Байланыс формасы

Зорлау және өзге де нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерімен байланысты қылмыстарды саралаудың кейбір мәселелері туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 11 мамырдағы N 4 Нормативтік қаулысы.

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "ҚК" деген сөз "ҚК-нің" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Зорлау және өзге де нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерімен байланысты қылмыстық істерді тергеуде және қарауда біркелкілікті қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы, қаулы етеді:

      1. Зорлау деп әйел жынысты адаммен оның еркіне қарсы немесе еркінен тыс, жәбірленушіге немесе басқа адамдарға күш қолданып немесе күш қолданамын деп қорқытып не жәбірленушінің дәрменсіз жағдайын пайдаланып табиғи нысанда жасалған жыныстық қатынасты түсіну керек.

      Әйел немесе еркек жынысты адамға табиғи емес нысанда жасалған жыныстық құштарлықты қанағаттандыруды (еркек пен еркектің жыныстық қатынасы, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасы және т.с.с.) өзге нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері деп түсіну керек.

      2. Зорлау және өзге де нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерін саралау кезінде жәбірленушінің моральдық келбеті, әлеуметтік мәртебесі, мінез-құлқы, кінәлі адамның және жәбірленушінің бұрынғы өзара қарым-қатынастары маңызды емес.

      3. Күш қолдану деп жәбірленушінің қарсылығын басуға бағытталған, мысалы, ұрып-соғу, тыныс алу жолдарын қысып жабу, аяқ-қолдарын ұстап жібермеу, киімін жырту, және с.с. әрекеттер жасауды түсіну керек.

      Зорлау, өзге нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерін жасау немесе оларды жасауға оқталу кезінде жәбірленушілердің денсаулығына қасақана жеңіл немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіру әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК-нің) 120 немесе ҚК-нің 121-баптарының диспозициясымен қамтылады және қосымша саралауды талап етпейді.

      Денсаулыққа келтірілген зиянның ауырлығы сараптамалық қорытынды негізінде анықталады.

      Зорлау не өзге нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерін жасау барысында немесе аталған қылмыстарды жасауға оқталу кезінде не болмаса олар аяқталғаннан кейін жасалған қылмысты жасыру немесе көрсетілген қарсылық үшін кек алу мақсатында жәбірленушіге құқыққа қарсы қасақана қаза келтіру ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 10) тармағы және ҚК-нің 120 немесе ҚК-нің 121-баптарының тиісті бөліктері бойынша саралануы керек.

      Қылмыстық процесті жүргізуші орган кінәлілердің көрсетілген әрекеттерін саралаған кезде ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 10) тармағында, сондай-ақ басқа да тармақтарында, ҚК-нің 120 немесе ҚК-нің 121-баптарының тиісті бөліктерінде көзделген барлық анықталған саралау белгілерін көрсетуі тиіс.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 4 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      4. Зорлау үстінде не өзге нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолданып әрекеттерді жасау үстінде қорқыту деп жәбірленушілердің қарсылығын басу мақсатында кінәлінің жәбірленушілердің өздеріне немесе олардың жақындарына күш қолданылатынының шынайылығын білдіретін әрекеттері мен сөздерін түсіну керек. Қорқыту ҚК-нің 120 және ҚК-нің 121-баптарының диспозициясында көрсетілген зорлау, өзге нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері үстінде қарсылықты басудың бір тәсілі болып табылатындықтан кінәлінің әрекеттерін ҚК-нің 115-бабы бойынша қосымша саралау талап етілмейді.

      Өлтірумен, денсаулыққа ауыр зиян келтірумен, сондай-ақ адамға басқа да ауыр түрдегі күш қолданумен немесе мүлкін өртеу, жарылыс жасау жолымен жою немесе өзге жалпыға қауіпті тәсілмен қорқыту, зорлау немесе өзге нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері жасалғаннан кейін, мысалы, жәбірленушілерді қорқыту және жасалған әрекеттің жария болуын болдырмау мақсатында жүзеге асырылса, олар осындай қорқытушылықты орындайды деп сескенуге жеткілікті негіз болса, ҚК-нің 115-бабы бойынша дербес саралануға, ал осы әрекеттер тұтастай көрсетілген қылмыстық нормамен және ҚК-нің 120 немесе ҚК-нің 121-баптарының тиісті бөлігінің жиынтығы бойынша саралануға жатады.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      5. Жәбірленушінің дәрменсіздігі деп оның дене немесе психикалық жағдайда (жастығына, қарттығына, дене кемтарлығына, ақыл-есінің ауысуына, басқаша ауру немесе есінен айырылу және т.с.с. жағдайларда) болуына байланысты кінәліге қарсылық көрсету мүмкіндігінің болмағандығын, соңғысының жәбірленушінің тап осындай халде екенін біле тұра, оны зорлауын немесе өзге нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерін жасауын түсіну керек. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 23-бабына сәйкес, қылмыс жасаған кезінде он төрт жасқа толмаған балаларды жас жәбірленушілер деп тану керек.

      Жас немесе кәмелетке толмағанды зорлағаны немесе осындай жастағы адамдарға қатысты жасалған өзге нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері үшін жауаптылық, тек кінәлі қылмыс жасағанға дейін жәбірленушілердің жасы жөнінде білсе ғана орын алуы мүмкін. Жәбірленушілердің дене бітімінің дамуы мен бет әлпетінің қалыптасуы оның нақты жасына сәйкес келмеуі кінәлінің жәбірленушілердің шын жасы жөнінде хабардар болуын куәландыратын басқа да мәліметтердің жиынтығымен бірге бағалануға жатады.

      Егер жәбірленушілердің мас халде болуы кінәліге қарсылық көрсетуіне мүмкіндік бермейтін дәрежеде болса, олардың мас халде болуы дәрменсіз жағдайда болды деп танылуы мүмкін. Бұл ретте жәбірленушілерді осындай жағдайға кінәлі адам келтірді ме, жоқ олардың дәрменсіз жағдайға түсуі кінәлінің еркінен тыс болды ма, маңызды емес.

      Кінәлінің жәбірленушілерді дәрменсіз жағдайға келтіру үшін дәрі, есірткі, аса күшті немесе улы заттарды қолданғаны туралы мәліметтер болған кезде, сараптама тағайындау, мамандардан жауап алу және басқа да жолмен қолданылған дәрі-дәрмектің қасиеті мен олардың адам ағзасына тигізетін әсерінің сипатын анықтау шараларын жасау қажет.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      6. Зорлауға немесе өзге нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдануға оқталу - бұл қасақана тікелей ниетпен жасалған, жәбірленушімен зорлық жыныстық қатынасына түсуге, өзге нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдануға бағытталған, бірақ кінәлінің еркінен тыс себептермен көздеген нәтиже іске аспай қалған әрекеттер.

      Зорлау - физиологиялық мағынада жыныстық акт басталған сәттен бастап аяқталған деп саналады.

      Өзге нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері сол әрекеттер нәпсіқұмарлық сипатта жасалына бастаған сәттен бастап аяқталды деп саналады.

      Зорлауға немесе өзге нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттеріне оқталуды басқа қылмыстардан ажырату кезінде кінәлі жәбірленушілердің еркінен тыс жыныстық акт немесе өзге нәпсіқұмарлық сипаттағы әрекеттер жасау мақсатында әрекет жасады ма және күш қолдану осы мақсатқа жетудің тәсілі болды ма, анықталуы керек. Осындай мән-жайлар болмаса, адам зорлауға немесе өзге нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттеріне оқталғаны үшін жауаптылыққа тартылмайды.

      Адамның нәпсілік дәмелену және алдау тәсілі арқылы не өзге ұқсас тәсілмен жәбірленушілерді жыныстық акт немесе өзге нәпсіқұмарлық сипаттағы әрекеттер жасауға күш қолданбаған не оны қолданамын деп қорқытпаған, жәбірленушінің дәрменсіз жағдайын пайдаланбаған әрекеттері ҚК-нің 120 немесе ҚК-нің 121-баптарында көзделген қылмыстарды жасауға оқталу ретінде саралануға жатпайды.

      7. ҚК-нің 120 немесе ҚК-нің 121-баптарында көзделген қылмыстарды соңына дейін жеткізуге адамның мүмкіндігі бар бола тұра, зорлауға немесе өзге нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттеріне оқталу сатысында өз еркімен осы әрекеттерден бас тартса, қылмыс істеуден өз еркімен бас тарту орын алады.

      Зорлаудан немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерінен бас тартуға дейін жасалған қоғамға қауіпті әрекеттер (ұрып-соғу, денсаулыққа зиян келтіру, киімді жұлып оны жарамсыз ету және өзге де ұқсас әрекеттер), келтірілген зардаптарға және басқа да жағдайларға байланысты денсаулыққа қасақана зиян келтіру, мүлікті қасақана бұзу немесе жою және басқалары үшін жауаптылықты көздейтін ҚК-нің баптары бойынша сараланады.

      Жыныстық акт жасауға физиологиялық мүмкіндігі жоқ және ол туралы алдын ала білген адам, сырттай зорлауға ұқсас әрекеттер жасағаны үшін ҚК-нің 120-бабымен жауапқа тартылмайды. Оның әрекеттері нақты мән-жағдайларға байланысты өзге нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерін, бұзақылық, қорлау және басқаларды жасағаны үшін жауаптылықты көздейтін ҚК-нің баптарымен саралануы мүмкін.

      8. Зорлау және өзге де нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері адамдар тобымен жасалған деп алдын ала сөз байласу белгісінсіз, қылмысқа қоса қатысушы екі немесе одан да көп адамдардың бірлескен әрекеттері орын алса танылуы мүмкін.

      Егер қылмысқа қатысқан адамдар, оны жасау үшін алдын ала келіскен болса, зорлау және өзге де нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен жасалған деп есептеледі.

      Жоғарыда көрсетілген әрекеттер ҚК-нің 120 немесе КҚ 121-баптарымен көзделген бір немесе бірнеше қылмыс жасауға алдын ала біріккен тұрақты адамдар тобымен жасалса, онда осындай әрекеттер қылмыстық топпен жасалған деп сараланады.

      Өзі күш қолданып жыныстық актіні немесе өзге нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерін жасамаған, бірақ жәбірленушілерге күш қолдану жолымен осы әрекеттерді басқалардың жасауына көмектескен адам, қоса орындаушы деп танылады. Өзі зорлауды немесе өзге нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерін жасамаған және жасауға талпынбаған, бірақ осындай қылмысты ұйымдастырған немесе оны жасауға басқа адамдарды тартқан не оларға кеңестер, нұсқаулар беріп, жағдайлар жасаған немесе кедергілерді жойған қатысушы тиісінше ұйымдастырушы, айдап салушы немесе көмектесуші болып табылады, оның әрекеттері ҚК-нің 28-бабын қолдану арқылы сараланады.

      Зорлау және өзге де нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерін бір адамға қатысты бірнеше адаммен жасалған реттерде, сондай-ақ күш қолданып немесе оны қолданамын деп қорқытқан кінәлілердің келісілген әрекеттерінің нәтижесінде әрқайсысы жыныстық актіні немесе өзге нәпсіқұмарлық сипаттағы әрекеттерін бір немесе бірнеше жәбірленушіге қатысты жасаған, жасауға мүмкіндігі болған реттерде адамдар тобымен жасалынды деп танылуы тиіс.

      Зорлауды немесе өзге нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерін жасаған қоса орындаушылардың біреуі есінің дұрыс еместігінен немесе қылмыстық жауаптылық белгіленген жасқа толмағандықтан жауапқа тартылуы мүмкін болмаған жағдайда, осы қылмысқа басқа қатысушының әрекеті адамдар тобымен жасалынды деп есептелмейді.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      9. Жәбірленушілерді қорлау және мазақтау, оларды зорлау немесе өзге нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері барысында азаптау, сондай-ақ оларды қинап, ауру және қасірет шектіру мақсатында қасақана дене жарақаттарын келтіруді аса қатыгездік деп түсіну керек. Осы саралау белгісі бойынша жәбірленушілерді қинауды және зардап келтіруді тілеген немесе саналы түрде жәбірленушілерге немесе басқа адамдарға дене немесе моральдық қиналуды және күйзелісті келтірген кінәлілер жауапқа тартылуға жатады. Басқа адамдарға қатысты аса қатыгездікпен жасалған деп мысалы, анасын балаларының алдында зорлау, күйеуінің алдында әйеліне нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану және тағыда басқа әрекеттерді жасау танылуы мүмкін.

      10. Саралау белгісі бойынша бірнеше мәрте жасалған зорлау үшін ҚК-нің 120-бабында көзделген, екі және одан да көп әрекеттерді жасаған, алайда солардың бiрде-бiреуi үшiн сотталмаған немесе заңмен белгiленген негiздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылмаған адам жауапқа тартылуға жатады. Бұл ретте аяқталған зорлау, оған оқталу, бірге орындаушы немесе қылмысқа басқа да нысанда қатысушы болу бұрын орын алған болса, зорлау бірнеше мәрте жасалған деп танылады.

      Егер кінәлі бірыңғай ниетпен, аз уақыт аралығында бір адамға қатысты бірнеше жыныстық акт жасаса, бұл әрекет бірнеше рет жасалу белгісін құрамайды, оны жалғаспалы қылмыс ретінде қарастыру керек.

      ҚК-нің 120-бабының бірінші және екінші бөліктерінде жауаптылық көзделген екі немесе одан да көп зорлау жасалған кезде, бұл әрекеттер ҚК-нің 12-бабы төртінші бөлігінің талаптарына сәйкес 4) тармағы бойынша, ал негіздер болған кезде - ҚК-нің 120-бабының екінші бөлігінің тиісті тармақтары бойынша саралануға жатады.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 4 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      10-1. ҚК-нің 121-бабында көзделген екі және одан көп әрекеттерді жасаған, алайда, солардың бiрде-бiреуi үшiн сотталмаған не заңмен белгiленген негiздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылмаған адам бірнеше мәрте жасалған нәпсіқұмарлық сипатындағы зорлық әрекеттері деген саралау белгісі бойынша жауапқа тартылуға жатады.

      Адамды зорлау және нәпсіқұмарлық сипаттағы әрекеттерді жасау қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше мәрте жасалуын құрамайды, олардың әрқайсысы ҚК-нің 120 және 121-баптарының тиісті бөліктері бойынша дербес саралауға жататын қылмыстардың жиынтығын құрайды.

      Ескерту. Қаулы 10-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 4 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      11. Кінәлі абайсызда жол берген жәбірленушілердің өлімі, денсаулыққа ауыр зиян (соның ішінде жәбірленушінің қылмыстан қорғану үшін таңдап алған тәсілі нәтижесінде, мысалы, биік ғимараттардан, жүріп бара жатқан көліктен немесе поездан секіру кезінде алған) келтіруі, ВИЧ/ЖҚТБ жұқтыруы, сондай-ақ басқа да ауыр салдардың орын алуы, тиісінше ҚК-нің 120 немесе ҚК-нің 121-баптарының үшінші бөлігімен қамтылады және қосымша саралауды талап етпейді.

      12. ҚК-нің 120-бабының үшінші бөлігінде және ҚК-нің 121-бабының үшінші бөлігінде көзделген өзге ауыр зардаптар деп қылмысты жасаудың нәтижесінде жүкті болуды немесе жүктіліктің үзілуін, жәбірленушінің өзін-өзі өлтіруін, психикалық ауру және тағыда басқалардың орын алуын түсіну керек.

      13. Зорлау немесе өзге нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерін жасаған кезде өзінде соз ауруы немесе ВИЧ/ЖҚТБ аурулары бар екенін білген кінәлі, ҚК-нің 120 немесе ҚК-нің 121-баптарымен ғана емес, тиісті зардаптар келтірілген жағдайда - осы ауруларды жұқтырғаны үшін, сондай-ақ алдын ала басқа адамға ВИЧ/ЖҚТБ жұқтыру қаупін тудырғаны үшін жауапқа тартылады.

      13-1. "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуірдегі № 188-V Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 66) тармағына сәйкес, төтенше жағдайдың шарттары деп адам шығынына, адамдардың денсаулығына немесе қоршаған ортаға зиян келтіруге, елеулі материалдық нұқсанға және адамдардың тыныс-тіршілігі жағдайларының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін немесе әкеп соққан аварияның, өрттің, қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің, қауіпті табиғи құбылыстың, апаттың, дүлей немесе өзге де зілзаланың салдарынан қалыптасқан белгілі бір аумақтағы жағдайды түсінген жөн. Жаппай тәртіпсіздік деп ҚК-нің 272-бабының бірінші бөлігінде көзделген әрекеттерді түсінген жөн.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 13-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      14. Егер қылмыстық процесті жүргізуші орган жасалған әрекетті ҚК-нің 120-бабының бірінші бөлігіне немесе ҚК-нің 121-бабының бірінші бөлігіне қайта саралау қажет деген қорытындыға келетін болса, онда мұндай шешімді кінәліні жауапқа тарту туралы жәбірленушілердің тек қана істегі жазбаша өтініші немесе сот отырысында олардың ауызша өтініші негізінде қабылдай алады.

      14-1. Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасағаны үшін, сол сияқты жас балаға қатысты азғындық әрекеттер жасағаны үшін (ҚК-нің 122 және 124-баптары) қылмыстық жауаптылық, жыныстық қатынас еркек пен еркектің жыныстық қатынасы, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасы немесе азғындық әрекеттер күш қолданылмай немесе оны қолданамын деп қорқытпай немесе жәбірленуші адамның дәрменсіз күйін пайдаланбай жасалған жағдайларда туындайды.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 14-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      14-2. Зорлаудан (ҚК-нің 120-бабы) және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерінен (ҚК-нің 121-бабы) бір ерекшелігі, жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектiң жыныстық қатынас жасауына, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасауына немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерге мәжбүрлеу кезінде одан көрсетілген әрекеттерді жасауға амалсыздан берген келісімін алу мақсатында жәбірленуші адамға әсер ету тәсілдерімен ықпал ету (ҚК-нің 123-бабы) адамды бопсалау, оған мүлкiн жою, бүлдiру немесе алып қою қатерін төндіру не жәбірленуші адамның материалдық немесе өзге де тәуелділігін пайдалану болып табылады.

      Сексуалдық сипаттағы әрекеттерге мәжбүр ету жәбірленуші адамның осындай әрекеттер жасауға келісімінің болғанына немесе одан бас тартқанына не олардың нақты жүзеге асырылуына қарамастан тиісті талапты кез келген нысанда білдіру кезінен бастап аяқталған болып есептеледі.

      Алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен (мысалы, некеге тұруға көрінеу жалған уәде беру және т.б.) жыныстық қатынасқа түсу немесе сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасауға жәбірленушінің келісіміне қол жеткізген адамның әрекеттері сексуалдық сипаттағы әрекеттерге мәжбүр ету ретінде қаралуы мүмкін емес.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 14-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      15. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 1993 жылғы 23 сәуірдегі N 1 "Әйелді зорлағаны үшін жауапкершілікті белгілейтін заңдарды соттардың қолдану тәжірибесі туралы" (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы N 12 нормативтік қаулысымен енгізілген өзгерістерімен бірге) қаулының күші жойылды деп танылсын.

      16. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми түрде жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының Төрағасы


Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының судьясы,


жалпы отырыс хатшысы



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады