"Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 19 қыркүйектегі N 957 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
      "Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжілісінің қарауына енгiзілсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне
мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру мәселелерi бойынша
өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мынадай заң актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгізілсін:
      1. "Банкроттық туралы" 1997 жылғы 21 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнің Жаршысы, 1997 ж., N 1-2, 7-құжат; N 13-14, 205-құжат; 1998 ж., N 14, 198-құжат; N 17-18, 225-құжат; 2000 ж., N 22, 408-құжат; 2001 ж., N 8, 52-құжат; N 17-18, 240-құжат; N 24, 338-құжат; 2002 ж., N 17, 155-құжат; 2003 ж., N 4, 26-құжат):
      1) 1-баптың 14) тармақшасы  "төлемдер" деген сөзден кейiн ",  сондай-ақ Мемлекеттiк әлеуметтік сақтандыру қорына мiндеттi әлеуметтiк аударымдар төлеу" деген сөздермен толықтырылсын;
      2) 11-баптың 2-тармақшасында "төлеу" деген сөзден кейiн "Мемлекеттiк әлеуметтік сақтандыру қорына міндеттi әлеуметтiк аударымдар" деген сөздермен толықтырылсын;
      3) 18-баптың 2-тармақшасы мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "5-1) Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына мiндеттi әлеуметтiк аударымдар төлеу бойынша берешектiң сомасы";
      4) 29-баптың 2-тармағының 4) тармақшасы "төлемдер" деген сөзден кейiн ", сондай-ақ Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына міндеттi әлеуметтік аударымдар төлеу" деген сөздермен толықтырылсын;
      5) 47-баптың 1-тармағының 3) тармақшасында "төлемдер" деген сөзден кейiн ", сондай-ақ Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына міндеттi әлеуметтiк аударымдар" деген сөздермен толықтырылсын;
      6) 75-баптың 5-тармағы "төлемдер" деген сөзден кейiн ", сондай-ақ Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына мiндеттi әлеуметтiк аударымдар төлеу" деген сөздермен толықтырылсын;
      7) 80-бапта:
      1-тармақта "бойынша" деген сөзден кейiн ", сондай-ақ Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына мiндеттi әлеуметтік аударымдар төлеу жөніндегi" деген сөздермен толықтырылсын;
      2-тармағы "төлемдер" деген сөзден кейiн ", сондай-ақ Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына мiндеттi әлеуметтiк аударымдар" деген сөздермен толықтырылсын.
      2. Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 1 шiлдедегi Азаматтық Кодексiне (Ерекше бөлiм) (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., N 16-17, 642-құжат; N 23, 929-құжат; 2000 ж., N 3-4, 66-құжат; N 10, 244-құжат; N 22, 408-құжат; 2001 ж., N 23, 309-құжат; N 24, 338-құжат; 2002 ж., N 10, 102-құжат; 2003 ж., N 1-2, 7-құжат):
      1) 741-баптағы "және Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заң актiсiнде" деген сөздер "және Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру және мiндеттi әлеуметтік сақтандыру туралы заң актiлерiнде" деген сөздермен ауыстырылсын;
      2) 742-баптың 2-тармағының 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "2) екiншi кезекте клиенттің мiндеттi зейнетақы жарналарын жинақтаушы зейнетақы қорларына және мiндетті әлеуметтік аударымдарды Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына аудару жөнiндегi мiндеттемелерi бойынша, сондай-ақ еңбек шарты, оның iшiнде келiсiм-шарт бойынша жұмыс iстейтiн адамдармен жұмыстан шығу жәрдемақыларын төлеу және еңбегiне ақы төлеу бойынша авторлық шарт жөніндегi сыйақы төлеу бойынша есеп айырысу үшiн ақша алуды көздейтiн атқарушы құжаттар бойынша ақша алу жүргізіледі;".
      3. "Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы" 2001 жылғы 30 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Кодексiне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., N 5-6, 24-құжат; 2001 ж., N 17-18, 241-құжат; 2001 ж., N 21-22, 281-құжат; 2002 ж., N 4, 33-құжат; N 17, 155-құжат):
      1) мынадай мазмұндағы 88-1-баппен толықтырылсын:
      "88-1-бап. Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы заңнаманы бұзу
      1. Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қоры мен Зейнетақы төлеу жөнiндегi орталықтың лауазымды адамдарының кiнәсiнен Қазақстан Республикасының мiндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңдарында белгіленген мерзімдерде әлеуметтiк төлемдердің төленбеуi - лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткіштiң жиырмаға дейiнгi мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
      2. Жеке кәсiпкердің, жеке нотариустың, адвокаттың, заңды тұлғаның немесе оның лауазымды адамдарының Мемлекеттiк әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдарды аудару жөнiндегi міндетін орындамауы немесе тиісiнше орындамауы -
      лауазымды адамдарға айлық есептік көрсеткіштің жиырмадан қырыққа дейінгі мөлшерiнде, жеке кәсiпкерлерге, жеке нотариустарға, адвокаттарға немесе заңды тұлғаларға - аударылмаған (уақытылы аударылмаған) мiндеттi әлеуметтiк аударымдар сомасының елу пайызы мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.";
      2) 570-баптың бiрiншi бөлiгі "88 (үшiншi бөлiгiнде)" деген сөздерден кейiн ", 88-1 (екiншi бөлiкте)," деген сөздермен толықтырылсын;
      3) 574-баптың бiрiншi бөлiгiндегi "88-бабында (екiншi бөлiгiнде)" деген сөздер "88 (екiнші бөлiгiнде), 88-1 (бiрінші бөлiгiнде)" деген сөздермен ауыстырылсын.

      2-бап. Осы Заң 2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгiзiледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады