"Қауіпсіздіктің жалпы талаптары, жедел іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде телекоммуникациялық жабдыққа қойылатын функционалдық және техникалық талаптар" техникалық регламентін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылдың 6 тамыздағы № 805 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 15 ақпандағы № 56 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі)

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 15.02.2018 № 56 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      РҚАО-ның ескертпесі.
      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылқы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2016 жылғы 20 желтоқсандағы № 94 бұйрығын қараңыз.

      "Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 қарашадағы Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Қауіпсіздіктің жалпы талаптары, жедел іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде телекоммуникациялық жабдыққа қойылатын функционалдық және техникалық талаптар" техникалық регламенті бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының

      Премьер-Министрі К Мәсімов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 6 тамыздағы
№ 805 қаулысымен
бекітілген

"Қауіпсіздіктің жалпы талаптары, жедел іздестіру
іс-шараларын жүргізу кезінде телекоммуникациялық жабдыққа
қойылатын функционалдық және техникалық талаптар"
техникалық регламенті
1. Қолдану саласы

      1. "Қауіпсіздіктің жалпы талаптары, жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде телекоммуникациялық жабдыққа қойылатын функционалдық және техникалық талаптар" техникалық регламенті (бұдан әрі - Техникалық регламент) Қазақстан Республикасының "Техникалық реттеу туралы", "Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы", "Жедел іздестіру қызметі туралы", "Байланыс туралы", "Мемлекеттік құпиялар туралы" заңдарын іске асыру мақсатында әзірленді.

      2. Техникалық регламент талаптары айналымға шығарылатын, пайдалануға енгізілетін және пайдаланудағы телекоммуникация жабдығының мынадай түрлеріне қолданылады:

      1) тіркелген байланыс желілерінің коммутациялық жабдығы;

      2) ұтқыр байланыс желілерінің коммутациялық жабдығы;

      3) Интернет желілерінің коммутациялық жабдығы.

      3. Техникалық регламенттің 2-тармағында көрсетілген телекоммуникациялық жабдық (бұдан әрі - телекоммуникациялық жабдық) жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде (бұдан әрі - ЖІІ) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің қорғалуын қамтамасыз етумен қолданылады.

      4. Телекоммуникациялық жабдық жобалық, шарттық, техникалық құжаттамаларға сәйкес қосылыстарды коммутациялау үшін функционалдық қолданылуы бойынша сәйкестендіріледі.

      5. Телекоммуникациялық жабдықты функционалдық қолданылуы бойынша сәйкестендіру өлшемдері:

      1) абоненттер қосылыстарының коммутациясы;

      2) ақпараттық ресурстарға қосылыстар коммутациясы;

      3) мәтіндік және графикалық хабарламаларды беру үшін қосылыстар коммутациясы болып табылады.

      6. Телекоммуникациялық жабдықтың сәйкестігі, жабдық туралы қажетті ақпарат ілеспе құжаттарда және (немесе) таңбалауда болуымен қамтамасыз етіледі.

      7. Телекоммуникациялық жабдықта қосылыстар коммутациясы үшін функционалдық қолдану туралы және осы Техникалық регламентке сәйкестігі туралы мәтін түріндегі аппараты бар таңбалау болуы тиіс.

      8. Телекоммуникациялық жабдықтың жедел іздестіру іс-шараларына қойылған міндетттерді орындауға әсер етуші қауіпті (тәуекел) факторлар:

      1) қылмыстық іс қимылдардың өсуіне және ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін ЖІІ-ні техникалық жүргізудің функциялары мен құралдарын қамтамасыз етпеу;

      2) ЖІІ жүргізу кезінде мемлекеттік құпиялардың жоғалуына және ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруге әкеп соғатын, құпиялылық режимінің талаптарын қамтамасыз етпеу болып табылады.

2. Терминдер мен анықтамалар

      9. Техникалық регламентте Қазақстан Республикасының "Техникалық реттеу туралы", "Байланыс туралы", "Мемлекеттік құпиялар туралы" заңдарында, Электр байланысы бойынша салалық жіктеуіште пайдаланылған терминдер, сондай-ақ мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:

      1) тіркелген телефон байланысы желілерінің коммутациялық жабдығы - тіркелген телефон байланысы желілерінде электромагниттік немесе оптикалық сигналдарды қалыптастыруға, таратуға, қабылдауға, сақтауға, өңдеуге, коммутациялауға немесе оларды басқаруға мүмкіндік беретін техникалық құрылғылар, жабдық, жүйелер және бағдарламалық құралдар;

      2) ұтқыр байланысы желілерінің коммутациялық жабдығы - ұтқыр байланыс желілерінде электромагниттік немесе оптикалық сигналдарды қалыптастыруға, таратуға, қабылдауға, сақтауға, өңдеуге, коммутациялауға немесе оларды басқаруға мүмкіндік беретін техникалық құрылғылар, жабдық, жүйелер және бағдарламалық құралдар;

      3) Интернет желілерінің коммутациялық жабдығы - Интернет желілерінде электромагниттік немесе оптикалық сигналдарды қалыптастыруға, таратуға, қабылдауға, сақтауға, өңдеуге, коммутациялауға немесе оларды басқаруға мүмкіндік беретін техникалық құрылғылар, жабдық, жүйелер және бағдарламалық құралдар;

      4) басқару пульті - ЖІІ жүргізу кезінде телекоммуникациялық жабдықпен командалар және хабарламалар алмасуға арналған телекоммуникациялық жабдықтың құрамына кіретін аппараттық-бағдарламалық және техникалық құралдар жиынтығы;

      5) арнайы дерекқор - ЖІІ жүргізу кезінде іріктеліп алынған хабарламаларды ұзақ уақыт сақтау жүйесі;

      6) әкімшілік етудің және өңдеудің жұмыс орындары - басқару пультіне әкімшілік ету және арнайы дерек қордағы хабарламаларды өңдеу үшін мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз етуі бар компьютерлік жұмыс орындары;

      7) телекоммуникациялық жабдық - электромагниттік немесе оптикалық сигналдарды қалыптастыруға, таратуға, қабылдауға, сақтауға, өңдеуге, коммутациялауға немесе оларды басқаруға мүмкіндік беретін техникалық құрылғылар, жабдықтар, жүйелер және бағдарламалық құралдар;

      8) ЖІІ жүргізу функциялары мен техникалық құралдары - ЖІІ қойылған міндеттердің орындалуын қамтамасыз ететін телекоммуникациялық жабдықтың құрамына кіретін аппараттық-бағдарламалық және техникалық құралдар жиынтығы;

      9) байланыс саласындағы уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, байланыс саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды, байланыс саласында қызмет көрсететін немесе оларды пайдаланатын тұлғалардың қызметіне мемлекеттік бақылауды, үйлестіру мен реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      10) ЖІІ жүргізу жөніндегі уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес телекоммуникация желілерінде жедел іздестіру іс-шараларын жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      11) мониторинг орталығы - жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде барлық телекоммуникация желісінде телекоммуникациялық жабдықты басқаруды және іріктеп алынған хабарламаларды сақтауды қамтамасыз ететін телекоммуникация желісінің құрамындағы жабдықтар жинақталымы.

3. Нарықта орналастыру шарттары

      10. Телекоммуникациялық жабдық Техникалық регламентке сәйкес болған жағдайда нарықта орналастырылады.

      11. Қазақстан Республикасының аумағында айналымдағы немесе республика аумағына әкелінетін телекоммуникациялық жабдықта, ЖІІ жүргізу функцияларға және техникалық құралдарға сәйкестігі жөнінде сертификат бірге болуы тиіс.

      12. Телекоммуникациялық жабдық пайдалану мерзімінде үздіксіз, тоқтаусыз ұзақ уақыт жұмыс істеуін, тоқтаулар санының ең кемін қамтамасыз ету тиіс.

4. Жалпы қауіпсіздік талаптары, телекоммуникациялық
жабдыққа қойылатын функционалдық және
техникалық талаптар

      13. Телекоммуникациялық жабдықтың мынадай ЖІІ техникалық жүргізу функциялары болуы тиіс:

      1) телефон сөйлесулерін тыңдау және жазып алу;

      2) жүргізілген телефон сөйлесулері туралы мәліметтер алу;

      3) мәтіндік және графикалық құжаттық хабарламаларды қарау және жазып алу;

      4) берілген мәтіндік және графикалық құжаттық хабарламалар туралы мәліметтер алу;

      5) ұтқыр абоненттердің тұрған жерлері туралы мәліметтер алу;

      6) дерекқорларда ақпаратты жинақтау және сақтау.

      14. ЖІІ техникалық жүргізу міндеттерін орындау үшін телекоммуникация желілерінің иелері, байланыс операторлары, телекоммуникациялық жабдықтың құрамында мынадай құралдардың болуын қамтамасыз етеді:

      1) қосылуларды және ақпараттық хабарламаларды беруді жүзеге асыру барысында, белгіленген абоненттердің хабарламаларын қармау;

      2) белгіленген сәйкестік белгілері бойынша берілетін мәтіндік және графикалық құжаттық хабарламаларды қармау;

      3) белгіленген абоненттердің қосылулары жөнінде статистикалық ақпаратты, қосылу уақыттарының фазасын, ұзақтығын, берілген хабарламалардың мөлшерін т.с.с. жинау;

      4) абоненттер туралы қызметтік ақпаратқа қол жеткізу;

      5) телекоммуникация желісіндегі (биллингке) барлық қосылулар туралы статистикалық ақпаратқа қол жеткізу;

      6) ұтқыр байланыс абоненттерінің (ұтқыр байланыс желілері үшін) тұрған жері жөніндегі статистикалық ақпаратқа қол жеткізу;

      7) хабарламаларды қармауды, ақпарат жинауды ұйымдастыру үшін басқару пульті (жүйесі);

      8) ЖІІ кезінде іріктеп алынған хабарламаларды, статистикалық және қызметтік ақпаратты сақтау үшін деректердің арнайы қорлары;

      9) басқару пультін (жүйелерін) және арнайы дерек қорлардағы хабарламаларды өңдеуді әкімшілендірудің жұмыс орындары;

      10) шығарылған әкімшілендіру және өңдеу жұмыс орындарынан арнайы дерекқорға қол жеткізу.

      15. Техникалық регламенттің 14-тармағында көрсетілген техникалық құралдар жеке құрылғылар және жүйелер болуы мүмкін. Аталған құралдарды (жүйелерді) өзара қосу стандарттық жалпы қабылданған байланыс хаттамалары бойынша жүзеге асырылуы тиіс.

      16. Хабарламаларды қармау құралдары байланыс қызметін пайдаланушылардың белгіленген телефон нөмірлері, Интернет желілерін пайдаланушылардың сәйкестік белгілері, электрондық пошта мекенжайлары, өзгеде ұқсас сәйкестік белгілері бойынша, олардың жалпы санының 1%-дан кем емес байланыс қызмет пайдаланушыларының хабарламаларын қармауды қамтамасыз етуі тиіс. Әр түрлі пайдаланушылардың хабарламаларын бір мезгілде қармау қамтамасыз етілуі тиіс.

      17. Телефон сөйлесулері мен құжаттық хабарламаларды арнайы дерек қорларға жазу стандарттық жалпы қабылданған хаттамалар бойынша жүзеге асырылуы тиіс.

      18. Арнайы дерекқор ақпараттарды сақтауға және оларға қол жеткізуге стандарттық жалпы қабылданған хаттамаларды пайдалануы тиіс. Дерекқордың көлемі ақпаратты кемінде 3 ай уақыт кезеңі ішінде сақтауды қамтамасыз ету тиіс.

      19. Арнайы дерекқорда жазбаларды авариялық жоюдан қорғайтын құралдар, сондай-ақ жазбаларды резервті сақтайтын құралдар болу тиіс.

      20. Қосылулар туралы статистикалық ақпаратты жинау құралдары телекоммуникация желісіндегі барлық қосылулар туралы ақпаратты жинауды және аталған ақпаратты кемінде 3 жыл уақыт кезеңі ішінде сақтауды қамтамасыз етуі тиіс.

      21. Тұрған жерлерін анықтайтын құралдар ұтқыр байланыс абоненттерінің тұрған жерлерін стандарттық дәл анықтауды қамтамасыз етуі тиіс.

      22. Басқару пультін (жүйелерін) әкімшілендіру жұмыс орындарын, байланыс қызметін пайдаланушылардың телефон нөмірлерін, Интернет желілерін пайдаланушылардың сәйкестендіру белгілерін, электрондық пошта мекенжайларын, олардың хабарламаларын қармауды және жазып алуды жүзеге асыру үшін өзге де ұқсас сәйкестендіру белгілерін тапсыруды қамтамасыз етуі тиіс.

      23. Арнайы деректер қорларында сақталған хабарамаларды өңдеуге арналған жұмыс орындары дыбыстық хабарламаларды тыңдауды, құжаттық хабарламаларды оқуды, қарауды қамтамасыз етуі тиіс.

      24. Телекоммуникация желісінде ЖІІ қамтамасыз ету үшін бір немесе бірнеше мониторинг орталықтары қалыптастырылады, олардың құрамына осы телекоммуникация желісінде хабарламаларды қармауды және ақпаратты жинауды ұйымдастыру үшін басқару пульттері (жүйелері), ЖІІ кезінде іріктеп алынған хабарламалар мен ақпаратты сақтау үшін арнайы дерек қордың жүйелері, шығарылған әкімшілендіру және өңдеу жұмыс орындарынан қол жеткізу құралдары кіреді.

      Телекоммуникация желілерінде мониторинг орталықтарын қалыптастыруды осы желілердің иелері, байланыс операторлары жүзеге асырады.

      25. Телекоммуникация желісіндегі мониторинг орталығына (орталықтарына) ЖІІ жүргізу жөніндегі уәкілетті органның әкімшілендіру және өңдеу жұмыс орындарын қосу қамтамасыз етіледі.

      Жұмыс орындарын косу стандарттық жабдықтар мен мемлекеттік құпияларды қорғайтын техникалық құралдардың көмегімен жүзеге асырылады.

      26. Саны 10000 абоненттен аспайтын әр түрлі телекоммуникация желілерін, осы желілердің бірыңғай мониторинг орталығын қалыптастыру кезінде ЖІІ жүргізу функциялары мен техникалық құралдары бойынша біріктіруге болады. Бұл орайда, ЖІІ жүргізу функциялары мен техникалық құралдары бойынша біріктірілген барлық телекоммуникация желілерінде ЖІІ жүргізу қамтамасыз етіледі.

      Телекоммуникация желілерін ЖІІ жүргізу функциялары мен техникалық құралдары бойынша біріктіруді осы желілердің иелері, байланыс операторлары жүзеге асырады.

      27. Телекоммуникациялық жабдықты реттеу, техникалық қолдау, қызмет көрсету, жоспарлы-алдын алу және жөндеп қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін, ЖІІ жүргізу функциясын тексеретін, арнайы ақпараттық бағдарламалық және сындарлы орындалуы бар тестілік аспаптарды қолдануға болады.

5. Жоспарлауға қойылатын қауіпсіздік талаптары

      28. Телекоммуникация желілері ЖІІ қамтамасыз ету жобаларымен қамтылуы тиіс, оларда телекоммуникациялық жабдықтар туралы мынадай мәліметтер болуы тиіс:

      1) тізбе, техникалық сипаттама, қосу схемасы;

      2) сәйкестік сертификаттарының болуы;

      3) пайдалану қағидасы.

      29. Телекоммуникация жабдығының техникалық сипаттамасы мен қосу схемасы мыналарды:

      1) қалалар мен елді мекендердің географиялық орналасқан жерлерін ескеріп, телекоммуникация желісінің орналасуын;

      2) ЖІІ жүргізу функцияларын және техникалық құралдарын;

      3) телекоммуникация желісінде орналасуын және мониторинг орталығын (орталықтарын);

      4) әкімшілендіру және басқару жұмыс орындарының қосылуын;

      5) оларға қатысты ЖІІ жүргізілуі қамтамасыз етілетін абоненттер топтарын;

      6) санкциясыз қол жеткізуді физикалық және аппараттық-бағдарламалық шектеу және мемлекеттік құпияларды қорғау шараларын бейнелеуі тиіс.

6. Мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі талаптар

      30. ЖІІ жүргізу кезінде телекоммуникациялық жабдықты пайдалану мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің айналымын реттейтін нормативтік құқықтық актілерді белгіленген құпиялық режимнің талаптарын ескере отырып жүзеге асырылуы тиіс.

      31. Телекоммуникация желілерінің объектілерінде құпиялылық режимі және телекоммуникациялық жабдықты құрастыру және баптау жөнінде мамандардың, пайдаланушылардың, қызмет көрсететін және пайдаланушы персоналдың қол жеткізуіне рұқсат беру жүйесі міндетті түрде ұйымдастырылуы тиіс.

      32. ЖІІ жүргізу кезінде мемлекеттік құпияларды қорғауды қамтамасыз ету үшін телекоммуникация желілерінің иелері, байланыс операторлары телекоммуникациялық жабдықтың құрамында мынадай құралдардың болуын қамтамасыз етеді:

      1) бағдарламалық қамтамасыз етуді қорғау;

      2) жабдыққа физикалық әсер ету туралы сигнал беру (ашылуы, қосылуы, ақауы т.б. туралы);

      3) әсер етуші көздерді анықтау үшін санкциясыз қол жеткізу әрекетін, уақытын, орнын және әсер ету түрін, жабдықтың техникалық мүмкіндігін қоса ескере отырып тіркеу.

7. Сәйкестікті растау

      33. Телекоммуникациялық жабдықтың сәйкестігін растау Техникалық регламентте және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 4 ақпандағы № 90 қаулысымен бекітілген "Сәйкестікті растау рәсімі" техникалық регламентінде белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.

      34. Телекоммуникациялық жабдық міндетті түрде сертификаттаудан өткізіліп, ЖІІ техникалық қамтамасыз ету саласындағы сәйкестігі расталуы тиіс.

      Техникалық регламенттің 14 және 32-тармақтарында көрсетілген жеке жүйелердің (құралдардың) сәйкестігін растауға рұқсат етіледі.

      35. Сертификаттау сынақтары кезінде телекоммуникациялық жабдықтың ЖІІ техникалық жүргізу функцияларын тексеру үшін қолда бар арнайы аппараттық-бағдарламалық және конструктивтік орындалу тестілік құралдары қолданылады.

      36. Сертификаттаудан өткен телекоммуникациялық жабдық белгіленген нысандағы сәйкестік белгісімен таңбаланады.

8. Қолданылу мерзімдері мен шарттары

      37. Техникалық регламент қолданысқа енгізілген сәттен бастап Қазақстан Республикасының аумағында қолданыстағы нормативтік құқықтық актілер олар Техникалық регламентке сәйкес келтірілгенге дейін Техникалық регламенттің талаптарына қайшы келмейтін және ұлттық қауіпсіздік мүддесін қорғау мақсатына сәйкес келетін бөлігінде ғана орындалуы тиіс.

      38. Құрамында бұрынғы қолданыстағы құқықтық талаптарға сәйкес құрастырылған телекоммуникациялық жабдықтары бар телекоммуникация желілері аталған жабдықтың пайдалану мерзімі аяқталуына қарай осы Техникалық регламентке сәйкес келтірілуі тиіс.

      39. Пайдаланудағы телекоммуникациялық жабдықтың қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растайтын, Техникалық регламент қолданысқа енгізілгенге дейін қабылданған құжаттар оларда белгіленген мерзімнің аяқталуына дейін жарамды деп есептеледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады