Мемлекеттік құпияларды техникалық қорғау жөніндегі қызметті лицензиялау ережесін және оған қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 18 маусымдағы N 505 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2012 жылғы 21 қарашадағы № 1474 Қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкiметiнiң 2012.11.21 № 1474 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк жиырма бiр күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Қаулысымен.

      "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :

      1. Қоса беріліп отырған:
      1) Мемлекеттік құпияларды техникалық қорғау жөніндегі қызметті
лицензиялау ережесі ;
      2) мемлекеттік құпияларды техникалық қорғау жөніндегі қызметке
қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.

      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын техникалық қорғау жөніндегі қызметті лицензиялаудың ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 14 желтоқсандағы N 1842 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., N 55, 603-құжат);

      2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 21 наурыздағы N 287 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 2-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., N 13, 139-құжат).

      3. Осы қаулы ресми жариялануға тиіс және 2007 жылғы 9 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2007 жылғы 18 маусымдағы
N 505 қаулысымен 
бекітілген   

Мемлекеттік құпияларды техникалық қорғау жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының
2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңына сәйкес әзірленді және мемлекеттік
құпияларды техникалық қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына лицензия беру тәртібін белгілейді.
      Осы Ереже ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарына байланысты қызметке қолданылмайды.

      2. Мемлекеттік құпияларды техникалық қорғау жөніндегі қызметті лицензиялауды мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган (бұдан әрі - лицензиар) жүзеге асырады.

      3. Мемлекеттік құпияларды техникалық қорғау жөніндегі қызметті
лицензиялау мынадай қызметтің кіші түрлеріне бөлінеді:
      мемлекеттік құпияларды қорғаудың техникалық құралдарын әзірлеу, жасау, жөндеу және оларға сервистік қызмет көрсету;
      мемлекеттік құпияларды қорғаудың техникалық құралдарын монтаждау, орнату, оларға қызмет көрсету.

      4. Лицензияның әрекеті Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады.

      5. Лицензия бас лицензия болып табылады.

      6. Лицензия иеліктен шығарылмайды, лицензияны басқа жеке немесе заңды тұлғаға беруге тыйым салынады.

2. Лицензиялар беру тәртібі

      7. Мемлекеттік құпияларды техникалық қорғау жөніндегі қызметке
лицензия біліктілік деңгейі белгіленген талаптарға сәйкес келетін жеке немесе заңды тұлғаға (бұдан әрі - лицензиат) беріледі.

      8. Лицензияны және лицензияға қосымшаны алу үшін мынадай құжаттар қажет:
      1) өтініш;
      2) заңды тұлға үшін - Жарғының (экспорт және импорт операцияларын қоспағанда) және өтініш берушінің заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмелері;
      3) жеке тұлға үшін - жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      4) дара кәсіпкер үшін - өтініш берушінің дара кәсіпкер ретінде
мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған
көшірмесі;
      5) өтініш берушінің салық органында есепке тұрғаны туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
      6) қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін бюджетке лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжат;
      7) біліктілік талаптарына сәйкес мәліметтер мен құжаттар.

      9. Қолда бар лицензияға қосымшаны алу үшін мынадай құжаттар қажет:
      1) өтініш;
      2) лицензияның нотариалды куәландырылған көшірмесі;
      3) біліктілік талаптарына сәйкес мәліметтер мен құжаттар (қызметтің кіші түріне).

      10. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны лицензиар осы Ережеде белгіленген тиісті құжаттармен қоса өтініш берілген күнінен бастап - отыз жұмыс күнінен кешіктірмей, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін он жұмыс күнінен кешіктірмей береді.
      Лицензиар осы тармақта белгіленген мерзім ішінде лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны береді не лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруден бас тарту себептері туралы жазбаша түрде дәлелді жауап қайтарады.

      11. Егер лицензиар осы Ережеде белгіленген мерзімде өтініш берушіге лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны бермеген немесе өтініш берушіні лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруден бас тарту себептері туралы жазбаша хабардар етпеген жағдайда, лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беру үшін осы Ережеде белгіленген мерзімдер өткен күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң өтініш беруші тиісті лицензиарды мемлекеттік құпияларды техникалық қорғау жөніндегі қызметтің өзі мәлімдеген түрін және (немесе) кіші түрін жүзеге асыра бастағаны туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
      Лицензиар өтініш берушінің жазбаша хабарламасын алған сәттен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш беруші жазбаша хабарламада көрсеткен күнінен бастап лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны береді.

      12. Лицензиясы және (немесе) лицензияға қосымшасы жоғалған,
бүлінген кезде лицензиатқа лицензияның және (немесе) лицензияға
қосымшаның телнұсқалары беріледі.
      Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның жоғалған, бүлінген бланкілері лицензиат лицензиарға жазбаша өтініш (лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның жоғалған, бүлінген фактісін растайтын құжаттармен қоса) берген күнінен бастап жарамсыз деп саналады.
      Лицензиар өтініш берілген күнінен бастап он жұмыс күні ішінде жаңа нөмір бере отырып және жоғары оң жақ бұрышында»"Телнұсқа" деген жазуы бар лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның телнұсқаларын беруді жүргізеді.

      13. Жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты өзгерген жағдайда, бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құру нысанында заңды тұлға қайта ұйымдастырылған, атауы, сондай-ақ қызмет түрінің және (немесе) қызметтің кіші түрінің атауы өзгерген кезде, егер мұндай өзгеріс қызмет түрі және (немесе) қызметтің кіші түрі шеңберінде орындалатын операциялардың мәнінің өзгеруіне әкеп соқпаса, лицензиат отыз күнтізбелік күн ішінде көрсетілген мәліметтерді растайтын тиісті құжаттармен қоса, лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу туралы өтініш береді.
      Лицензиат тиісті жазбаша өтініш берген күнінен бастап он жұмыс күні ішінде лицензиар лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдейді.

      14. Лицензиар лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беру кезінде өтініш берушінің біліктілік талаптарына сәйкестігін анықтайды.

      15. Мемлекеттік құпияларды техникалық қорғау жөніндегі қызметпен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес лицензияларды (лицензиялардың телнұсқасын) берген кезде алынады.
      Лицензиялық алым ставкаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді .
      Лицензияға қосымшаларды (лицензияға қосымшалардың телнұсқаларын) берген кезде лицензиялық алым алынбайды.

      16. Лицензиат лицензия алу үшін лицензиарға ұсынылатын құжаттарда қамтылған мәліметтердің анықтығы мен толықтығы үшін жауапты болады.

      17. Егер:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарында субъектілердің осы санаты үшін қызмет түрімен айналысуға тыйым салынған;
      2) осы Ережеге сәйкес талап етілетін барлық құжаттар табыс етілмеген. Өтініш беруші көрсетілген кедергілерді жойған кезде өтініш жалпы негіздерде қаралады;
      3) қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым енгізілмеген;
      4) өтініш беруші біліктілік талаптарына сай келмеген;
      5) өтініш берушіге қатысты оған қызметтің жекелеген түрімен айналысуға тыйым салатын заңды күшіне енген сот үкімі болған жағдайларда лицензия беруден бас тартылады.

      18. Лицензия беруден бас тартқан кезде лицензиар лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беру үшін белгіленген мерзімдерде өтініш берушіге жазбаша түрде дәлелді жауап береді.

      19. Егер лицензия және (немесе) лицензияға қосымша осы Ережеде
белгіленген мерзімде берілмесе немесе лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруден бас тарту өтініш берушіге негізсіз болып көрінсе, ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бұл әрекеттерге шағымдана алады.

      20. Лицензия және (немесе) лицензияға қосымша өзінің қолданысын мынадай жағдайларда тоқтатады:
      1) лицензия алып қойылғанда;
      2) бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құру нысанындағы қайта ұйымдастыруды қоспағанда, жеке тұлғаның қызметі тоқтатылғанда, заңды тұлға таратылғанда, заңды тұлға қайта ұйымдастырылғанда;
      3) лицензия және (немесе) лицензияға қосымша лицензиарға ерікті түрде қайтарылғанда;
      4) лицензияланатындардың тізбесінен қызметтің жекелеген түрін және (немесе) қызметтің кіші түрі алып тасталса;
      5) жүзеге асырылуына лицензия берілген әрекеттер (операциялар) толық көлемде жасалғанда.

      21. Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданылуы
тоқтатылған кезде лицензиат он жұмыс күні ішінде лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны лицензиарға қайтарады.

      22. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, одан айыру Қазақстан
Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында
көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

      23. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алу үшін
ұсынылған барлық құжаттар лицензиялар тізілімінде тіркеледі.

      24. Лицензиялар тізілімінде мынадай мәліметтер көрсетіледі:
      лицензиардың атауы;
      лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның берілген күні және нөмірі;
      дара кәсіпкер үшін - жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты, тұрғылықты жері, жеке басын куәландыратын құжатының деректері, сондай-ақ жеке тұлға дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелген жағдайда куәліктің нөмірі және оның берілген күні;
      заңды тұлға үшін - атауы және ұйымдық-құқықтық нысаны, орналасқан жері;
      қызмет түрі және (немесе) қызметтің кіші түрлері;
      лицензияның қолданылу мерзімі;
      салық төлеушінің тіркеу нөмірі;
      төлем тапсырмасының нөмірі және лицензиялық алым төленген күні;
      лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу негіздері және күні;
      лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, қайта бастау негіздері және күні;
      лицензияның қолданылуын тоқтату негіздері және күні.

      25. Лицензиар лицензиаттардың лицензиялық шарттарды сақтауы үшін лицензиялық бақылауды жүзеге асырады.

      26. Осы Ережені бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында
белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2007 жылғы 18 маусымдағы
N 505 қаулысымен 
бекітілген   

Мемлекеттік құпияларды техникалық қорғау жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптары

      1. Мемлекеттік құпияларды қорғаудың техникалық құралдарын әзірлеу, жасау, жөндеу және оларға сервистік қызмет көрсету жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптары мыналарды қамтиды:
      тиісті білім деңгейіне жауап беретін және біліктілігіне сәйкес кемінде 3 жыл жұмыс өтілі бар, кемінде екі адам - білікті инженер-техникалық персоналдың болуы;
      мәлімделген қызметтің кіші түрін жүзеге асыру үшін қажетті және нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкес келетін өндірістік, сынау және бақылау-өлшеу жабдықтарының болуы;
      Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтерді пайдалана отырып жұмыстарды жүргізуге Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары беретін рұқсаттың болуы.

      2. Мемлекеттік құпияларды қорғаудың техникалық құралдарын
монтаждау, орнату, оларға қызмет көрсету жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптары мыналарды қамтиды:
      тиісті білім деңгейіне жауап беретін және біліктілігіне сәйкес кемінде 3 жыл жұмыс өтілі бар, кемінде екі адам - білікті инженер-техникалық персоналдың болуы;
      мәлімделген қызметтің кіші түрін жүзеге асыру үшін қажетті, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкес келетін бақылау-өлшеу жабдықтарының болуы;
      Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтерді пайдалана отырып жұмыстарды жүргізуге Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары беретін рұқсаттың немесе  заңнамада белгіленген тәртіппен жасалған бірлескен құпия жұмыстарды орындауға арналған шарттың болуы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады