"Маңғышлақ атом энергиясы комбинаты" республикалық мемлекеттiк кәсіпорнының конкурстық массасын сатудың ерекше шарттары мен тәртiбi туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы. 2002 жылғы 23 желтоқсан N 1341

      "Маңғышлақ атом энергиясы комбинаты" республикалық мемлекеттік кәсіпорнына оңалту рәсiмiн қолданудың қанағаттанғысыз нәтижелеріне, ауыр қаржы-экономикалық жағдайына әрі оның дәрменсiздігіне байланысты, сондай-ақ оның ел экономикасы үшiн маңызды стратегиялық мәнiн ескере отырып және "Банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 21 қаңтардағы Заңы 2-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi заңнамада белгiленген тәртiппен бір апта мерзiмде "Маңғышлақ атом энергиясы комбинаты" республикалық мемлекеттiк кәсіпорнын (бұдан әрі - Кәсіпорын) оңалту рәсiмiн тоқтату, оны банкрот деп тану туралы өтiнiшпен сотқа жүгінуді қамтамасыз етсiн.

      2. Сот Кәсіпорынды банкрот деп тану және конкурстық іс жүргiзудi қозғау туралы шешiм қабылдаған жағдайда, оның конкурстық массасын сатудың мыналарды көздейтiн ерекше шарттары мен тәртiбi белгiленсiн:
      1) БН-350 реакторының энергиямен, жылумен, сумен үздiксiз жабдықталуы және радиациялық қауіпсiздігін қолдау үшiн қажеттi өндiрiстiң бiрыңғай технологиялық циклын қамтамасыз ететiн Кәсіпорынның мүлiктік кешенiн бiрыңғай лотпен (бұдан әрi - лот) сатуды;
      2) лотты сатудың ең төмен бағасын әкiмшiлiк шығыстар мен бiрiншi және екiншi кезектегi кредиторлар талаптарының сомасынан төмен емес етiп белгiлеудi;
      3) аукционға тек атом энергетикасы немесе өнеркәсiп объектiлерiн пайдалануға лицензиясы бар мамандандырылған заңды тұлғалардың қатысуын, сондай-ақ атом энергетикасы мен өнеркәсiбiнiң Қазақстан рыногындағы жұмыс тәжiрибесiнің 5 (бec) жылдан кем болмауын;
      4) Кәсiпорынның үздiксiз жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету мақсатында қолданыстағы заңнамаға сәйкес конкурстық басқарушыға шарттар жасасу құқығын берудi.

      3. Koнкурстық массаны сатып алушыларға мыналарды:
      1) сатып алушының өндiрiстiк-технологиялық циклдың, тұтынушыларды энергиямен, жылумен, сумен жабдықтаудың және табиғат қорғау объектiлерiнің жұмысының үздiксiздігін қамтамасыз ету жөнiнде мiндеттемелер қабылдауын;
      2) сатып алушының Кәсiпорын қызметкерлерiнің жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету жөнiнде мiндеттемелер қабылдауын көздейтiн қосымша талаптар белгiленсiн.

      4. Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгi:
      1) заңнамада белгіленген тәртiппен сатып алушының сатып алу-сату шарты бойынша өз міндеттемелерін орындауын бақылауды жүзеге асыруды қамтамасыз етсiн;
      2) Кәсіпорынның мүліктiк кешенiн жарғылық капиталында мемлекет үлесi бар сатып алушы сатып алған жағдайда Кәсiпорынның қаржы-экономикалық жағдайын тұрақтандыру әрi өндiрiстiк қызметiн қалпына келтiру үшiн дивидендтердi өндiрiстiк-техникалық қайта жарақтандыруға, өндiрiсi мен инфрақұрылымын дамытуға жiберу туралы шешiм қабылдасын.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары К.Қ.Мәсiмовке жүктелсін.
      6. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады