"Өрт қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына Қазақстан Республикасында өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалау жүйесін құру бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қыркүйектегі N 1480 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Өрт қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына Қазақстан Республикасында өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалау жүйесін құру бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы

"Өрт қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына
Қазақстан Республикасында өрт қауіпсіздігі саласындағы
қатерлерді тәуелсіз бағалау жүйесін құру бойынша өзгеріс пен
толықтырулар енгізу туралы

      1-бап. "Өрт қауіпсіздігі туралы" 1996 жылғы 22 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., N 18, 368-құжат; 1998 ж., N 23, 416-құжат; 1999 ж., N 20, 728-құжат; N 23, 931-құжат; 2000 ж., N 6, 142-құжат; 2002 ж., N 17, 155-құжат; 2003 ж., N 14, 112-құжат, N 24, 177-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат; N 24, 148-құжат; 2007 ж., N 2, 18-құжат; N 9, 67-құжат; N 10, 69-құжат; N 20, 152-құжат; 2008 ж., N 6-7, 27-құжат, 2009 жылғы 24 шілдеде "Егемен Қазақстан" және 2009 жылғы 23 шілдеде "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2009 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы) мынадай өзгеріс пен толықтырулар енгізілсін:
      1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) адамдар жаппай жиналатын объект - бір мезгілде 100 және одан көп адамның келуіне есептелген мәдени ойын-сауық, көңіл көтеру, спорт, сауда мақсатындағы объект, сондай-ақ бір мезгілде 25 және одан көп адамның келуіне есептелген емдеу мекемелері мен білім беру ұйымдары;
      2) аккредиттеу - заңды тұлғаның қатерлерді тәуелсіз бағалауды жүргізу жөніндегі жұмыстарды орындауға құқықтылығын өрт қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті органның ресми тануы;
      3) аккредиттеу аттестаты - өрт қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті орган беретін, заңды тұлғаның өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалауды жүргізу жөніндегі жұмыстарды орындау құқығын куәландыратын құжат;
      4) ерікті өрт сөндіруші - өрттің алдын алу және (немесе) оны сендіру жөніндегі қызметке ерікті негізде (еңбек шартын жасаспай) тікелей қатысатын азамат;
      5) қоныстану аумағы - елді мекен аумағының тұрғын үй қорын, қоғамдық ғимараттар мен құрылыстарды, сондай-ақ жекелеген коммуналдық және өнеркәсіптік объектілерді орналастыруға арналған бөлігі;
      6) объект — жеке немесе заңды тұлғалардың мүлкі, мемлекеттік мүлік, оның ішінде ғимараттар, құрылыстар, құрылымдар, технологиялық қондырғылар, жабдық, агрегаттар мен өрттің алдын алу және өрт кезінде адамдарды қорғау үшін өрт қауіпсіздігі талаптары белгіленген немесе белгіленуі тиіс өзге де мүлік;
      7) өрт - өмір мен денсаулыққа зиян, адамдарға, қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне материалдық залал келтіретін бақылаусыз жану;
      8) өртке қарсы ерікті құралымдар - азаматтардың елді мекендер мен ұйымдарда өрттің алдын алуды және оны сөндіруді ұйымдастыруға қатысу нысаны;
      9) өртке қарсы қызмет - белгіленген тәртіппен құрылған басқару органдарының, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының облыстардағы (республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы), облыстық маңызы бар қалалардағы, аудандардағы күштері мен құралдарының, оның ішінде өрттің алдын алуды және оны сөндіруді ұйымдастыруға, бірінші кезектегі авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердің жиынтығы;
      10) өртке қарсы режим - өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуының алдын алуды және өрттің сөндірілуін қамтамасыз ететін азаматтар мінез-құлқының белгіленген ережелері, өндірістік және шаруашылық қызметті ұйымдастыру тәртібі, құрылыстарды, ғимараттарды, үй-жайларды (аумақтарды), өндірістік және арнаулы жабдықты күтіп ұстау шарттары;
      11) өрт сөндіруге байланысты бірінші кезектегі авариялық-құтқару жұмыстары - адамдарды, мүлікті, меншікті құтқару және көшіру, өрт кезінде зардап шеккендерге дәрігер келгенге дейінгі алғашқы көмек көрсету жөніндегі жауынгерлік іс-қимыл;
      12) өрт қауіпсіздігі - адамдардың, мүліктің, меншіктің, қоғам мен мемлекеттің өрттен қорғалуының жай-күйі;
      13) өрт қауіпсіздігінің талаптары - өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген әлеуметтік және (немесе) техникалық сипаттағы арнаулы шарттар;
      14) өрт қауіпсіздігінің талаптарын бұзу - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленген өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі нормаларды, ережелер мен нұсқауларды орындамау немесе тиісінше орындамау;
      15) өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалау-объектілердің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін белгілеу жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;
      16) өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалауға қатысушылар - өрт қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті орган, оларға қатысты қатерлерді тәуелсіз бағалау жүргізілетін ұйымдар, сараптама ұйымдары;
      17) өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылау - уәкілетті органның өз құзыреті шегіндегі, жеке және заңды тұлғалардың өрт қауіпсіздігі саласындағы Қазақстан Республикасының заңдары мен Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулыларының талаптарын сақтауын қамтамасыз етуге бағыталған қызметі;
      18) өрт қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік реттеу мен бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      19) өрт қауіпсіздігі шаралары - өрт қауіпсіздігі талаптарын орындау жөніндегі іс-әрекет;
      20) өрт сөндіру-техникалық өнімі - өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған арнаулы техникалық, ғылыми-техникалық және санаткерлік өнімі, оның ішінде өрт сендіру техникасы мен жабдығы, өрт сөндіру құралдары, от сөндіретін және оттан қорғайтын заттар, арнаулы байланыс және басқару құралдары, электронды есептеу машиналарына арналған бағдарламалар мен дерекқорлар, сондай-ақ өрттің алдын алу мен оны сөндірудің өзге де құралдары;
      21) сараптама ұйымы - өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалау жөніндегі қызметті жүзеге асыруға белгіленген тәртіппен аккредиттелген ұйым;
      22) тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектісі - пайдалануды тоқтату (тоқтата тұру) елді мекендер мен аумақтардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдары қызметінің бұзылуына әкелетін денсаулық сақтау, телекоммуникация, байланыс, газбен, энергиямен, жылумен, сумен жабдықтау және су бөлу ұйымдары.";
      2) 5-бап мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
      "- өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалау тәртібін бекітеді;";
      3) 6-бап мынадай мазмұндағы 17), 18) тармақшалармен толықтырылсын:
      "17) ұйымдарды аккредиттеуді жүргізеді;";
      18) өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалауға қатысушылардың тізілімін жүргізеді.";
      4) 18-баптың он екінші абзацындағы "жатады." деген сөз алып тасталып, мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
      "- өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалау жатады.";
      5) мынадай мазмұндағы 5-1-тараумен толықтырылсын:
      "5-1-тарау. Өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалау

25-1-бап. Өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалауды жүргізу

      Өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалау объектінің меншік иесі мен сараптама ұйымы арасында жасалатын шарт негізінде жүргізіледі.
      Сараптама ұйымының өзге кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, өрт қауіпсіздігі саласындағы басқа жұмыстарды орындауға және (немесе) қызметтер көрсетуге құқығы жоқ, сондай-ақ өзіне меншік құқығында тиесілі объектіде өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалауды жүргізе алмайды.
      Сараптама ұйымы қатерлерді тәуелсіз бағалауды нашар немесе сапасыз жүргізу салдарынан объектіге мүліктік зиян келтіргені үшін азаматтық тәртіппен жауапты болады.
      Өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерді тәуелсіз бағалау мынадай іс-шараларды:
      1) объектінің өрт қауіптілігін, сондай-ақ персоналдың даярлық деңгейін сипаттайтын құжаттарды талдауды;
      2) объектінің өрт қауіпсіздігінің жай-күйі туралы объективті ақпарат алу, өрттің пайда болу және даму, өрттің қауіпті факторларының адамдарға әсер ету мүмкіндігін анықтау үшін, сондай-ақ объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін анықтау үшін объектіні тексеруді;
      3) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тәртіпті пайдалана отырып, өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалау жөніндегі есептемелерді жүргізуді;
      4) объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды дайындауды қамтиды.
      Өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалауды жүргізу нәтижелері қорытынды түрінде ресімделеді.
      Сараптама ұйымы қорытынды шығарылғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде қорытындының көшірмесін уәкілетті органның аумақтық органына жібереді.
      Қорытындының қолданылу мерзімі үш жылды құрайды.
      Өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалау мемлекеттік меншік объектілерінде, адамдар жаппай жиналатын және тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінде жүргізілмейді.
      Қатерлерді тәуелсіз бағалау жүргізілген объектілердің өрт қауіпсіздігі талаптарын орындауын мемлекеттік бақылау жөніндегі жоспарлы тексерістер "Жеке кәсіпкерлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
      Қатерлерді тәуелсіз бағалау нәтижелері объектілерді қатер дәрежесі бойынша бөлу негіздерінің бірі болып табылады.

25-2-бап. Өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалау жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу

      Өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалау жөніндегі ұйымдарды аккредиттеуді уәкілетті орган жүзеге асырады.
      Өзінің штатында жоғары арнайы өрт-техникалық білімі немесе өзге жоғары техникалық білімі бар, мемлекеттік және (немесе) мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерде кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, арнайы оқыту курстарынан өткен кемінде үш маманы бар ұйымдар сараптама ұйымдары бола алады.
      Сараптама ұйымдары үшін мамандарды арнайы оқыту курстарына қойылатын талаптар, арнайы оқыту курстарынан ету шарттары мен тәртібін уәкілетті орган айқындайтын мамандандырылған оқу ұйымдарында өткізіледі.
      Аккредиттеу үшін ұйым мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) өтініш;
      2) ұйым жарғысының нотариалды куәландырылған көшірмесі;
      3) ұйымды заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі;
      4) ұйым мамандарының білімі туралы, мемлекеттік және (немесе) мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердегі жұмыс өтілі, сондай-ақ олардың арнайы оқыту курстарынан өткені туралы құжаттарының нотариалды куәландырылған көшірмелері;
      5) өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде тиесілі үй-жай, жабдық туралы мәліметтер.
      Аккредиттеу туралы материалдарды қарау және олар бойынша шешім қабылдау үшін тұрақты жұмыс істейтін комиссия құрылады, оның құрамы мен қызмет тәртібін уәкілетті органның басшысы айқындайды.
      Комиссия аккредиттеу туралы материалдарды қарауды материалдар уәкілетті органға түскен сәттен бастап есептелетін отыз жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
      Оң шешім қабылданған жағдайда уәкілетті орган аккредиттеу аттестатын береді.
      Мынадай негіздер бойынша аккредиттеуден бас тартылуы мүмкін:
      1) осы бапта көрсетілген барлық құжаттардың ұсынылмауы. Өтініш беруші көрсетілген кедергілерді жойған жағдайда, материалдар жалпы негіздерде қаралады;
      2) ұйым қызметкерлерінің білімі және (немесе) кәсіби тәжірибесі бойынша талаптарға сәйкес келмеуі.
      Аккредиттеуден бас тартылған жағдайда өтініш берушіге бес жұмыс күні ішінде мұндай бас тартудың себебін көрсете отырып, дәлелді жазбаша жауап жіберіледі.
      Аккредиттеу мәселелері бойынша даулар туындаған кезде өтініш берушілер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуге құқылы.
      Уәкілетті орган берген аккредиттеу аттестаттары Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жарамды және олардың қолданылу мерзімі бес жыл.
      Аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімі аккредиттеу туралы шешім қабылданған сәттен бастап есептеледі.
      Аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімі өткеннен кейін ұйым қайта аккредиттеу үшін осы бапта көзделген құжаттарды ұсынады.
      Аккредиттеу аттестатында:
      1) ұйымның атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны, орналасқан жері;
      2) аккредиттеу аттестатының тіркеу нөмірі;
      3) аккредиттеу аттестатының сараптама ұйымдарының тізілімінде тіркелген күні;
      4) аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімі көрсетіледі.
      Аккредиттеу аттестатының бланкілері қатаң есептілік құжаттары болып табылады, олардың қорғанышы мен нөмірі болады.
      Аккредиттеу аттестаты жалғыз данада беріледі, аккредиттеу аттестатын басқа заңды тұлғаларға беруге тыйым салынады.
      Аккредиттеу субъектісі уәкілетті органға жазбаша өтініш (аккредиттеу аттестатының жоғалу, бүліну фактісін растайтын құжаттармен қоса) берген күннен бастап жоғалған, бүлінген аккредиттеу аттестаттары жарамсыз деп саналады.
      Уәкілетті орган өтініш берілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде аккредиттеу аттестатының телнұсқасын беруді жүргізеді.
      Сараптама ұйымдарын аккредиттеуді кері қайтарып алуды уәкілетті орган мынадай:
      1) өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерді тәуелсіз бағалауды жүргізу нәтижелері бойынша объект қызметінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі (сәйкес еместігі) туралы дұрыс емес ақпаратты қамтитын көрінеу жалған қорытынды берілген;
      2) қорытындының көшірмелерін белгіленген мерзімде берудің мүмкін болмағандығына байланысты объективті мән-жайлар туындаған жағдайлардан басқа, жүргізілген тәуелсіз бағалау қорытындысының көшірмесі өрт қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті органның аумақтық органына уақтылы ұсынылмаған жағдайларда сот тәртібімен жүргізеді.
      Аккредиттеу аттестатының қолданысын тоқтатқан не кері қайтарып алған, сондай-ақ қызметті тоқтатқан жағдайда ұйым он күн мерзімде аккредиттеу аттестатын уәкілетті органға қайтаруға міндетті.".

      2-бап. Осы заң алғашқы ресми жарияланған кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады