Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 20 мамырдағы № 454 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 12 мамырдағы № 502 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 994 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 19.09.2014 № 994 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 20 мамырдағы № 454 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 34, 273-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі туралы ережеде:
      14-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «4) мұнай-газ, мұнай-химия өнеркәсібі, көмірсутек шикізатын тасымалдау салаларындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелері бойынша мемлекеттік саясатты іске асыру;»;
      15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «15. Министрлік қолданыстағы заңнамаға және өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) мұнай-газ, мұнай-химия өнеркәсібі, көмірсутек шикізатын тасымалдау салаларындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
      2) өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді, бағдарламалық, нормативтік және нормативтік-техникалық құжаттарды әзірлейді;
      3) кен орнын игеру жобасына сәйкес мұнай өндіруді, сондай-ақ оның айналымын мемлекеттік реттеуді жүзеге асырады;
      4) табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар салаларында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органмен бірлесіп, тарифтерді (бағаларды, алым ставкаларын) немесе олардың шекті деңгейлерін, тарифтік сметаларды бекіту кезінде ескерілетін инвестициялық бағдарламаларды және (немесе) инвестициялық жобаларды бекітеді;
      5) қоршаған ортаны қорғау саласындағы және жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органдармен келісім бойынша ілеспе газды қайта өңдеуді дамыту бағдарламасын бекітеді, газды кәдеге жаратудың және ілеспе газды қайта өңдеуді дамытудың бекітілген бағдарламаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізеді;
      6) көмірсутек шикізатын пайдалану бөлігінде шын мәнінде ұлттық отын-энергетика теңгерімдерін әзірлеуге қатысады;
      7) пайдалы қазбаларды барлау мен игеру жөніндегі орталық комиссия туралы ережені бекітеді және оның құрамын бекітеді;
      8) жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сараптамалық комиссия туралы ережені бекітеді;
      9) пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша тікелей келіссөздер жүргізу жөніндегі жұмыс тобы туралы ережені және оның құрамын бекітеді;
      10) ілеспе газды өңдеуді дамыту бағдарламасын орындау туралы есептіліктің нысандары мен мерзімдерін бекітеді;
      11) кадрлардағы қазақстандық қамтуды есептеу әдістемесін келіседі;
      12) қазақстандық мамандарды оқыту бойынша қажеттіліктің ең аз деңгейін есептеу әдістемесін келіседі;
      13) жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурс талаптарына қосу үшін оқытуға жататын персоналдың жалпы санының пайызымен қазақстандық кадрлардың ең аз санын ұсынудың тәртібін келіседі;
      14) жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурс талаптарына қосу үшін кадрлардағы ең аз қазақстандық қамтуды ұсынудың тәртібін келіседі;
      15) келісімшарттың орындалу мүмкіндігін, мұнай экспорты үшін олардың аумақтарында құбыржолдар мен басқа да тасымалдау құралдарын салуды және пайдалануды қамтамасыз ететін басқа мемлекеттердің тиісті органдарымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасы бойынша келіссөздер жүргізеді және келісімдер жасасады;
      16) техникалық-экономикалық негіздемеде мұнайды өткізудің қабылданған есептік бағалары шегінде келісімшартқа қол қою сәтіндегі келісімшартқа техникалық-экономикалық негіздеменің экономикалық көрсеткіштерін негізге ала отырып, жер қойнауын пайдаланушылар үшін Қазақстан Республикасының ішкі нарығына шикі мұнайды өңдеуге арналған жеткізу көлемдерін айқындайды;
      17) қажет болған жағдайда, ішкі нарықтың жанар-жағармай материалдарына қажеттіктерін жабуға қажетті көлемде Қазақстан Республикасының ішкі нарығында өңдеуге арналған мұнай мөлшерін кестелермен (жылдық және ай сайынғы) айқындайды;
      18) Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметіне көмірсутек шикізатын барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарттар бойынша келісімшарттық талаптардың орындалу барысы туралы жыл сайынғы есепті ұсынады;
      19) белгіленген тәртіппен өнімді бөлу туралы келісімдерде өкілетті органның мүддесін іске асырады, оның ішінде ұлттық компанияның еншілес ұйымының қатысу үлестерін сенімді басқаруды жүзеге асырады;
      20) көмірсутек шикізаты бөлігінде пайдалы қазбаларды барлауды, өндіруді, бірлескен барлау мен өндіруді жүргізуге жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурсты дайындайды және ұйымдастырады;
      21) мұнай-газ және мұнай-химия саласында Қазақстан Республикасында дамытылатын басым жоғары технологиялық өндірістердің тізбесін келіседі;
      22) Министрліктің құзыреті саласында қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғалардың мемлекеттік қатысу үлестері мен акцияларының мемлекеттік пакеттерін иелену және пайдалану құқықтарын Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жүзеге асырады;
      23) жер қойнауын пайдаланушылар және (немесе) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды жүзеге асыруға жер қойнауын пайдаланушылар уәкілеттік берген тұлғалар беретін, жүргізілген, жүргізілетін және есепті кезеңнен кейінгі жылға жоспарланып отырған тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу туралы ақпаратты жинайды және талдайды;
      24) жер қойнауын пайдаланушылар және(немесе) көмірсутек шикізаты бөлігінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыруға жер қойнауын пайдаланушылар уәкілеттік берген тұлғалар беретін, орта мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңдерге жоспарланып отырған тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу туралы ақпаратты жинайды және талдайды;
      25) көмірсутек шикізаты бөлігінде пайдалы қазбаларды барлауды, өндіруді, бірлескен барлау мен өндіруді жүргізуге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын береді;
      26) жер қойнауы пайдаланушымен көмірсутек шикізатын барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарттың талаптары туралы келіссөздер жүргізеді;
      27) көмірсутек шикізатын барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарттық құжаттардың жобаларына сараптама жүргізуді ұйымдастырады;
      28) көмірсутек шикізаты бөлігінде келісімшарттар жасасады, мемлекеттік тіркеу мен сақтауды жүзеге асырады;
      29) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өкілеттіктерге сәйкес көмірсутек шикізатын барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарттарда Қазақстан Республикасының мүдделерін білдіреді және олардың сақталуын қамтамасыз етеді;
      30) Мемлекеттің басым құқығын жүзеге асыру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына иеліктен шығарылатын жер қойнауын пайдалану құқығын (оның бір бөлігін) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығына байланысты объектілерді сатып алу (сатып алудан бас тарту) туралы ұсыныс әзірлеуге қажетті материалдарды енгізеді;
      31) Мемлекеттің басым құқығын жүзеге асыру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ұсынымдары негізінде иеліктен шығарылатын жер қойнауын пайдалану құқығын (оның бір бөлігін) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығына байланысты объектіні сатып алу (сатып алудан бас тарту) туралы шешімдер қабылдайды;
      32) көмірсутек шикізатын барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарттардың орындалуын және қолданысының тоқтатылуын қамтамасыз етеді;
      33) құрамында көмірсутек шикізаты бар, конкурсқа шығаруға жататын жер қойнауы учаскелері тізбелерінің жобаларын әзірлейді;
      34) көмірсутек шикізатын барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарттардың қолданылуын қайта бастау туралы шешім қабылдайды;
      35) мұнайдың стратегиялық қорларын қалыптастыруды және олардың Қазақстан Республикасының аумағында орналастырылуын есепке алуды қамтамасыз етеді;
      36) өз құзыреті шегінде мемлекеттік құпияларды қорғау, жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру саласындағы Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің сақталуын қамтамасыз етеді;
      37) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда барлауды, өндіруді жүргізу үшін немесе барлауға немесе өндіруге байланысты емес жерасты құрылыстарын салу және (немесе) пайдалану үшін берілген сервитуттарды тіркеуді жүзеге асырады;
      38) ұлттық компания мен құзыретті орган арасындағы тікелей келіссөздердің қорытындылары бойынша жасалған келісімшарттар бойынша немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жобаларды бірлесіп іске асыру үшін ұлттық компания айқындаған стратегиялық әріптесін келіседі;
      39) конкурстың жеңімпазы не онымен келісімшарт тікелей келіссөздер негізінде жасалатын тұлға әзірлеген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың жобасын келіседі;
      40) тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуда қазақстандық қамту және кадрлардағы қазақстандық қамту бойынша міндеттемелерді қоса алғанда, көмірсутек шикізатына арналған келісімшарттар және өнімді бөлу туралы келісімдер бойынша шарттарды жер қойнауын пайдаланушылардың орындауына мониторингті жүзеге асырады;
      41) гендерлік саясатты іске асыруға қатысады;
      42) шет елдермен ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияларды (комитеттерді, кеңестерді) және олардың кіші комиссияларын (кіші комитеттерді, жұмыс топтарын) дайындайды, ұйымдастырады және өткізеді;
      43) индустриялық саясатты реттеу саласындағы уәкілетті органға жинақтау және талдау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуындағы қазақстандық қамту бойынша жалпы ақпаратты береді;
      44) көмірсутек шикізаты бөлігінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушыларға тарату қорын пайдалануға рұқсат береді;
      45) заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру кезінде жерқойнауын пайдалану құқығын және онымен байланысты құқықтарды құқықтық мирасқорлық тәртібімен ауыстыруға рұқсат береді;
      46) жер қойнауын пайдалану құқығын (оның бір бөлігін) және (немесе) жер Қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді өткізу (сату) жөніндегі сауда-саттыққа қатысуға рұқсат береді;
      47) жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сараптама комиссиясының ұсыныстары негізінде жер қойнауын пайдалану құқығын (оның бір бөлігін) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді иеліктен шығаруға, жер қойнауын пайдалану құқығын (оның бір бөлігін) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғадағы қатысу үлесін (акциялар пакетін) кепілге беруге рұқсат береді (рұқсат беруден бас тартады), сондай-ақ кең таралған пайдалы қазбаларға қатысты жер қойнауын пайдалану құқығын қоспағанда, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36 және 37-баптарына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын кепілге беру жөніндегі мәмілені тіркейді;
      48) бағалау жұмыстары сатысына көшуге рұқсат береді;
      49) сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінен ақпарат сұрайды;
      50) мұнай операцияларын жүргізу және мұнайды тасымалдау саласындағы адамның өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтіру қатеріне талдау және бағалау жүргізеді;
      51) мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерінің өндірілуін мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
      52) мұнай операцияларын жүргізу саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
      53) мұнай-газ кәсіпшілігі инфрақұрылымын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
      54) техникалық регламенттерде белгіленген мұнайға және оның тіршілік циклі процестеріне қойылатын қауіпсіздік талаптарының орындалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
      55) көмірсутек шикізаты бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібін жер қойнауын пайдаланушылардың сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
      56) ұңғымалар объектілерін сынау, кен орнын сынамалы пайдалану, технологиялық жабдықты іске қосу-баптау, пайдалану, оған техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстары жағдайында газды технологиялық еріксіз жағу кезінде ілеспе және (немесе) табиғи газды алау етіп жағуға рұқсат береді;
      57) теңіздегі ғылыми зерттеулерді жүргізуге рұқсат береді;
      58) теңіз құрылысын салуға немесе орналастыруға рұқсат береді;
      59) ұңғыманы бұрғылауға рұқсат береді;
      60) қат ішіндегі қысымды ұстап тұру үшін ілеспе және табиғи газды айдауға рұқсат береді;
      61) теңізде мұнай-газ құбырларын салуға, монтаждауға немесе тартуға рұқсат береді;
      62) тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуда қазақстандық қамту және кадрлардағы қазақстандық қамту бойынша міндеттемелерді қоса алғанда, көмірсутек шикізаты бойынша келісімшарттардың және өнімді бөлу туралы келісімдер бойынша шарттарды жер қойнауын пайдаланушылардың орындауын бақылауды жүзеге асырады;
      63) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызмет түрлерін лицензиялауды жүзеге асырады;
      64) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.»;
      23-тармақ мынадай мазмұндағы тармақшамен толықтырылсын:
      «20-1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықаралық шарттардың мәтіндерін дәйектейді, оларға қол қояды және қабылдайды;».
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                        К. Мәсімов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады