Байланыс формасы

Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасын әзірлеу және келісу қағидасын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 4 наурыздағы № 222 Қаулысы

      «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңы 42-бабының 5-тармағын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасын әзірлеу және келісу қағидасы бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                            К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2011 жылғы 4 наурыздағы
№ 222 қаулысымен   
бекітілген      

Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас
схемасын әзірлеу және келісу қағидасы

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасын әзірлеу және келісу қағидасы (бұдан әрі - Қағида) «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасын әзірлеу мен келісудің тәртібін белгілейді.
      2. Осы Қағидада мынадай негізгі ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:
      1) айрықша реттеу мен қала құрылысын регламенттеу объектілері - арнаулы қағидалар (тәртіп) енгізбей, аумақтарды, елді мекеннің аумағын, жылжымайтын мүліктің жеке объектісін пайдаланудың жалпыға бірдей қабылданған қағидаларына (тәртібіне) толықтырулар енгізбей жүзеге асыру қиындаған немесе мүмкін болмайтын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің объектілері;
      2) аумақты аймақтарға бөлу - қала құрылысын жоспарлау кезінде жекелеген аймақтарды кала құрылысына пайдалану түрлерін және оларды пайдалану жөніндегі ықтимал шектеулерді белгілей отырып, аумақтарды функционалдық аймақтарға бөлу;
      3) аумақты ұйымдастыру - елді тұрақты әлеуметтік, экономикалық және экологиялық дамыту мақсатында оның әкімшілік-аумақтық бірлігінің немесе ел масштабындағы тиімді моделін қалыптастыру үдерісі;
      4) Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасы (бұдан әрі - Бас схема) - елдің аумақтық бәсекелік артықшылықтарын іске асыру және тұрақты дамуына қол жеткізу үшін Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді кеңістіктік дамуының пайымдауын және аумақты оңтайлы ұйымдастыру жүйесін қамтитын кала құрылысы жобасы;
      5) мемлекеттік қала құрылысы саясаты - Қазақстан Республикасының аумақтық даму және аумақты ұйымдастыру проблемаларын шешуде қала құрылыстық тәсілдерді қалыптастыруға бағытталған шаралар кешені;
      6) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін мемлекеттік басқару саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган.
      3. Бас схеманың міндеттері:
      1) қоныстандыру жүйесінің және өндіргіш күштерді орналастырудың мемлекеттік реттелуін қамтамасыз ету;
      2) Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымын ескере отырып, аумақтарды пайдаланудың мәртебесін, мақсаты мен сипатын белгілеу;
      3) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыру арқылы әлеуметтік-экономикалық және шаруашылық даму бағдарламалары бойынша өңіраралық және салааралық мемлекеттік мүдделерді үйлестіру.
      4. Бас схеманың кешенді әзірленуін Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарының қатысуымен уәкілетті орган қамтамасыз етеді. Бас схема Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясының, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, экология, стратегиялық жоспарлау саласындағы заңнаманың негізінде, сондай-ақ интеграциялық үдерістерді, шектес мемлекеттердің аумақтық және әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламалары мен әлемдік үрдістерді есепке ала отырып әзірленеді.
      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 05.11.2016 № 666 қаулысымен.
      5. Бас схема Қазақстан Республикасының аумағын перспективалы ұйымдастыруға ықпал ететін ішкі және сыртқы факторларды, аумақты талдау, бағалау критерийлерін қарастырады және ел халқының өмір сүруіне қолайлы орта жасау мақсатында елді мекендер мен қонысаралық аумақтарды тұрақты дамытуды қамтамасыз ету үшін қажетті іс-шаралар тізбесін айқындайды.

2. Бас схеманы әзірлеу тәртібі

      6. Бас схема:
      1) стратегиялық және экономикалық жоспарлау ережелеріне сәйкес өндіргіш күштерді қоныстандырудың және орналастырудың негізгі қағидаттарын;
      2) табиғатты ұтымды пайдаланудың және шаруашылық қызметтің, республикалық маңызы бар көліктік, инженерлік, әлеуметтік және рекреациялық инфрақұрылымды дамытудың негізгі ережелерін;
      3) өңірлердегі экологиялық жағдайды жақсарту, тарихи және мәдени мұра объектілері және (немесе) қорғалатын ландшафтық объектілері бар аумақтарды сақтау жөніндегі негізгі іс-шараларды;
      4) сәулет-қала құрылысы қызметін жүзеге асыру үшін қауіпті (зиянды) құбылыстар мен табиғи және техногендік сипаттағы үдерістердің немесе қысыл-таяң табиғи-климаттық жағдайлардың ықпалына душар болатын ерекше қорғалатын аумақтарды, пайдалы қазбалар жатқан аумақтарды пайдалану бойынша пайдалану немесе шектеу түрлерін қамтиды.
      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 05.11.2016 № 666 қаулысымен.
      7. Бас схеманың жобасын әзірлеуді уәкілетті орган қамтамасыз етеді.
      8. Бас схеманы әзірлеу екі кезеңде жүзеге асырылады:
      1) дайындық кезеңі, оған:
      ұйымдастыру, нормативтік-құқықтық және институционалдық қамтамасыз ету;
      Бас схеманың құрылымын әзірлеу және келісу;
      Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастыру мен пайдалануды кешенді бағалаудың бірыңғай тәсілдерін, критерийлері мен әдістерін әзірлеу және бекіту;
      әкімшілік-аумақтық бірліктердің аумақтарын экономикалық мамандану және оларды басымдықпен пайдалану түрлері бойынша бірыңғай жіктеу әдіснамасын әзірлеу;
      Қазақстан Республикасының аумағын талдау және бағалау, аумақты ұйымдастыруға және тиімді пайдалануға ықпал ететін ішкі және сыртқы факторларды анықтау;
      бірыңғай ведомствоаралық цифрлық шартты белгілер жүйесін (жіктеуіш), салааралық терминологиялық базаны, картографиялық негізді және мамандандырылған географиялық ақпараттық ортаның негізінде ведомствоаралық ақпараттық жүйені жасау кіреді;
      2) жобалау кезеңі, оған:
      жобалау кезеңдерінде Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастыру бойынша жобалау шешімін әзірлеу, соның ішінде: елдің аумағында өндіргіш күштерді қоныстандыру және орналастыру схемаларын құру; қала құрылысы қызметін жүзеге асыруда оның басымдықтары мен шектеулерін анықтайтын аймақтарға бөлу схемаларын жасау; Қазақстан Республикасы аумағының тірек қаңқасын әзірлеу; әкімшілік-аумақтық бірліктердің, айрықша реттеу мен республикалық және өңіраралық маңызы бар қала құрылысын регламенттеу нысандарының схемалары мен даму жобаларын жасау;
      әкімшілік-аумақтық бірліктердің аумақтарын экономикалық мамандану түрлері және олардың басым пайдаланылуы бойынша жіктеу;
      республикалық маңызы бар инженерлік, көліктік, әлеуметтік және экологиялық инфрақұрылымдардың негізгі даму бағыттарын әзірлеу;
      экологиялық жағдайды жақсарту, жер мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, тарихи-мәдени және табиғи мұра нысандарының аумақтарын сақтау бойынша шаралар кешенін даярлау;
      мемлекеттік (орталық және жергілікті) атқарушы органдардың бірыңғай ақпараттық жүйенің ақпараттық модульдерін ақпаратпен және картографиялық материалмен сандық және сапалық жағынан толықтыруы кіреді.
      Жобалау кезеңі аяқталған соң осы Қағиданың 12-тармағында көрсетілген сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін және мүдделі мемлекеттік органдармен келісілгеннен кейін уәкілетті орган Бас схеманың негізгі ережелерін қалыптастырады.
      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 02.08.2013 N 778 қаулысымен.
      9. Уәкілетті орган Бас схеманың құрамында Бас схеманың басты шешімдері мен ұсыныстарын қамтитын Бас схеманың Негізгі ережелерін белгілейді.
      10. Бас схеманың Негізгі ережелеріне мыналар жатады:
      1) өндіргіш күштерді қоныстандыру және орналастыру жүйесі;
      2) әлеуметтік, рекреациялық, инженерлік және көліктік инфрақұрылымның схемалары мен даму жобалары;
      3) республикалық және өңіраралық маңызы бар ерекше қала құрылысын реттеудің аумақтары мен объектілерінің схемалары мен даму жобалары;
      4) аумақтарды экономикалық мамандану мен басымдықпен пайдалану түрлері бойынша жіктеу;
      5) аймақтарға бөлу схемасы және қала құрылысы қызметін жүзеге асыру кезінде оны пайдалану басымдықтары мен шектеулерін анықтау;
      6) өңірлердегі экологиялық жағдайды жақсарту, тарихи және мәдени мұра объектілері және (немесе) қорғалатын ландшафтық объектілері бар аумақтарды сақтау, сондай-ақ аумақтарды табиғи және антропогендік, техногендік құбылыстар мен процестердің қауіпті (зиянды) ықпалынан қорғау бойынша іс-шаралар кешені.
      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 05.11.2016 № 666 қаулысымен.
      11. Бас схеманың Негізгі ережелерін уәкілетті органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

3. Бас схеманы келісу тәртібі

      12. Уәкілетті орган Бас схеманың жобасын мемлекеттік кешенді қала кұрылысы сараптамасына міндетті түрде жолдайды.
      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 02.08.2013 N 778 қаулысымен.
      13. Сараптама өткізілгеннен кейін уәкілетті орган Бас схеманың жобасын мүдделі мемлекеттік органдармен келісілуге жолдайды. Бас схема жобасын немесе оның жекелеген бөлімдерін мемлекеттік органдарда қарау және келісу Бас схеманың жобасы келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күнінен аспауға тиіс.
      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 02.08.2013 N 778 қаулысымен.
      14. Мемлекеттік органдар дайындаған Бас схеманың жеке бөлімдері мен картографиялық материалдарын елеулі өзгерістерсіз Бас схемаға енгізген кезде олар осы органдармен қайта келісілуге жатпайды.
      15. Бас схема жобасын қарау қорытындылары бойынша келісуші мемлекеттік орган уәкілетті органға жауаптардың мынадай нұсқаларының бірін ұсынуы тиіс:
      1) Бас схеманың жобасы ескертулерсіз келісілді. Бұл жағдайда уәкілетті орган Бас схема жобасының түпнұсқасын келісуші органның басшысына, оның міндеттерін атқаратын тұлғаға не басшының орынбасарына бұрыштама қою үшін ұсынады;
      2) Бас схеманың жобасын орын алған ескертулер түзетілген жағдайда келісуге болады. Бұл ретте ескертулер келісуші органның басшысы, оның міндеттерін атқаратын тұлға не басшының орынбасары қол қойған хатта баяндалады. Келісуші мемлекеттік органдардың Бас схема жобасы бойынша ескертулері сол келісуші мемлекеттік органның құзыретіне тікелей қатысты болуға тиіс, соған байланысты Бас схеманың жобасы келісуші мемлекеттік органның құзыретіне тікелей жататын ескертулер түзетілген жағдайда келісілуге тиіс;
      3) жобаны келісуден бас тартылады. Бұл ретте келісілуден бас тарту себептері көрсетілген келісуші органның басшысы, оның міндеттерін атқаратын тұлға не басшының орынбасары қол қойған хат қоса беріледі.
      Келісуші мемлекеттік органдарға Бас схема жобасын «ескертулермен» келісуге рұқсат етілмейді.
      16. Келіспеушіліктер орын алғанда, уәкілетті орган өзара қолайлы шешім іздеу мақсатында оны келісуші органдармен талқылауды қамтамасыз етуге тиіс.
      17. Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 05.11.2016 № 666 қаулысымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады