Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі Мемлекеттiк энергетикалық қадағалау комитетiнiң мәселелерi

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы N 1106 Қаулысы. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 24 желтоқсандағы N 1278 Қаулысымен

       Ескерту. Қаулының күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 24 желтоқсандағы  N 1278  (қол қойылған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы Президентінiң "Мемлекеттiк басқару жүйесiн одан әрі жетiлдiру жөнiндегi шаралар туралы" 2004 жылғы 29 қыркүйектегi N 1449  Жарлығын  iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI :

      1. Қоса берiлiп отырған:
      1) Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгiнiң Мемлекеттік энергетикалық қадағалау комитетi туралы ереже;
      2) Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгi Мемлекеттiк энергетикалық қадағалау комитетiнiң құрылымы бекiтiлсiн.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгi Мемлекеттік энергетикалық қадағалау комитетi төрағасының бiр орынбасары болуына рұқсат етiлсiн.

      3. Мыналардың:
      1) "Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінiң Мемлекеттiк энергетикалық қадағалау жөнiндегi комитетiнiң мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 23 тамыздағы N 1221  қаулысының  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., N 41, 376-құжат);
      2) "Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгiнiң мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкiметінiң 2001 жылғы 25 қаңтардағы N 133  қаулысымен  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2001 ж., N 3, 37-құжат) бекiтiлген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешімдеріне енгізiлетiн өзгерiстер мен толықтырулардың 3-тармағының күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің       
2004 жылғы 28 қазандағы 
N 1106 қаулысымен    
бекiтiлген       

  Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық
ресурстар министрлігінiң Мемлекеттік энергетикалық
қадағалау комитетi (Мемэнерқадағалауком) туралы
ЕРЕЖЕ

  1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінiң Мемлекеттiк энергетикалық қадағалау комитетi (бұдан әрi - Комитет) Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгі құзыретінің шегiнде арнайы атқару және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын ведомство болып табылады.
      Комитеттiң негiзгi мiндетi энергияны өндiру, беру, тарату және тұтыну сенiмдiлiгiн, қауіпсiздiгi мен үнемдiлiгiн қадағалау және бақылау болып табылады.
      2. Комитет өз қызметiн Қазақстан Республикасының  Конституциясы  мен заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң кесiмдерiне, өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерге, сондай-ақ осы ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      3. Комитет мемлекеттiк мекеменiң ұйымдастыру-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өз атауы мемлекеттiк тiлде жазылған мөрлерi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгінiң Қазынашылық органдарында шоттары болады.
      Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.
      Комитеттiң, егер ол заңнамаға сәйкес өкiлетті болса, оның мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқығы бар.
      4. Комитет өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының аумағында күші бар бұйрықтар шығарады.
      5. Комитеттің штат санының лимитiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      6. Комитеттің заңды мекен-жайы:
      473000, Астана қаласы, Қабанбай батыр көшесi, 22.
      7. Комитеттің толық атауы - "Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінiң Мемлекеттiк энергетикалық қадағалау комитетi (Мемэнерқадағалауком)" мемлекеттiк мекемесi.
      8. Осы Ереже Комитеттiң құрылтай құжаты болып табылады.
      9. Комитеттің қызметiн қаржыландыру тек мемлекеттiк бюджеттен жүзеге асырылады.
      Комитетке кәсiпкерлiк субъектiлерiмен Комитеттің функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау мәнiнде шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Комитетке заңнамалық кесiмдермен кiрiстер әкелетiн қызметтi жүзеге асыратын құқық берілсе, онда мұндай қызметтен алынған кiрiстер республикалық бюджеттің кiрiсiне жiберiледi.

  2. Комитеттің функциялары мен құқықтары

      10. Комитет заңнамада белгіленген тәртiппен мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      мемлекеттiк саясатты iске асыруды қамтамасыз ететін функциялар:
      электр энергиясының көтерме және бөлшек сауда рыноктарының жұмыс iстеу мониторингiн жүргiзедi;
      энергетикалық объектілердегi техникалық пайдаланудың, авариялық және жарақаттанудың жай-күйi жөнiнде есеп беру жүйесiн ұйымдастырады;
      электр және жылу жүйелерiндегi аса маңызды техникалық-экономикалық көрсеткiштерi, отынның үлестік шығыстары, электр және жылу энергиясы шығындары жай күйiнiң және энергетикалық объектілер меншiк иелерiнiң оларды азайту жөнiнде қабылдаған мiндеттемелерiн орындау мониторингiн жүргiзедi;
      электр энергетикасындағы негiзгі қорлардың жай-күйiн жақсарту, жабдықтарды қайта құру мен жаңғырту жүргiзу жөнiндегі жұмыстарды стратегиялық инвесторлардың орындау мониторингiн жүргiзедi;
      энергетикалық жабдықтардың жұмыс тиiмділігін арттыру, оны қайта құру және жаңғырту бөлiгiнде стратегиялық инвесторлардың жұмысы жөнiнде ұсыныстар дайындайды;
      мемлекеттiк саясаттың iске асырылуын бақылауды қамтамасыз ететін функциялар:
      электр және жылу энергияларының көтерме және бөлшек сауда рыноктарының жұмыс iстеуiне байланысты техникалық мәселелер бойынша қорытындылар бередi;
      Қазақстанның бiрыңғай энергия жүйесiнiң бiрнеше бөлiкке бөлiнуiне, электр және жылу энергиясы бойынша тұтынушыларды жаппай шектеуге, iрi энергетикалық жабдықтардың зақымдануына әкеп соқтырған электр станцияларының, жылу және электр жүйелерінің жұмысындағы iрi технологиялық бұзылуларды тексерудi ұйымдастыруды есепке алуды қамтамасыз етеді;
      электр және жылу энергиясын қауiпсiз және ұтымды өндiру, пайдалану жөнiнде энергетикалық объектілерде энергетикалық сараптама жүргізуді, энергия үнемдеу саясатының орындалуын бақылауды ұйымдастырады;
      заңды тұлғалардың энергетикалық тиiмділігін зерттеудi ұйымдастырады;
      Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы нормативтік құқықтық кесiмдерiнiң техникалық талаптарын орындауын қадағалауды жүзеге асырады;
      электр станциялары, электр және жылу желiлерi энергетикалық жабдықтарының, сондай-ақ меншiк нысанына қарамастан тұтынушылардың электр және жылу пайдаланатын қондырғыларының пайдаланылуы мен техникалық жай-күйiн қадағалауды жүзеге асырады;
      электр және жылу энергиясының ұтымды және үнемді пайдаланылуын және өндiру, беру, әрі тұтыну режимдерінің оңтайландырылуын бақылауды жүзеге асырады;
      электр және жылу энергиясының сапасы жөнiндегі мемлекеттiк стандарттардың талаптары мен техникалық шарттардың сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
      электр энергетикасы саласындағы лицензияланатын қызмет түрлерiне қойылатын талаптардың орындалуын қадағалауды жүзеге асырады;
      электр станциялары, электр және жылу жүйелерi энергетикалық жабдықтарының, сондай-ақ тұтынушылардың энергетикалық жабдықтары техникалық жай-күйiнiң мерзiмдi тексерiлуiн жүзеге асырады;
      электр станцияларының, жылу және электр желілерінің күзгі-қысқы жағдайларда жұмысқа дайындығына бақылауды жүзеге асырады;
      техникалық жай-күйі мен электр және энергия қондырғыларын пайдалану қауiпсiздiгiн бақылауды жүзеге асыру мақсатында электр жылу энергиясын өндiрудi, берудi және таратуды жүзеге асырушы ұйымдардың техникалық басшыларының техникалық пайдалану ережелерi мен қауiпсiздiк ережелерiн бiлуiнiң бiлiктiлiк тексерулерін ұйымдастырады;
      электр және жылу энергиясын пайдалану ережелерінің сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
      11. Комитет негiзгi мiндеттердi iске асыру және өзiнiң функцияларын жүзеге асыру үшiн заңнамада белгіленген тәртiппен:
      1) электр энергетикасы кешенiнде қолданыстағы техникалық және технологиялық нормаларды, ережелер мен стандарттарды қамтитын заңнаманы және нормативтік кесiмдердi жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар дайындауды жүзеге асыруға;
      2) ұйымдардың энергетикалық жабдықтарының, электр және жылу пайдаланатын қондырғыларының және оларға қызмет көрсететiн қызметкерлердiң жұмыстарына тексерулер жүргізуге;
      3) тексеру кесiмдерiн жасауға және Комитеттiң құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша тиiсті ұйымдардың басшылары орындауға мiндеттi нұсқамалар беруге;
      4) энергетикалық ұйымдардың Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгi бекiтетін кестеге сәйкес келесi жұмыс дайындығына бағалау жүргiзуге;
      5) қадағалаудағы энергетикалық жабдықтарды зерттеу, энергетикалық ұйымдарға кешендi тексерулер жүргiзу және электр станцияларының, электр және жылу желілерінің энергетикалық жабдықтары жұмысындағы технологиялық бұзылуларды тексеру кезiнде тиiстi сарапшыларды тартуға;
      6) электр станцияларының, электр және жылу желілерiнiң жұмысындағы технологиялық бұзылуларды тексеру жөнiнде комиссиялар тағайындауға;
      7) электр энергетикасы кешенiнiң субъектілерiнен және қадағалаудағы жабдықтардың меншiк иелерiнен өз функцияларын жүзеге асыру үшiн қажетті техникалық-экономикалық ақпарат алуға;
      8) аварияларға, қайғылы оқиғаларға және электр энергетикасы саласындағы нормативтік құқықтық кесiмдердiң техникалық талаптарының өзге де өрескел бұзылуларына жол берген кiнәлi адамдарды тәртіптік жауапкершілiкке тарту туралы ұйымдардың меншiк иелерiне ұсыныстар енгізуге;
      9) аварияларға, қайғылы оқиғаларға және электр энергетикасы саласындағы нормативтiк құқықтық кесiмдердiң техникалық талаптарының өзге де өрескел бұзылуларына жол берген кiнәлi адамдарды заңнамаға сәйкес әкiмшiлiк немесе қылмыстық жауапкершілiкке тарту туралы материалдарды тиiстi мемлекеттік органдарға жiберуге құқылы.

  3. Комитеттiң мүлкi

      12. Комитеттің жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болады.
      13. Комитеттің мүлкі республикалық меншiкке жатады.
      14. Комитеттің өзiне бекiтiлген мүлiктi өз бетiнше иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.
      Заңнамамен белгіленген жағдайларда және шектерде Комитетке мүлiкке билiк ету құқығы берiлуi мүмкін.

  4. Комитеттің жұмысын ұйымдастыру

      15. Комитеттi Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрiнiң ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын төраға басқарады.
      Комитет төрағасының, оның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын орынбасары болады.
      Комитет төрағасы орынбасарларының санын Қазақстан Республикасының Үкiметі белгілейдi.
      16. Комитеттің төрағасы Комитеттің жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасайды және Комитетке жүктелген мiндеттердiң орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшiн дербес жауапкершілiк алады.
      17. Осы мақсаттарда Комитет төрағасы:
      1) өзiнiң орынбасарының және Комитеттің құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының мiндеттерi мен өкілеттіктерiн белгілейдi;
      2) заңнамаға сәйкес Комитет қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      3) Комитеттің қызметкерлерiне заңнамада белгіленген тәртiппен тәртіптiк жазалар қолданады;
      4) Комитеттің бұйрықтарына қол қояды;
      5) Комитеттiң құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi бекiтедi.

  5. Комитеттi қайта ұйымдастыру және тарату

      18. Комитеттi қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің       
2004 жылғы 28 қазандағы 
N 1106 қаулысымен    
бекiтiлген       

  Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық
ресурстар министрлігінiң Мемлекеттік энергетикалық
қадағалау комитетiнің құрылымы

      Басшылық
      Мониторинг және талдау басқармасы
      Техникалық инспекция басқармасы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады