Соттардың кейбір экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылық жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы N 1 Нормативтік қаулысы.

      Ескерту. Тақырыпқа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "қылмыс", "қылмыстар", "қылмыстарды", "қылмыстардың" деген сөздер тиісінше "қылмыстық құқық бұзушылық", "қылмыстық құқық бұзушылықтар", "қылмыстық құқық бұзушылықтарды", "қылмыстық құқық бұзушылықтардың" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Соттардың экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылық жөніндегі заңнаманы дұрыс және біркелкі қолдануы мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:

      Ескерту. Кіріспеге өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      1. Экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтар жөніндегі істерді қарау кезінде заңның дұрыс қолданылуын қамтамасыз ету үшін соттар әрбір нақты жағдайда шаруашылық және экологиялық қауіпті заттарды өндіру, сақтау мен пайдаланудағы өзге де қызметті жүзеге асыру, басқа да қызметтерді жасау кезінде (су, аңшылық кәсіпшілігі, ағаштар мен бұталарды кесу және тағы басқа) қандай экологиялық талаптардың және (немесе) ережелердің сақталуын, сондай-ақ экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін жауаптылық белгілейтін қылмыстық заң нормаларының бланкеттік болып табылатынын ескере отырып, осы талаптар мен қағидалардың қандай нормативтік құқықтық актілермен белгіленгенін анықтаулары қажет.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      2. Кез-келген жеке тұлға, оның ішінде мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдар және соларға теңестірілген адамдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жауапты мемлекеттік қызмет атқаратын адамдар мен мемлекеттік және мемлекеттік емес, коммерциялық немесе коммерциялық емес ұйымдарда басқару функцияларын орындайтын адамдар экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтар субъектілері болуы мүмкін.

      Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдар және соларға теңестірілген адамдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жауапты мемлекеттік қызмет атқаратын адамдар немесе коммерциялық не коммерциялық емес ұйымдарда басқару функцияларын орындайтын адамдар экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған жағдайда, сондай-ақ олардың әрекеттерінде лауазымдық өкілеттіктерді немесе коммерциялық не коммерциялық емес ұйымдарда басқару функцияларын орындайтын адамның өкілеттіктерін асыра пайдалану белгілері болған кезде, олардың әрекеттері экологиялық қылмыстық құқық бұзушылық әрі сыбайлас жемқорлық және мемлекеттік қызмет мүдделері мен мемлекеттік басқаруға қарсы өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар немесе коммерциялық не өзге де ұйымдардың қызмет мүдделеріне қайшы келетін қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылықты көздейтін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) тиісті баптары бойынша саралануы тиіс.

      Егер қылмыстық заң нормасында кінәлі адамның өзінің қызмет бабын пайдаланып әрекет жасауы экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтың саралаушы белгісі ретінде көзделсе, онда экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты көздейтін ҚК-нің бабы (баптың бөліктері) бойынша ғана жауаптылық туындайды.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      3. Экология саласындағы арнайы білімдерді талап ететін мәселелерді дұрыс шешу мақсатында соттардың Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі - ҚІЖК) 270, 271, 272, 273-баптарына, Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің (бұдан әрі - ЭК) жетінші тарауына сәйкес, іске қатысуға мамандарды тартуы не тиісті экологиялық сараптамалар өткізуді тағайындауы қажет.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 22; 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      4. Шегінде экологиялық заңнаманы бұзумен байланысты қылмыстық құқық бұзушылық жасалған аумақ ерекше қорғалатын табиғи аумақ немесе төтенше экологиялық жағдай аумағына (ҚК-нің 325, 326, 328, 332-баптарының екінші бөліктері, 335-бабы үшінші бөлігінің 6) тармағы, 337-бабы төртінші бөлігінің 1) тармағы, 340-бабы үшінші бөлігінің 4) тармағы жата ма деген мәселені анықтаған кезде ЭК-нің және "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" 2006 жылғы 7 шілдедегі № 175 Қазақстан Республикасы Заңының ерекше қорғалатын табиғи аймақтар қызметінің құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдық негіздерін белгілейтін және анықтайтын ережелерін негізге алған жөн.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 22 Нормативтік қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      5. Қазақстан Республикасының мемлекеттік орман қорында ағаштар мен бұталарды, оның ішінде табиғи, антропогендік және техногендік факторлардың салдарынан зақымданған және жойылған ағаштар мен бұталарды: ағаш кесу билетінсіз; ағаш кесу билеті бойынша мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш кесу қағидаларын бұзып, ағаш кесу билетінде белгіленген мерзімдерді сақтамай кесуді; есепті кеспеағаш аймағынан асып түсетін мөлшерде кесуді және Қазақстан Республикасы Орман кодексінің 113-бабы 1-тармағының 9) тармақшасында және басқа да нормативтік құқықтық актілерде белгіленген қағидаларды өзгедей бұзуды ағашты заңсыз кесу деп түсінген жөн.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      6. Заңсыз кесу, ағаштар мен бұталардың жойылуы немесе зақымдануы салдарынан келтірілген шығынның мөлшерін анықтау кезінде ағаштар мен бұталардың зақымдануы одан әрі өспей қалуына байланысты болды ма, оларды кесуге тыйым салынған ба және өзге мән-жайларды да анықтау қажет.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      7. Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесуден, жоюдан немесе зақымдаудан болған шығынды анықтау кезінде кесілген немесе зақымданған ағаштар мен бұталардың тек ақшаға шаққандағы құны ғана назарға алынбайтындығын атап өткен жөн. Егер ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау өзгедей экологиялық зиянға әкеп соққан жағдайларда (су қойнауларының құрғауы, шөптердің және өзге де өсімдіктердің шықпай қалуы, сол жерде жануарлардың, құстардың, пайдалы жәндіктердің және т.б. құрып кетуі) залал қоршаған ортаның бұзылған экологиялық жай-күйін қалпына келтіруді бағалау негізінде анықталады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      8. Ағаштар мен бұталарды бірнеше рет заңсыз кесу деп, егер адам олардың ешқайсысы үшін бұрын сотталмаған болса, осы әрекеттердің екі рет не одан да көп жасалуы түсінілуге тиіс.

      Егер барлық ағаштар мен бұталарды кесу тек қасақана ниетке байланысты болғаны анықталса, бірнеше ағаштар мен бұталарды кесу бірнеше рет кесу деп танылмайды. Жекелеген ағаштар мен бұталарды түрлі уақытта кесу, кінәлінің әрбір ағаш пен бұтаны жеке-жеке кесу кезінде өз бетімен туындаған қасақана ниетімен сипатталса, бірнеше рет кесу ретінде сараланады.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      9. Орман қорғау үшін отырғызылған, үй маңындағы саяжай және бақ учаскелеріндегі, жел құлатқан, дауыл сындырған ағаштарды, орман өсіру үшін жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың жеке меншігіне берілген жерлерді және т.с. қоспағанда, ауыл шаруашылығына арналған жерлерде өскен ағаштар мен бұталарды кесу, егер бұл заңмен арнайы қарастырылмаса экологиялық қылмыстық құқық бұзушылық құрамын құрамайды. Көрсетілген жерлерде өсіп тұрған ағаштар мен бұталарды оларды кейін өтеусіз иемдену үшін заңды негіздерде кесу сондай-ақ орман алқаптарында заңды негізде кесіліп жинауға, тұтынуға немесе тасуға арналған ағаштарға иелік етуді бөтеннің мүлкін ұрлау ретінде саралаған жөн.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      10. Аңшылық объектілеріне жататын және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы кодексінің (Салық кодексі) 582-бабының 2-тармағында санамаланған жануарлардың түрлері заңсыз аңшылық нысанасы болып табылады.

      Аңшылық объектісі болып табылатын жануарлардың түрлерін тиісті рұқсатсыз не арнайы тыйым салынғанына қарамастан өмір сүру ортасынан алуды не аңшылыққа құқығы жоқ немесе аңшылықты жүзеге асыру үшін заңсыз рұқсат алған адамның не белгіленген жерден тыс, тыйым салынған мерзімдерде, тыйым салынған қарулармен және әдістермен не "Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі № 593 Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Жануарлар дүниесін қорғау туралы заң) 38-бабының 5-тармағында белгіленген өзге де талаптарды бұза отырып, аңшылықты жүзеге асыруын заңсыз аңшылық деп есептеген жөн.

      Жоғарыда көрсетілген талаптарды бұза отырып жасалған, жануарлар дүниесi объектiлерiн аулау мақсатында iздеу, iзiн кесу және iзiне түсу, аулауға әрекет жасау, қабынан шығарылған аңшылық қаруы және басқа да аң аулау құралдары немесе аң аулаудан алған өнiмдерi бар, қарғыбауы алынған аң аулайтын иттерi және аңдарды ұстайтын жыртқыш құстары бар адамдардың аңшылық алқаптарда жүруiн аңшылық өнім объектісін аулаған-ауламағанына қарамастан заңсыз аңшылық деп таныған жөн.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      11. Заңсыз аңшылық кезінде авиа-, авто-, мотокөлік құралдарын, оның ішінде қарда жүретін техниканы не көлемі шағын кемелерді қолдану (ҚК-нің 337-бабының бірінші бөлігі) деп осындай құралдарды аңшылық процесінде (жануарлардың ізін кесу, аңду, шам жарығымен ату және т.б.) тікелей қылмыстық құқық бұзушылық қаруы ретінде пайдалану түсінілуге тиіс. Егер осы құралдар браконьерлерді аңшылық жасайтын орынға жеткізу немесе заңсыз олжаны тасымалдау үшін пайдаланылса, онда мұны автокөлік құралдары мен әуе кемесін қолданып жасалған қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қарастыруға болмайды.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      12. Егер жарылғыш құрылғылар немесе жануарларды жаппай қырып-жоятын өзге де құралдар қолданылған заңсыз аңшылық, су жануарлары мен өсімдіктерді олжалау заңсыз жолмен алынған, дайындалған немесе сақталған атылатын қаруды (тегіс ұңғылы аңшылық қарудан басқа), әскери қару-жарақтар немесе жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғылар пайдаланылып жасалса, онда кінәлінің әрекеті экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны және атылатын қаруды, әскери қару-жарақтарды заңсыз жолмен алғаны, сақтағаны, тасымалдағаны үшін жауаптылық көздейтін (ҚК-нің 287-бабы) баптар жиынтығы бойынша саралануға жатады.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      13. Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз олжалау деп тиісті рұқсатсыз жасалған немесе тыйым салынған уақытта немесе рұқсат етілмеген орындарда не тыйым салынған әдіспен не Жануарлар дүниесін қорғау туралы Заңның 39-бабының 5-тармағында белгіленген өзге де талаптар бұзылып жасалған олжалау түсінілуге тиіс.

      Егер әрекеттер:

      елеулі залал келтіріле отырып;

      жарылғыш және химиялық заттарды, электр тогын немесе балық ресурстары мен басқа да су жануарлары мен өсімдіктерін жаппай жоятын өзге де әдістер қолданыла отырып жасалса, мұндай әрекеттер үшін ҚК-нің 335-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық туындайды.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 22; 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      14. Кәсіпорындар мен ұйымдар арнайы құрылған немесе дайындаған тоғандарда өсіретін балықтарды, су жануарларын аулауға кінәлі тұлғалардың әрекеті немесе осы ұйымдар немесе питомниктер аулаған балықты, су жануарларын иемдену, сондай-ақ аңдарды ұстайтын орындағы жабайы аңдарды, құстарды иемдену бөтеннің мүлкін иемдену ретінде саралауға жатады.

      15. Заңсыз су кәсіпшілігі, аңшылық, ағаш кесу туралы істер бойынша елеулі, ірі немесе аса ірі зиянның бары туралы мәселе заңсыз ауланған балықтың, су жануарларының, олжаланған аңның, кесілген немесе зақымдалған ағаштардың саны, құны, экологиялық құндылығы, сондай-ақ жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне келтірілген басқа да залал ескеріле отырып шешілуге тиіс.

      Осы орайда олжаланған аң-құстардың саны мен құнын ғана емес, сонымен тұтастай алғанда жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне келтірілген экологиялық зиянды, оның ішінде пайдалануға тыйым салынған өсімдіктерді немесе жануарларды жойған кезде; заңсыз аңшылық кезінде уылдырық шашылатын орындардың, шабақтардың көп санының құрып кетуін; заңсыз су кәсіпшілігімен айналысу кезінде аулауды немесе Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген жануарлар мен өсімдіктердің жойылуын ескеру керек.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      16. ҚК-нің 335, 337-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар, шын мәнінде балықты, су жануарларын немесе өзге де жануарларды, өсімдіктерді олжалап алған-алмағанына қарамастан аңдыған, ізіне түскен, олжалаған, аулаған сәттен бастап аяқталған құқық бұзушылықтар болып есептеледі. Елеулі немесе ірі залал келтіру қылмыстық құқық бұзушылықтың міндетті белгісі болып табылған жағдайларда, аяқталған қылмыстық құқық бұзушылық құрамы осындай залал тек шын мәнінде болған кезде орын алуы мүмкін.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      17. Бұзылған тазалау құрылғылары мен құралдары бар өндірістік, ауыл шаруашылық, коммуналдық және басқа да объектілерді пайдалану, тазалау құрылғылары мен құралдарын тоқтату, минералдық тыңайтқыштар мен препараттарды тасымалдау, сақтау, пайдалану ережесін бұзу, суларды ластау, бітеу және сарқу бойынша өзге де әрекеттер жасау, егер бұл қоршаған ортаға елеулі, ірі немесе аса ірі зиян келтіруге не ҚК-нің 328-бабында көрсетілген өзге де салдарға әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкін жағдайларда қылмыстық жауаптылық жүктейді.

      Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      18. Қоршаған ортаға елеулі зиян келтіру деп (ҚК-нің 325, 326, 328-баптарының бірінші бөлігі, 335-бабы бірінші бөлігінің 1-тармағы, 337-бабының үшінші бөлігі және 342-бабының бірінші бөлігі) адамның денсаулығына зиян келтіруді, қоршаған орта, демалыс орындары сапасының айтарлықтай нашарлауын, жануарлардың жаппай ауыруының туындауын, балық қорларының, өзге де су өсімдіктері мен организмдерінің елеулі көлемде азаюын және құрып кетуін, өсімдіктер мен орман алқаптарының ауыруын және жойылуын, жердің құнарлылығының анағұрлым төмендеуін, адамдардың жаппай ауыруын, сондай-ақ орнына келтіру үшін жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен асатын мөлшерде шығынды талап ететін өзге де салдарды түсінген жөн.

      Қоршаған ортаға ірі зиян келтіру деп (ҚК-нің 324-бабының бірінші бөлігі, 325, 326, 328-баптарының екінші бөлігі, 329, 330, 332, 333, 334-баптарының бірінші бөлігі, 335-бабының төртінші бөлігі, 337-бабы төртінші бөлігінің 4-тармағы, 338-бабы, 340-бабы үшінші бөлігінің 3-тармағы, 341-бабының бірінші бөлігі және 343-бабының екінші бөлігі) қоршаған ортаны және табиғи ресурстардың тұтынушылық қасиеттерін қалпына келтіру үшін қажетті шығындардың бір мың айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшердегі құндық көрінісі белгіленген осындай зиян келтіруді түсінген жөн.

      Қоршаған ортаға аса ірі зиян келтіру деп (ҚК-нің 324-бабының екінші бөлігі, 325, 326, 328-баптарының үшінші бөлігі, 329, 330, 332, 333, 334-баптарының екінші бөлігі, 337-бабы бесінші бөлігінің 2-тармағы және 343-бабының үшінші бөлігі) қоршаған ортаны және табиғи ресурстардың тұтынушылық қасиеттерін қалпына келтіру үшін қажетті шығындардың жиырма мың айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшердегі құндық көрінісі белгіленген осындай зиян келтіруді түсінген жөн.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      19. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      20. Экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтардың жекелеген түрлерінің (ҚК-нің 324, 325, 326, 328, 329, 330, 332, 333-баптары, 343-бабының екінші бөлігі) орын алатын қоғамға қауіпті салдары ретінде адамның еңбек қабілетін жоғалтуға әкеп соққанына не ауыр немесе орташа ауыр зиян келтіргеніне қарамастан, адамның денсаулығына жеңіл зиян келтіру деп түсіну қажет.

      Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      21. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      22. Экологиялық заңнаманы бұзуға байланысты қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген материалдық шығынды өтеу туралы талап, егер қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есі кіресілі-шығасылы адамның қылмыстық жазаланатын әрекетімен зиян тікелей келтірілсе, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған сәттен бастап сот тергеуі аяқталғанға дейін қойылуы мүмкін.

      Сот талап арыздан жазбаша түрде не электрондық құжат нысанында бас тартуды сот талқылауының кез келген сәтінде, бірақ сот үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін қаулы шығара отырып қабылдай алады.

      Егер қылмыстық істе азаматтық талап қойылмаса мүдделі адамдар талапты азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қоюға құқылы (ҚПК-нің 166, 167, 169-баптары).

      Егер зиян келтіруші қоршаған табиғи орта үшін аса қауіпті қызметпен байланысты кәсіпорын, мекеме, ұйым болып табылса, егер зиян еңсерілмейтін күштің немесе жәбірленушінің қасақана ниетінің нәтижесінде туындағанын анықтаған болса, олардың келтірілген шығынның орнын толтыру жөніндегі жауапкершілігі кінәнің нысанына қарамастан туындайды.

      Ескерту. 22-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 22; 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      23. Заң бұзушы келтірген экологиялық зиян әдейі жасалған әрекеттің (әрекетсіздіктің) немесе абайсызда жасаудың нәтижесінде келтірілгендігіне қарамастан Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің нормаларына, ЭК-нің 321, 322-баптарына, Жануарлар дүниесін қорғау туралы заңға, "Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасын бұзумен келтірілген зиянның орнын толтыру мөлшерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылғы 27 ақпандағы № 18-03/158 бұйрығына, "Қазақстан Республикасының орман заңнамасын бұзудан келтірілген залалдың мөлшерін есептеуге арналған базалық ставкаларды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 31 мамырдағы № 441 қаулысына сәйкес зиян келтірілген сәттегі қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерде көрсетілген шығынның мөлшерін есептеу таксасы мен әдістері негізінде, ал олар болмаған жағдайда - келтірілген залалдарды ескере отырып, қоршаған ортаның бұзылған жағдайын қалпына келтіруге жұмсалған нақты шығындар бойынша есептеледі және кінәлі адамның оның орнын толық көлемде өтеуіне жатады.

      Экологиялық заңнаманы бұзу нәтижесінде денсаулыққа немесе мүлікке келтірілген зиян жәбірленушінің еңбек қабілеттілігінің жойылу дәрежесі, оның денсаулығын қалпына келтіруге және емделуге жұмсалатын шығын, ауруды күту үшін жұмсалатын шығын, өзге де шығыстар мен шығындар ескеріле отырып толық көлемде өтелуге жатады. Денсаулыққа келтірілген зиянның ауырлығын анықтау тиісті дәрігерлік комиссия (сараптама) қорытындысының негізінде жүргізіледі.

      Ескерту. 23-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 22; 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      24. Экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтармен келтірілген шығынның орнын толтыру сомасы мемлекет кірісіне, ал зиян тікелей жеке не заңды тұлғаға келтірілген жағдайда - олардың пайдасына өндірілетінін соттардың назарда ұстауы қажет.

      Ескерту. 24-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      25. Заңсыз олжаланған өнімдер (аңдар, құстар, балықтар, ағаштар, бағалы аң терілері және жануарлар дүниесінің басқа да өнімдері) алынуға жатады. Алып қою мүмкін болмаған жағдайда (құқық бұзушы пайдаланып қойған немесе сатып жіберген, жарамсыз болып қалған және т.б.) оның құны жануарлар дүниесін пайдалану үшін төлем ставкалары бойынша жауапкерден өндірілуге тиіс. Экологиялық қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде олжаланған өнімді сатудан түскен сома шығынды өтеу есебіне жатқызылмайды, ол қылмыстық жолмен олжаланған мүлік ретінде құқық бұзушыдан өндіріледі не мемлекет кірісіне алынады.

      Заңсыз жолмен дайындалған сүректер немесе орман пайдалану өнімдерінің басқа да түрлері (шайыр, сүрек шырындары, екінші дәрежелі сүрек ресурстары) алуға және мемлекеттік мекеменің не тергеу орны немесе соттың істі қарау орны бойынша әрекет ететін заңды тұлғаның мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғат аумағы мекемесінің балансына берілуге жатады.

      Ескерту. 25-тармаққа орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      26. Аңдарды ату, балық аулау, ағаштарды кесу және т.б. үшін қолданылған көлік құралдары, заттар, қондырғылар мен қарулар, көмекші құралдар, сондай-ақ осы кезде пайдаланылған көлік және жүзу құралдары заттай дәлелдемелер ретінде танылуға тиіс және қылмыстық құқық бұзушылық құралы ретінде ҚР ҚІЖК-нің 118-бабына сәйкес мемлекет кірісіне тәркіленуге жатады немесе тиісті мекемелердегі белгілі бір адамдарға беріледі, ал олар жарамсыз болған жағдайда - жойылуға жатады.

      Ескерту. 26-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      27. Өзінің қызмет бабын пайдалана отырып экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін сотталған адамдарға қатысты істерді қарау кезінде оларды белгілі бір қызметті атқару немесе белгілі бір қызмет түрімен айналысу құқығынан айыру туралы мәселені ҚК-нің 50-бабына сәйкес қарауы қажет. Бұл ретте, егер көрсетілген қосымша жаза ҚК-нің Ерекше бөлімінің тиісті баптарындағы санкциялармен көзделмесе, онда үкімде оны тағайындау кезінде ҚК-нің 50-бабына сілтеме жасау қажет.

      Ескерту. 27-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22 N 22, 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      28. Қылмыстық-жазаланатын әрекеттерді әкімшілік теріс қылықтан ажырату мақсатында экологиялық құқық бұзушылық құрамын сипаттайтын барлық мән-жайларды анықтауға, атап айтқанда, оның жасалу әдісіне, құқыққа қайшы жасалған әрекеттің салдарларына, келтірілген зиянның немесе шыққан шығынның мөлшеріне, өзге де мән-жайларға, егер кінәлі адамның әрекеті бір мезгілде қылмыстық, сондай-ақ әкімшілік заңдардың күшін қолдануға жататындығын ескере отырып Қазақстан Республикасы ҚІЖК-нің 19-бабының үшінші бөлігіне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қарастырыла алмайтынына ерекше назар аударған жөн.

      29. Соттар қылмыстық істерді қарау кезінде экологиялық заңнаманың бұзылуына әсер ететін себептер мен жағдайларына байланысты мән-жайларды мұқият зерттеп, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, шаруашылық субъектілерінің қызметіндегі нақты кемшіліктер мен қателіктерді, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі заңнаманы бұзған жекелеген лауазымды тұлғалардың заңға қайшы әрекеттерінің фактілерін анықтап, қажет болған жағдайларда жеке қаулы шығаруға тиіс.

      Ескерту. 29-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 22 Нормативтік қаулысымен.

      30. Осы қаулының қабылдануына байланысты Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумының "Соттардың табиғат қорғау заңдарын қолдану тәжірибесі туралы" 1986 жылғы 28 наурыздағы N 12 қаулысының , Пленумның 1989 жылғы 31 наурыздағы N 1 қаулысымен енгізілген өзгерістерімен және толықтыруларымен бірге, күші жойылды деп танылсын.

      31. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға міндетті болып табылады әрі ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының Төрағасы


Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының судьясы,


жалпы отырыс хатшысы



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады