Кәсіптік-техникалық кадрларды даярлау жөніндегі ұлттық кеңесті құру туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 наурыздағы № 298 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 тамыздағы № 529 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі)

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 31.08.2017 № 529 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      "Мемлекет басшысының 2011 жылғы 28 қаңтардағы "Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 18 ақпандағы № 1158 Жарлығын орындау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Кәсіптік-техникалық кадрларды даярлау жөніндегі ұлттық кеңес (бұдан әрі - Ұлттық кеңес) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған:

      1) Ұлттық кеңес туралы ереже;

      2) Ұлттық кеңестің құрамы бекітілсін.

      3. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту мен кадрлар даярлау жөнінде республикалық кеңес құру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 11 тамыздағы № 1211 қаулысы;

      2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 11 тамыздағы № 1211 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 28 қазандағы № 1124 қаулысы.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 30 наурыздағы
№ 298 қаулысымен
бекітілген

Кәсіптік-техникалық кадрларды даярлау жөніндегі ұлттық
кеңес туралы ереже

      1. Кәсіптік-техникалық кадрларды даярлау жөніндегі ұлттық кеңес (бұдан әрі - Кеңес) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      2. Кеңес қызметінің мақсаты республикалық деңгейде еңбек ресурстарын дамыту және экономиканың салаларын білікті кадрларлармен қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты үйлестіру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға жәрдемдесу болып табылады.

      3. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

2. Кеңестің негізгі міндеттері мен құқықтары

      4. Кеңестің негізгі міндеттері:

      1) білікті кадрларды даярлау және қайта даярлау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға жәрдемдесу;

      2) техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың басым бағыттары бойынша ұсынымдар әзірлеу;

      3) экономиканы кадрлармен қамтамасыз ету мәселелерін үйлестіру

      жөнінде ұсынымдар әзірлеу;

      4) бірыңғай ұлттық біліктілік жүйесін құру;

      5) экономиканы білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін қолайлы құқықтық және инвестициялық жағдай жасау;

      6) кадрларды даярлауға және қайта даярлауға жұмыс берушілердің қатысуын қамтамасыз ету;

      7) кадрлар даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру үшін еңбек нарығының білікті кадрларға қажеттілігін жоспарлау мен болжау;

      8) техникалық және кәсіптік білім берудің құрылымы мен мазмұнын жаңғырту;

      9) кадрлар даярлаудың сапасын жақсарту;

      10) техникалық және кәсіптік білім беруді басқару мен қаржыландыру жүйесін жетілдіру;

      11) кадрлар даярлауға, кәсіптік стандарттарды әзірлеуге, мамандардың біліктілігін бағалауға салалық мемлекеттік органдардың, кәсіптік бірлестіктердің, жұмыс берушілердің қатысуы;

      12) білім алушылардың кәсіптік практикасын ұйымдастыру және бітірушілерді жұмысқа орналастыру жөнінде ұсыныстарды әзірлеу болып табылады.

      5. Кеңес өз міндеттеріне сәйкес:

      1) Қазақстан Республикасының Үкіметіне кадрларды даярлау және қайта даярлау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      2) экономиканы білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі ұсынымдарды әзірлейді;

      3) Кеңестің отырыстарына қатысу үшін Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдарының, сараптау және жұмыс топтары мен өзге де мүдделі ұйымдардың өкілдерін шақырады;

      4) Кеңестің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.

3. Кеңес қызметін жүзеге асыру тәртібі

      6. Кеңесті төраға - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары басқарады, оның қызметіне жетекшілік етеді, отырыстарда төрағалық етеді және оның жұмыс жоспарын бекітеді, оның шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады.

      Төраға болмаған уақытта оның функцияларын Кеңес төрағасының орынбасары орындайды.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 04.09.2014 N 970 қаулысымен.

      7. Кеңес құрамы Қазақстан Республикасының Үкіметі мүшелері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің, Сенатының депутаттары, мемлекеттік даму институттарының, жұмыс берушілер қауымдастықтары, білім беру органдары, кәсіподақтар басшылары, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту мен кадрлар даярлау жөніндегі өңірлік кеңестер басшыларының арасынан қалыптасады. Кеңес мүшелері өз қызметін қоғамдық бастамаларда жүзеге асырады.

      8. Кеңес отырыстары жарты жылда кемінде бір рет өткізіледі және егер оның мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды болып есептеледі. Кеңес шешімдері оның отырысына қатысқан Кеңес мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады.

      9. Кеңес мүшелері Кеңестің қызметі, қабылданған шешімдер туралы ақпарат ала алады, сондай-ақ Кеңестің құзыреті шегінде кез келген мәселелерді талқылауға енгізе алады.

      10. Отырыста қаралатын мәселелерді талқылау кезінде Кеңес мүшелерінің құқықтары тең болады.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

      11. Кеңестің алдына қойылған міндеттерді шешу мақсатында оның жұмыс органы Кеңестің жұмыс топтарын құрады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

      11-1. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Кеңестің жұмыс органы болып табылады.

      Жұмыс органы Кеңес жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде Кеңес отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындайды, олар Кеңес отырысы өткізілгенге дейін үш жұмыс күні қалғанда хаттама жобасымен қоса Кеңес мүшелеріне жіберілуі тиіс.

      Ескерту. Ереже 11-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

      12. Кеңестің жұмыс органы:

      1) алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен;

      2) Кеңесте қарау үшін ұсыныстар жинауды жүзеге асырады. Кеңесте қарау үшін ұсыныстарды жұмыс органына мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар енгізе алады. Бұл ретте ұсыныстар жеке сипатта болмауға тиіс;

      3) Кеңес шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді және үйлестіреді;

      4) Кеңес қызметіне тартылған мамандар мен сарапшылардың жұмысын үйлестіреді.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

      13. Кеңес отырысы өткізілгеннен кейін Кеңес хатшысы хаттама ресімдейді. Хатшы Кеңес мүшесі болып табылмайды.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

      14. Кеңес шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және оларға Кеңес мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыс беру Кеңес отырысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа (бұдан әрі – Нұсқаулық) қосымшаға сәйкес нысан бойынша дауыс беру парағын толтыру жолымен өткізіледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

      Кеңес мүшелерiнiң ерекше пiкiр білдіруге құқығы бар, оны бiлдiрген жағдайда, ол жазбаша түрде жазылуы және Нұсқаулықтың 24-тармағында көзделген Кеңес отырысының есеп-хатына қоса берілуі тиiс.

      Кеңес отырыстарын өткізу нәтижелері бойынша және дауыс беру парақтары негізінде үш жұмыс күні ішінде хаттама жасалады, оған төраға мен хатшы қол қояды.

      Дауыс беру қорытындысы бойынша хаттама жобасының мазмұны өзгерген жағдайда, Кеңес хатшысы қабылданған шешімнің нақтыланған редакциясы бар дауыс беру парағын Кеңес мүшелеріне келісу үшін жібереді.

      Кеңес мүшелері дауыс беру парағын алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде келісу не себептерін негіздей отырып, келіспеу туралы жауап береді.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

      15. Экономиканың салаларын кадрлық қамтамасыз ету мәселелерін үйлестіру үшін орталық уәкілетті органдардың жанынан салалық кеңестер құрылады.

      16. Өңірлік деңгейде кадрлық қамтамасыз ету мәселелерін үйлестіру үшін жергілікті атқарушы органдардың жанынан өңірлік кеңестер құрылады.

      17. Салалық және өңірлік кеңестердің қызметі Кеңеске есеп береді.

      17-1. Дауыс беру парақтарымен қоса, Кеңес материалдары мен хаттамалық шешімдерін есепке алуды және сақтауды Кеңестің жұмыс органы жүзеге асырады.

      Ескерту. Ереже 17-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

4. Кеңестің қызметін тоқтату

      18. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі Кеңестің қызметін тоқтату үшін негіз болып табылады.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 30 наурыздағы
№ 298 қаулысымен
бекітілген

Кәсіптік-техникалық кадрларды даярлау жөніндегі ұлттық кеңестің
құрамы

      Ескерту. Құрам жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 04.09.2014 N 970 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, төраға

      Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі, хатшы

      Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі

      Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі

      Қазақстан Республикасының Қаржы министрі

      Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі

      Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі

      Қазақстан Республикасының Энергетика министрі

      Қарағанды облысының әкімі

      Солтүстік Қазақстан облысының әкімі

      Жамбыл облысының әкімі

      Ақмола облысының әкімі

      Алматы қаласының әкімі

      Батыс Қазақстан облысының әкімі

      Қызылорда облысының әкімі

      Қостанай облысының әкімі

      Маңғыстау облысының әкімі

      Алматы облысының әкімі

      Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі

      Атырау облысының әкімі

      Ақтөбе облысының әкімі

      Павлодар облысының әкімі

      Шығыс Қазақстан облысының әкімі

      Астана қаласының әкімі

      Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты (келісім бойынша)

      "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      "Назарбаев Университеті" дербес білім беру ұйымының президенті (келісім бойынша)

      "Назарбаев Университеті" дербес білім беру ұйымының атқарушы вице-президенті (келісім бойынша)

      "Кәсіпқор" холдингі" коммерциялық акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      "Қазақтелеком" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      "Зерде" ұлттық инфокоммуникациялық холдингі" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      "Тау-Кен Самұрық" ұлттық тау-кен компаниясы" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      "Қазақстан инжиниринг" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы" акционерлік қоғамының президенті (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасы Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      "Қазақстан Республикасы Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы" заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы (келісім бойынша)

      "Шетелдік инвесторлардың қазақстандық кеңесі" қауымдастығының директоры (келісім бойынша)

      "ENRC Kazakhstan" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің президенті (келісім бойынша)

      "КАЗКА" Қазақстанның кәсіпкерлер қауымдастығы басқарма кеңесінің төрағасы (келісім бойынша)

      "Қазақмыс" корпорациясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің президенті (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      "Республикалық кен өндіру және кен-металлургиялық кәсіпорындары қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры (келісім бойынша)

      Алматы экономика және статистика академиясының президенті, Қазақстанның кәсіптік білім беру ұйымдары қауымдастығының өкілі (келісім бойынша)

      "KazEnergy" Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің бас директоры (келісім бойынша)

      "KEGOC" электр желілерін басқару жөніндегі қазақстандық компаниясы" акционерлік қоғамының президенті (келісім бойынша)

      Қазақстан туристік қауымдастығының директоры (келісім бойынша)

      Теңіз көлігі кәсіпкерлері қауымдастығының атқарушы директоры (келісім бойынша)

      "Кеме иелері мен теңіз индустриясы кәсіпкерлерінің қауымдастығы" коммерциялық емес заңды тұлғалар бірлестігінің президенті (келісім бойынша)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады