Концессияға берілуі мүмкін объектілер бойынша ұсыныстарды беру, қарау және іріктеу мен концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты өткізу ережелерін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 6 қазандағы N 921 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 10 желтоқсандағы № 1343 Қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2010.12.10 № 1343 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      "Концессиялар туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңының 8-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған:
      1) Концессияға берілуі мүмкін объектілер бойынша ұсыныстарды беру, қарау және іріктеу ережесі;
      2) Концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты өткізу ережесі бекітілсін.
      2. "Концессияға берілуі мүмкін объектілер бойынша ұсыныстарды беру, қарау және іріктеу мен объектілерді концессияға беру жөніндегі конкурсты өткізу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 25 тамыздағы N 814 қаулысының күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                   К. Мәсімов

       Қазақстан Республикасы
      Үкіметінің     
      2008 жылғы 6 қазандағы
      N 921 қаулысымен   
      бекітілген     

    Концессияға берілуі мүмкін объектілер бойынша ұсыныстар беру, қарау және іріктеу ережесі      1. Жалпы ережелер

      1. Осы Концессияға берілуі мүмкін объектілер бойынша ұсыныстар беру, қарау және іріктеу ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Концессиялар туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңына (бұдан  әрі - Заң) сәйкес әзірленді.
      2. Ереже концессияға берілуі мүмкін объектілер бойынша ұсыныстар беру, қарау және іріктеу тәртібін анықтайды.
      3. Осы Ережеде мынадай ұғымдар қолданылады:
      1) жобаның ақпараттық парағы - жоба бойынша экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары беретін негізгі ақпаратты қамтитын құжат;
      2) концессиялық ұсынысты салалық сараптау - жобаның тұжырымдамасын тиісті саланың дамуына және қажеттілігіне сәйкестігі, сондай-ақ жобаны іске асырудың неғұрлым оңтайлы нұсқасын таңдау тұрғысынан бағалау;
      3) техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) әзірлеуге арналған техникалық тапсырма - концессиялық жобаның ТЭН-іне қойылатын талаптарды, оның әлеуетті әзірлеушісіне қойылатын біліктілік талаптарды айқындайтын, сондай-ақ ТЭН әзірлеу жөніндегі жұмыстардың көлемін және осы жұмыстардың орындалу мерзімін регламенттейтін құжат.
      4. Орта мерзімді кезеңге концессияға беруге ұсынылатын объектілердің тізбесін (бұдан әрі - тізбе) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын мерзімді баспа басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде ресми жариялануға тиіс.

2. Концессияға берілуі мүмкін объектілер бойынша ұсыныстар беру тәртібі

      5. Тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органдары және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары концессиялық ұсыныстарды, оның ішінде жеке және заңды тұлғалардың ұсыныстарын ескере отырып қалыптастырады.
      6. Жеке және заңды тұлғалар объектілерді концессияға беру жөніндегі ұсыныстарды жеке бастама тәртібімен:
      республикалық меншікке жататын концессия объектілері бойынша - тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органдарына;
      тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің коммуналдық меншігіне жататын концессия объектілері бойынша - облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарына енгізеді.
      7. Жеке және заңды тұлғалар еркін жазбаша нысанда жобаның әлеуметтік-экономикалық қажеттілігін көрсететін мақсатын қамтитын жоба туралы қысқаша ақпаратты енгізеді.
      8. Тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы республикалық меншікке жататын және Заңның 16-бабының 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген концессия объектілері бойынша ұсыныстарды республикалық меншікке билік ету құқығын жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісуі тиіс.
      9. Республикалық меншікке билік ету құқығын жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган концессияның нақты қолда бар объектісі бойынша концессиялық ұсынысты келісуден бас тартқан жағдайда тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы мүдделі мемлекеттік органдарды тарта отырып, осы мәселе бойынша жұмыс бабындағы кеңесті шақыра алады.
      Егер жұмыс бабындағы кеңеске қатысушылар ортақ пікірге келмесе, республикалық меншікке жататын қолда бар концессия объектісі бойынша ұсыныс қаралмайды.
      10. Тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары жоспарланып отырған орта мерзімді кезеңнің алдындағы жылдың 1 ақпанына дейін концессиялық ұсыныстарды осы Ереженің 11-тармағында көрсетілген құжаттарды қоса беріп, экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға жібереді.
      11. Концессиялық ұсыныс мынадай құжаттардан тұрады:
      1) жобаның ақпарат парағы;
      2) концессиялық ұсыныстың салалық сараптамасы;
      3) концессиялық жобаның ТЭН-ін әзірлеуге арналған техникалық тапсырма;
      4) концессиялық жобаның ТЭН-ін әзірлеу және оған сараптама жүргізу құнын негіздейтін ақпарат.
      Ақпарат парағы өзінің негізгі қаржы өлшемдерін қоса алғанда, жоба бойынша жалпы ақпаратты қамтиды.
      12. Концессиялық жобалардың салалық сараптамасы:
      1) саланың одан әрі дамуына әсер ететін ағымдағы жағдайының проблемаларын;
      2) концессиялық жоба мақсаттарының саланы дамытудың республиканың немесе өңірдің стратегиялық, орта мерзімді бағдарламаларында, даму жоспарларында белгіленген басымдықтарына сәйкестігін, сондай-ақ салада бар проблемалардың шешілуін;
      3) концессионер мен концессионер ұсынатын тауарларды   (жұмыстарды, қызметтерді) тұтынушылар мүдделерінің теңгерімділігін қамтамасыз ету қағидатын негізге алып, балама нұсқаларды;
      4) концессиялық жоба іске асырылған және мұндай іске асыру болмаған жағдайда саланың ахуалын;
      5) концессиялық жобаны іске асырудан түсетін пайданы бөлуді
бағалауды қамтиды.
      13. Концессиялық жобаның ТЭН-ін әзірлеу және оған сараптама жүргізу құнын негіздеу үшін концессиялық жобаның ТЭН-ін әзірлеудің болжанып отырған құны туралы ақпарат және концессиялық жобаның ТЭН-ін әзірлеудің көрсетілген құнын негіздейтін деректер ұсынылады.

3. Концессияға берілуі мүмкін объектілер бойынша ұсыныстарды қарау және іріктеу тәртібі

      14. Экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган концессиялық ұсыныстарды талдау және оларға сараптама жүргізу үшін концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымды тартады.
      Бағалау және сараптау концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымға концессиялық ұсыныстар түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
      Концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымның қорытындысын алған кезде экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес ТЭН әзірлеу үшін іріктелген ұсыныстардың тізілімін (бұдан әрі - тізілім) қалыптастырады.
      15. Концессиялық ұсыныстарға ТЭН әзірлеуді қаржыландыруды және сараптама жүргізуді бөлінетін бюджеттік бағдарламалар шеңберінде республикалық немесе жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен тиісінше экономикалық жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органдар жүзеге асырады.
      Бөлінетін бюджеттік бағдарламаның концессиялық жобалардың ТЭН-ін әзірлеуді қаржыландыруға арналған қаражаты бекітілген тізілім негізінде бюджеттік бағдарламалардың әр түрлі әкімшілері арасында қаржы жылы ішінде бөлінуі тиіс.
      16. Тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары тізілім негізінде концессиялық жобалардың ТЭН-ін әзірлеуді және сараптауды қамтамасыз етеді.
      17. Экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган концессиялық жобаның ТЭН-ін бағалау және оған экономикалық сараптама жүргізу үшін концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымды тартады.
      18. Концессиялық жобаның ТЭН-ін бағалау және оны экономикалық сараптау ол тапсырылған күннен бастап қырық бес жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
      19. Концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымның ТЭН-ге экономикалық сараптамасының қорытындысы негізінде қоса қаржыландыруды талап ететін концессиялық жобалар бойынша экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган:
      1) тиісті саланың уәкілетті органы ұсынған концессиялық жобаларды Республикалық бюджет комиссиясына енгізеді;
      2) жергілікті атқарушы органдар ұсынған концессиялық жобаларды облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) тиісті жергілікті атқарушы органына жібереді.
      20. Алдағы орта мерзімді кезеңге арналған концессияға беруге ұсынылатын объектілердің тізбесін (бұдан әрі - тізбе) экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган ТЭН-нің экономикалық сараптамасының нәтижелерін ескере отырып және республиканың стратегиялық, орта мерзімді бағдарламаларға, даму жоспарларына, орта мерзімді фискалдық саясатқа, республикалық бюджеттің инвестициялық мүмкіндіктеріне сәйкес жыл сайын үш жыл мерзімге жылжымалы негізде қалыптастырады.
      Тізбені қалыптастыру кезінде сондай-ақ мемлекеттік бюджеттің Заңның 14-бабына сәйкес ұсынылатын концессионерді мемлекеттік қолдаудың түрлері мен көлемін ұсыну жөніндегі мүмкіндігі де ескеріледі.
      21. Тізбе екі бөлімнен тұрады:
      1) мемлекеттік меншіктің қолда бар объектілері;
      2) құрылысы мен пайдаланылуы концессия шарттары негізінде жүзеге асырылатын объектілер.
      22. Тізбеге енгізілмеген концессия объектілері бойынша тиісті ұсыныстар берген мемлекеттік органдарға тиісті хабарлама жіберіледі.
      23. Тізбе жоспарланатын орта мерзімді кезеңнің алдындағы жылдың үшінші тоқсанынан кешіктірмейтін мерзімде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына енгізіледі.
      24. Тізбеге енгізілген және концессияға берілмеген концессия объектілерін экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган келесі орта мерзімді кезеңге қалыптастырылатын тиісті тізбеге енгізеді.

      Қазақстан Республикасы
      Үкіметінің      
      2008 жылғы 6 қазандағы
      N 921 қаулысымен   
      бекітілген      

Концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты өткізу ережесі 1. Жалпы ережелер

      1. Концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты өткізу ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Концессия туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленген.
      2. Ереже концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты өткізу тәртібін анықтайды.
      3. Алдағы орта мерзімді кезеңге концессияға беруге ұсынылатын объектілердің бекітілген тізбесі (бұдан әрі - тізбе) негізінде тізбеге енгізілген объектілерді концессияға беру жөнінде конкурс өткізіледі.

2. Концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты өткізу

      4. Тізбеге енгізілген объектілер бойынша концессионерді таңдау концессиялық жобалар бойынша ашық конкурс өткізу жолымен жүзеге асырылады.
      5. Мыналар конкурсты ұйымдастырушы болып табылады:
      1) республикалық меншікке жататын және Заңның 16-бабының 2-тармағында көзделген концессиялық объектілерге қатысты - тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы;
      2) коммуналдық меншікке жататын және тізбеде көзделген концессиялық объектілерге қатысты - облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы.
      6. Конкурстық құжаттаманың мазмұны және оны әлеуметтік концессионерлерге беру шарттары, сондай-ақ әлеуетті концессионерлерге қойылатын біліктілік талаптары Заңның 17 және 18-баптарына сәйкес айқындалады.
      7. Тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органдары қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен концессиялық жобаларды консультациялық сүйемелдеу үшін тәуелсіз сарапшылар тартуы мүмкін. Z060167
      8. Конкурсты ұйымдастырушы Заңның 9-бабының 3) тармақшасында көзделген жағдайларда экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен және Заңның 10-бабының 2) тармақшасында көзделген жағдайларда бюджеттің атқарылуы жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісуге конкурстық құжаттаманы ұсынады.
      9. Конкурстық құжаттамаға сараптама жасау үшін экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымды тартады.
      Конкурстық құжаттамаға сараптама оны берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
      10. Конкурстық құжаттаманы конкурсты ұйымдастырушы бекітеді.
      11. Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында конкурсты өткізу туралы ақпаратты жариялау міндетті болып табылады және Заңның 19-бабының 3-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
      12. Конкурсты ұйымдастырушы ұсынылған конкурстық құжаттама үшін конкурстық құжаттаманы көшіруге кеткен нақты шығындардан аспайтын ақы алуы мүмкін.
      13. Ықтимал концессионер конкурстық өтінімдерді ұсынудың түпкілікті мерзімі аяқталғанға дейін отыз күнтізбелік күннен кешіктірмей конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіру туралы сұрау салумен жүгіне алады. Конкурсты ұйымдастырушы сұрау салу тіркелген сәттен бастап үш күн мерзімде сұрау салудың кімнен түскенін көрсетпей-ақ, оған жауап береді, конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы ұсынған барлық әлеуетті концессионерлерге осындай түсіндіруді хабарлайды.
      14. Конкурсты қайта өткізген кезде әлеуетті концессионер конкурстық өтінімдерді ұсынудың түпкілікті мерзімі аяқталғанға дейін он бес күнтізбелік күннен кешіктірмей, конкурстық құжаттама ережелерін түсіндіру туралы сұрау салумен жүгіне алады.
      15. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық өтінімдерді ұсынудың түпкілікті мерзімі аяқталғанға дейін жиырма күнтізбелік күннен кешіктірмей, өз еркімен немесе әлеуетті концессионердің сұранысына жауап ретінде хаттама ресімдеу жолымен, ал конкурсты қайта өткізген кезде - он күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде конкурстық құжаттамаға өзгерістер енгізе алады.
      Енгізілген өзгерістердің міндетті күші болады және олар туралы конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттама жіберген барлық әлеуетті концессионерлерге тез арада хабар жіберіледі. Бұл ретте конкурстық өтінімдерді тапсырудың түпкілікті мерзімін конкурсты ұйымдастырушы әлеуетті концессионерлер бұл өзгерістерді конкурстық өтінімдерде ескеруі үшін кемінде отыз күнтізбелік күн мерзімге, ал конкурсты қайта өткізген кезде - кемінде он бес күнтізбелік күн мерзімге ұзартады.
      16. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіру үшін әлеуетті концессионерлермен кездесуді конкурстық құжаттамада көрсетілген белгілі бір орында және уақытқа сәйкес өткізуге құқылы. Бұл ретте конкурсты ұйымдастырушы олардың шығу көзін көрсетпей-ақ, осы кездесу барысында ұсынылған конкурстық құжаттаманы түсіндіру туралы сұрау салуларды, сондай-ақ осы сұрау салуларға жауаптарды қамтитын хаттаманы жасайды.
      17. Конкурстық өтінімдерді қарау мен іріктеуді:
      республикалық меншікке жататын концессия объектілеріне қатысты - Қазақстан Республикасының Үкіметі;
      тиісті әкімшілік-аумақтық меншіктің коммуналдық меншігіне жататын концессия объектілеріне қатысты - облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы құратын концессия жөніндегі комиссия (бұдан әрі - комиссия) жүзеге асырады.
      18. Тиісті конкурсты ұйымдастырушы комиссияның жұмыс органы болып табылады.
      19. Комиссия хатшысы ұйымдастырушыны отырысқа дейін кемінде бес күнтізбелік күннен кешіктірмей комиссия отырысының мерзімі, уақыты мен өтетін орны туралы жазбаша нысанда хабардар етеді.
      20. Комиссия конкурстық өтінімдері бар конверттерді конкурстық құжаттамада көрсетілген мерзімде, уақытта және орында ашады.
      21. Экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты өткізген кезде конкурсқа қатысушылар ұсынған концессиялық жобаларға талдау мен сараптама жасау үшін концессия мәселелері бойынша мамандандырылған ұйымды тартады.
      22. Концессия мәселелері бойынша мамандандырылған ұйым концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты өткізген кезде конкурсқа қатысушылар ұсынған концессиялық жобалар тапсырылған күннен бастап қырық бес жұмыс күні ішінде оларға талдау мен сараптама жүргізеді.
      23. Конкурстық құжаттамада көрсетілген оларды ұсынудың түпкілікті мерзімі өткеннен кейін түскен конкурсқа қатысуға арналған өтінімі бар конвертті не конкурсқа қатысуға өтінімнің құрамдас бөлігі болып табылатын құжаттарды және (немесе) материалдарды ұсынуға жол берілмейді.
      24. Егер белгіленген мерзімде конкурсты ұйымдастырушыға конкурстық өтінімдер келіп түспесе не конкурсқа қатысуға бір өтінім келіп түскен болса, онда осы концессия объектісі бойынша үшінші және одан кейінгі конкурстарды қоспағанда, конкурс өткізілмеген болып есептеледі.
      25. Егер конкурс үшінші рет өткізілсе және конкурсқа қатысуға бір ғана конкурстық өтінім ұсынылса, комиссия осы өтінімде берілген концессиялық жобаны оның іске асырылу мүмкіндігі тұрғысынан қарайды.
      26. Қарау қорытындылары бойынша конкурсқа қатысуға арналған өтінімдері бар конверттерді ашу хаттамасы жасалады, оған комиссия мүшелері, конкурсқа қатысушылар, сондай-ақ комиссия хатшысы қол қояды.
      27. Концессиялық жобасы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін жобаларға қойылатын өлшемдердің негізінде үздік деп танылған конкурсқа қатысушымен комиссия концессиялық жоба мен концессия шарттары талаптарын нақтылау жөнінде келіссөздер жүргізеді.
      28. Келіссөздер дайындау шеңберінде концессиялық жоба және концессия шарты бойынша ескертулер мен ұсыныстарды комиссия өтініш иесіне жазбаша нысанда концессияның осы нысаны бойынша комиссияның келесі отырысы өткізілетін күнге дейін отыз күнтізбелік күннен кешіктірмей жіберуі тиіс.
      29. Келіссөздер жүргізудің қорытындылары бойынша оның нәтижелері туралы коммиссияның тиісті шешімі қабылданады.
      Келіссөздер барысында конкурстың шарттарына, сондай-ақ концессиялық жобаның бастапқы өлшемдері мен сипаттамасына өзгерістер енгізуге жол берілмейді.
      30. Егер концессиялық жобасы үздік деп танылған конкурсқа қатысушы концессиялық жоба мен шарттың талаптарын комиссияның ескертулері мен ұсыныстарына сәйкес талқылаудан және нақтылаудан бас тартқан жағдайда не оның ұсыныстары конкурстың талаптары тұрғысынан қолайсыз болып табылса, онда комиссия осы концессиялық жобаны қарамайды және концессионерді таңдау жөнінде ашық конкурс өткізу жолымен үздік концессиялық жоба қайтадан таңдап алынады.
      Концессионерді таңдау жөніндегі конкурстың қорытындылары бойынша комиссия шешімімен концессиялық жоба бекітіледі, ал өтінім беруші конкурстың жеңімпазы болып танылады. Комиссия шешімі хаттама түрінде ресімделеді.
      31. Тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы немесе облыстардың (республикалық маңызы қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары шешімге қол қойылған сәттен бастап он жұмыс күні ішінде концессия шартының жобасын экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға жібереді.
      32. Концессия шартының мазмұны Заңның 21-бабына сәйкес айқындалады.
      33. Экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган концессия шартының жобасын сараптау үшін ол ұсынылған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымды тартады. Концессия шарттарының жобаларына сараптаманы концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйым ұсынылған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде жүргізеді.
      34. Концессия шартының жобасына концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйым жүргізген сараптаманы алғаннан кейін экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган ол ұсынылған сәттен бастап он жұмыс күні ішінде концессия шартының жобасын келіседі не тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органына немесе жергілікті уәкілетті органдарға дәлелді ескертулерді жібереді.
      35. Концессия шарттарының жобаларын келісу концессия шарты жобасының титулдық парағына оң немесе сол жақ төменгі бұрышына "КЕЛІСІЛДІ" деген белгіні, уәкілеттік органның бірінші басшысының немесе оны алмастыратын тұлғаның қолын, тегін, аты-жөні мен лауазымын, уәкілетті органның елтаңбалық мөрі мен келісу күнін қою арқылы көрініс табады.
      36. Ескертулер алған кезде конкурсты ұйымдастырушы концессия шартының жобасын пысықтайды және келісу үшін экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға оны қайта жібереді. Концессия шартының жобасын қайта қарау мен келісуді экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган ол ұсынылған сәттен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
      37. Конкурсты ұйымдастырушы конкурс жеңімпазымен концессия шартын жасасады.
      38. Концессия шартын жасау мерзімі конкурс қорытындылары шығарылған күннен бастап тоқсан күнтізбелік күннен артық болуы мүмкін емес.
      39. Мемлекеттік құпияны немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, концессионерді таңдау жөніндегі конкурстардың нәтижелері туралы мәліметтерді ұйымдастырушы Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таратылатын мерзімді баспа басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде жариялайды.

3. Қорытынды ережелер

      40. Ашылған конкурстық өтінімдер әлеуетті концессионерлерге қайтарылмайды.
      41. Объектілерді концессияға беру бойынша жүргізілген конкурстардың материалдары іс номенклатурасына сәйкес конкурсты ұйымдастырушыда сақталады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады