"Зерде" ұлттық инфокуммуникациялық холдингі" акционерлік қоғамының 2011 - 2020 жылдарға арналған даму стратегиясын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 12 қазандағы № 1061 Қаулысы

      «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 18 маусымдағы№ 827 Жарлығын орындау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған «Зерде» ұлттық иңфокоммуникациялық холдингі» акционерлік қоғамының 2011 - 2020 жылдарға арналған даму стратегиясы бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастан қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                              К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2010 жылғы 12 қазандағы
№ 1061 қаулысымен  
бекітілген     

«Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингі»
акционерлік қоғамын дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған
стратегиясы

      Ескерту. Стратегия жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 28.08.2013 № 873 қаулысымен.

Мазмұны

      1. Кіріспе.
      2. Ағымдағы жағдайды талдау.
      3. Холдингтің миссиясы және пайымы.
      4. Қызметтің стратегиялық бағыттары, мақсаттары, міндеттері, қызметтің түйінді нәтижелері және күтілетін нәтижелер.

1. Кіріспе

      «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Холдинг) «Арна Медиа» ұлттық ақпараттық холдингі», «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі», «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» акционерлік қоғамдарын құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 3 шілдедегі № 668 қаулысына сәйкес құрылды.
      Холдинг акцияларының мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік орган Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі болып табылады.
      Холдингтің құрылтайшысы Қазақстан Республикасын Үкіметінің атынан Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті болып табылады.
      Холдинг қызметін қаржыландыру жарғылық капитал қаражаты мен акциялар пакеті Холдингтің меншігіндегі акционерлік қоғамдардың дивидендтері есебінен құрылатын кірістер және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де кірістер арқылы жүзеге асырылады.
      Холдинг қызметінің негізгі мәні акциялар пакеті Холдингтің орналастырылатын акциялар төлеміне берілген заңды тұлғаларды (бұдан әрі – ЕТҰ, компаниялар тобы) тиімді басқару болып табылады. Холдингті құру мақсаттары:
      1) инфокоммуникациялық саланың бәсекеге қабілеттілігі мен экономикалық тиімділігін арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасау;
      2) инфокоммуникациялық ресурстар мен стандарттарды дамыту;
      3) инфокоммуникациялар саласындағы инвестициялық және инновациялық белсенділікті ынталандыру болып табылады.
      Холдингтің компаниялар тобына мынадай заңды тұлғалар кіреді:
      1) «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы;
      2) «Kazsatnet» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы;
      3) «Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті» акционерлік қоғамы;
      4) «Ұлттық процессингтік орталық» акционерлік қоғамы;
      5) «Электрондық коммерция орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі;
      6) «Перспективті технологиялар корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі;
      7) «Ақпараттық және коммуникациялық технологияларды (АКТ) дамыту қоры» корпоративтік қоры.
      Осы құжат Холдингтің 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған ұзақ мерзімді даму стратегиясын білдіреді және ұзақ мерзімді кезеңде Холдинг дамуының стратегиялық басымдықтарын айқындайтын негізін қалаушы құжат болып табылады.
      Стратегия Холдинг менеджментінің перспективалық даму бағыттарын пайымдауына, «Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі даму стратегиясына, Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауына, Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауына негізделген, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 маусымдағы № 827, «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары туралы» 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922, «Қазақстан Республикасын үдемелi индустриялық-инновациялық дамыту жөнiндегi 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы және Қазақстан Республикасы Президентiнiң кейбiр Жарлықтарының күшi жойылды деп тану туралы» 2010 жылғы 19 наурыздағы № 958, «Ақпаратты Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» 2013 жылғы 8 қаңтардағы № 464 жарлықтарына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 11 ақпандағы № 129 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің 2011– 2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарына сәйкес әзірленді.
      Холдинг қызметінің 2011 – 2020 жылдарға арналған түйінді көрсеткіштерінің Қазақстан Республикасының стратегиялық бағдарламалық құжаттарына (стратегиялық карта) сәйкестігі осы Стратегияға 1-қосымшада берілген.

2. Ағымдағы жағдайды талдау
Ішкі ортаны талдау

      Компаниялардың портфелі. Басқаруға берілген компаниялардың қызметтің перспективалы бағыттары бойынша қызметтің әр түрлері, сондай-ақ «электрондық үкімет», мемлекеттік органдардың бiрыңғай көлiк ортасы сияқты ірі ауқымды жобаларды іске асырудағы тәжірибелерге ие. Холдингтің ақпараттық және коммуникациялық технологиялар (бұдан әрі – АКТ) саласын дамыту бойынша бастамалары салалық мемлекеттік орган тарапынан қолдау табады.
      Операциялық қызмет. Холдинг активтерді тиімді басқаруды қамтамасыз ету және АКТ-саласындағы қызметті жүзеге асыратын ЕТҰ-ның корпоративтік мәдениетін басқару арқылы Қазақстан Республикасында АКТ-ны дамыту бойынша мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады.
      Холдинг компанияларының тобы АКТ-саласын дамыту және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген қызмет бағыттары бойынша іс-шараларды іске асырады. ЕТҰ қызметінің күшті жағы АКТ-саласын дамыту бойынша машықтанған тәжірибесінің, сондай-ақ қалыптастырылған инфрақұрылымының болуы болып табылады.
      ЕТҰ және Холдинг қызметінің халықаралық стандарттарға сәйкес қолданыстағы енгізілген бизнес-процестерді өзекті етуді талап ететін бизнес-процестерін жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде, бұл Холдинг компанияларының тобы қызметінің жедел нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік береді.
      Жалғыз акционердің, жоғары тұрған мемлекеттік органдардың тапсырмаларын, Холдинг басқармасының тапсырмаларын орындаудың жүйелі мониторингін жүргізу, Қазақстан Республикасындағы «Ақпаратты Қазақстан - 2020» мемлекеттік бағдарламасының шеңберіндегі іс-шараларды орындау үшін Холдингтің компаниялар тобында еншілес ұйымдардың есептілікті ұсынуы бекітілген кестесінің негізінде қызмет ететін бақылау жүйесі енгізілген.
      Холдингтің компаниялар тобы АКТ саласының бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыруға жәрдемдесу мақсатында қаржылық, өндірістік және инфрақұрылымдық ресурстарды шоғырландыру бойынша жұмыстарды одан әрі жалғастыруда.
      Қаржылық жағдай. Холдингтің қаржылық тұрақтылығы қаржылық тұрақтылық пен төлем қабілеттілігінің оң көрсеткіштерімен расталады. Жалпы, таза табыстың шоғырланған нәтижесі 2009 жылдың қорытындысы бойынша 426 млн. теңгені, 2010 жылдың қорытындысы бойынша 408 млн. теңгені құрады.
      Холдингтің компаниялар тобында айқындылықтың, теңгерімділік пен тиімділіктің жалпы қағидаттарына негізделген бюджеттеу жүйесі қызмет етеді.
      Стратегиялық жоспарлау. Стратегиялық жоспарлаудың тиімді жүйесі үшін Холдингте және компаниялар тобында стратегиялық жоспарлау құжаттарын қалыптастыру, атап айтқанда 2011 - 2020 жылдарға арналған даму стратегиясын және 2011 - 2015 жылдарға арналған даму жоспарларын әзірлеу және бекіту бойынша жұмыстар жүргізілді. Қазіргі уақытта стратегиялық жоспарлау жүйесін одан әрі жетілдіру, оның ішінде даму стратегиясын іске асыру құралы ретінде Холдингтің компаниялар тобында теңдестірілген көрсеткіштер жүйесі арқылы стратегиялық құжаттарды іске асыру процесін бақылау жүргізілуде.
      Корпоративтік басқару. Компанияның ішінде басқару процестерін жақсарту, барлық процестердің айқындылығын арттыру, сондай-ақ бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін сапа менеджменті жүйесі әзірленді және енгізілді, сондай-ақ Холдингте және еншілес ұйымдарда тәуекел-менеджменті институты қалыптастырылды.
      Холдинг қызметінің барлық аспектілері бойынша және Жалғыз акционермен және Холдингтің компаниялар тобымен өзара іс-қимыл жасау саласында қолданыстағы бизнес-процестерді жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
      Холдингте қызметшілерді басқарудың тиімді жүйесін құруға және стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған адами ресурстарды басқарудың стратегиясы жұмыс істейді.
      Холдинг штатында кәсіби және бәсекеге қабілетті адами ресурстардың болуы Мемлекет басшысы қойған міндеттерді тиімді орындауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты Холдингтің компаниялар тобында қызметшілерді оқытудың бірыңғай жүйесі енгізілді.
      Қызметшілер жұмысының тиімділігін бағалаудың бірыңғай саясатын енгізу, сондай-ақ Холдинг қызметкерлерінің жұмыстың жоғары нәтижелеріне қол жеткізу және оның жоғары сапасын ұстап тұруға деген материалдық мүдделілігін ынталандыру мақсатында қызметтің түйінді көрсеткіштерін орындау негізінде бағалау жүйесі әзірленді және енгізілді. Аталған жүйе нәтижелілікті, жеделдікті, міндеттерді орындаудың мерзімін сақтауды ескере отырып, алға қойған міндеттер мен мақсаттарды іске асыру қорытындысы бойынша қызметкердің тиімділігін анықтауға мүмкіндік береді.
      Холдингтің компаниялар тобы бойынша қызметшілерді іріктеу, жалдау және бейімдеу процесі жетілдірілген.
      Іске асырылып отырған кадр саясаты ақпараттық технологиялар саласындағы білікті кадрлардың жетіспеушілігіне қатысты проблемаларды шешуге және жинақталған тәжірибені сақтап қалуға бағытталған.

Сыртқы ортаны талдау

      Әлемдік қаржы дағдарысы кезінде Қазақстан экономикасы, әсіресе қаржы секторы күрт құлдырауға ұшырады. Сөйтіп, Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің деректері бойынша ЖІӨ өсуінің жоспарланған 10 %-ының орнына экономикалық өсімнің қарқыны 2008 жылы екі есе аз - 5,1 % болды. Қазақстандағы дағдарыстың негізгі себебі республиканың банк жүйесінің әлемдік қаржы жүйесімен ықпалдасуының жоғары деңгейі болып табылады, бұл сыртқы қарыз алудың едәуір артуына алып келді. Банк секторындағы дағдарыс жылжымайтын мүлік нарығындағы және экономиканың құрылыс секторындағы күрт құлдырауға себеп болды.
      Әлемдік дағдарыстың, алайда Қазақстанның инфокоммуникациялық саласы үшін соншалықты қатты зардабы болған жоқ. Экономиканың басқа салаларында өсу қарқынының баяулағаны және кірістердің азаюы байқалғанына қарамастан телекоммуникация саласы керісінше өзінің айналымын, әсіресе Интернет қызметін көрсету саласында арттыруда. 2008 жылы интернет-қызметтерден түсетін кіріс 290 млн. долларды құрады, өсім мұның алдындағы кезеңмен салыстырғанда 60 %-ды құрады. Тұтас алғанда ақпараттық технологияларға кеткен шығындар сол кезең ішінде 46 %-ға өсті.
      Әлемдік ақпараттық технологиялар саласының негізгі даму үрдісі негізгі өндірістік қуаттарды дамыған елдерден дамушы елдерге қайта дислокациялау болып табылады. Осылайша дамыған мемлекеттердің компанияларына өз өнімінің ақтық құнын оңтайландыра отырып, жұмыс күшіне, салық жүктемесіне өндірістік шығындарды азайтуға, өндірісті шикізат көздеріне жақындатуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, кез келген жабдықты жасау – жақын маңдағы қоршаған ортаны ластау көзі екені жұртқа мәлім. Атап айтқанда, дамыған батыс еуропалық мемлекеттер бұл мәселені толықтай сезінеді және өздерінің өндірістерін экономикалық тұрғыда әл-ауқаты анағұрлым төменірек мемлекеттерге ауыстырады.
      2003 – 2008 жылдар аралығындағы кезеңде құрастыру өндірісін Шығыс Еуропа елдеріне жоспарлы түрде көшіру орын алды, бұл тұтас алғанда Еуропалық одақтың АКТ нарығы құрылымының өзгеруіне ықпалын тигізді. Кейбір шығыс еуропалық мемлекеттердің (мысалы Венгрия, Словакия және т.б.) бүгінгі күні ақпараттық және коммуникациялық технологиялар бойынша сыртқы саудада оң сальдосы бар, оның негізінде көбінесе экспортқа бағдарланған компьютерлік және телекоммуникациялық жабдықтарды құрастыруға мамандану жатыр. Ақпараттық қызметтер мен ықпалдасу саласында Ирландия мен Үндістанның сыртқы саудаға мамандану тәжірибесі қызықты. Бұл елдер оффшорлы бағдарламалауда көшбасшы болды және қызметтер экспортында едәуір қаражат: 2008 жылы Ирландия - 20 млрд. АҚШ долларын, Үндістан - 25 млрд. АҚШ долларын тауып отыр.
      Халықаралық АКТ нарығының ірі нетто-экспорттаушылары: Корея (ақпараттық және коммуникациялық технологиялар сыртқы саудасының оң сальдосы 32 %), Малайзия (20 %), Жапония (19 %), Қытай (18 %) болып табылады. Бірнеше еуропалық мемлекеттерде сондай-ақ ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың сыртқы саудасында оң сальдо сақталып отыр.
      Әлемде ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың ірі экспорттаушысы Қытай болып табылады. Оның ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар саласындағы өнімдері мен қызметтерінің экспорты 2008 жылы Экономикалық одақтың 15 елі мен Америка Құрама Штаттарының жиынтық экспортынан асып түсіп, 360 млрд. долларды құрады.
      Жылдам дамушы экономикалардың тәжірибесі, ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың жағымды рөліне, басқа салалардың экономикалық көрсеткіштеріне және жалпы алғанда қоғам тіршілігінің сапасына сенім білдіру АКТ саласын дамыту бойынша жүйелі мемлекеттік саясат кезінде ақталып шығатынын көрсетіп отыр. Бұған Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия, Тайвань, Гонконг, Канада, Австралия, Финляндия елдері мысал бола алады.
      Соңғы жылдары Қазақстан Республикасының АКТ саласында елеулі жетістіктері белгіленді, олар туралы жоғары халықаралық рейтингтер куәландырады.
      Қазақстан Республикасында «электрондық үкіметтің» дамуы Біріккен Ұлттар Ұйымы сарапшыларының жоғары бағасын алды. БҰҰ-ның «электрондық үкіметке» жаһандық дайындық бойынша жыл сайынғы рейтингісінің деректеріне сәйкес Қазақстан әлемдік рейтингте 2010 жылы 46-орынды иеленді. Азия өңірінде Қазақстан 2010 жылы аталған көрсеткіш бойынша Біріккен Араб Әмірліктерінен (9-орын) және Кувейттен (10-орын) озып өтіп, 8-орынды иеленді.
      Орталық Азия елдерінің арасында Қазақстан 2010 жылғы нәтижелер бойынша Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түрікменстанды озып өтіп, бірінші орынды иеленді.
      «Электрондық үкіметтің» даму индексінің құрамдас бөлігі болып табылатын онлайн қызметтер индексі бойынша Қазақстан 2010 жылдың қорытындылары бойынша 24-орынға ие болды.
      БҰҰ есебінде сондай-ақ критерийлері заңдардың, қағидалардың, қызметтер туралы ақпараттың қолжетімділігін бағалайтын, азаматтар мен үкіметтің арасындағы өзара іс-қимылды, азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысуын айқындайтын е-қатысу индексінің нәтижелері де көрсетілген.
      Осы рейтингте Қазақстан 2010 жылы Литва, Словения, Кипр, Австрия, Норвегия, Швеция, Финляндияны озып өтіп, 18-орынды иеленді.
      Қазіргі уақытта халыққа және ұйымдарға мемлекеттік электрондық қызметтер ұсынудың жай-күйі мынадай деректермен сипатталады:
      1) орталық және жергілікті атқарушы органдар интернет-ресурстар арқылы халыққа және бизнеске интерактивті қызметтер көрсетеді (басшылардың блоктары, интерактивтік сауал және т.б.) және транзакциялық қызметтер көрсетуге ауысуды жүзеге асырады;
      2) «электрондық үкімет» инфрақұрылымы құрылды;
      3) мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметтерін электрондық форматқа оңтайландыру бойынша жұмыс жүргізілді;
      4) «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесі енгізілді;
      5) орталық мемлекеттік органдардың құжаттарын қағаз тасығышта қайталамай, электрондық құжат айналымына көшіру бойынша жұмыстар жүргізілуде;
      6) азаматтардың «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшыларына электрондық үндеу жасау ж