Байланыс формасы

Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн ғылыми-зерттеу мақсаттары үшiн пайдалану ережесiн бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 25 желтоқсандағы N 1317 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 24 ақпандағы № 105 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 24.02.2016 № 105 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      РҚАО-ның ескертпесі.

      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 12 қазандағы 18-02/908 бұйрығын қараңыз.


      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 шiлдедегi Орман кодексiнiң 101-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берілiп отырған Мемлекеттік орман қоры учаскелерiн ғылыми-зерттеу мақсаттары үшiн пайдалану ережесi бекiтiлсiн.

      2. Мыналардың:
      1) "Қазақстан Республикасының орман қоры учаскелерiн ғылыми-зерттеу мақсаттарында пайдалану тәртiбiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1993 жылғы 9 желтоқсандағы N 1235 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1993 ж., N 48, 585-құжат);
      2) "Өсiп тұрған сүрек үшiн төлемнiң базалық ставкаларын, Орманды пайдаланғаны үшiн төлемдi есептеу және бюджетке енгiзу ережесiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер мен толықтыруларды бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 15 сәуiрдегi N 431 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулардың 2-тармағының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2002 ж., N 11, 110-құжат) күшi жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы   
Үкiметiнiң         
2003 жылғы 25 желтоқсандағы
N 1317 қаулысымен     
бекiтiлген         

Мемлекеттік орман қоры учаскелерiн ғылыми-зерттеу мақсаттары үшiн пайдалану ережесi

      1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының Орман кодексiне сәйкес әзiрлендi және мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн ғылыми-зерттеу мақсаттары үшiн пайдалану тәртiбiн регламенттейдi.
      Осы Ереженiң күшi мемлекеттiк орман қорының бүкіл аумағына, сондай-ақ, егер бұл Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнамасына қайшы келмесе, осы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қолданылады.

      2. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн ғылыми-зерттеу мақсаттарында пайдалануға мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда орман шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi органмен (бұдан әрi - уәкілеттi орган) және ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы органмен келiсiп алынатын ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылатын орман табиғаты мен оның құраушыларын тану, соның негiзiнде орман ресурстарын күзету, қорғау, молықтыру және ұтымды пайдалану жөнiнде тәсiлдер, әдiстер және технологиялық процестер, оның iшiнде жаңа техника жасау үшiн кешендi және мамандандырылған (ботаникалық, зоологиялық, орман өсiру, орман-патологиялық, топырақтану және басқа да) ғылыми зерттеулер мен экспериментальдық жұмыстар (бұдан әрi - ғылыми-зерттеу жұмыстары) жүргiзу, сондай-ақ мемлекеттiк орман қоры аумағында орналасқан өзге де табиғи объектiлердi зерделеу жатады.
      Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде, су қорғау аймақтары мен алқаптарында жүргiзiлетiн судың жай-күйiне әсер ететiн экспериментальдық жұмыстарды орман пайдаланушылар су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық органдарымен келiсе отырып жүргiзедi.

      3. Тәжiрибелiк-өндiрiстiк тексерулер жүргiзу мен ғылыми және конструкторлық талдамаларды орман шаруашылығы өндiрiсiне енгiзу, тұрақты ағаш тұқымдары базасы объектiлерiн құру уәкiлеттi органмен келiсе отырып осы Ережеге сәйкес жүзеге асырылады.

      4. Жұмыстардың түрлерi (стационарлық, далалық, бағыттық), ерекшелiгi (ботаникалық, орман өсiру, топырақтану және басқалар), басталу және аяқталу мерзiмдерi, ғылыми зерттеулердiң бағыттары, экспериментальдық объектiлердi орналастыру орындары мен көлемi, пайдаланудың арнайы режимi, шектеулердiң түрлерi мен мерзiмдерi белгiленетiн мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнiң алқабы көрсетiлiп, орман пайдаланудың басқа түрлерiнiң шектеулерi немесе оларға тыйым салушылықтар, аталған жұмыстарды жүргiзудiң басқа да ережелерi уәкiлеттi органның немесе қарауында мемлекеттiк орман қоры учаскелерi болатын облыстық атқарушы органдардың және орман пайдаланушылардың арасында жасалатын ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шартымен және (немесе) орман билетiмен айқындалады.

      5. Ғылыми-зерттеу мақсаттарын жүзеге асыру кезiнде мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шартының және (немесе) орман билетiнiң талаптарын өзгертуге:
      1) белгiленген бағдарлама бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастыру мүмкiн болмайтын жағдайға душар еткен табиғи апаттардың салдарынан мемлекеттiк орман қорының жай-күйi өзгергенде;
      2) егер бұрынғы пайдалану шарттары осы санаттардың мәртебесiмен үйлеспейтiн болса, мемлекеттiк орман қоры санатының өзгеруi, оларды ерекше қорғалатын орман аумақтары құрамына енгiзу нәтижесiнде мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн пайдалануды жүзеге асыру талаптары мен тәртiбi өзгергенде;
      3) мемлекеттiк орман қоры учаскесi мемлекеттiк қажеттiлiктер үшiн iшiнара алынғанда жол берiледi.

      6. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн ғылыми-зерттеу мақсаттары үшiн пайдалану кезiнде алынған орман өнiмi (сүрек, жемiстер мен тұқымдар, сеппелер, қалемшелер, көшеттер, дәрi-дәрмектiк және техникалық шикiзаттар) ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау үшiн қажет бөлiгiн қоспағанда, мемлекеттiк орман иеленушiлердiң меншiгi болып табылады. Оның тiзбесi мен көлемi зерттеулер бағдарламасы мен әдiстемесiн басшылыққа ала отырып белгiленедi және мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шартында және (немесе) орман билетiнде көрсетiледi.

      7. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн ғылыми-зерттеу мақсаттары үшiн пайдалану орманның экологиялық жүйелерiне және олардың құраушыларына нұқсан келтiрмей жүзеге асырылуға тиiс.

      8. Мемлекеттік орман қорының учаскелерін ғылыми-зерттеу мақсаттары үшін пайдалану Қазақстан Республикасы Орман кодексінің 39 және 40-баптарында айқындалған негіздерде тоқтатыла тұрады, шектеледі немесе тоқтатылады, орман пайдалану құқығын тоқтату тәртібі 41-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.09.01 № 1002 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады