Байланыс формасы

"Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 17 ақпандағы № 172 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 14 қарашадағы № 1337 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексіне және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 17 ақпандағы № 172 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру ережесі осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2011 жылғы 14 қарашадағы
№ 1337 қаулысымен  
бекітілген     

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерлерге ауыстыру ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексіне және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегіЗаңына сәйкес әзірленді және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру тәртібін айқындайды.
      Мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде мемлекеттік бағдарламаларда көзделген туризм объектілерінің, ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы ғимараттарының құрылысы және жұмыс істеуі үшін шектелген шаруашылық қызмет режимі белгіленген учаскелерді ғана, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасының объектілерін салу, оларды жайластыру және күтіп-ұстау үшін ықтимал орналастырудың басқа жолдары болмаған кезде осы Ережеде белгілеген тәртіппен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыруға жол беріледі.
      2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының объектісі (бұдан әрі - Мемлекеттік шекара объектісі) - шекара қызметінің бөлімшелері орналасқан, инженерлік-техникалық құрылыстар мен тосқауылдарды, шекаралық белгілерді, шекаралық соқпақ жолдарды, коммуникацияларды және мемлекеттік шекара өткізу пункттерін жайластыруға және күтіп ұстауға арналған орын;
      2) ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылысы (бұдан әрі - су шаруашылығы құрылысы) - Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстарының тізбесіне енгізілген, су ресурстарын пайдалану мен қорғауды реттеу, сумен жабдықтау, су бұру және судың зиянды әсерін жою мақсатында қолдан жасалған гидротехникалық құрылыстар мен құрылғылар;
      3) туризм объектісі (бұдан әрі - туризм объектісі) - туризм индустриясының объектісі, оның ішінде туристерді, көлікті, қоғамдық тамақтандыру объектілерін, ойын-сауық объектілері мен құралдарын, танымдық, сауықтыру, спорттық және басқа да мақсаттағы объектілерді орналастыру үшін қажет, құрылысы мемлекеттік бағдарламада көзделген ғимараттар мен құрылыстар жиынтығы.

2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру тәртібі

      3. Туризм объектісін, су шаруашылығы құрылысын, Мемлекеттік шекара объектісін ықтимал орналастырудың басқа нұсқаларының (орындарының) болмауы бөлігінде олар орналастырылатын жерлер ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті органмен (бұдан әрі - уәкілетті орган) келісіледі.
      4. Уәкілетті орган салынуы мен жұмыс істеуі ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыруды қажет ететін туризм объектісін, су шаруашылығы құрылысын, Мемлекеттік шекара объектісін ықтимал орналастырудың басқа нұсқаларының (орындарының) болмауы мәселесін қарау үшін комиссия (бұдан әрі - комиссия) құрады.
      Комиссия құрамына туризм саласындағы уәкілетті органдардың (туризм объектісін орналастыруды қарау кезінде), аумақтық орман және аңшылық шаруашылығы инспекциясының, су ресурстарын реттеу жөніндегі бассейндік инспекцияның (су шаруашылығы құрылыстарын орналастыруды қарау кезінде), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің (Мемлекеттік шекара объектілерін қарау кезінде), қарауында ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар мемлекеттік органдардың және жерді ауыстыруға бастамашы болып табылатын өзге органдардың (бұдан әрі - мүдделі орган) өкілдері кіреді, ол сұралып отырған жер учаскесін орналасқан жеріне барып тексереді.
      5. Уәкілетті орган бекіткен ерекше қорғалатын табиғи аумақты функционалдық аймақтарға бөлуді және оның инфрақұрылымын дамытудың бас жоспарын ескере отырып шығарылған комиссияның оң қорытындысы туризм объектісін, су шаруашылығы құрылысын, Мемлекеттік шекара объектісін ерекше қорғалатын табиғи аумақта орналастыру орындарын келісу үшін негіз болып табылады.
      6. Туризм объектісін, су шаруашылығы құрылысын, Мемлекеттік шекара объектісін ерекше қорғалатын табиғи аумақта орналастыру орындары келісілгеннен кейін мүдделі орган ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстырудың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуді ұйымдастырады.
      7. Туризм объектісін, су шаруашылығы құрылысын, Мемлекеттік шекара объектісін салу және олардың жұмыс істеуі үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстырудың техникалық-экономикалық негіздемесі:
      1) босалқы жерге ауыстырылатын сұралып отырған жер учаскесін бөліп берудің жерге орналастыру жобасын;
      2) сұралып отырған жер учаскесін босалқы жерге ауыстыру бойынша залалды жабуға байланысты шығындардың есептемесін;
      3) сұралып отырған жер учаскесі мен оған іргелес аумақтардағы мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерін барынша толық сақтау және қорғау жөніндегі іс-шараларды орындауға жұмсалатын шығындардың есептемесін;
      4) рекреациялық жүктемелер нормаларын айқындай отырып (туризм объектісі үшін) табиғи кешендерді реттелмелі туристік мақсатта пайдалану шарттарын;
      5) мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерін барынша толық сақтауды ескере отырып, үй-жайларды, ғимараттарды, коммуникацияларды,  жолдарды орналастыру орындары көрсетіліп, туризм объектісін, су шаруашылығы құрылысын, Мемлекеттік шекара объектісін салу үшін сұралып отырған жер учаскесінің нобайын (нобайлық жобаны);
      6) қоршаған ортаға әсерін алдын ала бағалауды қамтиды.
      8. Уәкілетті орган бекіткен, мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алған техникалық-экономикалық негіздеме ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын әзірлеуге негіз болып табылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады