Байланыс формасы

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру ережесін бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 17 ақпандағы N 172 Қаулысы.

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексіне және "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру ережесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 17 ақпандағы
N 172 қаулысымен
бекітілген

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерлерге ауыстыру ережесі

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.11.14 № 1337 Қаулысымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексіне және "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегіЗаңына сәйкес әзірленді және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру тәртібін айқындайды.

      Мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде, шаруашылық қызметтің шектеулі режимі белгіленген учаскелерді ғана, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында көзделген туризм объектілерін, ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстарын салу және олардың жұмыс істеуі үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының объектілерін ықтимал орналастырудың басқа жолдары болмаған кезде, оларды салу, жайғастыру және күтіп-ұстау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен босалқы жерге ауыстыру жағдайларын қоспағанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін ауыстыруға жол берілмейді.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 22.10.2013 № 1129 қаулысымен.

      2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының объектісі (бұдан әрі - Мемлекеттік шекара объектісі) - шекара қызметінің бөлімшелері орналасқан, инженерлік-техникалық құрылыстар мен тосқауылдарды, шекаралық белгілерді, шекаралық соқпақ жолдарды, коммуникацияларды және мемлекеттік шекара өткізу пункттерін жайластыруға және күтіп ұстауға арналған орын;

      2) ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылысы (бұдан әрі - су шаруашылығы құрылысы) - Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстарының тізбесіне енгізілген, су ресурстарын пайдалану мен қорғауды реттеу, сумен жабдықтау, су бұру және судың зиянды әсерін жою мақсатында қолдан жасалған гидротехникалық құрылыстар мен құрылғылар;

      3) туризм объектісі (бұдан әрі – туризм объектісі) – туризм индустриясының объектісі, оның ішінде туристерді, көлікті, қоғамдық тамақтандыру объектілерін, ойын-сауық объектілері мен құралдарын, танымдық, сауықтыру, спорттық және басқа да мақсаттағы объектілерді орналастыру үшін қажет, құрылысы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында көзделген ғимараттар мен құрылыстар жиынтығы.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 22.10.2013 № 1129 қаулысымен.

2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру тәртібі

      3. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына енгізгенге дейін айқындалған ерекше қорғалатын табиғи аумақта туризм объектісін, су шаруашылығы құрылысын, Мемлекеттік шекара объектісін ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналастыру орындары ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті органмен ықтимал орналастырудың басқа нұсқаларының (орындарының) болмауы тұрғысында келісіледі.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 22.10.2013 № 1129 қаулысымен.

      4. Уәкілетті орган салынуы мен жұмыс істеуі ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыруды қажет ететін туризм объектісін, су шаруашылығы құрылысын, Мемлекеттік шекара объектісін ықтимал орналастырудың басқа нұсқаларының (орындарының) болмауы мәселесін қарау үшін комиссия (бұдан әрі - комиссия) құрады.

      Комиссия құрамына туризм саласындағы уәкілетті органдардың (туризм объектісін орналастыруды қарау кезінде), аумақтық орман және аңшылық шаруашылығы инспекциясының, су ресурстарын реттеу жөніндегі бассейндік инспекцияның (су шаруашылығы құрылыстарын орналастыруды қарау кезінде), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің (Мемлекеттік шекара объектілерін қарау кезінде), қарауында ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар мемлекеттік органдардың және жерді ауыстыруға бастамашы болып табылатын өзге органдардың (бұдан әрі - мүдделі орган) өкілдері кіреді, ол сұралып отырған жер учаскесін орналасқан жеріне барып тексереді.

      5. Уәкілетті орган бекіткен ерекше қорғалатын табиғи аумақты функционалдық аймақтарға бөлуді және оның инфрақұрылымын дамытудың бас жоспарын ескере отырып шығарылған комиссияның оң қорытындысы туризм объектісін, су шаруашылығы құрылысын, Мемлекеттік шекара объектісін ерекше қорғалатын табиғи аумақта орналастыру орындарын келісу үшін негіз болып табылады.

      Комиссия ұсынған туризм объектілерін, су шаруашылығы құрылысын, Мемлекеттік шекара объектісін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың шекараларынан тыс ықтимал орналастырудың басқа нұсқалары болған жағдайда уәкілетті орган ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстырудан дәлелді бас тартуды ұсынады.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 22.10.2013 № 1129 қаулысымен.

      6. Туризм объектісін, су шаруашылығы құрылысын, Мемлекеттік шекара объектісін ерекше қорғалатын табиғи аумақта орналастыру орындары келісілгеннен кейін мүдделі орган ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстырудың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуді ұйымдастырады.

      7. Туризм объектісін, су шаруашылығы құрылысын, Мемлекеттік шекара объектісін салу және олардың жұмыс істеуі үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстырудың техникалық-экономикалық негіздемесі:

      1) босалқы жерге ауыстырылатын сұралып отырған жер учаскесін бөліп берудің жерге орналастыру жобасын;

      2) сұралып отырған жер учаскесін босалқы жерге ауыстыру бойынша залалды жабуға байланысты шығындардың есептемесін;

      3) сұралып отырған жер учаскесі мен оған іргелес аумақтардағы мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерін барынша толық сақтау және қорғау жөніндегі іс-шараларды орындауға жұмсалатын шығындардың есептемесін;

      4) рекреациялық жүктемелер нормаларын айқындай отырып (туризм объектісі үшін) табиғи кешендерді реттелмелі туристік мақсатта пайдалану шарттарын;

      5) мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерін барынша толық сақтауды ескере отырып, үй-жайларды, ғимараттарды, коммуникацияларды, жолдарды орналастыру орындары көрсетіліп, туризм объектісін, су шаруашылығы құрылысын, Мемлекеттік шекара объектісін салу үшін сұралып отырған жер учаскесінің нобайын (нобайлық жобаны);

      6) қоршаған ортаға әсерін алдын ала бағалауды қамтиды.

      8. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстырудың бастамашылары техникалық-экономикалық негіздеме әзірленгеннен кейін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен қоғамдық тыңдаулар өткізеді.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 22.10.2013 № 1129 қаулысымен.

      9. Техникалық-экономикалық негіздемені ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстырудың бастамашысы бекітеді және ол уәкілетті органға келісу үшін жіберіледі.

      Ескерту. Ереже 9-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 22.10.2013 № 1129 қаулысымен.

      10. Уәкілетті органмен келісілген техникалық-экономикалық негіздеме қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мемлекеттік экологиялық сараптамаға жіберіледі.

      Ескерту. Ереже 10-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 22.10.2013 № 1129 қаулысымен.

      11. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алған техникалық-экономикалық негіздеме ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын әзірлеуге негіз болып табылады.

      Ескерту. Ереже 11-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 22.10.2013 № 1129 қаулысымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады