Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Дипломатиялық және оған теңестiрiлген өкiлдiгi туралы ереженi бекiту туралы" Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 27 қаңтардағы N 86 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
      Қазақстан Республикасы Президентінiң "Қазақстан Республикасының Дипломатиялық және оған теңестiрiлген өкiлдiгi туралы ереженi бекiту туралы" Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Қазақстан Республикасының Дипломатиялық және оған теңестiрiлген өкiлдiгi туралы ереженi бекiту туралы

      Қаулы етемін:
      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Дипломатиялық және оған теңестiрiлген өкiлдігi туралы ереже бекiтiлсiн.
      2. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Елшілігі туралы ереженi бекiту туралы" 1992 жылғы 2 шiлдедегі N 832 Жарлығы;
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Басқа мемлекеттерде тiркелген Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкiлеттi Елшiсiнiң негiзгi мiндеттерi мен құқықтары туралы ереженi бекiту туралы" 1992 жылғы 2 шiлдедегі N 833 Жарлығы.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасы Президентiнің  
2004 жылғы "__" _________        
N ______ Жарлығымен         
бекiтiлген         

Қазақстан Республикасының Дипломатиялық және оған теңестiрiлген өкiлдiгi туралы ереже

      Осы Ереже Қазақстан Республикасының Дипломатиялық және оған теңестiрiлген өкiлдiгiнiң (бұдан әрi - Өкiлдiк) мәртебесi мен өкiлеттiктерiн белгiлейдi.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) Қазақстан Республикасының Елшiлiгi - Төтенше және Өкiлеттi Елшi басқаратын, мемлекет Басшысы жанында аккредиттелетiн, орналасқан мемлекетiнде Қазақстан Республикасының өкiлдiгiн жүзеге асыратын дипломатиялық өкiлдiк болып табылатын Қазақстан Республикасының шет елдегi мекемесi;
      2) Қазақстан Республикасының Дипломатиялық миссиясы - Сенiмдi өкiл басқаратын, орналасқан мемлекетiнде сыртқы iстер министрi жанында аккредиттелетін, Қазақстан Республикасының өкiлдiгiн жүзеге асыратын, дипломатиялық өкiлдiкке теңестiрiлген Қазақстан Республикасының шет елдегi мекемесi;
      3) Халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының тұрақты өкiлдiгi - Қазақстан Республикасы мүшесi болып табылатын халықаралық ұйымда Қазақстан Республикасының өкiлдiгiн жүзеге асыратын, Тұрақты өкiл басқаратын, дипломатиялық өкiлдiкке теңестiрiлген Қазақстан Республикасының шет елдегi мекемесi;
      4) орналасқан мемлекет - аумағында Өкiлдiк орналасқан шетелдiк мемлекет.
      2. Өкiлдiк өзiнiң қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына , Дипломатиялық қатынастар туралы 1961 жылғы 18 сәуiрдегi Вена конвенциясының, Консулдық қатынастар туралы 1963 жылғы 24 сәуiрдегi Вена конвенциясының ережелерiне, "Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметi туралы" 2002 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына , осы Ережеге және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, орналасқан мемлекеттiң заңнамасын не халықаралық ұйымдардың ережелерiн ескере отырып, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына, сондай-ақ халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған нормаларына сәйкес жүзеге асырады.
      3. Өкiлдiк Қазақстан Республикасының Президентi Жарлығының негiзiнде құрылады, қайта ұйымдастырылады және өзінің қызметiн тоқтатады.
      4. Өкiлдiк Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi (бұдан әрi - Министрлiк) басқаратын дипломатиялық қызмет органдарының бiрыңғай жүйесiне жатады.
      Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттiк органдарының сұрау салулары мен қолдаухаттары Өкiлдiкке Министрлiк арқылы ғана жеткiзiледi.

2. Өкiлдiктiң негiзгi мiндеттерi, функциялары және құқықтары

      5. Өкiлдiктiң негiзгi мiндеттерi мыналар болып табылады:
      Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағытын iске асыру, сыртқы экономикалық саясатты жүзеге асыруға жәрдемдесу;
      орналасқан мемлекетiмен не халықаралық ұйыммен қарым-қатынастарда Қазақстан Республикасының өкiлдiгi;
      орналасқан мемлекетiмен не халықаралық ұйыммен өзара қарым-қатынаста Қазақстан Республикасының егемендiгiн, қауiпсiздiгiн, аумақтық тұтастығын және шекараларының мызғымастығын қорғауды, оның саяси, сауда-экономикалық және өзге де мүдделерiн дипломатиялық жолдармен және әдiстермен қамтамасыз ету;
      орналасқан мемлекетiнде Қазақстан Республикасының, оның азаматтарының және заңды т~лғаларының құқықтары мен мүдделерiн қорғау.
      6. Өкiлдiк заңнамада белгiленген тәртiппен мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      Қазақстан Республикасының халықаралық саяси стратегиясын iске асыруға жәрдемдеседi;
      орналасқан мемлекетiнде не халықаралық ұйымда Қазақстан Республикасының бiрыңғай саяси бағытын жүргiзудi қамтамасыз етедi;
      орналасқан мемлекетiмен не халықаралық ұйыммен Қазақстан Республикасының қарым-қатынасының мәселелерi бойынша Министрлiкке ұсыныстар табыс етедi;
      орналасқан мемлекеттiң мемлекеттiк органдарымен не халықаралық ұйыммен және оның шеңберiнде келiссөздер жүргiзедi және ресми байланыстарды қолдауға жәрдемдеседi;
      Қазақстан Республикасының мақсаттары мен қағидаттарын жүзеге асыруға, сондай-ақ орналасқан мемлекетiмен не халықаралық ұйыммен ынтымақтастық шеңберiндегi шешiмдердi iске асыруға жәрдемдеседi;
      орналасқан мемлекетiмен не халықаралық ұйыммен келiссөздер жүргiзудi және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына қол қоюды ұйымдастырады;
      орналасқан мемлекетке не халықаралық ұйымға iссапарға жiберiлген Қазақстан Республикасының ресми делегацияларына және өкiлдерiне оларға жүктелген мiндеттердi орындауда жәрдем көрсетедi;
      Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасының Парламентi Палаталарының төрағалары, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi және Қазақстан Республикасының басқа да ресми тұлғалары қатысатын іс-шараларды протоколдық-ұйымдық тұрғыдан қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
      орналасқан мемлекет туралы ақпарат жинауды, Қазақстан Республикасының орналасқан мемлекетпен қарым-қатынасына, оның сыртқы және iшкi саясатына, халықаралық қатынастар жүйесiндегi орнына талдауды, сондай-ақ басқа да мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қызметiн зерттеудi жүзеге асырады;
      белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарын сыртқы және iшкi саясатты жүзеге асыру үшiн қажеттi ақпаратпен қамтамасыз етедi;
      Қазақстан Республикасы мен орналасқан мемлекеттiң не халықаралық ұйымның арасындағы экономика, мәдениет, ғылым саласындағы және басқа да салалардағы достық және өзара тиiмдi қатынастарды дамытуға жәрдемдеседi;
      Қазақстан Республикасының заңнамасымен және халықаралық құқықтың нормаларымен регламенттелген консулдық функцияларды жүзеге асырады;
      Қазақстан Республикасының сыртқы және iшкi саясаты, мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық, мәдени және рухани өмiрi туралы ақпаратты орналасқан мемлекетте не халықаралық ұйымда таратады;
      Қазақстан Республикасы және орналасқан мемлекет не халықаралық ұйым қатысушы болып табылатын халықаралық шарттардың орындалуына жалпы қадағалау мен бақылауды жүзеге асырады;
      орналасқан мемлекетте тұрып жатқан отандастарымызбен байланыстарды және қарым-қатынасты дамытуға жәрдемдеседi;
      орналасқан мемлекетте, сондай-ақ көршi мемлекеттерде төтенше немесе әскери жағдай орын алған немесе олардың туындауына қатер төнген жағдайда оларды қауiпсiз жерлерге шұғыл көшiруге дейiн, Қазақстан Республикасы азаматтарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының меншiгiн сақтау жөнiндегi қызметтi үйлестiрудi жүзеге асырады;
      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      7. Өкiлдiк негiзгi мiндеттердi iске асыру және өзiне жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен:
      қазақстандық мемлекеттiк ұйымдардың өкiлдiктерi мен филиалдарының (бұдан әрi - мемлекеттiк ұйымдар) орналасқан мемлекеттегi қызметiн үйлестiруге;
      орналасқан мемлекеттегi мемлекеттiк ұйымдардан толық ақпарат берудi және Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiн қозғайтын қызметті келiсудi талап етуге;
      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

3. Өкiлдiктiң қызметiн ұйымдастыру

      8. Қазақстан Республикасының елшiлiгiн Төтенше және Өкiлеттi Елшi басқарады. Халықаралық ұйым жанындағы Қазақстан Республикасының тұрақты өкiлдiгiн Тұрақты өкiл басқарады.
      Төтенше және Өкiлеттi Елшiнi және Тұрақты өкiлдi Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      Қазақстан Республикасының Дипломатиялық миссиясын Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Сенiмдi өкiл басқарады.
      9. Өкiлдiк басшысы болмаған уақытта оның функцияларын ол аға дипломат қызметкерлер қатарынан тағайындайтын:
      1) Қазақстан Республикасының Елшiлiгiнде - Уақытша сенiмдi өкiл;
      2) халықаралық ұйым жанындағы Қазақстан Республикасының тұрақты өкiлдiгiнде - Тұрақты өкiлдiң мiндетiн атқарушы;
      3) Қазақстан Республикасының Дипломатиялық миссиясында - Сенiмдi өкiлдiң мiндетiн атқарушы орындайды.
      Егер Төтенше және Өкiлеттi Елшiнiң, Тұрақты өкiлдiң не Сенiмдi өкiлдiң қызмет орны бос болса немесе егер Төтенше және Өкiлеттi Елшi, Тұрақты өкiл не Сенiмдi өкiл өзiнiң функцияларын орындай алмаса, Қазақстан Республикасының Уақытша сенiмдi өкiлiн, Тұрақты өкiлдiң не Сенiмдi өкiлдiң мiндетiн атқарушыны Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi тағайындайды.
      Егер орналасқан мемлекеттегi Төтенше және Өкiлеттi Елшi Тұрақты өкiл қызметiн қоса атқаратын болса, онда ол жоқ кезде Уақытша сенiмдi өкiл немесе аға дипломат қызметкерлердiң бiрi Тұрақты өкiл мiндетiн атқарушы болып табылады.
      Уақытша сенiмдi өкiлдiң, Сенiмдi өкiлдiң не Тұрақты өкiлдiң мiндетiн атқарушының тегi орналасқан мемлекеттiң сыртқы iстер министрлiгiне немесе уағдаластық жасалған басқа министрлiкке не халықаралық ұйымға хабарланады.
      Уақытша сенiмдi өкiлдiң, Сенiмдi өкiлдiң не Тұрақты өкiлдiң мiндетін атқарушы болмаған уақытта орналасқан мемлекеттегi не халықаралық ұйымдағы оның функцияларын Өкiлдiктiң аға дипломат қызметкерлерiнiң бiрi орындайды.

4. Өкiлдiк басшысының негiзгi мiндеттерi мен құқықтары

      10. Өкiлдiк Басшысы:
      1) Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағытын iске асыру жөнiндегi мақсатты жұмысты жүргiзуге, Қазақстан Республикасы азаматтарының және ұйымдарының құқықтары мен мүдделерiн барлық заңды жолдармен және әдiстермен қорғауға;
      2) орналасқан мемлекеттiң не халықаралық ұйымның iшкi және сыртқы саясатының мәселелерi бойынша Министрлiкке ақпарат бepугe;
      3) орналасқан мемлекетпен не халықаралық ұйыммен Қазақстанның ынтымақтастығын дамытуды қамтамасыз етуге;
      4) орналасқан мемлекетте Өкiлдiкке, персоналға және олардың отбасы мүшелерiне халықаралық құқықтың нормаларына және орналасқан мемлекеттiң заңнамасына сәйкес берiлетiн артықшылықтар мен иммунитеттердi қамтамасыз ету жөнiнде қажеттi шаралар қабылдауға;
      5) орналасқан мемлекеттен тысқары жерлерге қысқа мерзiмдi қызметтiк iссапарларға шығуды Министрлiкпен келiсуге;
      6) Қазақстан Республикасының заңнамасымен және халықаралық шарттарымен, сондай-ақ халықаралық құқықтың нормаларымен оның құзыретiне жататын басқа да функцияларды орындауға мiндетті.
      11. Өкiлдiк басшысының:
      1) берiлген өкiлеттiк шегiнде халықаралық шарттарды жасасуға қатысты актiлер жасауға;
      2) орналасқан мемлекетпен не халықаралық ұйыммен екiжақты қатынастар мәселелерi бойынша белгiленген тәртiппен ұсыныстар енгiзуге;
      3) Өкiлдiктiң құзыретiне жататын мәселелер бойынша мемлекеттiк ұйымдардан қажеттi материалдар мен құжаттарды белгiленген тәртiппен алуға;
      4) Өкiлдiктiң персоналын мемлекеттiк наградалармен марапаттау туралы, дәрежесi мен қызметiн өсiру туралы, мерзiмiнен бұрын елге қайтару немесе шетелдегi жұмыс мерзiмiн ұзарту туралы, тәртiптiк жаза қолдану туралы ұсыныстарды Министрлiкке енгiзуге;
      5) Өкiлдiктi қаржыландыру жоспарында көзделген қаражаттың (шығыстың) лимитiне билiк етуге;
      6) Өкiлдiктiң қызмет мәселелерi бойынша бұйрықтар шығаруға, қызмет көрсетушi персоналмен еңбек қатынастарына байланысты мәселелер бойынша дербес шешiмдер қабылдауға, Өкiлдiк лауазымының жыл сайынғы ақысы төленетiн еңбек демалыстарының кестесiн бекiтуге;
      7) жыл сайын төленетiн еңбек демалысы берiлген кезде жол жүрудi қоспағанда, Министрлiктiң келiсiмi бойынша Өкiлдiк персоналының және олардың отбасы мүшелерiнiң Қазақстан Республикасына және басқа да мемлекеттерге қысқа мерзiмдi жол жүруiне рұқсат беруге құқығы бap.
      12. Төтенше және Өкілеттi Елшi орналасқан мемлекеттегi Қазақстан Республикасының бас консулдықтарының, консулдықтарының, вице-консулдықтарының, консулдық агенттiктерiнiң, құрметтi консулдықтарының және өзi аккредиттелген мемлекеттерде ашылған Қазақстан Республикасының дипломатиялық миссияларының қызметiне басшылықты жүзеге асырады, сондай-ақ орналасқан мемлекеттегi Қазақстан Республикасының өзге де өкiлдiктерiнiң және Қазақстан Республикасының мемлекеттiк ұйымдары өкiлдiктерiнiң қызметiн үйлестiрудi және олардың жұмысына бақылауды жүзеге асырады.
      Көрсетiлген өкiлдiктердiң басшылары өзiнiң қызметiн Төтенше және Өкiлеттi Елшiмен келiсуге, Төтенше және Өкiлеттi Елшiге оның өкiлеттiктерiн жүзеге асыруда жәрдем көрсетуге, өзiнiң қызметi туралы оған ақпарат беруге мiндеттi.
      13. Өкiлдiктiң басшысы Министрлiкке жолданатын ақпараттың объективтiлiгi, дұрыстығы және толықтығы үшiн дербес жауапты болады.

5. Өкiлдiктiң персоналы

      14. Қызметтiк мiндеттерi бойынша Өкiлдiктiң персоналы дипломатиялық қызметтiң қызметкерлерiне және жұмыскерлерiне бөлiнедi.
      Дипломатиялық қызметтiң қызметкерлерiне Өкiлдiкте штаттық дипломатиялық лауазымдарды атқаратын мемлекеттiк қызметшiлер жатады.
      Өкiлдiк қызметкерiнiң дипломатиялық мәртебесiн оған тиiстi дипломатиялық аккредиттеу карточкасын беру жолымен орналасқан мемлекет растайды.
      Дипломатиялық қызметтiң жұмыскерлерiне Өкiлдiкте штаттық әкiмшiлiк-техникалық лауазымдарды атқаратын мемлекеттiк қызметшiлер жатады.
      Өкiлдiк жұмыскерiнiң мәртебесiн оған тиiстi аккредиттеу карточкасын беру жолымен орналасқан мемлекет растайды.
      Өкiлдiктiң құрылымында Өкiлдiк персоналының отбасы мүшелерiнiң, Қазақстан Республикасының немесе орналасқан мемлекеттiң азаматтары қатарынан жеке еңбек шарттары негiзiнде қабылданатын қызмет көрсетушi персоналдың функциясын жүзеге асыратын адамдар болуы мүмкiн.
      15. Өкiлдiктiң персоналы және олардың отбасы мүшелерi орналасқан мемлекетте халықаралық құқықтың, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының, халықаралық ұйымдар мен олар орналасқан мемлекеттер арасында жасалған халықаралық шарттардың нормаларында, сондай-ақ орналасқан мемлекеттiң заңнамасында белгiленген иммунитеттер мен артықшылықтарды пайдаланады.
      16. Өкiлдiктiң персоналы өзiнiң қызметi үшiн жауапты болады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жауапқа тартылуы мүмкiн.

6. Өкiлдiктiң құрылымы

      17. Өкiлдiктiң құрылымы мен штаттық кестесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген шет елдегi мекемелердiң штаттық сан лимитi шегiнде және орналасқан мемлекетпен не халықаралық ұйыммен жасалған тиiстi уағдаластықтарды ескере отырып, Министрлiк бекiтедi.
      18. Өкiлдiкте саяси, сауда-экономикалық, консулдық, баспасөз және ақпарат, iзгiлiк және мәдени байланыстар, референтура бөлiмдерi (топтары), қаржы-шаруашылық қызмет және басқалары жұмыс iстеуi мүмкiн.
      19. Өкiлдiк бөлiмдерiнiң (топтарының) функцияларын және персоналының қызметтiк (функционалдық) мiндеттерiн Өкiлдiк басшысы белгiлейдi.

7. Еңбек қатынастары

      20. Өкiлдiктегi еңбек қатынастары халықаралық құқықтың нормаларын және орналасқан мемлекеттiң заңнамасын ескере отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледi.
      21. Өкiлдiктiң персоналына тәртiптiк жаза қолданудың тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленедi.

8. Өкiлдiктiң қызметiн қамтамасыз ету

      22. Өкiлдiктi қаржылық қамтамасыз ету республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен ғана жүзеге асырылады.
      Өкiлдiктi қаржыландыру жоспарын тиiстi жылға арналған республикалық бюджетте көзделген қаражаттың шегiнде Министрлiк бекiтедi.
      23. Өкiлдiк көлiкпен, қызметтiк үй-жаймен және басқа да қажеттi мүлiкпен қамтамасыз етiледi.
      24. Өкiлдiк Министрлiкпен қатынас жасайтын жабық және ашық байланыс арналарымен қамтамасыз етiледi.
      25. Өкiлдiктiң өзiне бекiтiлген мүлiктi иемдену, пайдалану және оған билiк ету тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленедi.
      26. Өкiлдiктiң персоналын материалдық, зейнеткерлiк және әлеуметтiк-тұрмыстық қамсыздандырудың шарттары мен тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленедi.

9. Мемлекеттiк нышан

      27. Өкiлдiктiң ғимаратында, Төтенше және Өкiлеттi Елшiнiң (Тұрақты өкiлдiң) резиденциясында Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туы көтерiледi, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлiнде және орналасқан мемлекет (халықаралық ұйым) белгiлейтiн тiлде Өкiлдiк нысаны (Резиденция атауын) және Қазақстан Республикасына тиiстiлiгi көрсетiлген қалқан орнатылады.
      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк нышандары орналасқан мемлекеттiң (халықаралық ұйымның) протоколдық практикасын ескере отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес пайдаланылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады