Суасты құбыржолдары мен кәбiлдерiн салу, тарту және пайдалану кезiндегi қауiпсiздiк және қоршаған ортаны қорғау ережесiн бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 22 қыркүйектегі N 901 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 30 мамырдағы № 353 қаулысымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 30.05.2019 № 353 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Мұнай туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 маусымдағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI :

      1. Қоса берiлiп отырған Суасты құбыржолдары мен кәбiлдерiн салу, тарту және пайдалану кезiндегi қауiпсiздiк және қоршаған ортаны қорғау ережесi бекiтiлсiн.

      2. "Мұнай операцияларына байланысты су асты құбырлары мен кәбiлдерiн орнату мен пайдалану кезінде қауiпсiздiк пен қоршаған табиғи ортаны қорғау ережелерiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 13 маусымдағы N 732 қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі



  Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2006 жылғы 22 қыркүйектегi
N 901 қаулысымен
бекiтiлген

Суасты құбыржолдары мен кәбiлдерiн салу, тарту және пайдалану кезiндегi қауiпсiздiк және қоршаған ортаны қорғау ережесi
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Суасты құбыржолдары мен кәбiлдерiн салу, тарту және пайдалану кезiндегi қауiпсiздiк және қоршаған ортаны қорғау ережесi (бұдан әрi - Ереже) "Мұнай туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 маусымдағы Заңының 45-бабына сәйкес әзiрлендi, суасты құбыржолдары мен кәбiлдерiн салу, тарту және пайдалану кезiндегi қауiпсiздiк және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру мен жүзеге асыру тәртiбiн белгiлейдi.

      2. Осы Ереженiң әрекетi Қазақстан Республикасының су объектiлерiндегi мұнай операцияларына байланысты қызметi суасты құбыржолдары мен кәбiлдерiн салуға, тартуға және пайдалануға бағытталған барлық жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.

      3. Осы Ережеде мынадай терминдер пайдаланылады:

      суасты объектiлерi - Қазақстан Республикасының су объектiлерiндегi мұнай операцияларын жүзеге асыру саласына жатқызылатын суасты құбыржолдары мен суасты кәбiлдерi;

      суасты кәбiлдерi - суасты кәбiлдiк электр беру және байланыс желiлерi;

      қызмет көрсету алаңы - мұнай операцияларымен байланысты су объектiлерiнде жұмыстар жүргізу үшiн тұрғызылған қосалқы құрылыс;

      күзет аймағы - қызметiн суасты объектiлерi салынған трассаларға жақын жерде жүзеге асыратын шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң суасты объектiлерiне зақым келуi нәтижесiнде туындауы мүмкiн авариялар мен төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында суасты объектiлерiнiң бойына қойылатын күзет аймағы;

      герметикалылығы - конструкциядағы тығыздау мен жарықтар арқылы заттың жылыстау жылдамдығымен сипатталатын объектiнiң қасиетi.

      Осы Ережеде пайдаланылатын басқа терминдер Қазақстан Республикасының мұнай операциялары, жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнамасында қолданылатын терминдерге сәйкес келедi.

2. Суасты объектiлерiн салу, тарту және пайдалану кезiндегi қауiпсiздiк және қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi жалпы талаптар

      4. Суасты құбыржолдары мен кәбiлдерiн салу, тарту және пайдалану жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу кезiнде еңбек қауiпсiздiгi мен еңбектi қорғауға қойылатын талаптар еңбек қауiпсiздiгi мен еңбектi қорғау жөнiндегi заңнамада белгiленген тәртiппен құзыреттi орган бекiтетiн нұсқаулықта айқындалады.

      5. Құрамында күкiртсутек пен меркаптандары бар мұнайды тасымалдауға арналған суасты құбыржолдарын салуға, тартуға және пайдалануға қойылатын талаптарды:

      қоршаған ортаны қорғау;

      халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы;

      өнеркәсiптiк қауiпсiздiк;

      су қорын пайдалану және қорғау;

      көлiк және коммуникация;

      жануарлар дүниесiн қорғау, молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi органдармен келiсiм бойынша құзыреттi орган белгiлейдi.

      6. Салу және пайдалану кезiнде суасты объектiлерiнiң бойына суасты объектiлерiнiң шеткi тiндерiнiң осiнен әрбiр жағынан 100 м қашықтықта тұрған қатарлас жазықтықтардың арасында жасалған судың бетiнен түбiне дейiнгi су кеңiстiгiнiң учаскесi түрiнде күзет аймағы енгiзiледi.

      7. Суасты объектiлерiн салуға, тартуға немесе жөндеуге кемелер едәуiр мөлшерде қатысқан кезде суасты объектiлерiн салуды, тартуды немесе жөндеудi жүзеге асыратын мердiгер олардың жұмысына жалпы басшылық жасау үшiн тәлiмгер капитанды бөледi.

      8. Суасты объектiлерiн салуға, тартуға немесе жөндеуге қатысатын кемелер мен жағалаудағы базалардың арасында үздiксiз радиотелефон байланысы орнатылады.

      9. Суасты объектiлерiн салуды, тартуды және пайдалануды жүзеге асыратын мердiгер өзiнің қызмет көрсету алаңында тiкұшақ айлағы болған кезде өзiнiң құрылымына тiкұшақтың қонуы мен ұшуына қызмет көрсететiн диспетчер ретiнде штаттық қызметкер енгiзедi. Тiкұшақ айлағын пайдалануға азаматтық авиацияны мемлекеттiк реттеу саласындағы уәкiлеттi орган өткiзетiн сертификаттаудан кейiн рұқсат етiледi.

      10. Үш баллдан астам теңiз толқыны кезiнде адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында қызмет көрсету алаңында отырғызу және түсiру жүзеге асырылмайды. Адамдарды отырғызу және түсiру кеме капитанының командасы бойынша жүргiзiледi.

      11. Қызмет көрсету алаңынан немесе кемеден сүңгуiрлердi түсiрудi жүргiзу кезiнде қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн жұмыстардың мынадай түрлерi жүзеге асырылмайды:

      қызмет көрсету алаңдарына басқа кемелердi байлау;

      бөгде заттарды борттың сыртына тастау;

      крандардың кемелерден тиеу-түсiру жұмыстары;

      сүңгуір бекеттерiнде бөгде заттар мен жабдықтарды орналастыру.

      12. Суасты-техникалық жұмыстарға алғаш рет жiберiлетiн сүңгуiрлер бір жыл бойы суасты объектiлерiн салуды, тартуды немесе пайдалануды жүзеге асыратын мердiгер басшысының бұйрығымен тағайындалатын тәжiрибелi сүңгуiрлердiң тiкелей бақылауымен жұмыс iстейдi.

3. Суасты объектiлерiн салу кезiнде қауiпсiздiктi және қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi талаптар

      13. Теңiз айдынында суасты объектiлерiн орналастыру Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы заңнамаға сәйкес әзiрленетiн құрылыс жобасына сәйкес оларды пайдаланудың қауiпсiздiгi мен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету ескерiле отырып жүзеге асырылады.

      14. Қауiпсiздiктi және қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтау мақсатында суасты объектiлерiн тартатын жер, трасса және құрылыс жобасы:

      халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы;

      өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы;

      су қорын пайдалану және қорғау саласындағы;

      жер ресурстарын басқару жөнiндегi;

      ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жөнiндегi;

      төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөнiндегi;

      көлiк және коммуникация саласындағы;

      жануарлар дүниесiн қорғау, молайту және пайдалану саласындағы;

      энергиямен жабдықтау саласындағы;

      қоршаған ортаны қорғау саласындағы;

      жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органдармен келiсiледi.

      15. Суасты объектiлерi суасты объектiлерi мен олардың коммуникацияларын тартатын жердегi сулы ортаның режиміне әсер ететiн қазiргi бар және жобаланатын гидротехникалық құрылыстарды, берiлген аудандағы перспективалық түп тереңдету жұмыстарын ескере отырып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы және жануарлар дүниесiн қорғау, молықтыру және пайдалану саласындағы заңнаманың талаптарына сәйкес гидрологиялық, метеорологиялық, инженерлiк-геологиялық және топографиялық iзденiстер деректерiнiң негiзiнде жобаланады.

      16. Құрылыс жобасын әзiрлеу сатысында күзет аймағын бiлдiретiн навигациялық жабдық құралдарын орнату жөнiндегi жобалық шешiмдер көлiк және коммуникация саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiледi.

      17. Құрылыс жобасында суасты құбыр жолдарының конструкциясы тартылатын кемелердiң, тетiктердiң, құрылғылардың сипаттамаларын ескере отырып, бiрнеше нұсқаларды жасау және олардың техникалық-экономикалық және экологиялық көрсеткiштерiн салыстыру жолымен оларды тарту және пайдалану кезiнде қауiпсiздiктi және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету шарттары негiзге алына отырып, таңдалады.

      18. Суасты объектiлерiн тарту жобалауға арналған тапсырмада келiсiлетiн нақты жағдайларды ескере отырып, теңiздiң (өзеннiң, арнаның) түбіне тереңдете жүргiзiледi. Таяз жерлерде суасты объектiлерi кеме қатынасының қауiпсiздiгiн, балық аулаудың тиiмдiлiгiн және балықтардың мекендеуi мен көшуiнiң табиғи экологиялық жағдайларын қамтамасыз ететiн белгiге дейiн тереңдетiледi.

      19. Суасты объектiлерi құрылысының жобасында жарылыс қаупi бар ортаның құрылуының және басқа да авариялық жағдайлардың алдын алатын, сондай-ақ процестi қауiпсiз тоқтатуды немесе адамдар мен қоршаған орта үшiн қауiпсiз жағдайға ауыстыруды қамтамасыз ететін аварияға қарсы автоматтық қорғау жүйелерi көзделеді.

      20. Құрылыс жобасында авариялық жағдайлар мен профилактикалық жұмыстар кезiнде суасты құбыржолдары мен олардың жекелеген учаскелерiн бiтеме арматурамен кедергiсiз ағыту мүмкiндiгi көзделедi.

      21. Құрылыс жобасында суасты объектiлерiн қорғау жөнiндегi шараларды салу кезiнде де, сонымен қатар оларды пайдалану кезiнде де көздеу қажет.

      22. Суасты объектiлерiн салу қауiпсiздiктi және қоршаған ортаны қорғау шараларын қамтитын осы жұмыстарды жүргiзу жобасына сәйкес жүзеге асырылады.

      23. Суасты объектiлерiн салу мен тартуды жүзеге асыратын мердігер жұмыстар жүргiзу аймағында жартытәулiктiк, тәулiктiк және үш тәулiктiк ауа райы болжамдары негiзiнде метеорологиялық жағдайлардың мониторингiн тұрақты жүзеге асырады және осы ақпаратты құбыр төсейтiн кемеге бередi.

      24. Аварияларды және төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында ол климат ауданында жұмыстарды тоқтата тұру немесе жұмыста үзiліс ұйымдастыру қажет болатын сыртқы ауа температурасының, жел жылдамдығының шектi мәндерін суасты объектiлерiн салу мен тартуды жүзеге асыратын мердiгер Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын қорғау саласындағы заңнамасына сәйкес белгiлейдi.

      25. Суасты объектiлерiн тарту трассаларының түбiн енi кемiнде 20 м болатын учаскеде салу жұмыстарын қауiпсiз жүргiзуге кедергi келтiретiн объектiлердiң бар-жоқтығына (белгіленген трассадан әр жаққа қарай 10 м) зерттеу жүргiзiледi.

      26. Суасты объектiлерiн салу, тарту және пайдалану кезiндегi дербес жұмыстарға тиісті оқудан өткен, теңiзде құтқару мен күн көрудiң арнайы бағдарламасын меңгерген, Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын қорғау саласындағы заңнамасына сәйкес суасты жұмыстарына рұқсаты бар тұлғалар жiберiледi.

      27. Суасты объектiлерiн салу мен тартуды жүзеге асыратын мердiгерлер Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын қорғау саласындағы заңнамасына сәйкес қызметкерлердi алдын ала және мерзiмдi медициналық тексеруден өткiзудi ұйымдастырады.

      28. Түптiк түзiлiмдердi вибрациялық тығыздау жөнiндегi жұмыстарды жүргізу кезiнде сүңгуiрлердi су астына түсiру жүргiзiлмейдi. Түптiк түзiлiмдердi тығыздау учаскесiн қарау вибрациялық тығыздау агрегаты тоқтағаннан кейiн ғана орындалады.

      29. Суасты объектiлерiн салу және тарту кезiнде пайдаланылатын жабдықтар оларды қауiпсiз пайдалануды және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ететiн реттеудiң, тосқауыл қоюдың қажеттi құралдарымен жарақтандырылады.

      30. Суасты құбыржолдарын балластау және бекiту жөнiндегi жұмыстарды жүргiзудi ұйымдастыру мен олардың технологиясы салу жобасына және техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық кесiмдердiң талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

      31. Салудың (жөндеудiң) аяқталуы бойынша, кейiнгi орындалатын жұмыстардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында суасты құбыржолдарының қуыстары тазартылады. Суасты құбыржолдарын тазарту жөнiндегi жұмыстарды қабылдау актiсiне суасты объектiлерiн салуға тапсырыс берушiнiң уәкiлеттi өкiлдерi және суасты объектiсiн пайдалануға қабылдайтын тұлға қол қояды.

      32. Тазартылған суасты құбыржолдарының берiктiгi сыналады және герметикалылығы тексерiледi. Құбыржолдарын сынаудың тәсiлдерi, технологиясы, режимдерi мен параметрлерi техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық кесiмдерде белгiленедi.

      33. Суасты объектiлерiн салуды және тартуды жүзеге асыратын мердiгер сынақтан өткiзу ауданы мен уақытын iшкi су көлiгi саласындағы уәкiлеттi органға алдын ала хабарлайды.

      34. Суасты объектiлерiн салуды және тартуды жүзеге асыратын мердiгерлер жұмыстар аяқталғаннан кейiн суасты объектiлерiн салу және тарту ауданындағы су объектiлерiнiң айдындарын кеме қатынасының қауiпсiздiгiне қауiп төндiретiн заттардан тазартады.

4. Суасты объектiлерiн пайдалану кезiнде қауiпсiздiктi және қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi талаптар

      35. Пайдалану кезiнде қауiпсiздiктi және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету мақсатында мердiгер құрылыс жобасында көзделген барлық жұмыстар кешенi аяқталғаннан кейiн ғана, суасты объектiлерiн, оның iшiнде электр-химиялық қорғану, технологиялық байланыс құралдарын, автоматика және телемеханика құрылғыларын пайдалануға қабылдайды.

      36. Суасты объектiлерiнiң құрамына кiретiн күзету аймақтарымен байланыстырылған суасты объектiлерiнiң нақты жағдайының материалдары (топографиялық түсiрiлiм) күзет аймағында басқа да шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң ойластырылмаған жұмыстарының алдын алу мақсатында мемлекеттiк жер кадастрына енгiзу үшiн жер ресурстарын басқару жөнiндегi аумақтық органға берiледi.

      37. Суасты объектiлерiн пайдаланатын мердiгер күзет аймағы навигациялық жабдығының кеме қатынасы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету режимiнде жұмыс iстеуiн қамтамасыз етедi.

      38. Пайдалану қауiпсiздiгiн арттыру үшiн суасты құбыржолдарының кеме жүзетiн өзендермен және арналармен қиылысатын жерлерi жағалауларда сигнал белгiлерiмен белгiленедi. Сигнал белгiлерiн, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы бассейндiк басқармалармен, сондай-ақ көлiк және коммуникация саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша суасты объектiсiн пайдаланатын мердiгерлiк ұйым орнатады.

      39. Күзет аймағында басқа да шаруашылық жүргiзушi субъектiлер жоспарлаған жұмыстар келiсiлгенге дейiн суасты құбыржолдарын пайдаланатын мердiгерлiк ұйым осы жұмыстардың аймағында тартылған құбыржол учаскесiнде оның техникалық жағдайы мен қауiпсiздiгiн анықтау, құбыржол мен оның барлық коммуникацияларының жағдайын нақтылау мақсатында суасты құбыржолдарының учаскесiн зерттейдi, сондай-ақ қажет болған кезде жөндеу-қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзедi.

      40. Суасты объектiлерiнiң бүлiну қаупiн тудыратын жұмыстар (сейсмикалық шалғыларды сүйрету, балық аулау кемелерiнiң трал салуы және т.б.) күзет аймақтарынан тыс жүзеге асырылады. Күзет аймақтарында кез келген жұмыстарды жүргiзу суасты объектiсiн пайдаланатын ұйыммен келiсiм бойынша жүзеге асырылады.

      41. Суасты объектiлердiң пайдалану қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн бұрғылау-жару жұмыстарын жүргiзу және қатты толқындар (сейсмикалық сигналдар) туғызатын пневматикалық және басқа да жарылыс шақыратын көздерi бар сейсмикалық барлау суасты объектiлерiнiң трассасынан кемiнде 500 м қашықтықта жүзеге асырылады.

      Кемелердiң трал тартуы және зәкiр тастауы суасты объектiлерiнiң осiнен кемiнде 400 м қашықтықта жүзеге асырылады. Бұл аймақта зәкiр тастауға кемелерде навигациялық жабдық құралдарының орнатылуы шартымен, суасты-техникалық жұмыстарды орындау және суасты құбыржолдарын жөндеу кезiнде ғана рұқсат етiледi.

      42. Суасты объектiлерiнiң барлық тораптық қосылыстары мен дәнекерленген жерлерi оларды пайдалану кезеңiнде, сондай-ақ желдiң жылдамдығы 25 м/с және одан да жоғары болған дауылдан кейiн техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық кесiмдерге сәйкес жүйелi түрде диагностикадан, сынақтан және куәландырудан өтедi.

      43. Сүңгуiрлердiң суасты объектiлерiн (олардың трассаларын) тексеруi мұны басқа құралдармен (суасты теледидары, суасты аппараттары және т.б.) орындау мүмкiн болмаған жағдайларда ғана жүзеге асырылады. Бұл ретте сүңгуiрлердiң жылжуына тексеру жолағы шектерiнде ғана рұқсат етiледi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады