"Еңбек (қызмет) міндеттерiн атқару кезiнде қызметкердің өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшін жұмыс берушінің жауапкершілiгiн міндеттi сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 23 мамырдағы N 483 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
      "Еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқару кезiнде қызметкердің өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жұмыс берушiнің жауапкершiлiгiн мiндетті сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжілісiнің қарауына енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы Еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқару кезiнде қызметкердiң өмiрi мен денсаулығына зиян келтіргенi үшін жұмыс берушінiң жауапкершілiгiн мiндеттi сақтандыру туралы

      Осы Заң Қазақстан Республикасында еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқару кезiнде зардап шеккен қызметкердiң өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жұмыс берушiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандырудың (бұдан әрi - мiндеттi сақтандыру) құқықтық, экономикалық және ұйымдық негiздерiн белгiлейдi және сақтандыру жағдайы басталған кезде қызметкерлердiң мүлiктiк мүдделерiн қорғауды мақсат етедi.

      1-бап. Қазақстан Республикасының мiндеттi сақтандыру туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының мiндеттi сақтандыру туралы заңнамасы Қазақстан Республикасы Конституциясына негiзделедi және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленген болса, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      2-бап. Осы Заңмен реттелетiн қарым-қатынастар

      1. Осы Заң мiндеттi сақтандыру субъектiлерi арасында мiндеттi сақтандыру шарттарын жасасу және орындау кезiнде туындайтын қатынастарды реттейдi.
      2. Осы Заң жұмыс берушiлердiң мемлекеттiк мекемелердiң қызметкерлерiне қатысты азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн реттемейдi.
      3. Осы Заң жұмыс берушiлердiң, өздерiнiң қызметiн iске асыруға байланысты азаматтық-құқықтық жауапкершiлiктi ерiктi түрде қосымша сақтандыруды жүзеге асыру құқығын шектемейдi.

      3-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) зиянды өндiрiстiк фактор - белгiлi бiр жағдайларда қызметкердiң сырқатқа ұшырауына және жұмыс iстеу қабiлетiнiң төмендеуiне әсер ететiн өндiрiстiк фактор;
      2) еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқару кезiндегi жазатайым оқиға - нәтижесiнде қызметкер жарақат алған немесе еңбек ету қабiлетiнен толық немесе iшiнара айрылуына, не өлiмге апарып соқтырған, оның денсаулығына өзге де зақым келтiрiлген оқиға;
      3) кәсiби ауру - зиянды өндiрiстiк фактор әсерiнiң салдары болып табылатын қызметкердiң созылмалы немесе қатты сырқатқа шалдығуы, немесе улануы;
      4) кәсiби еңбекке қабiлеттiлiк - қызметкердiң нақты жағдайларда белгiлi бiр бiлiктiлiктегi, көлемдегi және сападағы жұмысты жасына байланысты зейнетақы төлемдерiн алуға құқық беретiн жасқа дейiн орындау қабiлетi;
      5) еңбекке жалпы қабiлеттiлiгi - қызметкердiң шартта көзделген еңбек мiндеттерiн (оның iшiнде бiлiктiлiктi талап етпейтiн жұмысты) орындау қабiлетi;
      6) кәсiби еңбекке қабiлетiнен айрылу деңгейi - Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес белгiленетiн, сақтандыру жағдайы басталғаннан кейiн қызметкердiң еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқару қабiлетiнiң төмендеу деңгейi;
      7) сақтандыру жағдайы - қызметкердiң еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқару кезiнде оның өмiрiне немесе денсаулығына зиян келуiне әкеп соқтырған оқиға, оның басталуы қызметкердiң еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқару кезiнде өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жұмыс берушiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру келiсiмi (бұдан әрi - мiндеттi сақтандыру келiсiмi) сақтандыру төлемдерiн көздейдi;
      8) сақтандыру тарифi - қызметкердiң есептелген еңбекақысына (табысына) пропорционалды есептелген сақтандыру жарнасының мөлшерлемесi.

      4-бап. Мiндеттi сақтандыру объектiсi мен субъектiлерi

      1. Қызметкердiң еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқару кезiнде оның өмiрiне не денсаулығына зиян келтiру салдарынан туындаған мiндеттемелер жөнiндегi жұмыс берушiнiң мүлiктiк жауапкершiлiгi мiндеттi сақтандыру объектiсi болып табылады.
      2. Сақтандыру субъектiлерi:
      сақтанушы - еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқару кезiнде қызметкердiң өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жұмыс берушiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасқан жұмыс берушi;
      сақтандырушы - сақтандырудың осы сыныбын жүзеге асыру құқығына белгiленген тәртiппен лицензия алған сақтандыру ұйымы;
      пайда алушы - сақтандырылған қызметкер немесе Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сәйкес сақтандыру төлемiн алуға құқығы бар адамдар болып табылады.

      5-бап. Мiндеттi сақтандыруға жататын жауапкершiлiк

      Қызметкердiң еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқару кезiнде оның өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшін сақтанушының жауапкершiлiгi Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде көзделген ауқымда мiндеттi сақтандырумен қамтылады.

      6-бап. Сақтанушының құқықтары мен мiндеттерi

      1. Сақтанушының:
      1) мiндеттi сақтандыру шартын жасасу үшiн сақтандырушыны таңдауға;
      2) халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы орталық атқарушы органның аумақтық бөлiмшесi қызметкердi куәландыру кезiнде қатысуға;
      3) өз құқықтарын сот тәртiбiмен қорғауға құқығы бар.
      2. Сақтанушы:
      1) белгiленген тәртiппен және мiндеттi сақтандыру шарттарының негiзiнде сақтандырушыға сақтандыру сыйлықақыларын уақытылы аударуға және сақтандыру жөнiндегi өзiндегi барлық құжаттардың сақталуын қолданыстағы заңдарға сәйкес қамтамасыз етуге;
      2) сақтандыру жағдайларын болғызбау және оның алдын алу шараларын қамтамасыз етуге;
      3) сақтандыру жағдайының фактiсi туралы еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органға және сақтандырушыға тез арада хабарлауға;
      4) сақтандырушыны тарта отырып, сақтандыру жағдайларын заңдарда белгiленген тәртiппен зерттеп тексеруге;
      5) сақтандырушыға сақтандыру жағдайының басталу жай-жапсарын уақытылы және толық анықтауға жәрдемдесуге;
      6) сақтандырушыға сақтандыру төлемдерiн есептеу үшiн қажеттi құжаттарды белгiленген мерзiмде тапсыруға;
      7) қызметкерлердiң мiндеттi медициналық тексеруден өткiзiлуiн уақытылы ұйымдастыруға;
      8) қызметкердiң сақтандыру оқиғаларының алдында болған еңбек жағдайлары туралы құжаттарды еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органға және денсаулық сақтау ұйымдарына тапсыруға;
      9) еңбектiң қауiпсiз әдiстерi мен тәсiлдерiне қызметкерлердi өндiрiстен қол үзбей оқытуға;
      10) еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның қызметкерлердiң еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқару кезiнде жазатайым оқиғаларға ұшырау жағдайларының алдын алу мен тексеру мәселелерi жөнiндегi шешiмiн орындауға;
      11) сақтандыру сыйлықақысын аударуға байланысты есептi жүргiзуге мiндеттi.
      3. Заң актiлерi мен мiндеттi сақтандыру шартында, сондай-ақ сақтанушының басқа да құқықтары мен мiндеттерi көзделуi мүмкiн.

      7-бап. Сақтандырушының құқықтары мен мiндеттерi

      1. Сақтандырушының:
      1) сақтандыру жағдайларын зерттеп тексеруге қатысуға;
      2) халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы орталық атқарушы органның аумақтық бөлiмшесi қызметкердi куәландыру кезiнде қатысуға;
      3) сақтандыру жағдайлары жөнiндегi ақпаратты тексеруге және қажет болған кезде тиiстi уәкiлеттi органдарға сауалдар жiберуге;
      4) сақтандыру қатерiн бағалау үшiн сақтанушының объектiлерiне тексеру жүргiзуге;
      5) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде көзделген жағдайларда сақтандыру төлемiн төлеуден бас тартуға;
      6) сақтандыру жағдайларының алдын алу жөнiнде ұсынымдар беруге құқығы бар.
      2. Сақтандырушы:
      1) сақтанушымен мiндеттi сақтандыру шартын жасасқан кезде оған сақтандыру полисiн беруге;
      2) сақтандыру жағдайлары бойынша қажеттi құжаттарды рәсiмдеудi өз есебiнен жүргiзуге;
      3) қызметкерлер мен жұмыс берушiлерге олардың құқықтары мен мiндеттерiн, сондай-ақ сақтандыру тәртiбi мен жағдайларын түсiндiруге;
      4) Қазақстан Республикасының заңдарына және сақтандыру шартына сәйкес мiндеттi сақтандыру төлемдерiн уақытында жүргiзуге;
      5) сақтандыру құпиясын қамтамасыз етуге мiндеттi.
      3. Мiндеттi сақтандыру шартында, сондай-ақ сақтандырушының басқа да құқықтары мен мiндеттерi көзделуі мүмкiн.

      8-бап. Пайда алушының құқықтары

      1. Пайда алушы:
      1) осы заңда және мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген тәртiппен және шарттармен сақтандыру төлемдерiн алуға;
      2) сақтанушы мен сақтандырушыдан мiндеттi сақтандыру шарттары туралы ақпаратты тегiн алуға;
      3) сақтандыру жағдайын тексеру мәселелерi жөнiндегi шешiмге еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органға немесе сотқа шағымдануға;
      4) халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы орталық атқарушы органның аумақтық бөлiмшесiне медициналық-әлеуметтiк сараптама мәселелерi бойынша өтiнiшпен баруға;
      5) сақтандыру оқиғасының басталғаны туралы сақтандырушыға хабарлауға құқылы.

      9-бап. Еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқару кезiнде қызметкердiң өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жұмыс берушiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы шарт

      1. Мiндеттi сақтандыру шарты: жаңадан құрылған заңды тұлғалар үшiн мемлекеттiк тiркелген сәттен бастап үш ай iшiнде, жұмыс iстеп жүрген заңды тұлғалар үшiн осы Заң күшiне енген сәттен бастап үш ай iшiнде жасалуы тиiс.
      2. Мiндеттi сақтандыру шартында:
      1) тараптардың реквизиттерi:
      сақтандырушының толық атауы, орналасқан жерi, мемлекеттiк тiркеу құжатының нөмiрi мен күнi, сақтандырудың осы түрiне берiлген лицензияның нөмiрi мен күнi;
      сақтандырушының тегi, аты, әкесiнiң аты (болған кезде) оның жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмiрi, берiлген күнi (eгep ол жеке тұлға болып табылса) немесе сақтанушының толық атауы, тұратын жерi, банктiк реквизиттерi, (eгep ол заңды тұлға болып табылса), салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi;
      2) сақтандыру нысанын көрсету;
      3) сақтандыру жағдайын көрсету;
      4) сақтандыру сомасының мөлшерi, сақтандыру төлемдерiн жүзеге асырудың тәртiбi мен мерзiмдерi;
      5) сақтандыру жарналарының (сыйлықақылардың) мөлшерi және төлеу тәртiбi;
      6) шарт жасасушы тараптардың құқықтары, мiндеттерi мен жауапкершiлiгi;
      7) мiндеттi сақтандыру шартын өзгертудiң, бұзудың және мерзiмiн ұзартудың тәртiбi;
      8) мiндеттi сақтандыру шартына өзгерiстер енгiзудiң жағдайлары мен тәртiбi;
      9) мiндеттi сақтандыру шартының нөмiрi мен сериясы;
      10) мiндеттi сақтандыру шартының жасалған күнi мен қолданылу мерзiмi қамтылуы тиiс.
      3. Мiндеттi сақтандыру шарты кемiнде күнтiзбелiк бiр жыл мерзiмге жасалады.
      Жұмыс берушiнiң қызметi бiр жылдан кем мерзiмге жүзеге асырылған кезде, шарт осы қызметтiң жүзеге асырылу мерзiмiне жасалады.
      4. Тараптардың келiсiмi бойынша мiндеттi сақтандыру шартына Қазақстан Республикасы заңдарына қайшы келмейтiн өзге де шарттар енгiзiлуi мүмкiн.

      10-бап. Мiндеттi сақтандыру шартының қолданылуын тоқтату

      1. Мiндетті сақтандыру шарты өзiнiң қолданылуын мынадай жағдайларда тоқтатады:
      1) шарттың қолданылу мерзiмiнiң өтуi;
      2) шартты мерзiмiнен бұрын тоқтату.
      2. Мiндеттi сақтандыру шартының тоқтатылуы сақтанушыны мiндеттi сақтандыру шарты күшiнде тұрған кезеңде болған сақтандыру жағдайлары бойынша пайда алушыға сақтандыру төлемiн жүзеге асыру жөнiндегi мiндеттерден босатпайды.

      11-бап. Мiндеттi сақтандыру шартын мерзiмiнен бұрын тоқтату

      Мiндеттi сақтандыру шарты Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнде көзделген тәртiппен және жағдайларда мерзiмiнен бұрын тоқтатылады.

      12-бап. Мiндеттi сақтандыру шартының жарамсыздығы

      Мiндеттi сақтандыру шартын жарамсыз деп танудың шарттары мен негiзiн, сондай-ақ оның құқықтық салдарларын Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасы белгiлейдi.

      13-бап. Сақтандыру сомасы

      Сақтандыру сомасы мiндеттi сақтандыру шартымен анықталады, бiрақ ол Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген мөлшерден кем болмауы тиiс.

      14-бап. Сақтандыру тарифiн белгiлеу

      1. Мiндеттi сақтандыру бойынша сақтандыру тарифтерiнiң базалық мөлшерiн және оларға қосылатын түзету коэффициенттерiнiң мөлшерiн Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi.
      2. Сақтандырудың жекелеген шарттары бойынша сақтандыру тарифтерiнiң мөлшерi тараптардың келiсiмiмен, базалық сақтандыру тарифтерiнiң негiзiнде, сақтандыру қатерiнiң сипатына қарай түзету коэффициенттерiн қолдана отырып белгiленедi.

      15-бап. Сақтандыру төлемi

      1. Сақтандыру төлемi сақтандыру жағдайының туындау салдарынан пайда алушы шеккен нақты зиян мөлшерiнде және осы бапқа сәйкес есептелген, мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген сақтандыру сомасы шегiнде жүзеге асырылады.
      2. Сақтандырушы сақтандыру өтеуiн төлеудi:
      1) жалақының жоғалған мөлшерiнiң өтемақы бөлiгiнде - пайда алушыға жасы бойынша зейнетақы төлемдерiн алуға құқық беретiн жасқа жеткенге дейiн, еңбек ету қабiлетiнен айрылған барлық уақытына тұрақты төлемдер (айына бiр реттен кем емес) төлеу арқылы;
      2) пайда алушының (қызметкер қайтыс болған жағдайда) жоғалған кiрiсiнiң өтемақы бөлiгiнде - Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде көзделген көлемде және мерзiмде тұрақты төлeмдер (айына бiр реттен кем емес) төлеу арқылы жүргiзедi.
      Бұл ретте, пайда алушының жоғалған еңбекақысы бөлiгiн өтеу кәсiби еңбек ету қабiлетiнен айрылу дәрежесiне сәйкес мөлшерде, ал ол болмаған жағдайда, жалпы еңбек ету қабiлетiнен айрылу дәрежесiне сәйкес, 0,85 коэффициентiмен жүргiзiледi. Мiндеттi сақтандыру шартында сақтандыру төлемiнiң жоғарылатылған мөлшерi белгiленуi мүмкiн.
      3) қызметкердiң денсаулығына зиян келуiнен туындаған қосымша шығындардың өтемақы бөлiгiнде пайда алушы шеккен нақты шығыстар мөлшерiнде, растайтын құжаттарды табыс еткен күннен бастап үш күн iшiнде жүргiзiледi.
      3. Пайда алушыға сақтандыру төлемдерi мiндеттi сақтандыру шарты белгiлейтiн тәртiпте және мерзiмде жүргізіледі.
      Сақтандыру өтеуiн төлеудi қамтамасыз етуге байланысты қосымша шығындардың бәрi сақтандырушының есебiнен жүргiзiледi.
      Сақтанушы таратылған жағдайда сақтандыру өтемiн төлеу Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жүргiзiледi.

      16-бап. Сақтандыру төлемiн керi талап ету құқығы (регресс)

      Сақтандыру төлемiн жүзеге асырған сақтанушының сақтандырушыдан Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде көзделген жағдайларда, төленген сома шегiнде керi талап етуге (peгpecc), құқығы бар.

      17-бап. Сақтанушыны сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан босатудың негіздемесi

      Сақтанушы Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексiнде көзделген жағдайларда сақтандыру төлемдерiнен толық немесе iшiнара бас тартуға құқылы.

      18-бап. Қызметкердiң еңбек ету қабiлетiнен айрылуын куәландырудың тәртiбi

      1. Қызметкердiң (қызметкерлердiң) бiр күннен артық еңбек ету қабiлетiнен айрылуына әкеп соқтыратын өндiрiспен байланысты болған әрбiр жазатайым оқиға медициналық қорытындыға сәйкес белгiленген тәртiппен өндiрiстегi жазатайым оқиға туралы актiмен рәсiмделедi.
      2. Қызметкердiң кәсiби еңбек ету қабiлетiнен, ал ол болмаған жағдайда - жалпы еңбек ету қабiлетiнен айрылуы дәрежесiн куәландыруды халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы орталық атқарушы органның аумақтық бөлімшесi сақтанушының, сақтандырушының, не қызметкердің өтiнiшi бойынша немесе сот шешiмi бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргiзедi.
      Денсаулық сақтау органының қорытындысы мен өндiрістегі жазатайым оқиға туралы актi куәландыру үшiн негiз болып табылады.
      Жазатайым оқиға немесе кәсiби ауру салдарынан еңбек ету (кәсiби немесе жалпы) қабiлетiнен айрылу дәрежесiн белгiлеу үшiн қызметкердi куәландырудың, сондай-ақ қосымша көмек пен күтiмге мұқтаждығын белгiлеудiң тәртiбiн еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi орган азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша бекiтедi.

      19-бап. Мiндеттi сақтандыру субъектiлерiнiң жауапкершiлiгi

      1. Сақтанушы мiндеттi сақтандыру шартының уақытылы жасалуына, сондай-ақ сақтандыру сыйлықақыларының толық және уақытында төленуiне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      2. Сақтанушы сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру туралы мәселенi қарау кезiнде сақтандырушыға берiлетiн құжаттардағы мәлiметтердiң дұрыстығы үшiн жауаптылықта болады. Сақтандыру жағдайын растаушы құжаттардың тiзбесi мен келтiрiлген зиянның нақты мөлшерiн еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.
      3. Сақтанушының дұрыс ақпарат бермеуi сақтандыру төлемдерiн жоғарылатуға себеп болған жағдайда, сақтанушы сақтандырушыға артық төленген соманы өтеуге мiндеттi.
      4. Сақтандырушы сақтандыру төлемдерiнiң дұрыс және уақытылы жүзеге асырылуы үшiн осы Заңға сәйкес жауап бередi.
      5. Сақтандырушы сақтандыру төлемдерiн төлеудi кешiктiрген жағдайда пайда алушыға мiндеттi сақтандыру шартында көзделген мөлшерде өсiмақы төлейдi.
      6. Сақтанушының кезектi сақтандыру жарналарын уақытында немесе толық төлемеуi, егер мiндеттi сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, сақтандыру төлемдерiнен бас тартуға немесе оның мөлшерiн азайтуға негiз болмайды.

      20-бап. Мiндеттi сақтандыруды мемлекеттiк реттеу

      1. Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) сақтандыру жағдайының мән-жайларына тексеру жүргiзудiң тәртiбiн;
      2) денсаулыққа зиян келуiнен туындаған қосымша шығындар түрлерiн есептеуге арналған ең төменгi нормативтердi бекiтедi.
      2. Халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша жазатайым оқиға немесе кәсiби ауру салдарынан кәсiби еңбек ету қабiлетiнен, ол болмағанда жалпы еңбек ету қабiлетiнен айрылу дәрежесiн белгiлеудiң тәртiбiн бекiтедi.
      3. Азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы уәкiлеттi орган кәсiби аурулардың тiзiмiн (тiзбесiн) бекiтедi.
      4. Сақтанушының осы Заңның талаптарын орындауын бақылауды еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган жүзеге асырады.

      5. Сақтандыру ұйымдарының қызметiн қадағалауды сақтандыру қызметiн реттеу және қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес жүзеге асырады.

      21-бап. Дауларды шешу

      Осы Заңды орындау жөнiнде сақтандыру субъектiлерi арасында туындаған даулардың бәрi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шешiледi.

      22-бап. Сақтандыру субъектiлерiне статистикалық есептiлiк

      Мiндеттi сақтандыру субъектiлерiнiң мемлекеттiк статистикалық есеп берулерi статистика мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.

      23-бап. Осы Заңды қолдануға енгiзудiң тәртiбi

      Осы Заң 2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады