"Биоотын өндірісі және айналымын мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 31 мамырдағы N 534 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Биоотын өндірісі және айналымын мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Жоба  

Қазақстан Республикасының Заңы

"Биоотын өндірісі және айналымын мемлекеттік реттеу туралы"

      Осы Заң биоотын өндірісі және айналымы саласында пайда болатын қоғамдық қатынастарды реттейді.

       1-тарау. Жалпы ережелер

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) биоотын - биологиялық шикізаттан өндірілген отын, оның ішінде биоэтанол мен биодизель;
      2) биодизель - дизель отынының қасиеті бар, өсімдік немесе жануарлар майларынан алынатын метилді немесе этилді күрделі эфир;
      3) биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті орган - биоотын өндірісін мемлекеттік реттеу саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      4) биоотын айналымы саласындағы уәкілетті орган - биоотын айналымын мемлекеттік реттеу саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      5) биологиялық шикізат (шикізат) - биологиялық, оның ішінде биохимиялық құрамдас бөліктерге ыдырайтын және биоотын өндіру үшін пайдаланылатын өнімдер;
      6) биоэтанол - міндетті түрде мұнай өнімдерімен араластыруға немесе биоотынның басқа түрін өндіру мақсатында пайдалануға арналған биологиялық туынды шикізаттан өндірілген сусыздандырылған этил спирті;
      7) биоотын нарығына қатысушылар - биоотын өндірушілер және құрамында биоотын бар мұнай өнімдерін өндірушілер;
      8) биоотын өндіруші - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес биоотын өндіруді және айналымын жүзеге асыратын заңды тұлға;
      9) биоотын өндіру - биоотын алуды қамтамасыз ететін шикізатты қайта өңдеу жөніндегі жұмыстар кешені;
      10) биоотын өндіретін зауыт - шикізатты биоотын етіп қайта өңдеуге арналған мамандандырылған құрылыс кешені;
      11) биоотын айналымы - биоотынды сатып алу, тасымалдау, сақтау, сату, экспорттау және импорттау;
      12) сусыздандырылған этил спирті - сусыздандыру процесінен өткізілген, құрамындағы су үлесі 1 пайыздан аспайтын этил спирті;
      13) денатуратталған биоэтанол - тамақ өнімі немесе тамақ өніміне қоспа ретінде пайдалануға мүмкіндік бермейтін қасиеттер беру мақсатында химиялық заттармен араластыру процесіне ұшыраған сусыздандырылған этил спирті;
      14) кәдеге жарату - мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз биоотынды және биоотын өндірісінің қосалқы өнімдерін қажетті сападағы биотынға немесе басқа өнімге айналдырып технологиялық қайта өңдеу;
      15) өндіріс паспорты - биоотын өндіретін зауыттың өндірістік қуаттылығының көрсеткіштері, оның негізгі сипаттамалары жазылған, биоотын өндірісінің технологиялық процесін сақтау үшін қолда бар жабдықтарды пайдалануды регламенттейтін белгіленген нысандағы құжат;
      16) сәйкестік сертификаты - өнімнің техникалық регламенттерде, стандарттардың немесе өзге де құжаттардың ережелерінде белгіленген талаптарға сәйкестігін куәландырылатын құжат;
      17) тамақ шикізаты - тамақ өнімін өндіруге жарамды және биоотын өндіру үшін пайдаланылатын шикізат;
      18) ілеспе жүкқұжат - жолдаушыдан алушыға дейін бара жатқан бүкіл жолда биоотынның қозғалысын бақылауды жүзеге асыруға арналған, биоотын беру және қабылдау жөніндегі операцияларды ресімдеу үшін қажетті бірыңғайландырылған құжат.

       2-бап. Қазақстан Республикасының биоотын өндірісі және айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңнамасы
      Қазақстан Республикасының биоотын өндірісі және айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының  Конституциясына  негізделеді және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта, осы Заңда көзделгеннен өзге де ережелер белгілеген болса, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

2-тарау. Биоотын өндірісі және айналымын
мемлекеттік реттеу

       3-бап. Биоотын өндірісі және айналымын мемлекеттік реттеудің мақсаттары мен міндеттері
      1. Биоотын өндірісі және айналымын мемлекеттік реттеудің мақсаттары:
      қоршаған ортаны қорғауды;
      биоотын өндірісі мен айналымын дамытуды;
      биоотын өндіргенде мемлекеттің азық-түліктік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қамтиды.
      2. Биоотын өндірісі және айналымын мемлекеттік реттеудің негізгі міндеттері:
      ластағыш заттардың атмосфераға шығарылу деңгейін азайту;
      қосылған құны жоғары тауарлар өндіру мен экспорты көлемін ұлғайту;
      ғылыми зерттеулер жүргізуді қолдау және биоотын өндірісі мен айналымындағы ғылымды қажетсінетін озық технологияларды енгізу;
      Қазақстан Республикасының Үкіметіне биоотын өндірісі бойынша өндірістік қуаттардың шекті көлемдерін айқындауға және кейіннен биоотын етіп қайта өңдеу үшін пайдаланатын тамақ шикізатына квота белгілеуге мүмкіндік беретін нормаларды енгізу болып табылады.

       4-бап. Биоотын өндірісі және айналымын мемлекеттік реттеу
      Биоотын өндірісі және айналымын мемлекеттік реттеу мыналар арқылы жүзеге асырылады:
      1) кейіннен биотын етіп қайта өңдеу үшін пайдаланатын тамақ шикізатына квота белгілеу;
      2) биоотын өндірісі бойынша өндірістік қуаттардың шекті көлемін айқындау;
      3) биоотын айналымы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру.

      5-бап. Биоотын өндірісі және айналымын мемлекеттік қолдау
      Биоотын нарығын дамытуды қамтамасыз ету мақсатында мемлекет биоотын өндірісі және айналымын қолдаудың мынадай нысандарын жүзеге асырады:
      1) биоотын нарығын дамытудың басым бағыттарын зерделеу жөніндегі зерттеулерді қаржыландыру;
      2) биоотын нарығына қатысушыларға техника мен жабдықтарды лизингке беруді ұйымдастыру.

       6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің биоотын өндірісі және айналымын мемлекеттік реттеу саласындағы құзыреті
      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) биоотын өндірісі мен айналымын мемлекеттік реттеу саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
      2) биоотын өндірісі бойынша өндірістік қуаттардың шекті көлемін айқындайды;
      3) биоотын өндірушілердің биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті органға биоотын өндіру мониторингін жүзеге асыру және тамақ шикізатына квотаның орындалуы үшін қажетті есептерінің нысандары мен беру тәртібін айқындайды;
      4) кейіннен биоотын етіп қайта өңдеу үшін пайдаланатын тамақ шикізатына квоталар белгілейді;
      5) биоотын өндірісі және айналымы саласындағы техникалық регламенттерді бекітеді.

       7-бап. Биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті органның құзыреті
      Биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті орган:
      1) биоотын өндірісі саласында мемлекеттік саясатты іске асырады;
      2) өз құзыреті шегінде биоотын өндірісін мемлекеттік реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді, бекітеді;
      3) биоотын өндірісінің паспортын бекіту үшін қажетті мәліметтер тізбесін әзірлейді және бекітеді;
      4) биоотын өндірісі саласында ғылымды қажетсінетін технологиялар әзірлеу жөнінде ұсыныстар енгізеді;
      5) биоотын өндірісі мен айналымы саласында техникалық регламенттер әзірлейді;
      6) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған биоотын өндірісі бойынша өндірістік қуаттардың көлемі шегінде биоотын өндіру зауыттарын салуға рұқсаттар береді;
      7) биоотын өндіретін зауыттарды салуға рұқсат беру үшін техникалық-экономикалық негіздемеге салалық сараптама жүргізеді;
      8) Қазақстан Республикасының Үкіметіне биоотын өндірісі бойынша өндірістік қуаттардың шекті көлемін айқындау жөнінде ұсыныстар енгізеді;
      9) биоотын өндірісіне мониторинг жүргізеді;
      10) биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті органға биоотын өндірісінің көлемі туралы ақпараттың автоматтандырылған түрде берілуін қамтамасыз ететін есептегіш бақылау құралдарын қолдану жөніндегі тәртіп пен талаптарды белгілейді;
      11) кейіннен биоотын етіп қайта өңдеу үшін пайдаланатын тамақ шикізатының көлеміне квоталар белгілеу үшін жылына екі рет тамақ шикізатының тиісті түрінің өндірісіне талдау жүргізеді және оны Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.

       8-бап. Биоотын айналымы саласындағы уәкілетті органның құзыреті
      Биоотын айналымы саласындағы уәкілетті орган:
      1) биоотын айналымы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
      2) өз құзыреті шегінде биоотын айналымын мемлекеттік реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді, бекітеді;
      3) биоотын айналымын камералдық бақылауды жүзеге асырады;
      4) биоотын айналымы жөніндегі декларациялардың нысанын, ұсынылу тәртібі мен мерзімдерін айқындайды;
      5) нұсқама нысанын әзірлейді және бекітеді;
      6) ілеспе жүкқұжаттарын ресімдеу тәртібін әзірлейді және бекітеді;

       9-бап. Биоотын өндіретін зауыттар салу
      1. Жеке немесе заңды тұлғалардың биоотын өндіретін зауыттар салу туралы ұсыныстары биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті органға биоотын өндірістің зауыт салу жөніндегі техникалық-экономикалық негіздемені және биоотын өндіретін зауыт салуға мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысын ұсына отырып енгізеді.
      2. Техникалық-экономикалық негіздеме мынаны қамтуға тиіс:
      1) нақты мақсаттарды дәл айқындау, оны іске асыру жолдары мен тетігі;
      2) биоотын өндіретін зауыттың болжамды орналасу жерін көрсету және оны таңдаудың негіздемесі;
      3) биоотын өндірісі үшін пайдалануға жоспарланып отырған мен тамақ шикізатының (немесе шикізаттың) нақты түрінің (немесе түрлерінің) өндіру және қайта өңдеу көлемін талдау;
      4) тамақ шикізатын пайдаланған жағдайда егістік алаңдарының құрылымын талдау;
      5) қаржылық, еңбек, техникалық, шикізат ресурстарының және оларды қамтамасыз ету көздерінің теңдестірілуін талдау.
      3. Биоотын өндірісі бойынша өндірістік қуаттардың шекті келемін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      4. Биоотын өндіретін зауыттар салуға Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған биоотын өндірісі бойынша өндірістік қуаттардың шекті көлемі шегінде биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті орган рұқсат бергеннен кейін ғана рұқсат беріледі.
      5. Биоотын өндіретін зауыттар салуға рұқсат беру үшін биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті орган техникалық-экономикалық негіздемеге салалық сараптама жүргізеді.
      6. Техникалық-экономикалық негіздемеге салалық сараптаманы жеке және заңды тұлғалар техникалық-экономикалық негіздемені ұсынған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде жүргізеді және мынадай негізгі мәселелерді қарауды көздейді:
      техникалық-экономикалық негіздеме мақсаттарының биоотын саласын дамыту басымдықтарына сәйкестігін бағалау;
      биоотын өндіретін зауыт салу жобасы іске асқан немесе іске аспаған жағдайда биоотын саласындағы жағдайда және оның өндіріс шекті көлемін талдау;
      технологиялық және техникалық шешімдерді бағалау;
      техникалық-экономикалық негіздеменің мақсаттарына жетудің баламалы нұсқаларын бағалау.
      7. Биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті органның рұқсатынсыз биотын өндірісі бойынша зауыттарды салуға тыйым салынады.

       10-бап. Кейіннен биоотын етіп қайта өңдеу үшін пайдаланатын тамақ шикізатына квота белгілеу
      1. Биоотын өндіруші Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен квоталар шегінде кейіннен биоотын етіп қайта өңдеу үшін тамақ шикізатын пайдаланады.
      2. Тамақ шикізатына квоталар белгілеу үшін биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті орган жылына екі рет тамақ шикізатының тиісті түрінің өндірісіне талдау жүргізеді және оны Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.
      3. Талдау мыналарды:
      Қазақстан Республикасының аумағында тамақ шикізатының тиісті түрінің өндірісі көлемінің орташа көрсеткіштерін;
      азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерді орындау қажеттілігін негізге ала отырып жүргізіледі.
      4. Квоталар өндіріс қуатына сүйеніп, биоотын өндіретін әрбір зауытқа оның үлесі биоотын өндіретін бүкіл өнеркәсіптердің жиынтық өндірістік қуаттарға барабар жарты жылда бір рет белгіленеді.
      5. Тамақ шикізатына бірінші квота биоотын өндіретін іске қосылған сәттен бастап бес жұмыс күнінің ішінде беріледі.
      6. Тамақ шикізаттарының әрбір партиясын сатып алу бойынша мәмілелер жазбаша нысанда жасалуы тиіс.
      7. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен квоталар кейіннен биоотын етіп қайта өңдеу үшін пайдаланатын импорт тамақ шикізатына қолданылмайды.

       11-бап. Биоотын, оның өндірісі және айналымының қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар
      1. Биоотын, оның өндірісі мен айналымы техникалық реттеу объектісі болып табылады.
      2. Биоотын, оның өндірісі мен айналымы, биоотын өндірісі және айналымы кезінде пайдаланылатын жабдықтар мен техникалық құралдар техникалық регламенттердің, стандарттар ережелерінің және өзге де құжаттардың талаптарына сәйкес адамның өмірі мен денсаулығын және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс.

       12-бап. Сәйкестігін растау
      Қазақстан Республикасы аумағында техникалық регламенттермен, стандарттар ережелерімен және өзге де құжаттармен белгіленген талаптарға биоотынның сәйкестігін растау Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

       13-бап. Биоотын өндірісі және айналымының шарттары
      1. Биоотын өндірісі:
      1) өндіріс паспорты, биоотынды өндіру көлемі туралы ақпаратты биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті органға автоматтандырылған түрде беруді қамтамасыз ететін есептегіш бақылау құралдары болғанда;
      2) жеке меншігі құқығында биоотын өндірушінің иелігіндегі биоотын өндіретін зауытта жүзеге асырылады.
      2. Биоотынды сату ілеспе жүкқұжаттарын ресімдеу арқылы жүзеге асырылуы тиіс:
      1) биоотын өндірісін жүзеге асыратын және/немесе мұнай өнімдерін компаундтауға лицензиясы бар тұлғаларға;
      2) тиісті құжаттары болғанда экспорттауға.
      3. Биоотын тасымалдауға алып жүрілетін бүкіл жолға арналған ілеспе жүкқұжаттар болғанда рұқсат етіледі.
      4. Биоотын рыногының қатысушылары болып табылатын тұлғалардың меншік құқығына жатпайтын үй-жайларда биоотынды сақтауға тыйым салынады.

       14-бап. Биоотын нарығына қатысушылардың міндеттері
      1. Биоотын өндіруші:
      1) биоотын өндіру саласындағы уәкілетті органға Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нысандар мен тәртіпке сәйкес биоотын өндірісінің мониторингін жүзеге асыру үшін қажетті есептер беруге;
      2) биоотын өндірісінде тамақ шикізаты ретінде бидай пайдаланылғанда, қайта өңдеуге 3, 4, және 5-кластардың және классыз бидайды қабылдауға;
      3) өндірілген биоотынның әр партиясының техникалық регламенттермен белгіленген талаптарға сәйкестігін растауды қамтамасыз етуге;
      4) өндірілген биоотын техникалық регламенттермен белгіленген құрамға сәйкес болмаған жағдайда оны кәдеге жаратуды жүргізуге;
      5) биоотын айналымы саласындағы уәкілетті органға биоотын айналымы саласындағы уәкілетті орган белгілеген нысанға, тәртіпке және мерзімдерге сәйкес биоотын айналымы жөнінде декларация беруге;
      6) биоотын тасымалданған жағдайда биоотын айналымы саласындағы уәкілетті орган бекіткен тәртіпке сәйкес ілеспе жүкқұжаттар ресімдеуге және биоотын айналымы саласындағы уәкілетті органға беруге;
      7) осы Заңның 11-бабында белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтауға;
      8) биоотын өндіру саласындағы уәкілетті органға биоотын өндірісінің көлемдері туралы ақпараттың автоматтандырылған түрде берілуін қамтамасыз етуге;
      9) өндіріс паспортында көрсетілген мерзімдерге сәйкес жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге;
      10) биоотын өндіру саласындағы уәкілетті орган бекіткен биоотын өндіру паспортын бекіту үшін қажетті деректер тізбесіне сәйкес биоотын ендіру паспортын әзірлеуге және бекітуге;
      11) биоотын өндіру саласындағы уәкілетті органға биоотын өндірісінің көлемдері туралы ақпараттың автоматтандырылған түрде берілуін қамтамасыз ететін есептеу құралдарын орнатуды қамтамасыз етуге.
      2. Биоотыны бар мұнай өнімдерін өндіруші:
      1) биоотын айналымы саласындағы уәкілетті орган белгілеген нысанға, тәртіпке және мерзімдерге сәйкес биоотын айналымы жөніндегі декларацияларды биоотын айналымы саласындағы уәкілетті органға беруге;
      2) биоотынды тасымалдаған жағдайда биоотын айналымы саласындағы уәкілетті орган бекіткен тәртіпке сәйкес ілеспе жүкқұжатты рәсімдеуге және биоотын айналымы саласындағы уәкілетті органға беруге міндетті.

      15-бап. Биоотын өндірісі және айналымы саласындағы шектеулер
      Биоотын өндірушілерге:
      1) биоотынға кейіннен қайта өңдеу үшін тамақ шикізатын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген квота көлемінен асырып пайдалануға;
      2) биоотын өндірісі кезінде тамақ шикізаты ретінде 1 және 2 класты бидайды қолдануға;
      3) құрамы техникалық регламенттермен белгіленген құрамға сәйкес келмейтін биоотынды сатуды жүзеге асыруға;
      4) денатурацияланбаған биоэтанолдың, оның биоотын өндіру үшін зауытқа немесе биоотынның басқа түрін (биодизель, этил-үш-бутилді эфир, этилацетат, этилактат және басқалар) қайта өңдеу үшін мұнай өңдеу зауытына әкеліну жағдайын қоспағанда, айналымын өндіруге және жүзеге асыруға;
      5) алкоголь өнімдерін өндіруге және айналымын жүзеге асыруға;
      6) қайта өңдеуге генетикалық түрлендірілген көздер/объектілер болып табылатын немесе генетикалық түрлендірілген көздерді/объектілерді құрайтын шикізаттарды, олардың қауіпсіздігін ғылыми негізде растамай және оларға мемлекеттік тіркеу жүргізбей қабылдауға;
      7) биоотын өндірісі бойынша бір зауытта екі және одан да кеп биоотын өндірушілерге биоотынды өндіруді жүзеге асыруына тыйым салынады.

3-тарау. Биоотын айналымы саласындағы мемлекеттік бақылау

       16-бап. Биоотын   айналымы саласында бақылау жүргізудің мәні мен мақсаты
      1. Биоотын нарығына қатысушылардың іс-әрекеттері осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес мемлекеттік бақылауда болады.
      2. Биоотын нарығына қатысушылардың осы Заң талаптарын сақтауы биоотын айналымы саласындағы уәкілетті орган жүргізетін тексерудің мәні болып табылады.
      3. Биоотын айналымы саласында бақылау жүргізудің мақсаты биоотынның заңсыз айналымының алдын алу мен болдырмау және осы Заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.
      4. Биоотын айналымы саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылда болады.

       17-бап. Биоотын айналымы саласындағы мемлекеттік бақылау
      1. Биоотын айналымы саласында камералдық бақылау жүзеге асырылады.
      2. Камералдық бақылау биоотын нарығына қатысушылар ұсынатын биоотын айналымы жөніндегі декларацияны, ілеспе жүкқұжаттарды және биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша ұсынылатын есептегіш бақылау құралдарының деректерін зерделеу және талдау негізінде тікелей оның тұрған жері бойынша биоотын айналымы саласындағы уәкілетті органмен жүзеге асырылады.

       18-бап. Биоотын өндірісі және айналымы саласында мемлекеттік бақылау жүргізудің тәртібі
      1. Камералдық бақылау биоотын нарығына қатысушылар міндетті түрде ұсынатын биоотын айналымы жөніндегі декларацияны, ілеспе жүкқұжаттарды және биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша бақылаушы есептеу аспаптарының деректерін зерделеу және талдау негізінде ай сайын жүргізіледі.
      2. Биоотын нарығына қатысушылар осы баптың   1-тармағында көрсетілген құжаттарды бермеген немесе оларды биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті органның зерделеу және талдау кезінде бұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті бұзушылық анықталған сәттен бастап 5 жұмыс күні ішінде биоотын нарығына қатысушыға нұсқама табыс етіледі.
      Нұсқамада биоотын нарығына қатысушының толық атауы, салық төлеушінің тіркелу нөмірі, нұсқама беру мерзімі, мәлімдеме бойынша міндеттемелерді орындау туралы талаптар, нұсқаманы жіберу үшін негіздеме шағымдану тәртібі көрсетіледі.
      Нұсқама нысанын биоотын айналымы саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
      3. Нұсқама биоотын нарығына қатысушылардың өкіліне жеке қолын қою арқылы немесе жіберу және алуды растайтын өзге де тәсілдермен берілуі тиіс.
      4. Биоотын нарығына қатысушылар нұсқамада көрсетілген талаптарды орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы  заңнамасына  сәйкес жауапқа тартылады.

4-тарау. Қорытынды ережелер

       19-бап. Биоотын өндірісі және айналымын мемлекеттік реттеу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік
      Биоотын өндірісі және айналымын мемлекеттік реттеу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

       20-бап. Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібі
      Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады