Жолаушыларды, багажды және жүктердi әуе көлiгiмен тасымалдау қағидаларын бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 13 желтоқсандағы № 1522 Қаулысы. Күші жойылды – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы № 901 қаулысымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 29.12.2016 № 901 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледi) қаулысымен.
      РҚАО-ның ескертпесі.
      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 540 бұйрығын қараңыз.

      "Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 76-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Жолаушыларды, багажды және жүктердi әуе көлiгiмен тасымалдау қағидалары бекiтілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

Қазақстан Республикасының



Премьер-Министрі


К. Мәсімов




  Қазақстан Республикасы
  Үкіметінің
  2011 жылғы 13 желтоқсандағы
  № 1522 қаулысымен
  бекітілген

Жолаушыларды, багажды және жүктердi әуе көлiгiмен тасымалдау қағидалары
1. Негiзгi ұғымдар

      1. Осы Жолаушыларды, багажды және жүктердi әуе көлiгiмен тасымалдау қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 76-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленген, әуе көлігінде жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау тәртібін айқындайды және жолаушыларды, багажды және жүктердi әуеде тасымалдаудың, оларға қатысты қызмет көрсетудi қоса алғанда, технологиялық процестерiнің барлығына қолданылады.

      2. Халықаралық тасымалдарды орындау кезiнде осы Қағидалар Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға, сондай-ақ аумағына, аумағынан немесе аумағы арқылы осындай тасымалдар жүзеге асырылатын елдiң заңнамасына қайшы келмейтiн бөлiгiнде қолданылады.

      3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар мен терминдер пайдаланылады:

      1) авиакомпания – азаматтық әуе кемелерiн пайдаланушының сертификаты бар заңды тұлға;

      2) агент – авиакомпанияны бiлдiретiн, осы авиакомпанияның әуе кемесiнiң, экипаждың, жолаушылардың, багаждың, жүктiң, поштаның және борттық қорлардың келуiне, жөнелтiлуiне және ресiмделуiне байланысты барлық рәсiмдердi орындау кезінде ол тiкелей уәкілеттік берген немесе оның атынан әрекет ететін жеке немесе заңды тұлға;

      3) багажды (PIR – Property Irregularity Report), жүктi (CIR – Cargo Irregularity Report) тасымалдау кезiндегi ақаулар туралы акт – бiр немесе бiрнеше авиакомпанияның әуе кемелерiмен тасымалданған багажға (жүкке) келтiрілген зиян белгiлi болғанда авиакомпания тез арада жолаушының (алушының) қатысуымен ресiмдейтiн, авиакомпания мен жолаушы (алушы) қол қоятын құжат;

      4) әуежай – әуе кемелерiн қабылдау мен жөнелтуге, әуе тасымалдарына қызмет көрсетуге арналған және осындай мақсаттар үшiн әуеайлақ, аэровокзал, басқа да қажеттi ғимараттары мен жабдықтары бар құрылыстар кешенi;

      5) межелi әуежай (пункт) – әуе тасымалы шартына сәйкес жолаушы, багаж немесе жүк жеткiзiлетiн әуежай (пункт);

      6) жөнелту әуежайы (пунктi) – әуе тасымалы шартына сәйкес жолаушыларды, багажды немесе жүктi тасымалдау басталатын әуежай (пункт);

      7) трансфер әуежайы (пунктi) – әуе тасымалы шартына сәйкес жолаушы ұшақты ауыстыратын немесе жүктi тасымалдау бағыты бойынша әрi қарай бет алу үшiн бiр рейстен басқасына жүкті тиеуді жүзеге асыратын, билетте немесе жүкқұжатта көрсетiлген әуежай (пункт);

      8) багаж – әуе кемесiнiң бортында тасымалданатын жолаушылардың немесе экипаждың жеке заттары;

      9) тiркелген багаж – сақталуын авиакомпания өз жауапкершiлiгiне алып, тасымалдауға қабылданған және ол жүк түбiртегi мен жүк белгiсiн берген жолаушы багажы;

      10) қате жөнелтiлген багаж – авиакомпанияның кiнәсынан межелi пунктке жiберiлмеген багаж;

      11) талап етiлмеген багаж – багаж белгiсiнде көрсетiлген межелi әуежайға (пунктке) келген және жолаушы алмаған багаж;

      12) тiркелмеген багаж – тiркелгеннен басқа, Тасымалдаушының келiсiмiмен әуе кемесiнде тасымалданатын, "Қол жүгi" белгiсiмен куәландырылған және оның жүк бөлiмдерi мен жолаушылар салонында орналасқан жолаушы багажы. Әуе кемесiнiң бортына жолаушылардың өзi жеткiзедi. Тiркелмеген багаж жолаушының жауапкершiлiгiмен тасымалданады, тiркеу орнында мiндеттi өлшеуге жатады және багажды тегiн тасымалдау нормасына кiредi;

      13) билет (жолаушы билетi және багаж түбiртегi) – авиакомпания не оның агенттерi беретiн тасымалдауға арналған, жолаушыны әуеде тасымалдау талаптары бар шарт жасалғанын куәландыратын құжат;

      14) күнi белгiленбеген билет – жөнелту, межелi пунктi, авиакомпания, қызмет көрсету класы көрсетiлген, бiрақ рейстiң нөмiрi мен әуе кемесiнiң ұшатын күнi, уақыты көрсетiлмеген билет;

      15) тапсырыс – бiрегей цифрлық-әрiптiк код беріле отырып, ұшу ақпаратынан және жолаушы, багаж немесе жүктер туралы өзге де ақпараттан тұратын Авиакомпанияның жаһандық дистрибутивтік жүйесінде электрондық жазбамен расталатын әуе кемесiнде жолаушыларды тасымалдау үшін, сондай-ақ багаж бен жүктерді тасымалдауға арналған жүк көлемi үшiн орындарды алдын ала бөлу. Тапсырысқа екі мәртебе беріледі – "Сатылмады" және "Сатылды";

      16) соманы қайтару – жолаушыға (жөнелтушiге) не оның атынан әрекет ететін тұлғаға ол бұрын төлеген, бiрақ пайдаланылмаған тасымалдау немесе қызмет көрсету құнының бiр бөлiгiн немесе толық құнын төлеу;

      17) әуе тасымалдары – жеке және заңды тұлғалардың жолаушыларды, багажды, жүктердi және пошта жөнелтiлiмдерiн әуе кемесiмен тасымалдау жөніндегі қызметi;

      18) халықаралық әуе тасымалы – орындалған кезде жөнелту және межелi пункттерi тасымалдауда немесе жүктi қайта тиеуде үзiлiстiң бар-жоғына қарамастан:

      екi немесе одан да көп мемлекет аумағында;

      егер басқа мемлекеттiң аумағында аялдау көзделсе, бiр мемлекет аумағында орналасқан әуе тасымалы;

      19) ұшақ – ауадан ауыр, ұшу кезiндегi көтеру күшi негiзiнен осы ұшу жағдайларында қозғалмаған күйiнде қалатын үстiңгi беттердегi аэродинамикалық реакциялар есебiнен құрылатын күш қондырғысымен қозғалысқа келтiрiлетiн әуе кемесi;

      20) әуе желiсi – араларында тұрақты әуе тасымалдары жүзеге асырылатын пункттердi анықтайтын белгiленген желi;

      21) Варшава конвенциясы – 1929 жылғы 12 қазанда Варшавада қол қойылған халықаралық әуе тасымалдарына қатысты кейбiр ережелердi сәйкестендiруге арналған конвенция;

      22) жүк – поштаны, борттық қорларды және багажды қоспағанда, әуе кемесiнiң бортында тасымалданатын кез келген мүлiк;

      23) тез бұзылатын жүк – сақтау және тасымалдау кезінде ерекше жағдайларды талап ететiн өсiмдiк немесе жануар тектес өнімдер, оларды өңдеуден алынған өнiмдер, тiрi өсiмдiктер, балық өсiру материалы;

      24) транзиттiк жүк – жүкқұжатқа сәйкес аралық пунктке жеткiзiлген рейспен одан әрi тасымалданатын жүк;

      25) трансферлiк жүк – жүкқұжатқа сәйкес трансфер әуежайына (пунктiне) бiр рейспен, ал одан әрi сол немесе өзге авиакомпанияның басқа рейсiмен тасымалданатын жүк;

      26) бағалы жүк – нақты құны Варшава конвенциясының 22-бабында белгiленген жүк;

      27) жүкқұжат (Air Waybill) – әуе тасымалы, оның шарттары мен жүктi әуе желiлерi арқылы тасымалдауға қабылдау шартының жасалғанын куәландыратын әуе тасымалы құжаты;

      28) интерлайн-серіктес – басқа тараптың желілері арқылы тасымалдау үшін бір тарап берген тасымалдау құжаттарын және мұндай тасымалдар үшін есептеу тәртібін тану жөніндегі тараптардың өзара міндеттемелерін танитын серіктес-авиакомпаниялар;

      29) ақылы багаж түбiртегi – тегiн алып жүрудің белгіленген нормасынан артық багажды немесе тасымалдауы міндетті төлеуге жататын заттарды тасымалдау төлемiн растайтын, сондай-ақ багаждың жарияланған құндылығы үшiн алынатын алымдарды растайтын құжат;

      30) тасымалдау маршруты – белгiлi бiр жүйелікпен билетте (жүк тасымалдағанда жүкқұжатта) көрсетiлген жөнелту, трансфер және межелi әуежайлар (пункттер);

      31) жөнелтуші – жүктi жөнелтетін заңды немесе жеке тұлға;

      32) жолаушы – экипаж құрамына кiрмейтiн және әуе тасымалы шартына сәйкес немесе өзге де заңды негiздерде әуе кемесiнде тасымалданатын жеке тұлға;

      33) жолаушы купоны (Passenger Coupon) – жолаушыны және оның жүгiн әуеде тасымалдау шартының жасалғанын куәландыратын, электрондық-цифрлық жазба түрінде немесе қағаз тасығышта (БСО) ұсынылған билет бөлiгi;

      34) ұшу купоны (Flight coupon) – жолаушыға билетте көрсетiлген пункттер арасында ұшуға құқық беретiн билеттiң бөлiгi;

      35) багаждың, жүктiң зақымдануы – тасымалдау кезiнде багаждың, жүктiң немесе багаждың, жүктiң бiр бөлiгiнiң өзiнiң бастапқы мақсатында толық немесе ішінара пайдаланыла алмайтындай жарамсыз жағдайға келуi (өз құндылығын толық немесе ішінара жоғалтады);

      36) алушы – жүкқұжатта жүктi алушы ретiнде көрсетiлген заңды немесе жеке тұлға;

      37) рейс – маршруттың бастапқы пунктінен соңғы пунктiне дейiн бiр бағытта орындалатын әуе кемесiнiң ұшуы (кесте бойынша немесе кестеден тыс);

      38) тұрақты рейс – бекiтiлген кестеге сәйкес орындалатын рейс;

      39) алым – авиакомпания алатын және енгiзетiн және жолаушыларды, багажды, жүк пен пошта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау құнына кiретiн әуежай және отын алымдары;

      40) тариф – белгiлi бiр маршрут бойынша жөнелту пунктiнен межелi пунктке дейiн бiр жолаушыны тасымалдағаны не багаждың немесе жүктiң салмақ немесе көлем бiрлiгiн тасымалдағаны үшiн авиакомпания өндiрiп алатын төлем;

      41) белгiлi бiр қызмет көрсету класының тарифi – бiр жыл iшiнде ешқандай шектеулерсiз қолданылатын, тиiстi қызмет көрсету класының тарифi (қолданылу мерзiмi тасымалдау маусымымен анықталатын маусымдық тарифтердi қоспағанда);

      42) трансфер – әуе тасымалы шартына сәйкес ауысып отыру әуежайына дейiн бiр рейспен орындалатын тасымал, ал одан әрi тасымал сол немесе өзге авиакомпанияның басқа рейсiмен жүзеге асырылады;

      43) электрондық билет – кәдiмгi қағаз бланктiң орнына ұсынылатын авиабилеттiң электрондық нысаны;

      44) төлем құжаты – Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес ресiмделген және тапсырыс төлемiн растайтын фискалдық құжат (кассалық чек, төлем туралы түбiртек немесе банктен үзінді жазба);

      45) қалыпты тариф – қолданыс мерзiмi 1 (бiр) жыл және шектеулерi жоқ бiрiншi, бизнес немесе экономикалық/(туристтiк) қызмет көрсету класы үшiн белгiленген ең жоғарғы (толық) тариф;

      46) арнайы тариф – сату мерзiмдерi, керi ұшу пунктiнде аялдаудың ең төменгі талаптары, алдын ала тапсырыс/(төлеу) шарттары, жолаушы санаты, ұшып шығу/(ұшып келу) уақытын және күнін өзгерту сияқты кейбiр арнайы шектеу талаптарын көздейтiн қалыпты тарифтерден басқа тарифтер түрi;

      47) тарифті қолдану шарты – кез келген жастағы жолаушы немесе жолаушылардың белгілі бір санаттары үшін тарифті қолдану кезінде шарттар қамтылған және сақталуы (қамтамасыз етілуі) тиіс тариф шарттары;

      48) қызмет (қызмет көрсету түрі) – пайдаланушы (тасымалдаушы) мен жолаушының өзара іс-қимылы және жолаушының қажеттілігін қанағаттандыру бойынша пайдаланушы қызметінің нәтижесі;

      49) жолаушыларға қызмет көрсету – жолаушылардың әуе тасымалын ресімдеуге және жүзеге асыруға және оларға қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған қызметтердің міндетті ассортиментін ұсынуға байланысты рәсімдерді орындау жөніндегі пайдаланушының қызметі;

      50) қызмет көрсету класы – жайлылық деңгейі және әуе тасымалының тарифіне сәйкес жолаушыларға ұсынылатын қызметтердің көлемі;

      51) әуе кемесінің бортындағы жайлылық – жолаушыларға белгілі бір физикалық-гигиеналық жағдай және бортсеріктердің оларға қызмет көрсету қолайлылығын жасауға арналған, жолаушылар кабинасының жайғастырылуына, интерьеріне және қажетті жабдықтармен және тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерімен (электр, оттегі, авариялық-құтқару жүйесі, сумен жабдықтау, кәріз, қысымды, газ құрамын және ауаны баптауды реттеу) жарақтандырылуына байланысты тұрмыстық жағдайлар, қолайлылықтар және климат жиынтығы;

      52) жолаушылар кабинасы – әуе кемесі фюзеляжының тиісті жабдықтармен жарақталған, жолаушылар мен бортсеріктерді орналастыруға арналған жолаушылар салондарынан, тұрмыстық және қосымша үй-жайлар жиынтығынан тұратын бөлігі;

      53) жолаушылар салоны – әуе кемесі жолаушылар кабинасының жолаушылар креслоларымен жабдықталған және жолаушыларды орналастыруға арналған бөлігі;

      54) тұрмыстық үй-жай – әуе кемесі жолаушылар кабинасының тұрмыстық жабдықтармен жарақталған және буфетті, асхана мен дәретханаларды қамтитын бөлігі;

      55) жеке қызмет көрсету – жолаушыларға ұшаққа отырған сәтінен бастап және олардың межелі пунктке келген сәтіне дейін тілектестік жағдай, психологиялық жайлылық жасау;

      56) қосалқы үй-жайлар – әуе кемесі жолаушылар кабинасының қосалқы жабдықтармен жарақталған, вестибюльді, гардеробты, багаждық және қызметтік үй-жайларды қамтитын бөлігі.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 15.02.2013 № 137 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      4. Тасымалдаушы жасаған әуе тасымалы шарттарына сәйкес және авиамаршрутқа арналған куәлiк негiзiнде тұрақты рейстермен жолаушылар тасымалын ұйымдастырады, қамтамасыз етедi және орындайды. Тұрақты рейстер жарияланған кестеге сәйкес белгiлi бiр кезеңдегi рейстердiң жүйелi сериясы болып табылады және әуе тасымалы шартын жасасуға және тұрақты рейс маршруты бойынша ұшуға ниетi бар кез келген жеке тұлғаға арналған.

      Әуе кемелерi қозғалысының жарияланған кестесi әрбiр тұрақты рейс бойынша мынадай ақпаратты көрсетеді:

      1) жөнелту әуежайы;

      2) межелi әуежай;

      3) әуе кемелерi қозғалысының кестесi бойынша әуе кемесiнiң қонуы көзделген тасымал маршруты бойынша орналасқан әуежай(-лар);

      4) авиакомпаниялар коды;

      5) рейс нөмiрi;

      6) рейс орындалатын апта күндерi;

      7) жөнелту уақыты (жергiлiктi);

      8) келу уақыты (жергiлiктi);

      9) рейстi орындау кезеңi;

      10) әуе кемесiнiң үлгiсi(-лерi).

      Әуе кемелерi қозғалысының кестесiнде қосымша ақпарат болуы мүмкiн.

      Авиакомпания әуе тасымалы шартына (жалдау шарты) сәйкес рейстiң белгiлi бiр тапсырыс берушiсi (жалдаушысы) үшiн тұрақты емес (чартерлiк) рейстермен жолаушылар тасымалын ұйымдастырады, қамтамасыз етедi және орындайды.

      Авиакомпания тұрақты тасымалдаулар орындалмайтын авиамаршруттар бойынша жарияланған кестеге сәйкес тұрақты емес рейстердi жүйелi тобымен тасымалдауды ұйымдастырады, қамтамасыз етедi және орындайды.

      Авиакомпания жасалған әуе тасымалы шарттарына сәйкес багаж, жүктер және пошта тасымалдарын тұрақты немесе тұрақты емес (чартерлiк) рейстерде ұйымдастырады, қамтамасыз етедi және орындайды (жалдау шарты).

2. Жолаушыларды тасымалдау тәртiбi

      5. Жолаушының авиакомпания немесе агент ресiмдеген және берген жарамды билетi болғанда ғана ол тасымалдауға жiберiледi.

      Билетке өзгерiстер енгiзудi авиакомпания немесе авиакомпания мен жолаушының келiсiмiмен уәкiлеттi агент жүзеге асырады.

      6. Билет жолаушыны және оның багажын онда көрсетiлген маршрут пен қызмет көрсету класы бойынша жөнелту пунктiнен межелi пунктке дейiн тасымалдау үшiн жарамды болып табылады. Әрбiр ұшу купоны жолаушыны және оның багажын, онда көрсетiлген маршрут учаскесi, қызмет көрсету класы, күнi және алдын ала тапсырыс берілген рейс бойынша тасымалдау үшiн жарамды.

      Егер билет орынға алдын ала тапсырыс беру туралы белгiсiнсіз (күнi белгiленбей) берiлсе, онда орын жолаушының сұрау салуына сәйкес сұрау салынған рейсте бос орындар болған кезде беріледі.

      Билеттiң сатылған жерi мен күнi оның барлық купондарында көрсетiледi.

      7. Ұшу күнi белгiленбеген тасымалға берiлген билет жолаушы мен оның багажын тасымалдау үшiн, бірінші тасымалдау басталатын күннен бастап бiр жыл iшiнде, ал егер бiрде-бiр ұшу купоны пайдаланылмаса, онда билет берiлген күннен бастап жарамды.

      8. Арнайы тариф бойынша тасымалдауға берiлген билет авиакомпания белгiлеген мерзiмде жолаушы мен оның багажын тасымалдауға жарамды.

      9. Егер жолаушы:

      1) билетте көрсетiлген рейс кейiнге қалдырылған немесе кідіртілген;

      2) билетте көрсетiлген әуежайда әуе кемесi қонуды орындамаған;

      3) билетте көрсетiлген рейс пен күнi бойынша жолаушыға орын ұсынудың мүмкiн болмауынан ол жөнелтiлмеген;

      4) рейстi орындамаған әуе кемесi жөнелту әуежайына қайтып оралған;

      5) кестеде көрсетiлген әуе кемесiнің үлгiсi ауыстырылған;

      6) билетте көрсетiлген класс бойынша қызмет көрсетілмеген;

      7) әуе кемесiнiң амалсыз қонуы себебiнен рейс үзiлген;

      8) қарап тексеруге байланысты жөнелтудiң кідіртілу себебiнен жолаушы ұшудан немесе ұшуды жалғастырудан бас тартқан;

      9) авиакомпания билеттi дұрыс ресiмдемеген жағдайда билеттің жарамдылығы мерзiмi iшiнде ұша алмаған болса, билеттiң жарамдылық мерзiмi бастапқы төленген тарифке сәйкес келетiн сол қызмет көрсету класы бойынша бос орын бар авиакомпанияның ең жақын рейсiне дейiн ұзартылады.

      10. Егер тасымалдауға билетi бар жолаушы орынға алдын ала тапсырыс беру жөнiнде өтiнiш жасап, ал авиакомпанияның билеттiң жарамдылық мерзiмi iшiнде орын ұсыну мүмкiндiгi болмаса, онда мұндай билеттiң жарамдылық мерзiмi авиакомпанияның бастапқыда төленген тарифке сәйкес келетiн қызмет көрсету класы бойынша бос орны бар ең жақын рейсiне дейiн ұзартылады.

      11. Жолаушы авиакомпанияға ұшу купоны бар билеттi көрсетедi. Пайдаланылған ұшу купондары бар билет жолаушыны тасымалдау және ақшаны қайтару үшiн жарамсыз.

      Авиакомпания ұшу купондарын жолаушы мен оның жүгiн тасымалдау үшiн жолаушы купонында көрсетiлген жөнелту пунктiнен бастап тек қатаң жүйелiкпен қабылдайды.

      Жолаушы пайдаланылмаған барлық ұшу купондарын тасымалдың бүкiл кезеңiнде сақтайды және авиакомпанияның талап етуi бойынша көрсетеді және тапсырады.

      Халықаралық тасымалдарда жолаушы аумағына, аумағынан немесе аумағы арқылы тасымалдау жүзеге асырылатын елдiң заңнамасына сәйкес кету, келу және тағы басқа құжаттарды ресiмдейдi.

      12. Электрондық тикетинг (e-ticketing) билеттi басып шығармай-ақ авиатасымалдарды сатуға мүмкiндiк бередi. Бұл жолаушыға басып шығарылған билетсiз рейске тiркелуiне және отыруына мүмкiндiк бередi.

      Электрондық билет (e-ticket немесе ЕТ) қағаз купондар Е-ticket серверi (ETS) немесе авиакомпания серверiнде сақталатын электрондық билет жазбасымен ауыстырылғанын бiлдiредi. Электрондық түрде ұшу купондары ғана сақталады.

      Электрондық билеттi сатып алу фактiсiн растау ретiнде маршрут түбiртегi берiледi.

      Электрондық билеттегi маршрутты басып шығарудың (ITR) бiрнеше опциялары бар:

      1) принтерде шығару;

      2) жолаушының электрондық мекенжайына жiберу.

      Шетелге ұшу кезiнде паспорттық бақылаудан өту кезінде маршрут түбiртегi керi билет айғағы ретiнде қажет болады.

      Жолаушы әуежайға тіркелу үшін ұшақ ұшқанға дейiн тiркеу бойынша рәсiмдердi орындау үшiн авиакомпания не әуежай белгiлеген уақыттан кешiкпей келедi.

      Егер жолаушы тiркелу үшін белгiленген мерзiмде келмесе, онда авиакомпания осы әуежайдан ұшып шығу үшін оған бөлінген орынды жояды.

      Ұшатын жолаушылардың билеттерiн тiркеу және багажын ресiмдеу операциялық залда немесе тiркеудiң басқа тәсілдері арқылы жүргiзiледi.

      Жолаушы электрондық билеттің нөмiрiн интернет арқылы тiркелу кезiнде сәйкестендiру үшiн пайдаланады немесе тiркелудiң басқа нысандарын (өздiгiнен тiркелу бағаны немесе ұялы телефон арқылы тiркелу) пайдаланады.

      13. Билет немесе оның кез келген бөлiгi жоғалып, бүлiнген жағдайда не ұшу купондары жоқ билет ұсынылған жағдайда, авиакомпания жолаушының өтiнiшi бойынша чекті қоса беріп, мұндай билеттiң орнына билеттiң телнұсқасын бередi.

      Шетелдiк авиакомпания берген билет (немесе оның кез келген бөлiгi) жоғалған, бүлiнген жағдайда, авиакомпанияға жолаушының өтініші бойынша чек қоса берiле отырып, телнұсқаны ресімдеу үшiн жазбаша өтiнiш жолданады.

      14. Авиакомпания, егер:

      1) жолаушы бастапқы тасымалдау құжаты туралы дұрыс ақпарат ұсынбаса;

      2) бастапқы билет интерлайн-серіктес бланкілерінде, бейтарап бланкiлерде ресiмделген болса, жолаушыға телнұсқаның көшiрмесiн беруден бас тартады.

      15. Жолаушы алдын ала тасымалдау тапсырысын және кейіннен билет жазып беруді жүзеге асыру және арнайы қызметтердi ұсыну мен ұшу қауiпсiздiгi талаптарын орындау үшiн қажеттi мынадай мәлiметтер мен құжаттарды ұсынады:

      1) тегi, аты, әкесiнiң аты;

      2) жолаушының құжаттары туралы мәліметтер (паспорт немесе оны алмастыратын құжат);

      3) қосымша құжаттар туралы мәліметтер (виза, медициналық анықтама, балаларды тасымалдауға арналған құжаттар);

      4) тұрақты тұратын жерінің мекенжайы;

      5) межелi пунктте болған кезеңде уақытша тұратын жерiнiң мекенжайы туралы мәліметтер немесе тұрақты тұратын жерінің мекенжайы.

      16. Жолаушы немесе жолаушының атынан алдын ала тасымалдау тапсырысын жүзеге асыратын адам авиакомпанияны рейс басталғанға дейін күнтiзбелiк 5 күн iшiнде мынадай жағдайларда хабардар етедi:

      1) жолаушының шектеулi қозғалысы;

      2) бала тасымалы;

      3) жолаушының нашар көруi (көрмеуi), естуi;

      4) бұл жағдайда жетектеушi иттi алып жүру қажеттiлiгi;

      5) инфекциялық аурудың болуы;

      6) 28 аптадан астам мерзiмдегi жүктiлiк;

      7) жеті күндік жасқа дейiнгi нәрестені тасымалдау;

      8) жануарларды (құстарды) тасымалдау;

      9) тасымалдау нормасынан жоғары немесе iрi габариттi, ауыр салмақты багаждың болуы;

      10) тек әуе кемесінің салонында ғана тасымалдау қажет багаждың болуы;

      11) қару-жарақ, оқ-дәрiлердi тасымалдау.

      Авиакомпания көрсетiлген ақпаратты алғаннан кейiн, егер көрсетiлген жағдайларда әуе кемесiнiң техникалық мүмкiндiктерiне байланысты тасымалдауды орындай алмаса, жолаушыны тасымалдаудан бас тартатыны туралы күнтiзбелiк бір күн iшiнде хабардар етедi.

      17. Әуе кемесiнде белгiлi бiр рейс пен күнге жолаушы орнын және жолаушыны, багажды, жүктi тасымалдау үшiн тасымал сыйымдылығын бекiту әуе көлiгiмен жолаушыны, багажды, жүктi тасымалдаудың мiндеттi шарты болып табылады.

      18. Егер жолаушы (жолаушылар тобы) ұсынылған орыннан бас тартса немесе тiркеу орнына авиакомпания белгiлеген уақытта келмесе, онда жолаушының (жолаушылар тобының) билетiне тарифтi қолдану шарттары қолданылады.

      19. Жолда аялдауға тек ол авиакомпаниямен немесе оның агентiмен алдын ала келiсiлген және билетте көзделген жағдайда ғана рұқсат етiледi.

      20. Егер билетке авиакомпанияның арнайы тарифi бойынша ақы төленген болса, жолаушының жолда аялдауы тарифтi қолдану шарттарымен реттеледi:

      Жолда аялдау үшiн билетке ақы төлеудiң көрсетiлген жағдайларының кез келгенiнде мына шарттар сақталуы қажет:

      1) аялдама билеттiң қолданылу мерзiмi шегінде жасалады;

      2) аялдамаға авиакомпания және тиiстi елдердiң заңнамасымен рұқсат етiледi.

      21. Авиакомпания тасымалдауда өзінің кiнәсінан орын алған өзгерiстерге байланысты, егер жолаушы тарифi және өзгертiлген маршрут бойынша тегiн тасымалдау нормасынан жоғары багажды тасымалдау тарифі төленетiн сомадан төмен болса, қосымша төлем алмайды. Бұл ретте құнындағы айырма жолаушыға жөнелту пунктінде қайтарылады.

      22. Егер авиакомпания жолаушыға жазылып берілген билетке сәйкес тиiстi қызмет көрсету класы салонында орын тауып бере алмайтын болса, онда:

      1) егер жолаушы бастапқы жасалған билетке сәйкес келетiн, тамақ берiлiп және норма бойынша жүктi тегiн алып өту құқығы берiлетiн басқа қызмет көрсету класы салонында ұшуға келiссе, онда төленген және ұсынылған қызмет көрсету класында тасымалдау құны арасындағы айырма бойынша қайта есептеулер жүргiзiледі;

      2) егер жолаушы төленген класпен салыстырғанда арзандау класс салонында ұшудан бас тартса, авиакомпания жолаушыға авиакомпанияның рейсiнде немесе басқа авиакомпанияның рейсiнде бастапқы жасалған билеттің қызмет көрсету класына сәйкес орын тауып бере алатын уақытқа дейiн бұл жолаушыны қонақ үйде орналастыру, тамақтандыру, байланыс құралдарын пайдалану және әуежайға бару және әуежайдан келу үшiн жер көлiгiн пайдалануға кететiн iс жүзiндегi шығындардың шегіндегі шығыстарды көтередi.

      23. Авиакомпания жолаушыны әуемен тасымалдау шартын бiржақты тәртiппен мынадай:

      1) жолаушы әуе кемесi ұшуының алдында Заңның 107-бабында белгiленген қарап тексеруден бас тартқан;

      2) жолаушы әуе тасымалы жүзеге асырылатын немесе жөнелту пункті, аялдау орны немесе тасымалдайтын межелі пункт орналасқан мемлекеттің заңнамасының ережелерін бұзған;

      3) егер жолаушының алкогольмен, есiрткiмен, уытқұмарлықпен масаң күйде болуы және оның рухани немесе физикалық жағдайы өзiнiң денсаулығына немесе әуе кемесiнiң бортындағы адамдар мен мүлiктiң қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн, сондай-ақ басқа жолаушыларға қолайсыз жағдай туғызатын жағдайларда тоқтатады.

      Жолаушының алкогольмен, есiрткiмен, уытқұмарлықпен масаң күйде болуы психикалық белсенді затты пайдалану фактісін және мас болу жағдайын анықтау үшін Медициналық куәландыру жүргізу нұсқаулығымен немесе нұсқаулықты алмастыратын нормативтік құқықтық актімен белгіленген тәртiппен медициналық куәландыру арқылы расталады.

      24. Егер жолаушыны тасымалдаудан осы Қағидалардың 23-тармағында көрсетiлген себептер бойынша бас тартылса, оған осы Қағидалардың 5-тарауына сәйкес тарифтi пайдалану шартын қолдану арқылы пайдаланылмаған билет немесе оның бөлiгi үшiн сомасы қайтарылады.

      25. Дипломаттық курьерлер мен байланыс фельдъегерлерiн тасымалдау дипломатиялық органдар мен консулдық қызмет талаптарына сәйкес жүргiзiледi.

      Дипломаттық курьер мен байланыс фельдъегерi авиакомпанияның талап етуi бойынша дипломаттық багажды алып жүретiн адам ретiнде оның арнайы өкiлеттiгiн растайтын құжаттарды көрсетедi.

      26. Балалар ересек жолаушымен бiрге, сондай-ақ оларсыз да тасымалданады.

      Ересектер ерiп жүрмейтiн балаларды авиакомпания тасымалдауға тек ата-аналары (асырап алушылары, қорғаншылары) немесе қамқоршылары жазбаша өтiнiш бергеннен кейiн ғана қабылдайды.

      27. Халықаралық рейстерде жасы 6-дан 16-ға дейiнгi, iшкi рейстерде жасы 6-дан 15-ке дейiнгi ата-аналарсыз және жолаушылардың қайсыбiрiне сенiп тапсырылмаған балалар ерiп жүретiн адамдары жоқ балалар ретiнде тасымалданады.

      6 жасқа толмаған балалар тек кәмелетке толған жолаушының бiрге жүруімен тасымалданады.

      Егер Қазақстан Республикасының кәмелетке толмаған азаматы Қазақстан Республикасынан бірге жүретiн адамсыз шығатын болса, оның паспорттан басқа, өзiмен бiрге шығу мерзiмi және ол (олар) баруға ниет еткен мемлекет (мемлекеттер) көрсетiлген Қазақстан Республикасының кәмелетке толмаған азаматының шығуына ата-аналарының, асырап алушыларының, қорғаншыларының немесе қамқоршыларының нотариалды түрде ресiмделген келiсiмі болуы қажет.

      28. Жеке орын алмайтын және кәмелетке толған жолаушымен еріп жүретiн 2 жасқа толмаған бiр баланы халықаралық рейстерде тасымалдау үшiн ақы алынбайды.

      Егер 2 жасқа толмаған бала халықаралық рейсте жеке орында тасымалданатын болса, оны тасымалдау үшiн ол ерiп жүретiн кәмелетке толған жолаушының тиiстi тарифiнiң 50%-ы төленедi.

      Халықаралық рейсте бір ересек жолаушының 2 жасқа толмаған екінші және одан кейінгі балаларды тасымалдауы үшін еріп жүретін кәмелетке толған жолаушының тиісті қалыпты немесе арнайы тарифінің 50%-ы төленеді.

      Халықаралық рейсте кәмелетке толған бiр жолаушыға еріп жүретін 2 жастан 12 жасқа дейiнгi әрбiр баланы тасымалдау үшiн ерiп жүретiн кәмелетке толған жолаушының тиiстi немесе арнайы тарифiнiң 50%-ы төленедi.

      Межелi пунктке төлемсiз ұшатын балаларға багажды тегiн алып жүру құқығы және салоннан жеке орын берiлмейдi.

      29. Iшкi тасымалдарда жолаушы жеке орын берілмейтін 2 жасқа толмаған бiр баланы ақысыз тасымалдауына болады; егер 2 жасқа толмаған бала ішкі рейсте жеке орын беріліп тасымалданатын болса, оның тасымалы үшiн ол ерiп жүретiн кәмелетке толған жолаушының тиiстi тарифiнiң 50%-ы төленедi; iшкi рейстерде жолаушымен бiрге ұшатын 2-ден 15 жасқа дейiнгi басқа балалар толық тарифтiң 50%-ы төленген билеттер бойынша және жеке орын беру арқылы тасымалданады.

      30. Тасымалдануы үшiн тиiстi белгiлi бiр қызмет көрсету класының 50%-ы төленген әрбiр балаға жасына қарамастан жеке орын берiледi және стандартты тарифті төлеген жолаушылар үшiн белгiленген норма бойынша багажды тегiн тасымалдауға рұқсат етiледi. Егер бұл жағдайларда тегiн тасымалдау нормасынан асатын мөлшердегi багаж тасымалданатын болса, онда оған тиiстi тариф бойынша ақы төленедi.

      31. Сырқат адамды зембiлмен тасымалдау оған әуе кемесiнде тарифтi қолдану шарттарына сәйкес төлеммен қосымша орындар ұсыну арқылы жүргiзiледi.

      Авиакомпания жолаушыны кресло-арбада, сырқат адамды зембiлде тасымалдаудан мұндай жолаушыларды тасымалдау үшiн жекелеген әуе кемелерiнде қажеттi жағдайлар болмаған кезде бас тартады.

      32. Мүгедектi арбада (жазылмалы креслода) және сырқат адамды зембiлде тасымалдау ұшу кезiнде мұндай жолаушыларға күтiмдi қамтамасыз ететiн адам бірге жүргенде ғана жүргiзiледi. Сырқат адамды зембiлде тасымалдау авиакомпания белгiлеген төлеммен әуе кемесiнде оған орын ұсыну арқылы жүргiзiледi.

      Авиакомпания немесе агент мүгедектi арбада (жазылмалы креслода) немесе сырқат адамды зембiлде тасымалдау кезiнде әуе кемесiнiң бортынан (бортына) жеткiзу үшiн мұндай жолаушының тасымалдануы туралы әуежайды алдын ала хабардар етедi.

      33. Жүктi әйелдер авиакомпанияға медициналық ұйымнан билетте көрсетiлген рейс орындалатын күнi әуеде тасымалдануына қарсы айғақтардың жоқ екені туралы медициналық қорытынды ұсынған кезде ғана тасымалдауға қабылданады.

      34. Авиакомпания көздеген жағдайлардан басқа, авиакомпаниялар әуежайлар арасында немесе әуежай мен қала арасында жолаушылар мен багажды жерде тасымалдауды жүзеге асырмайды.

      Жердегi көлiкпен қызмет көрсетудi дербес ұйымдар орындаған жағдайларда, онда олар авиакомпанияның агенттерi ретінде қаралмайды.

      35. Авиакомпанияның кiнәсiнен тасымалдауда кiдiрiс болған немесе әуе кемесiнiң кеш келуi салдарынан рейс кешiккен, орындалмаған, тасымалдау маршруты өзгерген кезде авиакомпания жолаушылар үшiн жөнелту пункттерiнде және аралық пункттерде мынадай:

      1) жетi жасқа дейiнгi балалы жолаушыға ана мен бала бөлмесiн ұсыну (болған кезде);

      2) рейстiң жөнелтiлуiн екi сағаттан аса күткен кезде ұзақтығы бес минуттан аспайтын екi телефон қоңырауын шалу, оның iшiнде халықаралық байланыс желiсi бойынша қоңырау шалу немесе электрондық пошта арқылы екi хабарлама жiберу;

      3) рейстiң жөнелтiлуiн екi сағаттан аса күткен кезде салқындатылған сусындармен қамтамасыз ету;

      4) рейстiң жөнелтiлуiн төрт сағаттан аса және әрi қарай күткен кезде:

      күндiзгi уақытта - әрбiр алты сағат сайын;

      түнгi уақытта - әрбiр сегiз сағат сайын ыстық тамақпен қамтамасыз ету;

      5) рейстiң ұшуын күндiзгi уақытта сегiз сағаттан аса және түнгi уақытта алты сағаттан аса күткен кезде авиакомпания ұсынған қонақ үйге орналастыру;

      6) қонақ үй қосымша ақысы алынбай ұсынылатын жағдайда авиакомпания ұсынған көлiкпен әуежайдан қонақ үйге дейiн және керi қарай жеткiзу қызметтерiн көрсетудi ұйымдастырады;

      7) тасымалдаушының кiнәсінен рейс орындалмаған немесе он сағаттан астам мерзiмге кiдiртiлетiн кезде, жолаушының қалауы бойынша, тасымалдаушы:

      осы тармаққа сәйкес қызметтерді көрсете отырып, жолаушыны билетте көрсетiлген баратын жерiне жақын арада ұшатын рейспен тасымалдауды қамтамасыз етуге;

      жолаушыға билеттiң толық құнын қайтаруға мiндеттi.

      Осы тармақта көрсетiлген қызметтер жолаушыларға қосымша ақысы алынбай көрсетiледi.

      Жолаушының сұрауы бойынша оған хат ұсынылады немесе авиакомпанияның арнайы тағайындалған лауазымды адамы тасымалдың кешiктірілген себептерi туралы билетке белгi қояды.

      36. Авиакомпания жолаушыға көрсетiлген қызмет көрсетудi ұсыну нәтижесiндегi немесе соған байланысты ол көтерген залалдарды немесе шығыстарды өтейдi.

      37. Авиакомпанияның кiнәсынан жолаушыны тасымалдау кiдiртiлген кезде, егер ол еңсерілмейтін күштің, әуе кемесіндегі жолаушылар денсаулығына немесе өміріне қатер төндіретін әуе кемесінің ақауын жою, не авиакомпанияға байланысты емес өзге де жағдайлар салдарынан мерзімі өтуін дәлелдей алмаса, соңғысы жолаушыға әрбiр кiдiртiлген сағат үшiн билет (кiдiрiс болған ұшу учаскесiнде) құнының 3 %-ы мөлшерiнде айыппұл төлейдi.

      Өндiрiп алынған айыппұл сомасы сатып алынған билет (кiдiрiс болған ұшу учаскесiнде) құнынан аспауы қажет.

      38. Егер авиакомпания өзiнiң кез келген рейсiн ұшырмаса, үзсе, кейінге қалдырса, кiдiртсе, онда жолаушымен келiсiм бойынша авиакомпания мұндай жолаушыны өзiнiң басқа рейсiмен тасымалдауды орындайды немесе оны тасымалдау үшiн басқа авиакомпанияға бередi немесе сомаларды қайтаруды жүргізеді және жолаушының нақты тұрғылықты жері бойынша тасымалдау шартының бұзылуынан келтiрілген шығындарды жолаушыға өтейдi.

2-1. Әуе кемесінің бортында қызмет көрсету тәртібі

      Ескерту. Қағидалар 2-1-тараумен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 15.02.2013 № 137 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      38-1. Тасымалдаушы әуе кемелерінің бортында жолаушыларға осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес қызметтер көрсету тізбесін ұсынады.

      Тасымалдаушы жолаушылардың қажеттіліктерін, сұраныстарын және техникалық мүмкіндіктерін зерделеу негізінде қызметтер көрсету ассортиментін кеңейтеді.

      38-2. Әуе кемесінің бортында жолаушыларға қызмет көрсету:

      1) әуе кемесінің бортында жасалатын жайлылық деңгейінің жолаушылардың қажеттіліктеріне сәйкестігімен;

      2) ұшуда жолаушыларға ұсынылатын қызметтердің міндетті ассортиментімен айқындалады.

      38-3. Әуе кемесінің бортында жолаушыларға қызмет көрсету жағдайы мен деңгейі:

      1) жолаушылар салонының жабдығымен және интерьерімен;

      2) жолаушылардың қауіпсіздігін, салондағы қоршаған ортаның жай-күйі мен жайлылықты қамтамасыз ететін техникалық құралдармен және жүйелермен;

      3) жолаушылар кабинасының санитариялық-гигиеналық жай-күйімен, ақаусыздығымен және қажетті жабдықпен, мүкәммал жинағымен және жолаушыларға қызмет көрсету құралдарымен жасақталуымен;

      4) өндіруші көздеген әуе кемелері үлгілерінде балалардың бесіктерін орнату мүмкіндігімен баласы бар жолаушыларға арналған орындардың болуымен;

      5) өндіруші көздеген әуе кемелері үлгілерінде зембілдегі науқастарды және мүгедектерді орналастыру мүмкіндігімен;

      6) жолаушылар үшін жеке пайдалану құралдарымен (жеке жарықтандыру, желдеткіш, тамақтануға арналған үстел, байламалы қауіпсіздік белдіктерінің жүйесі, құтқару кеудешелері, оттегі немесе түтіннен қорғау маскалары);

      7) сыртқы киімді орналастыру үшін гардеробтардың болуымен қамтамасыз етілуге тиіс.

      38-4. Мүмкіндіктері шектеулі жолаушыларға қызмет көрсету кезінде бортсеріктер ұшуда орналастыруды, ақпараттық қызмет көрсетуді, авиациялық қауіпсіздік қағидаларын орындау бойынша көмек көрсетуді, тамақтандыру қызметін көрсетуді, алғашқы медициналық көмек көрсетуді қоса алғанда, әуе кемесінің бортында коммуникация және қауіпсіз көмек көрсету бойынша практикалық дағдыларды меңгеруге тиіс.

      Мүмкіндіктері шектеулі жолаушыларды тасымалдау кезінде тіркеу бойынша тиісті рәсімдер жүргізілгеннен кейін авиакомпания (әуежай) өкілі оларды әуе кемесіне (нен) алып жүреді.

      Мүмкіндіктері шектеулі жолаушыларды және алып жүретін адамдарды әуе кемесінің бортына отырғызу жолаушылардың негізгі бөлігін отырғызу жарияланғанға дейін бірінші кезекте және әуе кемесінен түсіру соңғы кезекте жүргізіледі.

      38-5. Тасымалдаушы әрбір ұшудың алдында мыналарды:

      1) әуе кемесінің жолаушылар салондарындағы тазалықты;

      2) дәретханалық бөлмелердің тазалығын және гигиеналық құралдармен жасақталуын;

      3) жолаушылар креслолары мен багаж сөрелерінің ақаусыздығын;

      4) стационарлық және алмалы-салмалы жабдықтармен, қызмет көрсету құралдарымен және жұмсақ мүкәммалмен жинақталуын және олардың жарамдылығын;

      5) жолаушылар салонын жылытуды/салқындатуды қамтамасыз етеді.

      38-6. Тасымалдаушы бүкіл ұшу бойында мыналарды:

      1) өндіруші көздеген әуе кемесі үлгілеріндегі буфет-асхана мен дәретханаларға суық және ыстық су беруді;

      2) салондарда +18 градустан төмен емес және +25 градустан жоғары емес ауа температурасын;

      3) жолаушылар салонындағы тазалық пен тәртіпті;

      4) әуе кемесінің бортында жолаушылардың өзін-өзі ұстау қағидаларын сақтауын тұрақты бақылауды қамтамасыз етеді.

      38-7. Хабардар ету жолаушымен тікелей қарым-қатынас жасау кезінде немесе дауыс зорайтқыш байланысы бойынша жүзеге асырылады.

      38-8. Азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету өнімдерді сақтау мерзімдерін қатаң сақтауды ескере отырып, жүзеге асырылады.

      38-9. Тасымалдаушы ұшудың ұзақтығы мен бағытын ескере отырып, ұшаққа газеттерді, журналдарды дайындау мен жеткізуді қамтамасыз етеді.

      38-10. Музыкалық бағдарламаларды түнгі уақытта жеке құлақшалар арқылы ғана (жолаушылар демалып жатқан кезде) трансляциялауға болады.

      Осы Қағидаларға қосымшада көрсетілген қызмет көрсетудің барлық түрлері ұшу қауіпсіздігіне нұқсан келтірілмей ұсынылуы тиіс.

      38-11. Тасымалдаушы жолаушының талап етуі бойынша әуе кемесінің бортында қызмет көрсету сапасы бойынша тілек-арыз журналын беруді қамтамасыз етеді.

3. Багажды тасымалдау тәртiбi

      39. Жолаушылар жалпы салмағын авиакомпания белгiлейтін тiркелмеген багажды алып жүреді.

      40. Қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде адамдардың өзімен бірге қару-жарақтарды алып жүруі тек берiлетiн рұқсат бойынша және аумағына, аумағынан немесе аумағы арқылы тасымалдау жүзеге асырылатын елдiң заңнамасы сақталғанда ғана жүзеге асырылады.

      41. Авиакомпания багажды тасымалдауға қабылдау кезінде билетте орындар санын және тiркелген багаждың салмағын көрсетедi, бұл жолаушыға багаж түбiртегiн беру болып саналады. Бұдан басқа авиакомпания жолаушыға багаждық нөмiрлi белгiсiнiң үзбелi талонын бередi.

      Әрбiр багаж орнының салмағы 32 килограмнан және үш өлшеу сомасы бойынша мөлшерi 158 текше сантиметрден аспауы тиiс.

      42. Багаж тiркелгеннен кейiн оның сақталуына авиакомпания жауапты болады.

      43. Авиакомпания, егер жүк чемодандарда, қораптарда, сөмкелерде немесе оның қауiпсiз тасымалдануын қамтамасыз ететiн басқа да орамдарда оралмаған болса, оны тiркелген багаж ретiнде қабылдамайды.

      44. Авиакомпания сынатын немесе тез бұзылатын жүктiң тiркелген багажын тасымалдауды жағдайлар болған кезде жүзеге асырады.

      45. Тiркелген багаж жолаушы ұшатын сол әуе кемесiнде тасымалданады. Егер мұндай тасымалдау ұшу қауiпсiздiгi және/(немесе) авиациялық қауiпсiздiк шеңберiнде, сондай-ақ форс-мажорлық жағдайлар туындатқан оқиғалар болған жағдайларда мүмкiн болмаса, авиакомпания тiркелген багажды өзiнiң ең жақын келесi немесе алдыңғы рейсiмен тасымалдайды.

      46. Билетi бар әрбiр жолаушыға, салонда жеке орын ұсынылмай тасымалданатын балаларды қоспағанда, рұқсат етiлетін салмағын авиакомпания белгiлейтiн қол жүгiн тегiн тасымалдауға рұқсат етiледi.

      47. Жолаушы тасымалдау маршрутын өз еркiмен өзгерткен кезде оған жаңа учаскедегi тиiстi маршрут үшiн белгiленген норма бойынша багажды тегiн тасымалдау мүмкiндiгi берiледi.

      48. Тасымалдау маршруты мәжбүрлі өзгерген кезде, егер оны ұшу қауiпсiздiгi және/(немесе) авиациялық қауiпсiздiк талап етсе, сондай-ақ оқиғалар форс-мажорлық жағдайлардан туындаса, жолаушыға бастапқы төленген маршрут және қызмет көрсету класы бойынша тасымалдауға рұқсат етiлгендей мөлшерде ол багажды тегiн тасымалдайды.

      49. Жолаушы багаждың белгiленген нормасынан артық тегiн тасымалдайтын заттар авиакомпанияның қағидаларында айқындалады.

      50. Тегiн тасымалдау нормасынан асатын мөлшердегi багажды тасымалдауға межелі пунктке дейін бүкіл тасымалдау үшін ақылы багаждың түбiртегi берiлген күнге қолданылатын тариф бойынша жөнелту пунктiнде төленедi. Мұндай төлем алдын ала (билет ресiмделетiн кезде) жүргiзiледi.

      51. Егер жөнелту пунктiнде жолаушы тасымалдауға ол мәлiмдегеннен және билеттi ресімдеу кезiнде алдын ала төлегеннен аз мөлшердегі багаж ұсынса, багаждың мәлiмделген және нақты салмағы арасындағы тасымалдау төлеміндегі айырмасы жолаушының нақты тұрғылықты жері бойынша бастапқы төлем валютасында жолаушыға қайтарылуға жатады.

      52. Егер жолаушы тасымалдауға ол мәлiмдегеннен және алдын ала төлегеннен көп мөлшерде багаж ұсынса, мұндай багаж жолаушымен бiр әуе кемесiнде тасымалдануға тек бос жүк көлемi болған кезде және тиiстi қосымша ақы төленгеннен кейiн қабылданады.

      53. Жолаушының тiлегi бойынша тегiн тасымалдау нормасынан артық багажды тасымалдауға төлеу жолда аялдау пунктiне дейiн немесе трансфер пунктiнде жүргiзiледі.

      54. Егер жолаушы межелi, аялдау немесе трансфер пунктiне келгеннен кейiн өзiнiң тiркелген багажын алмаса және ол туралы мәлiмдесе, авиакомпания немесе жолаушыға қызмет көрсететiн агент авиакомпанияның рәсiмдерi шеңберiнде багажды iздестiруге шаралар қабылдайды.

      55. Талап етiлмеген, авиакомпания қате жөнелткен багаж межелi, аялдау немесе трансфер пунктiне қосымша ақы төлеусіз жеткізіледі.

      56. Жолаушы өзiнiң тiркелген багажын оны авиакомпания межелi, жолда аялдау немесе трансфер пунктiнде беруге ұсынғаннан кейiн бірден алады.

      57. Авиакомпания әуе тасымалы шарты бойынша авиакомпанияға тиесiлi сомалардың барлығы төленген жағдайда багаж түбiртегi мен багаждық нөмір белгiсiнiң үзбелi талонын ұсынған адамға тiркелген багажды бередi.

      58. Егер багажды мұндай пункттерде беруге осы елдiң заңнамасында тыйым салынбаса және уақыт беруді жүзеге асыруға мүмкіндік берсе, багаж түбiртегi мен багаждық нөмiр белгiсiнiң үзбелi талонын ұсынушының өтiнiшi бойынша тiркелген багаж жөнелту пунктiнде де немесе қонудың аралық пунктiнде де берiледi.

      Жөнелту пунктiнде немесе қонудың аралық пунктiнде багаж осылайша берілген жағдайда осы багажды тасымалдауға қатысты авиакомпанияға бұрын төленген сомалардың барлығы жолаушыға қайтарылуға жатпайды.

      59. Егер жолаушы багаж түбiртегi мен багаждық нөмiр белгiсінiң үзбелi талонын ұсына алмаса, мұндай адамға багажды беру оның жеке басын куәландыратын құжаттарды тексергеннен кейiн жүргізіледі.

      60. Багажды жеткiзу кiдiртілген, ол жетiспеген, зақымданған немесе жоғалған, сондай-ақ багаж түбiртегi мен багаждық нөмiр белгiсiнiң үзбелi талонын ұсынусыз багаж берiлген жағдайда тасымалдау кезiндегi ақаулар туралы акті жасалады, оған багажды алушы адам мен авиакомпания қол қояды.

      61. Багажды жеткiзуде мерзімнің өткені үшiн авиакомпания багажды алушыға мерзімі өткен әрбір тәулік үшін авиабилет құнының 10%-ы, бiрақ жолаушының нақты тұрғылықты жері бойынша авиабилет құнының 50%-ынан аспайтын мөлшерде айыппұл төлейдi.

      62. Талап етiлмеген багажды авиакомпания ол жеткiзiлген күннен бастап 6 ай ішінде әуежайда сақтайды. Көрсетiлген мерзiм өткен соң талап етiлмеген багаж жойылады.

      63. Иттер, мысықтар, құстар және басқа да жануарлар авиакомпанияның алдын ала келiсiмімен тасымалдауға қабылданады. Жөнелтушi аумағына, аумағынан немесе аумағы арқылы тасымалдау жүзеге асырылатын елдiң ветеринарлық органдары талап ететiн құжаттарды ұсынады.

      64. Жануарлар мен құстарды тасымалдау үшiн жолаушы ауа кiретiн контейнермен (тормен) қамтамасыз етедi.

      65. Контейнердiң (тордың) түбi су өткiзбейтін және сіңіргіш материалмен қапталған болуы тиіс. Жануарлар мен құстарды ауа кiретiн саңылауы бар тығыз жабылған себеттерде, қораптарда тасымалдауға рұқсат етіледі. Құстардың торлары тығыз, жарық өткізбейтін матамен жабылады.

      66. Ерiп жүрілетін жануарлар мен құстардың салмағы, соның iшiнде контейнерлер (торлар) мен тамақтың салмағы, егер авиакомпания өзгеше белгiлемесе, тегiн тасымалданатын багаж нормасына кiрмейдi және оған тариф бойынша ақы төленедi.

      Жануарлар тiркелген багаж ретінде ғана әуе кемесiнiң оқшауланған жүк бөлмесiнде тасымалданады. Егер ұшу оқшауланған жүк бөлмесi жоқ әуе кемесiмен орындалатын болса, онда жануарлары бар торлар жолаушылар салонында орналастырылады.

      67. Көру қабілетінен айырылған жолаушымен ерiп жүрген жетекшi иттер қарғыбауы мен тұмылдырығы болып, иесiнiң аяғының астында байлаулы болған жағдайда, багажды тегiн тасымалдау нормасынан тыс, торсыз тегiн тасымалданады.

4. Жүктердi тасымалдау тәртiбi

      68. Жүкқұжат авиакомпания мен жөнелтушi арасындағы жүктi әуеде тасымалдау шарты жасалғанын, авиакомпанияның тасымалдау шарттары мен жүктi қабылдауын куәландыратын құжат болып табылады.

      69. Жүкқұжатты жөнелтушi толтырып, қол қояды және авиакомпанияға жүкпен бiрге бередi.

      70. Жүкқұжатқа тарифтер мен алымдарға қатысты деректердi енгізуді авиакомпания жүргізеді.

      71. Авиакомпания жөнелтушiден немесе ол уәкiлеттiк берген адамнан, егер жөнелту бiр орыннан артық орыннан тұрса, қосымша жүкқұжат толтыруды талап етеді.

      72. Авиакомпания жөнелтушiнiң өтiнiшi бойынша жүкқұжатты өзi толтырады.

      73. Жүкқұжаттағы жүктiң салмағы, өлшемi мен орамы, сондай-ақ орын саны туралы деректер, егер авиакомпания өзгеше дәлелдей алмаса, дұрыс деп саналады. Жүктiң мөлшерi, көлемi және жай-күйi туралы деректер, егер авиакомпания жөнелтушiнiң қатысуымен оларды тексеруді жүргізсе, бұл туралы жүкқұжатта көрсетсе не осы деректер жүктiң сыртқы түрiне қатысты болса, дұрыс деп есептеледi.

      74. Жүктiң сыртқы түрi, орамы, жүктiң жай-күйi осы Қағидалардың 91 және 92-тармақтарында белгіленген талаптарға сәйкес қанағаттанғысыз болып табылса, жөнелтушi жүкқұжатта оның шын мәнiндегi сыртқы түрi мен жай-күйiн көрсетедi. Егер тасымалдауға тапсырылатын жүктiң ерекше қасиеттерi болса немесе ерекше жағдайда тасымалдауды қажет етсе, жөнелтушi мұны жүкқұжатта көрсетеді. Егер жөнелтушi тиісті нұсқаулар бермесе, онда авиакомпания жүкқұжатта жүктiң нақты түрi мен жай-күйi, оның ерекше қасиеттерi мен тасымалдау шарттары туралы немесе бұрын жасалған белгiнi өзiнiң қолымен және мөрiмен (мөртабанымен) енгiзген түзетулерiн куәландырып, нақтылай алады.

      75. Жөнелтушi жүкқұжатта көрсетiлген мәлiметтердiң толықтығы, дұрыстығы, дәлдiгi үшiн, оның iшiнде жүкқұжатты авиакомпания жөнелтушiнiң өтiнiшi бойынша толтырған жағдайда авиакомпания алдында жауап бередi.

      76. Жөнелтушi көлiктiк құжаттарда көрсетiлген мәлiметтердiң дұрыс еместiгi, дәлсiздiгi немесе толық еместiгi салдарынан авиакомпанияға келтiрiлген шығынның орнын толтырады.

      77. Жүкқұжаттың болмауы, дұрыс еместiгi немесе жоғалуы жүк тасымалдау шартының жарамдылығына әсер етпейдi.

      78. Егер жүкқұжатқа авиакомпания немесе оның агентi енгізбеген түзетулер немесе өзгерiстер енгiзілсе, ол жарамсыз деп танылуы мүмкiн.

      79. Жүк көлемі үшін орынға алдын ала тапсырыс беру жүк тасымалдаудың қажеттi шарты болып табылады.

      80. Жүктi тасымалдау үшiн жүк көлемi бойынша орынға алдын ала тапсырыс беріледі. Орынға алдын ала тапсырыс бермей жүктi белгiлi бiр бағытта тасымалдау үшiн жүк авиакомпаниямен келiсiлген салмағы немесе көлемi бойынша қабылдануы мүмкiн.

      81. Жүк көлемi үшін орынға алдын ала тапсырыс беру көлемге тапсырыс берілген тек сол күні және сол рейспен және тапсырыс беру кезінде авиакомпания мен жөнелтуші ескерген пункттер арасында жүкті тасымалдауға құқық береді. Жүк көлемі үшін орынға алдын ала тапсырыс беру авиакомпания жөнелтушіге жүкқұжатты бергенге дейін алдын ала болып есептеледі.

      82. Жөнелтушiнiң жүк көлемi үшін орынға алдын ала тапсырыс берген өтiнiмi мынадай мәлiметтердi қамтиды:

      1) жүктiң атауы, орын саны, жалпы салмағы мен көлемi;

      2) әрбiр орынның өлшемдерi;

      3) маршруты, рейсi және жөнелту күнi;

      4) тасымалдау төлемiне кепiлдiк беретiн құжаттың атауы мен нөмiрi;

      5) тасымалдау мен сақтауда ерекше шарттар немесе сақтық шараларын талап ететiн жүктiң ерекше қасиеттерi.

      83. Егер жөнелтушi сұраған маршрут авиакомпания үшiн қолайсыз болып табылса, онда соңғысы маршрутты жөнелтушiнің келiсімімен өзiнiң ыңғайына қарай таңдайды.

      84. Жүк көлемі үшін орынға алдын ала тапсырыс беруге өтiнiмдi жөнелтушiнi немесе тапсырыс берудің жүргiзiлгенi туралы өтiнiм ұсынған авиакомпанияны хабардар еткен сәттен бастап авиакомпания қабылдады деп есептеледi.

      85. Белгiлi бiр рейске орынға алдын ала тапсырыс беру, егер:

      1) жөнелтушi авиакомпанияның актiлерiнде көзделген сомада және мерзiмде аванс төлемесе;

      2) жөнелтушiге жүктi тасымалдау үшiн жүкқұжат берiлмесе, жарамсыз болады.

      86. Егер жөнелтушi жүктi белгiленген мерзiмде жеткiзбесе немесе оны дұрыс толтырылмаған құжаттармен бірге жеткiзсе, немесе жүктi жөнелтуге дайындамаса, онда авиакомпания ол үшiн осы әуежайдан бұрын жасалған алдын ала тапсырысты жоя алады.

      87. Авиакомпания жүктi жеткiзуде мерзiмiн өткiзiп алғаны үшiн алушыға әрбiр мерзiмiн өткiзiп алған тасымалдау тәулiгi үшiн 5%-ы мөлшерiнде, бiрақ тасымалдау үшiн 50%-дан артық емес мөлшерде айыппұл төлейдi.

      88. Жөнелтушiнiң өтiнiшi бойынша авиакомпания ұсынған орынға бастапқы тапсырыс беруге жататын байланыс шығыстарын қоспағанда, жүктi тасымалдауға және орынға алдын ала тапсырыс беруге қатысы бар байланыс шығыстарын жөнелтушi төлейдi.

      89. Жүк әуемен тасымалдауға:

      1) жүктi әкелу, әкету немесе транзит аумағына, аумағынан немесе аумағы арқылы тасымалдау жүзеге асырылатын елдiң заңнамаға сәйкес жүзеге асырылатын;

      2) жүктiң габариттерi әуе кемесiнiң және оның бөлiктерiнiң багаж-жүк бөлiгiнде еркiн тиелуiн және түсiрiлуiн, орналасуын қамтамасыз ететін;

      3) рейстiк жолаушы әуе кемелерiнде тасымалдау кезiнде жүктiң салмағы мен габариттерi авиакомпанияның қағидаларында белгiленген мөлшерден аспайтын;

      4) жүкке ілеспе құжаттар қоса берілетін;

      5) жүк әуе кемесi үшiн онда орналасқан адамдар мен мүлiкке қауiп тудырмайтын және өздерiнiң қасиеттерi бойынша жолаушыларға қолайсыздық тудырмайтын жағдайларда қабылданады.

      90. Салмағы мен габариттерi бойынша белгiленген мөлшерден асатын жүк тек авиакомпанияның келiсiмiмен тасымалдауға қабылдануы мүмкiн.

      91. Жүк қалыпты жағдайларда тасымалдау кезінде олардың сақталуы қамтамасыз етiлетiндей, сондай-ақ адамдарға зиян келтiрмеу немесе басқа жүктiң немесе авиакомпанияның мүлкiне зақым тигізу мүмкіндігі, оның ерекше қасиеттерi ескерiле отырып, оралады.

      92. Тасымалдауға жарияланған құндылығымен тапсырылатын ыдысты немесе орынның орамын жөнелтушi пломбалайды.

      Пломбалардың стандартты, цифрлық бедерлерi және әрiп белгiлерi болуы тиiс. Жүкқұжатта жүкке жасалған пломба туралы белгi қойылады және жөнелтушi пломбасының атауы көрсетiледi.

      93. Тасымалданатын жүктiң әрбiр орнында жөнелтушілік және көлiктiк белгiсi және/(немесе) жүктi тасымалдаудың арнайы шарттарын көрсететін арнайы белгiлері болады.

      Таңбалау Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) мен Халықаралық әуе көлiгi қауымдастығының (ИАТА) стандарттары негiзiнде әзiрленген авиакомпания қағидаларына сәйкес орындалады және ол мынадай мәлiметтерді қамтиды:

      1) межелi және жөнелту әуежайларының атауы;

      2) алушы мен жөнелтушiнiң нақты мекенжайлары;

      3) әрбiр орынның брутто салмағы.

      94. Жүктi тасымалдауға қабылдау шарттарын сақтамағаны үшiн жөнелтушi жауап бередi. Тиісті елдердегі қолданыстағы заңнамада тасымалдауға тыйым салынған заттарды жүк жөнелтіліміне жөнелтушінің енгізуі салдарынан пайда болуы мүмкін шығыстар мен жүктердің әуе тасымалы шартынан туындайтын немесе мәліметтердің таңбалануына, салмағына, орын санына, мекенжайына, жүкті сипаттауға немесе орам сапасына қатысты мәліметтердің болмауы, толық жетіспеуі немесе дұрыс еместігі, сондай-ақ кедендік рұқсатнамалардың және өзге де талап етілетін құжаттардың болмауы, кідіруі немесе дұрыс еместігі салдарынан жөнелтуші авиакомпанияны барлық міндеттемелерден босатады.

      95. Авиакомпания, егер жүк осы Қағидалардың 92-тармағында көрсетiлген талаптарға сәйкес келмесе, тасымалдауға қабылдаудан бас тартады.

      96. Трансферлiк жүктi тасымалдау барлық тасымалдау маршруты бойынша расталған жүк көлемi үшін алдын ала тапсырыс алынғаннан кейiн ғана жүзеге асырылады.

      97. Трансферлiк жүк жүктi бiр рейстен екiншi рейске беру жөнiндегi барлық рәсiмдердi орындау үшiн жеткiлiктi мерзiмде трансфер әуежайына келеді.

      98. Халықаралық бағыттарға, iшкi әуежайларға ұшуға ашық Қазақстан Республикасының әуежайлары арқылы жiберiлетiн трансферлiк жүктiң салмағы, габариттерi мен қасиеттерi iшкi желiлерде пайдаланылатын әуе кемелерiндегi оларды тасымалдау мүмкiндiктерiне сәйкес келiп, авиакомпания қағидаларына, сондай-ақ трансфер әуежайларында оларды сақтау шарттары мен мүмкiндiктерiне жауап береді.

      99. Авиакомпания, егер жөнелтушiмен немесе алушымен өзгеше келiсiлмесе, межелi пункттi өзгертусiз жүкқұжатта көрсетiлген маршрут тасымалын өзгертедi.

      100. Егер жүктi жөнелту авиакомпанияға тәуелсiз себептерге байланысты қандай да бiр пунктте тасымалдың басталған немесе жүргiзiлу кезiнде кешiктiрiлсе, онда ол жөнелтушiнi жүкқұжатта көрсетiлген мекенжай бойынша хабардар етедi, жүктi қоймаға орналастырып, кедендiк мекемеге тапсырады, сондай-ақ бұдан кейiн жүктi алушының мекенжайына тасымалдау үшiн басқа көлiк түрiне бередi.

      101. Жөнелтушi жүктi әуеде тасымалдау шартынан туындайтын барлық мiндеттемелер орындалған және осы Қағидалар сақталған жағдайда:

      1) жүктi жөнелту немесе межелi пунктiнде қайтып алуға;

      2) жүктi аралық пунктте ұстауға;

      3) жүкқұжатта көрсетiлген алушыны өзгертуге;

      4) жүктiң жөнелту пунктiне қайтарылуын талап етуге тиiс.

      102. Тасымалдауды басқару авиакомпанияға жөнелтушiге берілген жүкқұжаттың бiр данасы көрсетiлгенде ғана жүзеге асырылады. Жүкті басқару бойынша барлық нұсқаулар жазбаша түрде ресiмделедi.

      Егер жүкті басқару салдарынан алушының аты-жөнi өзгерсе, онда жаңа алушы болып аты жүкқұжатта көрсетiлетiн адам саналады.

      103. Тасымалдау шартының кез келген талаптарының өзгеруi жүкқұжатқа енгiзiледі.

      104. Егер тасымалдау өкiмдерiн орындау мүмкiн болмаса, авиакомпания бұл өкiмдi орындаудан бас тартады, ол жөнiнде дереу жөнелтушiнi хабардар етедi.

      105. Жүк межелi пунктке келiп жеткен сәттен бастап, алушы авиакомпаниядан, оған жүк пен жүкқұжаттың берiлуiн талап етеді.

      106. Жүкті басқару жүк межелi пунктiне келiп, алушы жүктi алғаннан кейiн немесе жүктiң жеткiзiлуiн талап еткеннен кейiн немесе оның жүктi қабылдағанын дәлелдейтiн өзге де iс қимылдар жасалғаннан кейiн тоқтатылады.

      107. Жүк жүкқұжатта көрсетiлген алушыға немесе ол уәкiлеттiк берген адамға берiледi.

      108. Авиакомпания алушыға жүктi тек алғанын растайтын құжаты бойынша және жүкқұжат пен осы Қағидаларда көрсетiлген барлық шарттарды ол орындағаннан кейiн ғана бередi.

      109. Алушы жоқ болған кезде мемлекеттiк органға жүктi беру авиакомпания осындай жүктi берудi растайтын құжаттарды жөнелтушiге немесе алушыға берген жағдайда оның алушысына берілген болып есептеледі.

      110. Жүк одан әрi немесе қайта керi тасымалдауға жататын жағдайларды қоспағанда, жүктiң келгенi туралы хабарлама алушыға немесе жүкқұжаттың тиiстi бағанында көрсетiлген адамға, әуе кемесi келген сәттен бастап 12 сағат iшiнде, ал тез бұзылатын, қауiптi жүкке немесе жануарларға қатысты 3 сағат iшiнде жіберіледі.

      Хабарлама пошта немесе басқа да байланыс құралдары арқылы жiберiледi.

      Авиакомпания мұндай хабарламаның алынбағанына немесе кешiккенiне жауапты болмайды.

      111. Егер жөнелтушi (алушы) мен авиакомпания арасында жүктi алушының мекенжайына жеткiзу туралы келiсiм болмаса, онда алушы жүктi межелi әуежайдан алады.

      112. Егер алушы межелi пунктке келген жүктi алудан бас тартса немесе ала алмаса, онда авиакомпания жүкқұжатта көрсетiлген немесе жүктi алушыға берудің мүмкiн еместiгi туралы хабарлағаннан кейiн алынған жөнелтушiнiң өкiмдерiн орындау үшiн барлық шараларды қабылдайды. Егер мұндай өкiмдер болмаса немесе орындау мүмкiн болмаса, авиакомпания:

      1) жөнелтушiге алушының жүктi алмағаны және жөнелтушiнiң одан әрi өкiмiн күту туралы хабарлама жiберуi;

      2) жөнелтушiнiң өкiмi жоқ болған кезде 30 күндiк сақтау мерзiмi өткен соң жүк қайтарылуы тиiс.

5. Қорытынды ережелер

      113. Авиакомпания пайдаланылмаған билет, оның бөлiктерi, ақылы багаж түбiртегi бойынша соманы қайтару туралы өтiнiштi құжаттың жарамдылық мерзiмi ішінде, бiрақ бұл мерзім өткен соң күнтiзбелiк 30 күннен кешiктiрмей қабылдайды.

      114. Соманы қайтару билетте көрсетiлген адамға немесе билетке ақы төлеген адамға жүзеге асырылады.

      115. Билетке ақы төлеген, бірақ билетте көрсетілген жолаушы болып табылмайтын адам авиакомпанияға немесе оның агентіне осы билет бойынша пайдаланылмаған тасымалдау үшін соманы авиакомпания қайтаруға тиіс адамды көрсете отырып билетте белгі жасауға өтініш білдіреді.

      116. Соманы қайтару авиакомпанияға жолаушы купоны (чек) мен билеттiң барлық пайдаланылмаған ұшу купондарын немесе ақылы багаж түбiртегiн ұсыну бойынша ғана жүргiзiледi.

      117. Жолаушы ұшудан мәжбүрлі бас тартқан кезде:

      1) жолаушыға билет жазылып берілген рейс алып тасталған, ауыстырылған, кідіртілген;

      2) жолаушының тасымалдау құжаттары дұрыс ресiмделмеген; жолаушы үшін жөнелту, межелi немесе жолда аялдау пунктi болып табылатын пункттегі ұшу кестесi бойынша аялдау алынып тасталған;

      3) кестеде көрсетiлген уақытқа сәйкес рейс орындалмаған;

      4) қызмет көрсету класы немесе әуе кемесi үлгiсiн ауыстырған;

      5) бұрын жасалған алдын ала тапсырыс беруге сәйкес жолаушыға орын тауып беру мүмкiн болмаған;

      6) жеке бланкіде жазылған рейстердiң түйiсуiн авиакомпания қамтамасыз етпеген;

      7) әуе кемесінде келе жатқан жолаушы немесе отбасы мүшесі ауырған немесе қайтыс болған, медициналық қорытындымен расталған жағдайларда соманы қайтару жүргізіледі.

      118. Ұшудан мәжбүрлі бас тарқан кезде жолаушыға төленетiн сомалар авиакомпания қағидаларымен анықталады.

      119. Ұшудан ерiктi түрде бас тартқан кезде, соманы қайтару мынадай тәртiппен жүргізіледі:

      1) егер тасымалдау бiрде-бiр учаскеде орындалмаса, онда жолаушыға тарифтi қолдану талаптарына сәйкес тасымалдауға төленген сома қайтарылады;

      2) егер тасымал iшiнара орындалған болса, онда барлық тасымал үшiн төленген сома мен тарифтi қолдану жағдайларына сәйкес тасымалдаудың орындалған бөлiгiнiң тиісті құны сома арасындағы айырмашылық қайтарылады.

      120. Соманы қайтару бастапқы тасымалдау төлемi валютасында немесе жолаушының өтiнiшi бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында жүргізіледі.

      121. Соманы қайтару бастапқыда авиакомпания немесе оның агенттерiнiң авиакомпания қағидаларына сәйкес берген билеттер мен ақылы багаж түбiртектерi бойынша жүргiзiледi.

      122. Соманы қайтару авиакомпания немесе оның агентi берген билеттер мен ақылы багаж түбiртектерi бойынша, бастапқы билет және ақылы багаж түбiртегiн берген елде немесе билет қайтарылатын елдегi авиакомпания өкiлдiгiнде жүргiзiледi.

      123. Әуежайдың әкімшілігі әуежайдың терминалдарында жалпы қолжетімді жерлерге жолаушыларды, багажды және жүктердi тасымалдау тәртібін орналастырады.

      124. Халықаралық авиамаршруттарды орындайтын тасымалдаушы межелі және жөнелту пункттерінде жолаушыларға мемлекеттік тілде ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсетудi қамтамасыз етеді. Қосымша басқа тiлдердi пайдалануға жол берiледi.

      Ескерту. Қағидалар 124-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 15.02.2013 № 137 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).


  Жолаушыларды, багажды және
  жүктердi әуе көлiгiмен
  тасымалдау қағидаларына
  қосымша

Әуе кемесінің бортында жолаушыларға ұсынылатын қызметтер тізбесі

      Ескерту. Қағидалар қосымшамен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 15.02.2013 № 137 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсету – әуе кемесінің бортында өзін-өзі ұстау қағидалары, көрсетілетін қызметтер, ұшу және авариялық-құтқару жабдықтарын пайдалану шарттары туралы жолаушыларды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде уақтылы және дұрыс хабардар ету. Ақпараттар негізгі және қосымша түрлерге бөлінеді:

      1) ақпараттың негізгі түрлері:

      сәлемдесу;

      ұшуда қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде;

      темекі тартуға тыйым салу туралы;

      ұшақтың жабдықтары туралы;

      ұшуда ұсынылатын қызметтер туралы;

      ұшу маршруты бойынша тамақтану туралы;

      биіктік алу мен төмендеу және қону пункті туралы;

      әуе кемесі межеленген әуежайға қонғаннан кейін;

      қону пунктіндегі ауа-райы туралы;

      2) ақпараттың қосымша түрлері (қажеттілік туындаған кезде):

      ұшу жоспарының өзгергені туралы;

      ұшу бағытының өзгергені туралы;

      рейстің кідірісі туралы;

      мәжбүрлі қону туралы;

      ұшып шыққан пунктке қайта оралу туралы;

      қосалқы әуеайлаққа қону туралы;

      авариялық жағдай, қону туралы;

      межелі пунктке кешігіп бару туралы;

      турбуленттік аймағында ұшу туралы;

      құттықтау.

      2. Жеке қызмет көрсету:

      1) бүкіл ұшу кезінде әрбір жолаушыға қызмет көрсету;

      2) науқас, мүгедек, егде адамдарға және баласы бар жолаушыларға ерекше көңіл бөлу;

      3) жеке жарықтандыруды және желдеткішті қосу;

      4) жолаушылардың сұрақтарына жауап беру;

      5) бала бесіктерін орнату және жабдықтау (өндіруші көздеген әуе кемесі үлгілерінде);

      6) алып жүрушісі жоқ балаларға қызмет көрсету.

      3. Медициналық көмек көрсету, борттық медициналық қобдишадағы медициналық құралдармен және препараттармен дәрігерге дейінгі алғашқы жәрдем көрсету.

      4. Жолаушыларды ұшуда жұмсақ мүкәммалмен қамтамасыз ету.

      5. Жолаушыларға мерзімді басылымдарды ұсыну (газеттер, журналдар).

      6. Мультимедиалық қызметтерді, оның ішінде музыкалық бағдарламаларды мемлекеттік, орыс және басқа тілдерде (тиісті жабдық болса) ұсыну.

      7. Әуе кемесінің үлгісіне және авиамаршруттың ұзақтығына байланысты салқындатылған сусындарды, азық-түлік өнімдерін ұсыну.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады