1995 жылғы 26 мамырдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы көрмелік-жәрмеңкелік қызметті дамыту туралы келісімге толықтыру мен өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 21 мамырдағы N 486 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 1995 жылғы 26 мамырдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы көрмелік-жәрмеңкелік қызметті дамыту туралы келісімге толықтыру мен өзгерістер енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.

      2. 1995 жылғы 26 мамырдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы көрмелік-жәрмеңкелік қызметті дамыту туралы келісімге толықтыру мен өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2008 жылғы 21 мамырдағы
N 486 қаулысымен   
мақұлданған     

жоба

1995 жылғы 26 мамырдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы көрмелік-жәрмеңкелік қызметті дамыту туралы келісімге толықтыру мен өзгерістер енгізу туралы
ХАТТАМА

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын 1995 жылғы 26 мамырдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы көрмелік-жәрмеңкелік қызметті дамыту туралы келісімге (бұдан әрі - Келісім) қатысушы мемлекеттердің үкіметтері,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Келісімге мынадай толықтыру мен өзгерістер енгізілсін:

      1. Атауындағы, кіріспенің екінші абзацындағы, 1-баптың бірінші бөлігіндегі және 2-баптағы "көрмелік-жәрмеңкелік" деген сөздерден кейін "және конгрестік" деген сөздермен толықтырылсын.

      2. 3-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "Тараптар Кеңес ұйымдастыратын және өткізетін көрмелік-жәрмеңкелік және конгрестік іс-шараларға қатысатын ұлттық кәсіпорындар мен ұйымдарға қолайлы жағдай жасауға жәрдемдеседі.".

2-бап

      Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының көрмелік-жәрмеңкелік және конгрестік қызметі жөніндегі мемлекетаралық кеңес туралы ереже бекітілсін.

3-бап

      1995 жылғы 26 мамырдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының көрмелік-жәрмеңкелік қызметі жөніндегі мемлекетаралық кеңес туралы ереженің күші жойылды деп танылсын.

4-бап

      Осы Хаттама қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады және Тараптар оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарийге сақтауға берген күнінен бастап күшіне енеді.
      2008 жылғы "__"_____________ ________________ қаласында орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы осы Хаттамаға қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жіберетін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады.

Әзірбайжан Республикасының             Молдова Республикасының
Үкіметі үшін                           Үкіметі үшін
 
Армения Республикасының                Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін                           Үкіметі үшін
 
Беларусь Республикасының               Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін                           Үкіметі үшін
 
Грузия Үкіметі үшін                    Түрікменстан Үкіметі үшін
 
Қазақстан Республикасының              Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін                           Үкіметі үшін
 
Қырғыз Республикасының                 Украина Үкіметі үшін
Үкіметі үшін

1995 жылғы 26 мамырдағы         
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы  
көрмелік-жәрмеңкелік қызметті дамыту  
туралы келісімге толықтыру мен өзгерістер
енгізу туралы хаттамаға        
қосымша                 

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының көрмелік-жәрмеңкелік және конгрестік қызметі жөніндегі мемлекетаралық кеңес туралы
ЕРЕЖЕ

I. Жалпы ережелер

      1. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының көрмелік-жәрмеңкелік және конгрестік қызметі жөніндегі мемлекетаралық кеңес (бұдан әрі - Кеңес) үйлестіру, атап айтқанда: конгрестік сүйемелдеуге ие көрмелік-жәрмеңкелік іс-шаралар (форумдар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинарлар, ғылым, мәдениет, іскер топтар өкілдерінің кездесуі және т.б.) жұмысын қамтамасыз ету, ТМД кеңістігіндегі көрмелік-жәрмеңкелік және конгрестік қызмет саласында өзара әрекет ету және тең деңгейлі қолдауды ұйымдастыру үшін құрылады.

      2. Кеңес халықаралық байланыстарды дамытуға ықпал етуге, озық тәжірибелермен және технологиялармен алмасуға, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көп жақты және екі жақты сипаттағы өзара тиімді сауда-экономикалық байланыстары үшін қолайлы жағдайлар жасауға, өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында және экономиканың басқа салаларында, ғылым, техника және мәдениет, гуманитарлық салада жетістіктерді насихаттауға құрылған.

      3. Кеңес көрмелік-жәрмеңкелік және конгрестік қызмет саласындағы тұрақты әрекет ететін консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      4. Кеңес ТМД Экономикалық кеңесіне есеп береді, Мемлекеттер басшылары кеңесінің, Үкіметтер басшылары кеңесінің, ТМД Экономикалық кеңесінің шешімдерін, Достастық шеңберінде жасалған мемлекетаралық және үкіметаралық келісімдерді және осы Ережені басшылыққа алады.

II. Кеңес қызметінің негізгі бағыттары мен функциялары

      1. Кеңес қызметінің негізгі бағыттары:
      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде сауда-экономикалық қатынастардың ықпалдастық ынтымақтастығын дамытуға бағытталған көрмелік-жәрмеңкелік және конгрестік іс-шараларды жүргізу, ғылыми-өндірістік кооперацияларды нығайту, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің гуманитарлық байланыстарын тереңдету;
      мемлекетаралық көрмелік-жәрмеңкелік және конгрестік іс-шараларды ұйымдастыру мәселелерінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көрмелік орталықтарымен өзара әрекет ету.

      2. Кеңестің негізгі функциялары:
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде көрмелік-жәрмеңкелік және конгрестік іс-шараларды дамыту және қолдау жөніндегі шараларды әзірлеу және жүзеге асыру;
      халықаралық нарыққа көрмелерде ұсынылатын ғылыми-техникалық, инновациялық әзірлемелерді, ноу-хау, тауар өнімдерін жылжытуға жәрдемдесу;
      көрмелік-жәрмеңкелік және конгрестік іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі ақпаратпен және әдістемелік басылымдармен және Кеңестің құзыретіне жататын басқа ақпаратпен қамтамасыз ету және алмасу, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қатысуымен мемлекетаралық көрмелік-конгрестік іс-шаралар бойынша бірыңғай ақпараттық база құру;
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің халықаралық көрмелерге және жәрмеңкелерге қатысуына, тұрақты әрекет ететін көрмелерді, көрмелік-коммерциялық орталықтарды құруға жәрдемдесу;
      ТМД салалық ынтымақтастық органдарымен, мемлекеттік, ғылыми және қоғамдық ұйымдармен, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің шаруашылық субъектілерімен өзара әрекет етуді жүзеге асыру;
      көрмелік қызмет мамандарының біліктілігін арттыруға жәрдемдесу;
      Кеңестің Атқарушы дирекциясының жұмысына басшылық ету.

      3. Кеңес өзінің қызметінің негізгі бағыттары мен функцияларын іске асыру үшін мыналарға:
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көрмелік-жәрмеңкелік және конгрестік қызмет саласындағы тиісті органдарынан ақпарат алуға;
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттерді Достастықта жүргізілетін мемлекетаралық көрмелік-жәрмеңкелік және конгрестік іс-шаралар туралы ақпараттандыруға;
      мемлекетаралық көрмелік-жәрмеңкелік және конгрестік іс-шараларды ұйымдастыру үшін жұмыс топтарын жасауға;
      ТМД-дағы көрмелік-жәрмеңкелік және конгрестік қызметті жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге;
      Кеңестің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ұсынымдар, талдамалық және ақпараттық материалдар әзірлеуге;
      белгіленген тәртіппен Мемлекеттер басшылары кеңесінің, Үкіметтер басшылары кеңесінің, ТМД Экономикалық кеңесінің қарауына көрмелік-жәрмеңкелік және конгрестік қызмет мәселелері бойынша ұсыныстар енгізуге;
      көрмелік-жәрмеңкелік және конгрестік қызмет мәселелері бойынша тиісті материалдар шығаруға;
      қажет болған кезде ТМД шеңберінде өткізілетін іс-шараларды көрмелік сүйемелдеуді жүзеге асыруға құқылы.

III. Басқару органдары

      1. Кеңес атқарушы биліктің тиісті органдарының өкілетті өкілдерінен, көрмелік кешендер, қоғамдық ұйымдар мен 1995 жылғы 26 мамырдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының көрмелік-жәрмеңкелік қызметін дамыту туралы келісімге және 2008 жылғы 23 мамырдағы оған  Хаттамаға (бұдан әрі - Келісім) қатысушы мемлекеттердің шаруашылық субъектілерінің басшыларынан құралады. Келісімге қатысушы әрбір мемлекет Кеңеске жіберілетін мүшелер санына қарамастан бір дауысқа ие.

      2. Кеңесті оның жұмысын ұйымдастыратын төраға басқарады. Төраға болмағанда оның міндеттерін оның орынбасары жүзеге асырады.
      Кеңестің төрағасын және оның орынбасарын Кеңес мүшелері сайлайды.
      Төраға Мемлекеттер басшылары кеңесінің, Үкіметтер басшылары кеңесінің, ТМД Экономикалық кеңесінің отырыстарында, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттермен Кеңестің қызметіне байланысты мәселелер бойынша қатынастарда Кеңесті білдіреді.

      3. Кеңестің отырысы қажеттілігіне қарай жүргізіледі, бірақ жылына бір реттен көп емес.

      4. Кеңестің қарауы үшін ұсыныстар дайындауға бастама Кеңес мүшелеріне, сондай-ақ ТМД салалық ынтымақтастық органдарына, Келісімге қатысушы мемлекеттерге, Атқарушы дирекцияға тиесілі.
      Ұсыныстар дайындау мен қарау рәсімін Кеңес айқындайды.

      5. Кеңестің мәжілісі, егер онда Келісімге қатысушы мемлекеттер өкілдерінің жартысынан астамы қатысатын болса заңды (кворумға ие) болады. Кеңестің шешімі Келісімге қатысушы мемлекеттердің отырысқа қатысатын қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады.
      Келісімге қатысушы мемлекеттің отырысқа қатыса алмайтын өкілі тиісті өкілеттіктер берілген өз өкілін осы отырысқа жібере алады.
      Кеңес отырыстарының арасындағы кезеңде туындайтын мәселелер бойынша және дереу шешуді талап ететін шешім оның мүшелеріне жазбаша сауал жіберу жолымен қабылдануы мүмкін.

      6. Кеңес жанында атқарушы директор басқаратын Атқарушы дирекция қызмет етеді.
      Атқарушы директорды Кеңес төрағасының ұсынуымен Кеңес тағайындайды және босатады.
      Атқарушы дирекция Кеңес шешімдерінің, оның жұмысы жоспарының орындалуын ұйымдастырады, Кеңес төрағасының тапсырмасы бойынша Кеңес қызметінің құзыретіне кіретін басқа мәселелерді шешеді.
      Атқарушы дирекция, оның құрылымы, шығыстар сметасы және қызметкерлер саны туралы ережені Кеңес бекітеді.
      7. Кеңестің және Атқарушы дирекцияның қызметін қаржыландыру бюджеттік емес көздер есебінен жүзеге асырылады.

IV. Қорытынды ережелер

      1. Кеңестің жұмыс тілі орыс тілі болып табылады.

      2. Кеңес пен Атқарушы дирекцияның орналасқан жері Мәскеу болып табылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады