Зияткерлік меншік құқықтарын күзету мен қорғау саласындағы бірыңғай реттеу қағидаттары туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 30 қарашадағы № 1306 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Зияткерлік меншік құқықтарын күзету мен қорғау саласындағы бірыңғай реттеу қағидаттары туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Естайұлы Шөкеевке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан Зияткерлік меншік құқықтарын күзету мен қорғау саласындағы бірыңғай реттеу қағидаттары туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2010 жылғы 30 қарашадағы
№ 1306 қаулысымен  
мақұлданған     

Жоба

Зияткерлік меншік құқықтарын күзету мен қорғау саласындағы
бірыңғай реттеу қағидаттары туралы
келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразия экономикалық қоғамдастықтың шеңберінде Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері,
      Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық Кеңесінің (Кеден одағының жоғары органы) 2010 жылғы 19 желтоқсандағы № 35 шешімін басшылыққа ала отырып,
      сауда-экономикалық, өнеркәсіптік, мәдени және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға ниет білдіре отырып,
      зияткерлік меншік құқықтарын күзету мен қорғауға, контрафактілі тауарлардың халықаралық саудасына қарсы күресуге бағытталған шаралардың келісілген жүйесін іске асыру қажеттілігіне сүйене отырып,
      зияткерлік меншік құқықтарын күзету мен қорғаудың бірыңғай үйлестірілген жүйесін ұйымдастыру арқылы Бірыңғай экономикалық кеңістікті (бұдан әрі - БЭК) және Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Кеден одағын қалыптастыру үшін қолайлы жағдай жасауға ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

I бөлім
Жалпы ережелер 1-бап

      Осы Келісім Тараптардың ұлттық заңнамасымен қорғалатын зияткерлік қызметтің нәтижелері мен тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді дараландыру құралдарын күзету мен қорғау саласындағы реттеу қағидаттарын біріздендіруге бағытталған.

2-бап

      1. Осы Келісімнің Тараптары зияткерлік меншік құқықтарын күзету мен қорғау саласындағы жалпы халықаралық құқықтық базаға негізделеді, Дүниежүзілік сауда ұйымының Зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісімінің қағидаттарын ұстанады және Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (бұдан әрі - ДЗМҰ) әкімшілік басқаруындағы зияткерлік меншік саласындағы халықаралық келісімдерді, сондай-ақ осы Келісімнің қатысушылары Тараптары болып табылатын басқа да халықаралық келісімдерді басшылыққа алады.
      2. Осы Келісімге қол қойғанға дейін Тауар белгілері жөніндегі заңдар туралы Сингапур шартының (2007 ж.), Орындаушылардың, фонограмма дайындаушылардың және хабар тарату ұйымдарының құқықтарын қорғау туралы халықаралық конвенцияның (Рим конвенциясы 1961 ж.) қатысушылары болып табылатын Тараптар жоғарыда көрсетілген халықаралық шарттарға қосылу жөнінде өзіне міндеттеме алады.
      3. Тараптар ДЗМҰ-ға, Дүниежүзілік сауда ұйымының Зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері туралы келісім (Тараптар Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылғаннан кейін) жөніндегі Комитетке қатысу шеңберінде іс-қимылдарын үйлестіруге міндеттенеді.

3-бап

      1. Тараптар өзінің ұлттық заңнамасында өзінің тұлғаларына (жеке және заңды) және зияткерлік қызметтің нәтижелеріне, дараландыру құралдарына өз аумағында осы Келісімде көзделген көлемде және Келісім Тараптарының халықаралық міндеттемелері шеңберінде осы Келісімге қатысушы басқа мемлекеттердің тұлғаларына (жеке және заңды) және зияткерлік меншік қызметінің нәтижелеріне, дараландыру құралдарына зияткерлік меншік құқықтарын күзету мен қорғаудың осындай деңгейін беретін осы Келісімге қатысушы әрбір мемлекет беретін зияткерлік меншік құқықтарын күзету мен қорғаудың осындай ережелерін бекітуге міндеттенеді.
      2. Тараптар өзінің ұлттық заңнамасында осы Келісімнің ережелеріне қайшы келмейтін жағдайда осы Келісімде қамтылғаннан өзге зияткерлік меншік құқықтарын күзету мен қорғаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ететін нормаларды қолдана алады.

II бөлім
Зияткерлік меншікті күзетудің құқықтық режимі Авторлық және сабақтас құқықтар 4-бап

      1. Тараптар зияткерлік қызметтің нәтижелерін күзетуді 1971 жылғы Әдеби және көркем туындыларды қорғау туралы Берн  конвенциясының, ДЗМҰ-ның авторлық құқық жөніндегі шартының ережелерін, ДЗМҰ-ның орындаушылық пен фонограммалар жөніндегі шартын негізге ала отырып қамтамасыз етуге міндеттенеді.
      2. 1971 жылғы Әдеби және көркем туындыларды қорғау туралы Берн конвенциясына сәйкес электронды-есептеуіш машиналарға арналған бағдарламалар (компьютерлік бағдарламалар), бастапқы мәтін ретінде де, объектілі коды ретінде де әдеби туынды ретінде қорғалады.
      3. Құрамдас туындылар, яғни материалдарды іріктеу немесе орналастыру бойынша шығармашылықтың нәтижесін білдіретін туындылар нысанына қарамастан қорғалады. Бұл ретте құрамдас туындылар өздерінің негізге алынған немесе өздеріне енген туындылардың авторлық құқық объектілері болу болмауына қарамастан, авторлық құқықпен қорғалады.
      4. Авторлық құқық ғылым, әдебиет және өнер туындыларына қолданылады. Туындының авторына, атап айтқанда мынадай құқықтар тиесілі:
      1) туындыға айрықша құқық;
      2) авторлық құқық;
      3) автордың есімі аталу құқығы;
      4) туындыға қол сұғылмаушылық құқығы;
      5) туындыны жариялау құқығы;
      6) Тараптардың ұлттық заңнамаларында көзделген өзге де құқықтар.
      5. Туындыларды немесе сабақтас құқықтар объектілерін әдеттегі қолдануына қайшы келмейтін және құқық иеленушілердің заңды мүдделерін негізсіз кемсітпейтін осы бап шеңберінде қорғалатын зияткерлік қызметтің нәтижелеріне құқықтарды шектеу мен алып қоюды жекелеген жағдайларға келтіруге міндеттенеді.
      6. Тараптар авторлардың туындыларына айрықша құқықты; тең авторлар жасаған туындыға айрықша құқықты; автор қайтыс болғаннан кейін жарияланған туындыға айрықша құқықты 1971 жылғы Әдеби және көркем туындыларды қорғау туралы Берн конвенциясында, Дүниежүзілік сауда ұйымының Зияткерлік меншік құқығының сауда аспектілері жөніндегі келісімінде, Орындаушылардың, фонограмма дайындаушылардың және хабар тарату ұйымдарының құқықтарын қорғау туралы халықаралық конвенцияда (Рим конвенциясы 1961 ж.) белгіленгеннен төмен емес қорғау мерзімімен қамтамасыз етуге міндеттенеді. Тараптардың ұлттық заңнамасында осы бапта көрсетілген құқықтарды қорғаудың мерзімі бекітілуі мүмкін.

5-бап

      Кинематографиялық туындыларға қатысты әрбір Тарап құқық иеленушілерге осы Келісімге қатысушы басқа Тараптың аумағында авторлық құқықпен қорғалатын, өз туындыларының түпнұсқасын немесе көшірмелерінің көпшілікке коммерциялық прокатқа беруге рұқсат ету немесе тыйым салу құқығын береді.

6-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін орындаушылық қызметтің (орындаушылық) нәтижелеріне, фонограммаларға зияткерлік (мүліктік және жеке мүліктік емес) құқықтар және Тараптардың ұлттық заңнамасында белгіленген басқа да құқықтар авторлық құқықтармен  сабақтас (сабақтас құқықтар) болып табылады.

7-бап

      1. Осы Келісімнің мақсаттары үшін шығармашылық еңбегімен орындау жасалған жеке тұлға орындаушы (орындаудың авторы) болып табылады - орындаушы әртіс (актер, әнші, музыкант, биші немесе рөлде ойнайтын, оқитын, мәнерлеп оқитын, ән салатын, музыкалық аспапта ойнайтын немесе әдебиет, өнер немесе халық шығармашылығы туындыларын, соның ішінде эстрадалық, цирк немесе қуыршақ нөмірлерін өзгедей жолмен орындайтын басқа адам), сондай-ақ спектакльдің қоюшы - режиссері (театрлық, цирктік, қуыршақ, эстрадалық немесе басқа да театрлық-көріністі қойылымды іске асырған тұлға) және дирижер.
      2. Осы Келісімнің мақсаттары үшін Тараптар осы Келісім Тараптарының орындаущыларына өзара негізде мынадай құқықтарды береді:
      1) орындауға айырықша құқық;
      2) авторлық құқық - орындаудың авторы деп танылу құқығы;
      3) есімі аталу құқығы - туындыны пайдалану сипаты орындаушының есімін немесе орындаушылар ұжымының атауын көрсету мүмкіндігі жоқ жағдайлардан басқа фонограмма даналарында және орындау пайдаланылған өзге жағдайда өзінің есімін немесе лақап атын көрсету, орындаушылар ұжымынын атауын көрсету құқығы;
      4) Тараптардың ұлттық заңнамасында белгіленген өзге құқықтар.
      3. Орындаушылар өз құқықтарын орындалатын туындылар авторларының құқықтарын сақтай отырып жүзеге асырады.
      4. Орындаушының құқығы орындалатын туындыға авторлық құқықтың болуына және қолданылуына қарамастан танылады.

8-бап

      1. Келісімнің мақсаттары үшін орындаушылық немесе өзге де дыбыстардың немесе осы дыбыстар бейнесінің алғашқы жазбасы үшін бастамашылық пен жауапкершілікті мойнына алған тұлға фонограмма дайындаушы (өндіруші) болып танылады. Өзге дәлел болмаса, фонограмманың және (немесе) оның қорабында есімі немесе атауы көрсетілген тұлға фонограмманы өзге дайындаушы (өндіруші) болып танылады.
      2. Келісімнің мақсаттары үшін Тараптар Келісім Тараптарының фонограмма дайындаушыларына (өндірушілеріне) мынадай құқықтар береді:
      1) фонограммаға айырықша құқық;
      2) Тараптардың ұлттық заңнамасында белгіленген өзге құқықтар.
      3. Тараптар фонограмма дайындаушылардың (өндірушілердің) құқықтарын 1971 жылғы Әдеби және көркем туындыларды қорғау туралы Берн конвенциясында, Дүниежүзілік сауда ұйымының Зияткерлік меншік құқығының сауда аспектілері жөніндегі келісімінде, Орындаушылардың, фонограмма дайындаушылардың және хабар тарату ұйымдарының құқықтарын қорғау туралы халықаралық конвенцияда (Рим конвенциясы 1961 ж.) белгіленгеннен төмен болмайтын қорғау мерзімін қамтамасыз етуге міндеттенеді. Тараптардың ұлттық заңнамасында осы бапта көрсетілген құқықтарды қорғаудың көп мерзімі бекітілуі мүмкін.

9-бап

      1. Осы Келісімнің мақсаттары үшін фонограмма дайындаушылардың (өндірушілердің) осы Келісім Тараптарының аумағында мынадай іс-әрекеттерге рұқсат ету немесе тыйым салу құқығы бар:
      1) өздерінің фонограммаларын тікелей немесе жанама түрде қайта шығару;
      2) фонограмма дайындаушының (өндірушінің) рұқсатынсыз шығарылған фонограмманың көшірмесін осы Келісім Тарабының аумағына импорттау.

10-бап

      1. Осы Келісімнің мақсаттары үшін Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес авторлардың және өзге құқық иелерінің авторлық және сабақтас құқықтарды пайдаланғаны үшін сыйақы алуын қамтамасыз ету мақсатында авторлардан, орындаушылардан, фонограмма дайындаушылардан (өндірушілерден) және ұжымдық негізде тиісті құқықтарды басқару саласында авторлық және сабақтас құқықтарды өзге де иеленушілерден (бұдан әрі - авторлар және өзге де құқық иеленушілер) алынған өкілеттіктер негізінде әрекет ететін ұйым ұжымдық басқару жөніндегі ұйым болып танылады.
      2. Авторлардың және өзге де құқық иеленушілердің мүліктік құқықтарын БЭК аумағында тиімді жүзеге асыру мақсатында олардың құқықтарын жеке тәртіппен іске асыру қиын немесе Тараптардың ұлттық заңнамасында тиісті құқықтар иелерінің келісімінсіз, бірақ оларға сыйақы төлей отырып, авторлық және сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануға жол берілген жағдайда, Тараптар ұжымдық басқару ұйымдарын құруға және қызметіне жәрдем көрсетеді.
      3. Авторлық және сабақтас құқықтар объектілерін заңды пайдалануға мүмкіндікті қамтамасыз ету мақсатында авторлардың және өзге де құқық иеленушілердің құқықтарын неғұрлым толық және тиімді іске асыру мүддесін ескере отырып, Тараптар ұжымдық басқару ұйымдарына тікелей тиісті өкілеттіктерде берген авторлар мен өзге де құқық иеленушілерінің де, өз мүддесі үшін қызметін жүзеге асырудан тікелей бас тартпаған авторлар мен өзге де құқық иеленушілердің де мүддесі үшін, оның ішінде фонограммаларды және дыбыстау-бейнелеу туындыларын жеке мақсатта еркін қайта шығару үшін сыйақы алуға құқықтарын іске асыру жағдайында да осындай ұйымдар қызметінің мүмкіндігін көздейді.
      4. Авторлық және сабақтас құқықтарды қорғаудың және іске асырудың бірыңғай жүйесін құру мақсатында Тараптар осы Келісім күшіне енгенге дейін:
      1) құқықтарды ұжымдық негізде басқарудың бірыңғай тәртібін, оның ішінде фонограммаларды және дыбыстау-бейнелеу туындыларын жеке мақсатта еркін қайта шығарғаны үшін сыйақы алу құқығын іске асырған жағдайда айқындауды;
      2) Тараптардың қорғалатын авторлық және сабақтас құқықтар объектілері туралы ақпаратты қамтитын дерекқоры және ақпарат алмасуды ұйымдастыру тәртібін;
      3) БЭК елдерінің ұжымдық басқару ұйымдарының жұмысын үйлестіру жөніндегі комиссия құруды және оның жұмыс тәртібін айқындауды көздейтін шарттар жасасады.

Тауар белгілері 11-бап

      1. Осы Келісімнің мақсаты үшін Тараптардың ұлттық заңнамасына және осы Келісімнің Тараптары қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес қорғалатын, азаматтық айналымға бір қатысушылардың тауарларын және/немесе қызметтерін азаматтық айналымға басқа қатысушылардың тауарларынан және/немесе қызметтерінен ажырату үшін қызмет ететін белгі тауар белгісі және қызмет көрсету белгісі (бұдан әрі - тауар белгісі) болып табылады.
      2. Тауар белгісі ретінде бейнелеу, сөз, көлемді және өзге де белгілер немесе олардың комбинациялары тіркелуі мүмкін. Өзге белгілер Тараптардың заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда тауар белгісі ретінде тіркелуі мүмкін. Тауар таңбасы кез келген түсте немесе түстер үйлесімінде тіркелуі мүмкін.

12-бап

      1. Тауар белгісінің иесі тауар белгісін пайдалану мен оған иелік етудің айрықша құқығына, сондай-ақ тауар белгісін басқа адамдардың пайдалануына тыйым салу құқығына ие болады.
      2. Тауар белгісін бастапқы тіркеудің қолданылу мерзімі оның қолданылуының соңғы жылы ішінде берілген тауар белгісі иесінің өтініші бойынша шексіз рет, әр жолы 10 жылдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.

13-бап

      Осы Келісім күшіне енген күнінен бастап Тараптар мынадай тауар белгісіне айрықша құқықтың аяқталу қағидатын енгізеді: тауар белгісін құқық иеленуші тікелей немесе оның келісімімен басқа тұлғалар Келісім Тараптарының аумағында азаматтық айналымға заңды енгізген тауарларға қатысты пайдалану осы тауар белгісіне айрықша құқықтарды бұзу болып табылмайды.

14-бап

      Тараптар осы Келісім күшіне енгенге дейін Тараптар аумағында тауар белгілерін және тауарлар шығарылған жерлердің атауын (географиялық нұсқаулар) құқықтық қорғауды қамтамасыз ету үшін қажетті бірыңғай рәсімдерді әзірлейді және енгізеді. Тараптар тауар белгісін және тауар шығарылған жерлердің атауларын (географиялық нұсқаулар) тіркеудің әзірленген бірыңғай тетігін жеке шартта тіркейді.

Тауар шығарылған жердің атауы 15-бап

      1. Осы Келісімнің мақсаты үшін елдің қалалық немесе ауылдық қоныстың, жердің немесе басқа географиялық объектінің қазіргі немесе тарихи, ресми немесе ресми емес, толық немесе қысқартылған атауын білдіретін немесе қамтитын белгі, сондай-ақ осы атаудан туындайтын және ерекше қасиеттері тек қана немесе негізінен осы географиялық объектіге тән табиғи жағдайлармен және (немесе) адам факторларымен айқындалатын тауарға қатысты оны пайдалану нәтижесінде танымал болған белгі құқықтық қорғау берілетін тауар шығарылған жердің атауы болып табылады.
      Осы тармақтың ережелері тауарды белгілі бір географиялық объектінің аумағынан шығатын тауар ретінде бірдейлендіретін және осы объектінің атауын қамтымаса да, осы белгіні айрықша құқықтары осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген талаптарға сай тауарға қатысты пайдалану нәтижесінде танымал болған белгіге қатысты тиісінше қолданылады.
      Географиялық объектінің атауын білдіретін немесе қамтитын болса да белгілі бір түрдегі тауарды белгілеу ретінде жаппай пайдалануға енген, оның шығарылатын жерімен байланысты емес белгі тауар шығарылған жердің атауы болып танылмайды.
      2. Тараптар осы Келісімнің мақсаттары үшін тауар шығарылған жердің атауына қатысты мүдделі тараптарға:
      1) жұртшылықты тауардың географиялық шығуына қатысты жаңылысатындай осы тауар шынайы шығатын жерден басқа географиялық ауданнан шығатынын көрсететін немесе байланыс туғызатын тауарды белгілеу немесе түсаукесер кезінде кез келген құралдарды пайдаланудың;
      2) Өнеркәсіптік меншікті қорғау жөніндегі Париж конвенциясының (1967 ж.) 10-bis бабының мағынасы бойынша жосықсыз бәсеке актісін білдіретін кез келген пайдаланудың алдын алуға мүмкіндік беретін құқықтық шараларды көздейді.

Патент құқықтары 16-бап

      1. Өнертабысқа, пайдалы модельге және өнеркәсіптік үлгіге құқық ұлттық заңнамада белгіленген тәртіппен қорғалады және патент иеленушінің өнертабысқа, пайдалы модельге және өнеркәсіптік үлгіге басымдығын, авторлығын және айырықша құқығын куәландыратын қорғау құжатымен расталады.
      2. Өнертабыстың, пайдалы модельдің және өнеркәсіптік үлгінің авторы:
      1) айрықша құқыққа;
      2) авторлық құқығына ие болады.
      3. Тараптардың ұлттық заңнамасында көзделген жекелеген жағдайларда өнертабыстың, пайдалы модельдің және өнеркәсіптік үлгінің авторы басқа да құқықтарға ие, оның ішінде патент алу, қызметтік өнертабысты, пайдалы модельді немесе өнеркәсіптік үлгіні пайдаланған үшін сыйақы алу құқығына ие болады.
      4. Өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсіптік үлгіге айырықша құқықтың және осы құқықты куәландыратын патенттің қолданылу мерзімі, ұлттық заңнамада белгіленген талаптарды сақтау шартымен патент беруге өтінім берілген күннен бастап есептеледі және:
      өнертабыстар үшін - кемінде жиырма жылды;
      пайдалы модельдер үшін — кемінде бес жылды;
      өнеркәсіптік үлгілер үшін — кемінде бес жылды құрайды.

17-бап

      Өнертабысқа, пайдалы модельге немесе өнеркәсіптік үлгіге берілген патент патент иеленушіге өнертабысты, пайдалы модельді немесе өнеркәсіптік үлгіні заңға қайшы келмейтін кез келген тәсілмен пайдалануға айрықша құқық береді.
      Егер патент объектісі өнім болса, патент иеленуші үшінші тұлғаларға өзінің келісімінсіз, атап айтқанда мынадай әрекеттерді жасауға: аталған өнімді әзірлеуге, қолдануға, сақтауға, сатуға ұсынуға, сатуға немесе осы мақсаттар үшін әкелуге кедергі жасауға құқылы.
      Егер патент объектісі тәсіл болса, патент иеленуші өзінің келісімінсіз, атап айтқанда тәсілді жүзеге асыру жөніндегі әрекетті, сондай-ақ мынадай әрекеттерді жасауға: неғұрлым тікелей аталған тәсілмен алынған өнімді қолдануға, сақтауға, сатуға ұсынуға, сатуға немесе осы мақсаттар үшін әкелуге кедергі жасауға құқылы.

18-бап

      Осы Келісімнің Тараптары қорғау құжаттары беретін құқықтардың шектелуін, егер осындай шектеулер өнертабысты, пайдалы модельді немесе өнеркәсіптік үлгіні әдеттегідей пайдалануға дәлелсіз нұқсан келтірмейді және үшінші тұлғалардың заңды мүдделерін ескере отырып, патент иеленушінің заңды мүдделерін негізсіз кемсітпейді деген шартпен көздеуге құқылы.

III бөлім
Құқық қолдану 19-бап

      Осы Келісімнің Тараптары зияткерлік қызметтің нәтижелеріне құқықтарды тиімді қорғауды қамтамасыз ететін осындай құқық қолдану шарттарын қолдану жөнінде өзіне міндеттемелер алады.

20-бап

      Осы Келісімнің Тараптары Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Кеден одағы аумағында контрафактілі тауарлар айналымының тиімді түрде жолын кесуді, қамтамасыз ететін заңнамалық тұрғыдағы шараларды, сондай-ақ Интернет желісінде зияткерлік меншік құқықтарының бұзылуына қарсы іс-қимыл жөніндегі бірыңғай шарттарды көздейді.

Шекаралық шаралар 21-бап

      Осы Келісімнің Тараптары Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Кеден одағының Кеден кодексінде бекітілген зияткерлік қызметтің нәтижелеріне құқықтарды қорғау жөніндегі осындай іс-қимылдарды көздейді.

Әкімшілік және қылмыстық сипаттағы шаралар 22-бап

      Осы Келісімнің Тараптары зияткерлік қызметтің нәтижелеріне құқықтарды қорғаудың бірыңғай жүйесін құру, сондай-ақ осы Келісімнің 20-бабының ережелерін іске асыру мақсатында Тараптардың уәкілетті органдары арасындағы зияткерлік қызметтің нәтижелеріне құқықтарды қорғау жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіру туралы шарт жасасуды көздейді.

IV бөлім
Транспаренттілік 23-бап

      1. Тараптар қолданысқа енгізген және осы Келісімге қатысы бар заңдар мен басқа нормативтік актілер жалпы қолданылатын түпкілікті сот және әкімшілік шешімдер (зияткерлік қызметтің нәтижелеріне құқықтардың болуы, көлемі, сатып алу, олардың сақталуын қамтамасыз ету және оларды асыра пайдаланудың алдын алу) ресми жариялануы тиіс немесе егер мұндай жариялау орынсыз болған жағдайда, ол үкіметтік органдар мен құқық иеленушілер таныса алатындай жалпыға қол жетімді болуы қажет.
      Осы Келісімнің нысанасына қатысты бір Тараптың үкіметі немесе үкіметтік органы мен басқа Тараптың үкіметі немесе үкіметтік органы арасында қолданылатын келісімдер де ресми жариялануы тиіс.
      2. Осы Келісімнің әрбір Тарабы басқа Тараптың жазбаша берілген сұрауына осы баптың бірінші тармағында сөз болып отырған ақпаратты беруге дайын болуы тиіс. Белгілі бір сот немесе әкімшілік шешім немесе зияткерлік меншік құқығы саласындағы екі жақты келісім осы Келісім бойынша өзінің құқықтарын қозғайды деп есептейтін негізі бар Тарап та осындай сот немесе әкімшілік шешімдерге немесе екі жақты келісімдерге қол жетімділікті беру үшін немесе өзін олар туралы тиісінше хабардар ету үшін жазбаша сұрау сала алады.
      3. Тараптар осы Келісімнің нысанасына қатысты заңнамалық актілер мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің жобалары туралы БЭК-тің Зияткерлік меншік жөніндегі үйлестіруші кеңесіне хабарлау жөнінде міндеттемелер алады.
      4. 1, 2 және 3-тармақтардағы ештеңе Тараптардан заңды сақтауды қамтамасыз етуге кедергі келтіруі мүмкін, өзге түрде қоғамдық мүдделерге қайшы келетін немесе жекелеген мемлекеттік немесе жеке меншік кәсіпорындардың заңды коммерциялық мүдделеріне залал келтіретін құпия ақпаратты ашуды талап етпейді.

Үйлестіруші кеңес 24-бап

      1. Осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ведомстволары арасында зияткерлік меншікті күзету мен қорғау саласындағы үйлестіру және ақпараттық-техникалық ынтымақтастық функцияларын тұрақты түрде жүзеге асыру мақсатында Тараптар тұрақты жұмыс істейтін институционалдық тетік - БЭК-тің Зияткерлік меншік жөніндегі үйлестіру кеңесін (бұдан әрі - Үйлестіру кеңесі) құруды көздейді.
      Тараптар Үйлестіру кеңесі туралы ережені әзірлеп, қабылдайды. Осы Келісімнің әрбір Тарабы Үйлестіру кеңесінің тең төрағасын тағайындайды.
      2. Үйлестіру кеңесінің тең төрағалары осы Келісім Тараптарының  өкілдері кіретін аталған кеңестің сарапшылар тізімін бекітеді.
      Үйлестіру кеңесіне құзыретіне зияткерлік меншікті қорғау саласындағы ЕурАзЭҚ-ке мүше мемлекеттердің зияткерлік меншікті күзету мен қорғау саласындағы саясатын үйлестіру кіретін ЕурАзЭҚ Хатшылығының өкілдері де кіреді.
      Тараптар жылына кемінде бір реттен Үйлестіру кеңесінің тұрақты отырыстарын өткізуді қарастырады.

Дауларды шешу 25-бап

      Тараптар арасындағы осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар консультациялар және келіссөздер өткізу жолымен шешіледі.
      Егер Тараптар дауды Тараптардың бірі басқа Тараптарға консультациялар мен келіссөздер өткізу туралы жіберген ресми жазбаша өтініш келіп түскен күннен бастап алты ай ішінде реттемесе, Тараптардың кез-келгені осы дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға береді.

V бөлім
Күшіне енуі 26-бап

      Тараптардың уағдаластығы бойынша осы Келісімге жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

27-бап

      Осы Келісім 2012 жылғы 1 қаңтарда күшіне енеді, бірақ депозитарий оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бұрын емес.
      Осы Келісімге қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамада айқындасады.

      ____________ қаласында 201__ жылғы «___» _________ орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы әрбір Тарапқа осы Келісімнің куәландырылған көшірмесін жіберетін осы Келісімнің депозитарийі болып табылатын Кеден одағының комиссиясында сақталады.

          Беларусь          Қазақстан          Ресей
      Республикасының    Республикасының   Федерациясының
        Үкіметі үшін       Үкіметі үшін     Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады