Прокурордың сезіктіні, айыпталушыны қамауға алу, үйде қамап ұстау немесе қамауға алу, үйде қамап ұстау мерзімін ұзарту жөніндегі санкциясына сотқа шағымдану туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 20 наурыздағы N 1 нормативтік қаулысы. Күші жойылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2008 жылғы 22 желтоқсандағы N 27 Нормативтік қаулысымен.

      Ескерту. Қаулының күші жойылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2008 жылғы 22 желтоқсандағы N 27 Нормативтік қаулысымен.

      Прокурордың қамауға алу, үйде қамап ұстау және олардың мерзімін ұзарту жөніндегі санкциясына шағымданудың сот практикасына жасалған талдау соттардың қажетті жағдайларда азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөнінде шаралар қолдана отырып, өздеріне түскен шағымдарды дұрыс шешіп келе жатқанын көрсетуде.

      Сонымен қатар, соттардың қызметінде қателіктер мен кемшіліктер де бар.

      Заңдылықты сақтау және Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 110-бабының талаптарын біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 16-бабына сәйкес, әркімнің өзінің жеке басының бостандығына құқығы бар екенін соттар назарда ұстаулары қажет. Тұтқындалған адамға сотқа шағымдану құқығы беріле отырып, заңда көзделген реттерде ғана және тек соттың немесе прокурордың санкциясымен қамауда ұстауға болады.

      2. Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің (әрі қарай - ҚІЖК) 140 , 149 және 150-баптарына сәйкес, қамауға алу және үйде қамап ұстау заң бойынша тек екі жылдан артық мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза көзделген қылмысты қасақана жасаған немесе заң бойынша үш жылдан артық мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза көзделген қылмысты абайсызда жасаған сезіктіге, айыпталушыға қолданылады және бұлтартпау шараларының ең қатаң түрлері болып табылады.

      Ерекше жағдайларда қамауға алу заң бойынша екі жылдан аспайтын мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза көзделген қылмыстар жасағаны үшін айыпталушыға, сезіктіге қатысты, егер:

      1) оның Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты мекен-жайы болмаса;

      2) оның кім екені анықталмаса;

      3) ол бұрын таңдалған немесе қолданған бұлтартпау шарасын бұзса;

      4) ол қылмыстық ізге түсу органдарынан немесе соттан бой тасалауға әрекет жасаса немесе бой тасаласа қолданылуы мүмкін.

      Заң бойынша екі жылдан аспайтын мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза көзделген қылмыс жасаған адамдарға қамауға алу шарасын қолдану үшін жоғарыда көрсетілген негіздер түпкілікті болып табылады және кеңейтіліп түсіндіруге жатпайды.

      Бас бостандығынан айыру жазасы көзделмейтін қылмыс жасаған адамдарды қылмыстық жауапқа тарту кезінде, сондай-ақ он төрт жастан он сегіз жас аралығында онша ауыр емес қылмысты және он төрт жастан он алты жас аралығында орташа ауырлықтағы қылмысты алғаш рет жасаған адамдарға қамауға алу, үйде қамап ұстау түрінде бұлтартпау шарасын қолдануға болмайтынын соттар назарда ұстаулары қажет.

      3. ҚІЖК-нің 149-бабына сәйкес, үйде қамап ұстау сезіктіге, айыпталушыға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдауға мүмкіндік беретін шарттар болған, бірақ адамды толық оқшаулау қажет бола қоймайтын немесе жасын, денсаулығын, отбасылық жағдайын және басқа да мән-жайларды ескере отырып қажетті емес деп шешілгенде ғана қолданылады.

      4. ҚІЖК-нің 110-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, прокурор санкциялаған қамауға алу, үйде қамап ұстау, сондай-ақ олардың мерзімін ұзарту жөніндегі бұлтартпау шарасына тек сезікті, айыпталушы, олардың қорғаушылары мен заңды өкілі ғана шағым беруге құқылы екені соттарға түсіндірілсін.

      Өзге адамдар берген шағымдар сот өндірісіне қабылданбайды.

      5. Шағымда істі қай органның тергеп жатқаны, қамауға алу, үйде қамап ұстау мерзімін ұзарту жөніндегі бұлтартпау шарасын кімнің қашан, қолданғаны немесе ұзартқаны, оны қай прокурордың санкциялағаны немесе ұзартқаны міндетті түрде көрсетілуі қажет.

      6. Судья прокурордың қамауға алу, үйде қамап ұстау не оның мерзімін ұзарту туралы санкциясына сотқа берген шағымын алғаннан кейін сот отырысын дайындау туралы қаулы шығарады. Қаулыда, атап айтқанда:

      - сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны;

      - шағымның дәлелдерін тексеру үшін қажетті тұлғалардың сот отырысына шақырылғаны;

      - қылмыстық істің немесе шағымдалып отырған бұлтартпау шарасын таңдап алудың негіздемелері мен тәртібіне қатысы бар қылмыстық іс материалдарының бір бөлігінің сұратылғандығы;

      - шағымды қарау үшін қажетті құжаттардың сұратылғаны;

      - қамауда отырған адамның, оның өкілінің, қорғаушысының қажет болған жағдайда сот отырысына шақырылғаны көрсетілуі тиіс.

      Қаулының көшірмесі қылмыстық іс өндірісінде тұрған қылмыстық ізге түсу органына, прокурорға және қаулыға қатысы бар өзге де адамдарға жіберіледі.

      Судьяның қаулыда көрсетілген талаптарын тиісті органдар орындауға міндетті.

      Соттың қаулысын орындамау заңмен көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.

      7. Сот өтініш білдірілген жағдайда сезіктінің, айыпталушының және ол таңдаған қорғаушының шағым қаралатын сот отырысына қатысуларын қамтамасыз етуге тиіс. Қорғаушының сот отырысына келмеуі шағымның қаралуына кедергі болмайды.

      Заң талабы бойынша прокурордың сот отырысына міндетті түрде қатысуы қажет болғандықтан, оның келмеуі шағымды қарауды кейінге қалдыруға әкеп соғады. Сот прокурордың келмегені туралы жеке қаулы шығаруға құқылы.

      8. Процеске қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысқанда, оның сезіктіні, айыпталушыны қамауға алу, үйде қамап ұстау немесе олардың мерзімін ұзарту жөніндегі прокурор санкциясының заңдылығы мен негізділігін растайтын немесе теріске шығаратын бөлігімен ғана танысуға құқылы.

      Бұл орайда төрағалық етуші қорғаушыға, заңды өкілге, аудармашыға және басқа да адамдарға прокурордың, тергеушінің немесе анықтау жүргізетін адамның келісімінсіз анықтау немесе алдын ала тергеу мәліметтерін жария етуге болмайтыны туралы ескертуге міндетті. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 355-бабы бойынша жауаптылық жөнінде ескертілгені туралы олардан қолхат алынып, қылмыстық іс материалдарына тігіледі.

      9. Бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу, үйде қамап ұстау сезіктінің, айыпталушының шағымы сотта қаралғанға дейін бұзылған немесе өзгертілген не олар берілген шағымнан бас тартқан жағдайда судья қаулы қабылдап, осы шағым бойынша өндірісті қысқартады.

      10. Қылмыстық істі қарау үшін сотқа жіберілгеннен кейін прокурордың қамауға алу, үйде қамап ұстау немесе олардың мерзімін ұзарту жөніндегі санкциясына жасалған шағым, қылмыстық іс қаралатын сотқа жіберіліп, ҚІЖК-нің 299 және 300-баптарында көзделген тәртіп бойынша қаралады.

      11. ҚІЖК-нің 110-бабына сәйкес, прокурордың қамауға алу, үйде қамап ұстау немесе олардың мерзімін ұзарту жөніндегі санкциясына жасалған шағым бойынша іс материалдары сотта, тек прокурор санкциясының заңдылығы мен негізділігін тексеру шегінде ғана қаралады және зерттеледі. Бұл орайда сот тағылған айыптың дәлелденуіне баға беруге, қылмыстық ізге түсу органдарына қылмысты тергеу немесе анықтама жүргізу жөнінде процессуалдық іс-әрекеттерді жасауды ұсынуға құқылы емес.

      12. Прокурордың қамауға алуды, үйде қамап ұстауды қолдану жөніндегі санкциясының заңдылығы деп қамауға алу, үйде қамап ұстау және олардың мерзімін ұзарту түрінде бұлтартпау шараларын қолданудың тәртібін реттейтін қылмыстық іс жүргізу заңының барлық шарттарының сақталуын, ал негізділігі деп, қылмыстық іс материалдарында осы бұлтартпау шараларын қолданудың немесе олардың мерзімін ұзартудың қажеттілігін растайтын, оның ішінде қамауға алынған адамның жеке басы туралы мәліметтердің болуын түсіну қажет.

      13. Прокурордың қамауға алуды, үйде қамап ұстауды қолдану санкциясының заңдылығын соттық тексеруді жүзеге асыра отырып судья:

      - сол адамға қатысты немесе қылмыстың жасалу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын;

      - айыпталушыға айып тағылғанын;

      - осы бұлтартпау шарасын қолдану үшін ҚІЖК-нің 139-бабында көзделген шаралардың бар-жоғын;

      - ҚІЖК-нің 68-бабының тәртібімен сезіктіге қатысты белгіленген мерзімнің өткен өтпегенін;

      - ҚІЖК-нің 142-бабында көрсетілгендей сезіктіге айып тағу мерзімінің сақталғанын;

      - қамауға алу, үйде қамап ұстау түрінде бұлтартпау шарасының таңдалынып алынғаны туралы қаулының көшірмесі сезіктіге, айыпталушыға тапсырылғанын;

      - қамауға алуды өкілетті прокурордың санкциялағанын;

      - қамауға алу, үйде қамап ұстау жөнінде санкция беру туралы мәселені шешу кезінде прокурордың өзі, ҚІЖК-нің 150-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, сезіктіден, айыпталушыдан жауап алғанын;

      - қылмыстық заңда қылмысты жасады деп айыпталған (сезік тудырған) тұлғаға қылмысы үшін екі жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін;

      - сезіктінің, айыпталушының қылмыс жасалған сәтте қылмыстың нақтылы құрамы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жасқа жеткенін;

      - қылмыстық ізге түсу шарттары жасы кәмелетке толмаған, артықшылықтары мен иммунитеті бар басқа тұлғаларға сақталғанын және тағы басқа да мәселелерді анықтауға міндетті.

      14. Прокурордың қамауға алу, үйде қамап ұстау немесе олардың мерзімін ұзарту жөніндегі санкциясының заңдылығы мен негізділігін сотта қарағанда судья адамның қылмыстың жасалуына кінәлілігі туралы мәселені алдын ала шешпей, анықтау, тергеу органдары қамауға алуды, үйде қамап ұстауды қолданғанда, ол прокурор соған санкция бергенде тұлғаның заң бойынша екі жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген қылмысты қасақана жасағанын немесе заң бойынша үш жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген қылмысты абайсызда жасағанын ескеріп қана қоймай, сонымен қатар көрсетілген бұлтартпау шарасын таңдап алу немесе ұзарту үшін негіз болған өзге де мәліметтердің болғанына көз жеткізе отырып, шағымның уәждерін тексеруге міндетті.

      15. Сот прокурордың қамауға алу, үйде қамап ұстау жөніндегі санкциясының негізділігін анықтау кезінде:

      - тағылған айыптың немесе қылмысты жасады деген сезікпен қамауға алынған тұлғаның қылмысының ауырлығын;

      - қылмыс салдарды;

      - сезіктінің, айыпталушының тарапынан қылмыстан келген зиянды болдырмау жөнінде шаралар қабылдағанын;

      - сезіктінің, айыпталушының қылмыстық топтың құрамындағы орнын;

      - сезіктінің немесе айыпталушының нақтылы іс-әрекеттерін;

      - сезіктінің, айыпталушының жеке басын, оның жасын, денсаулық және отбасылық жағдайын, кәсібін, мүліктік жағдайын, тұрғылықты жерінің бар-жоғын;

      - жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды;

      - сол адамның қылмыстық жауаптылығын болдырмайтын жағдайлардың бар-жоғын;

      - өрт немесе өзге де бақытсыздықтар, отбасындағы еңбекке қабілетті жалғыз асыраушының ауыр науқасқа шалдығуы, қайтыс болуы немесе өзге де төтенше мән-жайлар сезіктіні, айыпталушыны немесе оның отбасын ауыр салдарға әкеп соқтыруы мүмкіндігін;

      - қамауға алу, үйде қамап ұстау түрінде бұлтартпау шарасын қолдану үшін елеулі маңызы бар және басқа да мән-жайларды ескеруі қажет.

      16. ҚІЖК-нің 153-бабының он бірінші бөлігіне сәйкес, қамауға алу немесе үйде қамап ұстау мерзімін ұзартудың заңдылығын тексеру кезінде соттар қамауға алу мерзімінің сезікті, айыпталушы қамауға алынған сәттен бастап есептелетініне, осы мерзімге тұлғаның сезікті ретінде ұсталған, осы іс бойынша қылмыстық сот ісін жүргізуге байланысты сот шешімі бойынша психиатриялық немесе өзге де медициналық мекемеде мәжбүрлеп ұсталған уақыты да қосылатынына назар аударғандары жөн.

      Прокурордың қамауға алу, үйде қамап ұстау мерзімін ұзарту жөніндегі санкциясының негізділігін анықтай отырып, сот:

      - алдын ала тергеуді (анықтауды) аяқтау жөнінде заңмен белгіленген мерзімде жеткілікті әрі қажетті шаралардың қабылданғанын;

      - егер алдын ала тергеу мерзімі біткен жағдайларда оны өкілетті прокурордың тиісінше ұзартқанын;

      - ҚІЖК-мен белгіленген қамауға алу, үйде қамап ұстау мерзімін ұзартуға негіз болып табылатын ерекше мән-жайларды;

      - тұлғаны қамауға алудың, үйде қамап ұстаудың ұзақтығына ықпал ететін басқа да мән-жайларды;

      - шағымды қарау сәтінде қамауға алу, үйде қамап ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын бұзуға немесе оны неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыруға мүмкіндік беретін себептерді;

      - анықтау, тергеу және прокурордың ҚІЖК-нің 132 , 149 , 150 , 153 және 491-баптарының сақталғанын қосымша анықтауы қажет.

      17. Егер сот ісін жүргізу барысында жаза тағайындауға және оны орындауға болмайтын ақыл-есі кем немесе қылмыс жасағаннан кейін психикасы бұзылған адамдарға қатысты қамауға алу немесе үйде қамап ұстау түрінде бұлтартпау шарасы қолданылса, онда бұл шаралар сөзсіз бұзылуға жатады. Мұндай жағдайларда сот - психиатрия сараптамасының қорытындысында көрсетілген ұсынымдар негізге алына отырып, ҚІЖК-нің 507-бабында көзделген қауіпсіздік шаралары таңдалынып алынуы мүмкін.

      Егер тиісті лауазымды адам қамауға алу, үйде қамап ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын өз құзыретінің шегінде қылмыстық-процессуалдық заңның талаптарын сақтай отырып таңдаса немесе ұзартса және оны бұзатындай немесе өзгертетіндей мән-жайлар болмаса, онда соттар көрсетілген бұлтартпау шарасын бұзу немесе өзгерту туралы шешім қабылдауға және сезіктіні, айыпталушыны қамаудан өз беттерімен босатуға құқылы емес.

      18. Шағымды қараудың нәтижелері туралы судьяның қаулысы дәлелді болуға тиіс. Онда атап айтқанда:

      - айыпталушының, сезіктінің анкеталық мәліметтері;

      - қаралып отырған шағымның мәні және шағымды кімнің бергені;

      - тұлғаның қылмыстық заңның қай бабы бойынша жауапқа тартылып отырғаны;

      - оны кімнің қашан ұстағаны, қамауға алғаны;

      - прокурордың қамауға алу, үйде қамап ұстау немесе олардың мерзімін ұзарту жөніндегі санкциясына шағымдану уәжі;

      - прокурордың қамауға алу, үйде қамап ұстау немесе олардың мерзімін ұзарту жөніндегі санкциясының заңдылығы мен негізділігіне немесе қамауға алу, үйде қамап ұстау түрінде бұлтартпау шарасын бұзу немесе өзгертуге себеп болған дәлелдерге сүйеніп қабылданған шешімнің мәні;

      - бұлтартпау шарасы жеңілдетілген жағдайда өзге қандай бұлтартпау шарасының тағайындалатыны;

      - сезіктінің, айыпталушының қамаудан босатылуы;

      - судьяның қаулысына шағымданудың (наразылық келтірудің) тәртібі мен мерзімі көрсетілуге тиіс.

      Судья қаулысы ҚІЖК-нің 110-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, оны шағымдануға құқығы бар адамдарға дереу жіберіледі және оның көшірмесі қылмыстық іс материалдарына тіркеледі.

      19. Соттың сезіктіні, айыпталушыны қамаудан босату туралы қаулысына шағым беру немесе наразылық келтіру оның орындалуын тоқтата тұратындығы туралы заң талабын бірінші сатының соттары мүлтіксіз сақтаулары қажет.

      20. Сезіктінің, айыпталушының прокурордың қамауға алу, үйде қамап ұстау немесе олардың мерзімін ұзарту жөніндегі санкциясының заңсыздығы туралы шағымын сот қанағаттандырусыз қалдырса, қамауға алу, үйде қамап ұстау мерзімі жаңадан ұзартылған сайын сол тұлға сол қылмыстық іс бойынша қайталап шағым бере алады.

      21. Сот ҚІЖК-нің 110-бабына сәйкес берілген шағым бойынша жеке өндіріс ашады, онда шағым, тараптар ұсынған материалдар, отырысты дайындау туралы мәліметтер, судьяның отырысқа дайындалу және қылмыстық іс материалдарын алдыру туралы қаулысы, сот отырысының хаттамасы, судьяның шағымды қараудың нәтижесі туралы қаулысы және қаралып отырған мәселеге қатысы бар басқа да құжаттар болуға тиіс.

      22. Іс жүргізу заңы бойынша, аудандық (қалалық) соттың судьясының ҚІЖК-нің 110-бабына сәйкес шығарған қаулысына жасалған шағымды (наразылықты) облыстық және оған теңестірілген соттың судьясы жеке-дара қарап:

      - шағымды (наразылықты) қанағаттандырусыз қалдыру, ал судьяның қаулысын күшінде қалдыру;

      - судьяның қаулысын бұзу және прокурор санкциялаған бұлтартпау шарасын немесе олардың мерзімін ұзартуды өзгеріссіз қалдыру;

      - шағымдалған бұлтартпау шарасын бұза немесе оны жұмсағырақ түріне өзгерте отырып, шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы судья қаулысын бұзу туралы шешім қабылдауға құқылы.

      Облыстық немесе оған теңестірілген соттың судьясының шағымы бойынша қабылданған шешім қаулы түрінде ресімделеді және оның көшірмесі қылмыстық іс материалдарына тіркеледі. Соттардың аталған шағымдарды қараудың нәтижелері бойынша шығарған қаулылары қадағалау тәртібімен қайта қарауға жатпайды.

      23. Егер прокурордың қамауға алу, үйде қамап ұстау немесе олардың мерзімін ұзарту жөніндегі санкциясының заңдылығы мен негізділігін тексеру кезінде судья сезіктінің, айыпталушының немесе процеске қатысушы басқа да адамдардың құқықтарына қысым жасайтын, бұлтартпау шарасын таңдап алуға байланысты емес өзге де заң бұзушылықтарды анықтаса, онда ҚІЖК-нің 59-бабының бесінші бөлігіне сәйкес жеке қаулы шығаруға құқылы.

      24. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына енгізіледі және жалпыға бірдей міндетті болып табылады әрі ол ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының Төрағасы


Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының судьясы,


жалпы отырыс хатшысы



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады