Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген номенклатураға енгізілген тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) баға белгілеу ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 16 қаңтардағы N 18 Қаулысы. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 3 наурыздағы N 238 Қаулысымен

       Ескерту. Қаулының күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 3 наурыздағы N 238 Қаулысымен.

      "Бәсеке және монополистік қызметті шектеу туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңының 5-1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген номенклатураға енгізілген тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) баға белгілеу ережесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-министрі

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2008 жылғы 16 қаңтардағы
N 18 қаулысымен 
бекітілген    

Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген номенклатураға
енгізілген тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге)
баға белгілеу ережесі

1. Жалпы ережелер

       1. Осы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген номенклатураға енгізілген тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) баға белгілеу ережесі (бұдан әрі - Ереже) бағалардың негізсіз өсуін болдырмау мақсатында "Бәсеке және монополистік қызметті шектеу туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген номенклатураға енгізілген тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) баға белгілеу тәртібін айқындайды.

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген номенклатураға енгізілген тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) баға белгілеу тәртібі

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген номенклатураға
енгізілген тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) (бұдан әрі - тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бағаларды қалыптастыру кезінде тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізетін нарық Субъектілерінің (бұдан әрі - нарық Субъектілері) белгілі бір қызметіне жататын және Бухгалтерлік есеп стандарттарына сәйкес келетін шығындар ескеріледі.

      3. Өзіндік құнға енгізілетін материалдық шығыстар растаушы құжаттарда (шарттар, шот-фактуралар) көзделген бағаларға және өнімнің (көрсетілетін қызметтердің, тауарлардың, жұмыстардың) бірлігін шығаруға арналған шикізат, материалдар, отын, энергия, материалдық ресурстар шығысының нормаларына сүйене отырып материалдық ресурстардың нақты көлеміне және (немесе) материалдық ресурстардың жылдық нормаларына сүйене отырып айқындалады.
      Реттеуші орган тауар нарығының Субъектісі қолданатын өнімді (көрсетілетін қызметтерді, тауарларды, жұмыстарды) шығаруға арналған шикізат, материалдар, отын, энергия, материалдық ресурстар нормаларына және (немесе) материалдық ресурстардың жылдық нормаларына тиісті тауар нарығында қызметтер көрсететін нарық субъектілері қолданатын нормалармен салыстыру жолымен талдау жүргізе алады.

      4. Нарық Субъектілерінің негізгі құралдар құнының өсуіне әкелмейтін ағымдағы және күрделі жөндеу және басқа да жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына жіберетін қаражаттары оларды жүргізу қажеттілігін құжаттамалық техникалық растауы және жиынтық сметалық есептемелер, объектілік, жергілікті және ресурстық сметалар (әрбір объект бойынша жеке) бар болған кезде өзіндік құнға енгізіледі.

      5. Нарық Субъектісіне мемлекеттік бюджет қаражатынан бөлінетін субсидия тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бағаларының шығын бөлігін азайтуға ескеріледі.

      6. Аудиторлық, консалтингтік, маркетингтік қызметтерге және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сатып алынатын басқа да көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын шығыстар тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) өзіндік құнына енгізіледі.

      7. Тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) өзіндік құнына енгізілетін еңбекақы төлеу шығыстарын айқындау кезінде персоналдың (әкімшілік-басқару және өндірістік) нақты саны және инфляция деңгейінің болжамды өзгерісін ескере отырып, қолданыстағы бағаларда қабылданған орташа айлық жалақы есепке алынады. Еңбекақы төлеуге шығыстар Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген төлемдерді ескере отырып айқындалады.

      8. Негізгі құралдар мен материалдық емес активтердің амортизациялық аударымдары оларды негізгі құралдар құнының өсуіне алып келетін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге және инвестициялық жобаларды іске асыруға жұмсау мақсатында тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) өзіндік құнына енгізіледі.

      9. Тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларында оларды тарту қажеттілігінің, ықтимал өнім берушілерді, көрсетілетін қызметтерді қаржыландыру және қарыз ресурстарын қайтару шарттарының құжаттамалық растауы (инвестициялық жоба болмаған жағдайда) болған кезде инвестициялық жобаны іске асыруға немесе тауарларды өндіруге (жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге) іске қосылған негізгі құралдарды сатып алуға қарыз қаражаттары үшін сыйақы төлеуге шығыстар ескеріледі.

      10. Өзіндік құнға енгізілетін табиғатты қорғауға жұмсалатын шығыстар, табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін ақы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген төлем ставкаларына, тәртібіне және талаптарына сәйкес айқындалады.

      11. Кезең шығыстарында ескерілетін міндетті сақтандыру түрлеріне , салықтарға , алымдарға және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерге арналған шығыстар Қазақстан Республикасының   заңнамасында белгіленген төлем ставкаларына, тәртібіне және талаптарына сәйкес айқындалады.

      12. Нарық Субъектілерінің тауарларының (жұмыстарының, көрсетілетін қызметтерінің) бағасын қалыптастыру және өзгерту кезінде мынадай шығыстар:
      1) нормативтен тыс техникалық және коммерциялық ысыраптар, тауар-материалдық құндылықтардың, қоймалардағы қорлардың бұзылуы және жетіспеушілігі, басқа да өндірілмейтін шығыстар мен ысыраптар;
      2) ластайтын заттардың нормативтен тыс шығарындыларына (тастандыларына) төлемдер;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгілеген тәртіппен салынған айыппұлдар , өсімпұлдар , тұрақсыздық айыбы және санкциялардың басқа да түрлері;
      4) ұрлықтан болған залалдар;
      5) ақаудан болған ысыраптар;
      6) өндіріске тартылмаған қызмет көрсетуші шаруашылықтар мен учаскелерді ұстау жөніндегі шығыстар;
      7) денсаулық сақтау, мектепке дейінгі балалар ұйымдарының, оқу орындарының, оның ішінде кәсіптік-техникалық училищелердің объектілерін ұстауға жұмсалатын шығыстар;
      8) сауықтыру лагерлерін, мәдениет пен спорт, тұрғын үй қорының объектілерін ұстауға жұмсалатын шығыстар;
      9) ұйымның қызметкерлері тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, саяжай үйлерін сатып алуға және үй шаруашылығымен айналысуға алған несиелерді (пайызсыздарды қоса алғанда) өтеуге жұмсалатын шығыстар;
      10) мәдени-ағарту, сауықтыру және спорт іс-шараларын өткізуге (демалыс кештерін, концерттерді және басқаларды өткізу) жұмсалатын шығыстар;
      11) саяжай серіктестіктерін абаттандыруға (жолдар, энергиямен және сумен жабдықтау жүйелерін салу, жалпы сипаттағы басқа да шығыстарды жүзеге асыру), гараждар салуға жұмсалатын шығыстар;
      12) өндірістік қажеттілікке байланысты іс-шараларды қоспағанда, оқытатын курстарды, семинарларды, лекцияларды, көрмелерді, пікірталастарды, ғылым мен өнер қайраткерлерімен кездесулерді, ғылыми-техникалық конференцияларды өткізуге және ұйымдастыруға, қоғамдық ұйымдар мен қауымдастықтарға арналған мүшелік жарналарға жұмсалатын шығыстар;
      13) нарық Субъектісінің персоналы үшін пәтерлерді, тұрғын ғимараттар мен құрылыстарды, жатақханалар мен қонақ үйлерден орындарды сатып алуға, жалдауға және ұстауға жұмсалатын шығыстар;
      14) қаланы абаттандыру, ауыл шаруашылығына көмек көрсету жөніндегі жұмыстарды және басқа да осындай ұқсас жұмыстарды орындауға жұмсалатын шығыстар;
      15) білім беру ұйымында оқитын қызметкерлердің демалыстарына ақы төлеуге жұмсалатын шығыстар;
      16) кәсіптік сырқаттарды оңалтып емдеуге байланысты шығындардан басқа, нарық Субъектісінің қаражаты есебінен қызметкерлердің және олардың балаларының емделуіне, демалуына, экскурсияларына арналған жолдамаларға ақы төлеуге жұмсалатын шығыстар;
      17) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген міндетті сақтандыру төлемдерін қоспағанда, сақтандыру төлемдері (нарық Субъектілері өз қызметкерлерінің пайдасына жасаған жеке және мүлікті сақтандыру шарттары бойынша нарық Субъектілері төлеп отыратын жарналар);
      18) қызметкерлерге қосымша берілген демалыстарға (заңнамада көзделгеннен тыс) ақы төлеу жөніндегі, оның ішінде бала тәрбиелеп отырған әйелдерге, қызметкердің отбасы мүшелеріне демалысты пайдаланатын жерге бару және қайту жолына ақы төлеу жөніндегі шығыстар;
      19) демеушілік көмектің барлық түрлерін көрсетуге жұмсалатын шығыстар;
      20) заңнамада көзделгеннен басқа, нарық Субъектісінің қызметкерлеріне жеңілдіктер (қызметкерлерге тегін тамақтануды немесе төмендетілген баға бойынша беру, денсаулық тобына абонементтерге, секцияларда, клубтарда айналысуға, протездеуге ақы төлеу және т.б.);
      21) мерейтой күндеріне немесе қызметкерлерге ынталандыру түрінде берілетін сыйлықтарды (автомашиналарды, пәтерлерді, ұзақ мерзім пайдаланылатын заттарды және басқа тауарларды, сондай-ақ қызметкерлердің жеке шотындағы пайыздық ставкаларды ұлғайтуды қоса алғанда) сатып алуға жұмсалатын шығыстар;
      22) мектепке дейінгі мекемелердегі, санаторийлердегі және сауықтыру лагерлеріндегі балалардың тамақтану құнын өтеуге жұмсалатын шығыстар;
      23) ұжымдық шартта айқындалған мақсаттарға кәсіптік одақтарға аударымдар;
      24) өндіріс өнертапқыштығына және рационализаторлығына: тәжірибелік-экспериментальдық жұмыстарды жүргізуге, өнертабыстар мен рационализаторлық ұсыныстар бойынша модельдер мен үлгілер дайындауға және сынақтан өткізуге, өнертабыс пен рационализаторлық бойынша көрмелер, байқаулар, конкурстар және басқа іс-шаралар ұйымдастыруға байланысты шығыстар, авторлық сыйақылар төлемдері және басқалар;
      25) тауарларды өндіруге (жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге) (жеткізуге) және өткізуге тікелей жатпайтын және бағалардың өсуіне алып келетін шығыстардың басқа да түрлері, сондай-ақ тиісті негіздеуші материалдармен расталмаған шығыстар;
      26) жұмыс қорытындылары бойынша сыйлық беру және сыйақылардың басқа да нысандарына жұмсалатын шығыстар.

      13. Тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағасына енгізілетін пайданың деңгейін анықтау кезінде нарық Субъектісін дамыту үшін қажетті қаражат ескеріледі.

      14. Тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағаларды қалыптастыру тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) әрбір түрі бойынша шығындарды бөлек есепке алу негізінде жүзеге асырылады. Нарық Субъектілерінде тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) түрлері бойынша шығындарды бөлек есепке алу болмаған жағдайда, нарық Субъектілерінің шығындары тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) нарық Субъектісінің жалпы шығындарындағы сатудан түсетін табыстардың (өндіріс көлемі, өндірістік персоналға еңбекақы төлеуге жұмсалатын шығындар) үлес салмағы бойынша өткізетін нарық Субъектілерінің белгілі бір қызмет түріне жататын шығындарды айқындауды көздейтін жанама әдістердің негізінде өткізілетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) түрлері бойынша есептеледі.

      15. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бағаларды (тарифтерді) мемлекеттік реттеуді жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік орган (бұдан әрі - Реттеуші орган) тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) жаңа бағаларды қолданысқа енгізгенге дейін нарық Субъектілері ұсынған көтеру себептерін растайтын негіздеуші материалдарды отыз күнтізбелік күн ішінде қарап, нарық Субъектілеріне дәлелді қорытындымен тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағаларды көтеруге тыйым салуға құқылы.

      16. Реттеуші орган нарық Субъектілері тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) босатылатын бағалар туралы ұсынатын ақпаратты қарап, оны алған күннен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде нарық Субъектісіне бағасын асыруға жол берілмейтін осы тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағаның шекті деңгейін көрсете отырып, тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағаларды төмендету туралы дәлелді қорытындыны жолдауға құқылы.

3. Баға белгілеу тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілік

      17. Нарық Субъектілері осы Ережені бұзғаны үшін Қазақстан  Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады