Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің Экономикасы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі 2009-2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қарашадағы N 1085 Қаулысы

      Елдің экономикасы мен қаржы жүйесін тұрақтандыруды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің Экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі 2009 - 2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары (бұдан әрі — Іс-қимыл жоспары) мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі екі апта мерзімде Іс-қимыл жоспарын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына енгізсін.
      3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен өзге де ұйымдары Іс-қимыл жоспарында көзделген іс-шаралардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін.
      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің       
2008 жылғы 25 қарашадағы
N 1085 қаулысына    
қосымша         

Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің Экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі 2009 - 2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары Мазмұны

       Кіріспе
       2007 - 2008 жылдары қабылданған шаралар
       Жоспардың мақсаты мен бағыты
       Қаржы секторын тұрақтандыру
       Жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешу
       Шағын және орта бизнесті қолдау
       Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту
       Инновациялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру
       Қорытынды

       Кіріспе

      2007 жылдың екінші жартысында басталған әлемдік қаржы нарықтарындағы тұрақсыздық Қазақстанның даму қарқынына әсер етті. Бұл отандық банктердің сыртқы қаржылық ресурстарды тарту мүмкіндіктерін төмендетуде, ал, ізінше, ішкі экономикаға кредит беру көлемін қысқартуда көрінді. Бұдан басқа, әлемдік нарықтағы азық-түлік тауарлары бағасының шапшаң көтерілуі салдарынан экономикаға инфляциялық қысымды едәуір күшейтті.
      Қазақстан Республикасының Үкіметі, Ұлттық Банкі мен Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі әлемдік қаржы және тауар нарықтарындағы тұрақсыздықтың теріс салдарын жұмсартуға бағытталған бірінші кезектегі шаралар кешенін жедел қабылдады және іске асырды.
      Өтімділіктің жаһандық тапшылығын тудырған қаржы дағдарысының екінші толқыны әлемдік қаржы жүйесінің шеңберінен шықты және нақты секторға едәуір теріс әсер етті. Осының нәтижесінде әлемдік экономиканың өсу қарқынының едәуір және, ізінше, тауарлар мен қызмет көрсетулерге жаһандық сұраныстың баяулауы байқалады.
      Бұл отандық экономиканы тұрақтандыру және оңалту жөнінде жаңа қосымша шаралар қабылдауды талап етеді.
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Ұлттық Банкінің және Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің Экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі 2009 - 2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары (бұдан әрі — Жоспар) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын орындау үшін әзірленді және жаһандық дағдарыстың Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық ахуалға теріс салдарын жұмсартуға және болашақтағы сапалы экономикалық өсу үшін қажетті негізді қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешенін айқындайды.

       2007 — 2008 жылдары қабылданған шаралар

      Өткен жылдың күзінде Қазақстан қаржы дағдарысының алғашқы толқынымен кезікті.
      2007 жылдың қазанында Үкімет, Ұлттық Банк және Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі (бұдан әрі - Қаржылық қадағалау агенттігі) халықаралық қаржы және азық-түлік нарықтарындағы тұрақсыздықтың теріс салдарын жұмсарту үшін бірқатар бірінші кезекті шаралар қабылдады. 2007 жылдың күзінен бастап мемлекеттік бюджеттен шамамен 550 млрд. теңге бөлінді.
      Меншікті немесе қарыз қаражатын үлестік құрылысқа салған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс салушыларға екінші деңгейдегі банктер арқылы 184,7 млрд. теңге бөлінді.
      Шағын және орта бизнестің іскерлік белсенділігін қолдау үшін олардың жобаларын шамамен 155 млрд. теңге сомаға қаржыландыру қамтамасыз етілді.
      Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 135 млрд. теңге жіберілді.
      Осы шараларға қосымша өтімділік тапшылығының проблемасы жедел шешілді және ұлттық банк жүйесінің келесі сыртқы қауіптерге дайындығының қажетті деңгейі қамтамасыз етілді.
      Бірінші кезекті шаралар кешенін іске асыруды ескере отырып, ағымдағы жылдың 9 айы ішінде ЖІӨ-нің өсуі шамамен 4%-ды құрады. Жұмыссыздық деңгейі төмен деңгейде тұр және 7%-дан аспайды. Тұтыну бағаларының өсуін тұрақтандыру мүмкіндігі туды. Ағымдағы жылғы 10 айда инфляция деңгейі 8,8%-ды құрады, бұл жылдық болжамның кемінде 10%-ына сәйкес келеді. Қазақстандық банктер өздерінің ішкі және сыртқы міндеттерін ойдағыдай орындауда. Екінші деңгейлі банктердің экономиканы кредиттеуі өткен жылдың соңындағы деңгейде сақталды. Ағымдағы жылдың 10 айы ішінде банктердегі депозиттер 21,8%-ға дерлік , оның ішінде, халықтың депозиті 2%-ға үлғайды.
      Ағымдағы жылдың басынан бастап Үкімет, Ұлттық Банк пен Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі ішкі және сыртқы нарықтағы экономикалық жағдай мониторингін күшейтті және қосымша бірқатар шараларды қарастырды .
      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы жүйесінің тұрақтылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы әзірленіп, қабылданды, онда қаржы ұйымдарының қасақана төлем қабілетсіздігіне дейін жеткізгені үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік шаралары қатаңдатылды. Үкімет белгіленген пруденциалдық нормативтерді бұзып отырған қаржы ұйымдарының қызметіне араласуға қажетті нарық құралдарын ала отырып, банктің акцияларын мәжбүрлеп сатып алуға құқық алады. Өз кезегінде, банктерге шығарылған облигацияларды және құрылатын Стресті активтер қорының акцияларын мерзімінен бұрын сатып алу құқығы берілді.
      Банктерге деген сенімді сақтап қалу мақсатында заңда жеке тұлғалардың салымдары бойынша кепілді қайтару сомаларын бұрын көзделген 700 мың теңгеден 1 миллионға дейін, ал 2012 жылға дейін (3 жыл ішінде) - 5 млн. теңгеге дейін ұлғайту көзделген.
      Ағымдағы жылдың 18 қарашасынан бастап ішкі міндеттемелер бойынша ең кіші резервтік талаптар 5%-дан 2%-ға дейін, ал өзге міндеттемелер бойынша 7%-дан 3%-ға дейін төмендетілді. Бұл банктерге олардың ресурстық базасын шамамен 350 млрд. теңге көлемінде ұлғайтуға мүмкіндік береді.
      2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілетін болады, оның шеңберінде салықтық жүктемелерді , ең алдымен, экономиканың шикізат емес секторы үшін салықтық жүктемелерді едәуір төмендету көзделген.
      Корпоративтік табыс салығы кезең-кезеңімен 2009 жылы 30%-дан 20%-ға дейін, 2010 жылы 17,5%-ға дейін және 2011 жылы 15%-ға дейін төмендейді.
      Қосылған құн салығының ставкасы келесі жылдан бастап 13-тен 12%-ға дейін төмендейді. ҚҚС салынатын айналымның ең аз көлемі 2 есе 38 млн. теңгеге дейін ұлғаяды.
      Әлеуметтік салық ставкаларының регрессивті шәкілінің орнына 11% мөлшеріндегі бірыңғай ставка енгізілетін болады.
      Экономиканың барлық кәсіпорындары үшін инвестицияларды жүзеге асыру үшін салық преференциялары көзделген. Атап айтқанда, өндірмейтін секторлар үшін жедел өтеу, мұнай өндірушілер үшін - өтеудің екі есе нормасы көзделген.
      Шағын және орта бизнес кәсіпорындары үшін корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдерді төлеу туралы талап алынып тасталады.
      Сонымен қатар, барлық кәсіпорындар үшін залалдар мерзімдерін 3 жылдан 10 жылға дейін ауыстыру көзделді.
      Жалпы, салықтық жүктеменің төмендеуі тек 2009 жылы кәсіпорындарға 500 млрд. теңге босатуына және оларды экономиканы дамытуға жұмсауына мүмкіндік береді.
      Ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жедел түрде қабылданды. Ішкі сұранысты ынталандыру  және отандық кәсіпорындарды қолдау үшін мемлекеттік сатып алу тек қазақстандық өнім берушілерге басымды түрде бағытталатын болады. Жедел шешімдер қабылдау, кепілдіктер, ұзақ мерзімді тапсырыстар беру есебінен отандық бизнеске нақты көмек көрсету үшін мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялар мемлекеттік сатып алуды реттейтін заңнамалар әрекетінен шығарылды.
      Үкімет әлемдегі қаржы және шикізат нарықтарындағы жағдайдың нашарлау мүмкіндігіне байланысты 2009 - 2011 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қажеттілікпен қалыптастырды. Осы кезеңдегі бюджет кірістері мұнайдың бір баррелі үшін 60 АҚШ долларындағы әлемдік бағасын негізге ала отырып есептелген. Үкімет орта мерзімді кезеңде фискалдық тұрақтылықты қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, 2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының параметрлерін түзетті. 2009 жылы бюджет кірістері мұнайдың әлемдік бағасының бір баррелі үшін 40 АҚШ долларына төмендеуін ескере отырып нақтыланды. Басымды емес шығыстар қысқартылды, ал бірқатар бағдарламаларды қаржыландыру кейінгі мерзімге қалдырылатын болады. Бұл ретте әлеуметтік шығыстар қысқартылған жоқ.
      2009 - 2010 жылдары республикалық бюджет тапшылығы ЖІӨ-ге 3,4-3,5% көлемінде жоспарланған, ал 2011 жылы ЖІӨ-ге 2,4%-ға дейін төмендетілетін болады.
       Үш жылдық республикалық бюджет ағымдағы жағдайда экономикалық белсенділікті қолдау үшін түйінді құрал болып табылады. Жиынтықты сұраныс пен іскерлік белсенділік бірінші кезекте, басымды инфрақұрылымдық және индустриялық жобаларды қаржыландыруға , отандық кәсіпорындардың өнімдеріне сұранысты және экономикадағы жұмыспен қамтылуды қамтамасыз ететін ауыл шаруашылығын дамытуға, сондай-ақ адами капиталды дамытуға бағытталатын бюджет шығыстарының жоғарғы деңгейін сақтау есебінен қамтамасыз етіледі.
      Тұтастай алғанда, 2009 - 2011 жылдары мемлекеттік бюджеттен шығатын инвестициялар 1,5 трлн. теңгеден аса өседі.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бөлімге өзгерту енгізу көзделген - ҚР Үкіметінің 2010.06.28 № 659 Қаулысымен (жариялануға жатпайды).

       Бағдарламаның мақсаты мен бағыты

       Ескерту. Бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.06.11 N 890, 2009.07.20 N 1101 Қаулыларымен.

      Шикізат ресурстарына әлемдік бағаның құлдырауы әсерінен және капиталдың сыртқы нарығына қол жеткізудің болмауына байланысты Қазақстан экономикасына жаңа әлемдік экономикалық шындықтарға бейімделудің күрделі кезеңін бастан өткізуге тура келеді, бұл экономикада құрылымдық өзгерістердің болуын талап ететіні сөзсіз.
      Қазақстан экономикасының ғаламдық құлдырау кезеңіне Қазақстан алтын-валюта резервтерінің және Ұлттық қордың берік қорымен кіруде. Олардың жалпы көлемі 2008 жылғы 1 қарашада 47 млрд. АҚШ долларынан астамды құрады. Мемлекеттік борыштың мөлшері ЖІӨ-нін 1,5%-ынан аспайды, бюджет тапшылығы төмен деңгейде тұр және ЖІӨ-нің 2%-ынан аспайды.
      Үкімет қалыптасқан жағдайды экономиканы сауықтыруға және оның болашақта тиімді жұмыс істеуі үшін негіз қалауға пайдалануда. Жинақталған резервтер Қазақстан экономикасын түзеу процесін жақсартуға мүмкіндік береді.
       Бағдарламаның мақсаты Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға ғаламдық дағдарыстың теріс салдарын жұмсарту және болашақта сапалы экономикалық өсу үшін қажетті негіздерді қамтамасыз ету болып табылады.
      Мақсатқа жету үшін Үкімет, Ұлттық Банк пен Қаржылық қадағалау агенттігі мынадай бес бағытта шоғырланатын болады.
      1. Қаржы секторын тұрақтандыру.
      2. Жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешу.
      3. Шағын және орта бизнесті қолдау.
      4. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту.
      5. Инновациялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру.
      Жобаны қаржылық қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық қорының 10 млрд. АҚШ доллары (1 200 млрд. теңге) көлеміндегі қаражат пайдаланылатын болады. Олар мыналарға бағытталатын болады:
      1) қаржы секторын тұрақтандыруға - 4 млрд. АҚШ доллары (480 млрд. теңге) ;
      2) тұрғын үй секторын дамытуға - 3 млрд. АҚШ доллары (360 млрд. теңге) ;
      3) шағын және орта бизнесті қолдауға - 1 млрд. АҚШ доллары (120 млрд. теңге) ;
      4) агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға — 1 млрд. АҚШ доллары (120 млрд. теңге) ;
      5) инновациялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға - 1 млрд. АҚШ доллары (120 млрд. теңге) .
      Үкімет, Ұлттық Банк, Қаржылық қадағалау агенттігі, "Самұрық-қазына" ұлттық әл-ауқат қоры (бұдан әрі — "Самұрық-Қазына" қоры) және "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі (бұдан әрі - "ҚазАгро" холдингі) осы қаражаттың нысаналы және тиімді жұмсалуына тұрақты мониторинг пен бақылауды қамтамасыз етеді.
      Жоспарды іске асыру бойынша Үкіметтен негізгі оператор болып "Самұрық-Қазына" қоры шығатын болады. Ол үшін Үкімет "Самұрық-Қазына" қорын 607,5 млрд. теңгеге қосымша капиталдандыруды жүзеге асырды.
      "Самұрық-Қазына" қоры мен "ҚазАгро" холдингі тиісінше 4 млрд. АҚШ доллары және 1 млрд. АҚШ доллары сомасына облигация шығару жолымен Ұлттық қордан қарыз алуды жүзеге асырады. Бұл үшін Ұлттық қордың инвестициялық саясатына өзгерістер енгізілетін болады.
      Экономикалық өсу қарқынының төмендеуі жағдайында Үкімет контрциклдық бюджет саясатын, ал Ұлттық Банк - жағымды ақша-кредит саясатын жүзеге асыратын болады. Алайда экономика мен қаржы секторын тұрақтандыру шамасына қарай ақша-кредит және фискалдық саясаттар макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, оның ішінде, инфляцияның төмен қарқынын ұстап тұру мақсатында қаталдандыратын болады.
      Үкімет пен Ұлттық Банк төлем балансының және валюта бағамының жағдайын бақылайтын болады.
      Экономикада жинақталған салалық теңгерімсіздіктердің ішкі және сыртқы өзгеруші жағдайларын ескере отырып, Үкімет 2009 жылы Қазақстанның 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын әзірлейді. Ол:
      экономиканың сыртқы күштерге тұрақтылығын арттыруды;
      елде инвестициялық климатты жақсарту үшін құрылымдық реформалар жүргізуді;
      инфрақұрылымды жаңғыртуды;
      адами капиталды дамытуды;
      экспортты, бірінші кезекте, агроөнеркәсіптік секторды дамыту есебінен жедел әртараптандыруды;
      мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруды;
      елдің сыртқы борышын тиімді басқаруды ескере отырып, таяудағы он жылға арналған нақты басымдықтар мен даму индикаторларын белгілейді.
      Бұл нәтижелерге бағдарланған жоспарлаудың жаңа қағидаттарын ескеретін елдің бірінші ұлттық стратегиялық даму бағдарламасы болады.
 
       Қаржы секторын тұрақтандыру

      Ескерту. Бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.10.09 N 1553, 2009.12.30 № 2309 Қаулыларымен

      Отандық банк жүйесін қолдау қажеттілігі оның елдің экономикалық жүйесіндегі маңызды рөлінің болуымен түсіндіріледі. Тәуелсіздік жылдарында отандық банктер отандық экономикалық жүйенің ажырамас белігіне айналған, оның жұмыс істеуін қамтамасыз ететін және оның нарық жағдайында дамуын ынталандыратын жетілдірілген қаржы жүйесін қалыптастырды.
      Отандық банктерге қолдау жасай отырып, мемлекет олардың ішкі экономика мен нақты секторды кредиттеу көлемін сақтайтындықтарына, атап айтқанда, шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландыруларына және ипотекалық кредиттеу бойынша қолайлы жағдайды белгілейтіндіктеріне сенім артуда.
      Мемлекеттің мақсаты - жалпы жүйе тұрақтылығын қолдау және сақтау. Бұл мақсаттар үшін Қазақстанда тиісті реттеу мен қадағалау, сондай-ақ депозиттерге кепілдік беру жүйесі бар. Жүйе тұрақтылығына қауіп төнген жағдайларда мемлекет банк секторына жағдайды тұрақтандыруға қажетті тәртіпте және көлемде қаржылық қолдау көрсетеді.
      Мемлекет банктің борыштары бойынша ешқандай міндеттемелер алмайтыны сияқты банктердің операциялық қызметіне араласпайды. Ағымдағы жағдайда банктер банк депозиторларының мүдделері барынша қорғалатындай етіп активтер мен пассивтерді тиімді басқаруды қамтамасыз етулері тиіс. Бұған қарамастан мемлекет қызметі ел экономикасының одан әрі дамуына ықпал ететін жүйе құраушы банктерге қатысты тұрақтандырушылық бастамаларымен шығады.
      Қаржы секторын тұрақтандыру үшін мынадай шаралар қабылданатын болады:
       Біріншіден, бұл жай және/немесе ерекше артықшылығы бар акцияларды сатып алу және экономиканың нақты секторын қаржыландыру үшін қаражатты депозиттерге орналастыру түрінде төрт жүйе құраушы банкті қосымша капиталдандыру және қаржыландыру.
      Қазіргі таңда банктер берген қарыздардың 35,6%-ы құны айтарлықтай төмендеген жылжымайтын мүліктермен және жермен қамтамасыз етілген. Бұл банктер активтерінің сапасын төмендетеді. Осыған байланысты банк секторында залалдардың едәуір көлемі әлеуетті жинақталуда. Банк секторын сауықтыру үшін Қаржылық қадағалау агенттігі банктер құрған провизияларға қойылатын талаптарды арттырады. Бұл банктердің өз шығындарын қабылдауына және оларды жасақталған провизиялар есебінен шығынға жазуына септігін тигізеді. Бірақ, банктердің провизияларды құруы үшін қосымша капитал қажет.
      Банктерді қосымша капиталдандырудың жалпы сомасы 487,5 млрд. теңгені құрайды, ол жай және/немесе ерекше артықшылығы бар акцияларды сатып алу және экономиканың нақты секторын қаржыландыру үшін депозиттерге орналастырылатын болады.
      «Самұрық-Қазына» коры банктер акцияларының бақылау пакетін иеленуі мүмкін.
      Берілген қаражатты банктер резервтердің (провизиялардың) барабар деңгейін қалыптастыруға және ел ішінде қарыз алушыларға кредиттер беруге жіберуі тиіс.
      Мемлекет капиталданған банктердің ұзақ мерзімді қатысушысы болып қалмайды. Әлемдік қаржы дағдарысының бәсеңдеуі және халықаралық капитал нарықтарына жол ашылған жағдайда "Самұрық-Қазына" қоры нарық қағидаттары бойынша банктердің қатысушылары құрамынан шығатын болады, бірақ акцияларды сату бағасы сатып алу бағасынан төмен болмайтын шарт негізінде.
      Екіншіден, Стресті активтер қоры құрылды.
      Стресті активтер қорының қызметі қазақстандық банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға бағытталатын болады. Банктердің сенімсіз активтерін сатып алу және кейіннен оларды басқару осы мақсатты іске асырудың негізгі тетігі болады. Макроэкономикалық, нарықтық және басқа да факторлар әсерінен елеулі тәуекелдерге ұшырайтын (құнсыздануға) активтер, атап айтқанда, банктердің жылжымайтын мүлік және жер кепілдігімен қарыздар беруі осындай активтер ретінде қарастырылады.
      Банктерден мұндай қарыздарды сатып алу банктердің теңгерімін өтімділігі аз активтерден тазартуға және банктерге өз залалын мойындауға мәжбүрлейді.
      Активтерді сатып алу Стресті активтер қоры айқындайтын дисконтты немесе тәуекелдерді бөлудің басқа нысанын (банктер құратын провизиялардың көлемін ескеретін) теңгерімдік құны бойынша жүзеге асырылатын болады.
      2008 жылы республикалық бюджеттен Стресті активтер қорын капиталдандыруға алғашқы траншпен 52 млрд. теңге бөлінді. 2009 жылы Қордың жарғылық капиталы республикалық бюджет қаражаты есебінен 70 млрд. теңгеге дейін жеткізілетін болады.
       Үшіншіден , банктердің міндеттемелеріне уақтылы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында өтімділіктің қосымша көздері ұсынылатын болады. Атап айтқанда, Ұлттық Банк репо операциялары бойынша қамтамасыз ету ретінде қабылданатын құралдардың тізбесін кеңейтетін болады.
      Ресурстық базаны тұрақтандыру мақсатында ұлттық компаниялардың, акционерлік қоғамдардың, мемлекеттік кәсіпорындардың және жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың, сондай-ақ активтері Ұлттық Банктің басқаруындағы мемлекеттік ұйымдардың уақытша бос ақша қаражаты отандық банктердің депозиттерінде орналастырылатын болады.
       Төртіншіден, қаржы секторында мемлекеттік реттеу жетілдірілетін болады.
      Қаржылық қадағалау агенттігі пруденциалдық реттеу шеңберінде банктердің сыртқы міндеттемелерінің және тұтастай көтерме қаржыландыру деңгейін төмендету бойынша жұмыстар жалғасатын болады. Бұл ретте банк заңнамаларының қолданыстағы және жаңадан енгізіліп жатқан талаптары банктерді қорландырудың әртараптандырылған базасын құруға ынталандыруы тиіс, яғни белсенді операцияларды көп дәрежеде депозиттік база, атап айтқанда жеке тұлғалардың есебінен қаржыландыру.
      Таңдаулы халықаралық практика негізінде банктердің капиталдандыру есебінің тәсілдері оңтайландырылатын болады. Банк активтерін жіктеудің қолданыстағы тәртібі оңтайландырылатын болады, бұл банк активтеріне жанама факторлардың болуы мүмкін, оның ішінде экономика секторларында іскерлік белсенділіктің төмендеуі, жағымсыз сыртқы құбылыстарға ұшырау, айырбас бағамдарының күтіліп отырған тұрақсыздығы әсерін ескере отырып банктердің қосымша резервтерді (провизияларды) қалыптастыруын көздейді.
      Тәуекелдерді басқару жүйесіне және банктердегі ішкі бақылауға талаптар күшейтілетін болады. Ең алдымен банктер өтімділікті жоғалту тәуекелі мониторингіне тәсілдерді елеулі түрде қайта өңдеуі тиіс болады, ал банктердің активтері мен пассивтерін басқару стресті ахуалдардың туындауын ескере отырып үлгіленуі тиіс.
      Көрсетілген шаралар банктерге жекеше де, шоғырландырылған негізде де, сондай-ақ банк конгломераты шеңберінде де қолданылатын болады.
       Бесіншіден, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жаңа жағдайлардағы жұмыс істеу тетіктері пысықталатын болады.
       Зейнетақы қорларының салымшыларының мүдделерін қорғау мақсатында Үкімет халықтың зейнетақы жүйесіндегі жинақтарының сақталуын, жинақтаушы зейнетақы қорларынның салымшылары үшін ашықтықтың жоғары деңгейін қамтамасыз етеді, олардың хабардар етілуін  және қаржылық сауаттылығын арттырады.
      Халықтың зейнетақы қорларына барлық салымдарын мемлекет зейнетақы жинақтарын төлеу сәтіне инфляцияның деңгейінде олар бойынша кірістерді есепке ала отырып кепілдік береді. Үкімет азаматтарға зейнетақы қорларынан тұрақты төлем мониторингін жүзеге асыратын болады және жыл сайын инфляция есебі бойынша зейнетақы жарналары және зейнеткерлікке шыққан сәттегі іс жүзіндегі жинақтар арасындағы айырмашылықтың орнын толтыру үшін республикалық бюджетте жыл сайын қажетті қаражат көзделеді.
       Жинақтаушы зейнетақы қорларының инвестициялық портфельдерін әртараптандыру үшін Үкімет пен "Самұрық-Қазына" қоры зейнетақы активтерін басым инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін тарту жөнінде шара қабылдайды, сондай-ақ құрылған Стресті активтер қоры инвестициялық рейтингі бар борыштық бағалы қағаздарды шығаруды қамтамасыз етеді.
      Қаржылық қадағалау агенттігі жинақтаушы зейнетақы қорларының инвестициялық саясатын жетілдіруді, сондай-ақ зейнетақы активтерінің сақталуын және қорлар мен зейнетақы активтерін басқарушылардың жауапкершілігін арттыруды қамтамасыз ету мақсатында олардың қызметін қадағалауды жалғастырады.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бөлімге өзгерту енгізу көзделген - ҚР Үкіметінің 2010.06.28 № 653 Қаулысымен (жариялануға жатпайды).

       Жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешу

       Ескерту. Бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.02.17 N 180, 2009.04.14 N 519, 2009.07.20 N 1101, 2009.07.21 N 1108, 2009.07.31 N 1163, 2010.10.13 N 1064 Қаулыларымен.
      Азаматтардың тұрғын үй проблемаларын шешу және Астана, Алматы қалаларында, Ақмола және Алматы облыстарында жылжымайтын мүлік нарығын жандандыру үшін "Самұрық-Қазына" қоры арқылы ипотекалық кредит берудің және тұрғын үй секторын дамытудың арнайы бағдарламасы іске қосылатын болады. Осы бағдарламаны қаржыландыруға Қор Ұлттық қордың және жинақтаушы зейнетақы қорларының қарыз қаражатын тарту есебінен қалыптастырылатын 5 млрд. АҚШ доллары (600 млрд. теңге) мөлшерінде сома беретін болады. Осы бағдарламаның қаражаты есебінен екінші деңгейдегі банктер арқылы Алматы, Астана қалаларында, Алматы және Ақмола облыстарында құрылысы аяқталмаған тұрғын үй кешендерін аяқтауға қарыздар беру қамтамасыз етілетін болады.
      Екінші деңгейдегі банктер мен тұрғын үйді әділ бағасы бойынша сатуға дайын құрылыс салушы компаниялар осы бағдарламаға қатысушылар болады.
      Жылжымайтын мүлік нарығындағы ахуалды тұрақтандыру бойынша бағдарламаның негізгі параметрлері:
      1. "Самұрық-Қазына" қоры екінші деңгейдегі банктерде жеңілдікті ставка бойынша 15 жылға бірқатар несиелік желілер ашатын болады. Өз кезегінде екінші деңгейдегі банктер қарыз алушылардың әр түрлі топтарына ипотекалық кредиттерді мерзімінен бұрын өтеу құқығымен 10,5%-12,5%-бен 15 жыл мерзімге дейін беретін болады.
      2. Қаражаттың бір бөлігі жаңа қарыз алушылар үшін түпкілікті ставканың 10,5 % деңгейінде болуын және 2009 жыл бойы іске асырылуын көздейтін жаңа ипотекалық бағдарламаға жіберілетін болады. Осы бағдарлама халыққа ипотека бойынша жеңілдікті ставкалармен және тұрғын үйдің қол жетімді бағасы бойынша тұрғын үй алуға мүмкіндік береді. Екінші деңгейдегі банктер құрылысы аяқталмаған объектілерде пәтерлер сатып алуға ипотекалық қарыздар беру жолымен қарыз алушы-құрылыс компаниялармен ахуалды түзетуге және кредиттік портфельдің сапасын елеулі дәрежеде жақсартуға мүмкіндік алады.
      3. Екінші деңгейдегі банктер қаражатының бір бөлігі қарыз алушының басқа тұрғын үйі болмаған жағдайда өткен кезеңдерде тұрғын ауданы 120 шаршы метрден аспайтын үй-жайды сатып алуға және салуға ипотекалық қарыз алған және осы ипотекалық қарыздарға қызмет көрсету жөніндегі өз міндеттемелерін адал орындаған қарыз алушылар үшін ипотекалық қарыздар бойынша пайыздық ставкаларды 9 % (мемлекеттік  қызметшілерге, мемлекеттік қызметшілер болып табылмайтын мемлекеттік мекемелердің қызметкерлеріне, мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлеріне, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген адамдарға, зейнеткерлер мен мүгедектерге) - 11 %-ға дейін (қалған барлық қарыз алушыларға) төмендетуге жібереді.
       Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2009.04.14  N 516 Қаулысымен.
      4. Өз кезегінде мемлекет ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және мемлекет қатысатын не ұлттық басқарушы холдинг немесе ұлттық холдинг қатысатын акционерлік қоғамдардың тұлғасында Астана, Алматы қалалары мен Алматы облысының нарығынан әділ бағамен жаңа тұрғын үйлер сатып алатын болады.
      Үкімет, сондай-ақ тұрғын үйге қол жетімділікті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайтын болады. Бұл үшін қолданыстағы тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасына өзгерістер енгізіледі.
      Әкімдіктерге пәтерлерді құрылысы аяқталған объектілерде және дайындығы жоғары дәрежедегі объектілерде жеке құрылыс салушылардан белгіленген баға бойынша сатып алу құқығы берілетін болады. Бұл тұрғын үй бағдарламасын іске асыруды жеделдетуге мүмкіндік береді.
      Азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуді ұлғайту мақсатында жалгерлік тұрғын үй құрылысына 15 млрд. теңге жіберілетін болады. Бұл қосымша 265 мың шаршы метр жалгерлік тұрғын үйді пайдалануға беруге мүмкіндік береді.
      Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде салынған барлық объектілер тұрғын үй құрылыс жинақтарының жүйесі арқылы сатылатын болады. Бұл халықтың басым санаттарына жылдық 4 %-дан аспайтын пайыздық ставка бойынша алдын ала тұрғын үй қарыздарын ұсынуға және тұрғын үй сатып алу үшін бастапқы салымның жинақталуына байланысты қиындықтарды болдырмауға мүмкіндік береді.
      Үлескерлердің құқықтарын қорғауды арттыру мақсатында Үкімет үлестік құрылыс мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізетін болады.
      Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес "Самұрық-Қазына" қоры Астана, Алматы қалаларындағы және Алматы облысындағы жылжымайтын мүлік объектілерінің құрылысын аяқтау үшін құрылыс салушылармен мүлікті (ақшаны) өтеусіз уақытша пайдалану шарттарын жасасатын болады. Көрсетілген шарттарда берілген ақшаның қайтарымдылығын қамтамасыз ететін тиісті тетіктер көзделетін болады. Жылжымайтын мүлік объектілері мен ақшаның шекті лимиттерін қоса алғанда, осындай құрылыс салушылардың тізбесін "Самұрық-Қазына" қоры әзірлейді және Үкімет мақұлдайды. Кейіннен осы жылжымайтын мүлік объектілері "Самұрық-Қазына" жылжымайтын мүлік қоры" акционерлік қоғамының немесе "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамының қаражаты есебінен қаржыландырылатын болады.
      Жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешу үшін "Самұрық-Қазына" қорының оның жарғылық капиталына жүз пайыз қатысатын "Самұрық-Қазына" жылжымайтын мүлік қоры" акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Жылжымайтын мүлік қоры) құрылатын болады. Жылжымайтын мүлік қоры құрылысы аяқталған немесе салынып жатқан тұрғын үй құрылысы объектілерінде тұрғын мен тұрғын емес үй-жайларды сатып алады. Бұл ретте Жылжымайтын мүлік қоры сатып алатын тұрғын мен тұрғын емес үй-жайлардың құнын анықтау бойынша негізгі тәсілдерді "Самұрық-Қазына" қоры әзірлейтін және Үкімет мақұлдайтын болады.
      "Самұрық-Қазына" қорының Басқармасы Жылжымайтын мүлік қорының жылжымайтын мүлікті сатып алу ережесін бекітеді. Бұл ретте Жылжымайтын мүлік қоры көрсетілген Ереженің талаптарына сәйкес қатаң түрде тұрғын үй құрылысы объектілерін іріктейді, құрылыс салушыларды, қаржыландырудың жалпы сомасын, бір шаршы метр үшін бағасын анықтайды және Жылжымайтын мүлік қорының Директорлар кеңесі, "Самұрық-Қазына" қорының Басқармасы бекітетін және Үкімет мақұлдайтын көрсетілген объектілер тізбесін қалыптастырады.
      "Стресті активтер қоры" акционерлік қоғамы жылжымайтын мүлік объектілерін екінші деңгейдегі банктерден сатып алатын болады, сондай-ақ жылжымайтын мүлік объектілерінің құрылысын аяқтау үшін екінші деңгейдегі банктерде қаражатты негізделген орналастыруды жүргізеді.
      Осы бөлімде көзделген қаражаттың 70 (жетпіс) млрд. теңге мөлшеріндегі ақшалай қаражаты басым инвестициялық жобаларды (Бейнеу - Бозой газ құбырын салу, «Алатау Жарық» компаниясының кіші станциясын салу, Қорғас - Жетіген темір жолын салу, «Өзен - Түркіменстан шекарасы» темір жолын салу, Атырау облысындағы газ-химия кешенінің инфрақұрылымын салу) қаржыландыруға бағытталады.
      Ескерту. 4-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.02.17 N 180, 2009.10.09 N 1553, 2010.10.13 N 1064 Қаулыларымен.

Шағын және орта бизнесті, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта
өңдеу және тамақ өнімдерін өндіру ұйымдарын қолдау

       Ескерту. Бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.02.17. N 180; 2009.05.06 N 633, 2009.10.09 N 1553, 2010.10.13 N 1064 Қаулыларымен.

      Экономиканы отандық қаржы институттары тарапынан қаржыландырудың қысқаруы жағдайында шағын және орта бизнеске көмек көрсету жалғасатын болады. Мемлекеттік қолдау олардың салалық тиістілігіне қарамастан, шағын және орта бизнестің барлық субъектілеріне көрсетілетін болады.
      Біріншіден, осы мақсаттарға "Самұрық-Қазына" қоры 2009 жылы қосымша 1 млрд. АҚШ долларын (120 млрд. теңге) бөледі. Бөлінетін қаражат шеңберінде 70% ағымдағы жобаларды қайта қаржыландыруға және 30% жаңа жобаларды іске асыруға бағытталатын болады.
      Азық-түлік нарығындағы проблемаларды шешу үшін және отандық тамақ өнімдерін өндірушілерді қолдау мақсатында бөлінетін 30 % шеңберіндегі қаражатты ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және тамақ өнімдерін ендіру жөніндегі жобаларды қаржыландыруға жіберу ұсынылады. Бұл ретте ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді және тамақ өнімдерін өндіруді жүзеге асыратын көрсетілген қарыз алушылар тек қана шағын және орта бизнес субъектілеріне жатқызылмауы мүмкін.
      Екінші деңгейдегі банктер шағын және орта бизнеске кредит беру бойынша барлық бағдарламалардың операторлары болады. "Самұрық-Қазына" қоры бөлетін қаражат шеңберінде бір жобаны қаржыландыруға арналған лимит 3-тен 5 млн. АҚШ. долларына дейін өседі.
      Үкімет "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп шағын және орта бизнес үшін сыйақы ставкасын тұрақтандыру бойынша дағдарысқа дейінгі деңгейге дейін (12,5 %-дан аспайтын) шара қабылдайды, сондай-ақ тиімді ставканы тіркей отырып, шағын және орта бизнесті қолдау бойынша қабылданған барлық бағдарламалар қайта қаралатын болады.
      "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры шағын және орта бизнеске берілетін кредиттерге кепілдік беру тетігін енгізетін болады.
       Екіншіден, "Самұрық-Қазына" қоры ауылдық жерде шағын кредит берудің, оның ішінде ауылдық кәсіпкерлерге кредит берудің бағдарламасын әзірлейді.
       Үшіншіден, шағын және орта бизнес субъектілерін тұрақты тапсырыстармен қамтамасыз ету мақсатында оларға "Мемлекеттік сатып алу туралы" жаңа заңның қолданылуы шеңберінде мемлекеттік органдардың, мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың мемлекеттік тапсырыстарына қол жеткізуі ұсынылатын болады.
      Жер қойнауын пайдаланушылармен және сервистік компаниялармен қазақстандық қатысуды ұлғайту бойынша жұмыс күшейтілетін болады.
       Төртіншіден, Үкімет кәсіпкерлікті дамыту үшін әкімшілік кедергілерді төмендету және рұқсат беру жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша жұмысты жалғастырады.
      Бесіншіден, "Стресті активтер қоры" акционерлік қоғамы қаражатының бір бөлігі "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамы, "Стресті активтер қоры" акционерлік қоғамы мен "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамы арасындағы Екінші деңгейдегі банктер мен лизингілік компаниялар арқылы өңдеуші өнеркәсіп саласындағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің лизингілік мәмілелерін қаржыландыру туралы келісімнің негізінде банктер мен лизингілік компаниялар арқылы қаржылық лизингке жабдықтар сатып алу үшін шағын және орта бизнес субъектілеріне кейіннен кредит беру мақсатында қаржы ұйымдарына кредит беруге бағытталатын болады.

       Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту

       Ескерту. Бөлімге өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009.06.11 N 890 Қаулысымен.

      Агроөнеркәсіптік кешенді дамуға ерекше назар аударылатын болады. Агроөнеркәсіп сектор экономиканы тұрақтандыру мен сауықтыру бағыттарының бірі ретінде белгілеуге мүмкіндік беретін негізгі факторлар мыналар:
      1. Агроөнеркәсіптік кешен жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының 30%-ын шоғырландырады. Сондықтан ол халықты жұмыспен қамту деңгейін қолдауға бағытталған шаралардың орталық буыны болып табылады.
      2. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс жағымсыз экономикалық үрдістің әсеріне ұшырау деңгейі барынша аз.
      3. Агроөнеркәсіптік кешен елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндетті шешеді.
      4. Қазақстан экспорт нарығында өнімнің бәсеке қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті түрде салыстырмалы артықшылықтарға ие болып отыр.
      Көрсетілген себептерге қарай агроөнеркәсіп секторындағы өндірісті қолдау мен көлемін кеңейту экономикалық белсенділіктің және халықтың жұмыспен қамтылуының артуына , ал орта мерзімді перспективада - экспортты әртараптандыру мен экономикалық дамудың орнықтылығын қамтамасыз етуге елеулі түрде оң ықпалын тигізеді.
      Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған республикалық бюджеттен шығыстар 2009 - 2011 жылдары 350 млрд. теңгеге жуықты құрайды.
      Агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға "ҚазАгро" холдингінен қосымша 1 млрд. АҚШ доллары (120 млрд. теңге) көлемінде қаражат берілетін болады. Жобалар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялармен бірлесіп іске асырылатын болады.
      Инвестициялар, ең алдымен, астық секторы, ет және сүт өнімдерін қайта өңдеу және жеміс-көкөніс дақылдарын өндіру сияқты қолданыстағы секторларды қолдауға және жаңа экспортқа бағдарланған секторларды дамытуға бағытталатын болады. Дамыған экспорттық инфрақұрылымдары бар жылыжай шаруашылықтарының, көкөніс қоймаларының, құс фабрикаларының, тауарлы-сүт фермаларының, семірту алаңдары мен сойыс пункттерінің желілері құрылатын болады. Қазіргі заманғы ет өңдеу кешендерін ұйымдастыру, тамшылатып суландыру технологияларын қолданып жеміс-көкөніс дақылдарын өндіруді және жіңішке жүн талшығын терең өңдеуді дамыту, Қазақстан астығы экспортының инфрақұрылымын дамыту, аграрлық техникалық маркеттерді құру және дамыту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру жөніндегі жобалар іске асырылатын болады.
      Агроөнеркәсіптік кешенде инвестициялық жобаларды іске асыратын қарыз алушыларды таңдау рәсімдерінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында құрамына Парламент депутаттары, партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері және "ҚазАгро" холдингі мен оның еншілес ұйымдарының өкілдері және басқалар кіретін қоғамдық комиссиялар құрылатын болады.
      Көрсетілген инвестициялық жобаларды іске асыру осы Жоспардың бағыттары шеңберінде басым сипатқа ие болады.
      Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан қарызға алынған, 2009 - 2010 жылдары инвестициялық жобаларды іске асыруға уақытша тартылмаған (рәсімдік және технологиялық себептерге байланысты) ақшалай қаражат заңнамада белгіленген тәртіппен астық сатып алу, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін, оның ішінде көктемгі-егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге кредит беру арқылы қаржыландыруға және ауыл шаруашылығы өнімін сатып алуды жүзеге асыру арқылы кейіннен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қаржыландыруға бағытталатын болады.
      Бұл ретте "ҚазАгро" холдингі 2009 - 2010 жылдар ішінде агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің көрсетілген қаражатты инвестициялық жобаларды уақтылы іске асыру үшін кезең-кезеңімен қайтаруын қамтамасыз етуі тиіс.
 
      Инновациялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру

      Ескерту. Бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.02.17 N 177, 2009.10.09 N 1553, 2009.11.03 N 1747 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз), 2010.04.14 № 303 Қаулыларымен.
      Экономикалық дамудың жүйелік проблемаларын шешу және халықты жұмыспен қамту деңгейін қолдау үшін ауқымды құрылыс жүргізу және инфрақұрылымды жаңғырту қамтамасыз етілетін болады.
      Инфрақұрылымға, әсіресе электр энергетикасы секторына инвестициялар ұзақ мерзімді кезеңде тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін маңызы зор болады. Инвестицияларды, ең алдымен, экономиканың шикізат емес секторына одан әрі тарту, инфрақұрылымдық проблемаларды шешуге байланысты болады.
      Үздік әлемдік практика инфрақұрылымды дамыту экономикалық белсенділікті қолдау және дағдарыс кезінде халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі барынша тиімді құралдардың бірі болып табылатындығын көрсетіп отыр.
      Инновациялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға "Самұрық-Қазына" қоры қосымша 1 млрд. АҚШ долларын (120 млрд. теңге) бөледі және 2009 жылы 3 млрд. АҚШ доллары мөлшерінде тікелей шетелдік инвестициялар тартылатын болады. Бұдан басқа, "Самұрық-Қазына" қорының жобаларын қаржыландыруға зейнетақы қорларының қаражаты тартылатын болады.
       Электр энергетикасы саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін Үкімет келесі жылдан бастап әр жылдарға бөле отырып кемінде жеті жыл мерзімге арналған энергия өндіруші ұйымдардың тобы бойынша шектеулі тарифтерді бекітеді және оны бұған дейінгі жылдың инфляциясын ескере отырып жыл сайын түзететін болады. Электр энергиясына арналған шекті тарифтер жаңа активтерді құруға, электр энергетикасындағы қазіргі энергия жинақтайтын қуаттарды кеңейтуге, жаңартуға, қайта жаңалауға және техникалық қайта жарақтандыруға инвестициялар тартуды қамтамасыз ететін болады.
      Электрожелілік активтерді дамыту үшін тарифтерге инвестициялық құрауышты енгізу көзделуде. Осыған байланысты Үкімет электр желісіне қосылғаны үшін төлемді толығымен алып тастайды.
      Үкімет энергияны үнемдеу және энергияның қайта жаңартылатын көздерін пайдалану жөніндегі шаралар кешенін қосымша пысықтайтын болады.
      Сондай-ақ "Стресті активтер қоры" акционерлік қоғамы экономиканың нақты секторын қолдау мақсатында "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамы, "Стресті активтер қоры" акционерлік қоғамы, "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамы мен екінші деңгейдегі банктер арасындағы Өңдеуші өнеркәсіп саласындағы кәсіпкерлік субъектілеріне кейіннен кредит беру үшін "Стресті активтер қоры" акционерлік қоғамының қаражатын екінші деңгейдегі банктерге орналастыру туралы бас келісімнің және "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамы, "Стресті активтер қоры" акционерлік қоғамы мен "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамы арасындағы Өңдеуші өнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобаларға кейіннен кредит беру үшін "Стресті активтер қоры" акционерлік қоғамының "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамына ұзақ мерзімді жеңілдікті кредит беруі туралы келісімнің негізінде өңдеуші өнеркәсіптегі кәсіпкерлік субъектілеріне кейіннен кредит беру үшін қаражатты екінші деңгейдегі банктерге негізделген орналастыруды және өзге қаржы ұйымдарына кредит беруді жүргізеді.
      Үкімет халықтың нақты табыстарының сақталуы жөніндегі барлық шараларды қабылдайды және Мемлекет басшысының 2009 - 2011 жылдары әлеуметтік төлемдерді, зейнетақыны және бюджет саласының қызметкерлеріне жалақыны арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыруды қамтамасыз етеді.
      Атап айтқанда, 2009 және 2010 жылдары зейнетақының, жалақы мен стипендиялардың мөлшері 25%-ға ұлғаятын болады. 2011 жылға қарай базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50%-ға дейін ұлғайтылатын болады.
      Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың және арнайы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері жыл сайын 9%-ға ұлғайып отырады.
      2010 жылдан бастап, сондай-ақ 4-ші және одан көп бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақының мөлшері 50 айлық есептік көрсеткішке дейін және бала бір жасқа толғанға дейін күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы 2007 жылғы деңгеймен салыстырғанда 2,5 есе ұлғаятын болады.
      Үкімет жоғары білім алу үшін ақылы негізде оқып жатқан жоғары оқу орындарында білім алушылардың жекелеген санаттарын қолдау жөнінде шаралар қабылдайды. Көрсетілген мақсат үшін "Самұрық-Қазына" қоры білім алушылардың жекелеген санаттарына кредит беруді жүзеге асыру үшін екінші деңгейдегі банктерге 15 млрд. теңге мөлшерінде ақшалай қаражат ұсынатын болады.
      Кәсіпорындарда өндіріс көлемі төмендеген жағдайда Үкімет ірі компаниялармен қызметкерлердің жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бойынша жұмыс істейтін болады.
      Қажет болған кезде Үкімет облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесіп, қоғамдық жұмыстардың белсенді түрлерін қолданып және өңірлерде жаңа жұмыс орындардың ашып, оның ішінде инфрақұрылымдық және әлеуметтік объектілердің ауқымды құрылысы арқылы, оның ішінде "100 мектеп, 100 аурухана" жобасы шеңберінде халықтың жұмыспен өнімді қамтылуын арттыру жөнінде қосымша іс-шаралар көздейтін болады.
      Ішкі нарықта тауарлардың тапшылығына және бағалардың өсуіне жол бермеу мақсатында Үкімет бірінші кезекте қажетті тауарлардың - ет, құрғақ сүт, өсімдік майы, қант және күріштің тұрақтандыру қорларын қалыптастыру жөніндегі жұмысты жалғастырады.

      Қорытынды

      Ескерту. Бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.10.09 N 1553 Қаулысымен.

      Тұтастай алғанда тұрақтандыру шараларын іске асырудан Қазақстан экономикасы қосымша 2 172 млрд. теңге көлемінде мемлекеттік қолдау алады, олардың ішінде, мыналардың есебінен:
      Ұлттық қор қаражаты - 1 200 млрд. теңге ;
      Ұлттық Банк шаралары - 350 млрд. теңге ;
      жаңа Салық кодексін қолдану шеңберінде салықтық жүктемені төмендету — 500 млрд. теңге ;
      Стресті активтер қорын құру - 70 млрд. теңге .
      2007 - 2008 жылдары қабылданған шаралардың және Жоспарды іске асырудың нәтижесінде Қазақстанда 2009 - 2010 жылдары ЖІӨ-нің нақты өсімі жылына 1-3 % деңгейінде күтіледі . Инфляция деңгейі 2009 және 2010 жылдардың соңына қарай 7 - 9 % шегінде ұстап тұрылатын болады. Алдағы екі жыл ішінде жұмыссыздық деңгейі 8% -дан аспайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады