Білім беру ұйымдарын аккредиттеу ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы N 1385 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы № 391 Қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2012.03.30 № 391 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 4-бабының 7) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Білім беру ұйымдарын аккредиттеу ережесі бекітілсін.

      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) "Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аккредитациялаудың ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 19 шілдедегі N 976 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., N 27, 338-құжат);

      2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 19 шілдедегі N 976 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 24 қаңтардағы N 98 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., N 5, 29-құжат);

      3) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу және Қазақ КСР Министрлер Кабинетінің, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 29 қыркүйектегі N 964 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 6-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., N 36, 500-құжат).

      3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы   
Үкіметінің        
2007 жылғы 29 желтоқсандағы
N 1385 қаулысымен     
бекітілген      

Білім беру ұйымдарын аккредиттеу ережесі 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Білім беру ұйымдарын аккредиттеу ережесі "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңына сәйкес білім беру ұйымдарын аккредиттеуді ұйымдастыру мен жүзеге асырудың тәртібін анықтайды.

      2. Білім беру саласындағы уәкілетті орган жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын аккредиттеуді ұйымдастырады.

      3. Аккредиттеуді меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, білім беру ұйымдарының өтініші негізінде аккредиттеу органдары жүзеге асырады.
      Аккредиттеу институционалдық және мамандандырылған түрде жүзеге асырылады.

      4. Аккредиттеу органы әзірлеген стандарттар мен критерийлерге білім беру ұйымы қызметінің сәйкестігін бағалау негізінде білім беру ұйымдарын аккредиттеу жүргізіледі.

      5. Қазақстан Республикасының аумағында құрылған халықаралық және шетелдік білім беру ұйымдары немесе олардың филиалдары аккредиттеуден Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарын аккредиттеу шарттарымен және тәртібімен өткізіледі.

      6. Білім беру ұйымдарын аккредиттеу білім беру ұйымдарының меншікті қаражаты есебінен жүргізіледі.

      7. Жоғары оқу орындары шетелдік халықаралық танымал агенттіктер жүзеге асыратын халықаралық аккредиттеуден өтуге құқылы.

2. Білім беру ұйымдарын аккредиттеуден өткізу тәртібі

      8. Институционалдық аккредиттеуден өту үшін білім беру ұйымы аккредиттеу органына мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) аккредиттеу органы белгілеген нысан бойынша өтініш;
      2) білім беру қызметін жүргізуге құқық беретін мемлекеттік лицензияның көшірмесі мен лицензияға қосымшаларды.
      Мамандандырылған аккредиттеуден өту кезінде білім беру ұйымы аккредиттеу органына институционалдық аккредиттеу туралы куәліктің көшірмесін қосымша ұсынады.

      9. Аккредиттеу мынадай кезеңдерден тұрады:
      1) аккредиттеу органы белгілеген стандарттар мен критерийлерге сәйкестігі туралы есеп жасай отырып, білім беру ұйымының өзін-өзі бағалау жүргізуі;
      2) білім беру ұйымының өзін-өзі бағалау туралы есебін аккредиттеу органына ұсынуы;
      3) білім беру ұйымының өзін-өзі бағалау туралы есебін аккредиттеу органында қарау;
      4) ұсынылған есеп бойынша аккредиттеу органының білім беру ұйымына ұсынымдар әзірлеуі;
      5) аккредиттеу органы сарапшыларының білім беру ұйымында болуы және олардың аккредиттеу органының стандарттары мен критерийлеріне сәйкестігін тексеру қорытындылары бойынша ұсынымдарымен қоса есеп жасауы;
      6) аккредиттеу кеңесінде білім беру ұйымын аккредиттеу үшін материалдар дайындау;
      7) аккредиттеу кеңесінде білім беру ұйымын аккредиттеу туралы мәселені қарау;
      8) аккредиттеу органының тиісті шешімдерді қабылдауы;
      9) аккредиттеу органының интернет-ресурсында толық есепті жариялау.
      Ескерту. 9-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.12.30 № 2305 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.

      10. Білім беру ұйымын аккредиттеу оның аккредиттеуден өтуге өтініші тіркелген сәттен бастап аккредиттеу органы тиісті шешім шығарғанға дейін жүзеге асырылады.

      11. Білім беру ұйымының қызметін және/немесе жекелеген білім беретін бағдарламаларын бағалау нәтижелері бойынша аккредиттеу органы мынадай шешімдер қабылдайды:
      1) аккредиттелсін;
      2) аккредиттеуден бас тартылсын.

      12. Аккредиттеу туралы оң шешім қабылданғаннан кейін аккредиттеу органы білім беру ұйымына бес жыл мерзімге куәлік береді.

      13. Білім беру ұйымын аккредиттеуден бас тарту туралы шешімге заңнамада белгіленген тәртіппен шағымдануға болады.

      14. Таратылған жағдайда білім беру ұйымы аккредиттеу органына тиісті ақпаратты ұсынады және білім беру ұйымын тарату туралы шешім қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде аккредиттеу туралы куәлікті аккредиттеу органына қайтарады.
      Аккредиттеу органы білім беру ұйымын аккредиттеу туралы куәліктің қолданысын тоқтату туралы шешім қабылдайды.

      15. Аккредиттеу органы өзі аккредиттеген білім беру ұйымдарының деректер банкін қалыптастырады.

      16. Білім беру ұйымы қайта тіркелген не қайта ұйымдастырылған жағдайда аккредиттелген білім беру ұйымдары көрсетілген мәліметтерді растайтын құжаттарды қоса бере отырып, он жұмыс күні ішінде аккредиттеу органын аккредиттеу туралы куәлікті қайта ресімдеу туралы жазбаша хабардар етеді.
      Аккредиттеу органы өтініш берушінің жазбаша хабарламасын алған сәттен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей аккредиттеу туралы куәлік береді.
      Қайта ұйымдастыру нәтижесінде жаңадан құрылған, білім беру қызметін жүргізу құқығына лицензиясына сәйкес жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беретін бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымы жалпы негіздерде аккредиттеуден өтеді.

      17. Аккредиттеу туралы куәлік жоғалған жағдайда аккредиттеу органы білім беру ұйымының жазбаша өтініші бойынша он жұмыс күні ішінде аккредиттеу туралы куәліктің телнұсқасын береді.
      Білім беру ұйымын аккредиттеу туралы куәліктің телнұсқасын ресімдеу білім беру ұйымының меншікті қаражаты есебінен жүргізіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады