"Қазақстан Республикасының кейбiр заң актілерiне аудиторлық қызмет мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 6 қарашадағы N 1102 қаулысы

      Ескерту. Заң жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнен қайтарып алынды - ҚР Үкіметінің 2004.04.27. N 471 қаулысымен .

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
      "Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне аудиторлық қызмет мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Жоба

    Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне
аудиторлық қызмет мәселелерi бойынша өзгерiстер
мен толықтырулар енгiзу туралы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мынадай заң актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:

      1. "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 сәуiрдегi Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесiнiң Жаршысы, 1995 ж., N 3-4, 37-құжат; N 12, 88-құжат; N 14, 93-құжат; N 15-16, 109-құжат; N 24, 162-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., N 8-9, 236-құжат; 1997 ж., N 1-2, 8-құжат; N 7, 80-құжат; N 11, 144, 149-құжаттар; N 12, 184-құжат; N 13-14, 195, 205-құжаттар; N 22, 333-құжат; 1998 ж., N 14, 201-құжат; N 16, 219-құжат; N 17-18, 222, 224, 225-құжаттар; N 23, 416-құжат; N 24, 452-құжат; 1999 ж., N 20, 721-727-құжаттар; N 21, 787-құжат; N 22, 791-құжат; N 23, 931-құжат; N 24, 1066-құжат; 2000 ж., N 10, 248-құжат; N 22, 408-құжат; 2001 ж., N 1, 7-құжат; N 8, 52, 54-құжаттар; N 13-14, 173, 176-құжаттар; N 23, 321-құжат; N 24, 338-құжат; 2002 ж., N 2, 17-құжат; N 15, 151-құжат; N 19-20, 165-құжат; 2003 ж., N 1-2, 2-құжат; N 4, 25-құжат; N 6, 34-құжат; N 10, 50, 51-құжаттар; N 11, 69-құжат; N 15, 139-құжат):
      1) 15-бап мынадай мазмұндағы тоғызыншы тармақпен толықтырылсын:
      "Аудиторлық қызметтi жүзеге асыруға арналған лицензияны беру шарты мен тәртiбi Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңдарында анықталады.";
      2) 21-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:
      "6) лицензиат қайтыс болғанда немесе оны өлдi деп жариялағанда.".

      2. "Аудиторлық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 20 қарашадағы Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1998 ж., N 22, 309-құжат; 2000 ж., N 22, 408-құжат; 2001 ж., N 1, 5-құжат; N 8, 52-құжат; 2002 ж., N 23-24 193-құжат; 2003 ж., N 11, 56-құжат; N 12, 86-құжат):
      1) 2-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "2-бап. Аудиторлық қызмет
      1. Аудиторлық қызмет дегенiмiз аудиттi жүргiзу жөнiндегi кәсiпкерлiк қызмет.
      2. Аудиторлық қызметпен айналысуға лицензиясы бар аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың аудиторлық қызметпен айналысуға құқығы бар.
      Аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкер ретiнде жүзеге асыратын аудиторлар және аудиторлық ұйымдар аудиттен басқа өз қызметiнiң бейiнi бойынша мынадай қызметтердi көрсете алады:
      1) iлеспе қызметтер (шолу, келiсiлген рәсiмдер, компиляция), арнаулы мақсаттағы аудит, оларды өткiзу қағидаттары мен рәсiмдерi халықаралық аудит стандарттарымен анықталатын перспективалық қаржылық есептiлiктi тексеру;
      2) бухгалтерлiк есептi қалпына келтiру және жүргiзу, қаржылық есептiлiк жасау;
      3) iшкi аудиттi бағалауды жүргiзу;
      4) салықтық жоспарлау, бюджетке төленетiн міндеттi төлемдердiң есебi, салық декларацияларын толтыру;
      5) статистикалық есептiлiк жасау;
      6) қаржы-шаруашылық қызметтi талдау және қаржылық жоспарлау;
      7) бухгалтерлiк есептi жүргiзу және қаржылық есептiлiктi жасау мәселелерi жөнiнде, сондай-ақ салық салу мәселелерi жөнiнде консультация беру;
      8) оқытушылық, ғылыми қызмет;
      9) бухгалтерлiк есептi жүргiзу және қаржылық есептiлiктi жасау, салық салу, қаржы-шаруашылық қызмет пен қаржылық жоспарлаудың аудитi және оны талдау жөнiнде оқыту;
      10) бухгалтерлік есепті жүргiзудi автоматтандыру және қаржылық есептiлiктi жасау жөнiндегі ұсынымдар, бухгалтерлiк есептi автоматтандырылған жүргiзуге және қаржылық есептiлiкті жасауға оқыту;
      11) бухгалтерлік есептi жүргізу және қаржылық есептiлiктi жасау, қаржы-шаруашылық қызметтi талдау және қаржылық жоспарлау жөнiндегі, iлеспе қызметтердi көрсету, арнайы мақсаттағы аудит, перспективалық қаржылық ақпаратты тексеру жөнiндегі әдiстемелiк құралдар мен нұсқаулықтарды әзiрлеу;
      12) бағалау қызметi;
      13) адвокаттық қызметке байланысты емес заң қызметтерiн көрсету жөнiнде қызметтер көрсете алады.
      Егер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес осы тармақта көзделген жекелеген қызмет түрлерiн көрсету тиiстi лицензия алуды қажет етсе, аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың осындай лицензиясыз бұл қызметтердi көрсетуге құқығы жоқ.
      3. Аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкерлер ретiнде жүзеге асыратын аудиторларға және аудиторлық ұйымдарға осы бапта көзделмеген кәсiпкерлiк қызметтiң өзге түрлерiмен айналысуға тыйым салынады.";
      2) мынадай мазмұндағы 3-1-баппен толықтырылсын:
      "3-1-бап. Халықаралық аудит стандарттары
      Аудит Халықаралық бухгалтерлер федерациясы жанындағы Халықаралық аудит практикасы жөнiндегi комитет бекiткен халықаралық аудит стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады.";
      3) 4-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "4-бап. Аудит
      1. Аудит осы қаржылық есептiлiк Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп және қаржылық есептiлiк туралы заңдарына сәйкес және (немесе) бухгалтерлiк есептi жүргiзу мен қаржылық есептiлiктi жасаудың өзге негiздерiмен дайындалды ма дегенге қатысты тәуелсiз пiкiр бiлдiру мақсатында заңды тұлғалардың (бұдан әрi - аудиттелетiн субъектiлер) қаржылық есептiлiгiн тексеруiн бiлдiредi.
      2. Аудит мiндеттi және бастамашылық болуы мүмкiн.
      Аудит жүргiзу Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда мiндеттi болып табылады.
      Бастамашылық аудит аудиттелетiн субъектi мен аудиторлық ұйымның аудиторы арасындағы аудит жүргiзуге арналған шартта көзделген аудиттiң нақты мiндеттерiн, мерзiмi мен көлемiн ескере отырып аудиттелетiн субъектiнiң бастамасы бойынша жүргiзiледi.";
      4) мынадай мазмұндағы 4-1-баппен толықтырылсын:
      "4-1-бап. Қазақстан Республикасында аудиторлық қызметтi реттеу.
      1. Қазақстан Республикасында аудиторлық қызметтi реттеудi Қазақстан Республикасының Үкiметi анықтайтын уәкiлеттi мемлекеттiк орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) жүзеге асырады.
      2. Уәкілеттi орган:
      1) республикада халықаралық аудит стандарттарын енгiзу жөнiндегi бiрыңғай мемлекеттiк саясатты жүргiзедi және олардың қолданылуын бақылауды жүзеге асырады;
      2) Халықаралық аудиторлық практика жөнiндегi комитет қайта қабылдаған стандарттарды және оларға енгiзілген өзгерiстердi тарату үшiн жағдайлар жасайды;
      3) Қазақстан Республикасының аудиторлық қызметтi реттейтiн мәселелер жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлерiн әзiрлейдi және қабылдайды және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
      4) аудиторлық қызметтi жүзеге асыруға лицензия берудi жүзеге асырады;
      5) себептерiн көрсете отырып, "аудитор" бiлiктiлiк куәлiгiнiң күшiн жою туралы Аудиторлыққа кандидаттарды аттестаттау жөнiндегi бiлiктiлiк комиссияларына ұсыныстар енгiзедi;
      6) басқа мемлекеттiк органдармен, аудиторлар палатасымен және өзге ұйымдармен аудиторлық қызмет мәселелерi бойынша өзара iс-қимыл жүргiзедi;
      7) аудиторлыққа кандидаттарды аттестаттау тәртiбiн және емтихан сұрақтарының тiзбесiн бекiтедi;
      8) Аудиторға кандидаттарды аттестаттау жөнiндегi бiлiктiлiк комиссиясын аккредиттеудi жүргiзедi";
      5) 5-бапта:
      1-тармақта "Бiлiктiлiк" деген сөз "Аудиторға кандидаттарды аттестаттау жөнiндегi бiлiктiлiк" деген сөздермен ауыстырылсын, "куәлiк" деген сөз "бiлiктiлiк куәлiгiн" деген сөздермен ауыстырылсын;
      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Аудитор аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкер ретiнде жүзеге асыратын бiр аудитормен ғана еңбек қатынасында тұруға немесе бiр ғана аудиторлық ұйымның қызметкерi болуға не аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкер ретiнде жүзеге асыруға құқылы.";
      мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:
      "3. Аудитор заңды тұлғалардың құрылтайшысы болуға құқылы.
      Аудитор бiр ғана аудиторлық ұйымның қатысушысы бола алады.";
      6) 6-бапта:
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Аудиторлық ұйым - аудиторлық қызметтi шаруашылық серiктестiгiнiң ұйымдастыру-құқықтық нысанында жүзеге асыру үшiн құрылған коммерциялық ұйым.";
      2-тармақта "қызметтi" деген сөзден кейiн "олар" деген сөзбен толықтырылсын;
      4-тармақта "аудиторлық ұйымдарға тиесiлi үлес кемiнде 51 процент" деген сөздер "шетелдiк аудиторлық ұйымдарға тиесiлi үлес жүз процент" деген сөздермен ауыстырылсын;
      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "5. Аудиторлық ұйымның басшысында "аудитор" бiлiктiлiк куәлiгiнiң болуы мiндеттi.
      Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес, сондай-ақ осы Заңның 13-бабының 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген негіздер бойынша бұрын лицензиясы керi қайтарып алынған аудиторлық ұйымды басқарушы аудитор лицензиясын керi қайтарып алу туралы шешiм қабылданған күннен бастап үш жыл бойы аудиторлық ұйымның басшысы бола алмайды.";
      мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:
      "6. Қазақстан Республикасының аумағында аудиторлық қызметтi жүзеге асыратын аудиторлық ұйым Қазақстан Республикасының басқа аудиторлық ұйымы-резидентiнiң қатысушысы және құрылтайшысы бола алмайды.";
      7) 7 және 8-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
      "7-бап. Республикалық аудиторлар палатасы
      1. Республикалық аудиторлар палатасы (бұдан әрi - Палата) коммерциялық емес, тәуелсiз, кәсiби, өзiн-өзi басқаратын ұйым болып табылады.
      2. Палата заңды тұлға болып табылады және оның мүшелерiнiң жалпы жиналысында қабылданатын жарғының негiзiнде әрекет етедi.
      3. Палата ерiктi негiзде аудиторларды, аудиторлық ұйымдарды бiрiктiредi және мүшелiк жарналардың және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге көздердiң есебiнен қаржыландырылады.
      4. Аудиторлар палатасының құрылымы және жұмыс органдары оның жарғысында анықталады.
      5. Палатаны қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      8-бап. Аудиторлар палатасының өкiлеттiктерi
      1. Республикалық аудиторлар палатасы:
      1) аудиттiң дамуына, оның тиiмдiлiгiн арттыруға, аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың қызметiн ұйымдастыруға және үйлестiруге ықпал етедi;
      2) аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың аудит стандарттарының талаптарын сақтауын қамтамасыз етедi;
      3) аудиторлардың, аудиторлық ұйымдар мен аудиттелетiн субъектiлердiң аудиторлық қызметтi жүзеге асыруына байланысты дауларын қарайды;
      4) өз мүшелерiнiң Қазақстан Республикасының аудиторлық қызметтi жүзеге асыруға байланысты нормативтiк құқықтық актiлерiмен, стандарттармен және әдістемелік құжаттармен қамтамасыз етедi;
      5) аудиторлар мен аудиторлық ұйымдар Қазақстан Республикасының aудиторлық қызмет мәселелерi жөнiндегi заңдарының талаптарын бұзу фактiлерiн анықтаған жағдайда уәкiлеттi органды хабардар етедi;
      6) аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың жұмыс тәжiрибесiн талдайды, қорытындылайды және таратады;
      7) мемлекеттiк, қоғамдық, шетелдiк және халықаралық ұйымдарда палата мүшелерiнiң мүдделерiн бiлдiредi;
      8) аудиторлық қызметтi жүзеге асыру процесiнде аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкерлер ретiнде жүзеге асыратын аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарда, сондай-ақ олардың клиенттерiнде туындайтын мәселелер бойынша қорытындылар бередi;
      9) осы Заңда белгiленген жағдайларда себептерiн көрсете отырып, "аудитор" бiлiктiлiк куәлiгiнiң күшiн жою туралы және лицензияның күшiн тоқтатып қою туралы ұсыныстар енгiзедi;
      10) "аудитор" бiлiктiлiгiн алуға аттестациядан өтуге тiлек бiлдiрген тұлғаларды дайындауды жүзеге асырады;
      11) аудиторлық қызмет жөнiндегi оқу әдебиетiн, әдiстемелiк нұсқаулықтар мен әдiстеменi, мерзiмдi баспа басылымдарын әзiрлейдi, шығарады және таратады;
      12) халықаралық ұйымдардың бухгалтерлiк есеп және аудиторлық қызмет жөнiндегi жұмысына қатысады.
      2. Палатаға осы бапта көзделмеген өзге қызмет түрлерiмен айналысуға тыйым салынады.";
      8) 3-тараудың атауында "аудиторлыққа" деген сөз "аудитор" бiлiктiлiгiн алуға" деген сөздермен ауыстырылсын;
      9) 9, 10, 11, 12 және 13-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
      "9-бап. "Аудитор" бiлiктiлiгiн алуға кандидаттарды аттестаттау
      1. Аттестаттау деп аудиторлыққа кандидаттарды аттестаттау жөнiндегi бiлiктiлiк комиссиясы емтихан өткiзу арқылы кандидаттарға "аудитор" бiлiктiлiгiн беруге кандидаттардың бiлiктiлiк деңгейiн осы комиссияның анықтауы.
      2. Аудиторлыққа кандидаттарды аттестаттауды жүргiзу тәртiбiн және емтихан сұрақтарының тiзбесiн аудиторлыққа кандидаттарды аттестаттау жөнiндегi бiлiктiлiк комиссиясы әзiрлейдi және уәкiлеттi орган бекiтедi.
      3. Аудиторлыққа кандидаттарды аттестаттауды Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен аккредиттелген бiлiктiлiк комиссиясы жүзеге асырады.
      4. Аттестацияға жоғары кәсiби бiлiмi бар және соңғы алты жылдың:
      1) бухгалтерлiк есеп және қаржылық есептiлiк немесе аудит, немесе қаржы-шаруашылық қызметiн талдау немесе құқық саласында немесе экономикалық, немесе қаржы және бақылау-тексеру салаларында кемiнде үш жыл;
      2) жоғары оқу орындарында бухгалтерлiк есеп және қаржылық есептілiк немесе аудит саласында ғылыми, оқытушылық қызмет және осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетiлген салаларда кемiнде үш жыл жұмыс стажы бар тұлғалар жiберiледi.
      5. Аттестаттаудан өткен тұлғалар "аудитор" бiлiктiлiгiн беру туралы бiлiктiлiк куәлiгiн және бiлiктiлiк куәлiгiнiң нөмiрiн, тегiн, жеке атын, сондай-ақ қалауы бойынша - әкесiнiң атын көрсете отырып, аудитордың жеке мөрiн (бұдан әрi - жеке мөр) алады.
      "Аудитор" бiлiктiлiгiн беру туралы шешiмдi Палата анықтайтын мерзiмдi баспа басылымдарында мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде Палата жариялайды.
      6. Аттестаттаудан өтпеген адамдар қайта аттестаттаудан өтуге кемiнде алты айдан кейiн жiберiледi.
      10-бап. Аудиторлыққа кандидаттарды аттестаттау жөнiндегi бiлiктiлiк комиссиясы
      1. Аудиторлыққа кандидаттарды аттестаттау жөнiндегi бiлiктiлiк комиссиясы Палата жанынан құрылады.
      2. Аудиторлыққа кандидаттарды аттестаттау жөнiндегi бiлiктiлiк комиссиясының төрағасы болып оның мүшелерiнiң қатарынан аудиторлық қызметпен айналысатын аудитор сайланады.
      3. Аудиторлыққа кандидаттарды аттестаттау жөнiндегі бiлiктiлiк комиссиясы Палата жиналысында (конференциясында) бекiтетiн ереженiң негiзiнде әрекет етедi.
      4. Аудиторлыққа кандидаттарды аттестаттау жөнiндегі бiлiктiлiк комиссиясының жұмыс нәтижесi бойынша Палата шешiм қабылданған күннен бастап отыз күнтiзбелiк күн iшiнде уәкiлеттi органға "аудитор" бiлiктiлiгi берiлген не "аудитор" бiлiктiлiк куәлiгiнiң күшi жойылған тұлғалар туралы ақпаратты беруге мiндеттi.
      11-бап. "Аудитор" бiлiктiлiк куәлiгiнiң күшiн жою
      1. "Аудитор" бiлiктiлiк куәлiгiнiң күшiн Аудиторлыққа кандидаттарды аттестаттау жөнiндегi бiлiктiлiк комиссиясы жояды.
      "Аудитор" бiлiктiлiк куәлiгiнiң күшiн жою туралы шешiмдi Палата анықтайтын баспа басылымдарында мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде Палата жариялайды.
      2. "Аудитор" бiлiктiлiк куәлiгi мынадай жағдайларда күшiн жояды:
      1) "аудитор" біліктілігін беруге кандидаттарды аттестаттауға жiберу үшiн ұсынылған мәлiметтердiң дұрыс еместiгі анықталған;
      2) көрiнеу жалған деп танылған аудиторлық есеп жасалған;
      3) аудит стандарттарының талаптарын сақтамаған және Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңдарын бұзған.
      3. "Аудитор" бiлiктiлiк куәлiгiнiң күшi жойылған тұлғалар қайта аттестаттауға кемiнде бiр жылдан кейiн жiберiледi.
      4. Аудитор үш айлық мерзiмде Аудиторлыққа кандидаттарды аттестаттау жөнiндегi бiлiктiлiк комиссиясының шешiмiн сот тәртiбiмен шағымдануға құқылы.
      12-бап. Аудиторлық қызметтi лицензиялау
      1. Аудиторлық қызметпен айналысуға лицензияны уәкiлеттi орган бередi, оларды беру шарты мен тәртiбiн Қазақстан республикасының Үкiметi бекiтедi.
      2. Аудиторлық қызметпен айналысуға берiлетiн лицензия бас болып табылады және Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында қолданылады.
      3. Банктердiң, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, жинақтаушы зейнетақы қорларының аудитiн жүргiзуге лицензияларды қаржылық рынок пен қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөнiндегi уәкiлеттiк берiлген мемлекеттiк орган аудиторлық қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы болған кезде олар белгiлеген тәртiппен береді.
      4. Аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкер ретiнде жүзеге асыратын аудиторларға және аудиторлық ұйымдарға берiлген лицензиялар туралы мәлiметтер тiзiлiмде көрсетiледi.
      Тiзiлiмдi жүргiзудi, мерзiмдi баспа басылымдарында мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде лицензия беру, керi қайтарып алу, қолданылуын тоқтатып қою және тоқтату туралы мәлiметтердi жариялауды уәкiлеттi орган қамтамасыз етедi.
      5. Лицензия беруден бас тарту туралы шешiм сот тәртiбiмен бiр айлық мерзiмде шағымдалуы мүмкiн.
      13-бап. Лицензияны керi қайтарып алу
      1. Лицензияны керi қайтарып алу Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген, сондай-ақ:
      1) көрiнеу жалған деп танылған аудиторлық есеп жасалған;
      2) аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкер ретiнде жүзеге асырған аудитордың немесе аудиторлық ұйымның басшысының бiлiктiлiк куәлiгiнiң күшiн жойған жағдайларда жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасының заң актiлерiне, сондай-ақ осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларына сәйкес лицензиясы керi қайтарып алынған аудитор мен ұйымға кейiннен мұндай лицензия кемiнде бiр жылдан кейiн берiледi.
      Лицензияны керi қайтарып алу туралы шешiм сот тәртiбiмен үш айлық мерзiмде шағымдалуы мүмкiн.";
      10) мынадай мазмұндағы 13-1-баппен толықтырылсын:
      "13-1-бап. Банктердiң, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, жинақтаушы зейнетақы қорларының аудитiн жүргізуге лицензиялардың қолданылуын тоқтатып қою, қайтарып алу және тоқтату
      Банктердiң, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, жинақтаушы зейнетақы қорларының аудитiн жүргiзуге лицензиялардың қолданылуын тоқтатып қою, қайтарып алу және тоқтату тәртiбi қаржы рыногi мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.";
      11) 14-баптың 2-тармағының екiншi бөлiгiнде "тиiстi қызметтер көлемi," деген сөздер алынып тасталсын;
      13) 15-бапта:
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкер ретiнде жүзеге асыратын аудитор немесе аудиторлық ұйым жүргiзетiн аудит нәтижелерi бойынша аудиторлық есеп жасалады, ол осы Заңның талаптарына, өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерге және халықаралық аудит стандарттарға сәйкес келуi тиiс.
      Аудиторлық есеп деп мемлекеттiк және (немесе) орыс тiлдерiнде жасалған және аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкер ретiнде жүзеге асыратын аудитордың немесе аудиторлық ұйымның аудиттелетiн субъектiнiң қаржылық есептiлiгi Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептiлiк туралы заңдарына және (немесе) бухгалтерлік есептi жүргiзу және қаржылық есептiлiктi жасаудың өзге негiздерiне сәйкес дайындалған ба деген қатысты тәуелсiз пiкiрiн қамтитын жазбаша ресми құжат болып табылады.";
      2-тармақта "заңдарға" деген сөз "Қазақстан Республикасының заңдарына" деген сөздермен ауыстырылсын;
      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "3. Аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкер ретiнде жүзеге асыратын аудитор жасаған аудиторлық қызметке ол қол қояды және өзiнiң жеке мөрiмен куәландырады.
      Аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкер ретiнде жүзеге асыратын аудитормен еңбек қатынасында тұратын аудитор жасаған аудиторлық есепке орындаушы-аудитор қол қояды, оның жеке мөрiмен куәландырылады, аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкер ретiнде жүзеге асыратын аудитор бекiтедi және оның жеке мөрiмен расталады.
      Аудиторлық есепте сондай-ақ лицензияның нөмiрi және берiлген күнi көрсетiледi.
      Банктердiң, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, жинақтаушы зейнетақы қорларының аудитi жүргiзiлген жағдайда, аудиторлық есепте сол сияқты, көрсетiлген ұйымдардың қызметiн реттеудi және қадағалауды жүзеге асыратын уәкiлеттi органның лицензиясын беру нөмiрi мен күнi көрсетiледi.";
      4-тармақта:
      бiрiншi бөлiгiнде "ұйымның мөрiмен" деген сөздер "оның жеке мөрiмен және аудиторлық ұйымның мөрiмен" деген сөздермен ауыстырылсын;
      13) мынадай мазмұндағы 15-1-баппен толықтырылсын:
      "15-1-бап. Көрiнеу дұрыс емес аудиторлық есеп
      Көрiнеу дұрыс емес аудиторлық есеп - аудит жүргiзiлмей жасалған немесе аудит нәтижелерi бойынша жасалған, бiрақ аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкер ретiнде жүзеге асыратын аудитордың немесе аудиторлық ұйымның пiкiрiн қамтитын, аудиттелетiн субъектiнiң қаржылық есептiлiгiн пайдаланушыларды елеулi аспектiлер бойынша аудиттелетiн субъектiнің қаржылық жағдайын шын және анық көрсетуге, қызметiнiң нәтижелерiне және қаржылық жағдайындағы өзгерiстерге қатысты қасақана жаңылыстыратын аудиторлық есеп.
      Банктердi, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын, жинақтаушы зейнетақы қорларын тексеру туралы аудиторлық есеп көрсетiлген ұйымдардың қызметiн реттеу және қадағалауды жүзеге асыратын уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес мiндеттi түрде көрсетiлуге жататын мәселелер жөнiнде аудитордың пiкiрiн қамтуы тиiс.
      Aудиторлық есепте мiндеттi мәселелер жөнiнде аудитордың пiкiрi болмаған немесе оның нақты деректермен сәйкессiздiгi болған жағдайда, осындай есеп жарамсыз болып танылады.";
      14) 16-тармақ алынып тасталсын;
      15) 5-тараудың атауында "аудиторлар" деген сөздiң алдынан "аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкерлер ретiнде жүзеге асыратын" деген сөздермен толықтырылсын;
      16) 17-бапта:
      атауында және 1, 2, 3-тармақтарда "аудиторлар" деген сөздiң алдынан тиiстi септiктегi "аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкерлер ретiнде жүзеге асыратын" деген сөздермен толықтырылсын;
      3-тармақта "тексерулер" деген сөз "аудит" деген сөзбен ауыстырылсын;
      17) 18-бапта:
      атауында "аудиторлар" деген сөздiң алдынан "аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкерлер ретiнде жүзеге асыратын" деген сөздермен толықтырылсын;
      1-тармақта:
      бiрiншi бөлiгі мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкерлер ретiнде жүзеге асыратын aудиторлар мен ayдиторлық ұйымдар халықаралық аудит стандарттарды сақтауға, сондай-ақ:";
      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "5) қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға аудиттелетiн субъектiлерге хабарлама жасай отырып, банктердiң, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, жинақтаушы зейнетақы қорларының аудитi нәтижесiнде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуын анықтауы туралы хабарлауы;";
      мынадай мазмұндағы 6), 7), 8) тармақшалармен толықтырылсын:
      "6) шешiм қабылданған күннен бастап он күнтiзбелiк күннен кешiктiрмеген мерзiмде тиiстi құжаттарын қоса бере отырып, аудиторлық ұйым басшысының ауысқаны туралы, сондай-ақ:
      аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкер ретiнде жүзеге асыратын аудитордың аудиторлық ұйым басшысының және аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкер ретiнде жүзеге асыратын аудитормен және аудиторлық ұйыммен еңбек қатынасында тұратын аудиторлардың тегiнiң, аты-жөнiнiң өзгергенi;
      аудиторлық ұйымның жарғылық капиталына қатысушылардың және (немесе) олардың қатысу үлестерiнiң өзгергені;
      аудиторлық ұйымның жарғысына өзгерiстер мен толықтыруларды тiркегенi;
      аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкер ретiнде жүзеге асыратын аудитордың немесе аудиторлық ұйымның мекен-жайының өзгергенi туралы ақпаратты уәкiлеттi органға беруге;
      7) кәсiби қызметiне байланысты өзiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасқан немесе осы шартты мерзiмiнен бұрын тоқтатқан күннен бастап отыз күнтiзбелiк күннен кешiктiрмеген мерзiмде бұл туралы уәкiлеттi органды хабардар етуге. Мiндеттi сақтандыру шартын жасасу фактiсiн растау үшін оның нотариалды куәландырылған көшiрмесi ұсынылады;
      8) мемлекеттiк тiркелгеннен кейiн он күнтiзбелiк күннен кешіктірмеген мерзiмде жеке кәсiпкердi мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктiң нотариалды куәландырылған көшiрмесiн уәкiлеттi органға беруге мiндеттi.";
      мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:
      "3. Лицензиясы бар аудиторлар мен аудиторлық ұйымдар есептiден кейiнгi жылдың 1 наурызынан кешiктiрмей уәкiлеттi орган бекiткен нысандар бойынша мыналар:
      1) есепті кезеңнің ішінде жеке еңбек шарттары жасалған (мерзiмi ұзартылған) немесе бұзылған аудиторлар туралы, сондай-ақ олардың жалпы саны туралы;
      2) олардың жарғылық капиталдағы мөлшерін көрсете отырып, аудиторлық ұйым қатысушыларының құрамы туралы;
      3) басқа аудиторлық ұйымның жарғылық капиталына қатысуы туралы;
      4) азаматтық-құқықтық міндетті сақтандыру шартын жасасу немесе бұзу туралы ақпаратты уәкiлеттi органға беруге мiндеттi.";
      18) 18-1-бапта:
      1-тармақта "залал" деген сөз "мүлiктiк зиян" деген сөздермен ауыстырылсын;
      1, 2-тармақтарда "аудиторлар" деген сөздiң алдынан тиiстi септiктегi "аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкерлер ретiнде жүзеге асыратын" деген сөздермен толықтырылсын;
      19) 19-бапта атауы мен мәтiнiнде "аудиторлар" деген сөздiң алдынан "Лицензиясы бap" деген сөздермен толықтырылсын;
      20) 20-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "20-бап. Аудит жүргiзу құқығын шектеу
      Мыналарға:
      1) қатысушылары болып табылатын тапсырысшылардың, сондай-ақ жасалған қолданыстағы шарт бойынша жеңiлдiк жағдайлар берiлген кредит берушілердiң не акционерi (қатысушысы), қолданыстағы шарт бойынша жеңiлдiк жағдайлар берiлген кредит берушiсi осы аудиторлық ұйым болып табылатын тапсырысшылардың аудиторлық ұйымының;
      2) аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкерлер ретiнде жүзеге асыратын, акционерi (қатысушысы), кредит берушiсi немесе депозиторы осы аудитор болып табылатын және жасалған қолданыстағы шарт бойынша жеңiлдiк жағдайлар берiлген тапсырысшылар аудиторларының;
      3) осы Заңның 2-бабының 2-тармағының 2), 3), 12), 13) тармақшаларында көрсетiлген өз қызметiнiң бейiнi бойынша қызметтер көрсетiлген тапсырысшылардың аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкер ретiнде жүзеге асыратын аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарының, бағалы қағаздар портфелiн басқаруға, брокерлiк-дилерлiк қызметтер көрсетуге азаматтық-құқықтық жауапкершiлiктi сақтандыру шарты жасалған ұйымдардың;
      4) аудиттелетiн субъектiнiң лауазымды тұлғаларының, сондай-ақ аудиттелетiн субъектi акцияларының (жарғылық капиталының) он проценттен астамын иеленген акционердiң (қатысушының) жақын туыстары (ата-аналары, жұбайлары, аға-iнiлерi, апа-сiңілiлерi, балалары) немесе жекжаттары (ерлi-зайыптылардың аға-iнiлерi, апа-сiңiлiлерi, ата-аналары және балалары) болып табылатын аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкерлер ретiнде жүзеге асыратын ayдиторлардың;
      5) орындаушылары аудиттелетiн субъектiнiң лауазымды тұлғаларымен еңбек қатынастарында тұратын немесе оның акционерлерi (қатысушылары) болып табылатын аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкерлер ретiнде жүзеге асыратын аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың;
      6) аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкерлер ретiнде, бухгалтерлiк баланста көрсетiлген активтерiнiң сомасы жылына орта есеппен айлық eceптiк көрсеткiштiң 50 000 еселенген мөлшерiнен асып түсетiн немесе аудит мiндеттi болып табылатын ұйымдардың аудитiн жүзеге асыратын аудиторларының;
      7) бухгалтерлiк құжаттамасы мен қаржылық есептiлiгiнде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен ресiмделген тиiстi рұқсатсыз мемлекеттiк құпияны құрайтын мәлiметтерi бар аудиттелетiн субъектiлердiң аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкерлер ретiнде жүзеге асыратын аудиторлары мен аудиторлық ұйымдарының.";
      21) 21-бапта мәтiнде "аудитордан", "аудитордың", "аудиторлар", деген сөздердiң алдынан "ayдиторлық қызметтi жеке кәсiпкер ретiнде жүзеге асыратын" деген сөздермен толықтырылсын;
      22) 22-бапта мәтiнде "аудиторға", "аудитордың" деген сөздердiң алдынан "аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкер ретiнде жүзеге асыратын" деген сөздермен толықтырылсын;
      23) 23-бапта:
      1-тармақта:
      "құжаттар мен" деген сөздер "қаржылық есептiлiк пен" деген сөздермен ауыстырылсын, "аудиторға" деген сөздiң алдынан "аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкер ретiнде жүзеге асыратын" деген сөздермен ауыстырылсын;
      2-тармақта "заңдарына" деген сөз "заң актiлерiне" деген сөздермен ауыстырылсын;
      24) 25-тармақ алынып тасталсын.

      3. "Сақтандыру қызметi туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2000 ж., N 22, 406-құжат; 2003 ж., N 11, 56-құжат; N 15, 139-құжат):
      20-баптың 3-тармағында "жүргiзiлген аудит туралы қорытындының" деген сөздер "аудиторлық есептiң" деген сөздермен ауыстырылсын;
      24-баптың 2-тармағында "қорытындысы" деген сөз "аудиторлық eceбi" деген сөздермен ауыстырылсын;
      27-баптың 1-тармағының 4) тармақшасында "аудиторлық қорытынды" деген сөздер "аудиторлық есеп" деген сөздермен ауыстырылсын;
      58-баптың 1-тармағының 4) тармақшасында:
      "қорытынды (растау) берген" деген сөздер "аудиторлық қызмет жасаған" деген сөздермен ауыстырылсын;
      74-баптың 4-тармағында "өз қызметiне", "қорытынды" деген сөздер "қаржылық есептiлiгiне", "есеп" деген сөздермен ауыстырылсын.

      4. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы Кодексiне (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2001 ж., N 5-6, 24-құжат; N 17-18, 241-құжат; N 21-22, 281-құжат; 2002 ж., N 4, 33-құжат; N 17, 155-құжат; 2003 ж., N 1-2, 3-құжат; N 4, 25-құжат; N 5, 30-құжат; N 11, 56, 64, 68-құжаттар; N 14, 109, 122-құжаттар):
      183-бапта:
      атауы мынадай редакцияда жазылсын:
      "183-бап. Аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкер ретiнде жүзеге асыратын аудитордың немесе аудиторлық ұйымның бухгалтерлiк есепке алу және қаржылық есеп туралы заңдардың бұзылу фактiсiн аудит жүргiзуге тапсырыс берушiлерден жасыруы";
      мәтiнде "Аудитордың немесе", "өзге адамның" деген сөздер алынып тасталсын, "жеткiзе алатын" деген сөздерден кейiн "аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкер ретiнде жүзеге асыратын аудитордың немесе аудиторлық ұйымның" деген сөздермен толықтырылсын;
      1) 184-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "184-бап. Аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкер ретiнде жүзеге асыратын аудитордың немесе аудиторлық ұйымның көрiнеу дұрыс емес не жарамсыз аудиторлық есеп жасауы
      Аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкер ретiнде жүзеге асыратын аудитордың немесе аудиторлық ұйымның көрiнеу дұрыс емес не жарамсыз аудиторлық есеп жасауы -
      аудиторлық қызметпен айналысу құқығына лицензиядан айыра отырып, азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға екi жүз елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.";
      2) мынадай мазмұндағы 184-1, 184-2-баптармен толықтырылсын:
      "184-1-бап. Аудиторлық қызмет туралы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес талап етiлетiн ақпаратты аудиторлық қызметтi реттеу жөнiндегi уәкiлеттi органға уақытылы табыс етпеуiне байланысты бұзушылық
      Лицензиясы бар аудиторлардың, аудиторлық ұйымдардың және Республикалық аудиторлар палатасының Аудиторлық қызмет туралы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес талап етiлетiн ақпаратты аудиторлық қызметтi реттеу жөніндегi уәкiлеттi органға уақытылы табыс етпеуi, -
      азаматтарға айлық есептік көрсеткiштiң жиырмадан қырыққа дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға - қырықтан жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соқтырады.
      184-2-бап. Аудиторлық қызмет туралы Қазақстан Республикасының заңдарын бұзу
      Aудиторлық қызметтi жеке кәсiпкерлер ретiнде жүзеге асыратын aудиторлардың, аудиторлық ұйымдардың және Республикалық aудиторлар палатасының Аудиторлық қызмет туралы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген қызмет түрлерiн жүзеге асыруы, -
      азаматтарға айлық есептiк көрсеткiштiң отыздан елуге дейiнгi мөлшерінде, заңды тұлғаларға - елуден жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соқтырады.";
      3) 185-бапта:
      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      "185-бап. Аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкер ретiнде жүзеге асыратын аудиторға немесе аудиторлық ұйымға дұрыс емес ақпарат беруi "Аудиторға (аудиторлық ұйымға)" деген сөздер "Аудиторлық қызметтi жеке кәсiпкер ретiнде жүзеге асыратын аудиторға немесе аудиторлық ұйымға" деген сөздермен ауыстырылсын;
      4) 571-бапта:
      бiрiншi бөлiгiнде "178," деген саннан кейiн "184-1, 184-2," деген сандармен толықтырылсын;
      екiншi бөлiгiнiң 2) тармақшасында "178," деген саннан кейiн "184-1, 184-2," деген сандармен толықтырылсын.
      2-бап.
      1. Осы Заң 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзілетiн осы Заңның 1-бабының 2-тармағының 2) тармақшасын және 14) тармақшасын қоспағанда, ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
      2. Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiнгi берiлген аудиторлық қызметпен айналысуға лицензиялар және бiлiктiлiк куәлiктерi жарамды.
      3. Осы Заңда көзделген Аудиторлыққа кандидаттарды аттестаттау жөнiндегi бiлiктiлiк комиссиясы құрылғанға дейiн бiлiктiлiк куәлiктерi осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн әрекет еткен тәртіппен және шарттарда берiледi.
      4. Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн құрылған аудиторлық ұйымдар осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастан алты ай iшiнде өздерiнiң құрылтай құжаттарына тиiстi өзгерiстер енгізуге мiндетті.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады