарттар (шарттар) бойынша өзге де мiндеттемелерiн бұзуына байланысты тұрақсыздық төлемiн өтеудi қоса, зардап шегушiнiң моральдық зиянын және ала алмаған пайдасын өтеудi есептемегенде, зардап шегушiнiң өмiрiне, денсаулығына және (немесе) мүлкiне залал келуден туындаған шығындарды өтеу жөнiндегi сақтандыру төлемiн жүзеге асыруды көздейдi.
      3. Тасымалдаушы жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты мiндеттi сақтандырудың осы түрi (класы) бойынша қызметтi жүзеге асыруға арналған лицензиясы бар сақтандырушымен ғана жасалуға тиiс.
      Сақтанушы сақтандырушыны таңдауға ерiктi.
      Сақтандырушының сақтанушыға тасымалдаушы жауапкершiлiгін мiндеттi сақтандыру шартын жасаудан бас тартуға құқығы жоқ.
      Тасымалдаушы жауапкершiлiгiн міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын төлеуге мiндеттенедi, ал сақтандырушы сақтандыру жағдайы басталған кезде пайда алушыға осы Заңда белгiленген тәртіппен және мөлшерде сақтандыру төлемiн жүзеге асыруға міндеттенедi.
      4. Тасымалдаушы жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты сақтандырушының сақтанушыға (сақтандырылушыға) сақтандыру полисiн беруі арқылы жазбаша нысанда жасалады.
      Сақтанушының өтiнiшi тасымалдаушы жауапкершiлiгін мiндеттi сақтандыру шартын жасау үшiн негіз болып табылады.
      Тасымалдаушы жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында көрсетілуге тиiстi шарттардың толық болмағаны үшiн сақтандырушы жауапты болады. Сақтандыру шарты бойынша оның жекелеген шарттарының толық болмауынан дау туындаған ретте дау сақтанушының пайдасына шешіледi.
      5. Тасымалдаушы жауапкершілiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасқан кезде сақтанушы сақтандырушыдан мiндеттi сақтандыру шарттарын, сақтандыру шарты бойынша өзiнiң құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiрудi талап етуге құқылы.
      Сақтандырушы сақтанушыдан Қазақстан Республикасының Азаматтық K941000_ кодексiнде көзделген мәліметтерден басқа, осы Заңға сәйкес тасымалдаушы жауапкершілігін мiндеттi сақтандыру шартына енгiзуге қажеттi мәлiметтердi, сондай-ақ осының алдындағы тасымалдаушы жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарттары, сақтандыру жағдайлары мен сақтандыру төлемдерi туралы ақпаратты талап етуге құқылы.
      6. Тасымалдаушы жауапкершiлігін мiндеттi сақтандыру жөнiндегi сақтандыру полисiн ресiмдеу жөнiндегi талаптар Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметi туралы заңдарында белгіленедi.
      7. Сақтандыру полисi жоғалған жағдайда сақтандырушы сақтанушының (сақтандырылушының) жазбаша өтiнiшi негізiнде оған сақтандыру полисiнiң дубликатын беруге мiндетті.
      Сақтандыру полисiнiң бланкiсiн жасауға және оның дубликатын ресiмдеуге жұмсалған шығындарды сақтанушы (сақтандырылушы) өтейдi, бұл орайда өтелетiн шығындардың жалпы сомасы өтiнiш берiлген күнге белгiленген 0,1 айлық есептiк көрсеткiштен аспауға тиiс.
      8. Егер сақтандырушы тасымалдаушы жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартын сақтанушының (сақтандырылушының) немесе зардап шегушiнiң жағдайын осы Заңда көзделгенмен салыстырғанда нашарлатып жiберетiн шартпен жасаса, онда сақтандыру жағдайы басталғанда сақтанушы (сақтандырылушы) және зардап шегушi алдында сақтандырушы осы Заңда белгiленген жағдайлар бойынша мiндеткерлiкте болады.
 
      10-бап. Тасымалдаушы жауапкершiлiгін мiндеттi сақтандыру шартының
                                  қолданылуы
 
      1. Тасымалдаушы жауапкершілігін мiндетті сақтандыру шарты осы Заңға сәйкес зардап шегушi деп танылған барлық адамдарға қатысты қолданылады.
      2. Егер тасымалдаушы жауапкершiлігін мiндеттi сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, тасымалдаушы жауапкершiлiгiн міндеттi сақтандыру шарты сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын, ал оны мәулетпен төлеген кезде бiрiншi сақтандыру жарнасын төлеген сәттен бастап күшіне енеді және тараптар үшiн мiндетті болады.
      3. Тасымалдаушы жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шарты осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, ол күшiне енгiзiлген күннен бастап 12 ай мерзiмге жасалады.
      Тасымалдаушы жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты сақтандырудың барлық мерзiмi iшiнде қолданылады және бiрiншi басталған сақтандыру жағдайы бойынша қолданылуы тоқтатылмайды.
      4. Егер тасымалдаушының жолаушыларды және олардың мүлкiн тасымалдауды жүзеге асыру құқығы 12 айдан аз кезең iшiнде аяқталса, онда мiндеттi сақтандыру шарты осы кезеңге ғана жасалады.
      5. Қазақстан Республикасы жасаған халықаралық шартта өзгеше көзделмеген болса, тасымалдаушы жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартының қолданылуы Қазақстан Республикасының аумағымен шектеледi.
 
      11-бап. Тасымалдаушы жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартын
                        мерзiмiнен бұрын тоқтату
 
      1. Тасымалдаушы жауапкершiлiгiн мiндетті сақтандыру шарты Қазақстан

 

Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген жағдайларда мерзiмiнен

бұрын тоқтатылады.

     2. Тасымалдаушы жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын мерзiмiнен

бұрын тоқтату үшiн сақтанушы (сақтанушы қайтыс болған жағдайда - оның

мұрагерi (мұрагерлерi)) сақтандырушыға жазбаша өтiнiш бередi.

     3. Тасымалдаушы жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты мерзiмiнен

бұрын тоқтатылған кезде сақтанушы сақтандырушының iс жүргізу шығыстарына

ұсталған ақшаны шегерiп тастағаннан кейiн сақтандыру сыйлықақысын мынадай

мөлшерде қайтаруға құқылы:

---------------------------------------------------------------------------

р/с!     тасымалдаушы жауапкершілігін      !  сақтандырушы ұстап қалатын

N !   мiндетті сақтандыру шарты күшiне    !   сақтандыру сыйлықақысының

   ! енген кезден бастап мерзiмiнен бұрын  !  мөлшерi (жылдық сақтандыру

   !  тоқтатылғанға дейiн өткен мерзiм     !  сыйлықақысынан процентпен)

---------------------------------------------------------------------------

1 !                   2                   !              3

---------------------------------------------------------------------------

1.  1 айға дейін, қоса алғанда                            20

2.  1 айдан 2 айға дейiн, қоса алғанда                    30

3.  2 айдан 3 айға дейiн, қоса алғанда                    40

4.  3 айдан 4 айға дейiн, қоса алғанда                    50

5.  4 айдан 5 айға дейiн, қоса алғанда                    60

6.  5 айдан 6 айға дейiн, қоса алғанда                    70

7.  6 айдан 7 айға дейiн, қоса алғанда                    75

8.  7 айдан 8 айға дейiн, қоса алғанда                    80

9.  8 айдан 9 айға дейiн, қоса алғанда                    85

10. 9 айдан 10 айға дейiн, қоса алғанда                   90

11. 10 айдан 11 айға дейiн, қоса алғанда                  95

12. 11 айдан жоғары                                       100

---------------------------------------------------------------------------


             12-бап. Сақтанушының құқықтары мен мiндеттерi

     1. Сақтанушы:


 
       1) сақтандырушыдан тасымалдаушы жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарттарын, тасымалдаушы жауапкершілiгін мiндетті сақтандыру шарты бойынша өзiнiң құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiрудi талап етуге;
      2) сақтандыру полисiн жоғалтып алған жағдайда оның дубликатын алуға;
      3) зардап шегушінiң денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтiрiлген зиянды бағалау үшiн тәуелсiз сарапшының қызметтерiн пайдалануға;
      4) келтiрiлген зиянның мөлшерiн бағалаудың нәтижелерiмен және сақтандырушы немесе тәуелсiз сарапшы жасаған сақтандыру төлемi мөлшерiнiң есебiмен танысуға;
      5) тасымалдаушы жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартын мерзiмiнен бұрын тоқтатуға;
      6) сақтандырушының сақтандыру төлемiн жасаудан бас тарту немесе оның мөлшерiн азайту туралы шешiмiне Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен қарсылық білдiруге;
      7) осы Заңда көзделген жағдайларда сақтандыру төлемiн алуға құқылы.
      Мiндеттi сақтандыру шартында сақтанушының Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына қайшы келмейтiн басқа да құқықтары көзделуі мүмкін.
      2. Сақтанушы:
      1) тасымалдаушы жауапкершiлігін мiндетті сақтандыру шартын жасау кезінде сақтандырушыға осы Заңға сәйкес мiндеттi сақтандыру шартына енгізуге қажеттi мәлiметтердi ұсынуға;
      2) сақтандыру сыйлықақысын тасымалдаушы жауапкершілігін мiндетті сақтандыру шартында белгіленген мөлшерде, тәртiппен және мерзiмде төлеуге;
      3) сақтандыру жағдайының басталғаны туралы өзiне белгілi болғаннан бастап бұл жөнiнде үш жұмыс күнiнен кешiктiрмей, қолайлы әдiспен (ауызша, жазбаша) сақтандырушыға тез арада хабарлауға міндеттi. Сақтанушы мен сақтандырылушы бiр адам болмаған жағдайда, сақтандыру жағдайының басталғаны туралы сақтандырушыға ақпарат беру жөнiндегi мiндет сақтандырылушыға жүктеледi. Егер сақтанушының (сақтандырылушының) дәлелдi себептермен көрсетілген әрекеттердi орындау мүмкiндiгi болмаған жағдайда, ол мұны құжаттар арқылы растауы тиiс;
      4) сақтандыру жағдайы басталған кезде ықтимал шығындарды болдырмау немесе азайту үшiн қалыптасқан мән-жайға сиымды және қол жетiмдi шаралар, оның iшiнде зардап шеккен адамдардың мүлкiн құтқару және көмек көрсету шараларын қабылдауға;
      5) сақтандыру жағдайы және зардап шеккен адамдар туралы тиiстi құзыретті органдарға (жол полициясы және өртке қарсы қызмет органдарына, жедел медициналық жәрдем қызметiне, апатпен күрес қызметiне) хабарлауға;
      6) көлiктегі сақтандыру жағдайы туралы акт жасауға;
      7) сақтандыру жағдайының басталуына жауапты адамға керi талап (регресс) қою құқығының сақтандырушыға көшуiн қамтамасыз етуге міндетті.
      3. Сақтанушының осы баптың 2-тармағының 4), 5) және 7) тармақшаларында көрсетiлген мiндеттерi сақтандыру жағдайы басталған кезде көлiк құралын тiкелей жүргізетiн адамға жүктеледi.
 
             13-бап. Сақтандырушының құқықтары мен мiндеттерi
 
      1. Сақтандырушы:
      1) тасымалдаушы жауапкершілігін мiндетті сақтандыру шартын жасасқан кезде сақтанушыдан осы Заңға сәйкес тасымалдаушы жауапкершiлігін мiндеттi сақтандыру шартына енгiзуге қажеттi мәлiметтердi берудi талап етуге;
      2) тиiсті мемлекеттік органдар мен ұйымдардан, олардың құзыреттерiне орай, сақтандыру жағдайының басталғанын және зардап шегушiлерге келтiрiлген зиянның мөлшерiн растайтын құжаттарды сұратуға;
      3) сақтандыру жағдайының басталу себептерi мен өзге де мән-жайларды және келтiрiлген зиянның мөлшерiн анықтау үшiн зардап шегушiнiң мүлкiн бағалауға;
      4) жолаушыларды және олардың мүлкiн тасымалдау кезiнде сақтандырылғандарға келтiрiлген зиянды өтеу туралы талап-арыздар бойынша сотта сақтандырылушының мүддесiн қорғауға;
      5) зардап шегушінiң денсаулығына және (немесе) мүлкiне келтiрiлген зиянды бағалау және сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандыру төлемiнiң мөлшерiн анықтау үшін тәуелсiз сарапшының қызметтерiн пайдалануға;
      6) осы Заңның 22-бабында көзделген жағдайларда келтiрiлген зиянға жауапты адамға керi талап қоюға;
      7) осы Заңның 23-бабында көзделген негіздемелер бойынша сақтандыру төлемiн толық немесе iшiнара жүзеге асырудан бас тартуға құқылы.
      Міндеттi сақтандыру шартында сақтанушының Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына қайшы келмейтiн басқа да құқықтары мен міндеттерi көзделуi мүмкiн.
      2. Сақтандырушы:
      1) сақтанушыны (сақтандырылушыны) тасымалдаушы жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартының шарттарымен таныстыруға, оның тасымалдаушы жауапкершілігін мiндетті сақтандыру шартынан туындайтын құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiруге;
      2) тасымалдаушы жауапкершiлiгін мiндетті сақтандыру шартын жасасқаннан кейiн сақтанушыға (сақтандырушыға) сақтандыру полисiн, не оны жоғалтып алған жағдайда - дубликатын беруге;
      3) сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабар алынған кезде оны бiрден тiркеуге;
      4) сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабар алынған сәттен бастап жетi жұмыс күнi iшiнде келтiрiлген зиян мөлшерiн бағалауға, сақтандыру төлемiнiң мөлшерiне жасалған есептеудi көрсете отырып сақтандыру актісiн жасауға және оны танысу үшін пайда алушыға ұсынуға;
      5) сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандыру төлемiн осы Заңда белгiленген мөлшерде, тәртiппен және мерзiмде жүзеге асыруға;
      6) сақтанушыға (сақтандырылушыға) олардың сақтандыру жағдайы кезінде шығынды болдырмау немесе азайту үшiн жұмсаған шығыстарын өтеуге;
      7) сақтандыру құпиясын қамтамасыз етуге мiндетті.
 
                  14-бап. Зардап шегушiнiң құқықтары
 
      1. Зардап шегушi:
      1) сақтанушының (сақтандырылушының) жолаушыларды және олардың мүлкiн тасымалдау нәтижесiнде болған сақтандыру жағдайының басталғаны туралы сақтандырушыға хабарлауға;
      2) сақтанушының (сақтандырылушының) орнына сақтандыру төлемiн жүзеге асыру үшiн қажетті құжаттарды жинауға және оларды сақтанушымен (сақтандырылушымен) тасымалдаушы жауапкершiлiгiн мiндетті сақтандыру шартын жасасқан сақтандырушыға беруге;
      3) зардап шегушінiң денсаулығына және (немесе) мүлкiне келтірiлген зиянды көру және мөлшерiне бағалау жүргiзу үшін қатыстырылған тәуелсiз сарапшының қызметтерiн пайдалануға;
      4) келтiрiлген зиянның мөлшерiн бағалау нәтижелерiмен және

 

сақтандырушы немесе қатыстырылған тәуелсiз сарапшы жасаған сақтандыру

төлемi мөлшерiнiң есебiмен танысуға;

     5) осы Заңда белгiленген тәртiппен, мөлшерде және мерзiмде сақтандыру

төлемiн алуға;

     6) сақтандырушының сақтандыру төлемiн жасаудан бас тарту немесе оның

мөлшерiн негізсiз азайту туралы шешiмiне Қазақстан Республикасының

заңдарында көзделген тәртiппен қарсылық білдiруге;

     7) тасымалдаушыға келтiрiлген зиянды келтірiлген зиян сомасының

алынған сақтандыру төлемi сомасынан асатын мөлшерде өтеу туралы талап

қоюға құқылы.

     2. Осы Заңда көзделген жағдайларда зардап шегушінің осы баптың

1-тармағымен белгiленген құқықтары пайда алушы ретiнде саналатын өзге

тұлғаларға көшедi.

                    4-тарау. Сақтандыру сыйлықақысы

              15-бап. Сақтандыру сыйлықақысының мөлшерi

     1. Тасымалдаушы жауапкершiлiгін мiндетті сақтандыруды жүзеге асырған

кезде бiр көлiк құралы үшiн жылдық сақтандыру сыйлықақыларының мынадай

мөлшерi белгiленедi (айлық есептiк көрсеткiштермен):

---------------------------------------------------------------------------

р/с!          көлiк құралының атауы            !    жылдық сақтандыру

N !                                           ! сыйлықақысының мөлшерi

---------------------------------------------------------------------------

1.   Автомобиль көлігі                                                    

     1) жеңiл автомобильдер, автобустар,

        микроавтобустар:

     7 жолаушы орнына дейiн,

     қоса есептегенде                                       5

     жолаушы орны 7-ден 16-ға дейiн                         11,5

     жолаушы орны 16-дан көп                                23

     2) трамвайлар, троллейбустар                           7

2.   Әуе көлігі

     1) ұшақтар:     

     жолаушы орны 50-ге дейiн, қоса                         400

     есептегенде

     жолаушы орны 50-ден 120-ға дейiн                       990

     жолаушы орны 120-дан 200-ге дейiн                      2180

     жолаушы орны 200-ден көп                               3820

     2) тікұшақтар                                          135


3.   Теңіз көлігі

     жолаушы орны 50-ге дейiн, қоса                         50

     есептегенде

     жолаушы орны 50-ден 100-ге дейiн                       100

     жолаушы орны 100-ден 150-ге дейiн                      150

     жолаушы орны 150-ден 300-ге дейiн                      300

     жолаушы орны 300-ден көп                               530

4.   Ішкі су көлігі

     жолаушы орны 50-ге дейін, қоса                         17,5

     есептегенде

     жолаушы орны 50-ден 100-ге дейiн;                      35

     жолаушы орны 100-ден 150-ге дейiн;                     50

     жолаушы орны 150-ден 300-ге дейiн;                     90

     жолаушы орны 300-ден көп                               160

---------------------------------------------------------------------------



 
       2. Темiржол тасымалын жүзеге асыратын тасымалдаушының жолаушылар

 

алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн міндеттi сақтандыру бойынша

сақтандыру сыйлықақысының мөлшерi тасымалдаушы жауапкершілігін сақтандыру

шартының қолданылуы кезеңiнде Қазақстан Республикасының аумағы бойынша

жолаушыларды және олардың мүлкін тасымалдаудан алынған (алынуға тиiс)

кiрiс сомасының 0,2 процентiн құрайды.

     3. Тасымалдаушы жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын 12 айдан

аз мерзiмге жасаған кезде мынадай сақтандыру сыйлықақыларының мөлшерi

белгіленедi:

---------------------------------------------------------------------------

р/с!                сақтандыру мерзiмi        ! сақтандыру сыйлықақысының

N !                                          ! мөлшерi (жылдық сақтандыру

   !                                          ! сыйлықақысынан, процентпен)

---------------------------------------------------------------------------

1 !                     2                    !             3

---------------------------------------------------------------------------

1.  1 айға дейiн қоса есептегенде                            20

2.  1 айдан 2 айға дейiн, қоса есептегенде                   30

3.  2 айдан 3 айға дейiн, қоса есептегенде                   40

4.  3 айдан 4 айға дейiн, қоса есептегенде                   50

5.  4 айдан 5 айға дейiн, қоса есептегенде                   60

6.  5 айдан 6 айға дейiн, қоса есептегенде                   70

7.  6 айдан 7 айға дейiн, қоса есептегенде                   75

8.  7 айдан 8 айға дейiн, қоса есептегенде                   80

9.  8 айдан 9 айға дейiн, қоса есептегенде                   85

10. 9 айдан 10 айға дейiн, қоса есептегенде                  90

11. 10 айдан 11 айға дейiн, қоса есептегенде                 95

12. 11 айдан жоғары                                         100    

---------------------------------------------------------------------------


 
       Осы тармақ темiржол тасымалын жүзеге асыратын тасымалдаушы жасасқан тасымалдаушы жауапкершiлігін мiндеттi сақтандыру шартына қолданылмайды.
 
           16-бап. Сақтандыру сыйлықақысының мөлшерін көбейту
 
      1. Темiржол тасымалын жүзеге асыратын тасымалдаушының жауапкершiлігін мiндеттi сақтандыру шартын жасасқан кезде сақтандырушы осы Заңның 15-бабының 2-тармағында көзделген сақтандыру сыйлықақысының мөлшерiн сақтандырушы өзi жүргізген сақтандыру тәуекелiн бағалау нәтижелерi бойынша, тасымалдаушы жауапкершiлiгiн сақтандыру шартының қолданылуы кезеңiнде Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жолаушыларды және олардың мүлкiн тасымалдаудан алынған (алынуға тиiс) кiрiс сомасының 0,5 процентiнен аспайтын мөлшерге дейiн көбейтуi мүмкiн.
      2. Темiржол тасымалынан басқа, жолаушылар тасымалының өзге де түрлерiн жүзеге асыратын тасымалдаушының азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасқан кезде осы Заңның 15-бабының 1-тармағында көзделген сақтандыру сыйлықақысының мөлшерiн сақтандырушы өзi жүргiзген сақтандыру тәуекелін бағалау нәтижелерi бойынша, бiрақ елу проценттен асырмай көбейтуi мүмкiн.
 
        17-бап. Сақтандыру сыйлықақыларын төлеу тәртiбi мен мерзiмi
 
      1. Сақтандыру сыйлықақыларын төлеу тәртібі мен мерзiмi тасымалдаушы жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шартында белгiленедi.
      2. Егер мiндеттi сақтандыру шартында сақтандыру сыйлықақысын мәулетпен төлеу көзделген болса, онда сақтанушының кезектi сақтандыру жарнасын төлемеуi сақтандырушының осы шартты уақытынан бұрын бұзуына негiз болып табылмайды.
      3. Сақтанушы кезектi сақтандыру жарнасын уақтылы төлемеген жағдайда сақтандырушыға Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнiң K941000_ 353-бабында белгiленген тәртiппен және мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлеуге мiндеттi.
 
          5-тарау. Сақтандыру жағдайын, келтiрiлген зиянның және
                  сақтандыру төлемінің мөлшерiн анықтау
 
           18-бап. Сақтандыру жағдайын және келтiрiлген зиянның
                              мөлшерiн анықтау
 
      1. Тасымалдау кезiнде жолаушылардың өмiріне, денсаулығына және (немесе) мүлкiне келтiрiлген зиянды өтеу жөнiнде тасымалдаушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігінiң басталу фактісi тасымалдаушы жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру жөнiндегі сақтандыру жағдайы деп танылады.
      Сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушы осы Заңның 19-бабының 1-тармағында белгiленген жауапкершілік көлемi шегінде зардап шегушiнiң өмiрiне, денсаулығына және (немесе) мүлкiне келтiрiлген зиянды өтеу түрінде сақтандыру төлемiн жасауға мiндеттi.
      2. Зардап шегушінiң өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянға зардап шегушінiң өлiмiмен, еңбекке жарамдылығын уақытша немесе тұрақты жоғалтумен байланысты зиянның материалдық көрiнуi жатады.
      Зардап шегушінiң өмiрiне және денсаулығына келтiрiлген зиянның мөлшерi осы Заңға сәйкес денсаулық сақтау ұйымдары берген құжаттар негiзінде айқындалады.
      3. Зардап шегушінiң мүлкiне келтiрiлген зиянға тасымалдау кезiнде тасымалдаушының тасымалдауға алынған (багаж) және (немесе) жолаушының жанындағы (қолындағы) жоғалған, жетiспейтiн немесе бүлiнген (зақымданған) мүлiктiң құны жатады.
      Багаж және (немесе) жолаушының жанындағы (қолындағы) заттары тасымалдаушының кiнәсiнен жоғалған, жетiспеген және (немесе) бүлiнген (зақымданған) жағдайда келтiрiлген зиянның мөлшерi мынадай түрде белгiленедi:
      1) багаж, сондай-ақ жолаушының жанындағы (қолындағы) заттар жоғалған немесе жетiспеген жағдайда - жоғалған немесе жетiспеген багаждың, жолаушының жанындағы (қолындағы) заттардың құны мөлшерiнде;
      2) багаж, сондай-ақ жолаушының жанындағы (қолындағы) заттар бүлiнген (зақымданған) жағдайда - құны төмендеген сома мөлшерiнде, ал багаж, сондай-ақ жолаушының жанындағы (қолындағы) заттарды қалпына келтiруге мүмкiндiк болмаған жағдайда - олардың құны мөлшерiнде;
      3) тасымалдауға құны жарияланып тапсырылған багаж жоғалғанда -

 

багаждың жарияланған құны мөлшерiнде.

               19-бап. Сақтандыру төлемiнiң мөлшерiн анықтау

     1. Сақтандырушының бiр сақтандыру жағдайы (сақтандыру сомасы) бойынша

жауапкершiлігінiң шектi көлемi мынадай (айлық есептік көрсеткiшпен):

     1) теңiз және әуе тасымалы бойынша:

     әрбiр зардап шегушінің өмiрiне және денсаулығына келтiрiлген зиян

үшін және ол мыналарға әкеп соқса:

     қаза тапса                        - 2000;

     мүгедектiк белгiленсе I топ       - 1600;

                           II топ      - 1200;

                           III топ     - 800;

     еңбекке жалпы жарамдылығын уақытша жоғалтуға - амбулаториялық және

(немесе) стационарлық емделуге жұмсалған нақты шығыстар мөлшерiнде, бiрақ

200-ден аспайды. Мұндайда әрбір стационарлық емделу күні үшін сақтандыру

төлемінің мөлшері кемінде 1,5 айлық есептік көрсеткіш болуы тиіс;

     әрбiр зардап шегушінің мүлкiне келтiрiлген зиян үшiн - келтiрiлген

зиян мөлшерiнде, бiрақ 250-ден аспайды;

     2) темір жол, ішкі су және автомобиль тасымалы бойынша:

     әрбiр зардап шегушінің өміріне және денсаулығына келтiрiлген зиян

үшiн және ол мыналарға әкеп соқса:

     қаза тапса                        - 1000;

     мүгедектiк белгiленсе I топ       - 800;

                           II топ      - 600;

                           III топ     - 400;


 
       еңбекке жалпы жарамдылығын уақытша жоғалтуға - амбулаториялық және (немесе) стационарлық емделуге жұмсалған нақты шығыстар мөлшерiнде, бiрақ 200-ден аспайды. Мұндайда әрбір стационарлық емделу күні үшін сақтандыру төлемінің мөлшері кемінде 1,5 айлық есептік көрсеткіш болуы тиіс;
      әрбiр зардап шегушінің мүлкiне келтiрiлген зиян үшiн - келтiрiлген зиян мөлшерiнде, бiрақ 250-ден аспайды.
      2. Сақтандыру төлемiнiң мөлшерiн есептеу үшiн сақтандыру төлемi жасалған күнгi айлық есептiк көрсеткiш пайдаланылады.
      3. Тасымалдаушы жауапкершілігін мiндеттi сақтандыру шарты бойынша шартты франшиза бір сақтандыру жағдайы бойынша және әрбір зардап шегуші бойынша айлық есептiк көрсеткiштiң бес еселенген мөлшерiн құрайды. Келтiрiлген зиянның мөлшерi шартты франшизаның белгiленген мөлшерiнен асқан жағдайларда сақтандыру төлемi толық мөлшерде төленедi.
      4. Сақтанушы (сақтандырылушы) шығындарды болдырмау немесе азайту мақсатында шеккен шығындар, егер мұндай шығындар қажетті болса немесе сақтандырушының нұсқауларын орындау үшін жүргізілсе, тіпті ол шаралар сәтсіз болса да, сақтандырушының өтеуіне жатады.
      Мұндай шығындар нақты мөлшерде өтеледі, мұндайда сақтандыру төлемінің және шығындар өтемақысының жалпы сомасы тасымалдаушы жауапкершiлiгiн міндетті сақтандыру шартында белгіленген сақтандыру сомасынан аспауы тиіс. Егер шығындар сақтанушы (сақтандырылушы) сақтандырушының нұсқауын орындау нәтижесінде туындаған болса, олар сақтандыру сомасына қатыссыз, толық мөлшерде өтеледі.
      Көрсетiлген шығыстарды сақтандырушы шығынға ұшыраған адамға тiкелей өтейдi.
      5. Сақтандыру сомасы келтiрiлген зиянды толығымен өтеуге жетпеген кезде тасымалдаушы зардап шегушіге сақтандыру сомасы мен зиянның нақты мөлшерi арасындағы айырмашылықты өтейдi.
      6. Зардап шеккен адам қайтыс болған жағдайда, сақтандырушы зардап шегушінi жерлеген адамға жерлеуге қажеттi шығыстарды нақты шығын мөлшерінде, бiрақ тасымалдаушы жауапкершілiгін міндеттi сақтандыру шартында белгіленген сақтандыру сомасы шегiнде өтейді.
 
      20-бап. Сақтандыру төлемiн жүзеге асырудың жалпы талаптары
 
      1. Сақтандырушыға сақтандыру төлемi туралы талапты сақтанушы (сақтандырушы) немесе пайда алушы болып табылатын өзге адам сақтандыру төлемiн жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды қоса жазбаша түрде бередi.
      2. Сақтандыру төлемi туралы өтiнiшке мынадай құжаттар қоса берiледi:
      1) сақтандыру полисi (оның дубликаты);
      2) сақтандыру жағдайының басталу фактісiн және үшіншi тұлғаларға келтiрілген зиянның мөлшерiн растайтын құжат;
      3) көлiктегi сақтандыру жағдайы туралы тасымалдаушы жасаған акті;
      4) жол жүру билетi немесе жолаушыға билет берiлген жағдайда оның орнындағы құжат (тасымалдаушы растаған билеттердi сату ведомосiнiң көшірмесi немесе билет түбiртегiнiң көшірмесi) немесе белгiленген тәртiппен ресiмделген куәлардың көрсетуi;
      5) зардап шегушiнiң еңбекке уақытша жарамсыздық мерзiмi туралы денсаулық сақтау ұйымдары анықтамасының немесе мүгедектiк белгiленген жағдайда - мамандандырылған мекеменiң зардап шегушiге мүгедектiк белгiлеу туралы анықтамасының көшiрмесi;
      6) зардап шегушiнiң қайтыс болғаны туралы куәлiктiң нотариат куәландырған көшiрмесi және зардап шегушi қайтыс болған жағдайда пайда алушының зиянды өтеуге құқығын растайтын құжат (көшiрмесi);
      7) мүлiкке зиян келтiрiлген жағдайда зардап шегушiнiң жоғалған, жетiспеген немесе бүлінген (зақымдалған) мүлкiнiң тiзбесi;
      8) сақтандыру жағдайы басталған кезде шығынды болдырмау немесе азайту мақсатында сақтанушыға (сақтандырылушыға) келтiрiлген шығыстарды растайтын құжаттар - олар болған кезде.
      Сақтандырушының сақтанушыдан (сақтандырылушыдан) не зардап шегушiден басқа қосымша құжаттарды талап етуiне жол берiлмейдi.
      3. Құжаттарды қабылдаған сақтандырушы өтiнiш берушіге ұсынылған құжаттардың толық тiзбесiн және оларды қабылдаған күндi көрсете отырып анықтама беруге мiндетті.
      4. Зиян шегушi (ол қайтыс болған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес зардап шегушiнiң қайтыс болуына байланысты зиянды өтеуге құқығы бар адам), сондай-ақ сақтанушы (сақтандырылушы) немесе зиян шегушіге осы Заңда белгiленген сақтандыру жауапкершілігiнiң көлемi шегінде келтiрiлген зиянды өтеушi және сақтандыру төлемiне құқық алған өзге тұлға пайда алушы болып табылады.
      5. Зардап шегушiнiң өмiрiне және денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн сақтандыру төлемi оған (зиянды өтеуге құқығы бар адамдарға) басқа жеке сақтандыру шарттары бойынша есептелген сомаға тәуелсiз түрде жүзеге асырылады.
      6. Зардап шегушiнiң жазбаша ресiмделген өтiнiшi немесе нотариат куәландырған сенiмхаты бойынша сақтандыру төлемi оған оның денсаулығын және (немесе) мүлкiн қалпына келтiру жөнiнде қызмет көрсеткен (көрсететiн) тұлғаға тiкелей төленуі мүмкін.
      7. Сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру кезiнде сақтандырушының пайда алушыдан оның сақтандырушыға талап қою құқығын шектейтiн шарттарын қабылдауын талап етуге құқығы жоқ.
 
              21-бап. Сақтандыру төлемiн жүзеге асыру тәртiбi
 
      1. Сақтандырушы сақтандыру төлемiн осы Заңның 20-бабында көзделген құжаттарды алған күннен бастап жетi жұмыс күнi iшiнде төлейдi.
      2. Сақтандыру төлемiнiң мөлшерiне пайда алушы қарсылық білдiрген жағдайда сақтандырушы сақтандыру төлемiн осы баптың 1-тармағында белгiленген мерзiм iшiнде аталған тұлғалардың бiрде-бiрi қарсылық білдiрмеген бөлiгінде кідiртпей төлеуге мiндеттi.
      Сақтандыру төлемiнiң қарсылық болған бөлiгiн сақтандырушы бiтiм келiсiмi жасалған және оны сот бекiткен күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде, не егер сот шешiмдi шұғыл орындауды ұйғармаса, осы дау бойынша соттың шешiмi заңды күшіне енген күннен бастап төлеуі тиiс.
      3. Егер сақтандыру жағдайының басталуына әкеп соққан жағдайдың нәтижесiнде зардап шегушiнiң денсаулығы нашарлап кетсе (мүгедектiгi немесе мүгедектiктiң неғұрлым жоғары тобы белгіленсе) не ол қайтыс болса, онда сақтандырушы зардап шегушiден (пайда алушыдан) келiп түскен өтiнiштiң және тиiсті құжаттардың негізiнде, осы Заңда белгiленген тәртiппен және мөлшерде сақтандыру төлемi сомасына қайта есептеу жүргiзуге мiндетті. Мұндайда сақтандыру төлемiнiң сомасын қайта есептеу кезiнде бұрын төленген сомалар есепке алынады.
      4. Сақтандыру төлемi уақтылы төленбеген кезде сақтандырушы пайда алушыға Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 353-бабында белгiленген тәртiппен және мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлеуге мiндеттi.
 
       22-бап. Зиян келтiрген адамға керi талап қою құқығын қолдану
 
      1. Сақтандыру төлемін жүзеге асырған сақтандырушы сақтанушыға (сақтандырылушыға) төленген сома шегінде мынадай жағдайларда керi талап (регресс) қоюға құқылы:
      1) сақтанушының (сақтандырылушының) азаматтық-құқықтық жауапкершілiгі оның қажеттi қорғану және шұғыл қажеттiлiк жағдайында жасалған iс-әрекеттердi қоспағанда, сақтандыру жағдайының туындауына бағытталған не оның басталуына ықпал ететiн қасақана әрекеттерi салдарынан болса;
      2) сақтанушының (сақтандырылушының) азаматтық-құқықтық жауапкершілiгi оның көлiк құралын алкогольден, есiрткiден немесе токсикоманиялық мас күйiнде жүргiзу салдарынан басталса;
      3) көлік құралын жүргiзушi адам көлiк құралын жүргiзуге құқығы болмаса;
      4) сот талқылауы барысында сақтандыру жағдайы көлiк құралының техникалық ақауы салдарынан болғаны, ол туралы сақтанушының (сақтандырылушының) бiлгенi немесе бiлуге тиiстi анықталса;
      5) көлік құралын оның техникалық қызметiне сай емес мақсаттарға пайдаланса;
      6) сақтанушы (сақтандырылушы) сақтандыру жағдайынан болатын шығындарды азайту жөнiндегi шараларды қасақана қолданбаса.
      2. Егер осы баптың 1-тармағында атап көрсетiлген жағдайларда келтірілген зиянға кiнәлi адам көлiк құралын оның иесiмен еңбек қатынасына орай немесе оның иесiнiң қатысуымен мәміленi жазбаша түрде ресiмдемей пайдаланса, онда сақтандырушы осы көлiк құралының иесiне керi талап (регресс) қоюға құқылы.
      3. Сақтандыру төлемiн жүзеге асырған сақтандырушыға сақтанушының (сақтандырылушының) сақтандырудың нәтижесiнде өтелген шығын үшiн жауапты адамға керi талап қою (регресс) құқығы төленген сома шегiнде көшедi.
 
             23-бап. Сақтандырушыны сақтандыру төлемiн жүзеге
                         асырудан босатудың негiздерi
 
      1. Сақтандыру жағдайы мына жағдайлардан болса, сақтандырушы сақтандыру төлемiн толық немесе iшiнара төлеуден бас тартуға құқылы:
      1) жолаушының, қажетті қорғану және шұғыл қажеттілік жағдайында жасаған iс-әрекеттерiн қоспағанда, сақтандыру жағдайының туындауына бағытталған не оның басталуына ықпал ететiн қасақана әрекеттерiнен;
      2) пайда алушының Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртіппен сақтандыру жағдайымен себептiк байланыста болған қасақана қылмыс немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық деп танылған әрекеттерінен.
      2. Сақтандырушының сақтандыру төлемдерiн жүзеге асырудан бас тартуына мыналар да негiз бола алады:
      1) сақтанушының тиiстi өтемiн шығынды келтiруге кiнәлi адамнан алуы;
      2) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, сақтандырушыға сақтандыру жағдайының бастауы туралы хабарламау;
      3) зардап шегушiнiң ақша, бағалы қағаздар, алтын, күмiстен жасалған бұйымдар, асыл тастар, әсемдiк бұйымдар, өнер туындылары немесе басқа да құндылықтар түрiндегі мүлкiне зиян келтiру.
      3. Сақтандыру жағдайының басталғандығы туралы сақтандырушыға уақтылы хабарламау немесе хабарламай қою, егер бұл дәлелдi себептермен байланысты болса және сақтандыру оқиғасының басталғандығы, зардап шегушiнiң өмiрiне немесе денсаулығына зиян келтiрiлгендiгі туралы деректi растайтын тиiстi құжаттар ұсынылса және мүлiк қарауға сақтандыру жағдайы басталғаннан кейiнгi күйiнде ұсынылса, сақтандыру төлемiн төлеуден бас тарту үшiн негiз бола алмайды.
      4. Сақтандыру төлемiнен бас тарту үшiн негiздер болған жағдайда сақтандырушы сақтандыру төлемiнен толық немесе iшiнара бас тарту туралы себебi көрсеткен тиiстi жазбаша шешiмдi сақтандыру төлемi туралы талап қойған адамға талап ұсынылған күннен бастап жетi жұмыс күнi iшiнде жiберуге міндеттi.
      5. Мiндетті сақтандыру шартының тараптары және (немесе) зардап шегушiлер арасында сақтандыру төлемiнiң мөлшерiне қатысты дау болған кезде сақтандырушы сақтандыру төлемiн төлеудi осы Заңның 22-бабында көзделген тәртiппен жүзеге асыруға мiндеттi.
      6. Егер сақтандыру жағдайы мыналардың салдарынан болса, сақтандырушы

 

сақтандыру төлемiн төлеудi жүзеге асырудан босатылады:

     1) ядролық жарылыстың, радиацияның немесе радиоактивтiк уланудың

әсерi;

     2) әскери қимылдар;

     3) азаматтық соғыс, түрлi сипаттағы халық толқулары, жаппай

тәртiпсiздiк немесе ереуілдер.

     7. Сақтандырушының осы бапта көзделгеннен өзге негiздер бойынша

сақтандыру төлемiн төлеуден бас тартуына құқығы жоқ.

                       6-тарау. Қорытынды ережелер

                     24-бап. Дауларды қарау тәртiбi

     Тасымалдаушы жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартынан туындайтын

даулар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қаралады.

       25-бап. Қазақстан Республикасының тасымалдаушы жауапкершiлігін

      мiндеттi сақтандыру жөнiндегi заңдарын бұзғаны үшiн жауапкершiлiк


 
       1. Сақтанушы ретiнде оны жүзеге асыруға мiндеттi тұлғаның, сондай-ақ сақтандырушы ретiнде мiндеттi болатын сақтандыру ұйымының сақтандырудан жалтаруы Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленгендей жауапқа тартылады.
      2. Сақтандыру жағдайын қасақана жасау, сондай-ақ сақтандыру төлемiн

 

заңсыз алуға бағытталған өзге де алаяқтық әрекеттер Қазақстан

Республикасының қылмыстық заңдарына сәйкес жауап беруге әкеп соқтырады.

     3. Қазақстан Республикасының тасымалдаушы жауапкершiлігін мiндеттi

сақтандыру жөнiндегi заңдарын бұзуға кiнәлi адамдар жолаушылар алдында

Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жауап бередi.

     Қазақстан Республикасының

            Президентi              



Мамандар:

     Багарова Ж.А.,

     Қасымбеков Б.А.





Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады