"Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Латвия Республикасы Үкіметінің арасындағы транзиттік тәртіп туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 17 шілдедегі N 689 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Латвия Республикасы Үкіметінің арасындағы транзиттік тәртіп туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Латвия Республикасы Үкіметінің арасындағы транзиттік тәртіп туралы келісімді ратификациялау туралы

      Алматыдағы 1998 жылы 19 мамырда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Латвия Республикасы Үкіметінің арасындағы транзиттік тәртіп туралы келісім ратификациялансын.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Латвия Республикасы Үкіметінің арасындағы транзиттік тәртіп туралы
КЕЛІСІМ

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Латвия Республикасының Үкіметі, бұдан былай "Келісуші Тараптар" деп аталатын,
      Келісуші Тараптардың мемлекеттік мүддесін құрметтеу принциптерін басшылыққа ала отырып,
      Келісуші Тараптар мемлекеттерінің арасындағы достық қарым-қатынастардан туындаған,
      Келісуші Тараптар мемлекеттерінің аумағы бойынша транзиттік қозғалысты жүзеге асыру мен дамытудың қажеттілігін тани отырып,
      халықаралық қарым-қатынастар принциптеріне берілгендігін растай отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаты үшін төменде берілген атаулар келесі мағынаны білдіреді:
      а) "үшінші елдер" - осы Келісімге қатыспайтын мемлекеттер;
      б) "транзиттік қозғалыс" - Келісуші Тараптар мемлекеттерінің бірінің адамдарының жүріп-тұруы, көлік құралдарының, теңдеме жүктердің, жүктердің тасымалы, оның ішінде халықаралық почта жіберілімдері, жүктерді қайта тиеу, жүктердің партиясын бөлу және жинау немесе көлік құралдары түрлерінің ауысуы немесе бұл қозғалыста болмаса да, транзит мемлекетінің аумағынан тыс басталып және аяқталған тұтас жолдың бір ғана бөлігі болып есептеледі;
      в) "транзит мемлекеті" - аумағы арқылы транзиттік қозғалыс іске асырылатын мемлекет;

2-бап

      Осы Келісімге сай Келісуші Тараптар өз мемлекеттерінің аумағынан транзиттік қозғалыстардың еркін жүріп-тұруына осы Келісімдегі ережелерге, сонымен қатар, Келісуші Тараптардың екеуі де қатысушылары болып есептелетін, басқа да халықаралық келісімдерге сәйкес бір біріне құқық береді.

3-бап

      Келісуші Тараптар транзиттік қозғалысты кедендік баждардан, салықтардан және жиындардан босатады, тек қана транзиттік қозғалыспен қамтамасыз етуге байланысты нақтылы қызметтерге салық салынады.

4-бап

      1. Үшінші мемлекеттерге шығарылатын және жіберуші мемлекеттің кеденінде тіркелмеген жүктер, Келісуші Тараптар мемлекеттерінің аумағы бойынша транзитке және үшінші мемлекеттерге өткізілмейді. Осындай жүктер транзиттік мемлекет аумағында кідіртіледі және кедендік тіркеуі үшін жіберуші мемлекетке қайтарылады. Транзиттің кідіртілуіне байланысты шығындар, жіберушінің есебіне жатқызылады.
      2. Транзиттік мемлекет аумағынан өтетін жүктер, халықаралық жүк тасымалдау ережесіне сай реттеледі.

5-бап

      Келісуші Тараптардың құзырлы органдары осы Келісімдегі 12-бапта анықталғанындай, шеттен әкелуіне, шетке шығарылуына және ішке әкелу, шығару немесе сол мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін транзитпен тасымалдауға тыйым салынған жүктердің тізімін және қабылданған шектеулердің кіру мерзімін үнемі бір-біріне беріп тұрады.

6-бап

      1. Осы Келісім шеңберіндегі транзиттік қозғалысты қамтамасыз етумен байланысты көліктік-қосынды операцияларға осы Келісімдегі 12-бапқа сәйкес Келісуші Тараптар мемлекеттерінің құзырлы органдары анықтаған ұйымдары мен кәсіпорындары жіберіледі. Келісуші Тараптардың құзырлы органдары осындай операциялардың тізімдерін үнемі бір-біріне жібереді.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілгеніндей әрбір Келісуші Тараптар мемлекеттерінің аумағында іске асырылатын операцияларды орындау барысында шыққан шығындарды есептеу үшін қолданатын тарифтер мен жиындар өлшемдері, Келісуші Тараптардың екеуінің де қатысуымен халықаралық келісімдерге сәйкес белгіленген тарифтер мен жиындардың деңгейінен аспауы тиіс.

7-бап

      1. Осы Келісім шеңберінде Келісуші Тараптар мемлекеттерінің аумағы арқылы өтетін транзиттік қозғалысқа байланысты кедендік формалдылықтар парасатты минимумға келтіріледі. Егер, транзиттік мемлекеттердің тасымалдауға арналған ішкі заңымен тыйым салынған заттар мен нәрселердің тасымалданатынына дәлелді негіз болмаса, Келісуші Тараптардың құзырлық органдары, транзиттік жүктер мен багажды жүктерге тексеру жүргізбейді.
      2. Келісуші Тараптар арасында кедендік процедуралар саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілгеннен кейін осы Келісімді орындауға байланысты барлық кедендік мәселелер көрсетілген арнайы келісімдердің қағидаларына сәйкес шешілді.

8-бап

      Келісуші Тараптар бір-біріне, мемлекеттердің халықаралық құқық принциптері мен нормаларына сәйкес, теңізге шыға алмайтын айрықша жағрапиялық жағдайына байланысты бекітілген құқықтары мен жеңілдіктерін жасайды.

9-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру мен қолдануға байланысты туындайтын даулы мәселелер, Келісуші Тараптардың құзырлы органдарының тікелей келіссөз жүргізу жолымен шешіледі.

10-бап

      Осы Келісімнің ережелеріне толықтырулар мен өзгертулер Келісуші Тараптардың арасындағы дипломатиялық арналар арқылы келісілгеннен кейін енгізіледі және Келісуші Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының ішкі заңдарымен орындалғаннан кейін өз күшіне енеді.

11-бап

      Осы Келісімнің мәнінде мыналар құзырлы органдар болып табылады:
      Қазақстан Тарабынан:
      6 және 10 баптар - Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігі;
      5 және 7 - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің жанындағы Кедендік комитеті.
      Латвия Тарабынан:
      6 және 10 баптар - Латвия Республикасының Қатынас министрлігі;
      5 және 8 баптар - Латвия Республикасының Қаржы министрлігі.

12-бап

      Осы Келісім күшіне енуге қажетті мемлекет ішінің барлық процедуралары орындалғаны туралы ең соңғы мәлімдеме алынған күннен бастап өз күшіне енеді.

13-бап

      Осы Келісім 10 жыл мерзімге бекітілді.
      Егер, Келісуші Тараптардың екі жағы да бекітілген мерзімнің аяғына дейін он екі ай бұрын дипломатиялық арналар бойынша келесі Келісуші Тарапқа өзінің Келісімді тоқтатуын жазбаша түрде мәлімдесе, осы Келісімнің күші әдеттегідей келесі бесжылдық мерзімге созыла береді.
      1998 жылғы 19 мамырда Алматы қ. екі данамен, әрқайсысы қазақ, латыш және орыс тілдерінде жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар. Осы Келісімнің жекелеген қағидалары әртүрлі түсіндірілгені жағдайында негіз ретінде орыс тіліндегі мәтін қабылданады.

       Қазақстан Республикасының       Латвия Республикасының
      Үкіметі үшін                    Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады