Кеден одағының тауарларымен сыртқы және өзара сауданың кедендік статистикасын жүргізу туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы N 48 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
      1. Қоса беріліп отырған Кеден одағының тауарларымен сыртқы және өзара сауданың кедендік статистикасын жүргізу туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Кеден одағының тауарларымен сыртқы және өзара сауданың кедендік статистикасын жүргізу туралы келісімге қол қойылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің         
2008 жылғы 23 қаңтардағы  
N 48 қаулысымен      
мақұлданған        

Жоба   

Кеден одағының тауарларымен сыртқы сауданың және өзара
сауданың кедендік статистикасын жүргізу туралы
келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі,
      үшінші елдермен саудада және тауарлармен өзара саудада деректердің толық және дұрыс есебін қамтамасыз ету, негізгі үрдістерді, сыртқы сауда ағындарының құрылымы мен серпінін талдау, кеден одағының органдарын сауда саясаты саласында шешімдер қабылдау үшін тиісті ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында,
      мына төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісім кеден одағына мүше мемлекеттерде тауарлармен сыртқы сауданың кедендік статистикасының (бұдан әрі - сыртқы сауда статистикасы) және тауарлармен өзара сауда статистикасын (бұдан әрі - өзара сауда статистикасы) жүргізу кезінде туындайтын қарым-қатынастарды реттейді.

2-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін кеден одағының тауарлары деп:
      кедендік мақсаттар үшін кеден одағының кедендік аумағында еркін айналымда мәртебесі бар, яғни кеден одағының кедендік аумағынан әкетілмеген тауарлар;
      кеден одағына мүше мемлекеттерде толық өндірілген тауарлар;
      кеден одағының кедендік аумағында еркін айналым үшін шығарылған тауарлар;
      кеден одағына мүше мемлекеттерде кеден одағының кедендік аумағында толығымен өндірілген немесе шығарылған тауарлардан жасалған тауарлар түсіндіріледі.
      Осы Келісімдегі түсініктер кеден одағының шеңберінде жасалған басқа халықаралық шарттарда бекітілген мағынада пайдаланылады.

3-бап

      Тараптардың уәкілетті органдары Кеден одағының комиссиясы әзірлеген әдіснамаға сәйкес сыртқы сауданың статистикасын, сондай-ақ өзара сауданың статистикасын жүргізуді дербес жүзеге асырады.
      Тараптар Кеден одағының комиссиясын ресми атаулар мен өздерінің уәкілетті органдарының өзгерістері туралы ескертеді.
      Тауарларды кедендік ресімдеу кезінде кеден органдарына ұсынылған құжаттардағы мәліметтер сыртқы сауда статистикасын қалыптастыру кезінде бастапқы деректер болып табылады.
      Өзара сауда кезінде сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар Тараптардың уәкілетті органдарына ұсынатын құжаттардағы мәліметтер өзара сауда статистикасын қалыптастыру кезінде бастапқы деректер болып табылады.
      Кеден одағының сыртқы сауда статистикасы және өзара сауда статистикасы Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары ұсынған Тараптардың сыртқы және өзара сауда деректерінің негізінде қалыптасады.

4-бап

      Тараптардың уәкілетті органдары Кеден одағының комиссиясын оларды беру тәртібі жеке хаттамамен айқындалатын сыртқы сауда статистикасының және өзара сауда статистикасының деректерімен қамтамасыз етеді.
      Тараптар уәкілетті органдардың санынан сыртқы сауда статистикасы мен өзара сауда статистикасының деректерін ұсынуға жауапты органдарды (бұдан әрі - деректерді ұсынуға жауапты органдар) тағайындайды.
      Осы Келісімнің шеңберінде Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес құпия немесе таратуға шектелген деректер ұсынылмайды.

5-бап

      Сыртқы сауда статистикасын және өзара сауда статистикасын жүргізу мақсатында Кеден одағы комиссиясының құрамында беделі хаттамамен айқындалатын Кедендік статистика орталығы құрылады.
      Кедендік статистика орталығы:
      деректерді ұсынуға жауапты органдардан сыртқы сауда статистикасының және өзара сауда статистикасының деректерін алуды;
      сыртқы сауда статистикасының және өзара сауда статистикасының деректерін қалыптастыруды;
      кеден одағының органдарына сыртқы және өзара сауда статистикасының деректерін ұсынуды;
      сыртқы сауда статистикасының және өзара сауда статистикасының деректерін жариялауды және Тараптарға жіберуді қамтамасыз етеді;
      Кедендік статистика орталығы алынған деректерді оған берілген өкілеттіктер шегінде пайдаланады.

6-бап

      Сыртқы сауда статистикасының және өзара сауда статистикасының біркелкілігін жүргізу мақсатында Кеден одағының комиссиясы:
      деректерді салыстыруды қамтамасыз ететін сыртқы сауда статистикасын және өзара сауда статистикасын жүргізудің бірыңғай әдіснамасын әзірлеуді;
      сыртқы сауда статистикасының және өзара сауда статистикасының бірыңғай жіктеушілерін жүргізуді жүзеге асырады.

7-бап

      Сыртқы сауда статистикасының және өзара сауда статистикасының жариялануға жататын деректері:
      жалпы экспорт және импорт, соның ішінде мемлекеттер бойынша мәліметтерді;
      Сыртқы экономикалық қызметтің бірыңғай тауар номенклатурасына сәйкес "тауар - ел" бөлігінде және "ел - тауар" бөлігінде заттай және құнды мәнде экспорт пен импорт туралы мәліметтерді қамтиды.
      Сыртқы сауда статистикасының және өзара сауда статистикасының деректерін жариялау тоқсан сайын және жылдың қорытындылары бойынша жүзеге асырылады.

8-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

9-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар мен келіспеушіліктер келіссөздер мен консультациялар жолымен шешіледі. Келісімге қол жеткізілмеген жағдайда дау Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға беріледі.

10-бап

      Осы Келісімнің күшіне ену, одан шығу және оған қосылу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруды аяқтауға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамасымен айқындалады.
      200__ жылғы "__" ______ __________ қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы осы Келісімнің депозитарийі болып табыла отырып, осы Келісімге қол қойған Тараптардың әрқайсысына оның расталған көшірмесін жіберетін ЕурАзЭҚ Интеграциялық комитетінде сақталады.

         Беларусь             Қазақстан             Ресей
     Республикасының       Республикасының     Федерациясының
       Үкіметі үшін          Үкіметі үшін       Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады