Байланыс формасы

Ұзақ мерзімді орман пайдалану кезінде орман пайдаланушылар әзірлейтін өртке қарсы іс-шаралар жоспарларына қойылатын талаптарды айқындау туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 28 қазандағы № 1212 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 4 қыркүйектегі № 745 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 04.09.2015 № 745 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      РҚАО-ның ескертпесі.
      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 18-02/58 бұйрығын қараңыз.

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 шілдедегі Орман кодексінің 12-бабының 17) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған ұзақ мерзімді орман пайдалану кезінде орман пайдаланушылар әзірлейтін өртке қарсы іс-шаралар жоспарларына қойылатын талаптар бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2011 жылғы 28 қазандағы
№ 1212 қаулысымен  
бекітілген    

Ұзақ мерзімді орман пайдалану кезінде орман пайдаланушылар әзірлейтін өртке қарсы іс-шаралар жоспарларына қойылатын талаптар

      1. Орман қоры учаскелері орман пайдалануға берілген орман пайдаланушылар жыл сайын өртке қарсы іс-шаралардың жоспарларын (бұдан әрі - Жоспар) әзірлейді және оны іске асырады.
      Жоспар мынадай екі бөлімнен тұрады:
      1) өртке қарсы алдын алу іс-шаралары;
      2) орман өрттерін сөндіру іс-шаралары.
      2. Жоспардың бірінші бөлімінде шекарасында орман пайдалануға берілген орман қоры учаскесі (учаскелері) орналасқан орман иеленушінің орман орналастыру материалдарына және ормандарды өртке қарсы орналастыру жоспарларына негізделген жұмыстардың нақты көлемдері мен оларды өткізу орындары көзделеді. Жоспарланатын іс-шаралар іс-әрекеттің дәйектілігін, бұдан бұрын орындалған жұмыстардың жалғастырылуын көздейді және орман иеленушілер мен орман пайдаланушылардың орман қорының көршілес учаскелерде атқарып жатқан жұмыстарымен байланыстырылады.
      Жоспардың бұл бөлімінде қайда және қандай мерзімде өртке қарсы жыралар қазылатыны, өртке төзімді орман шеті құрылатыны, минералды және өртке қарсы басқа да қорғаныштық жолақтар тартылатыны, орман шаруашылығы және өртке қарсы жолдар, өрт сөндіру суаттары, өрт қадағалау мұнаралары, мачталар, тікұшақ келіп қонатын алаңшалар, телефон байланысы желілері салынатыны, радио байланысы ұйымдастырылатыны көрсетіледі.
      Жоспарға сондай-ақ бұрыннан бар өртке қарсы жыралар мен жолақтарға күтім жасау, өрт қадағалау мұнаралары мен өртке қарсы құрал-жабдықтар мен техниканы, жолдарды жөндеу, уақытша өрт күзетшілерін жалдау жөніндегі жұмыстар енгізіледі.
      Барлық жұмыстар үшін күнтізбелік орындалу мерзімдері және осы жұмыстардың орындалуына жауапты адамдар, көлемі мен құны белгіленеді.
      3. Жоспардың екінші бөлімінде өрттерді өз күштерімен де, бұл өрттерді қандай да бір себептермен орман пайдаланушының күштерімен және құралдарымен құрықтау мүмкін емес жағдайларда сөндіруді ұйымдастыру жөніндегі шаралар көзделеді. Соңғы жағдайда мемлекеттік орман иеленушімен келісе отырып орман өртін сөндіруге жіберілетін аталған орман мекемесінің күштері мен техникалық құралдары, сондай-ақ орман қорының тиісті учаскесінде орналасқан аудандағы елді мекендерде орналасқан өзге де ұйымдардың күштері мен техникалық құралдары айқындалады. Бұл бөлімде орман өрттерін сөндіру, орман өрттерін сөндірумен айналысып жатқан адамдарды тамақтандыру мен медициналық көмекті, байланысты ұйымдастыру үшін ерікті қоғамдық құрамалар (командалар) құру, сондай-ақ өрт қауіпі бар маусымға жанар-жағар май материалдарының қорын жасау орман пайдаланушының есебінен көзделеді.
      4. Орман қоры учаскелері орман пайдалануға берілген орман пайдаланушылардың өртке қарсы іс-шаралардың жоспарлары ағымдағы жылдың 15 ақпанынан кешіктірілмей келісу үшін мемлекеттік орман иеленушілерге беріледі. Орман пайдаланушының өртке қарсы іс-шараларының жоспары мемлекеттік орман иеленушімен келісіледі және оны орман пайдаланушының өзі бекітеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады