"Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 8 қазандағы № 1046 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               K. Мәсімов

 Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы
№ 954 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. «Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 24, 173-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі бір ай мерзімде өз актілерін осы Жарлыққа сәйкес келтірсін.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                               Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің   
2010 жылғы « »  
№ Жарлығына    
ҚОСЫМША       

Қазақстан Республикасы
Президентінің   
2010 жылғы 19 наурыздағы
№ 954 Жарлығымен 
БЕКІТІЛГЕН    

Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық
маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары
қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау осы жүйесі (бұдан әрі - Жүйе) орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі - жергілікті атқарушы органдар) қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында әзірленді.
      2. Жүйе орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін жыл сайын бағалаудың негізгі ережелерін, қағидаттарын, бағыттарын белгілейді, органдар жүйесін және жүргізу тәртібін айқындайды.
      3. Мемлекеттік орган қызметінің тиімділігін бағалаудың мақсаты мемлекеттік орган қызметінің ұйымдастырылу тиімділігін айқындау болып табылады.
      4. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалау мәні мемлекеттік органның жүктелген міндеттер мен функцияларды іске асыру дәрежесі болып табылады.
      5. Мыналар:
      1) мемлекеттік органдардың есепті кезеңде жүргізілген қызмет туралы есептері және олардың қызметін регламенттейтін құжаттар;
      2) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторлары және бағалау жүргізу жөніндегі уәкілетті органдар жүргізген тексерулер нәтижелері;
      3) статистикалық деректер;
      4) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің актілері мен тапсырмаларының орындалуын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі бақылауының нәтижелері;
      5) Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, оның орынбасарларының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының актілері мен тапсырмаларының орындалуын Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесі бақылауының нәтижелері;
      6) тиісті мемлекеттік органдар жүргізген бақылау және қадағалау нәтижелері;
      7) тәуелсіз сарапшылардың қорытындылары;
      8) сауалнамалар мен әлеуметтік сұраулар нәтижелері;
      9) үкіметтік емес ұйымдардың (қоғамдық бірлестіктердің) ақпараты орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалау үшін ақпарат көздері болып табылады.
      6. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалауды осы Жүйенің 11-тармағында айқындалған, мемлекеттік органдар қызметінің бағыттары бойынша бағалауды уәкілетті мемлекеттік органдар жүргізеді.
      7. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалау жыл сайын кестеге сәйкес есепті (күнтізбелік) жылдың қорытындылары бойынша жүзеге асырылады.
      8. Бағалау жүргізу кестесі:
      1) тиісті бағыттар бойынша орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалауды жүргізуге уәкілетті мемлекеттік органдардың өз қорытындыларын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға (бұдан әрі - мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган) ұсыну мерзімдерін;
      2) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін жалпы бағалау нәтижелері туралы қорытындыны Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыну мерзімдерін;
      3) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін жалпы бағалау нәтижелері туралы қорытындысының негізінде қалыптастырылған сараптамалық қорытындыны сараптама комиссиясының Қазақстан Республикасының Президентіне енгізу мерзімдерін;
      4) бағалауға жататын орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарды көрсете отырып, тиісті бағыттар бойынша орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалауды жүргізуге уәкілетті мемлекеттік органдарды барып тексеруді жүргізудің бағалау жүргізу жылының айлар бойынша бөлінген мерзімдерін қамтиды.
      9. Бағалау жүргізу кестесін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі әзірлейді және бекітеді.

2. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар
қызметінің тиімділігін бағалау қағидаттары

      10. Мыналар:
      1) объективтілік қағидаты - бағалаудың тәуелсіздігі, мүдделер қақтығысын болдырмау;
      2) заңдылық қағидаты - мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалауды Қазақстан Республикасының заңнамасына қатаң сәйкестікте жүргізу;
      3) дәйектілік қағидаты - мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалаудың нәтижелерін тиісті құжаттармен растау;
      4) ашықтық қағидаты - мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалаудың нәтижелерін баяндаудың айқындығы;
      5) жариялылық қағидаты - құпиялылық режимін және қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғауды қамтамасыз етуді ескере отырып, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалаудың нәтижелерін бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялау орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалаудың қағидаттары болып табылады.

3. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар
қызметінің тиімділігін бағалау органдарының жүйесі

      11. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалау органдарының жүйесін:
      1) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі;
      2) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі;
      3) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган;
      4) мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган;
      5) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган (бұдан әрі - бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган);
      6) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган құрайды.
      12. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган осы Жүйенің 16-тармағында көрсетілген бағыттар бойынша орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалауға уәкілетті мемлекеттік органдар беретін қорытындылар негізінде орталық мемлекеттік, оның ішінде Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдар мен жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін жалпы бағалауды дайындайды.
      13. Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыну үшін орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін жалпы бағалау нәтижелері туралы сараптамалық қорытынды қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының шешімі бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің лауазымды адамдарының қатарынан сараптама комиссиясы құрылады.
      14. Өздеріне қатысты қызметінің тиімділігін бағалау жүргізілетін орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарды Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
      15. Қазақстан Республикасы Премьер-Министр Кеңсесі мен Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігін қоспағанда, орталық мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалауға уәкілетті органдардың қызметін әдіснамалық үйлестіруді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

4. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар
қызметі тиімділігін бағалау бағыттары

      16. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалау олардың қызметінің мынадай бағыттары бойынша жүзеге асырылады:
      1) жетекшілік ететін салада/аяда/өңірде стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу және іске асыру;
      2) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарларының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі Басшысының актілері мен тапсырмаларын орындау;
      3) бюджет қаражатын басқару;
      4) мемлекеттік қызметтер көрсету;
      5) персоналды басқару;
      6) ақпараттық технологияларды қолдану.
      17. Осы жүйенің 16-тармағында көрсетілген қызметтің әрбір бағытына тиісті әдістемелерде мемлекеттік органдар қызметінің бағыттары бойынша бағалау жүргізуге уәкілетті мемлекеттік органдар айқындайтын өзінің тиімділік өлшемдері мен көрсеткіштері сәйкес келеді.
      18. Тиімділік өлшемдері мен көрсеткіштері мынадай талаптарға сәйкес келуі тиіс:
      1) объективтілік: функцияларды үстірт орындау есептіліктің жақсаруына және істің нақты жағдайын нашарлатуға алып келген жағдайда өлшемдер мен көрсеткіштер мемлекеттік орган қызметінің бұрмалануына алып келмеуі тиіс;
      2) дәйектілік: бастапқы ақпаратты жинау және өңдеу тәсілі қажет болған жағдайда алынған деректердің дәлдігін тексеру мүмкіндігіне жол беруі тиіс;
      3) ашықтық: басы артық күрделі көрсеткіштерден аулақ болу, көрсеткішті айқындау бағалаушының да, сонымен бірге бағаланушы мемлекеттік органның да оны бірыңғай түсінуін қамтамасыз етуі тиіс;
      4) үнемділік: қажетті деректерді алу мүмкіндігінше ең аз шығындармен жүргізілуі тиіс, қолданылатын көрсеткіштер барынша дәрежеде ақпарат жинаудың қолданыстағы жүйелеріне негізделуі тиіс;
      5) салыстырмалылық: өлшемдер мен көрсеткіштерді таңдауды деректерді үздіксіз жинақтау және олардың жекелеген кезеңдегілерінің ұқсас (аралас) міндеттерді шешудегі прогресті бағалау үшін пайдаланылатын көрсеткіштерімен, сондай-ақ халықаралық практикада қолданылатын көрсеткіштерімен салыстырмалылығын қамтамасыз ету қажеттігін негізге ала отырып жүзеге асыру керек;
      6) толықтық: өлшемдер мен көрсеткіштер мемлекеттік органның барлық қызметін сипаттауы тиіс, жекелеген функциялар мәнінің бұрмалануына алып келмеуі тиіс.
      19. Тиімділіктің өлшемдері мен көрсеткіштері ретінде түрлі халықаралық салыстыруларда қолданылатын өлшемдер мен көрсеткіштер пайдаланылуы мүмкін.
      20. Барлық өлшемдер мен көрсеткіштер тиісті бағыттар бойынша тікелей мемлекеттік орган қызметін көрсетуі тиіс.

4.1. Жетекшілік ететін саладағы/аядағы/өңірдегі стратегиялық
мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу және оларды іске асыру

      21. Осы бағыт бойынша бағалау жетекшілік ететін саладағы/аядағы/өңірдегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізудің және оларды іске асырудың тиімділігін арттыру мақсатында жүзеге асырылады.
      22. Уәкілетті мемлекеттік орган жетекшілік ететін саладағы/аядағы/өңірдегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізудің және оларды іске асырудың тиімділігін бағалауды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін орталық атқарушы органдар, жергілікті атқарушы органдар жетекшілік ететін саладағы/аядағы/өңірдегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу және оларды іске асыру тиімділігін бағалауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
      23. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган қызметінің жетекшілік ететін саладағы/аядағы/өңірдегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізудің және оларды іске асырудың тиімділігін бағалауды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі жүзеге асырады.
      24. Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін орталық мемлекеттік органдар жетекшілік ететін саладағы/аядағы/өңірдегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізудің және оларды іске асырудың тиімділігін бағалауды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.
      25. Жетекшілік ететін саладағы/аядағы/өңірдегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізудің және оларды іске асырудың тиімділігін бағалау жөніндегі әдістемені әзірлеу мен оны әдіснамалық сүйемелдеуді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

4.2. Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан
Республикасы Премьер-Министрінің, Қазақстан Республикасы
Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрі орынбасарларының, Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының актілері мен тапсырмаларын
орындау

      26. Осы бағыт бойынша бағалау Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің актілері мен тапсырмаларының орындалу сапасын арттыру мақсатында жүзеге асырылады.
      27. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің актілері мен тапсырмаларын орындау сапасын бағалауды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.
      28. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарларының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі Басшысының актілері мен тапсырмаларын орындау сапасын бағалауды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі жүзеге асырады.
      29. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі Басшысының актілері мен тапсырмаларын орындау сапасын бағалау әдістемесін әзірлеу және оны әдіснамалық сүйемелдеу Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің бірлескен бұйрығы негізінде жүзеге асырылады.

4.3. Бюджет қаражатын басқару

      30. Осы бағыт бойынша бағалау жоспарлау және мемлекеттік орган бюджетінің атқарылу сапасын, сондай-ақ бюджет қаражатын пайдаланудың нәтижелілігі мен тиімділігін арттыру мақсатында жүргізіледі.
      31. Уәкілетті мемлекеттік органның бюджет қаражатын басқару жөніндегі қызметінің тиімділігін бағалауды қоспағанда, мемлекеттік органдардың бюджет қаражатын басқару жөніндегі қызметінің тиімділігін бағалауды бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
      32. Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органның бюджет қаражатын басқару қызметінің тиімділігін бағалауды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі жүзеге асырады.
      33. Мемлекеттік органның бюджет қаражатын басқару жөніндегі қызметінің тиімділігін бағалау әдістемесін әзірлеуді және оны әдіснамалық сүйемелдеуді бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

4.4. Мемлекеттік қызметтер көрсету

      34. Осы бағыт бойынша бағалау орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру мақсатында жүзеге асырылады.
      35. Уәкілетті мемлекеттік органның мемлекеттік қызметтер көрсетуін бағалауды қоспағанда, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметтер көрсетуін бағалауды мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
      36. Мемлекеттік қызметтер көрсетуді бағалауды жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік қызметтерді тұтынушыларға сұрау жүргізілуі мүмкін.
      37. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган ұсынатын мемлекеттік қызметтерді бағалауды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.
      38. Мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта көрсетуді бағалауды, осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта көрсетуін бағалауды қоспағанда, ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
      39. Ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта көрсетуін бағалауды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі жүзеге асырады.
      40. Мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта көрсетуді бағалау нәтижелері туралы қорытынды мемлекеттік қызметтер көрсетуді бағалау кезінде пайдалану үшін мемлекеттік қызметтер көрсетуді бағалауды жүргізуге уәкілетті органдарға енгізіледі.
      41. Мемлекеттік қызметтер көрсетуді бағалау әдістемесін әзірлеуді және оны әдіснамалық сүйемелдеуді мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп жүзеге асырады.

4.5. Персоналды басқару

      42. Осы бағыт бойынша бағалау мемлекеттік органдарда персоналды басқару саясатының сапасы мен тиімділігін арттыру мақсатында жүзеге асырылады.
      43. Уәкілетті мемлекеттік органның персоналды басқаруын бағалауды қоспағанда, персоналды басқаруды бағалауды мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
      44. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның персоналды басқаруын бағалауды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.
      45. Персоналды басқаруды бағалау әдістемесін әзірлеуді және оны әдіснамалық сүйемелдеуді мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

4.6. Ақпараттық технологияларды қолдану

      46. Осы бағыт бойынша бағалау бизнес-үрдістерді оңтайландыру және мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыру үшін мемлекеттік органның ақпараттық технологияларды пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында жүзеге асырылады.
      47. Уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық технологияларды қолдануын бағалауды қоспағанда, ақпараттық технологияларды қолдануды бағалауды ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
      48. Ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның ақпараттық технологияларды қолдануын бағалауды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі жүзеге асырады.
      49. Ақпараттық технологияларды қолдануды бағалау әдістемесін әзірлеуді және оны әдіснамалық сүйемелдеуді ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

5. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар
қызметінің тиімділігін бағалауды жүргізу тәртібі

      50. Тиімділікті бағалауды жүргізу кезінде мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалауды жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган әзірлеген және бекіткен тәртіпке сәйкес үкіметтік емес ұйымдарды (қоғамдық бірлестіктерді) және тәуелсіз сарапшыларды тарта алады.
      51. Мемлекеттік қаржылық бақылау органдары (Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, маслихаттың ревизиялық комиссиясы, ішкі бақылау жөніндегі уәкілетті орган) өз жұмыс жоспарларына сәйкес өздері жүргізетін бақылау іс-шараларының шеңберінде бағалауға жататын мемлекеттік органдарды тексеру нәтижелерін мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалауды жүргізуге уәкілетті мемлекеттік органдарға ұсынады, бұлар бағалау кезінде ескеріледі.
      52. Қызметінің тиімділігін бағалауға жататын мемлекеттік органдар орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігіне тиісті бағыттар бойынша бағалау жүргізуге уәкілетті мемлекеттік органдарға алдыңғы жылдың қорытындылары бойынша есепті ақпаратты жыл сайын 1 наурызға дейін ұсынады.
      53. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін тиісті бағыт бойынша бағалауды жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік органдар мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға бағалау жүргізу кестесіне сәйкес тиісті қорытындыларды ұсынады.
      54. Мемлекеттік орган қызметінің тиімділігін тиісті бағыттар бойынша бағалау нәтижелері туралы қорытынды мынадай құрамдауыштарды қамтуы тиіс:
      1) тиісті бағыт бойынша мемлекеттік орган қызметін бағалау жөніндегі талдамалық есеп;
      2) мемлекеттік органда тиісті бағыт бойынша жұмысты ұйымдастыру туралы тұжырымдар;
      3) тиісті бағыт бойынша мемлекеттік органның қызметін жақсарту жөніндегі ұсынымдар.
      55. Орталық мемлекеттік жене жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалауды жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бағаланатын мемлекеттік органдарды бағалауды жүргізудің бекітілген әдістемелерге сәйкестігі үшін дербес жауапты болады.
      56. Қызметінің тиімділігі бағалауға жататын мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бағалау үшін берілетін есепті кезеңде жүргізілген қызметі туралы есептердің және олардың қызметін регламенттейтін құжаттардың дұрыстығы, толықтығы және уақытында берілуі үшін дербес жауапты болады.
      57. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бағалау жүргізу кестесіне сәйкес мерзімде мемлекеттік орган қызметінің тиімділігін жалпы бағалау нәтижелері туралы қорытындыны Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынады.
      58. Мемлекеттік орган қызметінің тиімділігін жалпы бағалау нәтижелері туралы қорытынды мынадай құрамдауыштарды қамтуы тиіс:
      1) әрбір мемлекеттік органның есепті кезеңдегі қызметінің нәтижелілігі мен тиімділігі туралы тұжырымдар;
      2) мемлекеттік органда жұмыстарды ұйымдастыру туралы тұжырымдар;
      3) мемлекеттік органның қызметін жақсарту жөніндегі ұсынымдар.
      59. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Сараптама комиссиясымен келісім бойынша мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен қажет болған жағдайда тиісті бағыттар бойынша орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалауды жүргізуге уәкілетті органдардың жекелеген бағалау нәтижелеріне қайта тексеру жүргізуді ұйымдастырады.
      Сараптама комиссиясы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік орган қызметінің тиімділігін жалпы бағалаудың нәтижелері туралы қорытындысы негізінде сараптамалық қорытынды қалыптастырады және Қазақстан Республикасының Президентіне енгізеді.
      60. Мемлекеттік орган қызметінің тиімділігін бағалаудың нәтижелері туралы сараптамалық қорытынды бағалау жүргізу кестесіне сәйкес мерзімде Қазақстан Республикасының Президентіне енгізіледі.
      61. Мемлекеттік орган қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелері туралы сараптамалық қорытынды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның қорытындысына бағалау мен оған қатысты қызметінің тиімділігін бағалау жүргізілген мемлекеттік орган қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде ұсынымдарды да қамтуы тиіс.
      62. Әрбір мемлекеттік орган қызметінің тиімділігін бағалаудың нәтижелері тұжырымдармен және ұсынымдармен бірге қызмет тиімділігін арттыру бойынша жұмысты ұйымдастыру мақсатында мемлекеттік органдардың басшыларына жолданады.
      63. Әрбір мемлекеттік орган қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелері құпиялылық режимін және қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғауды қамтамасыз етуді ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады