Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгi Табиғатты қорғауды бақылау комитетiнiң мәселелерi

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 29 қазандағы N 1126 Қаулысы. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2007.12.08. N 1201 Қаулысымен.

       Ескерту. Қаулының күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2007.12.08.  N 1201  (қол қойылған күнінен бастап 30 күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы Президентінiң "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк басқару жүйесiн одан әрi жетілдiру жөнiндегi шаралар туралы" 2004 жылғы 29 қыркүйектегi N 1449  Жарлығына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берілiп отырған:
      1) Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгінің Табиғатты қорғауды бақылау комитетi туралы ереже;
      2) Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгi Табиғатты қорғауды бақылау комитетiнiң құрылымы бекiтiлсiн.

      2. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгi Табиғатты қорғауды бақылау комитетiнiң төрағасына екi орынбасары болуға рұқсат етілсiн.
       Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.02.27. N  134  қаулысымен.

      3. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгi осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2004 жылғы 29 қазандағы
N 1126 қаулысымен  
бекiтiлген     

  Қазақстан Республикасы
Қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнiң
Табиғатты қорғауды бақылау комитетi туралы
ЕРЕЖЕ

  1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнiң Табиғатты қорғауды бақылау комитетi (бұдан әрi - Комитет) қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстар саласында мемлекеттік бақылау мен бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын арнайы уәкілеттiк берiлген мемлекеттік орган болып табылады.
      Комитеттiң негiзгi мiндетi экологиялық қауiпсiз ортаны құру болып табылады.
      Комитеттiң, оның құзыретi шегiнде қабылданған шешiмдерi барлық мемлекеттiк органдардың, кәсіпорындар және ұйымдардың, лауазымды тұлғалар мен азаматтардың орындауы үшiн мiндеттi.
      2. Комитет өз қызметінде Қазақстан Республикасының  Конституциясын , Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының Президентi мен Yкiметiнің кесiмдерiн, өзге де нормативтік құқықтық кесiмдердi, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.
      3. Комитет мемлекеттік мекеменiң ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген мөрi және өз атауы мемлекеттiк тілде жазылған мөртаңбасы, белгiленген үлгідегі бланкілерi болады.
      Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.
      Комитет, егер заңнамаға сәйкес осыған уәкiлеттi болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқығы бар.
      4. Комитеттің аппаратын ұстауға арналған шығыстарды қаржыландыру Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгiн ұстауға республикалық бюджетте көзделген қаражат есебінен жүзеге асырылады.
      5. Комитеттің толық атауы - Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнің Табиғатты қорғауды бақылау комитетi.
      6. Комитеттің құрылымы мен штат санын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      7. Комитеттің заңды мекен-жайы: 473000, Астана қаласы, Жеңiс даңғылы, 31.
      8. Осы Ереже Комитеттiң құрылтай құжаты болып табылады.
      9. Комитетке Комитеттің функциялары болып табылатын міндеттердi орындау тұрғысында кәсіпкерлiк субъектілерiмен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

  2. Комитеттің негiзгi функциялары

      10. Комитет заңнамада белгіленген тәртiппен мыналарды жүзеге асырады:
      1) мемлекеттiк саясатты iске асыру үшiн бақылау саласындағы функциялар:
      мемлекеттік органдардың, меншiк нысанына қарамастан, шаруашылық жүргізушi субъектілердiң табиғат қорғау заңнамасын сақтау және орындау;
      бақылау және құқық қолдану қызметi жүйесiн жетілдiру әрi оның тиiмдi әдiстерiн енгiзу;
      мынадай бөлiкте қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстар саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
      мемлекеттiк кадастрларды жүргiзу және табиғи ресурстарды есепке алу кезiнде экологиялық талаптарды сақтау;
      атмосфералық ауаны қорғау жөнiндегi экологиялық талаптарды, ластанудың тұрақты және жылжымалы көздерiнен шығарындылардың нормаларын, атмосфераны жасанды өзгерту жөнiндегi iс-қимылды жүргізу кезiндегi шектеулердi орындау;
      өсімдіктердi қорғау құралдарын, минералдық тыңайтқыштарды және басқа да химиялық әрi биологиялық заттарды, сондай-ақ өнеркәсіптік, тұрмыстық және өзге де қалдықтарды шығару, қолдану, сақтау, тасымалдау, кәдеге жарату, зарарсыздандыру және көму жөнiндегі белгiленген нормалар мен ережелердi сақтау;
      кәсiпорындар мен ведомстволардың талдау қызметтерiнiң өндiрiстiк экологиялық бағдарламаларды орындау;
      жануарлар және өсiмдiктер әлемiн қорғау, молықтыру және пайдалану саласындағы экологиялық талаптарды сақтау, сондай-ақ мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектілерiн сақтау;
      жердiң жай-күйіне терiс әсер ететiн шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптарды сақтау;
      тозған жерлердi қайта құнарландыруды, олардың құнарлылығын және жердiң басқа пайдалы қасиеттерiн қалпына келтiрудi және оны уақтылы шаруашылық айналымға тартуды қамтамасыз ету;
      жердiң тозуымен байланысты жұмыстарды жүргізу кезiнде топырақтың құнарлы қабатын алуды, сақтауды және пайдалануды;
      жаңа және қайта жаңартылатын үйлердi, құрылыстарды, ғимараттарды және басқа да объектілердi орналастыру және пайдалануға беру кезiнде экологиялық талаптарды қамтамасыз ету;
      пайдалы қазбалардың өнеркәсіптiк қорларын немесе басқа да бұзатын процестер мен жұмыстарды әзiрлеу көлемiне қарай босатылатын жердi нысаналы мақсатына сәйкес оларды одан әрi пайдалану үшін жарамды жай-күйге келтiру;
      өндiрiс және тұтыну қалдықтарын пайдалану, сақтау, тасымалдау, орналастыру, сондай-ақ улы материалдарды, заттарды, оның iшiнде биологиялық, қауіпті қалдықтарды және химияландыру заттарын тасымалдау кезiндегi экологиялық талаптарды орындау;
      зиянды (ластаушы) заттардың шығарындыларына, төгінділеріне арналған рұқсаттарда белгiленген шарттарды орындау және өндiрiс әрi тұтыну қалдықтарын орналастыру;
      зиянды (ластаушы) заттар шығарындыларының, төгiнділерінің тұрақты көздерi бар әрi өндiрiс және тұтыну қалдықтарын құрайтын объектілердiң санитарлық-қорғау аймақтарының режимiн сақтау;
      су пайдалану және су бұру лимиттерi (нормалары) мен ережелерiн, сондай-ақ су пайдалану режимiн, сарқынды суларды төгудiң тәртiбiн және шарттарын сақтау;
      суды ұтымды пайдалану және ластанудан, қоқыстанудан және тартылудан қорғау жөнiндегi экологиялық талаптарды сақтау;
      жер қойнауын қорғау жөнiндегі заңнамада белгіленген талаптарды, ережелер мен нормаларды сақтау, қоршаған ортаны қорғау мәселелерi бойынша жер қойнауын пайдаланудың барлық деңгейiндегi келiсiм-шарттық талаптарды орындау;
      жер қойнауын пайдалану объектілерiн жою және консервациялау жөнiндегi ережелердi сақтау;
      жер қойнауын барлау және өндiру, сондай-ақ өндiрумен байланысты емес жер асты құрылыстарын салу және пайдалану кезiнде қауіптi техногендiк процестердiң пайда болуынан қорғайтын экологиялық талаптар мен нормативтерге сәйкес жер қойнауын пайдалану;
      минералдық шикiзаттарды өндiру және қайта өңдеу кезiнде қоршаған ортаны қорғау мәселелерi бойынша жобалық шешiмдердi сақтау;
      жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргізу кезiнде, әсiресе, мұнайды, газды немесе өзге де заттар мен материалдарды жер астында сақтау, зиянды заттар мен қалдықтарды көму, сарқынды суларды төгу кезiнде жер қойнауы ластануының алдын алу;
      қоршаған орта объектілерінің радиоактивтi заттармен ластануының алдын алу жөнiндегi жобалық шешiмдердi және рұқсаттардың қолданылу шарттарын орындау;
      қоршаған ортаға радионуклидтердi шығару мен төгу алдындағы тазарту құрылғылары жұмысының технологиялық регламенттерiн сақтау;
      су жинау алабында және жер асты сулары жиналатын жерлерде олардың жинақталуының алдын алу мақсатында өндiрiстік және тұрмыстық қалдықтарды қоймаға қою және орналастыру кезiндегi экологиялық талаптарды қамтамасыз ету;
      2) мемлекеттік саясатты iске асыруды қамтамасыз ететiн, функциялары мыналар:
      қоршаған ортаны қорғау мәселелерi бойынша мемлекеттiк бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық және жергілiкті атқарушы органдардың қызметiн үйлестіру;
      қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнаманы сақтау мәселелерi жөніндегі қоғамдық бiрлестiктермен өзара iс-қимыл жасау;
      бақылау-қадағалау және құқық қолдану қызметiнiң нәтижелерiн бағалауды қамтамасыз ету;
      бiрыңғай ғылыми-әдiстемелiк негізде қоршаған ортаны қорғау саласындағы талдау зертханаларының жұмысын жүзеге асыру.

  3. Құқықтары

      11. Комитет өз құзыретi шегiнде:
      1) министрлiктерден, ведомстволардан және өзге де орталық және жергілікті атқарушы органдардан, кәсiпорындар мен ұйымдардан, сондай-ақ лауазымды тұлғалардан Қазақстан Республикасында қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалануды басқару мәселелерi бойынша, сондай-ақ олардың табиғат қорғау заңнамасы талаптарын сақтау мәселелерi бойынша қажеттi ақпаратты алуға;
      2) өз құзыреті шегiнде табиғат қорғау заңнамасын бұзушыларды әкiмшiлік жауапкершілiкке тарту жөнiндегі шараларды қабылдауға, әкiмшілiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға;
      3) сот органдарына кәсіпорындардың, құрылыстар мен объектілердiң жұмысын шектеу мен тоқтата тұру, оларды пайдалануға беруге тыйым салу, экологиялық талаптарды бұза отырып жүзеге асырылатын шаруашылық және өзге де қызметті шектеу немесе тоқтата тұру туралы өтiнiштер енгiзуге не осы қызметтi тоқтату туралы ұсыныстар шығаруға;
      4) табиғат қорғау заңнамасы талаптарының бұзылуы туралы iстер бойынша сот тергеулерiнде қуыну талаптарын қоюға және талапкер болуға;
      5) жануарлар мен өсiмдiктер әлемiн пайдаланушылардың экологиялық талаптар мен заңнаманың нормалары бұзылатын немесе жануарлар мен өсiмдiктер әлемiнің сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген объектілердiң жойылуына әрi санының қысқаруына, олардың мекен ету және өсу ортасының, палеобиологиялық қалдықтар орналасқан жерлердiң бұзылуына әкеп соқтыруы мүмкiн қызметiн тоқтата тұруға немесе қызметіне тыйым салу туралы ұсыныс енгiзуге;
      6) табиғи ресурстарды пайдалануға арналған лицензияларда белгіленген шарттардың сақталуын және қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметтiң жекелеген түрлерiнiң жүзеге асырылуын, табиғат пайдалануға арналған шарттардың (келiсiм-шарттардың) және рұқсаттардың орындалуын тексеруге, олардың күшiн жою туралы ұсыныстар енгiзуге;
      7) бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыру мақсатында меншік және бағыныстылық нысанына қарамастан, ұйымдар мен басқа да объектілерге (оның iшiнде белгіленген тәртiппен әскери және қорғаныс объектiлеріне) кедергісiз кiруге (қызметтiк куәлiктердi көрсеткен кезде);
      8) тиiстi қаржы-кредит ұйымдарына экологиялық талаптарды бұза отырып немесе мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысынсыз жүзеге асырылатын объектілердi салуды және пайдалануды, шаруашылық және өзге қызметтi қаржыландыруды тоқтату туралы нұсқамаларды енгiзуге;
      9) қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстар саласындағы нормативтік-құқықтық және нормативтiк-әдiстемелiк құжаттарды әзiрлеу мен жетiлдiру жөнiндегi ұсыныстарды енгiзуге;
      10) қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстар мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламалары мен болжамдарының жобаларын iске асыру жөнiндегi ұсыныстарды енгізуге;
      11) өз құзыреті шегiнде халықаралық экологиялық ұйымдармен, шетелдiк заңды тұлғалармен өзара iс-қимылды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға, Қазақстан Республикасы қабылдаған келiсiмдер мен конвенцияларды, экологиялық бағдарламалар мен жобаларды орындау жөнiндегi мемлекетаралық ынтымақтастыққа қатысуға құқылы.

  4. Жұмысты ұйымдастыру

      12. Комитеттi Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрiнің ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Yкiметi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын бiр уақытта Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi Бас мемлекеттік инспекторы болып табылатын төраға басқарады.
      Комитет төрағасының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрi қызметтерге тағайындайтын және қызметтерден босататын Комитет төрағасының орынбасарлары болады.
      Комитет төрағасы орынбасарларының санын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      13. Комитеттің төрағасы Комитеттiң жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасауды жүзеге асырады әрi Комитетке жүктелген міндеттердiң орындалуы мен өз функцияларын оның жүзеге асыруына дербес жауап бередi.
      14. Комитет төрағасы осы мақсатта:
      1) өз орынбасарлары мен Комитеттің құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының мiндеттерi мен жауапкершілiгін айқындайды;
      2) Комитеттің орталық аппаратының қызметкерлерiн қызметтерге тағайындайды және қызметтерден босатады, сондай-ақ аумақтық қоршаған ортаны қорғау органдары басшыларының келiсiмi бойынша бiр уақытта экологиялық инспекциялардың басшылары - облыстардың, Астана және Алматы қалаларының бас мемлекеттiк инспекторлары болып табылатын аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармалары бастықтарының орынбасарларын қызметтерге тағайындау және қызметтерден босату туралы Қоршаған ортаны қорғау министрiне ұсыныс енгiзедi, заңнамада белгiленген тәртiппен оларға тәртiптік жаза қолданады;
      3) өз құзыретi шегiнде бұйрықтар шығарады, аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармалары құрамындағы экологиялық инспекциялар туралы ережелердi және Комитеттің құрылымдық бөлімшелерi туралы ережелердi бекiтедi;
      4) өз құзыретi шегiнде Комитетті қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдарда және ұйымдарда білдiредi;
      5) Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрiне құрылымдық бөлiмшелердi құру және тарату туралы ұсыныстар енгiзедi;
      6) оның құзыретіне жатқызылған басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.
      Комитет қабылдайтын шешiмдер Комитет төрағасының бұйрығымен ресiмделедi.
      15. Комитеттің төрағасы болмаған кезде оның функцияларын орынбасарларының бiрi атқарады.
       Ескерту. 15-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.02.27. N  134  қаулысымен.

  5. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату

      16. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату заңнамада белгіленген тәртiппен жүргізіледi.

Қазақстан Республикасы 
Үкiметiнің       
2004 жылғы 29 қазандағы
N 1126 қаулысымен  
бекiтiлген      

  Қазақстан Республикасы
Қоршаған ортаны қорғау министрлігі
Табиғатты қорғауды бақылау комитетiнің
құрылымы

      Басшылық
      Қоршаған ортаның жай-күйiн бақылау басқармасы
      Бақылау қызметiн бағалау және жоспарлау басқармасы

       Ескерту. Құрылым жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2006.06.22. N  571  қаулысымен.       

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады