"Бөгеттердің қауіпсіздігі және жерді мелиорациялау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Су, Қылмыстық кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 26 желтоқсандағы N 1296 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Бөгеттердің қауіпсіздігі және жерді мелиорациялау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Су, Қылмыстық кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба  

Қазақстан Республикасының Заңы
"Бөгеттердің қауіпсіздігі және жерді мелиорациялау
мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Су,
Қылмыстық кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар
енгізу туралы"

      1-бап. Қазақстан Республикасының мынадай заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1. Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 шілдедегі Қылмыстық  Кодексіне  (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы 1997 ж., N 15-16, 211-бап; 1998 ж., N 16, 219-бап; N 17-18, 225-бап; 1999 ж., N 20, 721-бап; N 21, 774-бап; 2000 ж., N 6, 141-бап; 2001 ж., N 8, 53, 54-бап; 2002 ж., N 4, 32, 33-бап; N 10, 106-бап; N 17, 155-бап; N 23-24, 192-бап; 2003 ж., N 15, 137-бап; N 18, 142-бап; 2004 ж., N 5, 22-бап; N 17, 97-бап; N 23, 139-бап; 2005 ж., N 13, 53-бап; N 14, 58-бап; N 21-22, 87-бап; 2006 ж., N 2, 19-бап; N 3, 22-бап; N 5-6, 31-бап; N 8, 45-бап; N 12, 72-бап; N 15, 92-бап; 2007 ж., N 1, 2-бап; N 4, 33-бап; N 5-6, 40-бап; N 9, 67-бап; N 10, 69-бап; N 19, 140-бап):
      1) 281 баптың тақырыбындағы ", бітеу" деген сөзден кейін ", су шаруашылығы құрылыстарында су режимін бұзу" деген сөздермен толықтырылсын.
      2) 281-баптың бірінші тармағындағы "олардың табиғи қасиеттерін өзге де өзгерту," деген сөздерден кейін "су шаруашылығы құрылыстарында су режимін бұзу," деген сөздермен толықтырылсын.
      2. Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су  кодексіне  (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., N 17, 141-бап; 2004 ж., N 23, 142-бап; 2006 ж., N 1, 5-бап; N 3, 22-бап; N 15, 95-бап; 2007 ж., N 1, 4-бап; N 2, 18-бап; N 19, 147-бап):
      1) 1-бап мынадай жаңа редакцияда жазылсын:
      1) ағын су - ойпанды жер бетінде ылдиға құлай аққан судың қозғалысымен сипатталатын су объектісі;
      2) акватория - табиғи, жасанды немесе шартты шекаралармен шектелген су кеңістігі;
      3) ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көздері - су тұтынушылар үшін ауыз сумен жабдықтаудың бірден-бір көздері, олардың ауыстырылуы мүмкін емес және мақсатқа сай келмейді;
      4) басқарудың бассейндік принципі - әкімшілік-аумақтық бірліктер арасындағы өзендердің, көлдердің және басқа да су объектілерінің бассейндері шегінде су ресурстарын бөлу кезінде іске асырылатын   су қорын гидрографиялық белгілер бойынша басқару;
      5) бөгет - су шаруашылығы құрылысындағы судың деңгейін көтеру, құрылыс орналасқан немесе су қоймасы салынатын орында ағын шоғырлануы үшін су ағынын бөгейтін су шаруашылығы құрылысы;
      6) гидромелиорациялық жүйе - жерді суаруға, суландыруға және құрғатуға арналған технологиялық жағынан өзара байланысты гидротехникалық құрылыстар, құрылғылар мен жабдықтар кешені;
      7) гидромелиорациялық кондоминиумге қатысушылар - ортақ үлестік меншік құқығындағы гидромелиорациялық кондоминиумнің құрамына кіретін бір гидромелиорациялық жүйемен немесе оның элементтерімен суарылатын жеке меншік немесе уақытша өтеулі пайдалану құқығында жер учаскесі бар жеке және (немесе) заңды тұлғалар;
      8) гидротехникалық құрылыстар - су ресурстарын басқару, суды дайындау, үлестіру, су пайдаланушыларға беру, тасымалдау және суды бұру, сондай-ақ олардың зиянды әсерінің алдын алу үшін пайдаланылатын инженерлік құрылыстар;
      9) жағалау белдеуі - су объектілері жағалауының бойындағы табиғат қорғау талаптарын сақтай отырып, навигациялық белгілер мен жабдықтарды орнатуға арналған жағалау жиегінен ені жиырма метр құрлық белдеуі;
      10) жағалау жиегі - су объектісі жағалауының судың барынша көтерілуі (лық толуы) нәтижесінде пайда болатын жиегі;
      11) жер асты суларының бассейні - жер қойнауында орналасқан су тұтқыш жиектер жиынтығы;
      12) жер асты суларының көздері мен учаскелері - шегінде жер асты суларын шығару мен алу үшін қолайлы жағдайлары бар су тұтқыш жиектердің бөліктері;
      13) жер асты шаруашылық-ауыз сулары - өзінің табиғи жай-күйіндегі немесе өңделгеннен кейінгі сапасы бойынша нормативтік талаптарға сай келетін және адамның ауыз суға және тұрмыстық қажетіне, не ауыз су өнімдерін өндіруге арналған жерасты сулары;
      14) жерлерді мелиорациялау - гидротехникалық, дақыл техникалық, химиялық, эрозияға қарсы, агроорманмелиорациялық, агротехникалық және басқа да мелиорациялық іс-шаралар жүргізу арқылы жерлерді түбегейлі жақсарту;
      15) жер үсті су объектілері - шекарасы, көлемі мен су режимі бар, құрлық бетінде оның бедері нысанындағы сулардың тұрақты немесе уақытша жинақталуы;
      16) құбырлы сүзгіш құдық - су тұтқыш тау-кен жынысына оларды сорғыту мақсатымен бекітілетін бірқатар тесіктері бар құбыр кесіндісі;
      17) мелиорацияланатын жерлер - мелиорациялық іс-шараларды жүзеге асырудың көмегімен жақсаратын құнарсыз жерлер;
      18) мелиорацияланған жерлер - мелиорациялық іс-шаралар жүргізілген жерлер;
      19) мелиорациялық жүйелер - мелиорацияланған жерлерде топырақтың оңтайлы су, ауа, жылу және қоректік режимін жасауды қамтамасыз ететін, өзара байланысты гидротехникалық және басқа да құрылыстар және құрылғылардың (каналдар, коллекторлар, құбырлар, су қоймалары, тоғандар, бөгеттер, насос станциялары, су тарту, мелиорацияланған жерлердегі басқа да құрылыстар мен жүйелер) кешендері;";
      20) мелиорациялық іс-шаралар - мелиорациялық жүйелерді және жеке орналасқан гидротехникалық құрылыстарды жобалау, құрылысын салу, пайдалану мен қайта құру, жайылымдарды суландыру, қорғаныш алқа ағаш жүйесін құру, дақылтехникалық жұмыстарын, топырақтың химиялық, физикалық сапасын жақсарту жұмыстарын жүргізу, көрсетілген жұмыстарды ғылыми және өндірістік-техникалық қамтамасыз ету;
      21) мемлекеттік бақылау - заңдылықтың сақталуын тексеру, заңнаманы бұзушылықтың себептері мен жағдайларын анықтау және жою, жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру, нормативтік құқықтық актілерді дәл және біркелкі қолдану және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес нормативтік құқықтық актілердің міндетті талаптарын орындау кезінде уәкілетті мемлекеттік органдар қабылдайтын шаралар жүйесі;
      22) минералды жерасты сулары - өзінің құрамы және (немесе) кейбір ерекше компоненттерінің мөлшері бойынша оң бальнеологиялық әсер ететін жерасты сулары;
      23) өзендерге теңестірілген каналдар - суды бір бассейннен екіншісіне, сондай-ақ бір өзен жүйесінен екіншісіне ауыстыруға арналған жасанды құрылыстар;
      24) өндірістік-техникалық жерасты сулары - өзінің сапасы мен физикалық қасиеттері бойынша өндірістік-техникалық сумен жабдықтау үшін пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкін жерасты сулары;
      25) санитарлық қорғау аймағы - су сапасы нашарлауының алдын алу үшін сумен жабдықтау көзін (ашық және жер асты), су құбыры құрылыстарын және оларды қоршаған аумақты қорғау мақсатымен белгіленген режим сақталуға тиіс сумен жабдықтау көзі мен су құбыры құрылыстарының төңірегінде арнайы бөлінетін аумақ;
      26) сарқынды сулар - адамның шаруашылық қызметі нәтижесінде пайда болатын немесе табиғи немесе жасанды су объектілеріне немесе жер бедеріне ағызып жіберілетін ластанған аумақтағы сулар;
      27) суару каналы - суару көздерінен суаруды талап ететін учаскелерге су тасымалдауға арналған жасанды құрылыс;
      28) сулар - су объектілерінде жинақталған барлық сулардың жиынтығы;
      29) сулардың зиянды әсері - табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың туындауы нәтижесінде судың шаруашылық және өзге де қызметке теріс әсер етуі;
      30) су бөлу орны - су пайдаланушы су көзінен су алатын орын, сондай-ақ, су пайдаланушы су тұтынушыға су ресурстарын беретін орындағы гидробекет;";
      31) су жинау алаңы - шекарасы шегінде су объектісінің су ресурстары қалыптастыратын аумақ;
      32) су жіберу - ағын судың төменгі учаскесіндегі су шығынын немесе деңгейін немесе су қоймасының өзіндегі судың деңгейін реттеу үшін су қоймасынан суды кезеңдеп немесе мезгілдеп беру;
      33) су қорғау аймағы - судың ластануын, қоқыстануын және сарқылуын болғызбау үшін шаруашылық қызметінің арнайы режимі белгіленетін су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарына іргелес аумақ;
      34) су қорғау белдеуі - шектеулі шаруашылық қызметі режимі белгіленетін, су объектісіне және су шаруашылығы құрылыстарына іргелес жатқан су қорғау аймағы шегіндегі ені кемінде жиырма метр аумақ;
      35) су қорының жерлері - су айдындары (өзендер және соларға теңестірілген каналдар, көлдер, су қоймалары, тоғандар және басқа да ішкі су айдындары, аумақтық сулар), мұздықтар, батпақтар, су көздеріндегі ағындыны реттеуге арналған су шаруашылығы құрылыстары алып жатқан жерлер, сондай-ақ су қорғау аймақтары мен осы құрылыстардың белдеулеріне және ауыз сумен жабдықтаудың су тарту жүйелерінің санитарлық қорғау аймақтарына бөлініп берілген жерлер;
      36) су қорын пайдалану және қорғау саласындағы тексеру - су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органның және (немесе) өңірлік және аумақтық органдардың лауазымды тұлғасының немесе лауазымды тұлғаларының кәсіпкерлік субъектілерінің су қорын пайдалану және қорғау саласындағы заңнаманың талаптарын сақтауын айқындау мақсатында жасайтын іс-әрекеті;
      37) су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті орган - су қорын пайдалану және қорғау саласындағы басқару мен бақылау қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      38) су объектісінің бассейні - гидравликалық жағынан байланысты су айдындары мен ағын сулардың су жинау алаңдарын қамтитын аумақ;
      39) су объектілерін қорғау - су объектілерін сақтауға, қалпына келтіруге және ұдайы молайтуға, сондай-ақ судың зиянды әсеріне жол бермеуге бағытталған қызмет;
      40) су объектілерін пайдалану - жеке және заңды тұлғалардың материалдық немесе өзге де қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін су объектілерінің пайдалы табиғи қасиеттерін алу;
      41) су пайдалану - жеке және заңды тұлғалардың өз мұқтаждарын және (немесе) коммерциялық мүдделерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен су ресурстарын пайдалану;
      42) су пайдаланушы - өз мұқтаждарын және (немесе) коммерциялық мүдделерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен су ресурстарын пайдалану құқығы берілген жеке немесе заңды тұлға;
      43) су режимі - су объектілері мен топырақ қабатындағы су деңгейінің, шығыстары мен көлемінің уақытқа қарай өзгеруі;
      44) су сервитуты - су объектісін шектеулі пайдалану құқығы;
      45) су тарту құрылысы - су объектілерінен су алуға арналған құрылыстар мен құрылғылар кешені;
      46) су тұтынушы - су объектілерінен су тұтынушы немесе су шаруашылығы ұйымдарының қызметтерін пайдаланушы және сумен жабдықтау жүйелерінен су алушы жеке немесе заңды тұлға;
      47) су үнемдеу - су ресурстарының ұтымды және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ететін шаралар жүйесі;
      48) су шаруашылығы - су объектілерін пайдалануға, қорғауға және ұдайы молайтуға байланысты экономика саласы;
      49) су шаруашылығы жүйесі - суларды ұтымды пайдалану мен қорғауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ ағынды суларды бұруға арналған өзара байланысты су объектілері мен гидротехникалық құрылыстар кешені;
      50) су шаруашылығы жүйесінің, құрылыстарының қауіпсіздігін бағалау - техникалық жай-күйін зерттеу және бекітілген нормалар мен ережелерге сәйкестігін бағалау;";
      51) су шаруашылығы жүйесінің, су шаруашылығы құрылыстарының қауіпсіздігі - су шаруашылығы жүйесі элементтерінің және құрылыстардың, адамдардың өмірін, денсаулығын және заңды мүдделерін, қоршаған табиғи орта мен шаруашылық объектілерін қорғауды қамтамасыз ететін өзіндік ерекшеліктері;";
      52) су шаруашылығы жүйесінің, құрылыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету - су шаруашылығы жүйесінде, құрылысында төтенше жағдайлар болуының алдын алу шараларын әзірлеу және іске асыру;";
      53) су шаруашылығы жүйелері, құрылыстары қауіпсіздігінің өлшемдері - су шаруашылығы құрылысындағы апат қатерінің рұқсат етілген деңгейіне сәйкес келетін және су шаруашылығы жүйелерінің, құрылыстарының қауіпсіздігін мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыратын су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті органмен белгіленген тәртіппен бекітілген су шаруашылығы жүйесі жай-күйінің техникалық көрсеткіштерінің және оны пайдалану шарттарының шекті маңызы;";
      54) су шаруашылығы құрылыстары - су ресурстарының пайдаланылуы мен қорғалуын реттеу, халықты және экономика салаларын сумен қамтамасыз ету, ағынды суларды бұру және судың зиянды әсерін жою мақсатымен су объектілерінде жасанды құрылған гидротехникалық құрылыстар мен қондырғылар;
      55) су шаруашылығы ұйымдары - қызметі суларды реттеумен, жеткізумен, молайтумен, су дайындаумен, ағынды суларды бұрумен және су объектілерін пайдаланумен байланысты заңды тұлғалар;
      56) сулы-батпақты алқап - батпақты, фенді, шымтезекті пайдаланатын жерлер ауданы немесе теңіздегі судың қайтуы кезінде алты метрден аспайтын теңіз акваторияларын қоса, табиғи немесе жасанды, тұрақты немесе уақтылы, ағынды немесе тұрақты, тұздылау немесе тұзды су қоймалары.
      57) сумен жабдықтаудың ерекше маңызды топтық жүйелері - біреуден артық елді мекенге қызмет көрсететін, басымдылығы мен әлеуметтік маңыздылығы бар және Қазақстан Республикасының Үкіметі топтық сумен жабдықтаудың ерекше маңызды жүйелерінің санаттарына жатқызған ауыз сумен жабдықтаудың топтық жүйелері;
      58) суторап - бір тұстамада орналасқан және қандай да бір су шаруашылығы міндеттерін атқару үшін технологиялық байланысқан әртүрлі мақсаттағы гидротехникалық құрылыстар тобы;
      59) тау-кен жыныстарының су тұтқыш аймақтары, жиектері мен кешендері - тау-кен жыныстарының жарықтары мен кеуек қуыстарында жинақталған және гидравликалық байланыстағы сулар;
      60) трансшекаралық әсер - табиғи көзі шектес мемлекеттің немесе көршілес мемлекеттердің аумағында толық немесе ішінара орналасқан трансшекаралық сулардың адамның қызметінен туындайтын сандық немесе сапалық жағынан өзгеруі нәтижесінде пайда болатын зиянды зардаптар;
      61) тұстама - су деңгейінің көтерілуін қамтамасыз ететін және оның арының қабылдайтын су торабы құрылыстары орналасқан өзен телімі;
      62) шахта құдығы - сумен жабдықтау, тау-кен жыныстарын құрғату және жер бетінен атмосфералық және жер үсті суларын бұру мақсатында жерасты суларын алу үшін құрылған тереңдігі көлденең кесіктен үлкенірек тік тау-кен қазындысы.
      63) шегендеу құрылысы - табиғи шығып жатқан жерасты суларының ашылуын және пайдалану мақсатында олардың жер бетіне шығарылуын қамтамасыз ететін инженерлік-техникалық құрылыс.
      2) 3-баптың 2 тармағында:
      5) тармақшадағы "су ресурстарын" деген сөздерден кейін ", мелиорациялық жүйелерді" деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы 6) және 7) тармақшалармен толықтырылсын:
      "6) жерлерді мелиорациялаудың бағыттарын айқындау;
      7) халықты және шаруашылық объектілерін су шаруашылығы құрылыстарындағы төтенше жағдайлардан және олардың зардаптарынан қорғау.";
      3) 10-бапта:
      1-тармақтағы "қатынастарды" деген сөзден кейін ", мелиорациялау жұмыстарын және су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігі бойынша жұмыстар жүргізу кезінде іс-шараларды жүзеге асыру процессінде пайда болатын " деген сөздермен толықтырылсын.
      3 тармақтағы "қоршаған ортаны қорғау және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы заңдарымен" деген сөздер "Экологиялық кодексімен" деген сөздермен ауыстырылсын;
      4-тармақтағы ", осы Кодекстің 66-бабының 5 және 6-тармақтарын қоспағанда," деген сөздер алынып тасталсын;
      4) 4-тараудың тақырыбындағы "Су шаруашылығы" деген сөздің алдында "Мелиорациялық жүйелер мен" деген сөздермен толықтырылсын;
      5) 29-баптың тақырыбындағы және мәтіні бойынша "су шаруашылығы құрылыстары" деген сөздер "мелиорациялық жүйелер" деген сөздермен ауыстырылсын;
      6) 35-баптың бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы 12), 13), 14), 15), 16), 17), 18), 19), 20), 21) тармақшалармен толықтырылсын:
      "12) жерлерді мелиорациялау саласындағы республикалық және өңірлік бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру;
      13) жерді мелиорациялауды қаржыландыруды ұйымдастыру, оның ішінде жерлерді мелиорациялау саласындағы ғылыми-зерттеу және тәжірибе-конструкторлық әзірлемелерді ұйымдастыру және қаржыландыру;
      14) мемлекеттік мелиорациялық жүйелерін пайдалануды ұйымдастыру;
      15) мелиорацияланған жерлердің есебін ұйымдастыру және мониторинг жүргізу;
      16) жерлерді мелиорациялау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуді ұйымдастыру;
      17) мелиорацияланған жерлердің жай-күйін бақылау;
      18) су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
      19) су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының жағдайын, сондай-ақ олардың нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкестігін бақылау;
      20) су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарын пайдалану кезінде жеке және заңды тұлғалардың қызметіне қатері мен зияндылығының деңгейін уақытылы айқындау, төтенше жағдайларды ескерту және алдын алу;
      21) су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қамтамасыз ету тәртібін айқындау.
      7) 36-бапта:
      1 тармақшадағы "және су қорын қорғау" деген сөздерден кейін ", оның ішінде жерлерді мелиорациялау, су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігі" деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы 14) тармақшамен толықтырылсын:
      "14) су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстары қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тәртібін, оның ішінде су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігінің өлшемдерін айқындайды.
      8) 37-баптың 1-тармағында:
      2 тармақшадағы "экономиканың су секторының" деген сөздерден кейін ", оның ішінде жерлерді мелиорациялау" деген сөздермен толықтырылсын;
      22) тармақшадағы "Ережелерін әзірлейді," деген сөздерден кейін ", су қорғау аймақтары мен жер үсті су объектілерінің белдеулерін жобалау жөніндегі Техникалық нұсқауларды бекітеді;" деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "3-1) су шаруашылығы жүйелері, құрылыстары қауіпсіздігінің өлшемдерін әзірлейді және бекітеді;";
      9) 38-бап мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:
      6) бассейндік кеңестердің жұмысына қатысады, бассейндік кеңестердің ұсынымдарын зерттейді, оларды іске асыруға ықпал етеді.";
      10) 39-бап:
      мынадай мазмұндағы 1-1), 2-1) тармақшалармен толықтырылсын:
      "1-1) мемлекеттік меншіктегі су шаруашылығы құрылыстарының есебін жүргізеді, иесіз су шаруашылығы құрылыстары табылған жағдайда азаматтық заңнамада көзделген рәсімдерді жүргізеді;";
      "2-1) бассейндік су шаруашылығы басқармалары бойынша су қорғау аймақтары мен белдеулерін шаруашылық пайдаланудың режимі мен ерекше жағдайын белгілейді;";
      4) тармақшадағы "бассейндік келісімге қатысады," деген сөздерден кейін ", су объектілерін тиімді пайдалану және қорғау жөніндегі өңірлік бағдарламалардың жобасын бассейндік кеңестердің қарауына ұсынады, бассейндік кеңестердің ұсынымдарын зерттейді, оларды іске асыру жөнінде шаралар қабылдайды;" деген сөздермен толықтырылсын;
      5) тармақшадағы "қорғау жөніндегі" деген сөздерден кейін ", оның ішінде жерлерді мелиорациялау, су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі" деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы 7-1), 7-2) тармақшалармен толықтырылсын:
      "7-1) су шаруашылығы құрылыстары қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қойылатын жалпы талаптардың негізінде тиісті аумақтарда су шаруашылығы құрылыстарының қауіпсіздігі, сондай-ақ, су шаруашылығы жүйелерінің қауіпсіздігі туралы заңнама бұзылған жағдайларда оларды пайдалану шарттарын шектеу туралы мәселелерді шешеді;
      7-2) су шаруашылығы құрылыстарындағы авариялардың зардаптарын жою жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады;";
      11) 40-баптың 2-тармағында:
      7) тармақшаның үшінші абзацындағы "жаңғырту" деген сөзден кейін "және жобалау алдындағы құжаттама" деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы 24) тармақшамен толықтырылсын:
      "24) бассейндік кеңестің жұмысын ұйымдастырады, бассейндік кеңес мүшелерімен бассейн аумағындағы су қорын пайдалану мен қорғаудың ерекше маңызды мәселелері бойынша кеңестер өткізеді, бассейндік кеңес дайындаған ұсынымдарды талдайды, оларды іске асыру бойынша шаралар қабылдайды, бассейндік кеңестің ұсынымдарын мүдделі мемлекеттік органдар мен су пайдаланушыларға жеткізеді;
      12) 43-бапта:
      1-тармақтағы "бассейндік келісім шеңберінде" деген сөздер "тиісті бассейн шегінде" деген сөздермен ауыстырылсын;
      2-тармақтағы "қоғамдық бірлестіктердің" деген сөзден кейін "және олардың қауымдастықтарының" деген сөздермен толықтырылсын;
      13) 66-бапта:
      4-тармақ алынып тасталсын;
      мынадай редакциядағы 5 тармақпен толықтырылсын:
      "5. Заңды тұлғаның атауының өзгеруі, сондай-ақ жүйелерді қайта жаңғырту немесе су тұтыну шарттарының өзгеруі арнайы су пайдалануға қайтадан рұқсат алуды талап етеді.";
      14) 69-бапта:
      1-тармақ мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:
      "Бастапқы су пайдалану шаруашылықтың әртүрлі салаларын сумен қамтамасыз ету үшін тежеуіш гидротехникалық құрылыстардың көмегімен жер үстіндегі ағын суды реттеу жөніндегі қызметтерді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың су пайдалануы болып табылады.".
      15) 70-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:
      "Табиғи көздерден алынатын судың жыл сайынғы көлемдерінің аз ғана өзгерістерімен сумен жабдықтаудың баламасыз көздері болып табылатын ерекше маңызды сумен жабдықтау топтық жүйесі үшін қысқа мерзімді су пайдалану мерзімі бес жылда бір рет қайта қаралады.";
      16) 72-бап:
      мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "2-1) Пайдаланушы су шаруашылығы ұйымдарымен суды пайдалануға, оның ішінде тежеуіш гидротехникалық құрылыстармен өзендердің ағын суын реттеу жөніндегі қызметтерге жыл сайын шарт жасасуға;";
      3-тармақшадағы "лимиттері" деген сөзден кейін ", рұқсат етілген көлемдерін" деген сөздермен толықтырылсын;
      5) тармақша ", су шаруашылығы құрылыстарының су тарту, су жіберу мен ағынды және коллекторлық суларды ағызу құрылыстарын өлшеу құралдарымен және су өлшеу аспаптарымен жабдықтауға;" деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы 17-2)тармақшамен толықтырылсын:
      17-2) жыл сайын су тарту және судың ысырабын қысқарту жөніндегі іс-шаралардың жоспарларын әзірлеуге және оларды су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті органға жылдың бірінші тоқсаннан кешіктірмей ұсынуы тиіс;";
      17) 77-баптың 6) тармағы, 78-баптың 1) тармағы "және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету," деген сөздермен толықтырылсын;     
      18) 80-бапта:
      2-тармақта:
      1) тармақшадағы "жай-күйін" деген сөздерден кейін "және олардың қауіпсіздігін," деген сөздермен толықтырылсын;
      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      Мелиоративтік жүйенің және су шаруашылығы құрылысының техникалық сипаттамасы және жай-күйі туралы мәліметтер бар су шаруашылығы құрылысының және мелиоративтік жүйенің паспортына ие болуға міндетті. Мелиоративтік жүйелер мен су шаруашылығы құрылыстарын паспорттауды жүргізу тәртібін, сондай-ақ паспорттың нысанын су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.";
      19) 92- баптың 1-тармағының екінші абзацы алынып тасталсын;
      20) 18 тараудың тақырыбындағы "Су объектілері" деген сөздердің алдында "Мелиорация." деген сөзбен толықтырылсын;
      21) 95-баптың 7-тармағы алынып тасталсын;
      22) мынадай мазмұндағы 95-1, 95-2, 95-3, 95-4, 95-5, 95-6, 95-7, 95-8, 95-9, 95-10, 95-11, 95-12 және 95-13-баптармен толықтырылсын:
      "95-1-бап. Жерлерді мелиорациялау объектілері"
      Жерлерді мелиорациялау объектілеріне жерді жақсартуға бағытталған мелиорациялық іс-шаралар белгіленген, өткізілетін немесе өткізілген барлық объектілер жатады.
      95-2-бап. Жерлер мелиорациялаудың типтері мен түрлері
      Мелиорациялық іс-шаралардың сипаттамасына байланысты жерлерді мелиорациялаудың мынадай типтері болады:
      1) гидромелиорация;
      2) агроорманмелиорация;
      3) дақылтехникалық мелиорация;
      4) химиялық мелиорация.
      95-3-бап. Жерлерді гидромелиорациялау
      1. Жерлерді гидромелиорациялау жай-күйі судың әсеріне байланысты құрғақшылық, тозған, эрозияға ұшыраған, батпақты, артық ылғалды, шайылған және басқа да жерлерді түбегейлі жақсартуды қамтамасыз ететін мелиоративтік іс-шаралар кешенін өткізуден тұрады.
      Жерлерді гидромелиорациялау мелиорациялық жүйелердің, сондай-ақ жеке орналасқан гидротехникалық құрылыстардың көмегімен суды көтеру, беру, бөлу және бұру жөніндегі шараларды жүзеге асыру арқылы мелиорацияланатын жерлерде топырақтың су, ауа, жылу және қоректі режимдерін реттеуге бағытталған.
      2. Жерлерді гидромелиорациялауға суару, құрғату, су тасқынына қарсы, селге қарсы, эрозияға қарсы, сырғымаға қарсы және жерлерді гидромелиорациялаудың басқа да түрлері жатады.
      95-4-бап. Жерлерді агроорманмелиорациялау
      1. Жерлерді агроорманмелиорациялау қорғаныштық орман екпелерінің топырақты қорғайтын, суды реттейтін және өзге де қасиеттерін пайдалану арқылы жерлердің түбегейлі жақсаруын қамтамасыз ететін мелиорациялық іс-шаралардың кешенін өткізуден тұрады.
      2. Жерлерді агроорманмелиорациялауға мынадай түрлері жатады:
      1) эрозияға қарсы - жыраларда, сайларда, құмдарда, өзен жағалауларында және басқа аумақтарда орман екпелерін отырғызу арқылы жерлерді эрозиядан қорғау;
      2) алқапты қорғау - жерлерді ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің шекараларына қорғаныштық орман екпелерін отырғызу жолымен қолайсыз табиғи, антропогенді және техногенді сипаттағы жағдайлардың әсер етуінен қорғау;
      3) жайылымдық жерлерді қорғау - қорғаныштық орман екпелерін отырғызу жолымен жайылымдық жерлердің тозуының алдын алу.
      95-5-бап. Жерлерді дақылтехникалық мелиорациялау
      1. Жерлерді дақылтехникалық мелиорациялау жерлерді түбегейлі жақсарту жөніндегі мелиоративтік іс-шаралардың кешенін өткізуден тұрады.
      2. Жерлерді дақылтехникалық мелиорациялау жерлерді мелиорациялаудың мынадай түрлеріне бөлінеді:
      1) мелиорацияланатын жерлерді ағаш және шөпті өсімдіктерден, төмпешіктерден, түбірлерден және мүктерден тазарту;
      2) мелиорацияланатын жерлерді тастардан және басқа заттардан тазарту;
      3) сортаң жерді мелиоративтік өңдеу;
      4) топырақты қопсыту, құм себу, сазбалшықтандыру, жермен тегістеу, плантаж және бастапқы өңдеу;
      5) өзге де дақылтехникалық жұмыстарды жүргізу.
      95-6-бап. Жерді химиялық мелиорациялау
      Жерді химиялық мелиорациялау топырақтың химиялық және физикалық қасиеттерін жақсарту жөніндегі мелиорациялық іс-шаралардың кешенін өткізуден тұрады. Жерді химиялық мелиорациялауға топырақты әктеу, фосфорттау және гипстеу жатады.
      95-7-бап. Жерді мелиорациялауды жоспарлау.
      1. Жерді мелиорациялауды жоспарлауды жерді мелиорациялау саласындағы республикалық және өңірлік (аумақтық) бағдарламаларға сәйкес, сондай-ақ жер учаскелері меншік иелерінің тапсырыстары бойынша су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті орган, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары өткізеді.
      2. Жерді мелиорациялау саласындағы республикалық және өңірлік бағдарламаларда тиісті аумақтардың табиғи-климаттық ерекшелігіне және ауыл шаруашылығы мұқтаждарына байланысты жерді мелиорациялаудың белгілі бір түрлерінің басымдылығы көзделеді.
      3. Жерді мелиорациялауды жоспарлау кезінде жер учаскелері меншік иелерінің тапсырыстары бойынша жерді мелиорациялауды қолданудың түрлері мен ауқымдары стандарттардың, су қорын пайдалану  және қорғау саласындағы нормалар мен ережелердің негізінде айқындалады.
      95-8-бап. Жерді мелиорациялауды жүргізу
      1. Жерді мелиорациялау техника-экономикалық негіздемеге сәйкес әзірленген және құрылыс, экологиялық, санитариялық және өзге де стандарттарды, нормалар мен ережелерді ескеретін жобалар негізінде жүргізіледі және су объектілері мен олардың су қашыртқы алаңдарын қорғауды қамтамасыз ететін табиғатты қорғау іс-шаралары кешенінде жүзеге асырылуы тиіс.
      2. Жерді мелиорациялау жобаларын әзірлеу, келісу және бекіту тәртібін су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
      3. Жұмыс істеу процесінде су объектілері пайдаланылатын мелиорациялық жүйелерді жоспарлау және құрылысын салу Қазақстан Республикасының су заңдарына сәйкес арнайы су пайдалануға алынған рұқсат негізінде жүзеге асырылады.
      4. Жерді агроорманмелиорациялауды жүргізу осы Кодекске және Қазақстан Республикасының орман заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      95-9-бап. Мелиорациялық іс-шараларды жүргізу үшін жерді
                пайдаланудың тәртібі.
      Белгіленген тәртіппен мелиорацияланатын жерлерге жататын жер учаскелері мелиорациялық іс-шараларды жүргізу үшін Қазақстан Республикасының жер заңнамасында көзделген тәртіппен ұсынылады.
      Мемлекеттік меншіктегі мемлекеттік жүйелер мен су шаруашылығының құрылыстары орналасқан мемлекеттік меншіктегі жер учаскелері көрсетілген жүйелер мен құрылыстарды пайдалануды жүзеге асыратын ұйымдарға жер пайдалану құқығында беріледі.
      Мелиорацияланатын (мелиорацияланған) жер учаскелерімен шектескен жер учаскелері Қазақстан Республикасының азаматтық және жер заңдарында көзделген тәртіппен жерді мелиорациялауды қамтамасыз ету үшін пайдаланылуы мүмкін.
      95-10-бап. Мелиорациялық жүйелерді, су шаруашылығы
                 құрылыстары мен қорғаныштық орман екпелерін
                 пайдалануға қабылдау.
      Мелиорациялық жүйелерді, су шаруашылығы құрылыстары мен қорғаныштық орман екпелерін пайдалануға қабылдау су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіпте жүргізіледі.
      95-11-бап. Мелиорациялық іс-шараларды жүргізуге экологиялық
                 талаптар
      Мелиорациялық іс-шараларды жүзеге асыру қоршаған ортаның жай-күйін нашарлатпауы тиіс.
      Мелиорациялық іс-шаралар экология, жер, су, орман заңнамаларының, сондай-ақ жер қойнауы туралы және жануарлар әлемін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылады.
      95-12-бап. Мелиорацияланған жерлердің есебін жүргізу
      Мелиорацияланған жерлердің есебін жүргізу гидрологиялық, техникалық және мелиорацияланған жерлердің өзге де сипаттамалары туралы деректер жинау болып табылады. Көрсетілген деректер мемлекеттік жер кадастрына Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес енгізуге жатады.
      95-13-бап. Мелиорацияланған жерлердің мониторингі
      Суармалы жерлердің мониторингі мен мелиоративтік жай-күйін бағалау жерлер мониторингі мемлекеттік жүйесінің құрамдас бөлігі және мелиорацияланған жерлердің жай-күйін жүйелі бақылау болып табылады. Осы бақылаулар негізінде мелиорацияланған жерлер жай-күйінің өзгеруі анықталады және олардың бағасы беріледі.
      Мелиорацияланған жерлерге мониторинг жүргізудің тәртібін Қазақстан Республикасының жер заңнамасы айқындайды.
      Мелиорацияланған жерлердің мониторингі мен бағалануын мамандандырылған мемлекеттік мекемелер республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізеді.";
      23) 103-баптың 3-тармағында:
      "жер асты сулары" деген сөздерден кейін ", сондай-ақ басқа да пайдалы қазбалармен бірге өндірілген сулар (шахталық, карьерлік кеніштік сулар)" деген сөздермен толықтырылсын;
      "мен қорғаудың" деген сөздерден кейін "экологиялық" деген сөзбен толықтырылсын;
      24) 107-бапта:
      1-тармақтағы "балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша су қорын пайдалану және қорғау" деген сөздер "су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша балық шаруашылығы" деген сөздермен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
      "1-1. Су объектілерін балық шаруашылығы үшін маңызы бар объектілерге жатқызу тек биологиялық негіз - су жануарларын пайдалануға немесе су жануарлары мен олардың мекен ету ортасына әсер етуге қабілетті шаруашылық және өзге де қызметке арналған, биологиялық алуандылық саласында зерттеу жүргізуге тиісті құқығы бар ғылыми ұйымның берген   ғылыми негізделген қорытындысы болған жағдайда ғана жүргізіледі.";
      25) 108-баптың 2-тармағындағы "су шаруашылығының құрылыстарын" деген сөзден кейін ", сондай-ақ су объектілерінің акваториясында орналасқан құрылыстарын" деген сөздермен және "пайдалану кезінде" деген сөздерден кейін "сулы-батпақты алқаптардың қажетті гидрологиялық режимі сақталуы және" деген сөздермен толықтырылсын;
      26) 110-баптың 5-тармағы ", бұл ұйымдар олар үшін бастапқы су пайдаланушылар болып табылады" деген сөздермен толықтырылсын;
      27) 116-баптың 2-тармағындағы:
      "су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша" деген сөздер алынып тасталсын;
      "органдары," деген сөзден кейін "су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті органмен," деген сөздермен толықтырылсын.
      28) 124-баптың 1 тармағын мынадай мазмұндағы екінші бөліммен толықтырылсын:
      "Жеке және заңды тұлғалар су келтіретін зиянды әсердің алдын алу және жою жөніндегі су шаруашылығы іс-шараларын өткізу барысында:
      1) су шаруашылығы жүйелері мен құрылысын салуда, пайдалануға қабылдауда, пайдалануда, жөндеуде, жаңғыртуда, консервациялауда, пайдаланудан шығаруда және жоюда қауіпсіздік нормалары мен ережелерінің сақталуын қамтамасыз етуге;
      2) су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстары қауіпсіздігінің төмендеу жағдайларын жүйелі түрде талдау және су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының техникалық жарамды жай-күйін және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарында аварияларды болдырмау жөніндегі шараларды әзірлеуге және уақытылы жүзеге асыруға;
      3) су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарын тұрақты тексеруден өткізуді қамтамасыз етуге;
      4) су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарындағы апаттарды жоюға арналған қаржылық және материалдық резервтер құруға;
      5) су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарындағы төтенше жағдайлар туралы хабарлайтын оқшау жүйелерді ұдайы дайындықта ұстауға;
      6) су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігінің өлшемдеріне сәйкестігін және қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, су шаруашылығы жүйесіндегі, құрылысындағы авария нәтижесінде келтірілген залалды Қазақстан Республикасының Заңнамасына сәйкес меншік құқығының басқа жеке немесе заңды тұлғаға өтуіне дейін немесе су шаруашылығы жүйесіндегі, құрылысындағы апатты жою жөніндегі жұмыстар толық аяқталғанға дейін өтейді.";
      29) 132-баптың:
      2) тармақшадағы "пайдалану мен қорғаудың" деген сөздерден кейін ", жерлерді мелиорациялау, су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігінің" деген сөздермен толықтырылсын;
      3) тармақшадағы "ұтымды пайдалану" деген сөздерден кейін ", жерлерді мелиорациялау, мемлекеттік меншіктегі су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігі" деген сөздермен толықтырылсын;
      30) 134-баптың 1-тармағындағы "Суды алуға" деген сөздердің алдында "Ағынды реттеуге," деген сөздермен толықтырылсын;
      31) 135-баптың:
      1-тармағы мынадай мазмұндағы 7) және 8) тармақшалармен толықтырылсын:
      "7) мемлекеттік меншіктегі су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру;";
      8) жердің мелиорациялық жай-күйінің мониторингі және бағалау жөніндегі шығындарды қаржыландыру;";
      2 тармақтың бірінші абзацындағы "пайдалану мен қорғау" деген сөздерден кейін ", жерлерді мелиорациялау, су шаруашылық құрылыстардың және жүйелердің қауіпсіздігін" деген сөздермен толықтырылсын;
      3-тармақта "қорғау жөніндегі" деген сөздерден кейін ", сондай-ақ пайдаланылмайтын және қайта қалпына келтіруге жатпайтын су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарын жою жөніндегі" деген сөздермен толықтырылсын;
      32) 139-бапта:
      1-тармақша ", жер асты суларындағы бақылағыш және режимдік ұңғымаларды, су объектілерінің режимін бақылау тұстамаларын жою немесе зақымдау;" деген сөздермен толықтырылсын;
      1-тармақтың 4) тармақшасындағы "сондай-ақ" деген сөзден кейін "судың зиянды әсерлерінің алдын алуды және" деген сөздермен толықтырылсын;
      1-тармақтың 11) тармақшасындағы "кешенді пайдалану," деген сөзден кейін "судың зиянды әсерлерінің алдын алу," деген сөздермен толықтырылсын;
      33) 140-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "140-бап Қазақстан Республикасының су заңдарын бұзғаны үшін
               жауаптылық
      Қазақстан Республикасының су заңдарын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
      2-бап. Осы Заң алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады