Жеке және заңды тұлғалардың қорғаныс мұқтажы үшін реквизицияланған, сондай-ақ берілген мүлкінің құнын мемлекеттің өтеу қағидасын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 21 қыркүйектегі № 1082 Қаулысы

      «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңының 52-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Жеке және заңды тұлғалардың қорғаныс мұқтажы үшін реквизицияланған, сондай-ақ берілген мүлкінің құнын мемлекеттің өтеу қағидасы бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2011 жылғы 21 қыркүйектегі
№ 1082 қаулысымен    
бекітілген       

Жеке және заңды тұлғалардың қорғаныс мұқтажы үшін
реквизицияланған, сондай-ақ берілген мүлкінің құнын
мемлекеттің өтеу қағидасы

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағида «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңының 52-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді әрі жеке және заңды тұлғалардың қорғаныс мұқтажы үшін реквизицияланған, сондай-ақ берілген (бұдан әрі – реквизицияланған) мүлкінің құнын мемлекеттің өтеу тәртібін айқындайды.

2. Жеке және заңды тұлғалардың қорғаныс мұқтажы үшін
реквизицияланған мүлкінің құнын мемлекеттің өтеу тәртібі

      2. Қорғаныс мұқтажы үшін реквизицияланған мүліктің құнын өтеу Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес бюджет қаражатынан төленеді. Өтемді төлеу ақшалай нысанда Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен жүргізіледі.
      3. Мүліктің меншік иесі немесе оның уәкілетті адамы есеп тәртібін көрсете отырып, қорғаныс мұқтажы үшін реквизицияланған мүлік құнын өтеуге өтініш береді.
      4. Меншік иесі немесе оның уәкілетті өкілі реквизицияланған мүліктің құнын өтеу мөлшерімен келіспеген жағдайда оны сот тәртібімен даулауға құқылы.
      5. Реквизицияланған мүлік иелерінің өтініштерін жинау үшін жергілікті әскери басқару органдарында, әскери бөлімдерде, жергілікті атқарушы органдарда жиын пункттері құрылады, олар ақшалай қаражат бөлуге өтінімді Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабына жолдайды.
      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 30.04.2013 N 417 қаулысымен.
      6. Өтінімге мынадай құжаттар қоса беріледі:
      1) меншік иесінің немесе оның уәкілетті адамының өтініші;
      2) реквизициялау туралы акт;
      3) заңды күшіне енген сот шешімі (бар болған кезде).
      7. Жергілікті әскери басқару органдарының, әскери бөлімдер командирлерінің (мекемелер бастықтарының), жергілікті атқарушы органдардың өтінімдері негізінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы қаржыландыру жоспарын өзгертуге арналған жиынтық өтінімді жасайды және бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға жолдайды.
      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 30.04.2013 N 417 қаулысымен.
      8. Реквизицияланған мүлік құнын өтеу жергілікті әскери басқару  органдары, әскери бөлімдердің командирлері (мекемелердің бастықтары) арқылы жүргізіледі, олар реквизицияланған мүліктің меншік иесінің ақша қаражатын оның өтінішінде немесе сот шешімінде көрсетілген шотқа қаражатты аудару жолымен алуын немесе қолма-қол ақша беруді ұйымдастырады.
      9. Реквизицияланған мүліктің меншік иесі қайтыс болған жағдайда мүлік құнын өтеуді алуға құқық Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес мирасқорлық бойынша беріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады