Үшінші елдерге қатысты бірыңғай кедендік аумақта тауарлармен жасалатын сыртқы сауданы қозғайтын шараларды енгізу және қолдану тәртібі туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 8 маусымдағы N 852 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі Қ АУЛЫ ЕТЕДІ:
      1 Қоса беріліп отырған Үшінші елдерге қатысты бірыңғай кедендік аумақта тауарлармен жасалатын сыртқы сауданы қозғайтын шараларды енгізу және қолдану тәртібі туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Үшінші елдерге қатысты бірыңғай кедендік аумақта тауарлармен жасалатын сыртқы сауданы қозғайтын шараларды енгізу және қолдану тәртібі туралы келісімге қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                   К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2009 жылғы 8 маусымдағы
N 852 қаулысымен   
мақұлданған    

Жоба

Үшінші елдерге қатысты бірыңғай кедендік аумақта тауарлармен
жасалатын сыртқы сауданы қозғайтын шараларды енгізу және
қолдану тәртібі туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі,
      2007 жылғы 6 қазандағы Бірыңғай кедендік аумақ құру және кеден одағын қалыптастыру туралы шартты және 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының комиссиясы туралы шартты негізге ала отырып,
      2008 жылғы 25 қаңтардағы Үшінші елдерге қатысты тарифтік емес реттеудің бірыңғай шаралары туралы келісімді іске асыру және кеден одағының тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында,
      халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған принциптері мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап. Жалпы ережелер

      1. Осы Келісім үшінші елдерге қатысты бірыңғай кедендік аумақта тарифтік емес реттеудің бірыңғай шараларын, тауарлармен жасалатын сыртқы сауданы қозғайтын және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық мүдделеріне сүйене отырып енгізілетін шараларды, сондай-ақ тауарлармен жасалатын сыртқы саудаға тыйым салу мен шектеулердің айрықша түрлерін енгізу және қолдану тәртібін (бұдан әрі - реттеу шаралары) айқындайды.
      2. Кеден одағының жоғарғы органы Кеден одағының комиссиясына (бұдан әрі - Комиссия) үшінші елдерге қатысты реттеу шараларын қолдану жөніндегі өкілеттіктерді берген күнінен бастап осы Келісімнің  8 және 9-баптарында көзделген шаралардан басқа реттеу шаралары Комиссияның шешімімен енгізіледі.
      3. Оларға қатысты реттеу шаралары қолданылатын тауарлар Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде үшінші елдермен жасалатын саудада кеден одағына қатысушы мемлекеттердің әкетуіне немесе әкелуіне тыйым салу немесе шектеулер қолданылатын тауарлардың бірыңғай тізбесіне (бұдан әрі - бірыңғай тізбе) енгізіледі. Бірыңғай тізбені Комиссия оған реттеу шараларын қолдану туралы шешім қабылдау жөніндегі тиісті өкілеттіктер берілген күнінен бастап бекітеді.
      4. Комиссия тауардың жекелеген түріне қатысты реттеу шараларын енгізу туралы шешім қабылдағаннан кейін оны Комиссия бірыңғай тізбеге енгізеді.

2-бап. Комиссияның тарифтік емес реттеудің бірыңғай шараларын
енгізу, қолдану және алып тастау туралы шешім қабылдауы

      1. Комиссия 2008 жылғы 25 қаңтардағы Үшінші елдерге қатысты тарифтік емес реттеудің бірыңғай шараларын (бұдан әрі - тарифтік емес реттеу шаралары) енгізу туралы келісімнің 3 - 6-баптарына сәйкес тарифтік емес реттеудің бірыңғай шараларын енгізу, қолдану және алып тастау туралы шешім қабылдайды.
      2. Комиссия тауардың жекелеген түріне қатысты тарифтік емес реттеу шараларын енгізу туралы ұсынысты мыналарды қамтитын құжаттардың негізінде қарайды:
      кеден одағының жоғарғы органы бекітетін Сыртқы экономикалық қызметтің Бірыңғай тауар номенклатурасына сәйкес (СЭҚ БТН) тауардың атауы және оның коды;
      ұсынылатын тарифтік емес реттеу шаралары:
      экспортқа тыйым салу;
      экспортқа және (немесе) импортқа сандық шектеулер;
      экспортқа және (немесе) импортқа айрықша құқық беру;
      сыртқы сауда саласындағы лицензиялау;
      экспортты және (немесе) импортты қадағалау;
      ұсынылатын тарифтік емес реттеу шараларының қолданылу мерзімі (шараларды қолданудың басталған және аяқталған күндері);
      осы Келісімнің 3 - 5-баптарының ережелеріне сәйкес тарифтік емес реттеу шараларын енгізу қажеттілігінің негіздемесі.
      Ұсыныс Тараптың (Тараптардың) да, Комиссияның да бастамасы бойынша берілуі мүмкін.
      3. Тарифтік емес реттеу шараларын енгізу туралы шешімді Комиссия Тарап (Тараптар) ұсыныс берген күннен бастап 30 күннен кешіктірмей қабылдайды.
      4. Комиссияның тарифтік емес реттеу шараларын енгізу, қолдану және алып тастау туралы шешімі 2008 жылғы 12 желтоқсандағы Кеден одағының комиссиясы рәсімінің ережесіне сәйкес жарияланады және жарияланған күнінен бастап 45 күннен кешіктірілмей күшіне енеді.

3-бап. Тыйым салу немесе сандық шектеулер

      1. Сандық шектеулерді, оның ішінде тауарлар экспортына тыйым салуды енгізу қажеттілігінің негіздемесі мыналарды қамтуы тиіс:
      а) тауарлар экспортына қатысты:
      кеден одағы шеңберінде өндіру және тауарға сұраныс көлемдері (заттай және құндық мәнде) туралы мәліметтер, статистикалық деректер, қаржы-экономикалық есептер және 2008 жылғы 25 қаңтардағы Үшінші елдерге қатысты тарифтік емес реттеудің бірыңғай шаралары туралы келісімнің 3-бабында көзделген жағдайларда әкетуге рұқсат етілген тауардың кеден одағының ішкі нарығында осы тауардың мүлдем жетіспеуін болдырмауға не азайтуға мүмкіндік беретін көлемдерін негіздейтін басқа ақпарат;
      бірыңғай кедендік аумақтан экспортталатын тауар көлемі туралы мәліметтер;
      б) тауарлар импортына қатысты:
      тауарды өндіру және сату көлемдері (заттай және құндық мәнде) туралы мәліметтер, статистикалық деректер, қаржылық-экономикалық есептер және 2008 жылғы 25 қаңтардағы Үшінші елдерге қатысты тарифтік емес реттеудің бірыңғай шаралары туралы келісімнің 3-бабында көзделген жағдайларда кез келген түрде әкелінетін ауыл шаруашылығы тауарларының немесе су биологиялық ресурстардың импортын шектеу қажеттілігін негіздейтін басқа ақпарат;
      бірыңғай кедендік аумаққа осы тауарды импорттау көлемдері туралы мәліметтер.
      2. Комиссия бірыңғай кедендік аумақта сандық шектеулерді енгізген жағдайда экспорттық және (немесе) импорттық квоталар қолданылады. Сандық шектеулер мыналарға қолданылады:
      экспорт кезінде - бірыңғай кедендік аумақтан шығарылатын тауарларға ғана қатысты;
      импорт кезінде - үшінші елдерден шығарылатын тауарларға ғана қатысты.
      Егер сандық шектеулер барлық үшінші елдерден жасалатын импортқа немесе барлық үшінші елдерге жасалатын экспортқа қатысты қолданылмайтын болса ғана, мұндай сандық шектеулер қандай да бір үшінші ел аумағынан импортталатын тауарға немесе қандай да бір ел аумағына арналған тауар экспортына қатысты қолданылмайды. Мұндай ереже еркін сауда аймағы туралы халықаралық шарттарға сәйкес Тараптар мемлекеттерінің міндеттемелерін сақтауға бөгет болмайды.
      Оларға қатысты экспорттың сандық шектеулері енгізілуі мүмкін тауарлар оларға қатысты айрықша жағдайларда экспортты уақытша шектеу немесе тыйым салу енгізілуі мүмкін кеден одағының ішкі нарығы үшін айтарлықтай маңызды болып табылатын тауарлар тізбесінде (бұдан әрі - айтарлықтай маңызды тауарлар тізбесі) қамтылуы тиіс.
      Айтарлықтай маңызды тауарлар тізбесін Тараптардың ұсыныстары негізінде Комиссия оған үшінші елдерге қатысты тарифтік емес реттеу шараларын қолдану бойынша өкілеттіктер берілген күнінен бастап 30 күннен кешіктірмей бекітеді.
      3. Комиссия Тараптар мемлекеттерінің арасындағы экспорттық және (немесе) импорттық квоталардың көлемдерін бөледі және Тараптар мемлекеттерінің сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларының арасында экспорттық және (немесе) импорттық квоталардың үлестерін бөлу әдісін айқындайды, сондай-ақ қажет болған жағдайда үшінші елдер арасындағы импорттық квоталардың көлемін бөледі.
      Комиссия Тараптар мемлекеттерінің арасында экспорттық және (немесе) импорттық квоталардың көлемдерін бөлуді Тараптардың ұсыныстарын есепке ала отырып, сандық шектеулерді енгізумен шешу болжанатын міндеттерге байланысты Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысындағы тауарларды өндіру және (немесе) тұтыну көлемдеріне сүйене отырып жүзеге асырады.
      4. Комиссия экспорттық және (немесе) импорттық квоталарды қолдану туралы шешім қабылдаған кезде мыналарды қамтамасыз етеді:
      экспорттық және (немесе) импорттық квоталарды (олар үшінші елдер арасында бөлінетін-бөлінбейтіне қарамастан) белгілі бір мерзімге белгілеу;
      егер импорттық квота үшінші елдер арасында бөлінетін болған жағдайда, оларға бөлінген импорттық квота көлемі туралы барлық мүдделі үшінші елдерге хабарлау;
      экспорттық және (немесе) импорттық квоталарды қолдану, олардың көлемдері және қолданылу мерзімдері туралы, сондай-ақ үшінші елдер арасында импорттық квоталарды бөлу туралы ақпаратты жариялау.
      5. Егер Комиссия осындай шешім қабылдаған жағдайда, үшінші елдер арасында импорттық квоталарды бөлуді әдетте, Комиссия үшінші елдерден барлық маңызды өнім берушілермен консультациялар негізінде жүзеге асырады.
      Осы бапта үшінші елдерден маңызды өнім берушілер деп бірыңғай кедендік аумақта осы тауар импортында 5 пайыз және одан көп үлесі бар өнім берушілер түсініледі.
      6. Егер импорттық квоталарды бөлуді үшінші елдерден барлық маңызды өнім берушілермен консультациялар нәтижелерінің негізінде жүзеге асыру мүмкін болмайтын жағдайда, үшінші елдер арасында квоталарды бөлу туралы шешімді Комиссия алдыңғы кезең ішінде осы елдерден жеткізілетін тауар көлемін есепке ала отырып қабылдауы тиіс.
      7. Мұндай тауарды жеткізуді импорттық квотаны қолдану кезеңінде жүргізу шартымен Комиссия кез келген үшінші елге оған бөлінген импорттық квотаны толық пайдалануға бөгет болуы мүмкін ешқандай шарттарды немесе формальдылықтарды белгілемейді.
      8. Оған қатысты экспорттық және (немесе) импорттық квота енгізілетін тауар үшін алдыңғы кезеңді таңдауды Комиссия жүзеге асырады. Бұл ретте, әдетте, оларға қатысты экспорттың және (немесе) импорттың шынайы көлемдерін неғұрлым ықтимал бейнелейтін ақпарат қол жетімді болатын алдыңғы кез келген 3 жыл осындай кезең деп қабылданады. Алдыңғы кезеңді таңдау мүмкіндігі болмаған кезде экспорттық және (немесе) импорттық квота экспорттың және (немесе) импорттың шынайы көлемдерін бөлуді бағалау негізінде бөлінеді.
      Осы бапта экспорттың және (немесе) импорттың шынайы көлемдері ретінде оларға шектеулер болмаған жағдайда экспорттың және (немесе) импорттың көлемдері түсініледі.
      9. Тауарды жеткізуге мүдделі кез келген үшінші елдің өтініші бойынша Комиссия осы елмен мыналарға қатысты консультациялар жүргізуге тиіс:
      белгіленген импорттық квотаны қайта бөлу қажеттігі;
      таңдап алынған алдыңғы кезеңді өзгерту;
      импорттық квотаны бөлуге немесе оны шектеусіз пайдалануға қатысты бір жақты тәртіппен белгіленген шарттарды, формальдылықтарды немесе кез келген басқа ережелерді алып тастау қажеттігі.
      10. Сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында экспорттық және (немесе) импорттық квоталар үлестерін бөлуді Тараптар Комиссия айқындайтын әдіспен жүзеге асырады әрі ол экспорттық және (немесе) импорттық квоталар үлестерін алуға қатысты сыртқы сауда қызметіне қатысушылардың тең құқылы болуына және меншік нысанының, тіркелген орнының немесе нарықтағы жағдайының белгілері бойынша кемсітпеушілікке негізделеді.
      11. Экспорттық және импорттық квоталар шеңберінде тауарларды кедендік ресімдеу осындай тауарлар экспортына және (немесе) импортына  Тараптар мемлекеттерінің атқарушы билігінің уәкілетті мемлекеттік органдары берген лицензия болған кезде жүзеге асырылады.
      12. Импорттық квоталарды үшінші елдер арасында бөлген жағдайлардан басқа, Комиссия лицензияларды осы тауарды қандай да белгілі бір елге және (немесе) қандай да белгілі бір елден экспорттау (импорттау) үшін пайдалануды талап етуге тиіс емес.
      13. Комиссия экспорттық және (немесе) импорттық квоталарды пайдалануға байланысты:
      көрсетілген тауар саудасына мүдделі үшінші елдің талабы бойынша экспорттық және (немесе) импорттық квоталарды бөлу тәртібіне, оларды сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында бөлу тетігіне және лицензиялар берілген квоталар көлемдеріне қатысты ақпарат беруге;
      экспортты және (немесе) импорты болашақта белгілі бір уақыт ішінде рұқсат етілетін тауардың жалпы саны немесе құны туралы, сондай-ақ экспорттық және (немесе) импорттық квоталарды қолданудың басталатын және аяқталатын күндері мен олардағы кез келген өзгерістер туралы ақпаратты жариялауға тиіс.

4-бап. Тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортына және
(немесе) импортына айрықша құқық

      1. Комиссияның сыртқы сауда қызметін тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортына және (немесе) импортына айрықша құқық беру жолымен жүзеге асыруға шектеу енгізу туралы шешімі Тараптардың (Тараптың) ұсынысы бойынша қабылданады.
      Тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортына және (немесе) импортына айрықша құқық енгізу қажеттігінің негіздемесінде статистикалық деректер, қаржы-экономикалық есептер және тарифтік емес реттеудің осы шараларын қолданудың орындылығын растайтын өзге де қажетті ақпарат қамтылуға тиіс.
      2. Экспортына және (немесе) импортына айрықша құқық берілетін тауарлардың жекелеген түрлері, сондай-ақ тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортына және (немесе) импортына айрықша құқық берілетін ұйымдарды Тараптардың айқындау тәртібі Комиссияның шешімімен белгіленеді.
      Комиссия шешімінің негізінде Тараптар тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортына және (немесе) импортына айрықша құқық берілген сыртқы сауда қызметіне қатысушылар кемсітпеушілік принципін негізге ала отырып және тауардың бағасын, сапасын, қол жетімділігін, оның өтімділігін, тасымалдау шарттарын және сатып алудың немесе сатудың басқа шарттарын қоса алғанда, тек қана коммерциялық түсінікті басшылыққа ала отырып, тауарлардың жекелеген түрлерінің экспорты және (немесе) импорты бойынша мәмілелер жасайды және басқа Тараптар мемлекеттерінің ұйымдарына осындай сатып алуларға немесе сатуларға қатысуға қатысты бәсекелесуге (кәдімгі іскерлік практикаға сәйкес) баламалы мүмкіндік береді.
      Экспортына және (немесе) импортына айрықша құқық берілетін тауарлар тізбесі, сондай-ақ тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортына және (немесе) импортына айрықша құқық берілетін ұйымдар тізбесі Комиссияның шешіміне сәйкес жариялануға жатады.
      3. Оларға қатысты экспортына және (немесе) импортына айрықша құқық беру жолымен шектеу қолданылатын тауарлар бірыңғай тізбеге енгізіледі.
      4. Тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортына және (немесе) импортына айрықша құқық осы баптың 2-тармағында көзделген Комиссия шешіміне сәйкес Тараптар айқындаған сыртқы сауда қызметіне қатысушыларға Тараптар мемлекеттерінің атқарушы билігінің уәкілетті мемлекеттік органдары беретін лицензиялардың негізінде жүзеге асырылады.

5-бап. Тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортын және (немесе)
импортын қадағалау

      1. Комиссияның тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортын және (немесе) импортын қадағалауды енгізу туралы шешімі тауарлардың жекелеген түрлерінің экспорты және (немесе) импорты серпінін мониторингілеу мақсатында қабылданады.
      Тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортын және (немесе) импортын қадағалауды енгізу қажеттілігінің негіздемесі Тараптың (Тараптардың) да, Комиссияның да бастамасы бойынша ұсынылады. Мұндай негіздемеде тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортының және (немесе) импортының сандық көрсеткіштерін және олардың өзгерістерін өзге тәсілдермен қадағалап отырудың мүмкін еместігі туралы ақпарат қамтылуға тиіс.
      2. Оларға қатысты қадағалау енгізілетін тауарлардың жекелеген түрлерінің тізбесін, сондай-ақ оның мерзімдерін Комиссия белгілейді.
      Оларға қатысты қадағалау енгізілген тауарлар бірыңғай тізбеге енгізіледі.
      3. Оларға қатысты қадағалау енгізілген тауарлардың жекелеген түрлерінің экспорты және (немесе) импорты Тараптар мемлекеттерінің атқарушы билігінің уәкілетті органдары беретін рұқсаттар бойынша жүзеге асырылады.
      4. Рұқсаттар тауарлармен жасалатын сыртқы сауда саласындағы лицензиялау ережесі туралы келісімде айқындалатын тәртіппен ресімделеді.
      5. Рұқсаттың болмауы тауарларды кедендік ресімдеуден бас тарту үшін негіз болып табылады.

6-бап. Тауарлармен жасалатын сыртқы сауданы қозғайтын және
Тараптар мемлекеттерінің ұлттық мүдделерін негізге ала отырып
енгізілетін шаралар

      1. Тараптар мемлекеттерінің ұлттық мүдделерін негізге ала отырып және 2008 жылғы 25 қаңтардағы Үшінші елдерге қатысты тарифтік емес реттеудің бірыңғай шаралары туралы келісімнің 7-бабына сәйкес Тараптың (Тараптардың) ұсынысы бойынша Комиссия тауарлармен жасалатын сыртқы сауданы қозғайтын және экономикалық сипаты жоқ мынадай шараларды енгізуі мүмкін:
      әкелуге және (немесе) әкетуге тыйым салу;
      әкелуге және (немесе) әкетуге сандық шектеулер;
      әкелуге және (немесе) әкетуге айрықша құқық беру;
      әкелуге және (немесе) әкетуге рұқсат беру тәртібі:
      реттеудің өзге де шаралары.
      2. Мыналарды:
      СЭҚ БТН-ға сәйкес тауардың атауы мен оның кодын;
      ұсынылатын шараларды;
      ұсынылатын шаралардың қолданылу мерзімін (шараларды қолданудың басталатын және аяқталатын күндері, қажет болған жағдайда шаралардың қолдану мерзімін көрсетпеуге болады);
      оларды енгізу қажеттілігін растайтын ақпаратты қоса алғанда, шараларды енгізу қажеттігінің негіздемесін қамтитын құжаттардың негізінде Комиссия тауардың жекелеген түріне қатысты Тараптар мемлекеттерінің ұлттық мүдделерін негізге ала отырып, осы баптың 1-тармағында көрсетілген шараларды енгізу туралы Тараптың (Тараптардың) ұсынысын қарайды.
      3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген шараларды енгізу туралы шешімді Комиссия Тараптардың ұлттық мүдделерін негізге ала отырып, Тарап (Тараптар) ұсыныс берген күнінен бастап 30 күннен кешіктірмей қабылдайды.
      4. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген шаралар үшінші елдерді өз бетімен немесе негізделмеген кемсіту құралы болып табылатын тәсілмен қабылданбауға немесе қолданылмауға не тауарлармен жасалатын сыртқы сауданы жасырын шектеу болып табылмауға тиіс.
      5. Егер Комиссия Тараптар мемлекеттерінің ұлттық мүдделерін негізге ала отырып, осы баптың 1-тармағында көрсетілген шараларды енгізу туралы Тараптың (Тараптардың) ұсынысын қабылдамаған жағдайда, онда оларды енгізу туралы ұсыныс берген Тарап мұндай шараларды осы Келісімнің 8 - 10-баптарында көзделген бір жақты тәртіппен енгізу туралы шешім қабылдауы мүмкін.

7-бап. Тауарлармен жасалатын сыртқы саудаға тыйым салу мен
оларды шектеудің ерекше түрлері

      1. Комиссия шешімімен тауарлар импортына реттеу шараларымен, оның ішінде егер бұл сыртқы қаржылық жағдайды қорғау және төлем теңгерімінің тепе-теңдігін ұстап тұру үшін қажет болса, 2008 жылғы 25 қаңтардағы Үшінші елдерге қатысты тарифтік емес реттеудің бірыңғай шаралары туралы келісімнің 3 және 4-баптарының ережелерінен алшақ шаралармен шектеу салынуы мүмкін. Комиссия мыналарды:
      СЭҚ БТН-ға сәйкес тауардың атауы мен оның кодын;
      ұсынылатын шараларды;
      ұсынылатын шаралардың қолданылу мерзімін (шараларды қолданудың басталатын және аяқталатын күндері);
      шараларды енгізу қажеттігінің негіздемесін қамтитын құжаттардың негізінде Тараптың (Тараптардың) осындай шараларды енгізу туралы ұсынысын қарайды.
      Егер Комиссия көрсетілген шараларды енгізу туралы Тараптың (Тараптардың) ұсынысын қабылдамаған жағдайда, онда Тарап (Тараптар) мұндай шараларды осы Келісімнің 8 - 10-баптарында көзделген бір жақты тәртіппен енгізу туралы шешім қабылдауы мүмкін.
      2. Комиссияның шешімімен тауарлармен жасалатын сыртқы саудаға Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде кеден одағына қатысушы мемлекеттердің халықаралық санкцияларға қатысуы үшін қабылдануы қажет шаралармен шектеу салынуы мүмкін. Комиссия мұндай шараларды кеден одағының жоғары органының шешімі негізінде енгізеді.

8-бап. Тауарлармен жасалатын сыртқы сауданы қозғайтын шараларды
бір жақты тәртіппен енгізу

      1. Тараптар тауарлармен жасалатын сыртқы сауданы қозғайтын және экономикалық сипаты жоқ шараларды (бұдан әрі - уақытша шаралар), егер олар мыналарға:
      қоғамдық мораль мен құқықтық тәртіпті сақтауға;
      қорғаныс пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге;
      азаматтардың өмірін немесе денсаулығын, қоршаған ортаны, жануарлар мен өсімдіктердің тіршілігін немесе саулығын қорғауға;
      мәдени құндылықтарды және мәдени мұраны қорғауға;
      зияткерлік меншікті қорғауға;
      орны толмайтын табиғи ресурстарды тауысудың алдын алуға;
      ішкі нарықта өндірістік немесе ішкі нарық үшін айтарлықтай маңызды болып табылатын өзге де тауарлардың мүлдем жетіспеуінің алдын алуға не азайтуға;
      сыртқы қаржылық жағдайды қорғауға және төлем теңгерімінің тепе-теңдігін ұстап тұруға бағытталған болса, бір жақты тәртіппен енгізуі мүмкін.
      2. Осы Келісімге сәйкес уақытша шараларды енгізетін Тарап күні бұрын, бірақ оларды енгізгенге дейінгі 3 күнтізбелік күннен кешіктірмей, Комиссияға оларды енгізу туралы хабарлайды және оның қарауына басқа Тараптардың уақытша шараларды қолдануы туралы ұсыныс енгізеді.
      3. Уақытша шараларды қолдану туралы ұсыныста мыналар қамтылуға тиіс:
      СЭҚ БТН-ға сәйкес тауардың атауы мен оның коды;
      осы Келісімнің 6-бабында көзделген шаралар;
      тауарларды жеткізушілер туралы мәліметтер, тауарларды сәйкестендіру белгілері, тасымалдаудың белгілі тәсілдері, оған қатысты уақытша шараларды енгізу ұсынылатын тауарды анықтауға мүмкіндік беретін өзге де ақпарат;
      уақытша шараларды қолданудың басталатын күні;
      уақытша шараларды қолдану қажеттігінің негіздемесі.
      Негіздеме мыналарды қамтуға тиіс:
      уақытша шараларды енгізудің құқықтық негіздемесі (Тараптың нормативтік құқықтық актісінің атауы);
      уақытша шараларды енгізудің қажеттілігін растайтын ақпарат;
      әкелуге және (немесе) әкетуге рұқсат беру тәртібін енгізу үшін - бұл тауарлардың мемлекеттің қауіпсіздігіне, азаматтардың өміріне немесе денсаулығына, жеке немесе заңды тұлғалардың мүлкіне, мемлекеттік немесе муниципалдық мүлікке, қоршаған ортаға, жануарлар мен өсімдіктердің тіршілігіне немесе саулығына қолайсыз әсер ететінін растайтын ақпарат;
      әкелуге және (немесе) әкетуге сандық шектеулер енгізу үшін - квота мөлшері;
      әкелуге және (немесе) әкетуге айрықша құқық берген жағдайда - айрықша құқық берілген сыртқы сауда қызметіне қатысушылардың тізбесі.
      4. Тарап (Тараптар) ұсынысын Комиссия ол берілген күнінен бастап 30 күннен кешіктірмей қарайды.
      5. Тараптың (Тараптардың) ұсыныстарын қарау қорытындылары бойынша Комиссия бірыңғай кедендік аумақта уақытша шаралар енгізу туралы шешім қабылдауы мүмкін.
      Бұл жағдайда уақытша шаралардың қолданылу мерзімі Комиссия шешімімен белгіленеді.
      6. Егер бірыңғай кедендік аумақта уақытша шаралар енгізу туралы шешім қабылданбаған жағдайда, Комиссия уақытша шаралар енгізген Тарапқа (Тараптарға) және Тараптар мемлекеттерінің кеден органдарына уақытша шаралар енгізілген күнінен бастап олар ең көбі 6 ай қолданылатынын хабарлайды.

9-бап. Уақытша шараларды бір жақты тәртіппен қолдану

      1. Уақытша шараларды бір жақты тәртіппен енгізу туралы Тараптан алынған хабарлама негізінде Комиссия Тараптар мемлекеттерінің кеден органдарына Тараптардың бірінің уақытша шараларды бір жақты тәртіппен енгізгені туралы дереу хабарлайды. Ақпарат сонымен бірге мыналарды:
      Тараптың оған сәйкес уақытша шаралар енгізілетін нормативтік құқықтық актісінің атауын;
      СЭҚ БТН-ға сәйкес тауардың атауы мен оның кодын;
      тауарларды жеткізушілер туралы мәліметтерді, тауарлардың сәйкестендіру белгілерін, тасымалдаудың белгілі тәсілдерін, оған қатысты уақытша шаралар енгізу ұсынылатын тауарды анықтауға мүмкіндік беретін өзге де ақпаратты;
      уақытша шараларды енгізу күнін және олардың қолданылу мерзімін қамтиды.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген ақпаратты алғаннан кейін Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары мыналарға:
      осы баптың 1-тармағында көрсетілген және көрсетілген Тарап мемлекетінің атқарушы билігінің уәкілетті органы берген лицензиясыз уақытша шараларды бір жақты тәртіппен қолданған Тарап мемлекетінің кедендік аумағында шығарылатын тауарларды әкетуге;
      осы баптың 1-тармағында көрсетілген және көрсетілген Тарап мемлекетінің атқарушы билігінің уәкілетті мемлекеттік органы берген лицензиясыз уақытша шараларды бір жақты тәртіппен қолданған Тараптар мемлекетіне арналған тауарларды әкетуге жол бермейді. Бұл ретте уақытша шараларды қолданбайтын Тараптар бұл тауарларды уақытша шараларды қолданылатын Тарап мемлекетінің аумағына әкелуге жол бермеуге бағытталған қажетті күш-жігерін жұмсайды.

10-бап. Сыртқы сауда саласындағы лицензиялау

      1. Бірыңғай тізбеге енгізілген тауарлармен жасалатын сыртқы сауданы қозғайтын реттеу шараларын қолдану, сондай-ақ тарифтік квотаны қолдану әдетте, тауарлардың экспортын және (немесе) импортын лицензиялау жолымен іске асырылады.
      2. Тауарлардың экспортына және (немесе) импортына лицензиялар беру Тараптар мемлекеттерінің сыртқы сауда қызметіне қатысушылардың өтініштері негізінде жүзеге асырылады.
      3. Лицензиялар тауарлармен жасалатын сыртқы сауда саласындағы лицензиялау ережесі туралы келісімде айқындалған тәртіппен ресімделеді.
      4. Лицензияның болмауы тауарларды кедендік ресімдеуден бас тарту үшін негіз болып табылады.

11-бап. Ерекшеліктер

      Осы Келісім экспорттық бақылау, әскери-техникалық ынтымақтастық, техникалық реттеу, санитарлық, ветеринариялық және фитосанитарлық талаптар мен шараларды, сондай-ақ арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемдік шараларды қолдану мәселелеріне қатысты Тараптардың қатынасына қолданылмайды.

12-бап. Реттеу шараларын әзірлеудегі жариялылық

      1. Реттеу шараларын енгізу, қолдану және алып тастау туралы Комиссия шешімдерін дайындау кезінде Комиссия мұндай шешімді қабылдау экономикалық мүдделерін қозғауы мүмкін Тараптар мемлекеттерінің ұйымдарына және дара кәсіпкерлеріне (мүдделі тұлғалар) Комиссияға осы мәселе бойынша ұсыныстар мен ескертулер беруді ұсынады.
      2. Комиссия консультацияларды өткізудің тәсілі мен нысаны туралы, сондай-ақ өз ұсыныстары мен ескертулерін берген мүдделі тұлғалардың назарына консультацияларды өткізу барысы мен нәтижелері туралы ақпаратты жеткізудің тәсілі мен нысаны туралы шешім қабылдайды.
      3. Егер бұл Тараптар мемлекеттерінің халықаралық шарттарынан туындаған жағдайда, басқа мемлекеттердің (мемлекеттер топтарының) құзыретті органдарына өз пікірлерін Тараптар мемлекеттерінің тиісті халықаралық шарттарының ережелерінде көзделген тәсілмен беру ұсынылады. Сондай-ақ, шетелдік ұйымдар мен кәсіпкерлерге де өз пікірлерін Тараптар мемлекеттерінің тиісті халықаралық шарттарының ережелерінде көзделген тәсілмен беру ұсынылады.
      4. Комиссия мынадай жағдайлардың кез келгені орын алған кезде осы баптың 2-тармағына сәйкес консультация жүргізбеу шешімін қабылдауы мүмкін:
      сыртқы сауда қызметін жүзеге асыру құқығын қозғайтын шешім жобасында көзделген шаралар туралы ол күшіне енген сәтке дейін белгілі болмауы тиіс және консультацияларды өткізу мұндай шешімде көзделген мақсаттарға қол жеткізбеуге алып келеді немесе алып келуі мүмкін;
      консультацияларды өткізу сыртқы сауда қызметін жүзеге асыру құқығын қозғайтын шешім қабылдауды кідіртуге алып келеді, бұл Тараптар мемлекеттерінің мүдделеріне айтарлықтай нұқсан келтіруге алып келуі мүмкін;
      тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортына және (немесе) импортына айрықша құқықтар беру кезінде;
      Тарап (Тараптар) реттеу шараларын бір жақты тәртіппен енгізген кезде.
      5. Консультацияларды өткізбеу Комиссияның сыртқы сауда қызметін жүзеге асыру құқығын қозғайтын шешімін жарамсыз деп тану үшін негіз бола алмайды.

13-бап. Дауларды шешу

      Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар консультациялар мен келіссөздер жүргізу жолымен шешіледі.
      Егер Тараптардың бірінің екінші Тарапқа жіберген консультациялар мен келіссөздер жүргізу туралы жазбаша ресми өтініші келіп түскен күнінен бастап 6 ай ішінде Тараптар дауды реттемеген болса, онда дауды шешу тәсіліне қатысты Тараптар арасында өзгеше уағдаластық болмаған жағдайда, Тараптардың кез келгені бұл дауды қарау үшін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына береді.

14-бап. Өзгерістер

      Тараптардың уағдаластығы бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

15-бап. Қорытынды ережелер

      Осы Келісімнің күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан  шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.
      2009 жылғы "___" __________ ____________қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Комиссия болып табылатын депозатарийде сақталады.
      Депозатарий әрбір Тарапқа осы Келісімнің куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Беларусь                  Қазақстан              Ресей
      Республикасының           Республикасының        Федерациясының
      Үкіметі үшін              Үкіметі үшін           Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады