"Заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 29 қыркүйектегі N 965 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгізiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба  

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Заңсыз жолмен алынған кірiстерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы

      Осы Заң заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимылдың құқықтық негiздерi мен қағидаттарын, Қазақстан Республикасының заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл саласындағы қаржы мониторингі субъектiлерiнің, уәкiлеттi органның және басқа да мемлекеттiк органдардың құқықтары мен мiндеттерiн айқындайды.

  1-тарау. Жалпы ережелер

       1-бап. Қазақстан Республикасының Заңсыз жолмен алынған
               кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және
               терроризмді қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы
               заңнамасы

      Қазақстан Республикасының Заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының  Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттардан тұрады.

       2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      заңсыз жолмен алынған кiрiстер - қылмыс немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау нәтижесiнде алынған ақша, бағалы қағаздар және өзге мүлiк, оның ішінде мүліктiк құқықтар (бұдан әрi - ақша немесе өзге мүлік);
      заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыру (жылыстату) - қаржы операцияларын және басқа мәмілелердi жасау арқылы көрiнеу заңсыз жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге де мүлiктi заңды айналымға тарту, сол сияқты көрсетiлген қаражатты немесе өзге де мүлікті кәсiпкерлiк немесе өзге экономикалық қызметтi жүзеге асыру үшін пайдалану;
      ақшамен және (немесе) өзге мүлiкпен жасалатын операциялар - жеке және заңды тұлғалардың олармен байланысты азаматтық құқықтарды және мiндеттердi белгiлеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған оларды жүзеге асыру нысаны мен әдiсiне қарамастан ақшамен және (немесе) өзге де мүлiкпен жасайтын әрекеттерi;
      ақшамен және (немесе) өзге де мүлiкпен жасалатын күмәндi операция - оны жасау нәтижесiнде заңды айналымға заңсыз жолмен алынған кiрiстердiң тартылатынын болжауға негіздерi бар операциялар;
      қаржы мониторингiнің уәкiлетті органы - Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын қаржы мониторингiн жүзеге асыратын және өзге де шараларды қабылдайтын осы Заңға сәйкес заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл бойынша мемлекеттiк орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган);
      қаржы мониторингi - қаржы мониторингi субъектiлерiнен келiп түсетiн ақшамен және (немесе) өзге де мүлiкпен жасалатын операциялар туралы ақпаратты жинау және талдау жөнiндегі шаралардың жиынтығы;
      терроризмдi (террористiк қызметті) қаржыландыру - террористiк iс-әрекеттердi жүзеге асыру үшін террористердi және (немесе) террористiк ұйымдарды ақшамен және (немесе) өзге де мүлiкпен қамтамасыз ету.

  2-тарау. Заңсыз жолмен алынған кiрiстерді
заңдастырудың (жылыстатудың) және терроризмді
қаржыландырудың алдын алу

       3-бап. Қаржы мониторингiнің субъектiлерi

      1. Осы Заңның мақсаттары үшін қаржы мониторингінің субъектiлерiне:
      1) банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар және ломбардтар;
      2) биржалар;
      3) сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдары, сақтандыру брокерлерi;
      4) лизинг қызметiмен айналысатын ұйымдар;
      5) жинақтаушы зейнетақы қорлары;
      6) бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары, орталық депозитарий;
      7) нотариустер;
      8) клиенттердiң атынан ақшамен немесе өзге де мүлікпен операциялар жасау бойынша заң қызметтерiн көрсететiн жеке және заңды тұлғалар;
      9) аудиторлық ұйымдар (аудиторлар);
      10) мүлiктi сенімгерлікпен басқару бойынша қызметтер көрсететін ұйымдар;
      11) жылжымайтын мүлікке, не мемлекеттiк тiркеуге жататын өзге де мүлікпен жасалатын мәмiлелерге арналған құқықтарды мемлекеттік тiркеу бойынша қызметтер көрсететін ұйымдар;
      12) сауда-саттықты және аукциондарды ұйымдастырушылар;
      13) ойын мекемелерi - тотализатор және букмекер кеңселер ұстайтын, сондай-ақ лотереялар, тотализаторлар (бәc тiгу) және өзге де тәуекелге негiзделген, соның ішінде электрлі түрдегі ойындарды ұйымдастыратын және өткiзетiн ұйымдар;
      14) ақша аударымы қызметтерiн көрсететін почта операторлары;
      15) қымбат бағалы металдармен, қымбат бағалы тастармен, сондай-ақ олардан жасалған бұйымдармен жаса қойып операцияларды жүзеге асыратын ұйымдар жатады.
      2. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары қаржы мониторингінің субъектілерi болып табылмайды.

       4-бап. Ақшамен немесе қаржы мониторингіне жататын
               өзге де мүлiкпен жасалатын операциялар

      1. Ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен жасалатын операциялар, егер өз сипаты бойынша ол осы баптың 2-тармағында көзделген операциялар түрлерiнің бiрiне қатысты болса, ал ол жасалған сома:
      осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген операция үшін - үш мың АҚШ долларының боламасына;
      осы баптың 2-тармағының 2)-18) тармақшаларында көрсетiлген операциялар үшiн - отыз мың АҚШ долларының боламасына;
      осы баптың 2-тармағының 19)-20) тармақшаларында көрсетiлген операциялар үшін - жүз мың АҚШ долларының боламасына тең немесе одан астам болса қаржы мониторингiне жатады.
      2. Ақшамен (және) немесе қаржы мониторингіне жататын өзге де мүлiкпен жасалатын операцияларға мыналар жатады:
      1) лотереяда, тотализаторда (бәс тiгу) және өзге де тәуекелге негiзделген, соның iшiнде электрондық нысандағы ойындарға қатысқаны үшiн ақша алу және көрсетілген ойындарды жүргiзу нәтижелерi бойынша сыйлықақы (сыйлық) төлеу немесе беру;
      2) шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға арналған лицензиясы бар ұйымдардың арасында қолма қол шетел валютасын сатып алуды, сатуды және айырбастауды қоспағанда, қолма қол шетел валютасын сатып алу, сату және айырбастау;
      3) бiр жолғы операция ретiнде де дәйектi жетi күнтiзбелік күн iшiнде жүзеге асырылатын операция ретiнде де чек немесе вексель бойынша ақша алу;
      4) бiр жолғы операция ретiнде де дәйектi жетi күнтiзбелiк күн iшiнде жүзеге асырылатын операция ретiнде де бір құндағы банкнотты екiншi құндағы банкнотқа айырбастау;
      5) бiр жолғы операция ретінде де дәйектi жеті күнтiзбелiк күн iшiнде жүзеге асырылатын операция ретiнде де қолма қол ақшаны клиенттің банк шотынан алу немесе банк шотына салу операцияларын жүзеге асыру;
      6) бiр жолғы операция ретiнде де дәйектi жетi күнтiзбелiк күн iшiнде жүзеге асырылатын оффшорлық аймақта тиесілi тiркелген, тұрғылықты жерi немесе орналасқан жерi бар және оффшорлық аймақта тiркелген банкiде есепшоты бар жеке немесе заңды тұлғаның ақшаны клиенттің банкiлiк есешпотына салуды немесе аударуды жүзеге асыруы не көрсетiлген санаттағы тұлғалардың пайдасына клиенттiң ақшаны аударуы;
      7) жасырын иеленушiге арнап ашылған шоттарға (салымдарға) операция ретінде де шетелден ақша аудару; бiр жолғы операция ретiнде де дәйектi жетi күнтiзбелiк күн iшiнде жүзеге асырылатын операция ретiнде де шетелден жасырын иеленушiге арнап ашылған шоттардан (салымнан) ақшаның түсуi;
      8) үшiншi тұлғаның пайдасына сақтандыру есепшотын (салымын) ашу және (немесе) мұндай есепшотқа ақшаны енгiзу;
      9) өтеусiз негiзде үшінші тұлғалардың пайдасына клиент немесе бiрнеше клиенттер жүзеге асыратын жүйелi отыз күнтiзбелiк күндерi iшiнде жасалатын ақша төлемi және аудару, сонымен бiрге бiр реттiк операциялар мен басқа да операциялар;
      10) Қазақстан Республикасына (Қазақстан Республикасынан) мәдени құндылықтарды сатып алу (сату), әкелу (әкету);
      11) мемлекеттiк тiркеу мезетiнен кемiнде үш ай өткен заңды тұлғалар жасайтын операциялар;
      12) банкiлер жүзеге асырушы қолда бар валютаны енгiзудi алмағанда, Қазақстан Республикасына (Қазақстан Республикасынан) қолма қол валютаны әкелу (әкету);
      13) сақтандыру төлемiн жүзеге асыру немесе сақтандыру сыйақысын алу;
      14) қымбат бағалы металдардан жасалған ұлттық валюта монеталарынан басқа ақшамен, бағалы қағаздармен, қымбат бағалы металдармен және тастармен, олардан жасалған зергерлiк бұйымдармен және өзге құндылықтармен ломбардтық және сейфтiк операциялар жасау;
      15) жинақтаушы зейнетақы қорларына ерiктi зейнетақы жарналарын енгiзу, аудару, сондай-ақ ерiктi зейнетақы жарналарының есебiнен жинақтаушы зейнетақы қорларынан зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру;
      16) қаржы лизингiнің шарты бойынша мүліктi алу немесе беру;
      17) қызмет көрсету бойынша мәмiле, соның есебiнде мердiгерлiк, тасымалдау, көлiк экспедициясы, сақтау, комиссиялар, мүлiктi сенiмгерлiк басқару;
      18) қымбат бағалы металдарды, қымбат бағалы тастарды, сондай-ақ олардан жасалған бұйымдарды сатып алу, сату және олармен жасалатын өзге де операциялар;
      19) міндетті мемлекеттiк тiркеуге жататын жылжымайтын және өзге мүлiкпен жасалатын мәмілелер;
      20) бағалы қағаздарды сатып алу.
      3. Күмәндi операциялар, олардың жасалған немесе жасалуы тиiс сомасына қарамастан, қаржы мониторингiне жатады.

       5-бап. Қаржы мониторингi субъектілерiнiң мiндеттерi

      1. Қаржы мониторингiнiң субъектiлерi мониторингiне жататын операцияны жүргiзу туралы клиент жүгiнген күннен кейiнгi жұмыс күнiнен кешіктiрмей мынадай мәліметтердi құжаттамалық тiркеуге және уәкiлеттiк органға ұсынуға мiндетті:
      1) операцияның түрi және оны жасаудың негiздемесi (мәмiленiң мәнi);
      2) операцияны жасау күнi мен уақыты, сондай-ақ ол жасалған немесе жасалуы тиiс сома;
      3) ақшамен және (немесе) өзге мүлiкпен операция жасайтын жеке тұлғаны сәйкестендiру үшiн қажеттi мәліметтер (жеке болып куәландырылатын құжаттың деректерi), салық төлеушінің тiркеу нөмiрi (Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес клиентке салық төлеушінің тiркеу нөмiрi берiлмеген жағдайларды қоспағанда), сондай-ақ тұрғылықты жерінің және (немесе) орналасқан жерiнiң мекен-жайы;
      4) ақшамен немесе өзге мүлікпен операция жасаған заңды тұлғаның атауы, салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi (Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес клиентке салық төлеушінiң тiркеу нөмiрi берiлмеген жағдайларды қоспағанда), мекен-жайы;
      5) ақшамен немесе өзге де мүлікпен жасалған операция бойынша алушыны және оның өкiлiн сәйкестендiру үшін қажеттi мәлiметтер (операция жасырып алушының пайдасына жасалған жағдайларды қоспағанда), оның iшiнде салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi (ол бар болса), алушының және оның өкілінің тұрғылықты жерінің және (немесе) орналасқан жерiнің мекен-жайы, сондай-ақ алушының немесе өкiлiнiң қолтаңбаларын (бар болса) салыстыру туралы белгi.
      2. Басқа тұлғаның тапсырма бойынша және оның атынан қаржы мониторингiне жататын операциялар жүргізiлген жағдайда, оның тапсырмасы бойынша және атынан осы баптың 1-тармағында операциялар жасалатын жеке немесе заңды тұлғаны сәйкестендiру үшін қажеттi мәлiметтер де тiркеледi.
      3. Ақшамен немесе қаржы мониторингiне жататын өзге де мүлiкпен жасалатын операциялар туралы мәліметтердi қаржы мониторингiнiң субъектiлерi уәкiлеттік орган мүдделi мемлекеттiк органдардың келiсiмi бойынша айқындайтын тәртiппен уәкілеттiк органға ұсынады.
      Ақшамен және (немесе) қаржы мониторингіне жататын өзге мүлікпен жасалатын операциялар туралы мәліметтердi уәкiлеттік органға берумен, сондай-ақ көрсетiлген мәліметтердi беру үшін қажетті техникалық құралдарды орнатумен байланысты шығыстарды қаржы мониторингінiң субъектiлерi көтередi.

       6-бап. Қаржы мониторингi субъектілерiнiң iшкi бақылауды
               енгiзуi

      1. Қаржы мониторингiнің субъектілерi оларға сәйкес өздерi көрсететiн қызметтердi басқа адамдар заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыру (жылыстау) және терроризмдi қаржыландыру немесе соған жәрдемдесу мақсаттары үшiн пайдаланбайтын шаралар қабылдайды.
      2. Қаржы мониторингiнің субъектiлерi заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруды (жылыстатуды) және терроризмдi қаржыландыруды болдырмау мақсатында iшкi бақылау ережесiн және оны жүзеге асыру бағдарламасын әзiрлейдi, ереженiң сақталуына және бағдарламаның iске асырылуына жауапты арнайы лауазымды тұлғаларды тағайындайды.
      3. Қаржы мониторингiнiң субъектілерi iшкi бақылау ережесiн мүдделi мемлекеттік органдармен келiсiм бойынша уәкiлетті орган бекiткен талаптарды ескере отырып, әзiрлейдi.
      4. Осы Заңның 5-бабында көрсетiлген мәліметтердi растайтын құжаттарды, сондай-ақ тұлғаны сәйкестендiру үшiн қажеттi құжаттардың көшірмелерiн қаржы мониторингiнiң субъектiлерi клиентпен қарым қатынас тоқтатылған күннен бастап кемiнде 5 жыл сақтауға тиiс.
      5. Уәкілетті органға ақпарат беретiн қаржы мониторингінiң субъектiлерiнің оларға қатысты ақпарат берілетiн клиенттерге және өзге де тұлғаларға бұл туралы хабарлауға құқығы жоқ.
      6. Қаржы мониторингi субъектілерiнiң уәкiлеттік органға мәлiметтер мен құжаттарды осы Заңда көзделген мақсаттарда және тәртiппен ұсынуы банктiк, қызметтен, коммерциялық немесе Заңмен қорғалатын өзге құпияны жария ету болып табылмайды.
      7. Ақпарат осы Заңға сәйкес уәкiлеттiк органға ұсынылған жағдайда қаржы мониторингінің субъектiлерi, олардың лауазымды тұлғалары хабарламаның нәтижелерiне қарамастан Қазақстан Республикасының заңдарында немесе шарттың талаптарында көзделген жауапкершiлiкте болмайды.

       7-бап. Ақшамен және (немесе) мүлiкпен жасалатын
               операцияларды жүргiзуден  бас тарту және мұндай
               операцияларды тоқтата тұру

      1. Қаржы мониторингінің субъектілерi осы Заңның 5-бабына сәйкес ақпаратты тiркеу үшін қажетті мәліметтердi белгілеу мүмкiн болмайтын және (немесе) қаржы мониторингіне жататын өзге де мүлiкпен жасалатын операцияларды жүргiзуден бас тартуға мiндетті.
      2. Заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастырудың (жылыстатудың) алдын-алу және жолын кесу мақсатында қаржы мониторингiнiң субъектiлерi күмәндi операциялар жүргiзудi олардың өткiзiлетiнi туралы клиент жүгiнген кезден бастап үш жұмыс күнiне дейінгi мерзiмге операция тоқтатыла тұрған сәттен бастап, бұл туралы жиырма төрт сағат iшiнде уәкiлетті органды мiндеттi түрде хабардар ете отырып, тоқтата тұруға мiндеттi.
      3. Қаржы мониторингінің субъектiлерi тараптардың бipeуi террористiк ұйымдар немесе террористік iс-әрекеттi жүзеге асырған үшiн жауапкершілікке тартылған тұлғалар болып табылатын операцияларды ол туралы операция тоқтата тұрған сәттен бастап жиырма төрт сағат iшiнде қаржы мониторингінiң уәкiлетті органын мiндеттi түрде хабардар ете отырып, дереу тоқтата тұруға мiндеттi.
      Teppopистік ұйымдардың және террористік қызметтi жүзеге асырғаны үшін жауапкершілікке тартылған тұлғалардың тізбесін уәкілетті орган қаржы мониторингi субъектілерiнiң назарына, Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен жеткiзедi.
      4. Қаржы мониторингiнiң субъектiсiнен операция жүргiзудi тоқтатыла тұрғаны туралы ақпарат алып, уәкілеттi орган осы баптың 2-тармағы көзделген операцияны тоқтата тұруға арналған мерзiм өткенге дейiн, мұндай операцияның бес күнтізбелiк күнге дейiн мерзiмге тоқтата тұрғаны туралы қаулыны шығаруға және қаржы мониторингiнiң субъектiсiне жолдауға не операцияны одан әрi тоқтата тұруын қажеттілiгi жоқтығы туралы хабарлама жiберуге мiндетті. Операцияны тоқтата тұру туралы қаулыға бiрiншi басшының (оны алмастыратын тұлғаның) қолы қойылуы және уәкiлетті органның мөрiмен расталуы тиiс.
      5. Қаржы мониторингiнің субъектiсi операцияны жүргізудi тоқтатқан мезетiнен бастап, үш жұмыс күнi ішінде уәкiлеттi органның ақшамен және (немесе) өзге мүлiкпен операцияны тоқтату туралы қаулысын немесе операцияны тоқтату қажет еместiгі туралы хабарламасын алмаған жағдайда, егер, осы операцияны жүргiзуге кедергі келтiретiн Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен көзделмеген өзге негiздер болмаса, операция жүргiзiлуi тиiс.
      6. Осы баптың 1-3-бөлiмдерiне сәйкес қаржы мониторингi субъектiсінің операцияны орындаудан бас тарту немесе ақшамен және (немесе) өзге мүлiкпен операциясын жүргiзудi тоқтату, қаржы мониторингi субъектiсінің шарттың (мiндеттеменiң) алғышарттарын бұзғандығы үшiн азаматтық-құқықтық жауапкершілiкке негіз болып табылмайды.

  3-тарау. Уәкiлеттi органның міндеттері,
функциясы және өкiлеттiктерi

       8-бап. Уәкiлеттi органның мiндеттерi

      Уәкiлетті органның негізгі мiндеттерi:
      1) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттiк саясатты әзiрлеу және жүргізу;
      2) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы iс-қимыл, мемлекеттік органдардың қызметін бұл бағытындағы жұмысын үйлестiру;
      3) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында бірыңғай ақпараттық жүйені құру және республикалық деректер қорын енгізу;
      4) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес заңсыз жолмен алынған кірiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында шетел мемлекеттерінің құзыреттi органдарымен өзара iс-қимыл және ақпарат алмасуды жүзеге асыру;
      5) халықаралық ұйымдарда заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының мүдделерiн бiлдiру болып табылады.

       9-бап. Уәкiлеттi органның функциялары

      1. Заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл жасау мақсатында уәкiлеттi орган:
      1) осы Заңға сәйкес ақшамен және (немесе) қаржы мониторингiне жататын өзге де мүлiкпен операциялар туралы ақпаратты жинауды және өңдеудi жүзеге асырады;
      2) белгiленген тәртіппен алынған ақпаратты тексерудi және талдауды жүзеге асырады;
      3) мүдделi мемлекеттік органдардың келiсiмi бойынша ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен жасалатын күмәндi операциялардың белгiлерiн айқындайды және олардың тiзбесiн қаржы мониторингi субъектiлерiнiң назарына жеткiзеді;
      4) мемлекеттiк органдардың заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл саласындағы қызметiн үйлестiредi;
      5) соттың сұратуы бойынша оның өндiрiсiнде бар материалдарды шешу үшін ақшамен және (немесе) өзге де мүлiкпен жасалған операциялар бойынша қажеттi ақпаратты жолдайды;
      6) ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен жасалған операциялардың (мәміленің) заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастырумен (жылыстатумен) және терроризмдi қаржыландырумен байланысты деуге негiздемелер болған кезде, ақпаратты прокуратура органдарына немесе құқық қорғау органдарына олардың құзыреттерiне сәйкес процессуалдық шешiм қабылдау үшiн жолдайды;
      7) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелерi бойынша халықаралық ынтымақтастық бағдарламаларын әзiрлеуге және жүзеге асыруға қатысады;
      8) pеcпубликалық деректер қорын қалыптастыруды және жүргiзу ұйымдастырады, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған кірiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл саласындағы ақпараттық жүйелердiң әдiснамалық бірлігін және келiсілген жұмысын қамтамасыз етедi;
      9) қаржы мониторингі субъектілерiнiң осы Заң талаптарын орындауына, соның ішінде олардың қызметiне тексерiс жүргізу арқылы, бақылауды жүзеге асырады;
      10) осы Заң талаптарын бұзғаны үшін заңды тұлғалар мен олардың лауазымды адамдарын Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген жауапкершілікке тарту үшiн шаралар қабылдайды;
      11) Қазақстан Республикасының заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасын бұзудың алдын алу жөнiндегi іс-шараларды әзiрлейдi және жүргізедi;
      12) мемлекеттік органдардан және өзге ұйымдардан алынатын ақпараттың негізiнде заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын қолдану практикасын қорытады, сондай-ақ оны жетілдiру бойынша ұсыныстар әзiрлейдi және енгізедi;
      13) заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимылдың халықаралық тәжiрибесi мен практикасын зерделейді;
      14) заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы кадрларды қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру бойынша iс-шаралар өткiзедi;
      15) заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл саласындағы халықаралық ұйымдар қызметiне белгіленген тәртiппен қатысады;
      16) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеудi және қадағалауды жүзеге асыратын органмен келiсiм бойынша осы Заңның мақсаттар үшiн оффшорлық аймақтардың тiзбесiн айқындайды, сондай-ақ оны қаржы мониторингi субъектілерiнiң назарына жеткiзедi.

       10-бап. Уәкілетті органның құқықтары мен мiндеттерi

      1. Уәкiлеттi орган:
      1) қаржы мониторингінің субъектілерi болып табылмайтын жеке және заңды тұлғалардан қаржы мониторингіне жатпайтын операциялар бойынша қажеттi ақпаратты сұратуға;
      2) заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыру (жылыстату) және терроризмдi қаржыландыру белгiлер анықталған жағдайда ақшамен және (немесе) өзге де мүлiкпен операцияларды бес күнтiзбелiк күнге дейiнгi мерзiмге тоқтата тұру туралы қаулы шығаруға;
      3) заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы, iс-қимыл мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актiлерiнiң және халықаралық шарттарының жобаларын әзiрлеуге қатысуға;
      4) сұрату бойынша немесе дербес түрде шетел мемлекетiнiң қаржы мониторингін жүргiзуге уәкiлеттi органымен ақпарат алмасуға;
      5) мемлекеттік және өзге заңмен қорғалатын құпияны қорғау бойынша талаптарды сақтай отырып, қаржы мониторингi саласында сараптамалар жүргiзу, оқыту бағдарламаларын, әдiстемелiк материалдарды әзiрлеу, бағдарламалық және ақпараттық қамтамасыз ету, ақпараттық жүйелердi құру үшін ғылыми-зерттеу және басқа ұйымдарды, сондай-ақ жекелеген мамандарды жұмысқа, соның iшiнде шарттық негiзде тарту құқылы.
      2. Уәкiлеттi орган:
      1) заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл бойынша шаралар қабылдауға;
      2) өз қызметi процесiнде алынған қызметтiк, банктiк, салық, коммерциялық немесе өзге де Заңмен қорғалатын құпияны құрайтын ақпаратты сақтаудың, қорғаудың және сақталуының тиiстi режимiн қамтамасыз етуге;
      3) қаржы мониторингін жүзеге асыру процесiнде адам мен азаматтың, заңды тұлғалардың және мемлекеттiң құқықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.

       11-бап. Уәкiлеттi органның Қазақстан Республикасының
                мемлекеттік органдармен және шетел
                мемлекеттерiнiң құзыреттi органдарымен
                өзара іс-қимылы

      1. Уәкілетті орган және Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары Қазақстан Республикасының Yкiметі айқындайтын тәртiппен қаржы мониторингін және заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимылды жүзеге асыру үшiн қажетті ақпаратпен алмасады.
      2. Өз құзыреті шегінде құқықтық статистика мен арнайы есеп саласындағы статистикалық қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган террористік ұйымдар мен террористік қызметті жүзеге асырғаны үшiн жауапкершілiкке тартылған тұлғалардың тiзбесiн уәкілетті органға жолдайды.
      Аталған тiзбе өзгертiлген (және) немесе толықтырылған жағдайда, өз құзыреті шегінде құқықтық статистика мен арнайы есеп саласында статистикалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттiк орган жаңартқан уәкiлеттi органға жiберiледi.
      3. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары күмәндi операцияларды өз бетімен анықтаған жағдайда бұл туралы уәкiлетті органды хабардар етуге құқылы. Күмәндi ақпарат туралы ақпарат уәкiлетті органға ақпарат беру банктiк, қызметтiк, коммерциялық немесе Заңмен қорғалатын өзге де құпияны жарна ету болып табылмайды.
      4. Уәкiлеттi органның және Қазақстан Республикасы өзге де мемлекеттік органдарының шетел мемлекеттерiнiң заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастырумен (жылыстатумен) және терроризмдi қаржыландырумен байланысты әрекеттердiң алдын-алу, анықтау, жолын кесу және тергеу саласындағы құзыретті органдармен ынтымақтастығы, сондай-ақ көрсетiлген кiрiстердi тәркілеу заңдарға және Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

  5-тарау. Қорытынды ережелер

       12-бап. Осы Заңның бұзылғаны үшiн жауапкершiлік

      Осы Заңның бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілікте болады.
      Жеке және заңды тұлғаларға қаржы мониторингiн жүзеге асырумен байланысты заңсыз әрекетпен немесе әрекетсiздiкпен зиян келтiргенi үшін уәкiлетті орган және оның лауазымды тұлғалары Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершілікте болады.

       13-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      Осы Заң жарияланған күнiнен бастап алты ай өткеннен кейiн қолданысқа енгізiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады