Жалпы орта білімнiң бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдары қызметінiң үлгi ережесiн бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 11 наурыздағы N 224 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 мамырдағы № 499 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 17.05.2013 № 499 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі).

      "Бiлiм туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 7 маусымдағы Заңын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қоса беріліп отырған Жалпы орта бiлiмнiң бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдары қызметiнiң үлгi ережесi бекiтiлсiн.
      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейiн он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Yкiметiнiң       
2005 жылғы 11 наурыздағы
N 224 қаулысымен   
бекiтiлген   

Жалпы oрта бiлiмнiң бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгі ережесi

1. Жалпы epeжелер

      1. Осы Жалпы орта бiлiмнiң бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдары қызметiнiң үлгi ережесi (бұдан әрi - Ереже) "Бiлiм туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 7 маусымдағы Заңына сәйкес әзiрлендi және олардың меншiк нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, жалпы орта бiлiмнiң бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарының (бұдан әрi - ұйым) барлық түрлерiнiң қызмет тәртiбiн айқындайды. Z070319

      2. Ұйым мектепалды даярлықтың, жалпы бастауыш, жалпы негiзгi және жалпы орта бiлiм берудiң негiзгі және қосымша жалпы бiлiм беру бағдарламаларын iске асырады.
      Ұйым үздiксiз бiлiм беру жүйесiнiң негізгi буыны болып табылады және Қазақстан Республикасының барлық азаматтарына мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандарттарының (бұдан әрi - МЖБС) шегiнде тегiн жалпы орта бiлiм алудың мемлекет кепілдiк берген құқығы мен мүмкiндiгiн ұсынады.
 

      3. Ұйым қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына, өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерiне, сондай-ақ осы Ережеге және олардың негiзiнде әзiрленген жарғыларға сәйкес жүзеге асырады.
 

      4. Ұйымның негізгi мiндеттерi:
      оқушылардың бiлiм беру бағдарламаларын игеруi үшiн жағдай жасау;
      оқушылардың тиiстi МЖБС-да көзделген деңгейден төмен емес бiлiм, машық пен дағдыларды алуын қамтамасыз ету;
      жеке тұлғаның шығармашылық, рухани және дене бiтiмi мүмкiндiктерiн дамыту, адамгершiлiк пен салауатты өмiр салтының берiк негiздерiн қалыптастыру, жеке тұлға ретiнде дамуына жағдай жасау жолымен зердесiн байыту;
      азаматтылық пен патриотизмге, өз Отаны - Қазақстан Республикасына деген сүйiспеншілiкке, мемлекеттiк рәмiздердi құрметтеуге, халық дәстүрлерiн қадiрлеуге, Конституцияға қайшы және қоғамға қарсы кез келген көрiнiстерге төзбеушiлiкке тәрбиелеу;
      оқушылардың республиканың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өмiрiне араласу қажеттiлiгiн, жеке тұлғаның өз құқықтары мен мiндеттерiне саналы көзқарасын қалыптастыру;
      әлемдiк және отандық мәдениет жетiстіктерiне баулу; қазақ халқы мен республиканың басқа да халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерiн зерделеу; мемлекеттiк, орыс және шетел тiлдерiн меңгеру;
      оқытудың жаңа технологияларын енгiзу, бiлiм беру ұйымдарының қызметін ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желiлерге шығу.
 

      5. Жалпы орта бiлiм берудiң қол жетімділігі мен түрлендiрмелiгін қамтамасыз ету, азаматтардың бейiмділiктерiне, қабiлеттерiне, қызығушылықтарына, денсаулық жағдайларына сәйкес олардың оқуына, тәрбиеленуiне және дамуына қолайлы жағдай жасау мақсатында ұйымдардың әр алуан түрлерi құрылуы мүмкiн.
 

      6. Жеке тұлғаның қажеттiлiктерi мен мүмкiндiктерi ескерiліп отырып, бiлiм беру бағдарламалары мынадай: күндiзгi, сырттай, кешкi, қашықтықтан оқыту, экстернат нысандарында игерiледi.
      Денсаулық жағдайына қарай ұзақ уақыт бойы жалпы бiлiм беретiн мектепке бара алмайтын азаматтар үшiн үйде немесе емдеу ұйымдарында жеке тегiн оқыту ұйымдастырылады.

2. Ұйымның қызметiн ұйымдастыру

      7. Мектептегі бiлiм беру процесінің субъектiлерi оқушылар, педагогикалық қызметкерлер, оқушылардың ата-аналары немесе өзге де заңды өкiлдерi болып табылады.
 

      8. Азаматтарды ұйымдарға оқуға қабылдаудың жалпы тәртiбi мен ережелерiн бiлiм беру саласындағы Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы белгiлейдi.
      Ұйымға осы ұйымға бекiтiлген аумақта тұратын және тиiстi сатыда бiлiм алуға құқығы бар барлық азаматтарды қабылдауды қамтамасыз ететiн жалпы бастауыш, жалпы негiзгi және жалпы орта бiлiм беру сатыларына қабылдау тәртібiн құрылтайшы бекiтедi.
 

      9. Ақылы бiлiм беру қызметiн iске асыратын мемлекеттiк емес ұйымдардағы оқушының (тәрбиеленушінiң), оның ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерiнiң өзара қарым-қатынастары оқу мерзiмiн, оқуы үшiн төлем мөлшерiн, өзге де жағдайларды айқындайтын шартпен реттеледi.
 

      10. Ұйымдардың үлгiлерi мен түрлерi бойынша сыныптардың (топтардың) толықтырылуын бiлiм беру саласындағы Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы айқындайды.
 

      11. Ата-аналардың немесе өзге де заңды өкiлдердiң мүдделерiн ескере отырып, жергiлiктi бiлiм берудi басқару органдарының келiсiмi бойынша ұйымда орнын толтыра оқыту сыныптары ашылуы мүмкiн (орнын толтыра оқыту - бұл жалпы бiлiм беру бағдарламаларын игеруде қиындыққа ұшырайтын балаларға ұйымның жағдайына бейiмделмеудiң алдын алуға мүмкiндiк беретін оларды тәрбиелеу мен оқыту ерекшелiктерiне барабар жағдай жасау).
 

      12. Ұйым жергiлiктi атқарушы органның ұсынысы бойынша, бекiтiлген аумақ шегiнде мектепке дейiнгi жастағы және мектеп жасындағы балаларды дербес (аты-жөні бойынша) есепке алуды жүргiзедi.
 

      13. Мектепалды сыныптарға ағымдағы жылдың 1 қыркүйегiне бес немесе алты жасқа толған балалар, 1-сыныпқа ағымдағы жылдың 1 қыркүйегiне алты немесе жетi жасқа толған балалар қабылданады.
      Қабылдау ата-аналарының немесе заңды өкiлдерiнiң жазбаша өтiнiшi, медициналық анықтамасы және туу туралы куәлiктiң көшiрмесi негiзiнде жүзеге асырылады.
 

      14. Мемлекеттiк қорытынды аттестаттаудан сәттi өткен ұйымдардың негiзгі және жоғарғы сатысындағы бiтірушiлерiне (бұдан әрi - бiтiрушілерiне) ұйымның мөрiмен расталған бiлiмнiң тиiстi деңгейi туралы мемлекеттік үлгiдегi құжат (бұдан әрі - құжат) берiледi.
      Жалпы негiзгi және жалпы орта бiлiмнiң жалпы бiлiм беру бағдарламаларын игеруде ерекше жетiстiктерге қол жеткiзген бiтiрушілерге үздiк бiтiргендiгi туралы құжаттар беріледі.
      Бiлiм алуды аяқтамаған бiтiрушілерге нысанын бiлiм беру саласындағы Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы бекiтетiн белгiленген үлгiдегi анықтама берiледi.
 

      15. Мемлекеттiк күндiзгі жалпы бiлiм беретiн оқу орындарынан 16 жасқа дейінгі балаларды ерекше жағдайларда бiлiм берудi басқару органдарының шешiмi бойынша, заңға қайшы әрекеттер жасағандығы, бiлiм беру ұйымының жарғысын өрескел және бiрнеше рет бұзғандығы үшiн оқудан шығаруға жол беріледі. Жетiм балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды оқудан шығару туралы шешiм қамқоршы және қорғаншы органдардың келiсiмiмен қабылданады.
 

      16. Ұйымның персоналын жинақтау тәртiбi оның жарғысымен және Қазақстан Республикасының заңнамасымен регламенттеледi.
 

      17. Ұйымға педагогикалық жұмысқа мамандығы бойынша бiлiктiлiк сипаттамасының талаптарына сәйкес келетiн және бiлiмi туралы мемлекеттiк үлгiдегi құжаттармен расталған қажеттi кәсiптiк-педагогикалық бiлiктiлiгi бар тұлғалар қабылданады.
      Тиiстi кәсiптік бiлiмi жоқ адамдарға ұйымның педагогикалық кеңесiнiң шешiмi бойынша қажеттi мамандар болмаған жағдайда ғана педагогикалық қызметпен айналысуға құқық берiледi.
      Ұйымдағы педагогикалық қызметке соттың үкiмі бойынша оған тыйым салынған адамдар жiберiлмейдi.
      Кәсiби педагогикалық қызметпен айналысатын адамдардың біліктiлiгінiң жеткiлiксiздiгi салдарынан лауазымына сәйкес болмаған жағдайда, сондай-ақ педагогикалық қызметті жалғастырумен сыйыспайтын заңға қайшы әрекеттер жасаған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес педагогикалық жұмыстан босатылады.
 

      18. Мұғалiмнiң жұмыс уақыты мектептiң iшкi еңбек тәртiбiне сәйкес айқындалады.

3. Бiлiм беру процесi

      19. Ұйым бiлiм беру процесiн жалпы орта бiлiм берудiң үш сатылы жалпы бiлiм беру бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырады: бастауыш (1-4 сыныптар), негізгi (5-9 сыныптар) және жоғары (10-11 (12) сыныптар).
 

      20. Мектеп жасына дейiнгі балаларға арналған ұйымдарда мектепке дейiнгі шағын орталықтар және бiр жылдық мектепалды сыныптар ашылуы мүмкiн.
 

      21. Мемлекеттік оқу орындарындағы оқушылар мен тәрбиеленушілердi оқулықтармен қамтамасыз ету:
      жыл сайын оқулықтарды мектеп кiтапханалары арқылы қайтарымды негiзде тегін пайдалануға беру жолымен;
      оқулықтарды бөлшек саудада сатып алу жолымен жүзеге асырылады.
      Мектеп кiтапханаларынан қайтарымды негізде оқулықтарды тегін пайдалануға жыл сайын мыналар:
      интернат ұйымдарының тәрбиеленушiлерi;
      жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; мүмкiндiктерi шектеулi, мүгедек, бала күнiнен мүгедек балалар;
      мемлекеттiк әлеуметтiк атаулы көмек алуға құқығы бар отбасының балалары;
      көп балалы отбасылардың балалары;
      жан басының кiрiсi ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасынан төмен мемлекеттік әлеуметтік атаулы көмек алмайтын отбасының балалары;
      денсаулық жағдайына байланысты ұзақ уақыт бойы емдеу ұйымдарында жалпы орта бiлiм беру бағдарламалары бойынша оқитын балалар алады.
 

      22. Жалпы бастауыш бiлiм беру (1-саты) оқушылардың оқу, жазу, санау, оқу қызметінің негiзгi машықтары мен дағдыларын, теориялық ойлау элементтерiн, оқу әрекеттерiн өз бетiнше бақылаудың қарапайым дағдыларын, мiнез-құлық және сөйлеу мәдениетiн, жеке гигиена мен салауатты өмiр салтының негіздерiн меңгеруiн қамтамасыз етедi.
 

      23. Жалпы негiзгi бiлiм беру (2-саты) арнайы пәндiк бiлiмдердiң негiздерiн қалайды, оқушының жеке тұлға ретiнде танылуына және қалыптасуына, оның бейiмдiлiгінiң, қызығушылығының және әлеуметтiк өзiн-өзi тану қабiлетiнiң, оның базалық бiлiм алуына жағдай жасауды қамтамасыз етедi.
      Жалпы негізгi бiлiм беру жалпы орта бiлiм алуға, кәсiптiк бастауыш және кәсіптік орта бiлiм алуға негiз болып табылады.
 

      24. Жалпы орта бiлiм беру (3-саты) жалпы білім беретiн пәндер бойынша дайындықтың міндетті және қорытынды кезеңi болып табылады, оқушылардың орнықты танымдық қызығушылықтары мен шығармашылық қабiлеттерiн дамытуды, саралап оқыту негiзiнде өз бетiнше оқу қызметінiң дағдыларын қалыптастыруды қамтамасыз етедi. Осы сатыда бейiндi оқыту және оқушылардың қызығушылықтарын, қабiлеттерiн және кәсiптiк бағдарлануын iске асыруға бағытталған таңдау бойынша оқыту жүзеге асырылады.
 

      25. Ұйымдардың жоғары сатыдағы, соның iшiнде өзбек, ұйғыр және тәжiк тiлдерiнде оқитын бiтiрушiлердi мемлекеттiк қорытынды аттестаттауды жүргiзудiң тәртiбiн Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы айқындайды.
 

      26. Жалпы бастауыш және жалпы негiзгi бiлiм беру сатыларындағы, үш немесе одан да көп пәндер бойынша оқу жылының бағдарламасын игермеген оқушылар қайтадан оқытуға қалдырылады немесе медициналық-педагогикалық комиссияның ұсынымы бойынша және ата-аналарының немесе өзге де заңды өкiлдерiнiң келiсiмiмен орнын толтыра оқыту сыныптарына ауыстырылады.
      1-сынып оқушылары медициналық-педагогикалық комиссияның ұсынымы бойынша және ата-аналарының келiсiмiмен екiншi жылға қалдырылуы мүмкiн.
      Оқу жылының қорытындысы бойынша 1-2 пән бойынша академиялық қарызы бар жалпы орта бiлiм беру ұйымының бастауыш және негiзгi сатыларындағы оқушылар келесi сыныпқа жазғы тапсырмаларды орындағаннан және емтихандарды тапсырғаннан кейiн көшiрiледi.
 

      27. Ұйымдар өздерiнiң жарғысымен анықталған оқыту нысандарын, құралдарын және әдiстерiн дербес таңдайды.
 

      28. Ұйымда бiлiм беру процесiн ұйымдастыру оқу жоспарының негiзiнде құрылады, жылдық күнтiзбелік оқу кестесiмен және сабақтар кестесiмен регламенттеледi.
 

      29. Нақты ұйымда бiлiм берудiң мазмұны МЖБС-қа сәйкес әзiрленетiн және iске асырылатын жұмыс бағдарламаларымен және оқу жоспарларымен айқындалады.
      Базистiк оқу жоспарының түрлендiрмелік бөлiгiнiң құрамына кiретiн және нақты ұйымның ерекшелігін көрсететiн оқу пәндерi бойынша оқу жұмыс жоспарын және бағдарламаларын әзiрлеудi ұйым дербес жүзеге асыруға құқылы.
 

      30. Мемлекеттiк емес ұйымда жылдық күнтізбелiк оқу кестесi оның жарғысымен айқындалады.
 

      31. Ұйымда сабақ кестесiн оның басшысы немесе оны ауыстыратын адам бекiтедi.
      Кестеде оқу сабақтарының күнделiктi саны, ұзақтығы және ретi көрсетiледi.
      Ұйымдағы сабақтың ұзақтығы - 45 минут (орнын толтыра оқыту сыныптарында - 40 минуттан аспайды).
      Ұйымның талаптарына балаларды бейiмдеу процесiн жеңiлдету мақсатында 1-сыныптарда оқу жүктемесiн бiртіндеп өсiре отырып, оқу сабақтарының "сатылы" режимi қолданылуы тиiс:
      1-тоқсанда ұзақтығы 35 минуттан - 3 сабақ, 2-тоқсаннан бастап әрқайсысының ұзақтығы 35 минуттан - 4 сабақ.
      Ұйымдардағы оқу кестесi оқушылар мен тәрбиеленушiлердiң тамақтануы мен белсендi демалысы үшін ұзақтылығы жеткіліктi үзiлiстi көздеуi тиiс.
      Ұйымдарда оқу сабақтары сағат 8-ден ерте басталмауы керек.
 

      32. Оқушылардың оқу жүктемесi мен сабақтар режимi мемлекеттiк жалпыға мiндеттi стандарттар, денсаулық сақтау және бiлiм беру органдарының оқу жоспарлары мен ұсынымдары негізiнде дайындалған ұйым бекiтетiн ережелермен айқындалады.
 

      33. Мектепке дейiнгі шағын орталықтардағы және мектепалды сыныптардағы бiлiм беру процесi мектеп жасына дейiнгi балаларға тән қызмет түрлерiн: ойындар, құрастыру, бейнелеу, музыкалық, театрландырылған және басқа да қызметті ескере отырып жүзеге асырылады, сондай-ақ балаға жеке тұрғыдан қарауды iске асыру мүмкiндігін, олардың жастық және психологиялық ерекшелiктерiн ескере отырып, әр түрлi кiшi топтармен жүргізілетiн жұмыстарды көздейдi.
 

      34. Ұйымдағы тіл саясаты Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
 

      35. Ұйымдар уағдаластық бойынша кәсiпорындармен, мекемелермен, өзге де ұйымдармен бiрлесiп, сондай-ақ дербес қосымша бiлiм беру қызметi ретінде, оның iшiнде төлемақы үшін кәсiптiк бастауыш даярлықты жүргізе алады.

4. Ұйымды басқару

      36. Ұйымды басқару Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы Ережеге және ұйымның жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.
 

      37. Ұйымды алқалық басқарудың нысандары педагогикалық кеңес, оқу-әдiстемелiк кеңес, қамқоршылық кеңесi және басқалар болып  табылады, оларды сайлау тәртiбiн қоса алғанда, оларды ұйымдастыру ережелерiн бiлiм беру саласындағы Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы бекiтедi.
      Ұйымды тiкелей басқаруды құрылтайшы тағайындайтын директор жүзеге асырады.
      Ұйымның директоры үш жылда бiр рет бiлiм беру саласындағы Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы белгiлеген тәртiппен аттестаттаудан өтедi.
      Мемлекеттiк ұйымның директорына оның лауазымын ұйымда немесе одан тыс жерде басқа басшы лауазымдармен (ғылыми және ғылыми-әдiстемелiк жетекшіліктен басқа) қоса атқаруға болмайды.
 

      38. Ұйымды таратқан немесе қайта ұйымдастырған кезде құрылтайшы олардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкiлдерiнiң келiсiмi бойынша таратылатын ұйымдар оқушыларының басқа ұйымдарда оқу жылын аяқтау үшiн шаралар қабылдауға мiндеттi.
 

      39. Ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шетелдiк бiлiм беру ұйымдарымен, халықаралық ұйымдармен және қорлармен тiкелей байланыстар орнатуға; ынтымақтастық туралы екіжақты және көпжақты шарттар жасасуға, бiлiм беру саласындағы халықаралық үкiметтiк емес ұйымдарға (қауымдастықтарға) кiруге құқығы бар.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады