Байланыс формасы

Соттардың қылмыстардың қайталануы туралы заңдарды қолдануы туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 25 желтоқсандағы N 8 Нормативтік қаулысы.

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша:
      "ҚК", "ҚІЖК" деген сөздер "ҚК-нің", "КПК-нің" деген сөздермен ауыстырылды;
      "13", "77" деген цифрлар тиісінше "14", "79" деген цифрлармен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Қылмыстың қайталануы және осыған байланысты құқықтық салдарларды анықтайтын қылмыстық заңдарды дұрыс және біркелкі қолдану мақсатында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

      қаулы етті:

      1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 14-бабына сәйкес, егер адам бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған болса, осы адамның ауыр қылмыс жасауы қылмыстардың қайталануы деп танылады. Қылмыстардың қауіпті қайталануы деп, егер осы адам бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін екі рет бас бостандығынан айыруға сотталса немесе аса ауыр қылмысы үшін сотталған болса, ауыр қылмыс жасағаны; егер ол бұрын ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшін бас бостандығынан айыруға сотталған болса, аса ауыр қылмыс жасағаны танылады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      2. Сотталушының әрекетінде қылмыстың қайталануын анықтап, ол бойынша тиісті шешім қабылдау соттың құқығы емес міндеті болып табылады. Сондықтан заңда көзделген негіздер бар барлық жағдайларда, сот үкімнің сипаттамалы-дәлелдемелі бөлігінде алынбаған және жойылмаған соттылықтарды, бұрынғы және жаңадан жасалған қылмыстардың ауырлығын көрсете отырып тиісті негіздерді келтіруі және ҚК-нің 14-бабының тиісті бөлігі мен тармағына сілтеме жасап, қылмыстың қайталануының қандай түрінің анықталғаны туралы шешімді үкімнің қарар бөлігінде көрсетуі тиіс.

      Егер сот үкімнің дәлелдемелі бөлігінде қылмыстың қайталануын тану үшін негіздерді келтіре отырып, үкімнің қарар бөлігінде сотталушының әрекеттерінде қылмыстың қайталануының тиісті түрін тану туралы шешімін көрсетпесе, онда сот осы үкіммен қылмыстың қайталануын танымаған деп есептеу қажет.

      3. Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - Қаз.КСР ҚК-нің) 23-1-бабына сәйкес, адамды бұрынғы үкім бойынша аса қауіпті қылмыскер деп тану, сонымен қатар ҚК-нің 14-бабының негізінде бұрынғы үкімдермен сотталушының әрекетінде қылмыстың қайталануын тану немесе танымау, сотты жаңа қылмыс туралы істі қарау кезінде қылмыстың қайталануының бар екендігі, оның түрі туралы мәселені қарау және тиісті дәлелді шешім қабылдау міндетінен босатпайды.

      4. Қылмыстың қайталануын таныған және оның түрін анықтаған кезде әрбір сотталушылардың бұрынғы соттылықтарына қатысты мән-жайларды мұқият анықтау қажет. Атап айтқанда: сотталушының қылмыс жасаған сәттегі жасын, бұрын сотты болған қылмыстардың санатын, сот үкімі бойынша белгіленген жаза түрін, үкім бойынша тағайындалған жазаның іс жүзінде өтелген-өтелмегенін, үкім бойынша тағайындалған жазаның басқа жазамен ауыстырылған-ауыстырылмағанын және сотталған адам неге байланысты, қашан және қандай негіздер бойынша жазаны өтеуден босатылғанын, бұрынғы соттылығы алынғанын немесе жойылғанын анықтау қажет.

      5. Күдіктінің жауапкершілік дәрежесі мен сипатына әсер ететін мән-жайларды анықтауды және дәлелдеуді міндеттейтін КПК-нің 113-бабы бірінші бөлігінің 4) тармағына және 204-бабы бірінші бөлігінің 2) тармағына сәйкес, қылмыстық қудалау органдары күдіктінің әрекеттерін саралау туралы қаулыда және айыптау актісінде күдіктінің қандай қылмыстардың қайталануы кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасағандығын көрсетуі және мұны қылмыстық істің материалдарына бұрынғы жойылмаған және алынбаған соттылықтары туралы үкімдердің көшірмелерін, олардың заңды күшіне енген күнін көрсетіп, ал егер үкімдер өзгертілсе, онда жоғары тұрған сот сатылары қаулыларының көшірмелерін, сондай-ақ жазадан босатылғандығы туралы, бұрынғы үкімдері бойынша соттылықтың алынғандығы туралы мәліметтерді тіркеуі қажет. Басқа мемлекеттердің үкімдері негізінде соттылықтары бойынша іс материалдарында ол туралы ресми анықтамалардың тіркелгені жеткілікті болып саналады. Айыпталушы ретінде жауапқа тарту туралы қаулыда немесе айыптау актісінде қылмыстың қайталануын танудың негіздерін көрсетпеу, соттың үкім шығару кезінде қылмыстың қайталануын тану үшін кедергі болып табылады.

      Қылмыстық істің материалдарында сотталушының бұрынғы соттылықтары туралы деректер жеткіліксіз болған жағдайда соттар оларды айыптаушы тараптан сұратуы қажет. Аталған материалдар болмаса және оларды алу мүмкін болмаған жағдайда сотталушының әрекеттерінде қылмыстың қайталануын тануға жол берілмейді және бұл туралы соттар үкімде көрсетулері керек.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      6. ҚК-нің 14-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, адамның 18 жасқа толғанға дейін жасаған қылмысы үшiн соттылығы қылмыстың қайталануын тану кезiнде ескерiлмейдi. Осыған байланысты, соттар адамның бұрынғы сотталуына байланысты мән-жайларды зерттеп, сотталушы үкімде көрсетілген қылмыстарды жасағанда кәмелетке толған-толмағанын анықтау үшін үкімнің қарар бөлігінде ғана емес, сонымен қатар оның толық мәтінінде көрсетуі тиіс.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      7. ҚК-нің 79-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, айыптау үкімі заңды күшіне енген күннен бастап адамның соттылығы бар деп танылады, сондықтан бұрынғы үкімі заңды күшіне енгенге дейін адам жаңа қылмыс жасаған кезде оның бұрынғы үкім бойынша соттылығы қылмыстың қайталануының түрін анықтау үшін ескерілмейді.

      8. ҚК-нің 14-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, алынып тасталған немесе жойылған соттылықтар қылмыстың қайталануын анықтау үшін ескерілмейді. Сондықтан қылмыстың қайталануы туралы мәселені шешкенде бұрынғы соттылықтардың жойылу мерзімінің өткен-өтпегені есепке алынып, тексеріліп және оның жойылу мерзімін ҚК-нің 79-бабының талаптарына сәйкес есептеу қажет.

      Бұл ретте, КПК-нің 393-бабының алтыншы тармағында көрсетілген негіздер бойынша айыптау үкімімен жазадан босатылған адамның ҚК-нің 79-бабының екінші бөлігіне сәйкес соттылығы жоқ деп танылатындығы назарға алынуы тиіс (осы үкіммен сотталушыға тағайындалған жазаны қолданудан босататын рақымшылық актісінің шығуына байланысты, не үкім бойынша тағайындалған жаза мерзімінің осы іс бойынша күзетпен қамауда ұсталған уақытын қамтуына байланысты).

      Үкімді орындау барысында адам рақымшылық актісінің негізінде немесе заңда көзделген басқа негіздер бойынша жазаны өтеуден босатылса, мұндай адамның соттылығының жойылу мерзімі ҚК-нің 79-бабының төртінші бөлігіне сәйкес есептеледі.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      9. Егер адам ҚК-нің 63-бабы қолданылып шартты түрде сотталса және оған қосымша жаза тағайындалса, онда негізгі және қосымша жаза бойынша соттылықтың жойылу мерзімі: негізгі жаза бойынша ҚК-нің ҚК-нің 79-бабы үшінші бөлігінің 1) тармағының негізінде пробациялық бақылау мерзімі өткеннен кейін; қосымша жаза бойынша ҚК-нің ҚК-нің 79-бабының бесінші бөлігінің негізінде жаза нақтылы өтелгеннен кейін бір жыл өткеннен кейін есептеледі. Сондықтан адам шартты түрде сотталуына байланысты үкім бойынша тағайындалған сынақ мерзімі өткеннен кейін, бірақ қосымша жазаны толық өтегенге дейін жаңа қылмыс жасаған кезде ол бас бостандығынан айыру түріндегі соттылығы бар деп таныла алмайды. Мұндай жағдайларда сот соңғы үкім бойынша қылмыстың қайталану түрлерін анықтау кезінде адамның қосымша қосымша жазасына ғана қатысты өтелмеген соттылығын ескереді, ал жазаны үкімдердің жиынтығы бойынша тағайындаған кезде сот ҚК-нің 60 және 61-баптарының талаптарын сақтай отырып, алдыңғы үкім бойынша тағайындалған қосымша жазаның өтелмеген бөлігін соңғы үкім бойынша тағайындалған жазаға толық немесе ішінара біріктіреді.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      9-1. Адамды қылмыстық құқық бұзушылықтардың немесе ауырлық дәрежесі әр түрлі қылмыстарға үкімдердің жиынтығы бойынша соттаған кезде соттылық ҚК-нің 79-бабы үшінші бөлігіне сәйкес әрбір қылмыс үшін бөлек өтеледі, бұл ретте барлық өтеу мерзімдері адамның ҚК-нің 58 немесе 60-бабының негізінде сот тағайындаған түпкілікті жазаны адамның іс жүзінде өтеген сәтінен бастап есептеледі.

      Ескерту. Қаулы 9-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      10. Қылмыстардың бірі кәмелетке толмаған жаста, ал басқа қылмыс он сегіз жасқа толғаннан кейін жасалғанда қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша соттау кезінде әрбір қылмыс үшін соттылықтың жойылу мерзімі қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша тағайындалған жаза өтелгеннен кейін кәмелетке толмаған жаста - ҚК-нің 89-бабы, ал кәмелетке толған жаста - ҚК-нің 79-бабы бойынша жеке есептеледі. Мұндай жағдайларда кәмелетке толғанда жасалған қылмыс қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығына кіретін соттылық есепке алынады. Мұндай жағдайларда кәмелетке толғанда жасалған қылмысы қылмыстар жиынтығына кіретін соттылық есепке алынады.

      Егер жаңа қылмысты жасаған сәтте адамның кәмелетке (он сегіз жасқа) толғаннан кейін жасаған қылмысы үшін соттылығының жойылу мерзімі өтпеген жағдайда ғана осы соттылық қылмыстың қайталануын тану кезінде назарға алынады.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      11. Үкімді орындау барысында сот тағайындаған бас бостандығынан айыру жазасы ҚК-нің 73-бабына сәйкес басқа неғұрлым жеңіл жазамен ауыстырылған жағдайларда, соттылықтың жойылу мерзімі неғұрлым жеңіл жазаны, сондай-ақ егер сотталған адам қосымша жазаны өтеуден босатылмаса, соттың үкімі бойынша тағайындалған қосымша жазаны толық өтеген уақытынан бастап есептеледі. Бұл ретте, үкімде көрсетілген қылмыстың қай санатқа жататындығына байланысты бас бостандығынан айыруға сотталғандар үшін соттылықтың жойылу мерзімі ҚК-нің 79-бабында белгіленген ережелерге сәйкес есептеледі.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      12. Рақымшылық туралы заңның негізінде немесе кешірім жасауға байланысты соттылықтың алынуы ҚК-нің 79-бабының тоғызыншы бөлігіне сәйкес осы соттылыққа байланысты барлық құқықтық зардаптардың күшін жояды.

      Осыған байланысты, соттылық алынған кезде оның бұрынғы соттылықтарының жойылу мерзімі ҚК-нің 79-бабының талаптарына сәйкес есептеледі. Мұндай жағдайларда бұрынғы соттылықтардың жойылу мерзімін есептеген кезде, соттылығы рақымшылық бойынша немесе кешірім жасаудың негізінде алынып тасталса, қылмыстың жасалуына байланысты үзілген мерзім есепке алынбайды.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      13. "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеуге байланысты рақымшылық жасау туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 9 қаңтардағы № 113 Заңының (бұдан әрі - Заң) 15-бабына байланысты осы Заңның негізінде жазаны өтеуден босатылған адамдардың, сондай-ақ осы Заң жарияланған сәтте жазаны өтеп бітірген адамдардың соттылығы алып тасталды деп тану қажет.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      14. Қазақстан Республикасында, сондай-ақ басқа мемлекеттерде де бұрын сотталған адамдардың әрекеттерінде қылмыстың қайталануын тану туралы мәселені шешу кезінде соттар қолданыстағы халықаралық шарттарды ескеріп, Қазақстан Республикасының заңдарын басшылыққа алулары керек.

      Қылмыстардың қайталануын анықтағанда бұрынғы КСР Одағының және оның құрамына енген одақтас республикалардың соттары (трибуналдары) шығарған үкімдер бойынша алынбаған және жойылмаған соттылықтар ескерілуге жатады.

      Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияның (Минск, 1993 жылғы 22 қаңтар, 1997 жылғы 28 наурыздағы енгізілген өзгерістерімен) 76-1-бабына және Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияның (Кишинев, 2002 жылғы 7 қазан) 99-бабына сәйкес, аталған конвенцияларға қатысушы елдердің үкімдері бойынша алынбаған және жойылмаған соттылықтары ескерілуі тиіс.

      Бұл ретте, соттар ҚК-нің 8-бабының талаптарын ескеріп, шетел мемлекеттері соттарының үкімдері белгілеген қылмыстардың саралануын назарға алып, жасалған әрекеттің қылмыс болып табылатындығын және жазалануға жататындығын, қылмыстың дәрежесін және оның ауырлығын, сондай-ақ сотталғандардың жағдайын нашарлатпастан, Қазақстан Республикасы қылмыстық заңдарының тиісті нормаларының негізінде соттылықтың жойылу мерзімін анықтаулары қажет.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      15. Соттар ҚК-нің 11-бабына сәйкес қаралып отырған іс бойынша сотталушының жасаған қылмысының санатын дұрыс анықтауы қажет.

      Егер адамның Қаз КСР ҚК-нің бойынша сараланған қылмыстары үшін алынбаған немесе жойылмаған соттылығы бар болса, онда бұл қылмыстардың санатын Қаз КСР ҚК-нің 7-1-бабының талаптарын есепке алып анықтау қажет.

      ҚК-нің 11-бабының төртінші бөлігінде және Қаз КСР ҚК-нің 7-1-бабында көрсетілген қылмыстарды ауыр қылмыстар деп, ал ҚК-нің 11-бабының бесінші бөлігінде көрсетілген қылмыстарды аса ауыр қылмыстар деп есептеу керек.

      Қаз КСР ҚК-нің 7-1-бабына сәйкес қылмыстар ауыр қылмыстар деп танылғандықтан, қылмыстың қайталануын таныған кезде ол қылмыстың қолданыстағы ҚК-нің бойынша аса ауыр қылмысқа жататындығына қарамастан ауыр қылмыс ретінде ескеру қажет.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      16. Бұрынғы алынбаған және жойылмаған соттылықтарға байланысты мән-жайларды зерделегенде ҚК-нің 6-бабының ережелерін ескеріп, қылмыстардың қайталануы туралы мәселені қарағанда қылмыстық заңның өзгеруіне сәйкес, жаңа іс бойынша үкімді шығарған сәтте қылмыс деп танылмайтын әрекеттер үшін соттылықтары назарға алынбайды.

      Жасаған қылмыстары үшін адамның алынбаған немесе жойылмаған соттылықтары болып, қылмыстардың санаттары туралы қылмыстық заң қылмыстың ауырлығын ұлғайту жағына қарай өзгергенде, қылмыстардың қайталануын тану кезінде үкім шығарған сәттегі қылмыстың қай санатқа жататынын ескеру керек.

      Егер сотталушы жасаған қылмысы үшін сотталып, ол бойынша алынбаған және жойылмаған соттылығы болса, заңның өзгеруіне байланысты қылмыстар онша ауыр емес қылмыстар санатына ауыстырылған жағдайда, олардың санатын ҚК-нің 6-бабына сәйкес анықтап, жаңа заң бойынша қылмыстардың қайталануын тану кезінде ескеру керек.

      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      17. Адамдарды бұрын бас бостандығынан айыруға сотталғандар қатарына жатқызу кезінде қылмыстардың қайталануын және оның түрін тану туралы мәселені шешуге байланысты "Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 25 маусымдағы № 4 нормативтік қаулысының 12-тармағында және "Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға түзеу мекемелерiнiң түрлерін тағайындау жөнiндегi сот практикасы туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 23 маусымдағы № 7 нормативтік қаулысының 6, 7, 8-тармақтарында берілген түсіндірмелерді басшылыққа алған жөн.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      18. Жиынтығы бойынша ауыр және (немесе) аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бір соттылығы бар және және жаңадан ауыр және (немесе) аса ауыр қылмыс жасаған адамдарда қылмыстың қайталануы бар болуы туралы мәселені талқылау кезінде қылмыстың қайталану түрін тану үшін негіз болып табылатын, жиынтыққа жататын нақты қылмыс үшін тағайындалған жазаны назарға алу қажет, бұл ретте қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы немесе үкімдердің жиынтығы бойынша түпкілікті тағайындалған жаза ескерілмейді.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      19. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      20. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      21. Бұрынғы немесе соңғы үкім бойынша сотталушыға түпкілікті жаза ҚК-нің 58-бабының алтыншы бөлігінде көрсетілген ережелер бойынша белгіленсе, онда қылмыстың қайталануын тану кезінде бұл қылмыстар үшін бірнеше үкім бойынша соттылық қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша бір соттылық ретінде ескеріледі.

      Ескерту. 21-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      22. Бұрынғы үкімдер бойынша, сонымен қатар қаралып отырған іс бойынша қылмыстың қайталануын тану үшін қылмыстың жасалу сатысы маңызды емес (қылмыс аяғына дейін жасалғаны немесе оны жасауға оқталу орын алғаны). Сондай-ақ, қылмыстың қайталануын тану үшін сотталушының қылмысты орындаушы екендігі немесе оның қылмысқа қатысуы басқа нысанда болғандығы, ол бұрынғы үкім бойынша жазаны толық өтегені, оны өтеу мерзімі ішінде жаңа қылмыс жасағаны, не заңда көзделген негіздер бойынша жазадан босатылуына байланысты жазаның мерзімін толық өтеген-өтемегені маңызды емес.

      23. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      24. Қылмыстардың қайталануының болуы ҚК-нің 54-бабы бірінші бөлігінің а) тармағына сәйкес қылмыстық жауапкершілікті және жазаны ауырлататын мән-жайлар ретінде ескеріледі. Қылмыстардың қайталануы немесе қылмыстардың қауiптi қайталануы жағдайында жаза тағайындау кезiнде ҚК-нің 59-бабына сәйкес бұрын жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың саны, сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесi, оның алдындағы жазаның түзету ықпалының жеткiлiксiз болып шығуына себеп болған мән-жайлар, сондай-ақ жаңадан жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесi ескерiледi.

      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      25. Сот адамның әрекетінен қылмыстың қайталануының тиісті түрін таныса, оған қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің түрін белгілеген кезде ҚК-нің 46-бабын, сондай-ақ "Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің түрлерін тағайындаудың сот практикасы туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 23 маусымдағы № 7 нормативтік қаулысын басшылыққа алу керек.

      Ескерту. 25-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      26. Соттың үкімімен сотталғандардың әрекеттерінде қылмыстың қайталануының тиісті түрін анықтау, жойылу мерзімі аяқталғанға дейін соттылықты алып тастау туралы мәселені қарағанда ескеріледі. ҚК-нің 79-бабының жетінші бөлігіне сәйкес ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталған, сондай-ақ сот үкімі бойынша қылмыстың қауіпті немесе аса қауіпті қайталануы үшін жаза тағайындалған адамдардың соттылығын оны өтеу мерзімі аяқталғанға дейін алып тастауға жол берілмейді.

      Ескерту. 26-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      27. Қылмыстың қайталануы бар адамдарға әкімшілік қадағалауды белгілеу туралы мәселені шешкен кезде "Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкiмшiлiк қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 15 шілдедегі Заңын және "Әкімшілік қадағалау жөніндегі заңнаманы қолданудың сот тәжірибесі туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 20 маусымдағы N 3 нормативтік қаулысын басшылыққа алу қажет.

      Ескерту. 27-тармаққа орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізіледі, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      28. Соттар апелляциялық, кассациялық тәртіппен қылмыстық істерді, сондай-ақ қылмыстық жазаларды атқаруға байланысты материалдарды қарағанда үкімнің қылмыстың қайталануын тану және оның түрін анықтау бөлігіне, жазаның дұрыс әрі заңды түрде тағайындалғанына назар аударып, сот қателіктерін дер кезінде жоюға бағытталған шаралар қолданулары керек.

      Бірінші сатыдағы сот істе жеткілікті негіздер бола тұра қылмыстың қайталануын тану туралы мәселені қарамағанда немесе қарап, бірақ шешімді үкімнің қарар бөлігінде көрсетпесе, не прокурордың өтінішхатында немесе айыптау тарапының шағымында үкімнің осы бөлігін өзгерту қажеттігі көрсетіліп, дұрыс емес шешім қабылдаған жағдайларда ғана апелляциялық сатыдағы сот КПК-нің 442-бабы бірінші бөлігінің 6) тармағында көрсетілген шешімдерді қабылдауына жол беріледі.

      Егер істі сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктінің әрекетін саралау туралы қаулыда және айыптау актісінде қылмыстың тиісті қайталануы кезінде кінәні ауырлататын мән-жай ретінде қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалғаны туралы көрсетілмесе не осы мән-жайлар көрсетілгенімен тиісті іс материалдарымен расталмаса және сот отырысында айыптау тарапы оның орнын толықтырмаса, үкімді өзгерту және сотталушының әрекетінде қылмыстың қайталануын тану туралы айыптау тарапының шағымдары мен прокурордың өтінішхаты апелляциялық тәртібімен қарағанда қанағаттандырылуға жатпайды.

      Ескерту. 28-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      29. Қылмыстардың қайталануы туралы істерді қарағанда алынбаған және жойылмаған соттылығы бар адамдардың қылмысты бірнеше рет қайталап жасауына әсер ететін себептерді және жағдайларды анықтау керек, үкімдердің атқарылуын жүзеге асыратын және сотталғандардың түзелуі және қайта тәрбиелеу жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыратын органдардың жұмыстарындағы кемшіліктерге назар аудару керек. Атап айтқанда, жазасын өтеу кезеңінде және жазадан босатылғаннан кейін олармен тәрбиелік алдын алу жұмыстары жүргізілген-жүргізілмегенін, бұрын сотталғандардың жүріс-тұрысына бақылау жасау жүзеге асырылғанын және қажетті жағдайларда әкімшілік қадағалау белгіленгенін, оларды еңбекке орналастыру және олардың тұрмыс жағдайына көмек көрсетілгенін және басқа да мәселелерді анықтау керек. Қажетті жағдайларда КПК-нің 53-бабының төртінші бөлігіне сәйкес, жеке қаулылар шығару қажет.

      Ескерту. 29-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      30. "Соттардың рецидивті қылмыстар жөніндегі қылмыстық істерді қарау тәжірибесі туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 1994 жылғы 27 мамырдағы N 1 қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      31. Осы нормативтік қаулы Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға міндетті болып табылады және ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының Төрағасы


Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының Судьясы,


жалпы отырыс хатшысы



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады